ВЕРНУТЬСЯ

Белгілі ғалым, жазушы Қабиболла Сыдиықұлының өнегелі өмір жолы, кең көлемдегі сан қилы ғылыми зерттеушілік қызметі, табиғи таланты жөнінде онымен үзеңгілес азаматтардың жылы лебіздеріне, айрықша құрметпен арнаған толғауларына толы көптеген естеліктер дүниеге келді. Сөз жоқ, бұдан былайда Қабекең туралы, оның шаршамай-талмай жүргізілген зерттеу жұмыстарының қыр-сырларын аша түсетін тұшымды еңбектер жазыла бермек. Солардың бірі таяуда ғана жарық көрген ізденімпаз жорналшы, Махамбет атындағы сыйлықтың иегері Ә. Спановтың «Қабекең қазынасы» атты кітабы деуге болады.Адамзат тарихында қоғамдық дамудың бел-белестері, сәні мен мәні, бар болмысы өршіл ақын, өрелі жазушы, өткір сын-пікір айтушы ғұламалардың өлмес шығармалары мен өшпес сөздерінде көрініс тауып келеді десек, әсіресе, рухани өмір саласында қалам тартқан Қабиболланың еңбегі бір төбе. Бұл ойымызды Қабекеңнің мына:«Ісім болмай темір, қола, жезбенен,Алтын, күміс-жыр іздеген кезбең ем.Ақын, жырау, әнші, сазгер, сәулетші –Мүсіндедім бәрін сырбаз сөзбенен» -деген жолдары толық айқындап тұр емес пе? Оның әдеби, мәдени, тарихи мұраларды зерттеулердегі еңбегі орасан зор еді.Кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай» романының жазылуы жайында: «Әлдеқашан бел асып кеткен көштің айдаладағы жұртына кешігіп жеткен жүргінші сөніп қалған от орнынан болмашы жылтыраған бір қызыл шоқ тауып ап, оны демімен үрлеп түтетпек болды десек, романға материал жинаған менің хәлімде сол әрекет сияқты еді. Мен қарт адамдардың көмескі жадында ұмыт болған көп нәрселерді қайта ойлатып, айтқызып алдым» - деген сөзін еске алған Қабиболла өз ізденістері жайында сөз қозғалған кезінде: қолға іліккен мұрағаттық материалдарды пайдалану, шежіре қарттардың көмегіне сүйену арқылы ел есінен шыға бастаған халықтық асыл мұраларды жинау кездеріндегі менің жайымда осы сияқты еді деп отыратын. Ғалымның әрбір сапары, ол сапарлардың нәтижелері туралы айтып жатудың қажеттілігі бола қоймас. Өйткені оның бітірген ісі, бұл саладағы еңбектері қалың жұртшылыққа кеңінен аян. Сондықтан да ол халық мұрасының «қызғыш құсы» атанды.«Ақырын жүріп анық бас,Еңбегің кетпес далаға.Ұстаздық қылған жалықпас,Үйретуден балаға» - деп ұлы Абай айтқандай, Қабиболла халқымыздың тарихи мұраларын өзі тәрізді іздеушілерге, зерттеушілерге ұстаз, өнеге болды, асықпай жүріп бармаған жері, баспаған тауы қалмады. Соның бәрінде де маңызды да құнды деректер тапты, табылған мұраларды белгілі деректермен салыстыра келіп, дәлелді де нақты, ғылыми қортындылар жасап отырды.Зерделі зерттеуші Қабиболла Сыдиықұлының қарапайым, кісі бетіне жел болып тимейтін биазы мінезі қаншалықты сыпайы болса, оның сөзі де соншалықты сырлы, жұмсақ келіп, тыңдаушыларын өзіне тартып отыратын. Аққұба жүзінде аздаған күлкі реңі ойнап, бәсең де қоңыр үнмен жаңадан хабары шыққан деректерді зерттеу, анығына жету кездерінде барған жерлерінде кездескен кейбір қызғылықты жәйіттарды сызылта сөз еткенде алдыңызда ешбір қиындық көрмей ойлағаны орындалып, іздегені алдынан шығып жүрген ақ көйлек, ісі бойлай сәтті болып келе жатқан саяхатшыны