ВЕРНУТЬСЯ

(ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ҚОС БАТЫРЫМЕН КЕЗДЕСКЕН КҮН)Бұл күн бұдан дәл 40 жыл бұрын – 1965 жылдың сәуір айының 30-ы болатын. Ол кезде мен Алматыдағы екі жылдық Жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы едім. Кеңестер   Одағы  халықтарының  Ұлы Отан соғысындағы жеңісіне 20 жыл толу мерекесінің таялып қалған күндерінің бірінде партия комитетінің хатшысы келіп, Бауыржан Момышұлымен осы күні кездесу өтетінін хабарлады. Бірақ Баукеңмен бірге кездесуге басқа кімнің келетіні туралы айтылмады.Бауыржан Момышұлы туралы Александр Бектің «Арпалыс»  повесінен, басқа да көптеген мақалалар мен әңгімелерден естіп, Баукеңнің өзінің қаламынан шыққан туындыларын оқып, аты аңызға айналған батыр екенін, арнайы Батыр атағы берілмегенімен халықтың оны қаһарман деп атап кеткенін білетіндігімізден Баукеңді көруге, онымен кездесуге бәрімізде өте ынталы едік. Сол сәт, міне, енді іске аспақ. Кездесу сағат 10-ға белгіленген болатын.Менімен курстас жолдасым-досым Бердіғали Өмірзақов деген жігіт екеуіміз Баукеңді жақыннан көріп, жақсы тыңдауды ойлап, бұрын барсаң орын бар дегендей, алдыңғы қатардан орын алдық. Қағаз, қаламымызды да, бір керегі болар деп ала бардық. Көп ұзамай залға өзге тыңдаушыларда жинала бастады, зал лық толды, қайсы біреулерге түрегеліп тұруға тура келді.Сағат 10-ды соқты. Күткен кісіміз келе қойған жоқ. Оннан 10 минут кетті, 20 минут кетті, жарты сағат өтті, әлі де күтудеміз.Залдағылар арасында тыныштық бұзылып, есік жаққа көз салушылар көбейді. Бердіғали екеуіміз осындай беймазалау шақта отырып аңғармай қалыппыз, бір кезде әр жерден соғылған шапалақ үнін ести сала есік жаққа қарасақ, бір топ кісі алдында түр-тұлғасы келісті, ашаңдау жүзді, кең иықты, қалың қара мұртты, қара костюм киген ұзын бойлы кісі келе жатыр екен. Бұл кісінің Баукең екенін бірден таныған залда отырған тыңдаушылар бір кісідей орындарынан тұрып, ду қол шапалақтап қарсы алды. Баукеңмен бірге оның сол қолынан қолтықтай ұстап, омырауы орден, медальдарға толы аласалау келген, биязы өңді, жүзінен мейірім төгілген бір әйел келе жатты. Олардың соңынан Жоғарғы партия мектебінің ректоры Қ. Оспанов, тағы басқа бірнеше адам көрінді.Келген кісілер президиумға көтерілді. Партком хатшысы қонақтарды таныстырып өтті. Сіздермен кездесуге Ұлы Отан соғысының қан  майданында ерліктің тамаша үлгісін көрсеткен гвардия полковнигі, жазушы Бауыржан Момышұлы, қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш әскери ұшқыш Хиуаз  Доспанова келіп отыр, қарсы алыңыздар,-деді ол. Біздер жаңағы ордендері жарқырап келе жатқан кісінің Хиуаз апай екенін енді білдік. Ол кісі туралы бұрыннанда естуіміз бар еді. Оның қазақтан шыққан жалғыз ұшқыш қыз екені, жау тылын сан рет бомбалап фашистерге ойран салғаны туралы оқығанымыз бар болатын. Оның үстіне Жоғары мектептің деканы, біздің сыйлы ұстазымыз Шәку Әміровтың Хиуаз апай сүйген жары екенін де естігенбіз. Хиуаз апай Оралдың қызы болғандықтан, Шәкең жезделік ретпен біздерге жеңіл әзіл айтып та қоятын. Енді міне, апайдың өзін көріп, сөзін де естігелі отырмыз. Партком хатшысының таныстыруынан кейін зал тағы да ұзақ қол соқты.