ВЕРНУТЬСЯ

Жылдар өткен сайын өмірде болған оқиғалар,  кездескен, жұмыстас болған кісілеріңмен бірге өткізген күндер, атқарылған істер біртіндеп көмескілене беретіні белгілі.Дегенмен де кісінің жүрек төрінен өшпестей орын алатын есімдердің  болатыны сөзсіз. Сондай есімдердің бірі, бірі емес-ау, бірегейі, сөз жоқ, біздің құрметті Төкең – Тұтқабай Әшімбайұлы еді («Маңғышлақ» облыстық партия комитетінің алғашқы бірінші хатшысы).Төкең жөнінде естелік жазу оңай шаруа емес, өйткені оның барлық азаматтық тұлғасын, ұйымдастырушылық қабілетін, ақылы біліміне сай биік деңгейін, қоғамдық, саяси өмірдегі алған орны мен жеткен биігін шынайы көрсете білу, әрине, киынның қиыны.Сондықтанда мен тек қана Төкеңмен өз жұмысымның әр түрлі деңгейінде кездесіп, оның ішінде  тікелей бірге жұмыстас болған жылдар ішіндегі бұл кісі туралы көрген-білгенімді, оның ұлағатты ұстаздық, басшылық өнегесі жайында  баяндағым келеді.1973 жылдың наурыз айының 16 жұлдызының кешінде сол кезде аудандық партия комитетінің идеологиялық жұмыс жөніндегі хатшысы болып істейтін мені және аудандық Кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасарлары К.Есболов пен Ф.Теміралиеваны аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Тәжібаев шақырып алып жаңа ғана Бейнеуге шақыртумен  барып келгендігін, онда Гурьев облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы С.Мұқашев, облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы О.Көшеков жолдастармен кездескенін, жақын арада жаңадан «Маңғышлақ» облысы құрылатынын, оның құрамында жаңадан Бейнеу, Ералиев атындағы  аудандар құрылатын болғанын айта келіп, облыс басшыларымен келісім бойынша менің Бейнеу ауданының аупаркомының бірінші хатшылығына, Ф.Теміралиеваның идеология жөніндегі хатшылығына, К.Есболовтың аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағалығына ұсынылып отырғандарымызды, күні ертең   Алматыға ұшатынымызды қаперімізге берді.Осы кезге дейін «Маңғыстау» ауданы Гурьев облысынан шалғайдағы өндірісі жаңадан дами бастаған басқа да қалаларымен іргелес ірі мал шаруашылықты ауданы еді. Аудан орталығынан 300 шақырым қашықтықта орналасқан Бейнеу кенті теміржол, газ, мұнай айдау станциялары орналасқан шағын кент болатын. «Маңғыстау өңірінен «Маңғышлақ» облысының, оның құрамында Бейнеу ауданының құрылғалы отырғаны туралы хабар лезде елден-елге тарап, өңір халқын үлкен қуанышқа бөледі.Сонымен біздер, жаңа облыстың құрылуына байланысты облыс, аудандар мен қалалардың басшылары қызметіне ұсынылған, отыздың үстіндегі адам Алматыға 18 наурыз күні келдік те 19 наурыз  күні жаңа Маңғышлақ облысын құру жөніндегі ұйымдастыру бюросының (төрағасы Тұтқабай Әшімбаев) қабылдауында болдық.Қабылдауда болған азаматтар бірінен кейін бірі өздеріне ұсынылған портфельдерін алып шығып жатты. Бір кезде кезек мағанда келді.Соңғы екі-үш күн ішінде Төкең туралы, барлық білгеніміз оның Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы жұмысынан жаңадан құрылған «Маңғышлақ» облыстық партия комитетінің бірінші хатшылығына ұсынылып отырғаны еді.Мен кірген кезде стол басында аққұба өңді, қой көзді, қызыл шырайлы, қою аппақ шашты, орта жастағы жылы жүзді кісі отыр екен. Қасында маған жұмыс жайына байланысты 1968 жылдан таныс, партиялық жұмысты мейлінше жетік білетін, жоғары талапшыл И.Канапьянов (Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Гурьев облысы бойынша ұйымдастырушы-инспекторы), облыстық партия комитетінің ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушілігіне ұсынылып отырған Н.Қонысов бар екен. Төкең маған қарап: «Сізді жаңадан құрылып отырған Бейнеу ауданының аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы қызметіне ұсынып отырмыз, қалай қарайсыз? – деді жұмсақ дауыспен. Мен партия сеніміне рахметімді айтып, айтылған ұсынысқа келісетінімді білдірдім. Содан кейін Төкең жаңа ауданның, оның  атқару комитетінің алдында тұрған міндеттердің оңай еместігін, жұмысты қалай бастап, қандай мәселелерге бірінші кезекте назар аудару керектігін асықпай қоңыр дауыспен жайлап түсіндіріп өтті де, «келістік ендіше» деп қолымды алды. Осы әңгіме кезінің  барлығында да Төкең менің жүзіме жайлап назар аударып отырды. Мен аздап қысылғанымды байқадым. Сыртқа шыққаннан кейін мені күтіп тұрған жолдастар, ия, не деді, қалай болды, не жұмысқа ұсынды, алды жақсы кісі ме екен? – деп үсті үстіне сұрақтар қойып жатты. Мен оларға: «Ақылды адам жәй-жәй келеді, жанжағын абайлай келеді» – деген даналық сөз бар ғой, мына кісінің қабылдау ретіне қарағанда ақылды кісі болар – дедім.Осы күні түсқайта бәрімізді – жаңадан құрылған Маңғышлақ және Жезқазған облыстарына әр түрлі деңгейдегі жауапты жұмыстарға ұсынылған 50 ден аса қызметкерлерді  КПСС Орталық комитетінің саяси бюросының мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіні бірінші  хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев жолдас қабылдап, бұл облыстар алдында тұрған міндеттерге қысқаша тоқтала келіп, бәрімізге халық игілігіне таза еңбек етіп, табысты болыңыздар деген тілек білдірді.Қолдарына билік тиген (бірен-саран билік тимей қалғандар да болды) барлық басшылар болып наурыз айының 20-шы жұлдызында облыс орталығы – Шевченко (кәзіргі Ақтау) қаласына ұшып келдік. Осы күннің ертеңіне Маңғышлақ облысының құрылуына байланысты облыстық актив жиналысы өтті. Жиналыста Д.А.Қонаев сөз сөйлеп, бұл өлкеде жаңадан облыс құрудың өндірістік күштерді, ауыл шаруашылығын дамыту жолындағы партия койып отырған талаптарды орындауда, халықтың әл-ауқатын көтеруде үлкен роль атқаратынына тоқталды. Осы аса жауапты міндеттерді орындауға облыс, қала, аудан басшылары алдында күрделі де абыройлы істердің күтіп тұрғандығына айрықша назар аударды.