ВЕРНУТЬСЯ

Әр адамның өмір жолы тек өзіне ғана тән, өзі таңдаған, белгілеген бағытқа қарай басталады десек, Бисенбай өз өмір жолын орта мектепті бітірісімен жүрек қалауы бойынша қиындығы мол шопандық қызметтен бастады. Ол әр кез өз ісіне мұқияттылық, тындырымдылық көрсетіп, қиында болса осы алған бағытынан қайтқан емес. Соның арқасында  еңбек майданына араласқан қатарларынан оза шауып, бірден-ақ ауызға іліге бастады. Отарындағы малдың аман сақталуын қамтамасыз етумен бірге одан төл алу, жүн, ет өндіру жөніндегі міндеттерін асыра орындап отырды. Мұның өзі жас жігіттің малды жайып-бағудың қыр-сырларын меңгере алғандығының нәтижесі еді.Бисенбайдың еңбекке деген ұмтылысын, қоғамдық жұмыстарға араласудағы ынтасын, әріптестері арасындағы өнеге боларлық жақсы қасиеттерін ескерген кеңшар коммунистері Ауданбаевты бір ауыздан өз қатарларына қабылдап алды. Ол кездерде партиялық жұмыстың бір әдісі коммунистермен жеке әңгімелер өткізу болып есептелетін. Ол  әңгімелерде коммунистің жеке өмірі, қызметі қоғамдық жұмыстарға қатысы, партия шешімдерін орындаудағы, жастарды еңбекке баулудағы үлгісі, қоғамдық өмірдің басқа да әртүрлі мәселелері сөз болып отыратын. Коммунистермен осындай жеке әңгімелер өткізу аупарткомның бірінші хатышысының міндеті болатын. Аудандық партия комитетінде кіммен, қашан, қайда әңгімелесу өткізілгендігін тіркеу журналы  бізде 1982-ші жылдың қаңтар айнынан басталған. Сол журналды қарап отырсам алғашқы әңгімелесуіміз Бисенбаймен болыпты. Бұл сол жылдың 4-ші қаңтары болатын. Әңгімеде Бисенбайдың партия уставын қалай орындап келе жатқаны, жастар арасында өз тәжрибесін насихаттау жәйі, алдағы міндеттері туралы кеңінен сөз болған еді. Осылайша партия қойған талаптар деңгейінде алғашқы жеке әңгіме жүргізуді Б.Ауданбаевтан, атақты коммунист шопанымыздан бастағанымыздың өзі де, оның былайғы өмір жолында да елеулі табыстарға қол жеткізуіне тиісті ықпал етті дей аламыз.Еңбек еткен жылдарында тұрақты жоғары көрсеткіштерге жетіп отырған Бисенбай  Ауданбаевтың еңбегі әркез тиісті бағасын алып отырды. Ол «Еңбек Даңқы» орденінің үшінші, кейіннен екінші дәрежесімен марапатталып, Қазақ ССР-ы Мемлекеттік сыйлығына ие, болды, есімі Қазақ ССР-нің Құрмет Кітабына жазылды.Бейбітшілік - өмір  тынысы, байлық – ел ырысы» дегендей, елінің экономикасын көтеруге өз үлесін қосып аянбай еңбек еткен, тұрақты жоғары көрсеткіштерге жеткен Ауданбаев араға біраз жылдар түскеннен кейін кеңшар ұжымының, аудандық партия, Кеңес атқару комитеттерінің ұсынысымен «Еңбек Даңқы» орденінің бірінші дәрежесімен марапатталып, осы  орденнің үш дәрежесінің толық иегері болды. «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері «Социалистік Еңбек Ері» атағымен теңдес келетін ең жоғарғы атақ. Сөйтіп, Бисенбай ініміз қажымай-талмай еткен жемісті еңбегінің арқасында Ер атанды. Бисенбайдың қол жеткен  табыстарының экономикамыздың нығаюына, ауданның Одақтың Қызыл Туын бес жыл қатарынан жеңіп алып, оны өзіне мәңгі сақтауға қалдырған республикадағы жалғыз аудан балғанына белгілі дәрежеде ықпал еткені сөзсіз. Бисенбайдың бұл атаққа ие болуы оның өзіне, от басына қаншалықты қуаныш болған болса, сол қуанышқа ортақтасқан «Сам» кеңшарының ұжымы, бүкіл Бейнеу ауданының еңбеккерлері Ер еңбегін жоғары бағалағаны үшін тиісті билік орындарына ризалықтарын білдіріп жатты.