Мінбеге бірінші болып Хиуаз апай көтерілді. Апайымыз нәзік денелі, қараторы кісі екен. Жәй басып келгенімен айырықша екпінмен шымыр сөйлеп кетті. Соғыс кезінде, бейбіт өмірде өткен жолдарын жеткізіп айтуға деген құштарлық байқалып тұрды.«Орал қаласында он жылдықты бітіріп, мәскеудің медициналық институтында оқып жүрген кезімде фашистердің жауыздықпен біздің бейбіт елімізге басып кіргенін естідім деп бастады өз сөзін Хиуаз апай. – Халқымыздың басына ауыр күн туып, Отанымызды қатігез жаудан қорғау әрбір азаматтың қастерлі борышы болған сол бір шақта мен де өз еркіммен сұранып, соғысқа аттандым. Менің атақты батыр Марина Михайловна Раскова ұйымдастырған әйелдер авиаполкіне баруыма мектепте оқып жүрген кезімде аэроклубқа қатысқаным, Саратовтағы әскери училищеде оқығаным себеп болды. Ол кезде жер бауырлап ұшатын ПО-2 ұшағымен жау тылын  тек түн ішінде бомбалайтынбыз. Осындай бомбалауларға 300 рет қатыстым. Ол бір өмір мен өлім шайқасқан кез еді. ПО-2 өте төмен ұшатын болғандықтан зенит оғына жиі кезігетін. Сондықтан да жау тылына аттанған әрбір сапарымыздың соңғы болуы мүмкін екенін біліп жүрдік. Қарулас құрбы-достарымның қатары көз алдымда азая бергенін көру өте ауыр еді. Қанды қол басқыншылардан олардың кегін алуға қалғандарымыз әркез серт беретінбіз. Жаудың тылын, шебін талқандау жөніндегі  сан-алуан әскери тапсырмаларды орындау кездерінде менің де үш рет өмірмен қоштасу жағдайында болғаным, айлап госпитальдерде жатып емделіп, аман қалғаным бар.Бірде жаудың шебін бомбалап тапсырманы тыңғылықты орындап өз аэродромымызға қонуға бағыт алып келе жатқан кезімізде кенеттен ұшағымыз қатты соққы алып, қасымдағы Юлия деген қыз екеуіміз не болғанын білмей қалдық. Көзімді ашсам, мен қираған ұшақтан аулақта, ал Юлия оның ішінде жатыр екенбіз. Бұдан кейін мен тағыда не болғанын білмей қалып, есімді тек госпитальде жинадым. Соңынан білсем, қимас досым Юлия о дүниелік болып кетіпті. Мені құтқарған ұшақтағы орындыққа таңылуды ұнатпай еркін отырғандығымнан (нұсқауға қайшы) соққы кезінде терезеден ұшып кеткенім екен...»Жалындап сөйлеп тұрған, Хиуаз апайдың авиаполк қыздарының шетінен батыр болғанын, олардың ішінен 23 қыз Кеңес Одағының батыры атағын алғанын, Дуся, Юлия, Раиса сияқты майдандас-дос қыздарының Отанымызды жаудан қорғау жолында жас өмірлерін қиғанын айтқан кезінде көңілінің босап кеткенін байқадық.«Сонымен, -деді бұдан әрі, Хиуаз Доспанова,- елге Ұлы Отан соғысының екінші топтағы мүгедегі болып оралдым. Медициналық институтқа түсемін деп ойлаған едім. Бірақ тағдыр маған халыққа қызмет етудің басқа жолын жазған екен. Партияның жоғарғы орындарының ұсынысымен Қазақстан комсомолын басқара жүріп, бүкіл еліміздегі жастар тәрбиесіне, олардың қоғамдық өмірдегі ролін арттыруға күш салдым. Бұл кездерде біздер демалыс дегенді білмедік. Алматы қаласын  көркейту үшін, жасыл желекке бөлеу үшін жас шыбықтарды отырғызуға жастарды жұмылдырғаным, бұл іске өзімнің де қолдап араласқаным әркез есіме оралады.Біздер соғыста қан кешіп жүрдік, мақсатымыз фашистерді тезірек жеңу болды-деді бұдан әрі, Хиуаз апай. Соғыстан кейін қираған, экономикасы әлсіреген елді қалпына келтірудің қиын кездерінде де аянбай еңбек еттік. Аға ұрпақтың осы ерлік істері  мен маңдай терлерінің нәтижесін кәзіргі жайнаған өмір көрсетіп отыр. Демек, біз атқарған істер халқымыздың ойынан шықса, ұрпаққа үлгі бола білсе еңбегіміздің босқа кетпегені.