көргендей боласың. Ал шындығында оның өзі айтпағанмен Атырау, Маңғыстау, Қазақстанның басқа да аймақтары мен Түрікмен, Өзбек, Тәжік, Қырғыз, Қарақалпақ елдерін аралаған сапарларында қилы-қилы қиындықтарға кезігіп отыратынын білетінбіз. Ара тұра денсаулығы  сыр беретін кездері де болатын. Сөйтсе де Қабиболла алған бағытынан қайтқан емес. Бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, халқымыздың асылдары жөніндегі деректерді, олар тұтқан мұралар жөніндегі мәліметтерді көзден таса қылмай, көңілде тот бастырмай мезгілінде жария етіп отыратын.Бір мысал. Қатыгез заманда бірін-бірі сүйген екі жас – Қайып пен Ақбөбектің азапты өмір жолдарын, көрген жан төзгісіз қиыншылық-қиянаттарын, олардан тараған ұрпақтардың кәзіргі кездегі тірліктерін – бәр-бәрін тереңдете зерттеген Қабиболла Сыдиықов жер шалғайлығына, ауа райының қолайсыздықтарына қарамастан Тәжікістандағы Қорған төбе жеріне әдейі сапар шегіп, осында тұратын Қайыптың немересі Әбдісамат қарттың қолында сақталған Қайыптың  домбырасын Маңғыстау өлкетану мұражайына әкеліп тапсырған болатын.Қарымды қаламгер Қабиболла Сыдыйықұлының ескі ескерткіштерді, мұраларды жойылып кетуден сақтау, Маңғыстау өңіріндегі ұмытыла бастаған тұлғалардың есімдерін тарихта қалдыру, жер, су, елді мекендерді осы тұлғалардың есімімен атау жөніндегі еңбегі ұшан теңіз. Ол бұл мәселе жөніндегі ойларын арнайы хатқа түсіріп, облыстың басшы орындарына жолдады. Қабекеңнің пікірін сол кезде Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істейтін, өзіде халықтың рухани дүниесіне тиісті мән беретін басшы – Саламат Мұқашев қолдап, хатта аталған ұсыныстарға байланысты облыс көлемінде нақты шешім алынуына ықпал етті. Соның нәтижесінде сол кездерден бері  бірқатар ауқымды шаралар іске асырылып келеді.Досан бастырдың Қаратөбедегі мүрдесінің үстіне көрнекті батырлықты бейнелейтін күмбез – дулыға салынып (шебері сәулетші Сайын Назарбеков), Маңғыстау ауданының орталығынан оған еңселі ескерткіш орнатылды.Абыл Тілеуұлының Қаратөбе қорымындағы ескі тамы үстіне ақын ұстаған домбыра бейнеленген ескерткіш кесене салынды (шебері сәулетші Сайын Назарбеков).Сүйінқараның  Сисем-Ата қауымындағы қара тастан қаланған моласының сыртынан төрт құлақты көлемді там қаланды.Қашаған Күржіманұлының Маңғыстау ауданының «Қырық кез» қауымындағы ескі тамы үстіне келісті де сұлу күмбезді мазар орнатылды (шебері сәулетші Мақсұт Нұрқабаев), Шайыр ауылы, Жаңаөзен қаласындағы орта мектептер, Солтүстік-Шығыс Каспий мұнай-кен аймағы Қашаған есімімен аталады. Облыс орталығынан Қашағанға көрнекті ескерткіш тұрғызылды.Мұрын жырау Сеңгірбекұлының тұрған үйі негізінде мұражай ұйымдастырылып, алдына жыраудың мүсіні орнатылды. Мұрын жырау атымен Форт-Шевченко қаласының бір көшесі, осындағы музыкалық мектеп, Маңғыстау ауданының Қызан ауылындағы мәдениет үйі аталады.Халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабылов атымен Тұщықұдық орта мектебі аталады. Мектеп алдына ақынның көрнекті мүсіні орнатылған.«Абыл», тағы басқа көптеген күйлердің авторы, күйшілік мектептің бастаушыларының бірі Абыл Тарақұлының есімімен Маңғыстау облыстық халық аспаптар оркестрі аталады.