Активте сөз алған Тұтқабай Әшімбайұлы Қазақстан Үкіметінің Маңғышлақ және Жезқазған облыстарын құру туралы қаулысының алынуы партия мен Үкіметтің халықтың әлеуметтік жайын жақсартуға бағытталған қамқорлығының айғағы дей келіп, осы аса маңызды шешімнің бүкіл халықтың қолдауына ие болып отырғанын, ендігі міндет кадрлердің өз істеріне қаншалықты жауапкершілікпен қарауларында, қаншалықты ынтамен жігер көрсетулерінде екендігіне тоқталды. Төкең өз сөзін  біздің жұмысымыз өлкеде жаңадан облыс құру көзделген мақсаттарға жеткізе алады ма, жоқ па деген сауалға лайықты жауап беретіндей деңгейде жүргізілуі керек. Сонда ғана біздің ісімізге халық та, партия да риза бола алады  деп аяқтады.Бұл сөздерді тыңдап отырған активке қатысушылар облысқа аса жігерлі, іс тетігін білетін, өмір өткелдерінен өткен, шешен сөйлейтін лайықты басшының келгендігіне көз жеткізді. Сонымен, актив жиналысы аяқтала сала жаңа облысты, аудандарды құруға байланысты сан-алуан жұмыстар басталып кетті.Біздің Бейнеу ауданын құру жөніндегі ұйымдастыру бюросының төрағасы болып бұрыннан Маңғыстау халқына жете таныс, көп жылдар ауданда басшы қызметтерде болған, соңғы кезде Гурьев облысының Теңіз аудандық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып істеп жүрген Өтеуов Арон Махуұлы белгіленді. Арекең кейіннен аудандық партия конференциясында аупарткомның бірінші хатшысы болып сайланды да, мен аудандық Кеңестің бірінші сессиясында (сәуір айының 5-ші жұлдызында) ауаткомның төрағасы болып сайландым. Жұмыс бастан асып жатты. Бұл күндер біздер үшін жұмыс сағаты, демалыс деген ұғымдарды ұмытқан кез болды. Жаңадан құрылып жатқан ауданның жәйі бұнсыз болмайтын да еді. Бір де аупарткомның бюросы, бір де ауатком мәжілісі, кадрлерді қабылдау, іріктеу, олармен әңгімелер өткізу, жаңадан өмірге келіп жатқан мекемелерге орын тауып беру, т.б. қым-куыт жұмыстар ешбір мігір бермейтін. Оның үстіне өз облысымыздан, Гурьевтен, Саратовтан, Қоңыраттан (соңғы қалалардан газ айдау стансасының жұмысына байланысты) мәселе шешуге келуші жауапты қызметкерлер қаншама. Мұның үстіне 500 шақырымға жуық қашықтағы Бейнеуден облыс орталығында өтетін жиналыстарға жиі-жиі поезбен барып тұру да қыруар уақыт алатын.Бұл кездерде бірінші облыстық партия конференциясында  облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып Тұтқабай Әшімбайұлы Әшімбаев, облыстық Кеңестің 1 сессиясында облыстық Кеңес атқару комитетінің төрағасы болып Николай Александрович Гуляев сайланған болатын. Төкең де, Николай Александрович те біздерді жиі-жиі шақырып, немесе телефонмен хабарласып аудан жайын мейілінше толық біліп, тиісті көмектерін беріп отырды.Мамыр айының 19-шы жұлдызында (ауа өте таза, аспан ашық болатын) ертеңгі сағат 10-дар шамасында ұшақпен Тұтқабай Әшімбайұлы біздің ауданға бірінші рет аудан жайымен танысуға келді, қасында басқа да бір қатар облыс басшылары болды. Облыстық партия комитеті бірінші хатшысының келетінін естіп жиналған халық Төкеңді құттықтап, өздерінің жылы лебіздерін білдіріп жатты. Тұтқабай Әшімбайұлы да өзіне тән кішіпейілділікпен көбінің қолын алып амандасып, кәзіргі хал-жағдайларын сұрай отырып, міне, сіздерде жаңадан аудан құрылды, бұл халық үшін жасалған үлкен қамқорлық, ендігі жерде тұрмыс жағдайларыңыз бұрынғыдан да жақсара түсетін болады деп сендірді.Аудандық партия комитетінде өткен кездесуде Тұтқабай Әшімбайұлы біздер қойған:  су құбырын (Сам құмындағы) «Маңғыстау» кеңшары арқылы Бейнеуге тарту, аэропортта  ұшу  алаңын салу, темір жолда контейнерлер қабылдайтын ауданша жасау, типтік теміржол вокзалын, Кеңестер үйін салу сияқты мәселелердің бәрініңде шешілуіне көмектесетінін, ол үшін осы құрылыстардың қажеттігі туралы тиісті орындарға хат жазу керектігін қаперімізге берді. Осылайша бірқатар жұмыс жайын талқылап сыртқа шыққанымызда, бұған дейін ашық аспанды тегіс қоңырқай бұлт торлап, жерге жылы жаңбыр тамшылары түсе бастағанын байқадық. Бейнеуде көп аялдамай  «Маңғыстау» кеңшарына ұштық, келісім бойынша машиналар сонда жіберіліп қойылған болатын. Мұнда  келгеннен кейін Төкең ұшақты қайтарып қоя берді де, ауданның бірқатар территориясын машинамен аралаймыз, содан кейін машинамен Маңғыстау ауданының территориясында боламыз деп өз шешімін айтты. Бұл кезде бағанағы Бейнеуде басталған уақ тамшылар енді сіркіреген жылы жаңбырға айналды. Облыс басшыларын осыған дейін Маңғыстау ауданындағы таңдаулылардың бірі болып келе жатқан кеңшар жайымен оның директоры Таушан Корбаков таныстырып өтті. Бұл жерде де кеңсе қызметкерлері, ауыл азаматтары Төкеңе жылы лебіздер білдіріп жатты. Бұл елді мекеннен кейінгі бағыт Үстірт станциясы, ал жаңбыр болса ұласа түсіп, оның бір тамшысы да шашау шықпай шөлдеген жерге бірден сіңіп жатқандай көрініс беруде. Мамыр айындағы кәзіргі сәттегі, шөп басын қимылдатар жел жоқ күнгі майда ақ жаңбырға құлпырып көк мақпал түске оранған айналаның сұлулығын суреттеуге тіл жетпей, тек осы жаңбыр неғұрлым молырақ жауса, соғұрлым мал өсірген ел ырысы да молырақ болатыны есіңе түскенде көңіліңді қуаныш билейді. Машинада келе жатқан кісілердің бәрінің сөзі де, ойы да осы жаңбыр берер молшылық төңірегінде болды.Басшылар Үстірт станциясында аялдап, бұндағы елдің жәй-күйімен танысып шыққаннан кейін де жауын  басылмаған еді. Жерге сіңіп үлгермеген судан машиналарға аяқ суламай бару үшін тақтайларды пайдалануға тура келді. Тұтқабай Әшімбайұлы бастаған облыс басшыларын осы жерден С.Тәжібаев, О. Сармұрзин, басқа да азаматтар қарсы алып, Үстірттің үстінде орналасқан малшылар мен мал отарларын аралатуға, одан әрі Маңғыстау ауданының жәйімен таныстыруға бастап кетті де, біздер Бейнеуге оралдық.Мен құрметті Төкеңнің біздің ауданды аралаған осы 19-шы мамырдағы сапарын баяндаған кезімде, көбіне көп, сәске түсте басталып, екі күн ұдайы ашылмай жауған жауын туралы көбірек айтқан  тәріздімін. Оның да себебі бар. Шөл және шөлейіт аймаққа жататын біздің облыста мұншама мол жаңбыр сирек кездесетін оқиға. Әр кез көкте бұлт айналған сайын жаңбыр жауар деген үмітпен аспанға көз тігетін малшы қауым гулеген жел алдында асыға ұзап бара жатқан бұйра бұлттарға «өкпе-назын» жеткізе алмай қала беретін. Мұның арты қуаншылық болып, мал шығыны орын алатын.