ВЕРНУТЬСЯ

(Азамат, ақын Әбдібек Жаманбайұлы туралы естелік)Бұдан біразырақ бұрын белгілі журналист Сайын Әділханов менімен бір кездескенінде өмірден ертелеу кеткен, Маңғыстау халқына белгілі азамат Әбдібек Жаманбайұлы туралы естелік жазуымды сұрап, оны газет бетінде жариялағысы келетінін айтқан болатын. Оның маған ұсыныс білдіруінің өзіндік себебі бар-ды. Өйткені Әбдібек екеуіміз 1951 жылы Шахта орта мектебін бітірдік, жоғары білім алған кезімізде ол Оралда, мен Алматыда әр жерде оқып бес жылдай арамызда үздіктік болғаны болмаса, басқа кездердің барлығында да өміріміз тоғысқан, жасымыз құрдас, айырылмастай дос, жолдас болатынбыз. Соған қарамастан естелік жазу біраз кешеуілдеп, міне, аяулы Әбдібектің өмірден өткеніне 10 жыл толуына орай қолыма қалам алып отырмын. Өйткені, естелік жазу оңай шаруа емес. Көрнекті жазушы Ә.Нұршайықов айтқандай, естелік жазып отырған кісі естелік арналған азамат жөнінде жазғандары арасында өзі туралы да айтып кетеді де, жұрт көзіне өзін мақтағандай болып көрнері хақ. Олай дегенмен де  мен осы бір қысқаша естелігімді тек Әбдібектің өзі, онымен екеуміздің бір-бірімізге деген ашық ойымыз туралы жазуды жөн көрдім. Олай етуіме Әбдібектің мына өмірде сирек кездесетін ерекше хаты себеп болғаны сөзсіз...Ол кездерде аса жиі болып туратын бір жол сапарынан оралып келген кезімде жұмыс столымның үстінде жатқан «Осторожно, гололед» деп тақырып қойылып, қасында тайғалақтаған із қалдырған машинаның қызылды-жасылды суреті бар конвертке назарым ауғаны сол еді, хат адресіндегі таныс жолдар көзіме оттай басылды. Жазуын дұрыс таныппын, хат иесі Әбдібек болып шықты.Студент кезімізде бір-бірімізден сиректеу хат алысқанымыз болмаса, соңғы 30-40 жыл бойына туған жерде – Маңғыстауымызда бірге жұмыстас болып жүргендіктен де хат жазысудың қажеттілігі тумайтын. Хат жолдағандай енді не болып қалды екен деп таңданған мен хатты қолыма алып ашуға ыңғайлана бергенімде бірден «Маған уақыт болды деген хабар барғаннан кейін ашылсын!!!» – денген ірі әріптерімен анық етіп жазылып, үш леп белгісін қойған жазуларды оқыдым.Әбдібектің бұрын азды-көпті науқастанып жүретінін білетін едім. Ауруханада жатқан кезінде көңілін сұрай барып, емдеуші дәрігерілерінен бұл кісінің емделу жайына тиісті қамқорлық жасауды өтінген кездерім де болған еді. Артынан сауығып кеткен болатын. Сондықтан мен әлгі жазуларға жеткілікті мән бермедім де іштей «ашпа десең ашпалық, бауырым!» - деп ойлап хаттың сол жақ бұрышына «О, ғажап дүние! Бұл «көріпкел» менен бұрын кетерін қайдан, қалай біліп отыр екен!?» 13.12.89-деп қол қоя салдым.Жаратылыс заңына сәйкес өмірге келген әрбір пенденің жер қойнына енері хақ екенін әркім де біледі ғой. Бірақ, біреудің ерте, біреудің кеш кетерін алдын-ала біледі деген сәуегейлікке сенбейтін мен бұл хатты Әбдібектің көп қалжыңдарының бірі болар деген оймен стол тартпаларының біріне сүңгітіп жібердім. Әбдібек болса жұмысына оралып, қайнаған өмірге өзіне тән сергектікпен араласып жүрді.