ВЕРНУТЬСЯ

Осы бір шағын естелік  - мақаламның тақырыбын осылайша қойғаныма кейбіреулер таңданып, мақала иесі Мекерияны неге менікі дейді, ол берісі бәрімізге жолдас, әрісі бүкіл маңғыстаулықтардың Мекериясы емес пе деулері әбден мүмкін. Бұны орынсыз демеймін. Сөйтсе де бұл жерде назар аударарлық мына мысалды еске сала кеткім келеді.Академик, халық жазушысы Зейнолла Қабдолов Қазақ мемлекеттік университетінде студенттерге әдебиет теориясынан лекция оқып жүрген кезінде әңгіме Мұхтар Әуезовтың творчествосы жайында  болған кездің барлығында да өз сөзін «Менің Әуезовым» деп бастайды екен де, «неге менің дейсіз, Әуезов күллі қазақтың, тіпті бүкіл адамзаттың Әуезовы» емес пе, «Мұқаңды» «менікі», «сенікі» деуге бола ма екен?» деп сұраулы пішін танытқан шәкірттеріне, «болғанда қандай, «әркімнің өз Әуезові бар» деп үлкен мақтаныш сезіммен жауап береді екен.Сондай-ақ, біздің Мекерияны да әрбір маңғыстаулық, онымен ұзақ жылдар Қазақ Республикасының ұлттық Ғылым академиясында бірге қызметтес, сыйлас болған өзі қатарлас оқымыстылар-зиялы қауым өкілдері – бәрі-бәрі де «менікі» деп өзіне тартып отырса бұның несі айып. Халқына, еліне қадірлі, айрықша қабілет танытқан кісіні иемдене сөйлеу, оны мақтан ету адамзаттың ежелден келе жатқан үрдісі емес пе? Осы жерде тағы бір мысал келтірудің артықтығы болмас. Сонау ерте заманда өмір сүріп өзінің «Илиада», «Одиссея» сияқты теңдесі жоқ шығармаларымен әлем әдебиетінің ірге тасын қалаған грек халқының атышулы ойшыл ақыны Гомерді сол елдің жеті жұрты осы кезге дейін әрқайсысы өзіне тартумен келе жатқаны баршаға аян ғой.Маңғыстаудың үш түбегіне мызғымыстай орын теуіп ұрпақ жайған, ұл-қыз өсірген, жерінің байлығы арқасында бүкіл әлемге белгілі бола бастаған халқымыздың өткеніне көз жіберсек, ұрпаққа үлгі боларлық, мақтан етерлік айрықша қадір-қасиеті болған ата-бабалардың өнегелі өмір жолдарын көреміз. Олардың ішінде атышулы батырлар, аузы дуалы билер, әулие-әнбиелер, қызыл тілдің құдыретін танытқан ақындар, жез таңдай әншілер, жауырыны жерге тимеген палуандар, басқа да көптеген өнер иелері болған. Дін салаларынан жүйелі білім алған ахундар да аз болмаған.Қазан төңкерісі жеңгеннен кейінгі ұрандардың бірі – халықты жаппай сауаттандыру, әсіресе, жастарға білім беру болғанына қарамастан Маңғыстаудың шалғайда орналасуы салдарынан жаңа оқу жүйесін меңгеру, жоғарғы оқу орындарына жастарды түсіру, ғылым салаларын игеруге ұмтылу ісінің кешеуілдеп қалғаны аян.Үстіміздегі ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай аштықтан құтылуды мақсат етіп үдере көшу кезінде Маңғыстаудан қоныс аударған ағаларымыз – Естөре Оразақов пен Ғұбайдолла Айдаров қана өздерінің табиғи таланты, еңбек сүйгіштігі арқасында күнделікті қызметтерін ғылыми жұмыстармен ұштастыра отырып, ғылым докторы атағына ие болған болса, бізбен бірге оқып, мектепті бірге бітірген  жолдастардың ішінен ғылым докторы болу тек Мекерияның, мектепті бізден кейін бітірген Жұбаев Нұнның ғана қолдарынан келе алды.