ВЕРНУТЬСЯ

Осы конференцияға қатысып отырған әдебиет сүйер қауымға Нұрым таныс деп білемін. Ол Абыл бастаған ақындық ортаның көрнекті өкілі, дүлдүл ақын Қашағанның ұстазы. Сондай-ақ, өзі Абылдан үйренген «Қырымның қырық батыры» ерлік дастанын Қашаған, Ақтан, Мұрындарға ұластырған әйгілі жырау, жыршы және термеші. Нұрымның жырлары достыққа, туыстыққа, татулыққа құрылған. Оның осы уағыздары күні бүгінге дейін өз мәнін жойған жоқ және бұдан былай да жоюға тиіс емес. Қазіргі алмағайып заманда халқын осындай бірлікке, тұтастыққа, татулыққа шақырған кемел ақындарымыздың өсиеттері күні бүгінгі республикамызда қол жеткен тұрақтылыққа негіз болып отыр десек қателеспеген болар едік.Осы кезге дейін Абай, Мұқтар сынды дара тұлғалар дүние жүзі әдебиетінің классигі деген атаққа ие болған жоқ. Бұның өзі бұл даналарымыздың шығармашылық таланттарының олқалығында емес, біздердің  оларды әлемге танытудағы  жұмысымыздың жеткіліксіздігінде. Бұл ойымызды Абыл, Нұрым, Қашаған сияқты дара тұлғалар туралы да айтуға болады. Ендігі мақсат осы данышпандарымыздың еңбектерін тереңірек зерттеп, бүкіл әлемге таныту, сөйтіп, оларды әлем әдебиетінің классиктері қатарына қосу болмақ.Нұрым шығармалары туралы сөз еткенде ана тіліміздің қазіргі жайы және болашағы туралы мәселелердің қатар жүруі табиғи жәй.Тілі жоғалған елдің жеке ұлт ретінде өмір сүре алмайтыны айдан анық, бұған күні кешеге дейін өз алдына ұлт болып келген, ал Россия жаулап алып тегіс өз тіліне көшірген (тіпті аты-жөндеріне дейін орыстандырып) көптеген солтүстік шығыс халықтарын жатқызуға болады. Қазір олардың сырт пішіндерінен басқа ешбір өз ұлтына тән қасиет қалмаған (тіл, дін, әдет-ғұрып, т.б.) . Осылайша тегіс ұлттардың жоғалып кетуі (көбіне күшпен) жаратушы құдыреттің заңдылықтарына қайшы келетін құбылыс. Сондықтан да барлық ұлттар ақыр түбінде бір тілде сөйлеуі керек деп жүргізілген саясат барынша теріс және саны жағынан көп орыс ұлтының жетегіне еріп, онымен сіңісіп жоғалып кетеді деген ойды білдіреді.Демек, әр халық өзінің ана тілін ардақтауы қажет. Дағыстанның әйгілі ақыны Расул Гамзатов: «егер ана тілім ертең өлер болса, онда мен бүгін өлуге дайынмын» деген екен. Ал біздің қазақ халқының ғұламаларының ана тілінің қадір-қасиетіне соқпай, оны ардақтамай кеткені жоқ десек қателеспейміз.Ана тіліміздің тұнық бұлағынан сусындауда мектептердің тіл пәнінің оқытушыларының ролі айрықша екендігі туралы Өмірзақ Өзғанбайұлы, басқа да сөйлеген жолдастар жақсы айтты. Қазақ тілін, әдебиетін оқытатын оқулықтарды қайтадан қазіргі мемлекеттік тілді меңгеру талаптарына сай жазу шешімін табуы керек. Сондай-ақ, тіл ұстартуда, ана тілді тек біліп қана қоймай, оның салиқалы иірімдірін орынды пайдалана отырып, шебер сөйлей білуде жазба және айтыс ақындарының, жыршы-жыраулардың, жазушылардың әралуан теңеулермен, бейнелі оралымдарымен айтылатын терең де асыл сөздері бүкіл халқымыздың, әсіресе, жас ұрпақтың  тіл байлығын молайта түсуге үлкен ықпал ететіндігіне ешкім де күмән келтіре алмас. Міне бүгін, Нұрым Шыршығұлұлының туғанына 160 жыл толуына арналған ғылыми-практикалық конференцияда жан-жақты айтылып отырған осы аса жүйрік сөз зергерінің шығармашылық, айтқыштық шеберлігі, оның ұрпаққа берер өнегесі, тағылымы туралы мысалдардың өзі де, біздің осы ойымызды, дәлелдей түседі.Нұрым Шыршығұлұлының есімін ел есінде қалдыру мақсатында, елді мекен, мектеп, көше аттарын Нұрым атымен атау жөнінде  бірқатар пікірлер айтылды. Олар жергілікті кеңестер тарапынан қолдау табатын болады. Өйткені, бұл мәселелерді шешу соңғылардың өз құзырында.Ендігі міндет, жоғары да айтқанымыздай Нұрым Шыршығұлұлының шығармаларын жан-жақты зерттеп, толықтырып, жинақтап бүкіл халқымыздың игілігіне айналдыру болмақ.                       20.06.1992ж.