Сөйтіп жүрген күндерде 1990 жылдың қыркүйек айы келіп жетті де, мен қайта ашылған Маңғыстау облысының облыстық Кеңесі төрағасының орынбасары болып сайланып, үйімізді Бейнеуден Ақтауға 1991 жылдың ақпан айында көшірдік. Біздерді шығарып салушылардың қалың ортасында әнін салып Әбдібек, оның сүйікті жары Сара жүрді. Баяғы хат туралы екеуіміздің арамызда ешбір сөз болған жоқ.Әркім өз ісімен жүріп, көбіне аңғара бермейтін, ай орнынан шығып, күн орнына батып дегендей, «ешбір жанға білінбей» уақыт шіркін зымырап өтіп жатты. Осылайша тірілердің шаруасы ешбір бітіп болмайтын күндерінің бірінде ойда жоқта, Әбдібек бақилық болды деген төбеден жәй түскендей суық хабар телефон арқылы келіп жетті. Ол 1991 жылды тамыз айының 25-ші жұлдызында қайтпас сапарға аттаныпты. Еңсемді түсіріп кеткен бұл хабарды естісіммен мынау опасыз дүниеде тағы бір қымбат досымнан айырылғанымды пайымдап болмай-ақ, бірден баяғы Әбдібек жазған хатты  есіме алдым да іздей бастадым. Бейнеуден көшкен кезімізде қыруар кітаппар, бірнеше қапқа салынған папкалар мен басқа қағаздардың арасында кетіп, ескерусіз қалған бұл хат таптыра қоймады. Ал хат табылмаса көріпкелдік қасиеті еріксіз мойындатып отырған жолдасымның соңғы тапсырмасы – тілегі орындалмақ емес. Бұл мен үшін кешірілмес кінә болған болар еді. Осыны ойлаған мен сол хабар жеткен 26-шы тамыз, одан келесі 27-ші тамыз күндері қоймастан іздеп, поезға жүрер алдында ақыры тауып алғанымда Әбдібектің өзін көргендей көңілім бұзылып, біраз абдырап барып ес жиған едім.Апыл-ғұпыл күй кешкен мен сол бойда хатты ашып жіберіп оқи бастағанымда өзінің бұрынғыша тап-таза етіп әдемі жазатын дағдысымен абзал Әбдібек хатты былай бастаған екен: «Дүйсеке! «Айналдырған ауру алмай қоймайды» деген бар ғой. Өзімнің жобалауым бойынша жағдайым жалпы жақсы емес. Әсіресе, жүрек сыр беріп жүр. Мүмкіндік барда осы бір жолдастық өтінішімді айтқалы отырмын. Егер конверттің сыртындағы шартты сақтасаңыз бұл хатты оқып отырғаныңызда  мен, әрине, оң жақта жататын боламын. Ұзақ сапар жолаушысының қашанда құтты орны ғой ол! – дей келіп, 1-ші деп рет белгісін қойып, әрі қарай жалғастырыпты: мүмкіндік болып, өзің ауылда болып жатсаң мені жолға салып жіберу билігін өз қолыңа алғаныңды қалаймын... 2-ншіден ескіше жөнелтудің барлық қағидаларын сақтаймын деп ұмтылудың қажеті жоқ. Бұл туралы үлкен ұлым Қаныбекке де жазғанмын, бірақ оны «білгіштер» тыңдамайды ғой. Сондықтан да бұл іске сенің араласқаның жөн»... деп тұжырым жасапты. Бұдан кейін 3-ші деген цифр қойып, онда кімдердің кімге хабар беретінін, соның ішінде менің тікелей өзім хабарлайтын адамдарым туралы да арнайы жазған екен. 4-ші депті де, онда «Қоштасу рәсімін өткізудің қажеті жоқ. Менің жанұяым, жұмыстастарым мен жолдастарым, достарым мені сол бұрынғы тірі кезімдегі өңімді есте қалдырғандары жөн, тек шығарғанда сүретімді көрінетін жерге іліп қойса болғаны, үлкейтіп, күнілгері дайындап қойғанмын» - деп нақтылапты.