Әйгілі күйші Есір Айшуақұлының атымен Маңғыстау ауданының «Жыңғылды» ауылындағы бір мектеп, облыстық «Ақжарма» ансамбілі аталады.«Жыңғылдыдағы» мектеп-интернатқа ақын-ұстаз Сәду Нұрниязұлының есімі берілген.Маңғыстау ауданының Қаратөбе жерінде интернационалдық отрядқа, Тобаниязға арналып обелиск қойылған. Мұнда Әліби Жангелдиннің есімі де айрықша аталған.Тобанияз Әлниязұлына Маңғыстау ауданының Ақшымырау ауылындағы мектептің  аты беріліп, облыс орталығынан еңселі ескерткіш орнатылды.Әліби Жангелдин атында Бейнеу ауданында  мектеп бар.Төлесін Әлиев есімімен Жаңаөзендегі 1 орта мектеп аталады. Бұндағы нөмірі 4 орта мектепке ақын-жырау Сүгір Бегендіковтың есімі берілген.Қайып Қорабайұлы есімімен Жаңаөзен қаласының «Теңге» кентінде бір көше, Ақбөбек есімімен осы кенттің бір ауылы аталады. Тұщыбек емдеу-сауықтыру орнына медицина ғылымының докторы Естөре Оразақовтың есімі берілген.Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы болған Жалау Мыңбаев, ихтиолог-ғалым, партия, кеңес қайраткері Зұлқаш Баймұрзаев, өлке танушы Есбол Өмірбаев аттарында орта мектептер бар. Маңғыстау ауданының орталығы – Шетпе кентінде, облыс орталығы- Ақтауда Ж.Мыңбаевқа арналып ескерткіш тұрғызылған.Маңғыстаудың өмірден ерте кеткен жас ғалымдары – Мекерия Атымов, Нұн Жұбаев, Берекет Жұмалиев есімдерімен осы ауданның орталығындағы орта мектептер  аталады.Жазушы Маршал Әбдіқалықов есімімен Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылындағы орта мектеп аталады. Бейнеу ауданының Төлеп ауылындағы орта мектепке Социалистік Еңбек Ері Махутов Әбілғазының есімі берілген.Бүкіл өмірін Мұхаммед Ғалейһис салам жолына арнап «құдай бір, құран шын» екендігін уағыздаумен өткізген, адамгершілік қасиеті пенде деген ұғымнан жоғары тұрған, қуғын-сүргін кезінде жазықсыз  жапа шеккен Ержан хазіретке тағзым етушілерге арналып ежелгі әулиелі орын- Шақпақ атадан, еңсесі биік бірнеше бөлмелі, айнала жасыл – желек өсірілген күмбезді түнеухана салынды.Бекет-Атаның Оғландыдағы қонақ үйі қайтадан кеңейтіліп, өте көрнекті де сұлу жеті күмбезді ғимарат болып салынып, келушілердің зиярат ететін орны, әулиеге табынатын түнеуханасы болып отыр. Атаның өзі жатқан мешіт бұрынғы қалпын бұзбастан қайтадан жөндеуден өткізіліп, ұзақ жылдар бұзылмай сақталуына жағдай жасалды. Сондай-ақ, мешіт-ғимаратқа баратын жол да жөндеуден өткізіліп, келушілердің түсіп-шығуларына қолайлы болу жағы ойластырылған.Қабекеңнің хаттарында көтерілген мәселелердің қай-қайсысы да аяқсыз қалған емес. Халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабыловтың 1986 жылы «Ой толғау», 1996 жылы «Аманат» атты (жинақты құрастырған Жетібай Жылқышиев, баспаға ұсынғам «Парыз» шағын мекемесінің басшысы, ақын, сәулетші Сайын Назарбеков) өлеңдер мен дастан, айтыстардан тұратын жинақтары Қабиболланың тікелей араласуы, екеуіне де жазған алғыс сөздерімен жарық көрді.Қабиболла Сыдыиқұлы бас кеңесші және жауапты редакторы болған «Маңғыстау» энциклопедиясы 1997 жылы республикада Ақмола облысы энциклопедиясынан кейін екінші кезекте 30 мың дана таралыммен жарық көріп, халықтың ойынан шыққан, өңір хақындағы деректерді жан-жақты қамтыған алғашқы құнды дүние болып өмірге келді.