ВЕРНУТЬСЯ

(Эссе)Иә, Берекет бауырым, сенің бүгінгі туған күніңді тойлай алмай артыңда қалған бәріміздің көңіліміз құлазуда. Шіркін өмір, сен адамзатқа қаншалықты аян болсаң, соншалықты жұмабақтасын-ау. Күні кешеге дейін ойнап-күліп бір жүрген, бірге жүріп білім алып, қоғамдық өмірдің алуан саласының қажетін өтеуге барлық жастық жалынын, талап-талантын берген аяулы, туыстарым-достарым Мұңал, Майлыбай, Кенжеғали, Әбдібек, Мекерия, Өтеген, Маршал, Берекет – Сіздерден көз жазып қаламыз деп кім ойлаған.Бұл өмірдің қасқағымдай  қысқа, соққан желдей өткінші екенін бұрынғы ғұламалардың еңбектерінен қаншама оқып ұқсам да, өмір сіздер үшін осыншама ерте үзіледі, соңдарыңда қалған біздер өкінішпен еске алып отырамыз деп ойлаппын ба? Тіпті басқалар бұл дүниеден өтсе де менің қимас жолдастарым жасай беретін болып көрінетін. Амал жоқ.«Адам керуен, өмір жол,Жан баспаған із емес.Жолымен көшкен керуенніңАлды-артыда біз емес» - деген үлкен пәлсапалық сөздердің барлық адамзат үшін ортақ екеніне барған сайын көзіміз жете түсуде.Аяулы Берекет! Мен сені өткен жылдың қаңтар айында маңғыстаулық інің Жауымбай Амантұрлыұлының докторлық диссертация қорғаған кешінде көріп – бірге отырған едік. Әлі көз алдымда, сенің сондағы әрқашанда тек өзіңе тән ақжарқын, дарқан көңілмен жиналған халықты өзіңе тартып, әзіл-қалжың, сыпайы анекдоттармен, басқада күлкілі әңгімелерге кенелткенің.Ізіңді қуып келе жатқан еліміздің азаматы докторлық қорғағандағы қуанышың көзіңен, сөйлеген әрбір сөзіңнен, тойды қыздырып ән салып, би билеп жүрген нұрлы жүзіңнен сезілуші еді. Сол бейнеңді енді той кезінде түсірілген бейне-кассетаны пайдаланып теледидар экранынан көрудің өзінде қанағат етпекпіз.Осы кеште менің өзіңнің докторлық диссертацияңды қорғауыңның жайы қалай деген сұрағыма, оның өзін қатты мақсат етіп қойғанда жоқ едім, дегенмен енді көпке кетпес, 3-4 айдың ішінде қорғап қалармын, докторлық диссертация дайын ғой, деген едің. Қатал тағдыр сенің бұл бітіп тұрған ісіңнің өмірге келуіне мүмкіндік бермей кетті. Бірақ біздер, бүкіл жора-жолдастарың ғылыммен шұғылданып жүрген зиялылар сенің терең білімділігіңді әуелен-ақ білетін едік. Адамзат мұрасының қай саласына (пәлсапа, әдебиет, тарих) әңгіме желісі құрылса да сен  қайсыбір доктор, академикпін деп жүргендерді де  жаңылдыратынсың. Бұл жерде мен өзіңнің негізгі мамандығың – физика, математика ғылымдарының білімпаздары мойындаған айтулы ғалым екендігіңді сөз етіп отырған жоқпын.Маңғыстаудан шыққан ұланның Ленинградта аспирантура бітіруі, бұрын ешкім қолға алмаған қисық пластинкалар теориясын зерттеп ғылым кандидаты болуы еліміз тарихында бірінші елеулі оқиға болған еді. «Болат пышақ қында жатпас» дегендей, сен қатарларың арасында мектеп, одан кейін университет қабырғаларында жүргенде-ақ өзіңнің ғылымға айрықша бейімділігіңді танытқан едің.Аспирантураны нәтижелі аяқтап ұшқан ұяң – Қазақстың мемлекеттік университетінде ұстаздық еткен кезден бірге мерзім ішінде 150 ден аса ғылыми мақалалар, бірнеше кітаптар жаздың. Солардың бірі- «Әлем және механика» деген кітабың.