Хатта жан тебірентер қайсыбір жәйлерді айта келіп, менің асыл досым Әбдібек өз жазбаларын: «Сонымен, Дүйсеке, көп нәрсенің басын шатып біраз уақытыңызды алдым, әрі көп шаруа жүктедім. Тірі кезімде де көмектесіп едің, ал мынау ең соңғы тілегім ғой. Барлық істеген қызметтерің алдыңыздан жақсылық болып қайта шыққай, ұрпақтарыңа да тілегім сол!!!» - деп аяқтапты.Бұл Әбдібектің адал достығының, маған деген берік сенімінің шынайы белгісіндей қасиетті хат еді – ондағы өтініштерді орындауды жауапты парызым деп түсіндім.Сонымен, 27-ші тамызда поезға отырған біздер 28-ші күні ертелетіп Бейнеуге келдік те, аяулы Әбдібегімізді соңғы сапарға аттандырудың аса ауыр жұмыстарымен айналыстық. Қимас досымның хатта айтылған өтініштерін негізінен орындай отырып, оның асыл денесін Ескі Бейнеудегі өзі алдын-ала белгілеп кеткен мәңгілік мекеніне табыс еттік.Осы жерде айта кетейін деген бір жәй – ол Әбдібектің айрықша кішіпейілдігі, қарапайымдылыға еді.Қаныбекке қалдырған хатында өзін ескі Бейнеуге жерлеуді айтып, жататын орны мен басына қойылатын құлпы тастың мөлшеріне дейін қалдырған екен. Әдетте бақилыққа аттанған адамдарға қабір бұрын қайтыс болған туған-туыстары қасынан, ол арады жер болмаса қауымның ілгері жағынан, не бір қапталынан қазылады емес пе. Ал Әбдібек өмірде өзі қандай кішіпейіл болса, о дүниеде де сол қалпын сақтауды ойлап, өмірден бұрын озғандардың алдына шықпай өз орнын қауымынң ең соңғы тұсынан белгілеп қойған екен. Оның бұл талабын да орындауға тура келді.Хабар берілген жолдастардың көпшілігі жиналды. Қатыгез ажал ортамыздан алып кеткен асыл азаматымызды, қара жердің қойнына тапсырып келгеннен кейін балаларына, жан-жары Сараға, туған-туысқандарына орны толмас қайғыларына ортақтасатынымызды, ұшқыр ойлы, абзал дос Әбдібектің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде мәңгі сақталатынын, оның ерекше қасиеттерін еске алып басу айттық.Аяулы Әбдібек,  сен туралы естелігімнің ендігі бөлігін өзіңмен соңғы сырласу ишараты тұрғысында баяндасам деймін.Жәңгірханның немересі Шәңгерей ақынның өзің жатқа айтатын«Жалғаншы жарық дүние,Бізденде бір күн қаларсың.Піл сауырлы қара жер,Қойныңды ашып, қол жайып.Құшағыңа аларсың» - дегеніндейСенің қара жердің құшағында қалғаныңа күні ертең он жыл толғалы отыр. Қимас бауыр – дос, Әбдібек, сен кім едің, білесің бе?Сенімен бірге жұмыстас болып, өткінші өмірдің азды-көпті қызығын бірге бөліскен біздер сені жақсы білуші едік те, сен өзіңнің кім екеніңді, бойыңдағы табиғи таланттарыңды жете бағалай алмай кеттің-ау деген ой мазалай береді мені. «Өмір деген бір сәттік сәуле екен ғой...» - деп ақындар айтқан сол «бір сәттік сәуледе» сен құлашыңды еркін жаза алмадың, өкініштісі сен бойыңдағы таудай талантыңа тиісті баға бермей өттің. «Жақсылар жақсымын деп айта алмайды, жамандар жақсымын деп айқайлайды» деп ән де айтылушы еді ғой, сені де туа біткен кішіпейілділігің өзге жолдастарыңнан айрықша артық қасиеттеріңді ашып көрсетуіңе мүмкіндік бермеді.