Еліміздің өзге де жақсылары мен жайсаңдарының еңбегін есте қалдыру жөніндегі осы сияқты ізгілікті істер бұдан былайда жалғасын таба бермек.Қабиболла Сыдыйықұлы талантына бас июге де, мақтауға да, «онымен мақтануға да» тұрарлық бір туар азамат еді. Арғы тегі елге аты жайылған қасиетті, сөзге шешен би, өнерлі де парасатты аталардан өмірге талантты да, жоғары қабілетті ұрпақ келетіндігі талас туғызбаса керек. Осы тұрғыдан қарағанда ғалымның шыққан тегі, арғы аталарының бірі Маңғыстаудың Бозашы түбегінде мәңгіге көз жұмған, күмбез тамы осы кезге дейін сақталып келе жатқан, елге етене белгілі, күні кеше ғана Қабекеңнің өзі, ағайын тумалары болып арнап Ас берген сегіз арыс адайдың жеменейінің ақбота тайпасынан тараған, халқына шапағаты мол тиген  Бүркіт әулие екенін ойға алғанымыз жөн. Сонымен бірге, Қабиболланың табиғи талантын айрықша еңбекқорлығымен шыңдай түсуі де, оның биік белестерге көтерілуіне негіз болды деп айта аламыз.Менің Қабиболламен таныс болғаныма қырық жылдың жүзі болды. Алғаш рет 1964-ші жылдың күз айында Алматы қаласында танысқанбыз. Ол кезде мен екі жылдық Алматы Жоғары партия мектебінде тыңдаушы болатынмын.Сол алғашқы кездескен кезіміздің өзінде-ақ, ол болашақ жайында, елдің бүгіні мен ертеңі, ел сеніміне ие болған азаматтар атқарар істер жөнінде сыр шертіп, ішкі толғаныстарын сөз ететін. Маңғыстаудың рухани дүниесі жабық жатқан көмбе, осы көмбені ашуға қызмет ету, елге еңбегі сіңген елеулі есімдер, таланттары таңдай қақтырар өнерпаздар жайында зерттеулер жүргізу менің алға қойған мақсатым – деп айтып отыратын Қабекең. Өзінің «Туған жер» (Қабиболла Сыдыйықұлы. «Атамекен», 2001 ж.) толғауында бұл асқақ ойларын төмендегіше берген еді: «Туған ел, ата жұрт-Атырау – Маңғыстауым, қасиетті Қазақстаным, сенің құдыретіңді, сенің сұлулығыңды, сенің жасампаздығыңды, сенің мейірімділігіңді, сенің мәрттігің мен шалқарлығыңды перзенттік іңкәр сезіммен жырлап өту-ең қасиетті парыз ғой». Оның осы мақсатына жеткенінің куәсі артында қалған том-том жалы биік еңбектері деп білемін.Осы бір жылы жүзді, аққұба өңді, бауырмалдығы кісіні бірден өзіне тартып тұратын «қыз мінезді» ұяң жігітпен байланысымыз ол өмірден озғанға дейін үзіліп көрген жоқ. Орайы келгенде сирек те болса хат жазысып тұратын кездеріміз де бар еді. Қабекеңнің маған жіберген хаттарының бірінде халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабыловтың 100 жылдығын өткізуге жанашырлығы айтылған болса, екіншісінде «Маңғыстау» энциклопедиясын шығаруға байланысты пікірлері сөз етілген. Ал енді бір-екі хаты шын достың менің атаулы күндеріме арналған құттықтаулары болатын. Мен осы хаттарды Қабекеңнің өз қолымен жазған күйінде хронологиялық ретімен беріп отырмын. Олар мына хаттар еді:«Дүйсеке,Жаңа жұмыс құтты болсын!Сан тарау шаруашылығы мол аймақтың міндеті де, талабы да зор қызметі Сіздей іскер жігіттерді қажет ететіні белгілі. Орынды орнығыс деп ойлап отырмыз.Бізде бағзы ғылымдағы талпыныс.