ВЕРНУТЬСЯ

(Орайы келген әңгіме)Әріпұлы Дүйсенбі ағаны Маңғыстаудағы оқырмандарға таныстырып жату артық сияқты. Ал шындығына келгенде таныс азаматтың біздерге бейтаныс қырлары да баршылық екен. Бүгінгі әңгіме сол жайында.1933 жылдың алғашқы күні Маңғыстаудың Бозашы түбегінде өмірге келіп, ат жалын тартып мінгелі бүкіл саналы ғұмырын туған жерінде- 360 әулиелі Маңғыстау топырағында өмір сүріп, еңбек етті. Рас, туған өлкеден салт бас, сабау қамшы дәуренінде тумысынан ойы зерек, болмыс бітімі байсалды жігіт Маңғыстауда игерген жалпы  орта білімін тереңдетуден басқаны ойына алмастан, «Қайдасың, оқу-білімнің, ғылым-танымның, тәлім-тәрбиенің алтын қақпалы киелі сарайы?»-деп, Қазақстан Республикасының астанасы-Алматыға тартты. Сондағы ең беделді , атағы дүрілдеп тұрған Қазақ мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсті.  Табандатып бес жыл осы білім ордасында оқыды, ғылым кандидаттары, профессорлар мен академиктер  алдынан дәйекті дәріс алды. Ғылым, білім жолында өткен осы бір аз ғана студенттік дәуірі  демесең, Дүйсекең ағаның  бүкіл тыныс-тіршілігі, ғибратты ғұмыры кәрі Каспийдің Маңғыстау жағалауында өтіп келеді.Өкінбейді. Жарты ғасыр бұрынғы торсық шеке, ақсары өңді балаң жігітті-бүгінгі ардақты ақсақалды туған елі бір кісідей-ақ елеп келеді. Басқаны былай қойғанда облыстағы ырысы мен берекеті халқына қатар қонған Бейнеу ауданын біраз жыл абыроймен басқарды, облыс басшылығының лауазымды қызметіне жоғарылады, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, республиканың қоғам қайраткері деңгейіне  көтерілді. Оның апай төсті өңірінен орын алған орден,  медалдарымен қатар, «Қазақстанның  еңбек сіңірген қызметкері» атағының өзі жұмыр бастыға аз мәртебе емес. Өйткені бұл атақ тікелей Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен берілетін аса құрметті атақ.Жерлестері жуырда Дүйсекеңе құрмет көрсетудің тағы бір үлгісін паш етті. Ақтау қаласы әкиматы мен мәслихатының бірлескен шешімімен оған «Ақтау қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сондай-ақ ол Тұщықұдық ауылының, Бейнеу ауданының, атышулы АҚШ-тың Даллас қаласының Құрметті азаматы.Иә, оқығаны мен тоқығаны, көргені мен түйгені мол абзал ағаның тағы бір жаңа қырына қанықтық. Сол бойы Дүйсекең ағаның  өзіміз танып- білген жаңа қыры жайлы оқырмандарды хабардар ету мақсатында қолға қалам алдық. Сонымен, арада болған сұхбатты сабақтап жіберелік.-Дүйсеке, жұртшылық Сізді Ақтауда өтетін республикалық, халықаралық спорт жарыстары барысында жанкүйерлер, сыйлы меймандар ортасынан жиі көріп жүр. «Дүйсекең спорттың , соның ішінде қызыл-ала төбелестің көкесі-бокстың жай ғана жанкүйері ме, әлде кезінде спорт деп арпалысқа түскен тастүлектердің бірі ме?» деген сұрақ бізді де қызықтырған.-Сұрағыңызға рахмет.Бұлай деп журалистерден Сіз маған алғаш рет сұрақ қойып отырсыз. Мен аудан басқарып, облыстық басшылық деңгейінде жұмыстар атқардым, жауапты мемлекеттік, қоғамдық қызметтермен айналыстым. Талай игі істердің басы- қасында болып, өмірдің сүрлеу соқпақтарымен алға басып, осы жолда  кездескен қиындықтарды  жеңуге күш- жігерімді жұмсап келдім. Сондықтан болар, газет- журнал тілшілерінің маған деген сұрақтары бойлай шаруашылық, әлеуметтік- тұрмыстық, қоғамдық маңыздағы сарынымен әйгіленетін.Сол тұрғыдан келгенде Сіздің осы сұрағыңыз мен үшін тосындау болып тұр. Дегенмен...Мен Маңғыстаудан Алматыға, кәзіргі Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетіне оқу, тоқу деп ат басын тірегенімде өзімді баяғының қыр қазақтарының жылына бір-жар мәрте қала шыққан керуеншісіндей  сезінген едім . Олар дүние- мүліктің неше түрін алуға қызыққан болса, менің алдымен кітапқа, ғылым-білім, өнер- сұнғат, тәлім – тәрбие, тағысын тағы рухани құндылықтардың бәрін сана сезіміме, бойыма сүліктей сіміре беруге құштарлығым өзімді билеп әкетті. Соның ішінде спортпен шұғылдану да бар еді. Мені қызықтырған университеттегі бокс секциясы болды. Маңғыстау халқы 50-ші жылдарға дейін спорттың бокс өнетін сырттай естіп- білгені болмаса, тірі боксерді өз жерінде көрген де шығар, көрмеген де шығар. Өзім де елінде боксты көрмеген бозбалалардың ортасынан шықтым емес пе, бокс өнеріне  деген құштарлық мені осы секцияға  алып келді. Бағыма қарай, мені боксқа үйретіп, жаттықтырар ұстаздарым, бапкерлерім өз ортасының қас жүйріктері болып шықты.

