ВЕРНУТЬСЯ

Үстіміздегі жылдың 20-шы қазанында Атырау, Маңғыстау облыстарында, республика басшылығында ұзақ жылдар абыройлы еңбек етіп, ел есінде қалған Саламат Мұқашұлы Мұқашев 80 жасқа толар еді. Мейірімсіз ажал аяулы ағамызды 2004 жылдың 18 маусымында арамыздан алып кетті. Қазақ халқының аяулы ұлы болған көрнекті мемлекет жəне қоғам қайраткері Саламат Мұқашұлы Мұқашев туралы бұдан бұрын «Өркенді өлке, өнегелі өмір» атты кітап жазған едім.. Менің Саламат Мұқашұлымен алғашқы таныстығым 1970 жылдың бас кезінде Маңғыстау аудандық партия комитетінің хатшылығына ұсынылуыма байланысты облыстық партия комитетінде қабылдаған кезінен басталған болатын. Тағдырдың сəйкестендіруі ме қайдам, əйтеуір Саламат Мұқашевтің аса жауапты жұмыстарға сайлану кездерінде қызмет бабыма байланысты қатысып отыруыма тура келген еді. Сәкең Атырау, Маңғыстау облыстары облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшысы болып сайланған кездерінде конференция делегаты, ол кісі Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы болып сайланған кезінде осы Кеңестің депутаты болып қатынасқан едім. Осы сайлаулардың қай-қайсысында да делегаттар мен депутаттардың Сəкеңді аса зор ілтипатпен қабылдағандарының куəсі болдым.«Мен саналы өмірімнің көбін туып өскен Атырау, Маңғыстау өңірінде өткіздім.Қарапайым жұмысшы болып та, басшы болып та істедім. Халықты ұлтқа, руға бөліп көргенім жоқ.Сондықтан да еліме еркін барамын туған топырағымды батыл басамын, жерлестерімнің бетіне тіке қарай аламын»-деп «Елім, мақтанышым менің» атты еңбегінде жазғанындай, жүрегі елім деп соққан Сəкеңнің өзі де елінің мақтанышы бола білді. Сəкең салуалы ақылдылығы, ел басқарудағы салмақты пайымдаулары, жоғары қабілеті арқасында екінің бірінің қолы жете бермейтін биікке көтерілді. Сəкеңнің өмір жолы бұған толық дəлел. Дана халқымыз: «Бақ ауып қонса, есіртеді, тауып қонса, есейтеді»- деген ғой. Шынында да Саламат Мұқашұлына бақ тауып қонған. Аудандық комсомол, партия, облыстық партия комитеттерінің хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған Сəкең республика кəсіподақтар комитетінің төрағасы, Қазақ КСР Жоғарғы төралқасының төрағасы КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының орынбасары, YII жəне ХI сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты жəне төралқа мүшесі, 1970-1980 жылдары YIII-XI сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1971 жылдан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі,1985 жылдан бюро мүшесі,СОКП Орталық Комитетінің мүшелігіне кандидат, Қазақстан Компартиясы ХI-XVI съездерінің делегаты болды. Төрт рет Еңбек Қызыл Ту орденімен, үш рет  Құрмет белгісі орденімен, медальдармен жəне республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Сəкең Атырау облысының, Ақтау, Құлсары қалаларының, Түпқараған ауданының құрметті азаматы болды. Бақ тауып қонған дегенді осы деп білемін. Ақыл-кеңесімен қатар берген тапсырмаларын іске асырудың жолдарын саралап айтып тұрған Сəкеңді бейне бір жоғарғы мектептің профессорларына ұқсаған, тек артында қара тақтасы, қолында боры жоқ демесең, терең білікті кісі ғой деп əңгіме ететінбіз. Ел басқару да үлкен бір академия десек, сол академияның академигі осы кісі болар деуші едік. Сәкең ізін басып келе жатқан жастарға да ұстаз, өнеге бола білді. Өзін ұстай білуі, халық алдында сөз сөйлеу шеберлігі, тыңдаушыларды елең еткізерлік, ойда қаларлық ұтымды сөздерді тапқырлығы, қарапайымдылығы, қоғамдық өмірдің барлық салаларынан терең білімділігі Сəкеңнің беделін арттыра түсті.