ВЕРНУТЬСЯ

1984- шi жылдың 20-сыншы қаңтарында Ақтау қонақ үйiндегi бөлмемiзге телефон соғылды. Телефондағы дауысты бiрден тани кеттiм- облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Саламат Мұқашев екен. Сәкең, сiздер елге жүргелi жатырсыздар ма деп сұрап алды да, Дүйсенбi сен шытырман оқиғалар жайлы  кiтаптарды оқуды ұнатамын деушi едiң ғой. Қазақ жазушылары iшiнен осы тақырыпқа қалам тартып келе жатқан Кемел Тоқаев деген жазушыны бiлесiң бе?- дедi.-Бiлемiн, “Таинственный след” атты тартымбы повестер жинағын оқығаным бар.-Бiлсең жақсы екен, кездескен жерiң болып па едi?-Жоқ, Сәке.-Ендеше бүгiн сол кiсiмен кездесесiздер. Кемекеңнiң қасында бiр жас жiгiт бар, о да жазушы. Олар бүгiнгi поезбен Бейнеу арқылы Қызылордаға өтедi. Бiр купеден орын алып- танысып, әңгiмелесiп отырасыздар ғой. Ол кiсiлердi сiздер жатқан қонақ үйiне және темiржол станциясына алып баруға тапсырма берiлген.  -Түсiнiктi, Сәке.-Жолдарыңыз болсын.Бiздер- аудандық Кеңес атқару комитетiнiң төрағасы Бердiбай Сарбалаев екеуiмiз Кемел Тоқаевты және  оның қасындағы жас жазушыны қарсы алудың дайындықтарын жасаумен бiрге, олардың Бейнеуге түспей кететiндiгiн ескерiп, Опорный кентiне телефон шалып, кеңшардың бас экономисi Бүркiт Ұлықпановқа 22-шi қаңтар күнi тәңертеңгi поезбен осы кiсiлердiң баратындығын айттық. Сонымен бiрге, сондағы жауапты қызметкерлер болып дұрыстап қарсы алып, поездың көп кiдiрмейтiндiгiне байланысты тиiстi қонақасыларын өздерiмен көрiсiп-амандасқаннан кейiн, олар отырған купеге салып жiберу керектiгiн қаперiне бердiк.Соңынан,  Алматыға барғаннан кейiн Кемекең маған телефон шалып, Қызылорда арқылы Алматыға аман- есен оралғандарын, Опорныйда бiр тамаша жiгiттер қарсы алып, олардың жолда дастархан жаюға деп жақсылап пiсiрiлiп,  басымен салынан бiр шаратабақ қой етi мен басқа да дәмдерiн тауысу үшiн Қызылордаға барғанша көршi купелерден қонақтар шақырып отыруға тура келдi деп күлiп, рахмет айтқаны бар. Сонымен, бiздер жүруге жиналып қонақ үйiнiң алдына шыға келсек, Кемекеңдер де машинадан жаңа түсiп жатыр екен. Бұл олардың облыстың басқа елдi мекендерiн аралап шығып, ендi Қызылордаға жүргелi тұрған кезi екен. Бiздер туралы да бұл кiсiлерге бұрыннан айтылып қойған болса керек, бiр- бiрiмiздi ертеден бiлетiн адамдарша ақ-жарқын көңiл, жылы жүзбен  амандастық.Кемекең орта бойлы, толықтау келген, көп сөйлемейтiн, қоңырқай жүздi сыпайы кiсi екен де, қасындағы ұзын бойлы, әдемiше келген аққұба өңдi, прозаик, сыншы, ақын, Кемекеңнiң еңбегiн зерттеушi Баянғали Әлiмжанов деген қызу қанды жас жiгiт екен.Басқа айналысар жұмыс жоқ болған соң поезда отырған кiсiнiң уақыты көп болады ғой, бiздерде де бұл жағынан кемшiлiк жоқ едi. Орналасып алғаннан кейiнгi алғашқы қамымыз шәй жабдығын жасату болды да, ас мәзiрiн ала отырып, қонақтарымызбен кеңiнен таныса бастадық.