Мені қазақ халқының зиялы азаматтарының бәрі дерлік біледі, сыйлайды. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысының батыры, алдыңызда отырған Баукең ағамыз айырықша сыйлап, құрмет көрсетіп келеді. Осының бір айғағы сіздермен бүгінгі кездесуім. Жоғарғы партия мектебінің тыңдаушыларымен кездесуге бірге барамыз деп телефон шалуы Баукеңнің маған көрсеткен тағы бір құрметі еді.  Сол үшін, аса құрметті Бауыржан аға, Сізге шын жүрегімнен үлкен рахмет айтамын»-деп Хиуаз апай президиумда  отырған Баукеңе аса бір ілтипатпен мойнын бұрды.Біздер  Доспанова  Хиуаз деген кісіні жаңа танып-білгендей болдық. Бұл кісінің әрбір сөзінен тура айтар, қайсар мінезі, қолға алған ісін жеріне жеткізбей тынбайтын жігерлілігі аңғарылып тұрды. Хиуаз апайдың сөзі аяқталысымен тыңдаушылар ұзақ қол соғып қошамет көрсетті.Бұрын жалпы естігеніміз болмаса батырлық жолдарын, әсіресе, соғыстан кейінгі өмір жолдарын жете білмейтін Доспанова Хиуаз жайлы соңынан  білгеніміз: Қазақстан Жастар Одағы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы қызметінен тура айтатын, тайсалмай әділ сөйлейтін қайсар мінезі үшін мүгедектігін желеу етіп мерзімінен бұрын зейнеткерлікке шығарылып,  еленбей, атаусыз қалған кісі екен.Хиуаз апаймен кездесіп, сөзін тыңдағаннан кейін біздер, соғыс жылдарындағы өмірі қаһарман ерлікке толы жау жүрек қазақ қызын бұлайша ұмыт болуға дейін апару билік басындағылардың шектен тыс әділетсіздігі екен деп түйдік.Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде өткен жылдың соңғы айлары ішінде көптеген авторлар мақала жазып, Хиуаз Доспанованың  соғыс кезіндегі ерлігі оған «Халық қаһарманы» атағын беруге әбден лайық деген пікірлер білдірген болатын. Осы ұсыныс-пікірлердің негізінде, мезгілінен көп жылдар кешіксе де, «ештен де, кеш жақсы»-деген емес пе, Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың шешімімен қазақ халқының ержүрек майдангер қызы, Хиуаз Оспановаға соғыс кезіндегі ерен ерлігі ескеріліп, өткен жылдың желтоқсан айында Тәуелсіздік күніне орай «Халық қаһарманы» атағы берілді. Әділдіктің ақ туындай болған бұл шешімді бүкіл еліміз үлкен қуанышпен қарсы алды.Хиуаз апамыздан кейін мінбеге көтерілген Баукең бірден: біздердің кешігіп келуімізге кінәлі ана кісі деп, мойнын бұрмастан, сол қолының бас бармағын иығынан асыра нұсқап, президиумда отырған біз оқып жатқан Жоғарғы мектептің ректоры Құрманғали Оспанов ағайды көрсетті. Ағайымыз бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы болып істеген, өте жайлы, сабырлы кісі болатын. Баукеңнің сөзін естіген ол, иә, кінәлі менмін дегендей ишаратпен ақсия күліп басын изеді. Баукеңді аңызға айналған батырлығымен бірге мәрт мінезді, бетің бар, жүзің бар демей тіке айтатын кісі деп естуші едік. Александр Бектің «Арпалыс»  атты кітабын жазарда оған қойған талабын да оқығанымыз бар болатын. Ректорымызды әлгідей жолмен сынағанын көріп батыр Баукең туралы айтылып жүрген әңгімелердің шындығына көзіміз жеткендей болды және оны ешкім артық болды-ау деп ойламаса керек.