  • Дүйсеке, 1950-1957-ші жылдар бокстан қазақ спортының бағы жана бастаған дәуіріне келіңкірейтін сияқты. Өзіңіз секілді жас талап босксшылар шоғырына басшылық еткен қазақтан шыққан қас шебер боксшылардан кімдерді атай аласыз?
  • Бұл енді таратып айтсақ, ұзақ сонар әңгімеге желі болары хақ. Менің алғашқы тәлімгерім Мақсұт Омаров деген атақты боксшы болды. Тарихқа жүгінсек, қазақ спортының алғашқы легінде ағайынды Махмұт, Мақсұт, Рашит және Ерік Омаровтар республикалық бокс өнерін дамытуда өшпес із қалдырған дара тұлғалар. Мысалы, Махмұт Омаров 1947-ші жылғы Кеңестер Одағы чемпионатының  қола жүлдегері, Қазақстанның бірнеше дүркін , Бүкілодақтық «Динамо » ерікті спорт қоғамы біріншілігінің екі дүркін жеңімпазы. Оның інісі, менің бапкерім Мақсұт Омаров Одақ біріншілігінің қола медалінің иегері(1956 жыл), бұлардың інілері Рашит пен Ерік те Республикалық сайыстардың жүлдегерлері, СССР спорт шеберлері атағын алғандар.  Мені  боксқа баулыған Мақсұт Омаровтың өзі қазақ боксінің атасы- Шоқыр Бөлтекұлының шәкірті еді.

Мен болсам, үзбей дайындалудың арқасында КазГудың қабырғасында жүріп бірінші разрядты боксшы деген құжатқа қол жеткіздім, 1955-ші жылы бокстан университеттің чемпионы атағын жеңіп алдым. Сонда салтанат үстінде маған сыйға тартылған әйгілі драматург Виталий Вольскийдің «Пьесы» атты(Мәскеу, 1954ж.) кітабы менің библиотекамда осы кезге дейін сақталып келеді.Онда былай деп жазылған: «Чемпиону Казахского Государственного университета им. С.М. Кирова по боксу студенту физико- математического факультета Арипову. Председатель Правления спорт клуба. 2 июня 1955г.»

  • Мәліметтерге қарағанда, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы Маңғыстаудың Жармыш ауылының түлегі, 1940—50, тіптен 60-70 жылдары да Алматыда еңбек етіп, өмір кешкен қазақ боксшыларының айтулысы болған ғой. Сіз бокс секциясына барып жүрген кезіңізде Шоқыр Бөлтекұлына жолығып, аман- саулық сұрасып, тілдесудің реті келді ме? Шоқыр Бөлтекұлының маңғыстаулық екенін  білген жоқпын. Өйткені, ол кездерде кімнің қайдан екенін білу салты болмады. Бірнеше жыл бірге оқып жүрген құрбы- құрдастарымыздың қай жүзден рудан екенін біле бермейтінбіз, әйтуір, Қазақстанның қай облысынан екенін айтып отыратынбыз.