Кемекең 1923- шi жылдың 2-шi қазанында Талдықорған облысының Қаратал ауданында дүниеге келiптi. Сонау бiр зобалаң жылдарда ата- анасынан ерте айрылып, Түркiстан балалар үйiнде тәрбиеленiптi. Ұлы Отан соғысына қатынасып, аяқ сүйегiн талқандап кеткен ауыр жарадан көп азап көрiптi, он бiр рет операция столына жатуға тура келген. Сондықтан да кәзiр аяғын ауырлап басып жүретiн көрiнедi.Кемекеңнiң 60 жасқа толу мерейлi тойын Қазақстан жазушылар одағы кең көлемде ұйымдастырып, өткiзiптi. Содан кейiн аздап дем алып, бiрқатар облыс басшыларының елдi, жердi көруге, халықпен танысуға шақырған ұсыныстарына байланысты сапар шегiп жүрген кезi екен. Алдымен Саламат Мұқашевтың шақыруы бойынша бiздiң облыстың бiрқатар аудандарында, қалаларында болып халықпен кездесiп, одан кейiн кеңшарларды аралап, малшылар жәйiмен танысып, ендi Қызылорда облысына кетiп бара жатқан сапары екен.Кемеке, жаңадан шаңырақ көтергенiне көп мерзiм өтпегенiне қарамастан табыссыз емес бiздiң Бейнеу ауданына да кiдiрiп, танысып кетуiңiздi сұраймыз деген бiздiң ұсынысымызға: бiлемiн-бiлемiн. Сiздiң аудан туралы жақсы лебiздер бар екен, кейде орталықтан шығатын газет, журнал беттерiнен де көрiнiп қалып жүрсiздер. Бiр сәт маған назар аударып: өткен жылы  сiздiң республикалық телеарнадан сөйлеп, ауданның социалистiк жарыста алда келе жатқанын, тағы басқа мәселелер туралы айтып отырғаныңызды көргенiм бар. Алайда кәзiргi сапарымыздың арнайы жоспары бар. Аман болса жазға салым Бейнеуге басқа жерлерге соқпастан тiкелеп келермiз- деп, бiздiң көңiлiмiздi көтерiп тастады.Солай болуға жазсын деген тiлегiмiздi бәрiмiз сылдыраған рюмка дауысымен бекiтiп те алдық. Менiң байқауымша Кемекең асқан сабырлы, көптi көрген және  көп нәрсенi бiлетiн байсалды, қарапайым кiсi екен, өте көңiлдi отырды.Кемекеңнiң еңбектерiн зерттеушi  Баянғали болса, 1954-шi жылы туған, жоғарыда айтылған таланттарынан басқа жыр да төге бiлетiн күштi орындаушы екен. Ол Арқалық батыр, Манас жырларын бiраз төкпелеттi. Мен Баянғалиды орындау шеберлiгiне өте риза болып, қолымда басқа ыңғайлы ештеме бола қоймаған соң жанымда бұрыннан жүрген сыртында “Олимпиада” деген жазуы бар (1980-шi жылы Москвада өткен Дүние жүзiлiк олимпиаданың құрметiне шығарылған ) сувенир- әртүрлi бояу- түспен әдемiлеп жасалған  балық формалы кiшкентай пышақты “орындаушылық өнерiңізге тәнті болғандығымнан Сiзге осы сувенирдi ұсынамын”- деп Баянғалиға бердiм. Ол пышаққа қызығып, рахмет айтып алды да, сәл кiдiрiп, аға қазақта пышақ сыйлау әдетi жоқ едi деп сыпайы түрде қаперге берiп өттi. Мен: дұрыс айтасың Баянғали iнiм, бiрақ мен сiзге пышақ емес, сувенир сыйлап отырмын ғой деп ақтала бастағанымда Кемекең: сувенир екенi рас, бiрақ адамда суеверие де бар ғой, сондықтан ол пышақтың құнын төлесек, бiз сiзден сатып алған боламыз да, бәрi орнына келедi деп ары жағында тұрған чемоданын ашып, түбiнде жатқан бiр сомдық В.И.Лениннiң бейнесi бар монетаны ұсынды (сол монета менде осы кезге дейiн сақтаулы келедi). Бiздер Кемекеңнiң  тапқырлығына, парасатты әңгiмесiне қатты риза болдық.