Әрине, ғылым докторы болу екенің бірінін қолынан келе бермейтін, өте күрделі де тиянақты еңбекті қажет ететін, қабілеті айрықша жоғары адамдардың ғана шыға алатын биігі. Міне, осы биікке көтерілген Мекерияда өз қатарластарынан оза шығып, барлық өмір жолын ғылымға арнады.Педагогикалық институтты Орал қаласында бітірген ол Орал, Атырау педагогикалық институтарында ұстаздық еңбек етті. Осы кездердің барлығында да әдебиет саласында өз білімін ұштай, жетілдіре түскен Мекерияның ойынан ендігі жерде ғылыммен айналасу қажеттігі бір мезетте шыққан емес. Бұл ойын іске асыру мақсатында Алматыға жол тартқан Мекерия тұрмыстық жәйттердің әртүрлі қиындықтарына, басқа да кейбір кедергілерге қарамастан, барлық күш-жігерін ғылым жолына бағыттады. «Талаптығы нұр жауар» деген емес пе, үлкен талаппен іске кіріскен ол «Көркем әдебиеттегі идея мен композицияның бірлігі» деген тақырыпта кандидаттық диссертиция  қорғады. Бұл тақырып болса қазақ әдебиетінде, тіпті одақ көлемінде де өте аз зерттелген сала болатын. 1965 жылдың жазғы-тұрғы жаймашуақ күндерінің бірінде Мекерияның осы тың бағытта батыл еңбек етіп, алған тақырыбын өзіне тән байыптылықпен абройлы қорғап шыққаны диссертация қорғау кезінде қатысып отырған біздердің есімізден әлі де кетер емес.Мекерия ерекше еңбек сүйгіш, ізденімпаз, уақытын барынша ұтымды пайдаланатын тиянақты азамат еді. Ол көп оқыды, үйренді, дүние жүзі әдебиетінің мөлдір бұлағынан мейлінше сусындады. Біздің Мекерия академик Қажым Жұмалиев, СССР Педагогика Ғылым академиясының академигі, филология ғылымының докторы Мәлік Ғабдуллин, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, профессор Мұхамбетжан Қаратаев, Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, филология ғылымының докторы, профессор Е.В.Лизунова, басқа да қазақ әдебиеті мен мәдениетінің таңдаулы өкілдерінен дәріс алды.Сондықтанда болар ол кандидаттық деңгейде тоқтап қалмай аталған ғалымдардың жолын қууға бекем бел туды. Осы жолда оған «болайын деген баланың бетінен қақпа, белін бу» деген қағиданы жадында сақтап үлкен көмек, ақыл- кеңес берген Қажым Жұмалиев болды. Докторлық диссертация жазу үшін Мекерияға талай томдарды ақтаруға тура келді. Халық өмірінен алынып жазылған саналуан оқиғаларға, кейіпкерлерге толы көптеген повесті, романдарды оқып қана қоймай олардағы идея мен композицияның бірлігі, қазақ романдарының поэтикасы жөнінде тұжырымды зерттеулер жүргізіп,  табиғат берген зерделілік өз нәтижесін бермей қойған жоқ. 1979 жылдың 14 сәуірінде Мұрат Мөңкеұлы атаған үш қиянның бірі – Маңғыстауда өмірге келген біздің туысымыз Мекерия Атымов «Қазақ совет романдарының поэтикалық проблемалары» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, филология ғылымының докторы деген ғылыми атаққа ие болды. Сөйтіп, Маңғыстаудан шыққан ғылым докторларының қатары өсе түсті. Бұның өзі тек халқының шын куанышы болуымен бірге білім қуған, ғылымға ұмтылған жастарымыз үшін үлгі, өнеге боларлық оқиға еді.