ВЕРНУТЬСЯ

Аяулы досым, Жанбоз! Сен 1932 жылдың 19 қаңтарында, елді аштық жайлаған, қақаған қыста өмірге келіп, тылсым дүниенің есігін ашқан болатынсың. «Мен туыппын ақпандатқан боранда, мінезім бар, бәлкім әлде содан ба...» дегендей, сен  қыста дүниеге келсең де, мінезің биязы, қарапайым, жаның сезімтал боп өсіп жетілдің. Екеуміздің достық қарым-қатынасымыздың қалыптасуына да осы ақ-адал, достық деген мазмұны терең сөзді қадірлей білетін айрықша қасиетің ықпал еткен-ді. Достық деген сезім, екі адамның арасында көбіне балалық шақта, мектеп қабырғасында, студенттік кезеңде, әскер қатарында қалыптасатын болса, біздің арамызда әбден есейген, еңбекке араласып, ұстаздық қызметтің ыстық-суығында жүрген уақытта жарасым тапты. Достық сезіміміздің нығаюына сенің сүйген жарың Сүткенже де ұйтқы болды. Бұл достық «Бет жағында күлкі ойнар, іш жағында түлкі ойнар» болып келетін кейбір әсіре достық емес, шынайы тату, бауырлас, бір-бірімізге қамқорлық сезімде еді. Сен ерте есейдің. Оған қиындығы мол соғыстан кейінгі өмір себепкер болса, ата-анаңды тастап, жоғары оқу орнына түсуге жағдайың да көтермеді. Сондықтан онжылдықты 1949 жылы Сталин атындағы сыйлықпен үздік бітіре сала бірден жұмыс іздеуіңе тура келді. Сенің біліміңді дұрыс бағалай білген басшылар 7 жылдық және орта мектептердің жоғары сыныптарына математика мен физикадан сабақ беруге сенім білдірді. Екеуміз «Тұщықұдық», Ленин  атындағы орта мектептерде, сен математикадан мен физикадан сабақ беріп, тығыз байланыста болдық.Сен менен бұрын 6-7 жылдан бері сабақ беріп келе жатқан тәжірибелі ұстаз едің. Тәрбие мәселесіне арналған екеуара әңгімелерімізде шәкірттерге тиянақты білім беру үшін әртүрлі көрнекті құралдарды қалай пайдалану керек, балаларға өзіңді тыңдата білу үшін қандай әдістерді қолдану, оларға үлгі болу үшін қандай қасиеттерің болуы керек    деген ақыл- кеңестеріңді бүкпесіз айтып жүруші едің.Сенің білгеніңді үйрету,  ойыңды тыңдаушыға жеткізе білу қасиеттерің Баласағұнның: «Көп ойла, жақсы сөйле,     нұсқа болсын, сұраса жауабың қысқа болсын» деген данышпандық кеңесімен үндес   болып келетін. Ол кездерде біз қоғамдық жұмыстарға кеңінен араласушы едік қой. Сен математика үйірмесінің жетекшісі, мен комсомол ұйымының хатшысы болып жүрген кезімізде    С.Адамбековтың «Ақырзаман аңызы» атты пьесасында сен молданың ролін кәнігі әртістерше ойнап, көрерменді риза еткенің-ай! «Білім-байлық таусылмайтын, бітпейтін, ұры-қары, қу жоқ, оны үптейтін» деп Баласағұн айтқандай, сен өзіңнің білім  байлығыңды арттыруды көздеп, 1960 жылы Атыраудағы мұғалімдер институтын сырттай   оқып, бітірдің. Қандай кезде де жұмыстың ауыр, қиындығы мол саласына шебер ұйымдастырушы, білімді кадр жіберіледі.  Сол 1960 жылы сені сонау қиыр шеттегі «Сам» мектебінің оқу ісінің меңгерушісі қызметіне жібергенде сенің бойыңда осы қасиеттердің бар екендігі ескерілген-ді. Ал, 1963 жылы осы мектептің директоры болып тағайындалдың.   Орталықтан  500  шақырымдай    қашық орналасқан мектептің жағдайы мықты емес еді. Мектепті басқаруға келісіңмен оқу-тєрбие жұмыстарын жақсартуға бар күш-жігеріңді жұмсай жүріп, мектепті жөндеуден өткізу, қысқа дайындық т.б. шаруашылық жұмыстарымен тікелей айналысып отырдың. Тєрбие саласындағы жұмыста ата-аналармен байланысты нығайту қажеттігін естен шығармадың. Бірте-бірте мектепте оқушылар саны өсті. Материалдық база нығая түсті. Ең бастысы оқушылардың үлгерім дєрежесі өзге мектептердің алдында болды. Өстіп тынбай еңбек етудің арқасында 1966 жылы «Сам» өңірінен алғашқы орта мектеп аштыруға қолың жетті. өзің осы мектептің директоры болып тағайындалдың.Зерек шәкірт білікті ұстаздан десек, сенің біліктілігіңе, үйретуге шеберлігіңе ешкім талас туғызып көрген жоқ. Басшы ретіндегі тер төккен қызметің, ұстаз ретіндегі ұланғайыр еңбегің өз нәтижесін беріп, «Сам» орта мектебінің оқушылары олимпиадалар мен спартакиадаларда жеңімпаз атанып жүрді. Оқу Министрлігі, Үкіметіміз тарапынан  сенің еңбегің жоғары бағаланды. 