Жақында Орбита ауданынан үй берді. Биыл Сәттіғұл ақынның 100 жылдығы. Өткен жылы ақын юбилейіне байланысты шаралар жөнінде Маңғыстау аупарткомына, обкомға- Жәрдем ағаға жазып, райком, обком тарапынан әр жерге жолданатын қағаздар нұсқасын жіберіп едім. Зым-зия хабарсыз кетті. Ең бастысы ақын мұрасын жариялау ғой. Сол орайда обком баспасөз комитетіне (Елеукеновке) хат жазып, ақынның 8-10 баспа табақ шығармалар жиныған бастыруды сұрауы керек еді. Қол жазбасын жазушылар баспасына  тапсырып қойдым. Бірақ, әлгідей сұраған қозғаулар жоқ. Осы орайда қозғау салсаңыз. Май айында обл. газет бет берсе, обл. радио хабар берсе. Қажетті материалдарды (мақалалар, ақын жазбасын) газетке жіберіп көмектессе...Съезге келеді деп естідім. Мүмкін сөйлесерміз. Жігіттерге сәлем!Қабиболла,28/І-1976,Алматы.Сәтекеңнің юбилейі орайында Жазушылар Одағының батыс Қазақстандағы консультанты Берік Қорқытов та мәселе көтеріп, іске мұрындық болуы керек еді. Реті келсе, осы жігітпен де сөйлесу керек.»«Қымбатты дос Дүйсенбі!Өмір мәнін мол біліп, алыс-жақынға ойлы қарар кемел шақ-Елуге, семья, қоғам алдында абройлы келуіңді, республика Жоғарғы Советінің Құрмет Грамотасымен наградталуыңды қуана құттықтаймыз!Көңілі нұрлы, сезімі шалқар, ойлы дос Дүйсеке! Сізге жақын көңілден, жүрек-жарды барша жан-дүниемізбен мықты денсаулық, абройлы еңбек тілейміз!Қарлығашқа, Нұрланға, қызымызға (атын ұмыттық – ғапу өтінеміз) сәлем! Қабиболла, Гүлшат және Манас.Январь, 1983.   Форт- Шевченко«Дүйсеке, ауырыңқырап қалып Маңғыстауға жол түспей тұр. Барша игіліктерге тілектеспін.Жігіттер Маңғыстау жөнінде анықтамалық және энциклопедия шығарамыз дейді. Мен екеуіне де кеңес бердім. Әуелі біріктіріп біртұтас еңбек болса қайтеді деп едім. Бұл ойымды Құралбекке де айтып ем. Бірақ, жігіттер өздері келісіп екі кітапты да шығаралық дейді. Мен оған да қошпын. Екеуіне де қолқабыс- кеңесімді беремін. Мұны Құралбекке айтарсыз. Әуелі анықтамалық шыққаны да дұрыс шығар. Консултанттық жасаймын.Әр саладан кімдерді қандай өлшеммен кіргізу керек екенін жігіттерге айтып ақыл-кеңес берерсіз.Барлық жағдайын сөйлесеміз ғой. Бекет-Ата және ақындардың әрқайсысын да жеке-жеке шығарамыз дейді Ғарифолла ініңіз («Арыс» баспанасынан). Оны да дайындап берерміз.Есендікпен көрісуге жазсын.Қабиболла.4.ХІ.1992   Алматы».Қымбатты Дүйсеке, ата мекеніңізде, алқалаған ағайын, қаумалаған қауымыңыздың ортасында мүжілмей-мұқалмай, қынаптан суырылған қылыштай құлпып тұрған күйде 60 жасқа келіп отырсыз. Құтты болсын бұл жасыңыз!Сізді әділет жолынан аулақтамай нұсқап отыратын абыз ақсақалдардың пайымды, парасатты інісі, зерделі жастардың ақылшы ағасы, өз шаруасынан туған жер, өскен ел мүддесін артық санайтын еліміздің елеулі азаматы санаймын.Сіз қоғамдық өреде талай жауапты қызметтерді аброймен атқардыңыз. Енді әлеуметтік істермен қатар, халық арасында бұрынғыдан да жиірек болатын жігіт ағасы шағы келді.Бұл кезеңде де абройлы бола беріңіз!Қасыңызда – Қарлығашыңыз, қанатыңның астында балаларыңыз, айналаңызда – ағайын, дос-жарандарыңыз бен қызметтес жолдастарыңыз – сол ортада сау-саламат боп, ел игілігіне еңбек ете беріңіз!