Бұдан кейін Баукең танадай үлкен өткір қара көздерінің жалынды жанарын тыңдаушыларға аударып: жазып алған сөзімді оқиын ба, әлде қағазсыз-ақ айта берейін бе?-деді де пенджагінің қойын қалтасынан бір буда машинкаға басылған қағаздарды шығарып, сіздер мені алдын-ала дайындалмаған екен деп ойлап қалмаңыздар, мен бұл кездесуге әдейі дайындалған кісімін-деп залға тіктеп қарады. Біздер, Бауке қағазсыз-ақ айта беріңіз, сол жақсы деп әр жерден пікір білдіріп жаттық. Әркім Баукеңнің әрбір сөзін құлаққа құйып алғысы келгендей пейіл аңғартып, залда тек шыбынның ызыңы естілгендей тыныштық орнады.«Мен-деді бұдан кейін Баукең – дүниежүзілік  соғыстарда айырықша із қалдырған екі қолбасшыны білемін. Оның бірі – соғыстың механикалық кезеңіндегі қолбасшысы Шыңғысхан да, екіншісі – машиналық кезеңіндегі қолбасшысы Иосиф Виссарионович – деп бастады Баукең өзінің әсерлі әңгімесін. Әскери қызметте қатарынан жиырма бес жыл болдым. Соғыс кезінде ел намысын қорғап фашистермен 207 рет айқасқа түстім. Сондықтан да соғыстың не екенін айқын білемін. Соғыс бүкіл  адамзаттың қасіреті, ол жазықсыз жандардың көз жасы, бұл  аштық пен қайыршылық, бұл адам баласының қолымен жасалған құндылықтарды қатігездікпен жою деген сөз.Мен батальон, полк, дивизия басқарған кездерімнің барлығында да өзімнің солдаттарымды шайқасқа салғанда олар жауды жеңсін деймін. Солдаттарымның бір де-бірін шашау шығармай аман алып қалуды ойлап өзім де шайқасқа кіріп отырамын. Жаумен шайқаста жеңіп шығу көбіне командирлер тарапынан берілетін бұйрықтарға тікелей байланысты. Командир – ұрысты ұйымдастырушы, жеңіске қол жеткізуші тұлға. Менің бұйрыққа қояр талабым: бұйрық беру үшін алдымен терең ойлану, бұйрықтың орындаушыларға   түсінікті болуы және соғыстың әдіс-айласын, тәсілін түсіндіру. Бұдан кейін әрбір бұйрықтың орындалысы міндетті түрде тексерілуі керек. Ойланбай, талданбай берілген бұйрықтар еш Жеңіске жеткізбейді, орындалмай қалады. Ал орындалмаған бұйрық үшін, әрине, солдат жазаланады. Мен болсам, жеріне жеткізбей, ойланбай бұйрық берген командирлерді жазалаймын. Қатаң тәртіп бұзылмаған жағдайда ғана соғыста жүрген әрбір солдат, әрбір командир шыңдалып, батылдана түсетін болады. Өздеріңізге белгілі, пәлсапашылар қозғалыс өмірдің негізі, онсыз өмір жоқ деп түсіндіреді. Олай болса, бұл категорияның соғыс кезінде алатын орны ерекше. Өйткені  соғыста кім іскерлікпен, тез бір жерден екінші жерге орын ауыстырып отыра алатын болса, дәлірек айтқанда маневрлік-ептілік, жылдамдықты,  іске асырып отырса, сол ғана жеңіске жете алады. Соғыстың бас кезінде Кеңес Армиясы үлкен шығынға ұшырады. Бұның басты себебі, әскер басшыларының осы маневрге жеткілікті мән бермегендігі. Соның салдарынан жау біздің Армия бөлімдерін қуып жете де алды, алға шығып қоршауды да іске асырып отырды.Соғыс кезінде талай оқиғалар болып жатады. Соның бірі – алғашқы кезде, біздің Армияның шегінуі кезінде  менің шапалақ жеуім еді. Ол былай болды. Дивизияның  артиллерия начальнигі, генерал  Панфиловтың сенімді серігі Марков келіп, тағы да кейін шегіну, жау қолына түсерлік дүниелердің бәрін өртеу керек деген бұйрық бар-деді. Бұйрықты орындау – міндет. Өртшілеріміз біздер тоқтаған деревняны өртей бастады. Түн ішінде жалын құшағында қалған үйлерден қолға түскен нәрселерін алып жүгіре шыққан адамдар аласұрып жан-жаққа қашуда. Осы кезде бір бурыл шашты әйел қасымызға келіп, бұларың не?