Ұлы қолбасшы Күлтегінге орнатылған тас ескерткіште:«Түн ұйықтамадым,Күндіз отырмадым,Қара терімді төктім,Қызыл қанымды жүгірттім,Түрік халқы үшін»- деген жолдар бар.Сол Күлтегін заманынан кейінгі дəуірлерде де өз халқының қамы үшін түн ұйқысын төрт бөлген қаһарман батырлар мен абыз билер, салуалы саясаткер басшылар аз болмаған ғой. Саламат Мұқашев та өзінің алдында өткен аға ұрпақтың өмір жолдарынан үлгі ала отырып, ел игілігі жолында аянбай тер төкті. «Хас жақсының ішінде алтын ердің қасы жатады»-дегендей, Сəкеңнің ішкі дүниесі, «ішінде алтын ердің қасы жатқаны» сырт көрінісінен, не кейбіреулердей, істеген ісімді халық білсін деп ұмтылуынан  емес, сабырлы мінезінен, ұстаған бағытынан, атқарған айшықты ісінен, кадрлерге деген қамқорлығынан көрініп тұратын.1980 жылы Сəкең Маңғыстау облысына обкомның бірінші хатшысы болып келгеннен кейін өзінің алдында тұрған қоғамдық, мемлекеттік міндеттерді абыроймен атқаруымен қатар, бұл өлкенің жерін, елін терең тануды да алдына үлкен мақсат етіп, кемеңгер Геродот ғылымдар атасы деп атаған тарихқа , əсіресе, Маңғыстау тарихына байланысты сұрақтар қойып, білмекке құштарлық көрсетіп отырды. Өзі де Маңғыстау жөнінде біршама хабарының бар екендігін айта келіп «Маңғыстауды өлі жарты арал, шөл дала, қатал өлке деп айтып та, жазып та жатады. Ал мен ауданды түгелге дерлік аралап шықтым. Жүрген жерімде жүздеген суы мол құдықтар, бірнеше тұщы бұлақтар, түрлі - түсті ағаштар  өскен түлейлер көрдім. Маңғыстау жерінің астында жатқан таусылмас қазынасын əуелден білетінмін, енді үстіндегі табиғи байлығы да талай ұрпақтың үлесіне тиетініне көзім жетті. Болашақта сəулетті қалалар да тұрғызылар, жолдар да салынар, байланыс жүйелері де жетіле түсер, көліктің түрлері де көбейер, халық та өсер. Сондықтан біздер көлемді де күрделі жерді тиянақты игеруді үйренуіміз керек. Əрине бейнетсіз бітетін оңай шаруа болмас, алайда мұнда жұртты үркітетіндей қатал тауқыметті қиыншылықтар жоқ»-деп алдағы болатын орасан зор өзгерістерді алдын-ала көре білген көреген екенін аңғартқан еді.Саламат Мұқашев жергілікті кадрлерге түбегейлі сенім білдіріп, оларды жауапты жұмыстарға жіберудің өзі бастаған үрдістерін жалғастыра түсті , өзге жақтан кадрлер əкелу тиылды. Аупарткомның бірінші хатшысы болып Ералиев (Қарақия) ауданына-білікті инженер-геолог, тəжірибелі қызметкер Тергеу Айдарханов, Маңғыстау ауданына ауылшаруашылығының зерделі маманы, шебер ұйымдастырушы Сақып Керелбаев,жаңадан құрылған Мұнайлы ауданына- жас инженер, комсомол комитетінің беделді жетекшісі Зейнолла Алшынбаев, Форт- Шевченко қаласына - құрылыс инженері, бармағынан бал тамған зергер Бақыт Бозжігітов сайланды. Маңғыстау экономикасының негізгі салалары: Мұнай өндірісіне- өзінің іскерлігімен, бейімділігімен,адамгершілік қасиеттерімен бұрыннан көп көзіне түсіп жүрген Нəсіпқали Марабаев, республиканы ұлу таспен жабдықтайтын бірегей бірлестікке- осы өңірден шыққан