ВЕРНУТЬСЯ

Әр кез алуан өнер түрлері өресінің биік болып танылуы, немесе көмескі елес күйінде ғана қалуы көрермендердің берер бағасына тікелей байланысты десек, облыстық драма театрында қойылған белгілі ақын, драматург, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Сайын Назарбектің «Ақбөбек» атты екі актылы музыкалық драмалық спектаклінің алғашқы қойылымын тамашалаған көрермендердің «бұл бір өресі биік өнер болды» -деп бағалаулары шығарманың көңілден шыққанының айғағы еді. Шынында да спектакль басталар шақта сахынаның арғы жағынан әйгілі әнші Күріш Тасболатовтың Қайыптың әні «Жадау көкті» асқақтата шырқаған дауысы лықа толы залды бір серпілтіп тастауымен бірге, қойылымға деген ынтамызды арттыра түскен еді.Сахна ашылысымен аспандата ән салып жүрген қойшы балаға кезіккен қарттың бұдан былай сені әнші деймін деп бата беруі, осыған жалғас тойды осы жазда өткізуді талап еткен Итбай құданың, оның жолдастарының қорғасындай зілді сөздері, ұзатқалы отырмыз деп айтуға қызына, кейінге қалдырамыз деп кесіп айтуға құдаларға батылы бармаған Есжан байдың ауа жетпегендей алқынған қимылы, шара таппай қиналып бәйбішесінен, бала- келінінен амалсыз ақыл сұрауы сияқты шиеленісті көріністер көрермендердің көз алдынан тізбектеліп өтіп жатты... Залда қыбыр еткен бір қимыл, не бір сөз естілмейді. Баршамыз енді не болар екен деген ойға беріліп үнсіз қалыппыз.Үйге жүгіре кірген Ақбөбек сыртта балалармен ренжісіп қалғанын, енді олармен ойнамайтынын, қыз киімін кигісі келетінін айтумен бірге, өзін ұзату туралы сөз болып жатқанын балалардан естіп келгенін әкесі мен анасына бірден айта салып, артынша тойды келесі жазда өткізуді талап еткен шақта оқиға шиеленісе түседі. Ақыры екі оттың ортасында қалып амалдары таусылған Есжан байдың ауылы тойды осы жазда өткізу жөніндегі құдалар талабын орындауға уағдаласады да қыз жасауын дайындауға кіріседі. Әдемі кебіс, етік тіктіру үшін  шебер етікші шақыртылады. Бұрын таныс емес жігітпен кездесіп қалған Ақбөбек пен қыз жеңгесі оның етікші екенін білгеннен кейін, әсем де зерлі кебіс тігіп беруін сұрайды. Жігіт жәй етікші емес, әнші, домбырашы- өнерпаз да екен. Сөйтіп, Ақбөбек пен Қайыптың бір- бірімен танысуы осы кездесуден басталады. Қайып салған әсем әнді естіген Бөбек те, жеңгесі де арбалғандай күй кешеді.Спектакльде Ақбөбектің Қайыппен қашып кетуі, бұл хабарды естіген екі жақтың да ойран- ботқа күй кешулері, Итбай құданың, күйеу бала Есбергеннің ағасы Кедей батырдың өрекпулері, қан төгуге бармыз деп зіркілдеулері қаншалықты әсерлі шықса, Қайыптың жоқ кезінде құдалар жағының Ақбөбекті жездесі ауылынан тартып алып кетулері, Ақбөбектің жасырынып келіп Қайыбымен кездескен сәтінде соңғы рет тағы да қолға түсулері соншалықты аянышты көрініс тапқан. Залдағы көрермендер арасында қаншама азап көріп соққыға жығылса да Ақбөбекті сүйемін деген сөзінен танбаған Қайыпты, бүкіл жан-дүниесімен азап шегіп байлаулы жатқан Ақбөбекті осыншама қорлағандарға, олардың ғашықтықтың өшпес отын сөндіруді көздеген озбыр әрекеттеріне лағнет айтпаған жан қалмады десем артық айтқандық болмас. Тіпті бұл көріністерге шыдай алмаған бос белбеу Есбергеннің өзінің  де Кайыпты босатыңдар деп шыж- быж еткен сәті болды.