-деді булыққан ашулы үнмен. Менің түсінік беруімді күткен жоқ, сіздерді де офицер дейді-ау-деп мені шапалақпен тартып жіберді. Әйел түгіл еркектен таяқ жеп көрмеген адаммын ғой, өшімді кімнен аларымды білмей қасымда мойны салбырап келе жатқан Марковке дұрысында шапалақты сіз жеуіңіз керек еді, біз деревняны өртеу жөніндегі сіздің бұйрығыңызды орындадық қой-дедім. Бұған қарсы сөз айтпаған Марков: бұдан былай деревняларды өртеуді  тоқтатайық, жоғарғы жақ алдындағы жауапкершілікті өз мойныма алайын – деді кінәлі кісіше. Шынында кінә Марковте де емес еді.Баукең бұдан әрі өзінің майдандас достарының – тапсырмасын орындап жүрген жолдастарының жанқиярлық ерліктері туралы біраз әңгімелей келіп, өкініштісі  сол – олардың көбінен айырылып қалдық. Атақты қолбасшы, генерал Иван Васильевич Панфиловтың оққа ұшуы аса ауыр қаза болды. Қадірлі генералдан айрылу біздер үшін, ол басқарып жүрген дивизия үшін үлкен сын еді-деді үлкен толғаныс үстінде. Менің ойымша жеңіске арналған мерекелерді, кездесулерді әдемі залдарда емес, елге жеңіс сыйлаған, қазір ортамызда жоқ ерлердің қабірлері басында өткізу керек. Сонда ғана біздердің арымыз таза болмақ »-деген Баукең ағаның пікіріне тыңдаушылар қол соқты.Сұрапыл соғыстың не екенін кеңінен түсіндіре келіп, өзі қан кешкен кейбір оқиғаларды соншалықты айқын, шынайы бейнелеп, оның адамзатқа келтірген барлық қайғы-қасыретін көз алдымызға елестете білген Баукеңнің айтарлықтай шешендігіне де тәнті болдық.Баукең сөйлеп тұрған кезде тыңдаушылар тарапынан жіберілген бір ыңғайсыз жайды да айта кетейін. Тұнып тыңдап отыран біздерге  арт жағымыздан біреулердің тұншыға шыққан күлкілері естілді. Сол-сол екен, Баукең бірден: кім анау күліп отырғандар, сіздер менің сөзімді тыңдағыларың келмесе шығып кетіңдер-деді қатқыл үнмен. Баукеңнен сұхбат алуға тапсырма алған бір журналист: Бауыржан Момышұлынан сұхбат ал дегенше торда тұрған арыстанның жалын сипап кел дегеніңіз жақсы еді-депті бас редакторға. Оның қарағайдың қарсы бұтағындай қатты мінезді Баукеңмен кездесіп, сұрақтар қоюға батылы бармаған екен дегенді естігеніміз бар еді. Баукең әлгі жігіттерге айтқан ескертпесін, олардың бірден жым болғандарын  көргенде енді не болар екен деп ішімізден тынып отырдық. Құдай сақтағанда ештеме бола қойған жоқ, Баукең өз сөзін жалғастыра берді.Келесі бір сәтте енді тыңдаушылардың тегіс күлкісін туғызған көріністің куәсі болдық. Бізбен бірге оқитын ұзын бойлы, толық денелі қырғыз жігіті бар еді. Сол жігіт «Смена» фотоаппаратын шыртылдатып Баукең мінбеге көтерілісімен суретке түсіріп жүрді. Қайта-қайта, бірде оң жағынан, бірде сол жағынан түсіре берді. Енді бірде қарсы алдынан түсіруге ыңғайланып еңкейе берген кезінде Баукең: Әй мынау не қылған адам, тіпті сөйлеттірмеді ғой,  кет аулақ деп зекіп қалды. Сол-сол екен, әлгі тұлғалы жігітіміз сүйретіле барып, терезенің алға шыққан табанша тақтайына сүйене  бере гүрс етіп