алғашқы құрылысшы - инженер, партия, Кеңес орындарында басшы қызметтерде болған, ел ішінде беделді Киікбай Рзақанов, облыстық ауылшаруашылық басқармасына жоғары білімді маман, ірі кеңшардың жағдайын жақсартып, өзінің ұйымдастырушылық қабілетін бүкіл өлкеге таныта білген Сəбит Əбішев басшылыққа жіберілді. Қазақстан мұнайының алыбы- Өзен кенішін басқаруға ғалым-геолог, білікті ұйымдастырушы Махамбет Батырбаев жіберілсе, өнімі озық ғылыми техникалық əдістермен шығарылатын мұнай құрамында стратегиялық маңызы зор аса құнды «Ванадий» элементі бар Қаражанбас кəсіпшілігіне-бұрын «қара алтынды» химиялық əдістермен молайтатын мекемені басқарғантəжірибелі инженер Лəззат Қиынов директор болып тағайындалды. Маңғыстаудағы мұнай-газ кəсіпорындарының тапсырмасын орындайтын ірі құрылыс мекемесін басқаруға құрылысшы-инженер Ұзақбай Əділов жолдама алды.Партиялық, шаруашылық, өндірістік жұмыстарда ысылып бай тəжірибе жинақтаған Саламат Мұқашев, əсіресе, кадрларды тəрбиелеу ісіне айырықша назар аударып отырды. Ол біздерге: кемшілік жібергендерді қатты жазалаудың қажеттілігі жоқ, бірақ тиісті талап қоя білу керек, ал егер қайсыбір кеңшар директорлары, өндіріс басшылары, басқа да қызметкерлер іскерлік қабілетінің төмендігінен өз міндеттерін тиісті дəрежеде атқара алмаса, ол кінəлі емес, оған көтере алмайтын «шоқпар» арқалатқан кісі кінəлі - дейтін - ді.Сексенінші жылдары партияның жарғысы бойынша сот алдына шақырылған коммунист партиядан шығарылатын болды. Ал, милиция, прокуратура жəне басқа бақылаушы органдардың жеңіл-желпі кемшіліктер, қателіктер үшін де коммунистер ісін сотқа жібере салатыны əуелден қалыптасқан əдет. Сот жай ескертпе жасаса да коммунист партия билетінен айырылады жəне онымен қатар лауазымды  жұмысынан аластатылады. Саламат Мұқашев мұны асыра сілтеушілік деп ашық айтып, біраз басшы қызметкерлерді сақтап қалды. Бұл батылдық туралы «Правда» газетінен сын мақала оқып, бəріміз де қапаланып жүрдік. Партияның келесі съезінде жарғының бұл бабы алынып тасталды.Сəкең Маңғыстау обкомының бірінші хатшысы болып істеген бес жылда  обкомның бюросында коммунист партиядан шығарылыпты, не есеп карточкасына жазылған қатаң сөгіс алыпты дегенді естіген емеспін. Бұл кадрлердің өз міндеттерін тиісті дəрежеде атқарып, былық-шылыққа араласпай таза жүргендерінің нəтижесі ме, əлде бірінші басшының адам тағдырына аса қамқорлықпен қарағанынан ба, əйтеуір қалай болғанда да Сəкеңе абырой əкелгені белгілі.Саламат Мұқашев кадрларды əртүрлі курстарда оқытып, мамандықтарын жетілдіру, оларды тапсырылған жұмысты атқарудағы ынтасы мен іскерлігі арқылы сынау, кадрлар қорын /резерв/ жасау қажеттігін де еске салып отыратын. «Қайда да басшысы жақсы жерде бəрі де жақсы, ал олқылық тек басшыдан болады, сондықтан да басшылық жұмысқа кездейсоқ адамдарды келтіргеннен гөрі ол орындардың бос болғандары жақсы» - деп үйрететін, Сəкең. «Кадр жөнінде əңгіме еткенде - деді Сəкең өткен бір бюро мəжілісінде, олардың білімділігін жетілдіруді естен шығармау керек. Білімді кадр о бастан мектеп қабырғасынан шығады. Орта мектепті жақсы бітірген жастардың ішінен талай ғалымдар, іскер, ел басқара алатын кадрлер шығатынын күнделікті өмір көрсетіп отырған жоқ па? Он тоғызыншы ғасырдың ортасы