Мекерия Қазақ ССР-і Ғылым Академиясының Мұхтар Әуезов атындағы ғылым және өнер институтында  жауапты жұмыс жасай жүріп көптеген ғылыми мақалалар, очерктермен бірге әдебиет теориясын одан әрі дамыта түскен ірі-ірі еңбектер жазды, талдаулар жасады. Олардың ішінде «Идея және композиция», «Қазақ романдарының поэтикасы» атты шығармалары жоғарғы оқу орындарының студенттері мен оқытушыларына, аспиранттар мен ғылыми қызметкерлерге, әдебиетті сүйюші жалпы оқушы қаумға арналған өте құнды еңбек болды.Мекерияның жоғарыда аталған «Қазақ романдарының поэтикасы» атты еңбегінде роман авторларының образ жасаудағы, өмір шындығын берудегі шеберліктер, стильдік ізденістер сөз болады. Құрметті Мекең әрбір еңбегі жарық көрісімен олардың бір данасын маған тездетіп жіберіп отыратын. Мен болсам сол шығармаларды кідіріссіз, құштарлықпен қолыма карандаш алып отырып, өз әлімше сын көзбен қарап оқып шығушы едім. Осындай әсерлерге толы сезіммен оқып шықаннан кейін, сонау 1975 жылдың мизам айында мен «Қазақ романдарының поэтикасы» атты еңбегінің соңына мына сөздерді жазыппын, оны да айта кетейін: «Бұл кітап тілінің түсініліктігі, әртүрлі ұғымдарды берер тәсілі, оларды жинақты етіп, бере білуі, сөз сұлулығы, бір сөзбен айтқанда барлық жағынан шын ықыласпен қарсы алып, шынайы жүректен қанағаттанарлық сезім білдіруге толық жататын дүние болып шыққан. Авторға үлкен рахмет айта отырып, бұдан да зор табыстарға жете беруге тілектестік білдіремін» - деген екенмін.Аталған екі кітап жайлы да кең көлемдегі пікірімді Мекеңнің өзіне де жазып жіберіп отырдым. Біз екеуміздің арамызда қажетті жағдайда өзара хат жазысып, пікір алысуда болып тұратын (бұл күнде ел тек телефонға иек артып, хат жазуды қойып кетті емес пе?).Міне бүгін, ғылымда өшпес із қалдырған, жас ұрпаққа ғылым шыңына көтерілудің жолын көрсетіп, үлгі бола білген, халқына қадірлі, жолдастарына қымбат, сүйген жары Мария мен ұл-қыздарының тірегі, бәйтерегі болған аяулы досымыз Мекерияның арамыздан кеткеніне бір жыл толып отыр. Оның ортамызда жоқтығын айту қандай ауыр, амал бар ма, ауырда болса бұл өмір шындығы, табиғаттың қатал заңы, амалсыз көнуге тура келеді. Десекте Сұлтанмахмұд Торайғыров:... Тірлікте аброй атақ неге керек,Бірінші міндетің ғой бұны білмек.Сен өлсең де артқылар ауызға алып,«Мынадай елге еңбегі сіңді» - демек, деп жазған екен. Бар болғаны жиырма жеті жыл өмір сүріп, өзіміздің ғұлама Әбішіміздің сөзімен айтқанда «есімі жиырма жеті ғасыр бойы жоғалмайтын Сұлтанмахмұттың» тұжырымын сүйеніш ете отырып, жеделдес досымыз Мекерияның ғылым саласында еліне зор еңбек етіп із қалдырғанына шүкіршілік етпекпіз.Мекерияның ойға алған мақсаттары көп  болатын, әлде де талай істерді тындырар творчестволық ізденістері де мол еді. Бірақ, қатал тағдыр кімнің дегенін болдырған, кімді дегеніне жеткізген.Қимас досым Мекерия! Сен әрқашанда есімде сақталасың, бақыл бол бауырым!                 17.07.1995 ж.