Сөйтiп, осы тамаша талант иелерiмен кездесу, бiр түндi әңгiме, жырмен өткiзу бiздiң көңiлiмiзде ұмытылмастай әсер қалдырды. Кемекең қоштасарда өзiнiң 60 жасқа толуына байланысты Қазақстан жазушылар одағының көркем шығармаларды насихаттау бюросы шығарған, Кемел Тоқаевтың өмiрi мен әдебиет майданындағы еңбегiне арналған адресатын Бердiбай екеуiмiзге сыйға тартты. Бiздер Бейнеуде түсiп қалдық та, Кемекеңдер сапарларын әрi жалғастырды.Менiң Кемекеңмен екiншi рет  кездесуiм ендi Алматыда болды.1984-шi жылдың 17-шi наурызында өткен тың және тыңайған жерлердi игерудiң 30 жылдығына арналған салтанатты мәжiлiске қатысқаннан кейiн мен 19-шы наурыздан бастап 28- iне дейiн көптен келе жатқан аллергиямның себептерiн анықтату үшiн бiраз қызметтенiп жүрдiм де, ақыры болмаған соң Қазақ ССР денсаулық Министрлiгi жанындағы 4-шi Бас Басқарманың Орталық ауруханасында 13-шi сәуiрге дейiн емделдiм. Осы кезде менiң ауруханада жатқанымды естiген Кемекең көңiлiмдi сұрай келiп, бiраз әңгiмелескенбiз.  Кемекең маған өзiнiң қол таңбасын қалдырған “Солдат соғысқа кеттi” (Қадiрлi Дүйсенбiге! Шын ағалық көңiлден! Автор Тоқаев, 1-шi апрель, Алматы), “Соңғы соққы” (Жақсы iнi, асыл азамат Дүйсенбiге! Өзiңiздi құрмет тұтқан автордан, Тоқаев. 1 апрель 1984 ж.- деп қол қойған ) атты кiтаптарын сыйға тартқан болатын. Кемекең менi ауруханадан шыққаннан кейiн де Алматы қонақ үйiне iздеп келiп, таудағы жазушылар Үйiне қонаққа шақырып, бiрқатар жазушылармен таныстырған едi (олардың ішінде белгілі жазушы Софы Сматаев бар). Халқына танымал, үлкен  бедел иесі, айырықша жазушылық таланты бар абзал ағаның осыншама құрметiне қалай риза болмассың, бұрын сырттай бiлетiн ағамен осылайша жақын танысып- сыйлас болып кеттiк. Бұл жердегi әңгiме, пiкiр алысу үстiнде Кемекеңнiң Бейнеуге жазда барамын деген уәдесiн есiне салдым.-  Ия, оны ұмытқан жоқпын, бастап кеткен бiр жұмысымды бiтiргеннен кейiн таяудағы айлардың бiрiнде қалайда барамын,- дедi Кемекең.-Келiңiз, қарсы аламыз болды менiң шын ықыласпен қайырған жауабым.Құрметтi Кемекеңмен 1984-шi жылдың 19-шы мамыр күнi Ақтауда үшiншi рет кездесiп, құшақтасып көрiстiк. Кемекеңнiң қасында жерлесiмiз, белгiлi жазушы Маршал Әбдiқалықов бар екен. Бұл сапар Кемекеңнiң бұрынғы уәде бойынша, әдейi бiздiң ауданның жәй- күйiмен танысу, оқырмандармен кездесу үшiн қасына халыққа танымал  iнiлерiн ертiп келе жатқан бағыты көрiнедi. Жазушылар Саламат Мұқашевқа кiрiп сәлемдесiп, мақсаттарын айтқаннан кейiн Сәкең: Кемеке, Бейнеуге келесi де барамын деген уәдеңiзден шыққан екенсiз, ол ауданға баруға шешiм алғаныңыз дұрыс болған. Ол облыстың Қызыл Тулы ауданы, Одақтық Туды биыл қатарынан төртінші рет  алып отыр. Бiрiншi хатшысымен өткенде кездестiңiз ғой, жолдарыңыз болсын-деп қонақтарды  iлтипатпен шығарып салды. Осы күнгi кешкi поезбен шығып, келесi күнi ертемен Бейнеуде болдық та, бiрден бiздiң үйге келiп жайғастық.Түске дейiн демалған қонақтар осы күнi және 21-шi мамырда бүкiл Бейнеу кентiмен танысып, мектептерде, аудандық ауруханада, темiржол станциясында болып таныса жүрiп, олардағы әртүрлi саладағы қызметкерлермен емен- жарқын пiкiр алысты.  