мен жиырмасыншы ғасырдың басында өмір сүрген Əріп Тəңірберген ақын: «Мысалы, дүние теңіз, ғылым кеме, Кемесіз терең суға түсем деме...» - деген ғой. Демек, балаларға сапалы білім бере алатын ірілендірілген қазақ мектептерін ашу керек деген пікір тастап, бұл бағытта біраз жұмыстардың іске асырылуын өзі қадағалап отырды. Сол жылдарда оқытушыларды тұрақтандыруға бағыт беріліп, оларға жан-жақты қамқорлық жасап отыруға міндеттеді. Ақтау қаласындағы орыс тілі мектептерінде қазақ тілін оқыту бағдарламасының енгізілуі де Сəкеңнің қатысымен іске асырылған еді. Жоғары оқу орындарына өзімізден мектеп бітірген жастарды көптеп түсіруге, астанадағы облысқа келуді қиынсынатын кейбір жоғары оқу орындарының басшыларымен сөйлесіп, олардың біздің жастардан емтиханды келіп алуларына Сəкең ықпал етіп отырды. Облыста медициналық, педагогигалық училищелер, мұнай жəне құрылыс техникумдары ашылды. Бірінші хатшының араласуымен облыс экономикасының негізгі салаларының күрделі мəселелерін ғылыми - техникалық конференцияларда талқылау əдетке айналды. Кадрлерді жоғарылатуды туыстық, таныстық ара қатынастардың, алу-беру сияқты лас əрекеттердің болмағандығы партия басшыларының беделін арттыра түсті десек, сол барынша таза, адалдықтың үлгісін Саламат Мұқашевтың бүкіл өмірінен көруге болады. Сəкеңнің кезінде басшы қызметкерлердің үстінен арыз жазу тиылды делініп жүрді. «Оның себебі көп болар, ал менің білетінім: арыз түсе қалған кезде өзім араласып, өз көзіммен көруді қалайтынмын»-дейді Сəкең. Оның бұл сөздерінен кадрлерге деген қамқорлығын, орынсыз кінəдан сақтауға бағытталған парасатты ойын аңғару қиын емес.Жас кезінен өз ісіне аса жауапкершілікпен қарап дағдыланғанынанда болар, Саламат Мұқашұлы өте аңғарымпаз, сергек басшы болатын. Сəкең аудан шаруашылықтарын аралаған кездерінде негізгі назарды экономиканы жақсарту, өнім алу мен мезгілінде мемлекетке өткізу жайларына аудара отырып, бұл істердегі кемшіліктерді көре тұрса да оларды тізбелеп, кісі жүзін сындырмайтын, түзету жолдарын тауып бағыт - бағдар беру арқылы  тыңдаушысын іске жетілдіруді мақсат етіп отыратын. Сəкең ауданға келіп, бірге сапарлас болған кездерімізде бірінші хатшымыздың елдің, жердің жайын өз көзімен көру мақсатында адырлы - бұдырлы, көбіне жолсыз, далалықта шаршамайтын қажыр - қайратына, ақыл- кеңесін жəй айтып-ақ түсіндіре алатын сабырлылығына, дəрежесінің үлкендігіне қарамастан жұмысшы - қызметкерлер, малшылар, шаруашылық басшыларымен сөйлескенде аса кішіпейіл, қарапайымдылығына қатты риза болатынбыз. Түрікменнің ұлы ақыны Мақтымқұлының: «Тыңдаған жұрт үлгі тұтса сөзіңді, мен-менсімей төмен ұста өзіңді ...» деген сөздері ойға оралғанда көз алдыңа Сəкеңнің азаматтық бейнесі тұра қалушы еді. 1980 жылы маусым айының 30-шы жұлдызында Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған Саламат Мұқашев «Киіз кімдікі болса, білек соныкі» деген халық мақалын еске алғандай-ақ пленум өтісімен осы күнгі түстен кейінгі жиналыста облыста ауыл шаруашылығын өркендету міндеттеріне байланысты жұмыстарды сөз етіп, бірден іске кірісіп кетті. Мінбеге көтерілгендердің бірі облыс орталығында отырғандар жергілікті жағдайды білмейді, алдарына қойған мəселелерімізді, біріне-бірі сілтеп мезгілінде шешпейді - деп бұрынғы басшылардың тарапына сын айтқандай болып еді, Сакең: “Сіздің жағдайыңызды сізден артық білетін кісі жоқ, өткенге де, болашақта да алдымен өзіңіз жауап беруге тиіссіз, мұндай əңгімемен ештеңе ұта алмайсыз» - деп ұялтып тастағаны бар. Осыдан кейінгі бір жиналыста, соңғы мезгілде жағдай жақсарып келе жатыр - деген кісінің сөзін доғартып: «Немене, Мұқашев келгесін бəрі жақсарып кетіп пе?»