Сен сонау мектепте бірге оқып жүрген кездеріміздің өзінде де алғыр да сергектігің, ақжарқын – ақ көңіл мінезің, өнерге бейімділігіңмен  басқаларымыздан ерекшеленетінсің. Әдебиетке құштарлығың, домбырада шебер ойнай алуың, әсіресе, спорт ойындарында шымырлығың – бәрі-бәрі сенің жан-жақты таланттарыңнан хабар беруші еді.Жоғарғы оқу орындарын бітіріп келгеннен  кейін Сәттіғұл Жаңғабылов атындағы Тұщықұдық орта мекетебінде жұмыстас болған кездерімізде де сенің осы қабілеттеріңнің жетіле түскені байқалатын. Сен қатыспаған бір де бір әдеби кеш, сен ұйымдастырмаған үйірме, спорттық ойындар өтпейтін.Сенің өнерге құштарлығың бүкіл өмір бойына айрылмас серігің болып келді. Кейіннен ауданның кейбір мектептерінің  басшысы, жаңадан құрылған Бейнеу аудандық Кеңес атқару комитетінің мәдениет бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарған кездеріңнің барлығында да халқыңды әдебиет, мәдениет, өнер саласында өрге бастыруға аянбай ат салыстың, білімділік таныттың. Өнер - өнер үшін емес, өнер адам үшін – адамды жылыту, күлдіру, қуанту үшін қызмет етеді дейтін зиялылар сөзінің дұрыстығына саған қарап-ақ көз жеткізуге болады. Өйткені сен өзіңді қоршаған ортаны жылыта да, күлдірте де, қуанта да алдың.Сенімен бірге жүру, сапарлас болу деген сөз жолдастарың үшін қызығы мол, естен кетпес көңілді күндерді өткізу деген сөз болатын. Сенің құлаққа жағымды тенор дауысыңмен әндете айтатын елге тараған көптеген әндерге шығарған пародияларың, анекдоттарың, кейбір құрдастарыңа шығарған жекелеген шумақтарың, әзіл-сықақтарың естіген кісілердің езуін жиғызбай күлкіге кенелтетін. Тайдай тебісіп, асыр салып бірге ойнаған құрдастарың Күсен, Кенжеғали, Ақзамдарға арналған қалжың өлеңдерің еске түскенде осы кезге дейін күлкіге кенеліп қаламыз.Сенің қыруар тума – таланттарыңның ішінде ақындығыңның шоқтығы биік еді. Сен еліңді, жеріңді жырға қостың. Сенің төмендегі жыр жолдарыңнын елін, жерін айрықша сүйген ұлының жүрек сырын айқын аңғаруға болады:...Туған жер, туып-өскен елім едің,Сағынып бір көруге келіп едім.Жалғыз келсем жалқыңдай көріп әр кез,Екеу болсам – егізге теліп едің. ...Тай менен тайлақ мініп жарысатын,Шаң-шаң боп шаңдағыңда алысатын.Асығын арқалаған балаң едік,Шырқыраған шілдеңде салысатын. Даланың теріп жүріп тезектерін,Қоянның ұстап алып көжектерін.Асырап әуре болған балалық шақ,Берілген бір-ақ рет кезек пе едің?!Немесе,...Аңсаған алтын бесік елім-ай,Туып өскен, кіндік кескен жерім-ай.Алыс кетсем сағынамын өзіңді,Топырағыңнан айналайын сенің-ай!Қайран Әбе, сен достарыңа деген жыр жолдарыңды былайша төкпелеген едің-ау:...Мен қаламын әркез бір жасап,Достарымды бір сәт көргенде.