Ал, айтулы Шөкең батырды  турнирлер, жаттығулар кезінде бірнеше рет көріп, әдеппен сәлем беріп жүрдім. Атақты кісімен арнайы жөн сұрасуға біздердің ол кезде шамамыз келмейді ғой. Кейінірек, баспасөз материалдарынан білгенімздей , «былғары қолғап» киген қазақстандық атақты тұлғалардың бәрі дерлік Шөкеңнің шәкірттері екен.Айталық, «Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген жаттықтырушысы » Серік Әбдіналиев мырза қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлының шәкірті екенін журналистерге мақтан түта мәлімдеп берді. Ұтыры келгесін айта кетейін, облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мырза болса, сол Серік Әбдіналиевтың шәкірті бола жүріп, бокс өнерінің қыр- сырын меңгеріпті.

  • Сөзіңіз аузыңызда, Дүйсеке, «Соңғы кездері облысымызда республикалық және халықаралық деңгейдегі спорт жарыстары жоғары дәрежеде өткізілуде »- деген тұжырымға қалай қарайсыз?
  • Бұл өзі дәл солай. Қырымбек Көшербаев мырза кезінде Шоқыр Бөлтекұлы бастаған спорт түрін Қазақ боксы атасының туған жерінде айырықша мән беріп ұйымдастырып, бокстан жыл сайын Бөлтекұлы атындағы халықаралық  турнир өткізуге мұрындық болып  отыр. Бұл тұрғыда сөз еткенде болыстық спорт басқармасының бұрынғы бастығы А. Драч пен кәзіргі бастығы Т. Хитуовтардың да үлкен еңбектері барын айтуымыз керек.

Сөз арасында айта кетейін, 1993-ші жылдың 12-ші наурызында Алматы қаласында «Қажымұқан қайырымдылық қорының » бастамасымен «Атқан оқтай зуламай» атты салтанатты кеш КСРО спортына еңбегі сіңген шебер,Әмин Тұяқовқа арналып өтті. Сонда елден келген делегация залда отырған Шөкең Бөлтекұлының иығына шапан жауып, құрмет көрсеттік. Шөкең осы кезде қатты толқи тұрып, Маңғыстауға бармақшы екенін айтқан еді, амал не, бұл арманына жете алмады, жыл айналар- айналмастан ерен тұлға- Шөкең дүние салды.

  • Дүйсеке, тағы бір сұрақтың жөні келіп тұр. Боксты қалайша көз қиып кете бардыңыз?
  • Физика- математика дәл ғылымдардың ауылынан ғой. Оны тек алаңсыз беріліп меңгеру бар. Соңғы жылы мемлекеттік сынақтардың басталуына байланысты спортпен бұрынғыша жете шұғылдануға уақыт жете қоймады. Университетті аяқтай сала, өзіңіз білесіз, елге оралдық қой.
  • Спортқа байланысты тағы қандай естеліктер айтар едіңіз?
  • Естелік жетеді, тек қапелімде бәрін айта салу оңай емес. Соның бірін айтайын. Ойда жоқта төрткіл дүниеге есімі дүрілдеп шыққан АҚШ боксері Мохаммед Әлимен жүздескеніміз бар. Ол былай болды: отбасымыз боп 1978-ші жылы  «Сарыағаш» шипажайында демалыста болдық.  Әлі есіде, 17-ші маусым күні бір топ демалушылар Самарқант қаласына саяхатқа шықтық.Қаладағы «Интурист» қонақ үйіне маңдай тірегенде байқағанымыз көп адам жиналып , орталарындағы спорт киімдінің шапшаң, әдемі қимылына, боксшылық өнеріне ауыздарын ашып қалғандары болды. Ол өзі ұзын бойлы, сымбатты, қайың қара жігіт екен. Күлкісі де, бет ажары да мейірім шашады. Біздерді көре сала бәрімізбен жылы амандасты. Сұрастыра келсек, ол әйгілі боксшы Мохаммед Али болып шықты.Ташкенттен Самарқантқа келіп, осы жерден Москваға ұшқалы тұр екен.

Кездесу кезінде менің кішкентай қызым- Айгүлім ұсынған болкнотты алды да, қол таңбасын қойып, кейін қайтарды. Міне, аты күллі әлемге әйгілі батырмен жүздесудің сәті осылай түскен еді.

  • Дүйсеке, Маңғыстаудағы бокс спортының бүгіні туралы ойыңызды білгіміз келеді.
  • Қазақстан боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Ақтауда биыл өткен екінші халықаралық турнирде оған қатынасқан 6 ел арасынан қазақстандық боксшыладың мерейі үстем болды. Бұл жарысқа «Бостандық аралы» Кубадан   әйгілі 6 боксшінің қатысуы да турнир беделін көтере түсті. Турнирге 2003-ші жылғы әлем чемпионы Г. Джапаров, 2005 –ші жылғы әлем чемпиондары С. Сапиев пен жерлесіміз Ердос Жаңабергенов, 2002-ші жылғы жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімпазы Н. Вэйтио(Куба), ҚР құрама командасының мүшесі Ж. Таумұрынов, Р. Саидов(Өзбекстан), М. Сәрсенбаев, Қ. Әбутәліповтер өз салмақ дәрежелері бойынша  жеңіске ие блоды.