-деп жұртты күлдіргенді. Облыста өтетін пленум ,сессия, актив жиналыстарына қатыса жүріп, Саламат Мұқашұлының елдің, істің,  жайын терең білетін, мамандығы мұнайшы бола тұрғанмен де, ауылшаруашылығы бар ауданды 10 жыл басқарғандығынан да болар, бұл саланы да бақайшағына шейін шағып білетін кісі екендігіне көзім жетті. Саламат Мұқашев ауыл – селоны көркейтуге, оларда салауатты өмір салтын қалыптастыруға, ауыл мəдениетін, қазақтың ұлттық салт-дəстүрін жаңғыртуға, өнерін дамытуға қолдау көрсетіп отырды. Маңғыстау елінде киіз үйлерді күнделікті тұрмыста кеңінен қолдану, əшекейлеу, үйлердің ішкі-сыртқы көріністерін кəдімгі көрмеге қоярлықтай етіп сəндендіру дағдыға айналған еді. Киіз үйлердің көз тартар сұлулығы үшін түндік, үзік, туырлық, есік қабы, дөдеге сияқты дүниелердің тек ақ қойдың жүнінен жасалуы, осыған сəйкес ішкі көріністері: шымораулы ши, ені 40,50 сантиметрге дейін баратын əртүрлі оюлармен нақышталған басқұр, алуан түрлі жіптерден тоқылған басқа да өңді, немесе жіңішке өрнекті құрлар, шашағы төгілген шаңырақ бау, аспан түстес көгілдір сырмен күлдіреуші қоса боялған шаңырақ, қызыл сырлы уық пен кереге, ерекше шеберлікпен оюлап жасалған маңдайша, босағасы мен табалдырығы жарасымды ұстасқан сықырлауық есік – бəр-бəрінің бір-бірімен кісі таң қаларлықтай үндестігі қамтамасыз етіліп тұратын. Бұндай киіз үйлерді, əсіресе жаз кезінде жайлауға шыққан малшылар кеңінен пайдаланатын да, қыз-келіншектер үйлерін осылайша сəнді ұстауға айырықша мəн беретін. Сонымен бірге, əрбір шопан өз отбасына арнап екі үй тігіп, бірін асхана есебінде, екіншісін өздері демалуға, кей кездерде түсетін қонақтарға арнап ұстайтын. Үстірттің бильярд столындай тегіс даласында əрбір 5-10 шақырым сайын кездесетін əлгіндей 4-5 үйден тұратын ақшаңқан шопандар ауылын көргенде, келіп үй-ішінің сəніне зер салған сəтте: ойпыр-ай, Маңғыстауды бұрынғы өткен ата-бабаларына арнап салған күмбезді ескерткіштерінің көптігімен таңғажайып сұлулығына қарап аспан астындағы мұражай деуші едік, енді мына ауылдардың сыртқы, ішкі көріністеріне қарап ол түсінігімізді кеңейтіп, мұражайдай сəнді үйлерде Маңғыстаудың бүкіл елі тұрады екен-ау деген ойға қаласың, - деген еді бірде Сəкең.  Маңғыстау малшыларының осындай əсем үйлерде тұратынына қатты риза болған Сəкең бұндай үйлерді жинақы да таза ұстау үшін қажетті бұйымдардың қандай түрі болса да жетістіріп тұруды сауда орындарының басшыларына міндеттеп, «Малшылар күнін» өткізген кезде осындай киіз үйлердің ең үздіктеріне арнаулы жүлделі орындар тағайындап, сыйлықтар беру жөнінде де ұсыныс енгізген болатын. Маңғыстау шеберлері жасаған 6-7 қанат осындай сəнді үйлердің облыстық, республикалық жарыстарға қатысу үрдісі етек жайған еді.