Ақыры Қайыптың Кедей батырдың қолында жарқылдап, Ақбөбектің аппақ тамағына таялған жүзі суық қанжардан қаймығып, Бөбекті өлімнен арашалау мақсатында ғашығына деген адал жүрегінің қаншалықты езіліп тұрғанына қарамастан Маңғыстауға енді келмеймін деп сөз беруге мәжбүр болып, мәңгілік махаббатымсың деп қол созған Ақбөбекке тіл қата алмай қайырылмастан кетуі, жан азабына төзе алмаған ару Ақбөбектің дүниеден өтуі нанымды да дұрыс шешімін тапқан.Осы көріністердің барлығы да Қайыптың, Ақбөбектің, қойшы баланың рөлдерін ойнаған тамаша әртістердің Қайып әуенімен айтылған әсем әндерімен өріліп отырды.Қойылымның әсерлі, адамның жан-дүниесін тебірентерлік қайғылы оқиғалары мол болғандығы сонша, 15 минут қана үзіліс болған спектакльдің үш сағаттан аса мерзім алғанын аңғармай да қалғандай болдық.Спектакльдің тартымды өткені, сөз жоқ, Жазушылар Одағының мүшесі Сайын Назарбекұлының талассыз талантының нәтижесі. Сонымен бірге жас әртістеріміздің өз рөлдерін шебер ойнай білгендіктері. Сондай-ақ сахна көріністерінің әрбір оқиғаны аша түсетіндей дәрежеде өзгертіліп отырылуы да үлкен рөль атқарды деп айта аламын.Ауылға өзге кісілердің келгендігін білдіріп үрген ит дауысының естілуі де көрерменді болып жатқан оқиғаның табиғилығына сендіре түсті. Автордың Қайып әндерінде бұрын естілмейтін «Аспанда бір жұлдыз бар Темірқазық»- деп жаңадан өлең сөзін беруі, шығарма кейіпкерлері: Ақбөбек айтқан «ғашықтықтың қандай бақыт екендігін білмейсің ғой, жеңеше», «ол ауыл мені шоқаймен де қабылдайды», Кедей батыр айтқан «заман басқа емес, бәрі бір заман, тек адамдары өзге»-сөздері есте қалатын сөздер деп білемін.Ақбөбек пен Қайып оқиғасы  Маңғыстау, Атырау облыстарының халықтарына ертеден таныс-маңғыстаулық ғашықтардың қуанышынан гөрі қайғысы мол, аңыз емес, нақты тарихи шындыққа негізделген. Бұл тақырыпқа қалам тартқандардың ішінде ақын, ғалым Қабиболла Сыдиықовтың еңбегі бір төбе. С.Назарбекұлы болса, оқиғаның тарихи желісін өзгертпеген күйі сахнаға ұсынудың шебер жолын тапқан.Ғашықтардың өмір жолына тарихи тұрғыдан қарасақ, Ақбөбек те, Қайып та тағдырдың талқысына түсе жүре өмір сүріп, дәмдері таусылған күні бірі Иран, бірі Тәжікстан топырақтарынан мәңгілік мекен тапқан. Алайда әдеби шығарманың өз шешімі болуы заңдылық. Белгілі жазушы Ғабдол Слановтың  атақты «Дөң асқан» романында Ақбөбек өмірі суға кетумен аяқталған болса, С.Назарбекұлының спектакліндегі шешім одан да гөрі нанымдырақ. Ғашық жары- Қайыбынан мәңгілікке айрылғанына көзі жеткен Ақбөбекке енді өмір сүрудің қажеттігі жоқ еді. Ол осылайша өмірмен қоштасты. Бұны автордың тапқырлығы деп білуіміз керек.Спектакльдің тартымды да, жоғары дәрежеде қойылуына  қоюшы- режиссор, «Тарлан» сыйлығының лауреаты Г. Мерғалиева мен режиссердың ассистенті, әйгілі әнші Зәуреш Есбергенованың, қоюшы- суретші, ҚР мемлекеттік сыйылығының лауреаты М. Махмұтұлының үлкен еңбек сіңіргендері, шеберлік танытқандары талас туғызбайды. Көрермендер «алты ай азық алғандай » спектакльден көңілді тарасты.   2004 жыл.