Жиі болып тұратын осындай қолайсыздықтардан запы шегіп жүрген елге бүгінгі жаңбыр табиғаттың арнайы жіберген сыйы тәрізді әсер етті. Біз ырымшыл халықпыз ғой. Сондықтан да бұл мол жауынның облыс құрылған кезге сәйкес келгенін «жақсы адам – елдің ырысы, жақсы жер – жанның тынысы» деген сөз бар еді, Тұтқабай елге ырыс болғалы келген екен деп сүйінді қарттар. Шынында да осы жылы жерге бұрын-соңды болмаған мол шөп шығып, пішеншілер дер кезінде мал азығын жеткілікті дайындауға мүмкіндік алды да, қолда бар мал қыстан аман, күйлі шықты. «Жауын деп облыс құрылған жылы жауған жауынды айт», «Жауын деп біздің ауданға Тұтқабай Әшімбайұлы келгендегі жауынды айт, әй сол жылғы шөптің шығысы-ай» деген сөздер ел ауызында осы кезге  дейін айтылып келеді.Тұтқабай Әшімбайұлы облыста  өндіріс пен күрделі құрылысты, ауыл шаруашылығын, соның ішінде қой шаруашылығын өркендетуге үлкен күш- жігер жұмсады. Әңгіме осы салалардың қай-қайсысы туралы болса да, ол өзінің аса біліктілігін көрсетіп отырушы еді. Мұнай өндірісінің белгілі бір маманы Төкеңмен  мұнай өндірудің сан алуан салалары туралы сөйлескенде, тиісті түсініктер берген кезінде оны осы саланың маманы болар деп ойладым дегені әлі есімде. Төкеңнің жоғарғы дәрежелі басшыға тән шебер сөйлеп, өз пікіріне тыңдаушыларды иландыра білетін қасиетін үлкен бір жиналыста көргенім бар.  Бұндай сәт біздің облысқа СССР финанс министрі Н.К.Байбаковтың, СССР орта машина жасау министрі Е.Славскийдің келген кезінде болған еді. Осы кездесуде Төкең аса жоғары білімділікпен «Маңғышлақ өндірістік-территориялық кешенін (комплексін)» дамытудың жан-жақты қырларын мейлінше жеткілікті дәлелдеп беріп, осы биік мәртебелі  кісілердің кешенді ұтымды, үйлесімді жүргізуде орын алып отырған кедергілерден шығу үшін, әсіресе, облыстың мұнайлы аймақтарын кеңінен зертеуге тиісті қаражат бөлуге келісімдерін алған еді. Тұтқабай Әшімбайұлы Маңғышлақ өндірістік территориялық кешені туралы сөз болғанда басты назарды  мұнай өндіруді ұлғайтумен бірге, жаңа алаңдарды зерттеу, игеру керектігін, сондай-ақ, осы саланың қай процестерін  іске асыруда болмасын еңбек өнімділігін  арттыру қажеттігіне аударып  отыратын. Төкең Маңғыстау мұнайының тек облыс экономикасы емес, бүкіл Республика  экономикасының негізі болатынына күмән келтірмеген кісі еді. Ол күнсайын жұмысқа ерте келіп, бірден мұнай өнімінің жәйі туралы мәліметті көреді де, тамыр ұстап адамның денсаулығына баға беретін дәрігерлердей, мұнай мөлшерінің өткен күндердегіден азайып кеткенін байқасымен бірден Жаңаөзен қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Ислам Әбеновке телефон шалып, жағдаймен танысатын. 1975 жылы Өзенмұнайгаз өндіру басқармасы тәулігіне 54-55 мың тонна мұнай өндіруші еді. Осы көрсеткішке дағдыланған басшы, өндірілген мұнай мөлшері бір-екі мың тоннаға азайып кетсе бұны үлкен жауапсыздықтың орын алғаны деп санайтын.Облыспен бірге құрылған Бейнеу ауданы өндірісі мен мал шаруашылығы қатар дамыған аудан болды. Басты өндіріс орны Прорвамұнайгаз өндіру басқармасы еді. Басқарма бойынша тоғызыншы  бесжылдықтың аяғында мемлекетке жоспар мен міндеттемені қоса есептегенде 1 млн. 500 мың тонна, әрбір күн сайын 4100 тонна мұнай өткізілетін. Төкең бұл көрсеткіштің де орындалысын қадағалап, ара-тұра телефон шалып өндірістің және мұнайшылардың әл-аухаты жәйін біліп отыратын.  Өндіріс қарқынын  бәсендетпеу шараларын алуды қалалық, аудандық партия комитеттеріне, өндіріс басшыларына тапсырумен бірге өз тарапынан да тиісті шешімдер алып отырушы еді. Осының нәтижесінде 1975 жылы Маңғышлақ облысында рекордтық өнім – 20 млн.тонна мұнай алынды. 1971-1975 жылдар арасында мемлекетке 85 млн. тонна мұнай өткізілді. Бұл сегізінші бесжылдықтағы көрсеткіштен үш есе артық еді. Осы уақыт ішінде мұнай өндіруде еңбек өнімділігі 31 пайызға, бұрғылауда – 44,4 пайызға артты.Әртүрлі күрделі себептердің салдарынан мұнай өндіру ісі үнемі алға баса алған жоқ. Бұл жөнінде облыстық партия комитетінің 1978 жылдың 7-ші желтоқсанында өткен облыстық партия комитетінің пленумында Тұтқабай Әшімбайұлы өндіріс орындары, партия, кеңес, кәсіподақ басшыларын қатты сынға ала келіп, мұнай өндіру қарқынының жылдан жылға төмендеп кеткенін нақты дәлелдеп берді. «Облыста мұнай өндіру 1976 жылы 19,3 млн., 1977 жылы 16,5 млн, 1978 жылы  15 млн. тонна болып біртіндеп төмендеп келеді. Оныншы бес жылдық жоспарынан мұнай өндіруді 2,8 пайызға кем алып отырмыз. Бұндай ойсыраған олқылақтарға жол берген басшылар тиісті жауапкершілікке шақырылатын болады» – деді ол өз баяндамасында.Осындай жоғары талаптардың және нақты басшылықтың арқасында, сондай-ақ, жаңадан игерілген Бозашы түбегі мұнайының алынуына байланысты он бірінші бесжылдықтың аяғында облыста 18 млн. тонна мұнай алу жоспарланды.Төкеңнің тікелей басшылығының арқасында облыс құрылғаннан кейінгі жылдарда Маңғыстау жарты аралығында күрделі құрылыс саласы да қарышты қадаммен алға басты. Облыс қалалары мен аудандарының бүкіл бейнесі кісі танымастай өзгеріп, көптеген өндірістік, шаруашылық тұрғын үйлер мен мәдени-тұрмыстық құрылыстар, спорт комплекстері өмірге келді.Электр желілері ірілі-уақ елді мекендерді былай қойғанда шашыранды орналасқандарына қарамастан, жекелеген малшылар бригадаларына дейін жеткізіліп, әрбір үйде электр жарығы шұғыласын шашты.