Сəкең сонымен бірге, малдан алынатын сүт өнімдерін, ұлттық тағамдар: құрт, балқаймақ, тосап, ірімшік, сарсу, бренза, сықпа іркіт, қымыз, шұбат дайындап, «малшылар күнінде» сол тағамдардың көрмесін ұйымдастыру, кейіннен халыққа сату жөнінде кеңшар басшыларына тапсырмалар беріп, қай жерде бұл бағытта қандай жұмыстар істеліп жатқанына ұдайы назар аударып отыратын. Сəкең еңбекшілердің шағымын, ұсыныс-пікірлерін көбіне жерінде тыңдап, көтерген мəселелеріне сəйкес жауаптар қайтарып, қайсыбір жəйттерді тексерту арқылы тиісті шаралар алуға тапсырма беріп отыратын. Бұның өзі, əсіресе алыс мал жайылымдарындағы облыс орталығына жетулері қиын мал бақташылары үшін өте ұтымды еді. Сондықтан да əркез олар Сəкеңе қатты риза болып қалатын. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген міне осы, уақыты жоқтығына қарамастан біздің қойған мəселелерімізді өзі келіп шешіп беріп кетті деп мəз болатын.Саламат Мұқашев облыс экономикасының дамуы жолында барлық күш-қайратын жұмсай отырып, елдің мəдени-рухани өмірінің де құлаш жаюына айырықша назар аударды. «Ел аралаған сыншы болады, тоғай аралаған үйші болады» дегендей, Сəкең көп жерді көрген, көп нəрсені ойға тоқыған кісі ғой, халықтың рухани дүниесін білуге, дамытуға деген құштарлығы соның нəтижесі болса керек.Саламат Мұқашевты республиканың өнер қайраткерлері түгелге де-рлік танитын жəне құрметтейтін десек қателесе қоймаспыз. Бұның өзі де Сəкеңнің халықтың рухани өміріне жанының жақындығының белгісі еді. Өндіріс, шаруашылық, партиялық жұмыс жайларымен танысып, тиісті тапсырмалар бергеннен кейінгі кейбір сəттерде, халықтың рухани өмірі жайлы, халықтан шыққан таланттар туралы сөз қозғалған кездерде Сəкең: «ақын- жазушылар,   композиторлар, күйшілер, əнші-жыршылар, жыраулар,  әртістер – бұлар халықтың терең ортасынан шыққан ерекше талант иелері.Ал таланттар айырықша құрметті, əлпештеуді талап етеді, олар көбіне ерке келеді. Сондықтан да оларды құрметтей отырып, халық алдына көңілді шығуларына қызмет ету, шынайы қызмет көрсету, бұл саладағы қайраткерлердің тал шыбықтай желкілдеп өсіп келе жатқан кейінгі таланттарға үлгі болуларына жағдай туғызу біздердің жауапты да абыройлы борышымыз» деп үйрететін. Облыста əдебиет пен мəдениеттің өркендеуіне, айтыс өнерінің дамып, айтулы ақындар мен жыршылардың өнер сахнасынан кеңінен көрінулеріне мол мүмкіндік туды. Жер - жерде өнер коллективтері құрылып, олар аудандық, облыстық республикалық байқауларға қатыстырылып отырылды. Қарақия ауданында республикаға еңбегі сіңген мəдениет қызметкері Орын Құлсариев басқарған «Ақжарма» ұлттық аспаптар ансамблі Алжирге, Бейнеуде «Алтыбақан» ұлттық-этнографиялық ансамблі астана – Алматыда лауреат атанып, Румынияға дейін барып концерт көрсетті.Айтулы əнші, күйші, жыршы, ақындар: Күріш Тасболатов, марқұм Ізбасар Шыртанов, Амандық Көмеков, Жеткізген Сейітов, Рухия Батыршиева, Күнсəуле Өмірзақова, Орын Құлсариев, Сержан Шəкіратов, Роза Айдарбаева, тағы басқа да өнерпаздар халқымыздың рухани өмірінің айнасы атанып, табиғи таланттарын негізінен осы кезде шыңдай түсті. Сəкеңнің кезінде бірде-бір мереке айтыссыз, өнер сайыстарынсыз өтпейтін. Жыл сайын дерлік өтетін малшылар тойына республикадан бүкіл елімізге танымал əртістер шақырылып отырылатын. Үстіртте өткізілген малшылар тойына СССР халық əртісі Роза Бағланованың, күй өнерінің дүлдүлі Қаршыға Ахмедияровтың, айтулы əнші Жақсылық Сəрсенғалиевтың, тағы басқа да өнерпаздардың шақырылумен келіп, малшылар қауымын риза еткені, Үстірт аспанын тамаша əн, күй əуендеріне бөлегендері əлі есімде.