құлап түсті. Алпамсадай жігітке батырдың бір ауыз сөзінің өзі оқ тигендей әсер етті-ау- деп зал тегіс күлді. Майдангерлермен кездесу, олардың жанқиярлық еңбегін, ерлігін білу барлық жастарға, келер ұрпаққа қаншалықты қажет болса, соғыс тақырыбын терең зерттеп, кең көлемде, әрі нанымды  етіп халыққа жеткізіп отыру журналистердің, газет-журнал редакцияларының, барлық қалам ұстаған азаматтардың басты борышы деп білемін – деп жалғады сөзін Баукең бұдан әрі. Мен турасын айтайын: соғыс туралы «Социалистік Қазақстан» (кәзіргі «Егемен Қазақстан» Д.Ә.) және «Лениншіл жас» (кәзіргі «Жас алаш» Д.Ә.) газеттері «Казахстанская правда», «Ленинская смена» газеттеріне қарағанда соғыс тақырыбын анғұрлым кең, нақты да нанымды фактілермен жақсы жазады. Бұл менің ұлтшылдығым емес, шындық осылай. Біреулер менің бұл пікіріме қарсылық білдіріп жатса, партияның Орталық Комитетіне дейін барып осы ойымды дәлелдеп шыға аламын. Сіздердің – партия мектебі тыңдаушыларының менің бұл айтқанымды білулеріңіз керек, ертеңгі қызметтеріңізде  ескеріп жүрулеріңіз міндет деп білемін.Мені таңқалдыратын, қайсы бір кездерде ауыр пікір таласына дейін апаратын бір жәй – ол біздің кейбір өздерін оқымыстымыз деп санайтын мыйлаулардың халқымыздың тарихын бұрмалап, бабаларымыздың кемеңгерлік, ерлік, даналық қасиеттерін мансұқ етіп, әдебиетін, мәдениетін жоққа шығаратындары, немесе, білімдері жетпей, зерделей білмейтіндері –деп шамырқанды Баукең. Олар осы бағытта елімізде қол жеткен сәл жақсылық болса, оны  коммунистік партияның, Кеңестер Одағының арқасы деп даурығады. Бабаларымыздың барлық жақсы қасиеттерін естен  кетіруді көздеген бұндай жала, өтірік, қиянат сөздер айтқан «оқымыстыларға» тиісті тойтарыс беру қажет деп есептеймін.Мен соғыс кезінің өзінде Қазақ кеңестік социалистік республикасының төрағасы Н.Д. Оңдасыновқа, Қазақстан компартиясы Орталық Комитетінің  хатшысына хаттар жазып, қазақ тілінің мүшкіл жайына назарларын аударған болатынмын. Осы кезге дейін ана тілімізді  сақтап қалуға бағытталған елеулі қимылдың байқалмай отырғаны өкінішті-ақ. Бұлай бола берсе әуелі тілін, одан кейін өзін жоғалтқан халық боламыз деген осы емес пе?!-деп Баукең сұраулы пішінде залға назар аударды.Бұл  сөздерді тыңдай отырып, сонау соғыс жылдарының өзінде өмір мен өлімнің ортасында жүріп ана тіліміздің мәртебесін көтеру мәселесін қозғаған Баукеңнің халқының болашағын терең ойлай білген ұлы адам екендігіне көзіміз жете түсті.Осы кездесуден кейін өткен 40 жыл ішінде де ана тіліміздің мерейі ойлаған дәрежеге көтерілмей, «Мемлекеттік тіл деген атақ алғанына қарамастан кең көлемде қолданыс таппай келе жатқаны халқымыздың алыптары А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М. Жұмабаев, М. Дулатов, Ж.Аймауытов, Баукең ағамыздың ойларын іске асыруда әліде біраз тер төгуді қажет ететінін әрбір азаматтың білгені ләзім.«Жеті атасын білмеген жетесіз»-деген халқымызда сөз бар-деп бастаған Баукең өзінің шыққан тегін де есімізге сала кетті. Менің руым Ұлы жүздің Дулаты. Дулат Ботбай, Шымыр,  Сиқым, Жаныс деп  төртке бөлінеді. Біздер Шымырдың Құлиы боламыз. Құлый алған бетінен қайтпайтын батыл кісі болған дейді. Егер біреулер менің мінезімді бұдан жобамен 300 жыл бұрын өмір сүрген сол атама ұқсатып жатса олары онша негізсіз де болмас – деген кезінде сәл жымиған ағамыздың қатқыл жүзінде аздап күлкі белгісі ұшқындағандай болды.