Облыс орталығы – Ақтау қаласының архитектуралық ансамблін жасаушы архитекторлар және құрылысшылар тобына 1978 жылы қатаң табиғат жағдайында әсем көгалдандырылған, тұшытылған теңіз суымен қамтамасыз етілген қала тұрғызғандары үшін Халықаралық архитекторлар Одағының алтын медалі мен Патрик Аберкромби атындағы сыйлығы берілді. Ақтау қаласы осылайша республикадағы ең жас, әрі көрікті қала атана тұрса да, Тұтқабай Әшімбайұлы қала құрылысын одан әрі де жақсарта түсу керек, көз тартпайтын бірыңғай бір типті сұрғылт үйлердің көбейіп бара жатқанына көңіл толмайды деп өзінің сөйлеген сөздерінде жиі-жиі айтумен бірге, болашақ салынатын шағын аудандарда осы жайлардың ескерілуі қажеттігіне тиянақты бағыт беретін. Сондай-ақ, жаңадан салынатын тұрғын үй құрылыстарында негізінен көп балалы болып келетін жергілікті ұлт өкілдерінің жағдайлары ескеріліп, пәтерлер бөлмелерінің кең және саны жағынанда көбірек болуына назар аударуды жобалаушы-сәулетшілердің қаперіне беріп отыратын.Қаланың 15 шағын ауданында салынған бөлмелері мен коридорлары кең, әсіресе, көп балалы отбасыларына ыңғайлы бірнеше үйлердің өмірге келуі де Төкеңнің осы ұсыныс-пікірлерінің айқын көрінісі екендігі күмән туғызбайды.Төкең халық шаруашылығының қай саласы болмасын өрге бастырудың негізгі мақсаты халықтың әл-аухатын көтеру, мәдени-тұрмысын жақсарту деп үйрететін. Сондай-ақ ол жас ұрпаққа тиянақты білім беру, әсіресе, мектеп-интернаттардағы шопандар балалары тәрбиесінің жайына айрықша назар аударып отырды. Өзінің аса жұмыс бастылығына қарамастан осы орындарды аралауға, көруге, бұл саладағы жұмыстардың жетекшілеріне бағыт-бағдар беруге уақыт таба білді.1974 жылдың ақпан айының ішінде облыстық партия комитетінің бюросында «Мектептердің жанындағы интернаттарда балалар тәрбиесінің жәйі туралы» мәселе қаралды. Бюрода бұл жұмысты жүргізуде үлкен кемшіліктерге жол беріліп келе жатқаны анықталып, Тұтқабай Әшімбайұлы өзінің қорытынды сөзінде  ата-аналарынан жырақта оқып жатқан малшы балаларына қамқорлық  төменгі дәрежеде болып отырғанына үлкен қиналатынын айтып, сол кездегі оқу бөлімі басшыларының, облыстық Кеңес атқару комитеті төрағасы орынбасарларының, ауылшаруашылық басқармасы бастығының, аудандық Кеңес атқару комитеттері төрағаларының -  бәріміздің аттарымызды атап, тұжырымды тапсырмалар берді. «Ешкімнің де өз қолымен ештеңе жасағысы келмейді – деді Төкең қатқыл дауыспен – қайсыбір интернаттарда киім ілетін шкафтар жоқ, балалардың киімі жарға қаға салған шегелерге ілінеді, тазалық сақталмаған, едендер мұқият жуылып отырылмайды, балалар жүретін жолдардың жиіктері ағаш қадалармен қоршалмаған, кішкентай балалардың түнде сыртқа шығуларын ұйымдастыру жайы ойластырылмаған. Міне, осы сияқты қарапайым нәрселердің іске аспауы бұл жұмыстармен айналысуға тиісті әртүрлі деңгейдегі қызметкерлердің үлкен жауапсыздыққа жол беріп отырғандықтарын көрсетеді, біз бұдан былай бұндай жағдаймен келісе алмаймыз» - деп қорытындылады Төкең өз сөзін.Осы бюрода қаралған екінші мәселе: «Облыстағы балалар өлімінің жәйі туралы» болатын. Бұл мәселені талқылау да өте қатаң талап деңгейінде өтті. Республикада балалар өлімі жөніндегі көрсеткіш 26 пайыз болғанда біздің облыста 39 пайыз екен. Сондықтан да Төкең бұл мәселе бойынша қабылданған қаулының әрбір пунктінің мүлтіксіз орындалуын өзі қадағалап отыратынын қаперімізге беріп, орындалмаған жағдайда тиісті шара алатынын ескертті.Облыстың қай ауданын алсақ та балалар өлімімен күресте басты роль атқаратын аптекалар құрылысы, балалар тамағын дайындайтын арнайы кухня, басқада аппаратуралар жетіспейтіні белгілі. Ал осыдан бір жылға таяу бұрын құрылған Бейнеу ауданында да да бұл мақсатқа пайдаланатын бос орын болмайтын. 40-тың үстіндегі мекеме, мектеп, балалар бақшаларын орналастыру, басқа да көптеген мақсаттарға бұрыннан құрылыс  салынбаған, жаңа ғана аудан орталығы болған шағын кенттен бос орын табу қиынның қиыны еді. Мәселе талқыланып болып, енді қаулы қабылданар кезде Тұтқабай Әшімбайұлы «Бейнеуде аптека ашу ауаткомға тапсырылсын»- деді. Мен орнымнан ұшып тұрып: «Төке, бізде орын жоқ» – деп қалдым.  Сонда Төкең «Әліде сығылысыңқырап орын табу керек» - деді. Мен де өз сөзімді қайталап, біздер соншама «сығылыстық», енді сығылысар жер жоқ дедім, десем де артықтау кеттім-ау деп қысыла бастаған едім. Сол кезде Төкең аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына жүзін бұрып «орын табу Өтеуовке тапсырылсын» – деді. Менің бұл жерде айтқым келгені Тұтқабай Әшімбайұлының кадрлерге кешіріммен қарайтын, оларды түсіне білетін сабырлы мінезі – кісілігі еді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы бола тұра өз пәрменін бір емес, екі рет қайталағанының екеуінде де орын жоқ деп тұрып алған ауатком төрағасын жазаламағаны, тіпті реніш білдіріп қатты сөз айтпағаны менің әлгі пікірімді дәлелдесе керек.Сайып келгенде ауданда аптекаға орын іздеу аупартком емес, ауаткомның жұмысы ғой. Бюро шешімі халықтың қамын ойлаған, балалар өмірін сақтауға бағытталған игілікті шара болатын. Сонымен көп ұзамай тапсырманы орындап, Төкеңнің көңілінен шыққандай болдық. Араға 7-8 жыл түскеннен кейін аудан орталығынан жаңа типтегі аптека салынып, ол осы кезге дейін халықтың бұл саладағы сұранысын атқаратын белгілі орын болып отыр. Бұл да сол Төкең басқарған бюро шешімінен бастау алған игі істің кемеліне жеткен көрінісі еді.Тұтқабай Әшімбайұлы алды кең, шешуін таппай қинаған мәлелелерге байланысты қойған сауалдарыңызға әрқашанда тынғылықты жауап беретін ақылгөй кісі  еді. Бір мысал келтіре кетейін. Бәрі де сол орынның жоқтығына келіп тіреледі. Аудан орталығынан 50 орындық аурухана ашуға штат алсақ та, жұмыс бастап кетуге орынның жоқтығы мықты кедергі болып жүрген кез.Сондықтан да бір-екі барактарды ауруханаға лайықты етіп жөндеу аудандық партия комитетінің шешімімен аудандағы жалғыз-ақ құрылыс басқармасының бастығы коммунист Н.С.Крючкинге тапсырылған болатын. Уақыт өтіп жатқанына қарамастан берілген тапсырма аяқталмай созыла берді. Қараша айының да аяқталуы таянған кезде біздер барактарды жөндеу жұмысы бітпей қалама деп қауіптене бастадық. Өйткені осы 1973 жылы ауруханаға бөлінген қаржы пайдаланылмай қалған жағдайда 1974 жылы аурухана үшін штат қаралмай қалатын болды да, аудан басшылары болып Н.