Көрген сайын бір ғажап,Ұмытылар ма ол өлгенде? Сағынамын мен достардың,Ақ көңіл айдай ажарын.Сол үшін сыйлап өтемін,Сындырмай тұнық назарын.Міне, осы үзінді жолдардың өзінен-ақ, сенің биік ақындық талантыңды аңғаруға болады. «Ақын өлді әр адамның ішінде»-деген екен Француз ақыны Мюссе. Оның «өлді» деп отырғаны ақын емес, ақындық еді.Ал сен болсаң өзіңнің ақындығыңның арғы жағында нағыз ақын қайнары кенересінен асып төгілуге дайын еді, сен оған жеткілікті мән бермедің, оны тек қажет еткен кездеріңде ғана ара – тұра өмірге келтіріп, шідерлеп ұстадың. Сондықтанда туа беткен талант көзі жеткілікті ашылмаған бұлақтай тек баяу ғана сылдыраудан әріге бара алмады. Айтулы Бабыр бабамыз:...Шөл баспаған кімдер кеп,Бұл қайнардан жолдағы.Кетті бәрі әлемнен,Бір күнгідей болмады. Жер-жиһанды биледік,Білекпенен, күшпенен.Көрге әкеткен ешкім жоқ,Дүние – байлық – олжаны... -    деген екен. Ал сен болсаң барлық байлықтан да биік тұратын ақындық дарыныңды өзіңмен бірге, ала кеттің. «Тасқа соққан толқындай, таудай талант шағылдың» деп өзің дәл айтқандай артыңдағы біздер үшін де сенің талантыңның ашылмай кетуі үлкен өкініш болды.Сен сонымен бірге өмірдің әртүрлі саласына қалам тартып, кең көлемде мақалалар жазу, ойлы да тартымды пікірлер айтумен бірге, кейбір халыққа кең тараған дастандар мен хиссаларды жатқа біліп қана қоймай, олардың кейінгі ұрпақтың есінде сақтала беруіне де елеулі күш жұмсадың. Бұған 1991 жылдың қаңтар, ақпан айларында Әзербайжанның ұлы ақыны, Шығыс ақындарының атасы аталған Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабыловтың «Досан батыр» дастандарын газет бетінде жария етуің толық дәлел бола алады. Өмірден кететініңді білгендей-ақ, өз жадыңда жастайыңнан сақталған осы ұзақ дастандарды бірқатар термешілер мен «оқырмандардың тілегіне орай «Рауан» газетіне сол 1991 жылдың өзінде-ақ беріп те үлгеріпсің.«Өтіп бара жатқан адамдар ғана, келеді екен ғой мына жалғанға» - деп өзіміздің Маңғыстаулық ақын қызымыз Оңайгүл Тұржанова айтқандай, жер басып жүрген барлық пенде де жолаушы ғой. Десекте, сенің қайтпас сапарға аттануың өзіңді білетін, сыйлайтын, құрмет тұтатын жүректерге қатты батты.Ақиық ақын , жас кезінде көз жұмған Төлеген Айбергеновтың:«...Бұл қазақта жігіттер бар марқасқа,Жарқыраған алмас па?Дейсің-ау, дейсің сен оны,Айырып кетсе жол басқа,Орны тіпті толмас та...» деген жолдары тура өзіңе арналғандай, аяулы досым Әбділбек!. Иә, сенің орның толар ма?!...Елге сыйлы анасы, сенің ақыреттік жарың Сараның қанатының астында ұл-қыздарыңның бәрі де өсіп – жетіліп жоғары білім алды, қоғамдық өмірден өз орындарын табуда. Ал Қаныгүлің болса қиындығы мол ғылым жолында еңбек етумен бірге кітап та жазып, өмірге келтіріп үлгерді. Ол оқырмандар қолына тиді. Орнында бар оңалар деген осы – деп қанағат етеміз біздер.Бақұл бол, аяулы Әбдібек!«Маңғыстау» газеті.       24.08.2001ж.