Қабиболла.                      07. 04. 93.  Алматы. Жоғарыда айтылғандай мен де әр кез Қабекеңе хат жазып, мерей тойлары кездерінде жеделхат жіберіп отырған едім. 50 жасқа келуімді құттықтап хат жіберген Қабекеңе жолдаған хатымда былай деп жазыппын:«Құрметті Қабеке!Аман есенсіздер ме?Гүлшаттың, Манастың, өзіңіздің денсаулықтарыңыз жақсы ма?Жаңа жер, жаңа қоныс құтты болсын! Сіздер  үшін жаңа қоныс болмағанымен Маңғыстауды мекендеген халық үшін Форт-Шевченко қаласы барлық игі істердің ұйтқысы болған іргелі де қадір-қасиетті мекен ғой.Осы мекенде сіздердің ойлаған мақсаттарыңызға жетіп, баянды да зор бақытқа ие болуларыңызға шын жүректен тілектестік білдіреміз.Біздер аманбыз, жағдай бұрынғыша. Үй-іші: отбасының Президенті мен Премьерінің (Қасымша айтқанда) және балалардың дендері сау, көңіл күйлері жақсы, әрқайсысы өз мүмкіндіктерінің шеңберінде тынымсыз еңбек етуде. Тіпті үш жастан асып бара жатқан Нұрланға дейін дұрыстап дәйекті отырып ас ішуге мезгіл таппай жүреді.Бейнеудің ауа райы, әсіресе, қыс кезінде қаталдау аймақ қой, биылда қыс қиындықтары болып тұр.Аудан халқының көңіл күйі өте жоғары. Москваның Қызыл Туын екінші рет иелендік, үшінші жылға да жеңіп алу жолында қызмет етіп келеміз.Манің 50 жасқа толуыма байланысты құттықтау хат жібергеніңізге көптен көп рахмет.«Қымбатты дос» деп  хатыңда жазған екенсің, сол сөзді бала кезіміздегідей барынша шынайы, қалтқысыз ашық көңілмен айтсам: я, ойлап жүрдік пе, ойнап жүрдік пе, досым Қабеке, әйтуір осы кемелді жасқа келіппін. Ашығын  айтсам, бітірген ісіміз онша байқалмайды. Мекерияға айтқызсаң, «әлде де кеш емес, енді тек ойланып іс істе» - деп қағытады. Жеңіл қалжыңы жүзіңді желпігендей болып, сарайыңды ашып отыратын ақжарқын дос, әрі үлкен ғалым ғой, оның айтқаны да жөн болар. Не дегенде де жарты ғасыр кісіге біраз міндеттер жүктейтінін мойындауымыз керек қой деп ойлаймын.Бізден бәріңізге ыстық сәлем.Дүйсенбі.  31.01.1983ж.»«...Туған жер болдың екен неден ыстық,Сүюге топырағыңды құшып-құшып,Сандығын сағыныштың айқара ашып,Келемін аспаныңда құстай ұшып» - деп туған еліне арнап перзенттік махабаттың куәсіндей ыстық жыр жазған Қабиболла Маңғыстауына жиі келіп елді аралады, зерттеу жұмыстарына жаңа деректер жинады, облыс көлеміндегі ескі мұралардың сақталу, қалпына келтіру жайымен танысып ұсыныс-пікірлерін айтып отырды.Қабиболланың 1979-шы және 1983-ші жылдары Бейнеу ауданына екі рет келгені есімде (өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап Ақтау қаласында болып тұрған жиі-жиі кездесулеріміз туралы айтып отырған жоқпын).Ол қай жерде, қай сапарда жүрсе де әр кез ойлағаны көне тарихи мұралардың бетін ашу, анығына жету, естігенін, көргенін ой елегінен өткізіп нақтылай түсу болатын. Зерделі ғалымның әрбір ісінен аса бір мұқияттылық, аңғарғыштық байқалатын. Бірде, оның Бейнеу ауданында болған кезінде (5-ші маусым, 1979-шы жыл) осы жердегі Ескі Бейнеу қорымындағы Бекет-Ата мешітінің шырақшысы Мыңжасар деген кісімен сөйлескені бар. Ол өзінің Бекет-Атаға алтыншы ұрпақ болып келетінін төмендегіше дәлелдеп берген еді:Адайдан Келімберді мен Құдайке. Келімбердіден