С. Крючкиннің өзімен кездесіп жағдайды білуге тікелей жұмыс жүріп жатқан жерге бардық. Сол жерде жүрген Крючкин бізбен амандасып сөйлеспестен аздаған құрылысшыларға жұмысты тоқтатуға бұйрық берді де өзі машинасына отырып жүріп кетті. Құрылыс басшысының мына тарпаңсоқ менмен әрекеті біздерді қатты ренжітті де, аудандық партия комитетінің екінші хатшысы В. Салов жолдасқа  (бұл кезде А. М.Өтеуов еңбек демалысында болатын) оның партиялық мәселесін тап кәзір бюрода қарауды ұсындым.Біздің ойымыз жұмысты дәлелсіз созып, барақтарды жөндеу жұмысын 1-ші қыркүйекке дейін аяқтау жөніндегі партиялық тапсырманы орындамаған, сонымен бірге, аудан басшыларымен жөн сөйлеспей, менмендік көрсеткен тәртіпсіз коммунисті партиядан шығару болды. Алайда аудандағы жалғыз құрылыс басқармасының бастығын партиядан шығара салу оңай ма? Бұған облыстық партия комитеті қалай қарайды деген оймен Тұтқабай Әшімбайұлымен сөйлескенді жөн көріп мен ол кісіге телефон шалып жағдайды толық баяндады. Сонда Төкең барактарды жөндеу жұмысы құрылыс басқармасының жоспарына кірмейді ғой, сондықтанда Крючкинді партиядан шығарып жіберуге болмас. Оның партиялық мәселесін қарап, жөндеу жұмыстарын жуық арада бітіремін деген уәдесін алып қатаң партиялық жаза берсеңіздер сода жетер деп кеңес берді.Біздер осылай еттік те.  Төкеңнің осы ақылының арқасында желтоқсан айының орта шенінде аудандық аурухана жаңадан жөнделген барақтарға орналасып өз жұмысын бастап та кетті.1975 жылдың күзінде Төкең мені шақырып алып, сенің жұмысыңды өзгерткелі отырмыз, ендігі жерде облыстық партия комитетінің ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып істейтін боласың деп бір-ақ кесіп айтты. Бұндай ұсынысты күтпеген мен біраз кібіртіктеп қалдым да, бұл өте жауапты жұмысты атқару қолымнан келе алар ма екен деген солқылдақ пікір білдірдім. Сенің қолыңнан келеді деп сенгендіктен де ұсыныс жасалып отыр. Маңғыстау ауданында бұл жұмысты алты жылдай істепсің, обкомда да сол жұмыс қой, қажет кезде көмектесеміз, Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетіне сөйлесуге барғаныңда ұсынылып отырған жұмысты алып бара алатыныңа сеніміңнің жеткіліксіздігі туралы кәзіргідей сөз айту қажет емес, тек қойылған сұрақтарға дұрыс жауап беруді ойлағайсың деп ағалық ақыл-кеңес берді. Осы кезден бастап Төкеңмен облыстық партия комитетінде үш жылға таяу тікелей жұмыстас болдым.Төкеңнің шамалы нәрсеге ашу шақырмайтын жәй, өте сабырлы кісі екендігіне бір мысал келтіре кетейін. 1975 жылдың жеткоқсан айы. II облыстық партия конференциясы өтіп жатқан кез. Менің обкомның ұйымдық-партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі болып істегеніме көп бола қойған жоқ. Осы дәрежеде облыстық партия конференциясын өткізуім (әрине бөлім бастығына қатысты мәселелер бойынша) бірінші рет. Дегенмен конференция жұмысы күтпеген оқиғаларға кезікпей негізінен аяқталып келеді. Төкең де, басқаларымыз да пленум мүшелері болып бірауыздан сайландық. Енді пленум өткізіп бюро мүшелерін, бірінші хатшыны сайлау қалған кез. Үзіліс жарияланды. Үзіліс кезінде конференция өтіп жатқан Абай атындағы мәдениет сарайынан жұмыс орындарымызға барып пленум өткізуге байланысты материалдарды қарап алу, келісу үшін Төкең, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің атынан конференцияға қатысуға келген Қ. Егізбаев ( Орталық Комитеттің бюро мүшелігіне кандидат), Москваның өкілі және мен болып Облыстық партия комитетіне келдікте лифтіге отырдық. Лифт көтеріліп келе жатты, міне қызық, бір кезде тоқтап қалды. Біздер біраз күтудеміз. Арасында тұрып қалғанымызды білдіретін тетікті басып қоямыз, бірақ хабар жоқ. Қосекең де (Егізбаевті айтамын) ақ-жарқын, көңілді, әр кез әзіл қалжыңы дайын тұратын, жақсы азамат еді ғой, осы мінезіне салған ол: «Міне, көрдіңіздер ме, жаңа ғана пленум мүшелігіне сайландық деп тоқмейілсіп  құдайларыңды бір сәт ұмытып кетіп едіңіздер, осы тұрғанымыз соның салдары» – деді күліп. Осы кезде жиырма минуттей тұрған лифт де жүріп кетті. Ал, Төкең болса конференцияны өткізудің барлық шараларын жасақтаған маған, не болмаса, лифтіге жауап беретін басқа жолдастарға, бірде-бірімізге бір ауыз сөз айтпады, қайта ертеңіне конференцияның жоғары деңгейде өткені үшін біздерге рахмет айтты. Бұл мысалдан Төкеңнің қандай ма болмасын іске кімнің қаншалықты қатысы бар екенін түсіне білетін, орынсыз ірілік көрсетпейтін үлкен парасатты адам болғанын көреміз. Басқа кейбір осы дәрежедегі басшы болса, жаңағыдай жағдайға кез болғанда, тисе торғайға тимесе ырғайға дегендей ашу шақырып, дауыс көтерген болар еді. Төкеңмен қызметтес болған жылдарымды мен үлкен өмір мектебінен өткен кезім деп есептеймін. Үлкен жүректі аяулы ағаның ақыл кеңесі, сан-алуан жұмыс әдісі, тапсырылған істі мезгілінде сапалы орындауды әр дайым қадағалап отыратын сергектігі, жүйелі логикаға құрылған дәлелді пікірлерімен, терең біліктілік пен тыңдаушыларын өз сөзіне сендіре алатын шеберлігі, бәрі-бәрі біздерге үлкен үлгі еді.Төкең бөлім басшыларын партия ұйымдарын әртүрлі мәселелерге байланысты тексеріп бюроға, секретариатқа дайындаған кезде анықталған кемшіліктерді түзету әлгі орындардың шешімдері келген соң істелер деп кейінге қалдырмай, бірқатарын жерінде, мәселені дайындау кезінде жолға қою шараларын алуға үйретіп отыратын. Сонымен бірге Төкеңнің кемшілік жіберген бөлім бастықтарына қаттырақ айтатын кездері де болатын. Өз салалары бойынша орын алып отырған кемшіліктерді ашып көрсетуге тырыспайтын, немесе, қаралып отырған мәселе жөнінде жете білмейтін бөлім бастықтарын аттарын атап сынға алатын.