Аудандық мәдениет үйiнде күтiп отырған халықпен кездесiп, өздерiнiң шығармалары жайлы кең көлемде әңгiмелеп бердi. Әсiресе, Кемекеңнiң шытырман оқиғаларға бай шығармаларының өмiрге қалай келетiндiгi, ағаның алдағы жоспарлары жайлы алуан- алуан сұрақтар қойылып, қайтарылған жауапқа оқырмандар қатты риза болды. Осы кездесуде бiр мұғалiм келiншек “Кемел аға, сiз шытырман оқиғалар жайлы көп жазып келесiз,  оларды әрқайсымыз да оқуға құмармыз. Осы кiтаптарды жазу үшiн қанша жыл уақытыңыз кетедi”- деп сұрады. Сонда Кемекең: мен көптеген шығармаларымды жылдап емес, бiр-екi ай iшiнде жазып бiтiремiн. Бiрақ, солай жазып шығу үшiн шығарманың желiсiн - бастауын, орта кезiн, аяқталу шағын, кейiпкерлердiң мiнез- құлықтары мен iс- әрекеттерiн, кiтаптың жалпы тұтас құрылымын- бәр- бәрiн біраз уақыт ойымда жетiлдiрiп “пiсiрiп” жүремiн де, содан кейiн барып жазуға отырамын-деп жауап бергенi әлi есiмде. Жұмысшылармен, мектеп оқушыларымен СССР- дың 60 жылдығы, “Қарақұм” кеңшарларында  өткiзiлген кездесулерде де оқушылардың жазушылар мен ақындардың шығармаларына, жалпы әдебиетке деген ынталарының жоғары екендiгi байқалып отырды. Елдi мекендерде өткен кездесулерден кейiн Бейнеуге келдiк те, қонақтар бiздiң үйде жатып демалып, арасында ескi Бейнеудегi Бекет- Ата мешiтiн, Омар- Ата күмбездi тамын, Рахтағы қуғын-сүргiн кезiнде қаза болғандарға арналған ескерткiштi көрдi. Ойында өзiнiң Сүйiнқара батыр туралы жазған тарихи романын аяқтау болған Маршал “Сам”  кеңшарының орталығы- Сарға да тұратын батырдың баласы Кежiнiң шөберелерiмен кездестi. Бiраз мәлiметтер жинала тұрса да тағдыр романды аяқтауға жазбады. Кемекең де, Маршал да ойларына алған қыруар дүниелерiн бiтiре алмай дүниеден ерте өттi.25-шi мамыр күнi түнгi поезға сыйлы аға Кемекеңдi, замандас iнiлер Маршал мен Темiрханды аудан азаматтары болып шығарып салып, қимастықпен қоштастық.Кемекеңмен бұдан кейiн де телефон арқылы байланыс жасап тұрдық.Онбiрiншi сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты болып сайлануымды үлкен тiлектестiкпен құттықтаған құрметтi азаматтардың бiрi де Кемел аға едi.Сол бiр жүрген кездерiмiзде Кемекең Қасымжомарт атты ұлының бар екенiн, оның халықаралық қатынастар институтын бiтiргенiн, ағылшын, қытай тiлдерiн жақсы бiлетiнiн, кәзiр Қытай елiндегi Кеңестер Одағының елшiлiгiнде қызмет ететiнiн айтқан болатын. Әрине, ол кезде Қасымжомарт Кемелұлының Қазақстанға Президентiмiз Н.Ә. Назарбаевтың шақыруымен келiп жоғары деңгейдегi жауапты жұмыстар жасайтынын, елiмiздiң сыртқы iстер министiрi, Қазақстан Үкiметiнiң басшысы, Қазақстан республикасы Парламентi Сенатының Төрағасы лауазымдарына ие болып, үлкен беделдi қайраткерге айналатынын Кемел аға да, мен де, ешкiм де бiлген жоқ едi. Құрметтi Кемекеңнiң үмiт артқан ұлының осындай биiк деңгейлерден көрiнiп отырғанына ел риза.Ел қамы үшiн таза да әдiл, iскерлiкпен қызмет етiп, ұлы Абай айтқандай, атаның баласы емес, адамның баласы болып, үлкен беделге ие болғанын сезiнген әке- Кемел аға әруағы да ұлына риза болы жатқан болар.