ВЕРНУТЬСЯ

Таяуда ғана Түркiстан қаласында Нұртас Дәндiбайұлы Оңдасыновтың 100 жылдық мерей тойы аталып өттi. Осыған орай өткен ғылыми- теориялық конференцияда белгiлi қоғам қайраткерi, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Парламентi Сенатының депутаты Әбiш Кекiлбайұлының “Нұртас мемлекет және қоғам қайраткерi” тақырыбында Нұрекеңнiң өмiр жолы мен атқарған мемлекеттiк, қоғамдық қызметi жайында терең де сындарлы баяндама жасағанын газет беттерiнен, телеарналардан естiп- бiлiп отырмыз. Сондай-ақ, Нұртас Дәндiбайұлының кiсiлiгi, азаматтығы, халқына жасаған өлшеусiз еңбегi жайлы жекелеген авторлар да қалам тартып келедi. Белгiлi ақын Темiрхан Медетбектiң:                    “Нұртас аға, нұр мен тастан жаралдың,                   Мiнездi де сол сөздерден таба алдың.                   Үнi болдың бүкiл елдiң сол тұста,                   Ұлы болдың қалам менен даламның...” деп жырлауы халықтың Нұртас ағаға деген құрметiн айырықша айқындап тұрғандай.         Осы орайда 1961-шi жылдың тамыз айында Нүрекеңнiң қабылдауында болғаным есiме оралған едi. Сол кезде Маңғыстау ауданында шығатын “Еңбек туы” газетi редакторының орынбасары, әрi партия тұрмысы бөлiмiнiң меңгерушiсi болып iстейтiн маған аудандық партия комитетiнiң нұсқаушысы қызметi ұсынылған болатын. Ол кезде бұл жұмыс орны облыстық партия комитетiнiң номенклатурасына жататын едi де, осы жұмысқа ұсынылған кадр обкомның бюросында бекитiн. Осыған байланысты облысқа шақырылған менi алдымен облыстық партия комитетiнiң ұйымдық- партиялық жұмыс бөлiмiнiң меңгерушiсi Ж. Мұқашев қабылдады да, обкомның салалар бойынша жұмыс атқаратын хатшыларына таныстырды. Содан кейiн ендi облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Нұртас Дәндiбайұлының қабылдауында боласың деп ескерттi де, ол кiсiнiң алдында өзiмдi қалай ұстау керектiгiн, қойылған сұрақтарға абыржымай нақты жауап беру қажеттiгiн қаперiме бердi. Обкомның бiрiншi хатшысының қабылдайтынын бiлгенiмде менiң бiршама абыржып қалғаным да рас едi.Нұрекеңдi мен бұдан бұрын 1957-шi жылы Москвада өткен Студенттер мен жастардың VI-шы Дүниежүзiлiк фестивалiне Атырау (Гурьев) облысынан баратын 50 жасты қабылдаған кезiнде бiрiншi рет көрген едiм. Қалалар мен аудандардан келiп, облыс орталығында бас қосқан бiздер отырған кең залға үстерiне ақ костюм киген екi кiсi келдi де, есiктен алдымен енген iрi денелi, қоңырқай өңдi, жылы жүздi кiсi залды бiр шолып өтiп, iркiлместен сөз бастап кеткен едi. Бiзге қарап ерекше ынта- жiгермен көсiлте сөйлеген бұл кiсi айтқан сөздердiң менiң есiмде қалған түйiнi: сiздер Кеңес елiнiң жастарысыздар, ал Кеңес елiнiң жастары әр кез өздерiнiң мәдениеттiлiгi, тәртiптiлiгi, әдептiлiгiмен үлгi болулары керек. Екiншiден, өзге елдерден келген кейбiр жастарға елiктеп, терiс қылықтарға бой ұрудан, ақыры азғыруға ерiп елден кетiп қалуға дейiн барудан сақ болыңыздар, халқымыздың атына сын келтiретiн өзге де әрекеттерден абай болыңыздар-деген әкелiк ақыл-кеңесi едi. Бұл кiсiнiң облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Нұртас Дәндiбайұлы Оңдасынов екенiн бiздер сонда бiлген болатынбыз.