Әр кезде де бір бөлімнің атына айтылған сын басқаларымызға да қатысты бататын. Соның ішінде ұйымдық-партиялық жұмыс бөліміндегі қызметкерлер  өздерін басқа бөлімдердегі кемшіліктерге де белгілі дәрежеде қатыстымыз деп есептейтін. Өйткені Орталық Комитеттің ұйымдастырушы-инспекторлары облыстық партия комитетіндегі 10 бөлімнің ең бастысы ұйымдастыру бөлімі деп, одан басқа бөлімдерге берілген тапсырмалардың қалай орындалып жатқанын сұраумен бірге, ана бөлімге ананы, мына бөлімге мынаны айтыңдар, орындалысын пәлен уақытқа хабарласын деп бізге тапсырма беріп, егер олар хабарламай жатса неге хабар келмей жатыр деп бізден сұрайтын. Біздер бөлімнің өзінің тікелей жұмыстарымен бірге, осындай Орталық Комитет тарапынан берілетін сан-алуан тапсырмалардың мезгілінде орындалуына күш салатынбыз және көп мәселелер жөнінде Төкеңнен ақыл-кеңес, көмек алып отыратынбыз.Төкең қайсы біреулер үшін уақ нәрсе көрініп, көбіне ойға келе бермейтін жәйттарды да мүкі жібермейтін сезімтал, аңғарымпаз кісі еді. «Осы сіздер байқамайсыздар, пленум, активтерде сөйлейтін кісілер залдың орта жерлерінде отырады да, сөз берген кезде мінбеге келіп болмайды, демек, уақыт босына кетеді. Сондықтан да сөзге жазылғандардың шеттеу орындықтарға орналасулары қажеттігін  ескертіп қойыңыздар, сөзге пәлен жолдас дайындалсын деген сөздің өзі де осыны меңзеп тұрған жоқ па? – деп кеңес беретін Төкең.Біздің бөлімнің жұмысындағы басты мәселелердің бірі кадрлерге мінездеме беру болатын да, олармен танысып шыққаннан кейін Төкең:  иә,  олардың өздерін істе осы мінездемелеріне сай көрсете алатындықтарына сенімдімісіздер? - деп сұрай отырып, мінездеме де кадрлердің кемшін жақтарын да көрсету, оны әлгі жауапты жұмыстарға жіберілетіндердің өздерінің де біліп отырулары қажеттігін ескертетін.Төкең партиялық документтердің сапалы дайындалуына айрықша назар аударып, өзгелерге де осындай талаптар қоятын. Біздің жұмыс жасаған уақытымызда КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Л.И.Брежневтің аймақтарды аралауына, не болмаса белгілі бір мінбеден сөйлеген сөзіне байланысты халықтың пікір білдіруі, үн қосуы (откликтер) қажет деген қағидалар жиі іске асырылып отыратын. ОК-тің ұйымдастырушы-инспекторы, не болмаса инструкторы телефон шалып, Л.И.Брежневтің Қиыр Шығысты аралаған (немесе, осы сияқты басқа да бір аймақты аралаған) сапары жөнінде облыс халқының пікірін (пікір білдірушілер 3-4 адамнан кем болмауы керек) енді екі сағаттан кейін жеткізіңдер, пікір білдірушілер ірі-ірі өндіріс басшылары, атақты, орденді  жұмысшылар, малшылар болсын деп шұғыл тапсырма беретін. Осы азғана мерзім ішінде бұл айтылған кісілермен кездесу, пікірлерін білу мүмкін еместігі өзінен-өзі түсінікті (әрине, біз үшін). Сондықтан да ешкімді шақырып алмай-ақ олардың атынан осы сапарларды, не болмаса ол кісі айтқан сөздерді «қолдап жатқан» пікірлерді, үн қосуларды жазамыз да қалай жазылғанын айтпастан Төкеңе әкеліп көрсетеміз. Оны оқып шыққан Төкең «Шырағым-ау, мынауың малшының емес, академиктің сөзі ғой» – дейді де кейбір сөздерді алып тастап, бірнеше сөздерді қосып пікірді әлгі пікір жазды делініп отырған адамның кәсібіне, қызмет орнына сәйкестендіретін. Сөйтіп бұл құжат Орталық Комитетке телетайппен жөнелтілетін, тіпті асығыс болса телефонмен де оқылып берілетін.Төкеңнің жазуға шеберлігі сонша, алып келген информация, анықтама, тағы басқа құжаттарды қаламының ұшымен (ол кісінің жазуы да әдемі болатын) екі-үш рет жүгіртіп өткенде әкелген қағазыңдағы сөз де, сөйлем де тіпті басқаша, алғашқыдан әлде қайда мағналы болып жүре беретін.1976 жылы Тұтқабай Әшімбайұлының «Богатство недр и щедрость души» атты кітапшасы жарық көрді. Онда Төкең облыс коммунистерінің, Маңғыстау халқының мұнайлы түбекті партия мен үкіметтің шешімдеріне сәйкес жан-жақты дамыған бай өлкеге айналдыру жолындағы қажырлы еңбегін ашып көрсеткен. Құрметті Төкең осы еңбегін мына сөздермен маған ұсынған еді: «т.Арипову Дюсемби! С уважением и наилучшими пожеланиями. Ашимбаев Т. 5.11.76г.». Мен үшін ешқашан естен кетпес ескерткіш болған осы автографқа көз жіберсеңіз жоғарыда айтқанымдай, Төкеңнің өте әдемі жазатын кісі екеніне көз жеткізесіз. Төкең аса карапайым кісі еді. Онымен кездескісі келетін адамдар, әсіресе, ауылдардан келген кісілер бірнеше күн түгіл бірнеше сағатта күтіп жүрмей, келген шаруалары туралы ағыла баяндап басшының алдында отыратын. Өйткені Төкең олардың алыстан шаруа жайын, мұң-мұқтажын баяндау үшін күн сайын келе бермейтінін жасқы түсінетін сезімтал кісі болатын. Ал осы кездегі кейбір әкімдердің шалғайдан келгендерді тездетіп қабылдау былай тұрсын, тіпті өзінің аппаратындағы бөлім басшылары мен орынбасарларын да бірнеше күн қатарынан қабылдауға «уақыт таппай» күттіріп қоятынын көре қалғанымыз бар. Төкең бір сөзділігі, өзіне келген кісілерді жақсы қабылдаумен бірге, олар қойған мәселелерді аяқсыз тастамайтын қасиеті, қандай ма деңгейдегі болмасын істі шешудегі алғырлығы, ұйымдастыру шеберлігімен ел арасында үлкен беделге ие болды. «Беделің-сәулетің, еңбегің – дәулетің» дегендей, Төкең басшылықта болған кездерінің барлығында да жылдық, бесжылдық міндеттер асыра орындалып, беделді де парасатты басшысын тапқан Маңғыстау облысы дәулетті де, сәулетті өлкеге айналды. «Өзіңнің қыран екеніңді білмесең, қияға қонба» деген ғой дана халқымыз. Біздің Төкең өзіне-өзі  сенгендіктен де Орталық Комитеттің жаңадан құрылғалы отырған облысқы бірінші басшы болу жөніндегі ұсынысына келісім бергенін енді түсіндік деп отыратын ел азаматтары.Тұтқабай Әшімбайұлы елді мекендерді жиі аралап, халықтың жәй-күйін білуге ерінбейтін. Барлық деңгейде (облыстық, қалалық, аудандық) өткізілетін жиналыстарда қазақша  сөйлеген кезінде бір де бір орыс сөзін араластырмай шешен сөйлейтін. Төкеңнің ертеңгі жұмысқа жаяу келіп, кешке үйге жаяу қайтатынын, ертелі-кеш үйден онша қашық емес паркте серуендеп таза ауа мен демалатын кездерінде кездейсоқ оқиғалар болады деп қауіптенбейтінін, өз халқына сенімділігінің айқын көрінісі дер едім. Казіргі кезде бұндай еркін жүріп паркте қыдыратын (оқ қағарсыз), жаяу жұмысқа келетін басшыларды қолыңа шырақ алып іздесең де таппайтыныңа күмән жоқ.1978 жылдың 5-6 мамыр күндері біздің облысқа Д.