ВЕРНУТЬСЯ

  (Алғы сөз орнына)Менiң көз алдыма Маңғыстау десе Әрiповтер әулетi, ал Әрiповтер десе Маңғыстау келетiнi бар. Бозашы түбегіндегі Қаламқас жерiн мекен етiп, нәпақасын теңiзден тапқан балықшы Әрiп ақсақалдың ұрпақтарының не сиқыры бар сонда.  Ол  сыйқыр қайнар бұлақтай тұнық адами-кісілік, халықтық қадір-қасиеттерде екен. Бір сөзбен айтқанда, ата-бабалардан тамырын тереңге тартып, жоғалмай, қайта керісінше, жаңғыра жалғасып келе жатқан нағыз тектілік үрдісте. Міне, бар гәп те осында. Мүмкiн, оның себебi осы киелi өлке топырағын алғаш басқан кезiмдегi қамқорлық қолын созған отбасының бiрi болғандықтан да шығар. Әйтеуір, рухани туыспыз, сыйласпыз. Кейiн Дүйсекеңмен ағалы-iнiлi адамдай болып кеткенiмiз де жасырын емес. Мүмкiн, бiздi жақындастырған әдебиетке деген құштарлық па екен. Жалпы қызмет бабындағы бiр-бiрiне бағынышты адамдардың арасында мұндай тепе-тең қарым-қатынас бола бермейдi ғой.Бір ғажабы, Дүйсе-аға менi көрмей, бiлмей-ақ, сырттай ғана таныстық бойынша қызметке шақырды. Сол  1985 жылы мен Атырау облысының Бейнеуге көршi ауданындағы газетте қызмет iстейтiнмiн. Алдында ғана Алматы Жоғары партия мектебiн бiтiрiп келгенмiн.  Бейнеу ауданының  жартысы мен тұратын Жылыой ауданынан бөлiнген ағайындар едi. Әрi әке-шешем сол Дүйсекең басқаратын ауданға қарасты Боранқұл ауылында тұратын.-Айтуар! –дедi бұрын таныс-бiлiс адамдай телефон тұтқасының аржағындағы зор дауыс. – Бұл  Бейнеу аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Әрiпов қой. Ауданымызда жаңадан газет ашылғалы жатыр. Газет жасаудың қыр-сырын бiлетiн, тәжiрибелi журналист кадр iздеймiз. Жiгiттер сенiң есiмiңдi атаған. Бiр-екi күннен кейiн Жоғарғы Кеңестiң сессиясына жүргелi отырмын (Дүйсекең ҚР Жоғарғы кеңесінің депутаты болатын). Соған дейiн жолығып кетсең...-Дүйсекең өзi бұрын газетте қызмет iстеген адам. Редакциядан көмегiн аямайды. Тек мәселенi күлбiлтелемей тiке қоя бiл. Өтiрiктi сүймейтiн шыншыл адам, - деген бiр жанашырым.Бiрiншi хатшы шынында экономиканы жақсы талдаумен қатар әдебиеттi, өнердi жанындай жақсы көретiн турашыл адам екен. Ол кiсiнiң алдында газеттiң, ауданның проблемаларын жасқанбай айтатынмын. Ал Дүйсекең соған мүмкiндiк беретiн. Газетте жарияланған сын мақалаларға сергек қарайтын. Кейбiрiн бюро мәжiлiсiнiң талқылауына да ұсынатынбыз. Қорытындысымен кейбір лауазым иелерi партиялық жаза алып шығатын. Олардың бәрi жұмысты алға жылжытудың қажет тетiктерi едi-ау.Редакция жанынан құрылған Қашаған атындағы әдебиет бiрлестiгiнiң ұйымдастырған шараларына өзi де қатысып және аупартком, ауаткомның жауапты қызметкерлерiне түгел қатысуды мiндеттейтiн. “Менi де осы әдебиет бiрлестiгiнiң бiр мүшесi деп есепте”,- дейтiн. Бiрлестiк ақындар айтысын, Абыл, Қашаған шығармаларына арнап кештер, халық жазушысы, Маңғыстау перзенті  Әбiш Кекiлбаевтың “Үркер”, “Елең-алаң” романдарының Мемлекеттiк сыйлыққа ұсынылар кезiнде оқырмандар конференциясын ұйымдастырғанда, ақын қызымыз Фариза Оңғарсынованың арнайы 50 жасын атап өткенiмiзде басты баяндамашы Дүйсекеңнiң өзi болды. Алматылық ақын-жазушылар ауданға қонақ ретiнде келетiн. Мәселен, жазушы Сәтiмжан Санбаев ағамыз шопан Қостымның үйiнде шығарма жазып бiр ай жатты. Дүйсекең, бiз болып,  барлық жағдайын жасап, жиi хабарласып тұрғанбыз.