Бисенбай Ауданбаев жаратылысынан қарапайым, инабатты, қиындықтарға қарсы тұрып, қажетті жағдайларда әріптестеріне қол ұшын беруден қашпайтын абзал азамат. Ол аудандық партия комитетінің мүшесі, облыстық Кеңесітің депутаты бола жүріп, өзінің жұмыс тәжрибесі туралы, әсіресе, малды түнгі жайып-бағу жөнінде аудан малшыларына әңгімелеп отырды. «Сам» кеңшарында Ауданбаевтың мал шаруашылығы өнімдерін мол өндірудегі озат-тәжрибе мектебі тұрақты жұмыс  жасады. Оның озат-тәжрибесі плакаттар арқылы аудан малшылары арасында таратылды.Бисенбай еңбекқорлығымен қатар өте кішіпейіл кісі. Ол жоғары көрсеткіштерін бұлдап әр түрлі талап қоя беретін, кеңшар басшыларынан өзіне өзгелерден артығырақ жағдай жасауды талап етуге дейін баратын кейбіреулерге тіпті де ұқсамайды.Малшылардың жағдайын білу үшін ат құрғатпай командировкада болу, отарларды түгелге дерлік аралап шығу, малшылар айтқан ұсыныс-пікірлері бойынша тездетіп шаралар алып отыру ол кездегі аудан басшыларының күнделікті міндеттері болатын. Осындай командировкаларда  Бисенбайдың отарына соғып хабарласқанымызда ол әр кез: жағдайымыз жақсы, үй-ішіміз, мал аман, түсіп қонақ болыңыздар – деп жылы жымиып күлуден әріге бармайтын. Қиын жағдайлар болса да оны бадырайтып айтпай, әй не ғылам аудан басшыларын мазалап, ферм кеңшар басшылары келмес дейсің бе, солардың өздеріне айтамындағы дегендей ойда болатын.Бірде «Жұлдыз» қыстағында отырған Бисенбайға келіп жағдай сұрағанымда ол бұрынғы әдетімен жағдайдың теріс емес екенін айтты, бірақ онша  көңілді емес екендігі байқалды. Мал қорасына барып қарасақ, қора алқам-салқам, кеңшар тарапынан жөндеу болмаған, «атамзаманда» салынған ескі дүние күнделікті жөндеулерге көнер түрі жоқ, мал түгілі, «ит байласа тұрғысыз» дейтін жағдайда екен. Мұны көргеннен кейін қасымда тұрған сол кездегі «Сам» кеңшарының директоры Тұмаш Ауданбаевтан (Бисенбайдың тұған інісі) бұларың қалай, «Жазғаным алпыс аттан озғаным ба» - дегендей, Бисенбайдың жазығы Батыр атағына ие болғаны ма? Ертең малы қырылып қалса кім жауап береді дегенімде, ол: ағасына қамқорлық жасайды дейтін сөзден қашқанымыз болар дегендей ыңғай танытты. Директорға сол бойда әділ болудың да жөні бер, Бисенбай сенің үйіңе барғанда аға, ал мына жерде елімізге аты әйгілі еңбек Ері. Ол сенен артық қамқорлық сұрап тұрған жоқ. Сөзді қойып тездетіп қораны жөндеуден өткізіп, келесі жылы жаңадан қора салып бересің- деп тұжырымды тапсырма бердім, кейіннен солай болды да.