Бұл кітапта сен біздің галактикада орналасқан жұлдыздар мен планеталардың өмір сүру, өзара тартылыс заңдарына, арақашықтықтарына терең талдау жасай келіп, әсіресе, космосты игеру, оны зерттеу жетістіктерін бейбіт мақсаттарға қолдану жөнінде салуалы пікірлер айтып, ғылыми бағыт сілтедің. Өзің ұсынған, осы кітаптың алғашқы бетіндегі «Қымбатты Дүйсеке! Ең ізгі ниетпен ұсынамын! Автор Б.Жұмалиев» - деген қолтаңбаң сенің жарқын бейнеңді әрдайым көз алдыма әкеліп отырады.Сен 1953 жылы университетке келгенде біздер жоғарғы курстың студенттері едік. Елден оқуға келген жастарға қолдан келген қамқорлық көрсету әрбіріміздің міндеттеріміз емес пе, сондай бір ағалық қамқорлық көргеніңді мен үлкен іс бітіргендей етіп көрсетуші едің, қайталап айта беруші едің. Бұл ақжарқын мінезің, аз қамқорлықтың өзін жоғары бағалауың сол кездерде айтуға тұражақ жақсылық көрсе де, оны еске алғысы келмейтін кейбір тоғышарларға соққы болып жататын.Алматы да болсын, елде болсын кездескен сайын көзіңнен сағыныштың, сыйластықтың шуағы төгіліп, кең құшағыңа алушы едің. Әркез елдің амандағын, жағдайын сұрап халқыңның өмірі өзгергенін, мәдениеті өсіп, тұрмысының жылдан жылға жақсарып келе жатқанын, өзің білетін көптеген азаматтардың әр салада абройлы еңбек етіп жүргендерін естігенде балаша қуанатынсың, қызметтес жолдастырыңмен, ғылым саласындағы әріптестеріңмен үлкенді-кішілі кездесулерде еліңдегі жақсы өзгерістерді мақтан етіп отырушы едің-ау. Біліміңнің жан-жақты тереңдігі, шешендігің сонша ма, өзгелердің сенімен  сөз жарыстыруға жүректері дауалай бермейтін.Міне, енді ортамызда сен жоқсың. Туыстарың, достарың туған күніңді тойлай алмай көңіліміз пәс болды. Сен тек өз жанұяңның, Жұмалиевтар әулетіңнің Берекеті емес, бүкіл елдің, халқыңның Берекеті едің, амал не, тағдырдың шешімі осылай болған соң.Дүлдүл ақын Қашаған өзінің «Бұл өмірдің мысалы» деген пәлсапалық өлеңінде «...кешегі көрген бүгін жоқ, ұшып кеткен көбелек» деген еді. Сол айтқандай орныңды сипап елің қалды. Ендігі жерде біздер академик Зейнолла Қабдоловтың, Мұқтар Әуезовты мақтау қажет емес, онымен мақтануымыз қажет дегеніндей, сенімен мақтана беретін боламыз, шүкіршілік етеміз.Шүкіршілік айтуға негіз – сенің Меруертің өзіңнің жолыңды қуып, ғалымдар қатарына қосылды, ұлың Расул әдебиеті мен мәдениеті, ғажайып тарихи, айрықша сәулетті пирамидаларымен дүние жүзіне белгілі ежелгі Египет еліндегі біздің еліміздің елшілігінде қызмет етеді. Бұл да бір кездегі Ленинградқа ұшқан өзің сияқты елшілік – дипломаттық жұмысқа Маңғыстаудан ұшып шыққан алғашқы қарлығаш. Ал Рүстем болса, ол өзі құрған бір үлкен фирманың президенті.Жоғары мәдениетті, сыпайы да ізетті келініміз, сенің сүйген жарың Гүлжан да бар өмірін бала тәрбиесіне арнаған, елеулі еңбегі үшін орденмен марапатталған белгілі ұстаз. Ол екеуіңіздің тәрбиелеген қызыңызбен ұлдарыңыздың қоғамдық өмірге араласу бағыты талай-талай жанұяларға үлгі болғандай.Қайран Берекет! Тағдыр маған сені сол қаңтарда кездесуден кейін көруге жазбаған екен. Өткен жылдың жазында Алматыда болған кезімде сенің жағдайыңды сұрағанымда Гүлжан келініміздің телефонда булығып тұрып  айтқан сөздерінен, қатты күйзелісінен жайыңның аса ауыр екенін сезінгенмін. Арты осылай болып жер соқтырып кетті ғой. Қош бол қимас бауырым! Топырағың торқа болсын!                                                      22.04.1997ж.