Бейнеу ауданы Дүйсекең басқарып отырған кезде Одақтың ауыспалы Қызыл Туын бес жыл қатарынан жеңiп алды. Бұл – бесжылдық жоспар мен мiндеттеме асыра орындалып, жыл сайын үстемелi көрнектi көрсеткiшке жетiп отырылды деген сөз. Оның үстiне алдын болжай бiлетiн көреген басшылық десе де болады.Бiрде “Қарақұм” кеңшарының малды ауылын аралауға шықтық. Желтоқсан айының орта тұсы болса да жерде қар жоқ.  Қарасуық. Топырақ бораны көз аштырмайды. Бiздi қарсы алған кеңшар директоры Мәтжан Сәрсенбаев шаруашылығындағы кейбiр олқылықтарды табиғатқа аударып ақтала бастады.-Күннiң қолайсыздығы малға да, жанға да қиын соғуда, Дүйсеке, -дедi директор. –Қар жауса жақсы болар едi. Отарларды водовозбен суарып, үлгере алмай жатырмыз. Топырақ бораны етек-жеңiмiздi жинатар емес.Сонда Дүйсекең директорды мұқият тыңдап болған соң: “Менiң қоймамда қар жоқ саған беретiн, оның есесiне топырақ дауылы жетерлiк, қанша алсаң да бар», – дегенi.Директор өз сөзiнiң әбестiгiнен “ұялыс тауып”,  әңгiменi өзге бағытқа бұрып, орын алған олқылықтарды жоятынын айта бастаған.Ұлы Отан соғысының ардагерi Iзтұрған Мендiқұлов ақсақал кiм-кiмге де “бетiң бар, жүзiң бар” демей тiке айтатын, “сын түзелмей мiн түзелмейдiнi” ұлағат тұтатын адам едi. Дүйсекең шақырды деген соң барсам, қабылдау бөлмесiнде бiраз адамдар отыр екен. Iштегi адамның көтеріңкi кейiстiк дауысы бiзге де естiлiп қалады. Бұл қатқыл мiнездiң иесi Iзекең ақсақал екенiн бiле қойдым. Ол кiсi шыққаннан кейiн кезегi келiп тұрғандар кiрмей кете бастады. Уәждерi: “Бiздiң мәселелерiмiз шешiле қоймас, өйткенi мына ақсақал бiрiншi хатшының көңiл-күйiн бұзып кеттi ғой”.Шақырумен келгендіктен мен кiрдiм iшке. Ашулы Дүйсекеңдi көрмедiм. Бұрынғысындай жайбарақат.-Әлгi ақсақалды бiлесiң ғой, – дедi маған.-Иә, -дедiм.-Ізекеңнің көтерген мәселелерiнiң бәрi орынды. Тек бiр кемшiлiгi бар. Ашуға жеңдiрiп, айтпақ ойын дұрыс жеткізе алмай қалады ағамыз – дегенi.1986 жылдың мамырының аяғында жайлаудағы малшыларды аралай жүрiп Ленин ордендi аға шопан Қазығұл Басшиевтың үйiне келiп қондық. Қазекең Дүйсекеңмен құрдас екен. Әр 100 саулықтан 150-ге дейiн қозы алып жүрген кезi. Дүйсекең өзiнiң жастарды патриоттыққа тәрбиелеу жөнiндегi алғашқы кiтабына сол бойда автограф жазып ұсынды. Ол мынандай екi шумақ өлең екен.                  Құрдасым менiң Қазығұл,                  Келесiң көптен көш бастап.                  Әлi де озар сен дүлдiл,                  Әр жерден аяқ бiр тастап.                  Кiтапта осы атағың,                  Сақталған мәңгi естелiк.      Жазылды жолдар шап-шағын,                  Жүруге әркез ескерiп.                                           28.05.86..Дәуқара жайлауы-делiнген.Кiтапта Қазығұл жөнiнде, оның ерлік еңбегі жөнінде жақсы  баға берілген жолдар бар  болатын. Осы  автографты оқығаннан кейiн сол бойда менiң де Қазекеңе мынандай әзiл өлең жолдарын жазып бергенiм есiмде. Абзал аға, Қазығұл!Жарасады әр кезде Дүйсе-ағамен әзiлiң.Құрметiне кiтаптың тағы да бiр шарықтау,Құрдасыңның назы бұл.Қойдың қоздап болып, төл санағы жүрiп жатқан кезең болатын. Осындай құрмет, ұсыныс-пікірлерге көңілі толған Қазекең ішкі мүмкіндіктерін ескере отырып, қозы санын 155-ке жеткізіп, облыста бірінші орын алған еді.