Ендi, мiне, сол кiсi менi өзiнiң кабинетiнде қабылдап отыр. Бiздер есiктен кiргеннен кейiн бөлiм бастығы маған Нұрекеңе жақын тұрған орындыққа отыруға белгi бердi де, өзi ұзын столдың арғы жағындағы маған қарсы беттен орын алды. Аздаған аман-саулық сұрағаннан кейiн Нұртас Дәндiбайұлы менiң қандай оқу орнын бiтiргенiм, мамандығым, қандай жұмыстар атқарғаным, қоғамдық жұмыстарға араласым жайлы, әдеби, тарихи кiтаптарды оқуым жайлы сұрақтар қойып отырды.Естуiм бойынша бұрын ҚКСР Үкiметiнiң төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi төралқасының төрағасы қызметтерiн атқарған, ендi облыстың бiрiншi басшысы дәрежесiнде атқарған орасан зор еңбегi арқасында халықтың құрметiне, үлкен беделге ие болып отырған жоғары лауазымды кiсiмен жүзбе-жүз кездесу, сұрақтарына  жауап беру маған оңайға соға қойған жоқ.Бiр кезде Нұрекең, шырағым, Маңғыстау таза малшаруашылығымен айналысатын iрi аудан ғой, өзiң малшаруашылығы деген кәсiптi бiлесiң  бе? -дедi баяу, бiрақ жеткiлiктi анық дауыспен. Бұл сұраққа мен: әкем балықшы, малшы болған кiсi. Оның iшiнде жылқы баққан. Бала кезiмде өзiме қатарлас балалармен бiрге жылқының күзетiне бару, мезгiлiнде суға айдасып келу сияқты әлiм жететiн жұмыстарға араласып жүрдiм. Университеттi бiтiрiп келгеннен кейiн де ұжымшар орталықтарындағы мектептерде оқытушы болып iстей жүрiп, малшаруашылығында болып тұратын қиын кездерде малшыларға қол ұшын беруге оқушыларды бастап барып, iстелетiн шаруаға өзiм де қатысып жүрдiм. Алайда малшаруашылығын жақсы бiлемiн деп айта алмаймын дедiм. Мен осылай деген кезiмде Нұрекең  бөлiм бастығына қарай сәл мойнын бұра түстi де, мына жiгiт малшаруашылығын бiлмеймiн деп отыр ғой- дедi   қатқылдау үнмен.            Осы кезде бөлiм бастығы маған көмекке келгiсi келдi-ау деймiн, орысша сөйлеп, “конечно, он знает элементарные вопросы сельского хозяйства”- деп қалды. Сол сол екен, бұған дейiн жайдары отырған Нұрекең бөлiм бастығының әлгi сөздерiне бiрден ренiш бiлдiрiп, столды алақанымен қағып жiберiп: Сiз не деп отырсыз, “элементарные вопросы сельского хозяйства деген не сөз?”Күнi ертең мына өзiмiздегi ауылшаруашылық техникумының ұстаздарын шақыртайын да Сiзден ауылшаруашылығының нағыз қарапайым делiнетiн “элементарные вопросы” сұрақтары бойынша сын қабылдатайын. Егер сол сұрақтарға жауап бере алмасаңыз, солай боларына мен кәмiл сенемiн, өзiңiзге өкпелейтiн боларсыз- деп бiр-ақ тоқтады. Бөлiм бастығы да, мен де үнсiз қалдық. Әсiресе мен, ендi не болар екен деп қобалжи бастадым.Осы кезде Нұрекең назарын маған аударып: есiңде болсын, малшаруашылығында “элементарные” дегендей ұсақ нәрсе болуға тиiс емес, мұнда әрi оңай, әрi жеңiл шешiле салатын iс жоқ. Өйткенi төрт түлiк мал дегенiмiз жеткiлiктi- бiлiп күтудi, әр түлiктiң бiр-бiрiнен өзгешелiгiн ескере отырып, тиiсiнше жайып- бағуды, сөйтiп, қалыпты дамуын қамтамасыз ету үшiн жеткiлiктi шаралар алып отыруды қажет ететiн аса жауапты сала. Университеттi бiтiрген кiсiге тағы бiр ауылшаруашылығына байланысты оқу орнын бiтiр дегiм келмейдi.  