ВЕРНУТЬСЯ

  Табаламан...

Таптаман бірін де мен,

Heгe керек құр сезім «дірілдеген?»

Керек емес бүгінде құрғақ ойлар,

реактив моторындай
гүрілдеген...

Керек!

Керек өлең:

Жаныңа нұр ектірер,

сәуірдегі белестей түлеп,
күлер,

мамырдағы шиедей шешек жарып,

тамырдағы қаныңды түлеттірер.

Керек!

Керек өлең

Сұрайтын білектілер,

нәзік жандар, ширығар
жүректілер,

өзегінде өртенер өмір - ағыс,

озбау үшін тірлікте кіл
ептілер.

Жаз - жаңбырын аңсаған
қыраттардай,

көкжиекке құлаған жырақтардай,

тартқан менің Тауым мен кең
Далама

керек өлең

жүйрік жыр құр аттардай!

Қарсы тұрар егілу, езілуге

үйрететін сүюге, сезінуге.

Өлең керек алапат мінезі бар,

үйрететін күюге, безінуге.

Қалғып-мүлгіп дүние жатпау
үшін,

тіршіліктің қабағы қатпау
үшін,

атбегідей тізгіндер
шындықтарды,

Өлең керек!

Сұлулығын өмірдің сақтау үшін.

Болмашыға бордай боп
үгілмейтін,

бодауына көр-жердің
тігілмейтін,

Өлең керек

жалғайтын жүректерді

Үзілмейтін...

Сынбайтын...

Бүгілмейтін...

17 желтоқсан, 1979 жыл