ВЕРНУТЬСЯ

        Бір мың тоғыз
жүз алпыс төртінші жылғы май айының басы. Нұрғиса Тілендиев қала іргесіндегі
Кетентайда (Дмитриевка) тұратын апасының үйіне Бауыржан екеумізді қонаққа
шақырды. Музыкада айрықша дарын иесі болғанымен күнделікті тірлікте әр нәрсенің
ығы-жөнін елеп, ескере бермейтін, табиғатында шашылып-төгіліп жүретін Нұрғиса,
апасының дастарқанына әйелімен Виктор деген біреуді қосыпты.
         Шуақты көктем.
Төңірек деген құлпырып кеткен. Ал үй іші одан да бетер сәнді. Тап-таза
Нұрғисаның апасы мен жиен жеңгесі сондай қылап болса керек, дастарқан үсті
қыстан шыққан қазы-қарта, жал-жая, тағы сондай
тамақтарға тұнған. Нұрғисадан бастап жігіттердің бәрі аяғынан
тік тұрып ұшып жүр. Қадірлі қонақтарын күтіп жүр.
       Алдындағы май
мейрамдарынан шаршаңқырап шыққан Баукең мені: сен аға баласысың, - деп төрге
шығарды да, өзі Виктордың әйелін қасына алып кейінірек отырды.
-        Мен ет жемеймін,
вегетарианецпін,- деп дәмділердің бәрін маған қарай сырды да, Викторға былай деді:
-        Нұрғисаның досы
екенің рас болса, қонақша шалжиып отырма. Ана жігіттер сиякты аяғыңның ұшымен
жүріп қызмет көірсет! Марш!
         Виктор
қып-қызыл болып жүре берді. Бірақ бір кереметі, дүние жүзіне аты кеткен әйгілі
адаммен тәжікелесіп жатпады. Ұшып тұрды.
-        Айтқаныңыз
болады, полковник. Мен дайын.
         Бауыржан
жымия күлді.
-        Отыр олай
болса! Бұйрық орындалды.
-        Бұл
бұйрығыңызды да орындадым! - деп Виктор қайта отырды.
-        Өй, өзің
әзілді түсіне білетін жігіт екенсің ғой, - деп Бауыржан мұртынан күлді.
           Үй іші
көңілденіп сала берді.
         Бауыржан
расында да дәмнен татып алмады. Жайлап отырып арақ ішті. Бірақ ет жемеді.
Виктордың келісті келген сұлу әйелін өзіне үйіріңкіреп әңгіме айта бастады. Ал
қалған жағымызда әзіл-күлкі, дуыл күшейді. Бір кезде Бауыржан өз қасында отырған әйелге қарап:
-        Между прочим я
люблю куриный бульон, - деді.
Соны естіп қалған Нұрғиса ұшып түрегелді.
-        Ал тұрыңдар,
жігіттер, ағамызға тауық сойып, сорпа жасап береміз.
Қызмет істеп жүрген үш-төрт жігіт атып тұрды.
-        Тауық соямыз!
        Бауыржан қолын
көтерді:
-        Жоқ, жігіттер,
мен ет жемеймін. Сорпа да ішпеймін. Бекерге әуре болмаңдар.
-        Жоқ соямыз.
-        Мен
вегетарианецпін дедім ғой сендерге.
          Нұрғиса
тоқтар емес.
-        Жаңа ғана
тауық сорпасын жақсы көрем дедің ғой...
-        Сөздің сырғасы
ол. Айтып отырғаным баяғыда өткен бір әңгіме.
-        Мен ештеңені
білмеймін. Ағам айтты, бітті. Жүріңдер, тауық соямыз,- деп Нұрғиса жігіттерді
ертіп шыға бастады.
         Інісінің сөз
тыңдаудан қалғанын сезген Бауыржан:
-        Әй, Нұрғиса,
қайырылғын бермен,- деді.
         Нұрғиса кері
бұрылып тоқтады.
         Бауыржан
даусы орнықты, сөзі салмақты:
-    Ағаңның айтқанын
екі етпейтін болсаң, онда мен түйенің өркешін де жақсы көремін. Ал бара бер.
          Нұрғиса
лекіте күліп шығып кетті. Тауық сойғызып, сорпасын әкелді. Бірақ түйенің өркеші
жоқ болып шықты. Бауыржан тауық сорпасын татпады.