Бiрақ бұл сала туралы жазылған материалдарды үзбей оқып, малшаруашылығы ғылымынан жеткiлiктi хабардар болуың керек. Өзiң бiлесiң, Маңғыстау аудандық Кеңес атқару комитетiнiң төрағасы болып iстеген Қазиев Қошық деген азамат  бiздегi ауылшаруашылық техникумын бiтiрдi. Соның арқасында ғана жұмысы өзгерген кезде ол ”Мұқыр” кеңшарына директор болып бара алды. Егер оның арнаулы мамандығы болмағанда кеңшар директоры етiп жiбермеген болар едiк.Сiз бiлiмi бар жас адамсыз, алдыңызда талай- талай қиындықтар, өмiр өткелдерi бар. Сол қиындықтарды жеңiп, белестерден аброймен өту үшiн әлi де болса жан-жақты дайындық, жетiлу керек. Менiң өзiм 34 жасымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесiнiң төрағасы болдым. Оған дейiн де бiрқатар лауазымды қызметтер атқарған болатынмын. Кадрдың жас болуы оның жауапкершiлiгiн төмендетпейді, керісінше, тапсырылған iстi лайықты атқаруға барлық күш- жiгерiн аямауды, бiлiм-тәжiрибесiн жетiлдiре түсудi талап етедi. Жұмысыңыз жемiстi болсын- дедi.Мемлекет және қоғам қайраткерi, жоғары лауазым иесi Нұртас Дәндiбайұлының бұл сөздерi есiмнен шығып көрген жоқ. 1964-1966 жылдар арасында Алматы екi жылдық Жоғары партия мектебiнде оқыған кезiмде Алматы зоотехникалық- малдәрiгерлiк институтына сырттай түсiп, ғалым- зоотехник мамандығын алып  шығуыма да Нұрекеңнiң осы  сөздерiнiң ықпалы болды дей аламын. Қандай ма болмасын iстi шешуге аса жауапкершiлiкпен қарау, жеңiл шешiлетiн қарапайым мәселе ғой деген ойдан аулақ болу қажеттiгiн бойлай ескерiп жүру де Нұрекеңнiң осы қабылдауынан бастау алды десем артық айтқандық емес.Соңғы кездердегi Нұрекең туралы жазылған көптеген мақалаларды оқыған кезiмде асыл ағаның өз аузынан айтқан мына сөздерiне кезiккен едiм: “Мен үш нәрседен тазамын: ел алдында арым таза. Қаншама жыл билiк басында жүрiп, бiреуден бiрдеме дәметiп, немесе пара алған адам емеспiн. Бұл- ел алдындағы арымның тазалығы. Екiншi, ел алдында жүзiм таза. Мың сан адаммен араласып жүрiп, бiр адамның руын сұрап, бөлген емеспiн. Үшiншiден, қолым таза. Кейбiр жұрт айтқанға көнбей, бiреулердi “халық жауы” деп атап жатқанда, олар атылып жатқанда, мен мұндай құжаттардың бiрде- бiрiне қол қойған емеспiн”- деген екен.Қиын да  қарбалас, ел iшiн үрей билеген тар заманда басшылық қызметте болып, адалдық қалпынан айнымаған, өзiмен қатар жүрiп, халқының  болашағы үшiн күреске бар өмiрiн сарп еткен жолдастарын-асыл ерлердi қаралаушыларға тоқтау айтып, арын таза сақтап, адалдық, қайсарлық көрсеткен, әрқашан қазақ мемлекетiнiң туын жоғары ұстап, ойлағаны елiнiң ертеңi, халқының қамы болған айтулы  тұлға - Нұртас Дәндiбайұлының өнегелi өмiрi халық жадында сақтала бермек.  «Маңғыстау».    18. 11. 2004 жыл.