Сəкеңмен болған бір пікір алысу кезінде ағаны сөзге тартып, Сіз Маңғыстау облысында біраз жыл еңбек еттіңіз, осы ел туралы не айтар едіңіз, өзіңіздің осы кездегі қызметіңізге ризасыз ба? – деп сауал қойғанымда Сəкең: «Маңғыстаудың халқы жақсылықты да, жамандықты да көп көріп, талай тауқымет соқпақтардан өтіп əбден шыңдалған ғой. Маңғыстау азаматтарының парасатты, шыдамды, кешірімді бола жүріп, орынсыз, жөнсіз сөзді де, қимылды да басынан асырмайтын аршыл екенін сезгенімді де жасыра алмаймын. Жерлестерімнің тағы бір сүйсінерлік қасиеті, олардың өсек-аяң, қулық-сұмдық, алдау-арбау дегенді білмейтін тік те ашық мінезі, ұсақтыққа, іштарлыққа бармайтыны. Бұл өңірде пара беру, не алу деген болмайтын, азаматтары адал еңбегінің табысымен күнелтуден басқа олжа іздемейтін. Еліме өте ризамын, ешқандай өкпемнің жоқтығын бүкпесіз айтамын. Маңғыстаулықтар үстімнен арыз жазып, өкпе жүргізіп көрген емес, беделіме көлеңке түсірмеді. Əлденеше рет жоғарғы, жергілікті партия жəне Кеңес органдарына мүше, делегат етіп бір ауыздан сайлап зор сенім көрсетті. Өзімнің көздеген мақсатыма жету жолындағы қызметіме толықтай ризамын деп айту қиын. Себебі, болғанның үстіне бола берсе екен деп армандаймын, халықтың талғамы мен талабы өскен сайын кешегі тым-тəуір дүние бүгін ескіріп қалғандай болып көрінеді. Сондықтан қариялар істеген қызметін, қалдырған ізін мақтан етуге хұқы бар. Жастар бұрынғылардың істеген шаруаларын сынағаннан гөрі, еселі еңбегін бағалап, тəжірибесін, төзімділігін, шыдамдылығын үлгі етіп, кəдесіне жаратуға міндетті. Менің жеке еншіме тиетін мақтанышым – Маңғыстаудан кетерде облысты, қалалар мен аудандарды, өндіріс салаларын басқара алатын іскер де парасатты кадрлардың қалғаны дегім келеді» -деген еді.Бұқар жырау Қалқаманұлы бір  толғауында:«Биік тауға жарасар,Ығынан тиген пайдасы.Терең суға жарасар,Тобылғылы саласы.Ер жігітке жарасар,Қолына алған найзасы.Би жігітке жарасар,Халқына тиген пайдасы»- деген екен.Сол данагөй жырау айтқандай, Сəкең əр кез еліне қомақты пайда тигізумен өмірден өтті.Саламат Мұқашұлы құрметті зейнет демалысына шыққаннан кейін де өмір ағымдарынан қол үзген жоқ. Ол ұзақ жылдар ел басқарған кездерінде болған күрделі өзгерістер: аймақтардың экономикалық жайының, əсіресе, өндіріс көлемінің артуы, ауылшаруашылығының ұлғая түсуі, ондағы еңбек адамдарының ұрпаққа үлгі боларлық ерлік істері жайлы көлемді мақалалар жазумен бірге, өмірге ойлы кітаптар келтіріп, оқырмандардың ризашылығына бөленді. Өмірінің соңғы сəттеріне дейін ел қамын ойлаумен өткен көрнекті қоғам жəне мемлекет қайраткері Саламат Мұқашұлын мəңгі есте қалдыруға арналған шаралар алу кейінгі ұрпақтың азаматтық парызы болмақ. Сондықтан да оның есімі халық жадында сақталуы үшін Ақтау қаласының 15-ші шағын ауданындағы №24 орта мектепті Саламат Мұқашевтың атымен атау орынды деп білемін. (Ескерту: Кейін бұл мектеп Сәкеңнің есімімен аталды).                                                                    «Маңғыстау»  газеті.   22. 09. 07