Мұңал, Мұңалдан Жаулы, Жаулыдан Жары, Ескелді, Қосқұлақ. Қосқұлақтан Жаналы, Жаналыдан Мырзағұл, Мырзағұлдан Бекет, Бекеттен Бәйтелі, одан Әлмембет, Әлмембеттен Тәш, одан Бектілеу. Сол Бектілеу менің әкем деген еді шырақшы. Қабекең осының бәрін құнттап, қайтадан сұрап алып жазып отырды. Бұдан соң мешіттің ішін байыппен көріп шыққаннан кейін үстінде жерленген кісілерге орнатылған құлпытастарды көріп жүрген Қабекең батыс бетінде құлап қалған бір құлпытасқа айырықша назар аударып қарап біраз тұрды да, бірақ ештеме демей кеткен еді.Осыдан біраз жыл өткеннен кейін, 1987-ші жылдың жазында Ленинградтан (Санкт-Петербург) келген оқымысты – археолог А.Г.Юрченко басқарған экспедиция мүшелерін өздеренің сұраулары бойынша Бекет-Ата мешітін көруге алып келіп, мешітпен толық танысып болған соң осы құлпытасты көрсетіп, бұнда қандай сөздер жазылғанын сұрағанымызда араб тілін оқи, жаза білемін деген бір орыс жігіт (аты-жөнін ұмытып қалыппын) құлпытаста «Келдібек, Бекет софы жиені 1841, немесе 1861 жыл» - деп жазылғанын айтты. Осылайша құлпытастың кезінде Бекет-Атаның жиенінің басына орнатылғанын білдік. Бұған қарап Қабиболланың сол келеген сапарында әлгі құлпытасқа еркеше назар аударуында үлкен мән болғандығын, осы белгінің Атаның бір туысының басына қойылғанын шамаласа да, аты – жөнін толық айыра алмаған соң ашып сөз айтпағанын түсіндік. Бейнеулік азаматтар кейіннен құлпытасты тұрғызып өз тұғырына орнатты.Қабиболланың Бейнеуге келесі бір келген (мамыр, 1983-ші жыл) сапарында ғалымның мәдениет, оқу-ағарту қызметкерлерімен, мектептердің жоғары сынып оқушыларымен кездесулері ұйымдастырылды. Бұдан кейін кеңес атқару комитетінің төрағасы Бердібай Сарбалаев екеуіміз Қабекеңе ауданның көрнекті орындарын аралатып, Бейнеуден 20 шақырым жердегі Омар-Тұр күмбезді тамын көрсеткен болатынбыз. Республикалық қамқорлыққа алынған тамның салынуы шеберлігіне, ішкі өрнектерінің көркемдігіне таңдана тұрып Қабекең: Маңғыстау, Бейнеу аудандарында кісі назар аударарлық осы тәрізді тарихи ескі мұралар, ескерткіштер көп. Бұл аймақты ескі де сәнді ескерткішітерінің көптігіне байланысты ашық аспан астындағы мұражай деп бекер атамаған ғой. Мақсат бұл ескертікштерді біліп қана қою емес, оларды сақтай, қорғай білуде емес пе? Бұл тұрғыда республика тарапынан жүргізіліп жатқан ескерткіштерді қалпына келтіру жұмыстарына көмектесіп отырумен бірге аудандық газет, радио арқылы да жиі-жиі хабарлар беріп тұрған да жөн болар еді деген пікір айтып, халық игілігі үшін ескі мұралардың азбай-тозбай сақталуына жанашырлық танытқан болатын.Ел есіндегі жақсылар мен жайсаңдар-ақындар, жыршы-жыраулар, әйгілі өнерпаздар, «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деп елін, жерін жат-жұрттықтардын қорғауда қанмайданда аянбай шайқасқан ерлер жайлы толымды зерттеулер жүргізіп, құнды-құнды еңбектер жазған ғалым – халқының аяулы ұлы Қабиболла өмірден озбағанда алдағы 18-ші наурызда оның 70 жасқа толған мерекесін бүкіл елі болып тойлап отырар еді. Олай болмады. Өкінішімізге шек жоқ. Алыс сапарға аттанған қимас дос бүгін ортамызда жоқ.  