А.Қонаев жолдас келіп, Форт-Шевченко, Жаңаөзен қалаларында, облыс орталығында болып халықтын жағдайымен, өндіріс, күрделі құрылыс, ауыл шаруашылығының, мәдени орындардың жәйімен танысты. Бұл ол кісінің облыс құрылған 1973 жылдан кейін бірінші келуі еді. Алтыншы мамыр күні түсқайта облыстық партия комитетінде өткен кездесуде Дінмұхамед Ахметұлы бұндағы істеліп жатқан жұмыстарға риза екендігін білдіріп бюро мүшелеріне, Тұтқабай Әшімбайұлына рахмет айтып, облыс тарапынан қойылған мәселелерге Орталық Комитеттің тиісті қолдау көрсетіп отыратынына сендірді. «Әсіресе, - деді өз сөзінде Д.А.Қонаев – маған мынау «Жетібайдың» кең жазығын мекендеген түйе өсіру кеңшарындағы жұмыстар өте ұнады. Бұнда күзеу, түйе сауу, тағы басқа жұмыстар тегістей автоматтандырылған екен. Осы техника жаңалықтарын кыз-келіншектердің менгеріп алулары өте құптарлық іс. «Ұжым жұмысына ризалығымның белгісі болсын деп оның басшысы Құлтумаев Баулыбай деген жігітпен суретке түстім» - деп күлді Димекең. Екеуінің осы суретін Димекеңнің касиетті ескерткіші деп Баулыбай өз үйінің төрінде сақтап келеді.Партия, Кеңес қызметтерінде басшы жұмыстар атқарған Ибаш Жанболатова мен Төлеген Қағазовты Д.А.Қонаев ертеден жақсы біледі екен де облысқа келген кезінде олар туралы сұрап тұратын болған. Осы сапарында да дәл солай болды. Жиналыс басталар алдында Дінмұхамед Ахметұлы «Ибаш, Қағазов барма, олар қайда, аманба?» – деп сұрады. Сонда залда отырған Ибаш Жанболатқызы: «Құрметті Димаш-аға, мен осындамын» – деп сыпайлықпен орнынан көтерілді. Жиналыс аяқталысымен Ибаш-апай Димекеңмен амандасып тұрып «осы жиналысқа қатысқан барлығымыздың Сізбен бірге суретке түссек деген тілегіміз бар, егер ұлықсат етсеңіз» – деді. Димекең күле тұрып  келісімін берген бойда фотографтар аппаратарын шыртылдатып бәрімізді Дінмұхамед Ахметұлымен бірге суретке түсіріп алды. Осы суретте қатар тұрған Д.А.Қонаев пен Т.Ә.Әшімбаевтың жарқын бейнелері бәріміздің есімізде осы кезге дейін сақталып келеді, бұдан былайда сақтала бермек.Тұтқабай Әшімбайұлы 10 мамыр күні Д.А.Қонаевтің облыста болуына, ондағы берілген ұсыныс-пікірлерді іске асыруға байланысты кеңес өткізді. Төкең негізгі мәселелерді айта келіп «Дінмұхамед Ахметұлымен кездесуді Абай атындағы мәдениет сарайында өткізіп, оған халықты көп қатынастыру дұрыс еді (Димекеңмен өткен кездесу жиналысына обком мүшелері, облыстық Кеңес депутаттары, басқа да актив катыстырылып, обкомның залы толып отырған болатын), бұл туралы ұйымдастыру бөлімі тиісті белсенділік көрсетпеді» – деді. Бұл сөзді мен өз атыма айтылған сын деп түсіндім. Төкең кейбір кемшіліктеріміз туралы ескертпе жасағанда жүз жыртып, дауыс көтеріп – қатты ұрысып жатпайтын. Осы сияқты жеңілдеу қағытып айтқан сөзінің өзі де біздің маңдаймыздан тер шығаратын. Өйткені біздер, бүкіл аппарат қызметкерлері, облыс халқы болып ол кісіні айырықша сыйлайтынбыз.1978 жылдың қыркүйек айының соңғы күндерінің бірінде Тұтқабай Әшімбайұлы мені шақырып алып: «Сенің жұмысыңды өзгерткелі отырмыз, партияның Орталық Комитетінен аупарткомдардың бірінші хатшылары маман кісілер болулары керек деген тапсырма бар. Сенің университеттік және жоғарғы партия мектебін бітірген білімдерің болумен бірге ғалым-зоотехник деген мамадығың да бар ғой. Осы талапқа сәйкес Бейнеу ауданына аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып барасың» – деді. «Төке, мен ол ауданда бұрын жұмыс жасаған едім ғой» – дегеніме «сен енді жаңа сапада (в новом качестве) барасың ғой» – деді. Осымен сөз аяқталды.Қазақстан коммунистік партиясының Орталық Комитетінде болып келісім алып келгеннен кейін, аудандық партия комитетінің конференциясында аупарткомның бірінші хатшысы болып сайландым да, бірден жұмыспен айналысып кеттім. Бұл қызметте жүрген кезімде де Төкеңмен жұмыс саласындағы байланысым жақындай түспесе алыстай қойған жоқ.Тұтқабай Әшімбайұлы ауданның мемлекеттік жоспарды, қабылдаған социалистік міндеттемелерін қалай орындап келе жатқандығын, аудан коммунистерінің белсенділік бағыттарын білумен қатар, халықтың әлеуметтік күй-жайына  қатты назар аударып, әсіресе, малшыларға кең, жылы үйлер беруді қадағалап отыратын. Соның нәтижесінде әрбір шопан бригадасында 4-5 бөлмелі жаңа типті, ағаш еденді ақшаңқан  үйлер салынып, оларға орналасқан шопандар қауымы осы істің бастаушысы Төкеңе шексіз ризалықтарын білдіріп отыратын. Мал бағу сияқты машақаты көп, күні-түні мал соңында жүретін ауыр жұмысты атқарып жүрген малшылардың жақсы үйлерде тұрулары заңды, осындай үй керектерің мал бағуға барыңыздар дейтін кейбір іскер кеншар директорларының пікірлері обкомның бірінші хатшысы тарапынан қолдау тауып отыратын.Малшылар өмірін, олардың ауыр еңбегін жақсы білетін Төкең малшылардың жәйін жақсартуға байланысты мәселелердің (үй салып беру, саудамен қамту, газет-журналдарды мезгілінде апару, радиоқабылдағыштары үшін батареяға дейін жетістіріп тұру, автоклубтардың әрбір отарды аралап, кем дегенде айына екі-үш рет кино қойып отыруларын қамтамасыз ету, тағы басқалар) қандайы болса да назардан тыс қалдырмайтын. Еңбек адамдарын моральдық және материалдық көтермелеу жәйі сөз болғанда Төкеңнің ауызына алдымен әрбір шаруашылықтағы қарапайым малшылардың есімдері ілігетін. «Мал бабын баққан біледі» – дейді ғой қазақ атамыз, малды баға білген еңбеккерлерді бағалай да білуіміз керек» – деп отыратын Төкең. Соның нәтижесінде де «Ақшымырау» кеншарының озат шопаны Ленин, Октябрь революциясы ордендерінің иегері Тегісбаев Мүбәрак КПСС XXIV съезінің, «Қарақұм» кеншарының озат шопаны, Ленин орденді Басшиев Қазығұл КПСС XXV съезінің делегаттары болып құрметке бөленді. Ал Қазақ ССР мемлекеттік сыйлығының иегері «Сам» кеншарының озат шопаны Ауданбаев Бисембай Данқ орденінің үшінші, екінші дәрежелерімен марапатталды, ол кейіннен осы орденнің толық иегері болды. Бұндай мысалдар көп-ақ.