ВЕРНУТЬСЯ

        Жатын жайға тақаған күн

Жалын шашты тілімен.

Жарбай өркеш жатаған құм

Жатты ыңырсып түнімен.

Төрт түлік мал келсе бірдей,

Сән кіреді аралға.

Ак бас ердің керсеніндей

Жайпау шағыл бар алда.

Баурай анау доланалы

Жанарыңды жаулайтын,

Сай кездесер одан әрі

Ойма астаудан аумайтын.

Сол баурайлар жадымда әлі,

Жадымда өлі сол мекен.

Сол мекенді сағынғалы

Қанша уақыт болды екен?!

Соның жыры - жаттағаным,

Соның әні - білерім.

Орайындай ақ даланың

Оратылған түбегім.

Ақ толқыңды ала көлім,

Елдің құты,
жер нәрі;

Бір тілекшің бар екенін

Біле жүргін сен дағы!