Аудандық партия комитетiнiң бюросында Сарықамыс поселкелiк кеңесiнiң төрағасы Мұқан Махуовтың коммунистiк есебi тыңдалатын болған. Мұқан Сарықамыстан әуелi Боранқұл ауылына барып, одан Бейнеуге пойызбен баруды жоспарлайды. Пойыз ол кезде (Атырау-Ақтау пойызы) Бейнеуге мезгiлсiз уақытта, таңғы 4-тiң шамасында келетiн. Мұқан ұйықтап қалып Бейнеуден өтiп кетiп Сай-Өтес стансасынан бiр түседi. Бюроның уақыты өтiп бара жатыр. Амалсыз Бейнеуге аудандық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмi меңгерушiсiне телефон соғып жағдайын айтады. Меңгерушi iшкi телефон арқылы бiрiншi хатшымен хабарласып, бюроны бiрер сағатқа шегере тұратынын, ал Мұқанның жүк пойызымен болсын, өзге көлiк болсын тез жетуiн тапсырады.Мұқан жүргелi тұрған жүк пойызына мiнiп алып, бюроға үлгерем ғой деп ойлайды. Бiрақ пойыз алды ашық бос болған соң Бейнеуге тоқтамай өтiп кетедi. Мұқан ендi амалсыз Боранқұлдан бiр түседi де, стансаға ентiгiп келе сала Бейнеуге тағы звондайды.-Әло, мен Махуов қой, -дейдi ол бөлiм меңгерушiсiне, – Опорныйдан сөйлесiп тұрмын, жүк пойызы тұрмай өтiп кеттiм.Меңгерушi ашу шақырып, ұрсып алып, “Бiлмеймiн қалайда жет. Бюроны бұзғаның үшiн партиялық жазаң дайын” деп зiлденедi. Мұқан стансадан жүгіре шықса бiр жүк пойызы жылжып бара жатады. Жан сала жүгiрiп, ең соңғы вагонның қарауыл отырар жерiне жандәрмен күйi жабысып мiнедi. Шаң-шаң, күйе-күйе болып меңгерушiге барса, ол сызданып бiрiншi хатшыға барып өзiң түсiндiр, – дейдi.Мұқан бiрiншi хатшының кабинетiне жасқаншақтанып кiрiп: “Салаумағалайкум, аға” – дейдi. Бiрақ бiрiншi хатшы естiмегендей болып алдындағы қағазға үңiлiп, жұмысын жалғастыра бередi. Мұқан шеттегi орындықтың бiрiне үнсiз отыра кетедi.  Бiр кезде Дүйсекең басын көтерiп есiк алдындағы адамға назар салғанда Мұқан орнынан атып тұрып тағы да “Салаумалейкум, аға!” – дейдi.Дүйсекең кнопканы басып қалып бөлiм меңгерушiнi шақырады да : -Бюро мүшелерiн шақыр. Махуовқа сақ бол, тағы кетiп қалып жүрер – болыпты бар айтқаны.Бюро үстiнде кейбiр мүшелерi Махуовтың әрi-берi өтiп, өздерiн мазақ қылғандай мiнезiн кешiре алмай, партиялық жаза мен қызметiнен босатуға дейiн шара қолданған жөн дей берiптi. Сонда Дүйсекең “Жолдастар, Махуовтың қызметiнде кемшiлiк болса соны айтыңдар, шалғай ауданда жол тауқыметi болады ғой”, – дегенде өзгелер оның қызметінен кемшiлiктердi дәл басып айта алмай қалыпты. Бюрократтығы жеңген өзге адам болса, Махуовты қызметiнен босатып тынған болар едi. Бұны жас кадрларға қамқорлық көзқарас десек лайық болар.     Мына бiр оқиға естен кетпейдi. Ол 1991 жылғы 10 желтоқсанда Республиканың бүкiл халқы тұңғыш рет бiрауыздан Президент етiп сайлаған Нұр-Ағаның өз қызметiне кiрiсуiне арналған  республика Жоғарғы Кеңесi сессиясының салтанатты  мәжiлiсiне бару кезінде болған еді. Мәжiлiске қатысуға әзер үлгергендiгiмiздi келгеннен кейін жазған “Әруақ жебеп...” атты мақаламда былай келтiрген екенмiн:«Бiз 9 желтоқсан күнi жергiлiктi уақыт кешкi 9-дағы Ақтау-Алматы рейсiмен ұшуымыз керек едi. Жоғарғы Кеңестiң депутаттары, өзге де адамдардың бiразы алдыңғы күнi ұшып кетiптi.Осы салтанатты мәжiлiсте тұңғыш Президент депутаттар мен әр облыстан келген өкiлдер алдында Ант қабылдауы тиiс екен. Ал бұндай рәсiмге қатысу бақытына ие болу әркiмнiң маңдайына жазыла бермейдi.