Төкең ферма басқарушылары Нығмет Қалдәулетов, Алпысбай Шүйішев, Әнебай Бөлеубаев, Жалғас Қашкенов, Смағзам Сынабаев, кеншар директорлары Бисенбі Әріпов, Таушан Қорбақов, Сисен Әбдірахманов, Сәбит Әбішев, тағы басқа да үлгілі шаруашылық ұйымдастырушыларының еңбектерін жоғары бағалап, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асып отыратын.Тұтқабай Әшімбайұлы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет жасаған 9-10 бесжылдықтар кезінде облыс қалалары мен аудандары, көптеген өндіріс ұжымдары, жекелеген еңбеккерлер айтарлықтай табыстарға жетіп отырды. 1975 жылдың аяғында 1970 жылмен салыстырғанда өндіріс көлемі 2,5 есе өсіп, еңбек өнімділігі 48,4 пайызға артты. Бес жыл ішінде мұнай өндіру 1,9 есе, газ – 6 есе үстінде, электр энергиясын өндіру 2,3 есе артты. Мал шаруашылығы да қарышты қадаммен өрге басып, қоғамдық мал басының жылдан жылға бір қалыпты өсіп отыруы қамтамасыз етілді. Қол жеткен табыстардың қорытындысы бойынша жоғарғы орындар тарапынан марапатталғандар туралы Төкең өзінің жоғарыда айтылған «Богатство недр и щедрость души» деген кітабында былай деп жазады: «За успешное выполнение обязательств 1975 года и задания девятой пятилетки труженики города Шевченко и Мангистауского района удостоены переходящего Красного Знамени и  диплома ЦК КПСС, Совета Министров СССР, ВЦСПС и ЦК ВЛКСМ. Коллективам Бейнеуского района, десяти предприятиям, стройкам и совхозам области присуждены переходящие Красные Знамена, памятные почетные дипломы ЦК КП Казахстана, Совета Министров Казахской ССР, Казсовпрофа и ЦК ЛКСМ Казахстана.Как большой трудовой праздник был отмечен день 21 марта 1975 года, когда области вручалось переходящее Красное Знамя ЦК КПСС, Совета Министров СССР, ВЦСПС и ЦК ВЛКСМ, присужденное за достижение наивысших результатов во Всесоюзном социалистическом соревновании за досрочное выполнение народнохозяйственного плана  1974 года. По итогам 1975 года область удостоена награды республики за первенство в развитии овцепоголовья».Осы жетістіктерден бастау алған облыс еңбекшілері онбірінші бесжылдықта еңбек қарқынын төмендеткен жоқ. Біздің Бейнеу ауданы ең бірінші басшылдықта Одақ бойынша ұйымдасқан социалистік жарыста берілетін ауыспалы Қызыл туды бес жыл  қатарынан ешкімге ауыстырмай ұстап, жарыс шарты бойынша өзіне мәңгілікке қалдырды. Сөйтіп Бейнеу ауданы, одақ бойынша осынау зор құрметке ие болған алты селолық ауданның бірі, ал республика бойынша жалғыз-ақ аудан болды, республиканың алтын кітабына жазылды.Төкеңнің ашық мінезді, ақ-жарқындығы сонша, реті келгенде біздермен тек жұмыс жағдайында ғана емес, ашық сөйлесіп, өз өмірінің қыр-сырларынан да хабар беріп отыратын. Бірде Ақтау қаласынан Бейнеу ауданына поезбен сапар шеккен жолда сөзден-сөз шығып, Төкең өзіне тән жағдайда сабырлы, әдемі қоңыр даусымен бала кезінен бастап кешегі бір күндерге дейін басынан кешкен қиындықтар туралы, кәзіргідей дәрежеге бірден ие бола қоймағаны жайында, тіпті ағасы Түймебайдың Ленинградта оқып жүрген кезінде қазақ жігіттерімен бірге үйірме құрғаны үшін де біраз тосқауылдар көргені, тағы басқа өмір соқпақтарында талай тар жол – тайғақтарды басынан өткізгені жөнінде біраз әңгімелеп берген еді. Осындай ақ көңіл  ниетпен сенім көрсетіп сырын бүкпей ағыла айтқан ағаны қалай естен шығарарсың, қалай ұмытарсың, қалайша аруағына лебізіңмен болса да құрмет көрсетпессің. Осы жолдар абзал Ағаның басына оқылған дұға рөлін атқарса, біздің мақсатымызға жеткеніміз болмақ.Тұтқабай Әшімбайұлының тағы бір атап өтуге тұражақ жақсы қасиеті оның жастарды жауапты жұмыстарда сынау арқылы тәрбиелеуге үлкен мән беретіндігі еді. «Жастарға партиялық тапсырмалар бере отырып, орындау кезінде шұбалаңқы, көп сөзділікке жол бермей тапсырылған іспен нақты айналысуларын қадағалау керек. Өйткені олардың алғашқы қадамынан бүкіл болашақ тағдырларына жол ашылады» – дейтін Төкең. Осы кездегі қоғам қайраткерледі Өмірзақ Озғанбаев, Леонид Николаевич Бурлаков, Кайролла Ережепов, облыс әкімі Ляззат Қиынов, мәслихат хатшысы Тергеу Айдарханов, әкімнің бірінші орынбасары Сақып Бүркітбаев, тағы басқа азаматтар өмір жолдарын жаңа бастаған кездерінде Тұтқабай Әшімбайұлынан тәлім-тәрбие алып, оның қамқорлығын көрген жастар болатын.Дара дарынды ақын, қазақ әдебиетінің көрнекті бірі Әбділда Тәжібаевтың «Хаттар сөйлегенде» деген кітабында мынадай бір төрт жол өлен бар:«Ел арқанын көп тарттымКәне қолымның жарасы?Ер бақырын көп астымКәне қолымның қарасы?Оқып отырсаңыз, осы жолдар тура Төкеңе арналған сияқты болып көрінеді маған. Өйткені Тұтқабай Әшімбайұлы Ұлы Отан соғысында қан майданда жаумен шайқасып «Ер бақырын көп асты» емес пе, одан елге оралғаннан кейін соғыс зардабынан қажыған ел қамы үшін шаруашылық, кәсіподақ, содан кейін Кеңес, партия жұмыстарында болып, «ел арқанын көп тартты» емес пе. Демек, Төкең осы сындардан мүдірмей өткен, ілгері басқан сайын талабы да, таланты да шындала түскен әрі Ер, әрі ел қамын жеген басшы бола білген бас әріптермен жазылатын АЗАМАТ еді.«Табиғатта талғампаз емес екі бірдей күш бар – бірі Жер, бірі Жел. Жел талғамай сүйсе, Жер талғамай жалмайды» – деген сөз бар. Міне, ешқашанда қияметке қимас, өзін білетін әрбір жүректе ұмытылмас із қалдырған асыл ағамыз Төкеңді әлгі талғамсыз қара жер өз қойнына алды деген ешқашан күтпеген  суық хабарды естігенде шарасыздықтан айтарға сөз таппай қала бердік.Енді дәл екі жылдан кейін 2001 жылдың бірінші наурызында Тұтқабай Әшімбайұлының туғанына 80 жыл толады. Осы кезге Төкеңді білетін, онымен жұмыстас болған азаматтардың естелік кітабы шығарылса, бұл аға аруағын ардақтап, еңбегін есте сақтаудың үлкен бір белгісі болар еді.Р.S. Осылай болып шықты да. Тұтқабай Әшімбайұлы туралы естеліктер жинағы кітап болып шығып, оған менің осы естелігім де енгізілді. Ақтау қаласы, 23.02.1999ж.