Бисенбай текті жігіт. Тектілік оның арғы аталарынан жалғасып келе жатқан қасиеті. Елін, жерін сүйетін, жанын арының садағасы деп біліп қандай қиын жағдайларда да сөзінде тұра алатын адамды текті кісі дейтін болсақ, сол текті адам Бисенбай дер едім. Ол қаншама жыл еңбек етіп, мал өсірумен шұғылданып жүрген кездерінің барлығында да қандай ма қиындықтарға кез болсада еш уақытта сөзінен тайып көрген емес. Әр кез «Асыға айтсаң да – асыра айтпа» - дегендей, көрсеткіштерінің қай межеде болатындығын бірден кесіп айтатын. Өйткені ол өз отарындағы малдың жай-күйін бес саусағындай білуімен қатар, берген уәдесіне жету үшін қосымша қандай шараларды іске асыру керек екенін де  жақсы білетін. Есепсіз сөйлеу – оған жат қасиет.Ұзақ жылдар аудан коммунистерін, ауданды басқара жүріп, кімнің өзіне жүктелген іске  қалай қарайтынын, кімнің қолынан қандай іс келетінін, әркімнің өз міндетіне жауапкершілігінің қандай екендігін жақсы білген едім десем, мұным артық айтқандық емес. Ол кезде  атақты малшылар Қазығұл, Жұмажан Басшиевтар, Бердіхан Мақсымбаев, Мақсым Қылишаев, Киікбай Жарықбасов, басқа да көптеген малбегілер тамаша еңбектің үлгісін көрестіп, жоғары көрсеткіштерге жетіп жүрді. Солардың ішінде Бисенбай Ауданбаевтың өз ісіне деген көз қарасы ерекше болатын. Ол  «берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле» - дейтін қағиданы мықтап ұстаған жан. Бисенбай  мал баға жүріп, оны ит-құстардан қорғау үшін амалсыз аңшы болып қасқыр аулаумен де кейде шұғылданатын. Бисенбайдың жүйткіп келе жатқан мотоциклі аңдаусызда жарға соғып, қатты зақым алғанына қарамастан, қашып бара жатқан қасқырды құтқармағаны жөніндегі қызықты әңгімесін тыңдағаным бар.Бисенбай, зайыбы  екеуі 12 ұл-қыз өсіріп-жетістірген бақытты от басы. Ауданбаевтардың отбасыларына қатысты менің «Өркенді өлке, өнегелі өмір» атты кітабымның 38-ші бетінде мынадай жолдар бар:«Саламат Мұқашевтың кезінде басшы қызметкерлердің үстінен арыз жазу тиылды делініп жүрді. Бұның да өзіндік мәні, негізі бар.Бұл туралы Сәкеңнің өзі былай дейді: «Оның себебі көп болар, ал менің білетінім: арыз түсе қалған кезде бұндай жағдайға өзім араласып, өз көзіммен көруді қалайтынмын. Мысалы «Сам» кеңшарының директоры Т.Ауданбаевтың үстінен арыз түсіп, онда «ол үлкен үй салып алды» делініпті. Осыны байқау үшін кеңшарда болған сапарымда үйінен әдейі шай ішсем, үйінде кіріп-шығып жүрген үлкенді-кішілі 15 шақты балаларды көріп, дұрыс жасағансың, үйді бұдан да кеңдеу етіп салуың керек еді дедім. Егер осыны комиссия жіберіп тексертсем, онда оның ағасы – атақты шопан, «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері Бисенбай Ауданбаевтың 5-6 баласын өз балаларымен бірге бағып-оқытып отырғанын қайдан білсін, ресми құжаттар бойынша үй көлемін есептер еді де, директорды кінәлі етіп әкелер еді». Бұл жолдардан біріншіден, Саламат ағаның кадрлерге деген қамқорлығын, парасаттылығын көрсең, екіншіден, осы қос шаңырақтың бірлігін, татулығын, бірлесіп Отанымыздың күш-қуатын өркендетуге үлес қосатын ұл-қыздарды тәрбиелеп-жетістіріп отырғанын көреміз.Бұл айтқанымыздың өмір шындығы екені Бисенбайдың баласы – Нұрланның кәзіргі нарық заманының талаптарына орай, әрі әке таяғын қастерлеп, өз атындағы жеке шаруашылықты өзге де туыстарымен бірге Тамырларың терең жайылып, өркендерің өсе берсін, құрметті Ауданбаевтар әулеті.                                                              01.07.2005ж.