ВЕРНУТЬСЯ

      Жағаңа біткен жар қамыс,

Жапырып әрі өткенмін,

Жанынан безген барыс емей, кіммін мен?!

Алып шықты ар-намыс,

Ажалым тура жеткен күн,

Сүйегім шашылып қалатұғын сүргіннен.

Тік ұстап жалау-байрағын,

Тиіскен жауды тосын кеп,

Аулаққа алып кетіп жайғадым,

Сен қанды көрсе, шошыр деп.

Таң ата келіп қарасам,

Тамағыма өксік болып тығылдың.

Кеш бата келіп қарасам,

Кербез бір аттай бұрылдың,

Жаным Жайық, мен өзіңнің құлыңмын.

Арқыраған асау болсаң, қорықпас ем,

Жауды жасқар екпіні бар оның деп.

Салдың ғой мені отқа сен,

Бейкүнә,

мөлдір,

момын боп.

Безеріп тұрып жағаңда,

Бетімді жасқа жуамын,

Ұқтыра алмай мына нәлет заманға

Сұлулықты қорлау үшін емес, ұл

Сұлулықты қорғау үшін туарын.