1965 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1966 жылы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, 1976 жылы «Құрмет белгісі» орденімен наградталдың. Дағыстанның әйгілі ақыны Расул Гамзатов «Нағыз азамат, ер жігіт, тізесін жерге үш рет тигізеді. Бірінші рет туған бұлағынан су ішкенде, екіншісі-сүйген қызына гүл ұсынғанда, үшінші рет анасының ақ батасын алғанда»- деген екен. Ал, кәмелеттік аттестат алғанда шәкірттері ұстаздары алдында ілтипатпен тізе бүгеді десек, бұл да-өмір шындығы. Сол ұстаз алдында ілтипатпен иілген жанның бірі «Сам» мектебін алтын медальмен бітірген, қазір Көлік және транспорт академиясының профессоры, ғалым Баймұханбет Дүйсенбаев: «1963-64 оқу жылынан бастап, ұзақ жылдар бойы Сам мектебінің директоры болып, асыл ұстаздардың үлкен шоғырын біріктіріп, шәкірт тєрбиелеген аяулы азамат Екібаев Жанбоз аға қызмет етті» (“Маңғыстау”, 29.05.04) десе, тағы бір шәкіртің Сейітжан Исабергенұлы: «...халық аузына ілінген азаматтардың бірі, марқұм майталман педагог Екібаев Жанбоздың соңына ерген жастарға үлгі боларлықтай істері көп. Азғана өмірінің ішінде ол сан алуан тағдырды бастан кешірді. Жас та болса, аянбай еңбек ете жүріп, тиісті құрметке бөленді» («Маңғыстау», 09.12. 06),- деп еске алады.Сондай-ақ Маңғыстау ауданының орта мектептерінде көп жылдар директор болған, қазірде жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеу ісін жетілдіре түсуге    арналған ұсыныс-пікірлерін үзбей газет беттерінде жариялап келе жатқан Ордалы Қосай: «..Жанбоз Екібаев Тұщықұдықтың тумасы, бізді ортаңғы сыныпта оқытқан ұстазымыз. Ұстаз болғанда қандай, нағыз сүңғыла, іскер басшы»,- дейді. Менің ойымша ұрпақ үшін қажетті үш есім бар. Ана, Әке, Ұстаз. Ұрпағы үшін ана мен әке әулие десек, бар өмірін бала тєрбиесіне арнаған ұстаз да шәкірттері үшін әулие деп білемін. Сен соңыңда қалған барлық шәкірттерің үшін әулие болып қалудасың....Осы бір нұрлы да жылы жүзді, әдеміше келген сыпайы жігіттің тек өзіне ғана тән жымия күліп есен-саулыќ сұрасатыны әр кез еске түседі. Еске түскен сайын Жанбоз, сенімен күні кеше ғана кездескендей әсер аламын. Соңынан ойлап қарасам  олай   емес, уақыт шіркін, «ешбір жанға білінбей» өте берген екен. Сенен айырылып   қалғанымызға да 20 жылдың үстіне шығып кетіпті. Адамның артында «ұлы қалса-көзі   қалғаны,    сөзі қалса өзі қалғаны» деген аталы сөзді еске алсақ, сенің  артыңда ұстаздыќ  жолыңды жалғастырып келе жатқан ұлың Байбол бар. Саған ұқсасақ деп өскен, жадтарында сөзің қалған, өмірдің сан-алуан салаларында абыроймен еңбек етіп, еліміздің өркен жаюына өз үлестерін қосып жүрген шәкірттерің бар. Олардың бойындағы бар жақсы қасиеттер де сенен алған үлгі-өнеге екенін мақтан етеміз.Сен жас жеткіншектерге білім беруге, мейірім төгіп аялауға бар күшіңді жұмсай жүріп өзіңе көңіл бөлмедің. Жаздың ыстығына күйіп, қыстың аязына тоңып, шәкірттеріңнің жайын табамын деп дамыл көрмедің. Адамның денсаулығы жаратылыстың оған берген пәрмені десек, сен оны ұрпақ үшін тер төккен жан аямас жұмысыңа беріліп, әлсіретіп алдың. Ақырында «тозбайтын темір озбайтын өмір жоқ» дегендей, денсаулығың сыр берді. Осыған байланысты мектептегі басшылық қызметіңді тоқтатуыңа тура келді. Сонда да жастайыңнан жұмысқа араласып қалғандығыңнан денсаулығыңды күтіп, тыныш жата алмадың .Енді ауыл еңбеккерлері арасында жүргізілетін жұмыстың аса бір жауапты саласы-мәдениет ісіне араласуға бел буып, автоклуб меңгерушісі болдың. Бұл жұмыста да өзіңе тән іскерлігіңмен тынымсыз еңбектендің.   Соның  арқасында   автоклуб  қызметкерлерінің аудандық, облыстық жарыстарында жүлделі орындарға ие болып, 1983 жылы Қазақ ССР Мәдениет қызметкерлері кәсіподағы республикалық комитетінің Құрмет дипломымен марапатталып, қай салада еңбек етсең де, өзіңнің қабілет-қарымың жоғары екенін дәлелдеген едің.Ақырында ауыр кесел алмай қоймады, сенің саулығыңды тілеген   туыстарың мен  жолдастарыңның көз алдында 1984 жылдың 20-сыншы     маусымында   мәңгілік мекеніңе аттандың.  Көзден кетсе де көңілден  кетпеген, бар өмірін оқу-тєрбие жұмысына, ауылдастарының рухани дамуына, ауылының мәдени өмірінің өркен жаюына арнаған үлкен жүректі азамат, адамгершіліктің жоғары үлгісін көрсетіп, кісілік келбетіне мін түсірмей өмірден өткен қимас дос Жанбоз, жатқан жерің жайлы, топырағың торқа, жаның жәннатта болсын! Ел азаматтары сенің халқыңа қалтқысыз еткен қызметіңді ескеріп, есіміңді есте қалдыру шараларын алады деп сенемін.