Шоқыр ағамыз өзінің 20 жыл өмірін спортқа арнағанЕскендір Хасанғалиевтың, жоғары да айтылған Махмұт пен Махсұт Омаровтардың, әйгілі спорт шеберлері Үсенов пен Рожковтың, Әбсалан Нұрмахановтың ұстазы болды. Серік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Бекзат Саттарханов, Марат Мәзімбаев, Ермахан Ыбыраимовтардың тамаша жеңістері осы Шоқыр аға салған жолдан бастау алады.Турнир,  сондай-ақ,маңғыстаулық боксшылардың да болашағы зор екенін көрсетті. Бізде талантты жастар көп, тек соларды ұйымдастыру, спортқа баули білу керек. Егер де  болашақта арнайы спорт сарайы салынса, ол спорттың алтын ордасы болар еді.Сол екінші халықаралық турнирді қорытындылай келе, облыс әкімі Қырымбек Елеуұлы Көшербев мырза «Келесі жылы бір емес, екі спорт сарайын салып, оның бірін Шоқыр Бөлтекұлының атымен атаймыз » спортшылар қауымын зор қуанышқа бөледі. Өзі де бокс ардагерлерінің бірі саналатын облыс басшысының бұл шешімін облыс жұртшылығы үлкен ризалықпен қарсы алып отыр.Бокста талайдың қалпағын қайырып, нокаутқа түсіргенДүйсеке аға  қара сөзде де есесін жіберген емес. Бірде мен жұмыс кабинетімде қолымда қаламым, ақ қағаздың бетін шимайлап отырып ішке Дүйсекеңнің келіп маған қарап тұрғанынан бейхабар басымдағы ойларыммен алысып отыра беріппін.-Е, інім, басыңды көтер,-деген жұмсақ сөзін құлағым шалып,басымды көтеріп қалдым.-Ассалаумағалейкум, аға! –деп, орнымнан атып тұрып, оның қолын ізетпен алдым.-Кешірерсіз аға, шабыт келіп қалдыма, айнала- маңды түгел ұмытып ...-дей беріппін.Сонда Дүйсекең:-шабыт дегеніңнен шығады ау, бірде түрікпеннің ұлы классик ақыны Мақтымқұлы өзінің зергерлік ұстаханасында отырғанда сызыла басып сұлу қыз кіріп келіпті. Ол өзіне лайықты білезік пе, сақина, сырға ма, соғып беруді өтінеді  де өзінің ала келген алтын-күмістерін Мақтымқұлдың алдына қойыпты. Ақын болса, олд дүниеге назар аудармай қоя тұрып, бір жапырақ қағаз алады да ,  оның бетіне жорғалатып  жыр жаза бастапты. Ару қыз:- Құрбым, менің бұйымым не болар екен?-деп сұрапты.Ал, Мақтымқұлы жыр жолдарын жазып болып: «Шабыт келген тұста бір, ұшып кеткен құс та бір..., зергерлік жұмыс қайда қашар дейсіз» деп,   осы бойда ғана әлгі қыздың сұлулығын суреттеп жазған  өлеңін оқып береді.Менің аузымнан  «шабыт» деген сөздің шығуы мұң екен, бірден Мақтымқұлының осы өлеңін мысалға келтіріп, Дүйсекеңнің мені сөзден де «нокаутқа» түсіріп кеткені бар.Дүйсекең-физик, боксшы, шахматшы (1-разрядты), журналист, публицист-жазушы, очерк жанрындағы  кітаптардың авторы, «Маңғыстау» энциклопедиясы бас редакторының орынбасары, тағысын тағылар. Арғы атасы берісі-кіші жүзді байлаған емші Бектемістен  дарыған Дүйсекең аға бойындағы дарын-қасиеттердің толық емес тізімі осындай.Соңғы сөз:Спортты жастайынан жанына серік еткен Дүйсекеңе қызықты әңгімесі үшін шын жүректен алғысымызды білдіреміз, отбасыңызға береке-бірлік, бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз.Сұхбаттасқан: Тәжі Шәді.                                         «Олжа пресс» 06.12.2006ж.