Залдан «Волоколам тасжолы» повесінде Боранбаев деген қазақ жігітін қашқын болғаны үшін аттырып тастағаныңыз айтылады, осы рас сөз бе, оқиға қалай болған еді деген бір тыңдаушының сұрағына Баукең: Александр Бектің бұл ойдан шығарған фантазиясы. Осы үшін оның өзін қатаң жазалау керек еді, әттең кітап шығып кетті-деп қысқа жауап берді.Соғыс кезінде батальон, полк, дивизия командирі болған, дивизия командирлеріне дәріс берген, соғыс ісінің тәжірибесіне жетік, теориясын терең білетін, ересен ерлігі мен білімділігі сол кездерде, кейіннен де газет, журнал беттерінен түспеген Бауыржан ағаға батыр атағы да, генерал шені де берілмеді. Баукеңді тыңдай отырып, бұның өзі жоғары билік орындарының батырға орынсыз қақпай көрсеткен қиянат әрекеттерінің салдары екен деген ой келді біздерге. Бірақ одан Баукеңнің беделіне нұқсан келген жоқ. Халық оны шын мәніндегі қаһарман батыр деп таниды. Осы жерде аса дарынды ақын Мұқағали Мақатаевтың мына бір төрт жол өлеңін келтіре кетуді жөн көрдім:                   «Алтын да, алмас та емес жарқылдаған,                   Бір сый бар, аға саған, тартылмаған.                   Ұрпақтар аңыз етіп айта жүрер,                   Сыйдан да он есе артық даңқың маған» .Міне, Мұқағали ақын дөп басып айтқандай, Баукеңнің даңқы дүниенің төрт бұрышына жайыла берді.Даңқы осылайша биіктеп тұрған күннің өзінде де толарсақтан қан кешіп, Ұлы Отан соғысында фашистердің тас талқаны шығып жеңілуіне сүбелі үлес қосқан қолбасшы, әрбір күні ерлікке толы батыр – Бауыржан Момышұлының орасан зор еңбегі дұрыс бағаланбай 45 жыл бойы мемлекет тарапынан батыр атағын ала алмауы көріне әділетсіздік болатын.Еліміз Тәуелсіздік  алғаннан кейін ғана Президент Н.Ә. Назарбаев халықтың көп жылдар бойғы арманын жүзеге асырды. Осылайша Ұлы Отан соғысында ерен  ерліктің, халқына берілгендіктің  айқын үлгісін көрсеткен Баукеңе Кеңестер Одағының батыры атағы берілді. Бұл шешім тек қазақ халқын емес, Баукеңді білетін алыс-жақын бүкіл жұртшылықты қуантты.Бауыржан аға әрі майдангер жазушы, әрі ақын да. Оның 1947 жылдың желтоқсан айында Красноярск өлкесінде жүріп жазған мына бір төрт жол өлеңіне қарап, Батырдың алдын болжаған көріпкел, халқына шексіз сенімді болған кісі екенін көресің:«Қадірін білмеппіз ғой тірі кезде,-Деп жылар қайран қазақ мен өлгенде.Ұрпақ атар сексен мен жүздігімді,Тарихтың түкпірінен сөз келгенде».Осы бір даналық сөз қалдырған Баукеңнің есімі де«Есімім Ресейге кетер байтақ,Тіл білген жүрер менің атымды атап» -деп жазған А.С. Пушкиндей, мәңгі есте  сақтала бермек.Айтулы батыр, есімі бүкіл дүние жүзі халықтарына белгілі Баукең ағаның естен кетпес әңгімелері аяқталған кезде шынайы риза болған біздер орындарымыздан тұрып ұзақ қол соқтық. Біздердің бұл қошаметіміз Баукең президиумдағы орнына барып, қолын көтеріп белгі бергеннен кейін ғана тоқтады.Осылайша, халқымыздың екі бірдей батырымен өткен тамаша кездесуіміз араға қанша ма уақыт түскеніне қарамастан күні кешегідей есімізде сақталып келеді.