Орыс халқының әдебиетіне жүрегі соңғы соққанға дейін қызмет еткен белгілі орыс жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Иван Алексеевич Бунин науқасы жеңіп, әлсіреп жатқанына қарамастан, өзінің жазып жатқан кітабын аяқтап кетуді ойлап, қажетті жерін пайдалану үшін зайыбына А.П.Чеховтың хатын оқып беруді өтінген. Осы сәттен көп ұзамай-ақ ол өмірден өткен. Сол Бунин тәрізді біздің Қабиболла баурымызда халқы үшін шынайы қызмет етуді бар өмірінің биік мақсаты деп білді және бұл жолдан ақырғы демі біткенше айнымай өткенін жүрегі соңғы рет соғарда да қаламының қолынан түспей кеткенінен–ақ білуге болады. Дәл осылай. 2001 жылдың 23-ші наурыз күні ертеңгі шайын ішкеннен кейін жұмыс столына келіп, соңғы зерттеулері жөнінде ойына оралған пікірлерін жаза бастаған Қабиболла безектей жөнелген телефон тұтқасын қолына алады. Телефон шалушы бұрыннан өзіне таныс, сыйлас Жармұханбет деген Жаңаөзендік кісі екен. Амандық- саулық сұрасқаннан кейін Қабекең оны үйге келіңіз деп шақырады. Бұдан кейін көп ұзамай-ақ, ертеңгі сағат 9-дан 5 минут өткенде Қабекең соңғы сапарға аттанып кетеді. Тағдырға не шара. Осы кезде келіп жеткен қонақ от- басында күтпеген жерден болып қалған орны толмас қайғыны көріп, сенер-сенбесін білмей, Қабекең жаңа ғана менімен сөйлесіп, кел деген еді ғой- деп еңіреп қоя берген.«Атаңның ұрпағы қалса, көзі қалды де, ал сөзі қалса, өзі қалды де» - депті ғой  дана халқымыз. Шүкіршілік етері Қабекеңнің артында өшпейтін игілікті  істері, еліне деген махаббатқа  толы өлеңдері мен дастандары, леп белгісі қойылып тұжырымдалған зерттеу жұмыстары-ойлы да құнды шығармалары қалды. Ендігі жерде жас ұрпақтың сол мұралармен сусындап, өнегелі өмір жолынан сабақ алуы ғалымның ойлаған мақсатына жеткені деп білеміз. Жазушының артында 10 томдық шығармалар жинағы қалды. Өзінің өсиеті бойынша оның кітапханасының көлемді бір бөлігі студенттердің пайдалануы үшін Шахмардан Есенов атындағы Ақтау университетіне беруге дайындық үстінде.Қабиболланың баспа бетін көрмеген еңбектерін жинап-жариялауда сүйікті зайыбы Гүлшаттың еңбегі зор. Алғашқы қосылған кезден жүректері бірге соққан қос аққудың бірі тағдырдың жазуымен өмірден өтсе де, екіншісі ендігі өмірін оның кітап етіп шығаруға үлгере алмай кеткен еңбектерін халқына паш етуге барлық күш-жігерін жұмсап келеді. Бұл аса жауапты жұмысты іске асыруға ұлдары Манас пен Оспан, қыздары Інжу мен Маржан да аянбай атсалысуда.Қабекеңмен жұмыстас, оны жете білетін сыйлас, дос азаматтар, інілері де қажетті көмектерін беріп келеді. «Арыс» қорының президенті Ғарифолла Әнестің Қабиболла Сыдиықұлының «Еске алу кітабын» ол өмірден өткеннен кейін тездетіп шығаруы, қандай ма болмасын көмекке әр кез дайын тұруы аға сыйлаудың жарқын өнегесі деп білемін.Облысымыздың мәдени, тарихи орындары мен мектептерінің біріне Қабиболла Сыдиықовтың есімін беру жөнінде облыстық маслихат пен облыс әкімі шешім шығарып жоғарғы орындар алдына ұсыныс түсірсе, халқымыз үлкен риза болған болар еді.Қабекеңнің қыруар ісі, жарқын бейнесі оны қадірлейтін жүректерде мәңгі сақтала бермек.                                    20.03.2004ж.