Алып -ұшқан көңiлдi кенет су сепкендей басып тастаған хабар келдi. Әлгi бiз ұшатын рейс жанар май жоқтықтан Алматыдан Ақтауға ұшпай қалыпты. Мәссаған... күнделiктi қарапайым рейс болса бiр жөн. Тәуелсiз Қазақ елiнiң тұңғыш Президентi Ант беретін сессияға бара жатқан бiлдей бiр өлкенiң өкiлдерiн әкелмек самолеттi астанадан ұшырмай тастауды қай саққа да жүгiртiп, алып-ұшпа әңгiмелер желiсiне айналдыруға болатын едi.Бұл жерде бiздердi бастап бара жатқан облыстық Кеңес төрағасының орынбасары Дүйсенбi Әрiпов сабырлылықпен “бұлай болуы тиiс емес, астанаға ұшудың бар мүмкiндiгiн қарастырамыз”, -дедi.  Хабарды күтуге тура келдi. Қай тараптан болса да Алматыға бағыт алатын өзге рейс жоқ болатын.Дүйсе-ағаң бұл  іспен тікелей өзі араласып, облыстағы авиакәсіпорынды басқаратын адамды іздесе таптырмапты, сөйтіп Алматының аэропортына бір-ақ шығып мән-жайды  түсiндiрiптi. Астананың қонақ үйiндегi облысымыздың басшысы Ф.А.Новиковті тауып алып қиын жағдайды айтыпты. Сонымен ұзын сөздiң қысқасы, Сочи-Атырау-Жамбыл-Алматы маршрутымен ұшатын самолеттi Атырау емес, Ақтауға бұрғызыпты.Қырсыққанда қымыран iридi дегендей, әлгi самолеттiң салонында бәрiмiз түгел сиятын орын болмай шықты. Бiзден төрт адам қалуы керек болды. Бұл жерде де облыс басшысы Дүйсе-аға маймөңкелемей бiрден облыстың да өз алдына территориялық-әкiмшiлiк екенiн, бұл адамдардың жай сапармен емес, республика өмiрiндегi саяси мәнi бар жиынға кетiп бара жатқанын, сондықтан  ешкiмнiң де қалуына болмайтынын аэропорт қызметкерi-пысықай жас қызға түсiндiрiп (ал әлгi жас тым паң едi), егер мәселе шешiлмейтiндей жағдайда экипаж командирiн өзiне жолықтыруды өтiндi. Осы жерде бiзбен бiрге Ақтау қалалық Кеңесiнiң төрағасы Баев та ұшқалы тұр едi. Өкiнiшке орай, ол қалалық Кеңестiң төрағасы ретiнде шешiмдiлiк таныта алмады, оның есесiне «аэропорттың өз заңы бар, оларға әкiмшiлiк жүргiзе алмаймын» дегендей сыңай танытты.Не керек, бәрiмiз де әлгi самолетке сыйып кеттiк. Бұл түнгi сағат 4-тiң шамасы болатын. Алматыға келгенде сағат 9 едi. Бiздердi Жоғарғы Кеңестiң кезекшi қызметкерлерi күтiп алып, арнайы автобуспен “Қазақстан” қонақ үйiне орналастырды. Бұл 10 желтоқсан едi...».                          Бұл жерде ең басты мәселе Дүйсекеңнiң басшы ретiндегi шешiмдiлiгiн айтқымыз келгенi. Әйтпесе бiз, бiр топ жергiлiктi халық өкiлдерi Алматыға ұша алмай, сөйтiп тарихи сессияға қатыса алмай пұшайман болып қалатынымыз сөзсiз едi ғой. Дүйсекең Маңғыстау түбегiнен бiрнеше оқу орнын бiтiрген алғашқы бiлiмқұмар түлектердiң бiрi. Ғылыммен айналысып Алматыда қалуға ұсыныс жасалғанда отбасылық себептермен елге оралады. “Сен Алматыдан гөрi елге, Маңғыстауға керегiрексiң” деген ағасы Бисенбiнiң сөзi айна- қатесiз дәл келдi. Жаңа өркендеп болашаққа қанат жая бастаған кәрi Маңғыстаудың феникс құс тәрiздi қайтадан жасарып, түлеуiнiң басында Дүйсекеңдер тұруы керек екен. Және солай болды да.Алғашқы еңбек жолын мұғалiмдiктен бастаған ол, көп ұзамай Маңғыстау аудандық “Еңбек туы” газетiне бөлiм меңгерушiсi болып келдi де, одан әрi аудандық партия комитетiнiң ұйымдастыру бөлiмiнiң нұсқаушысы, меңгерушiсi, аупарткомның хатшысы тәрiздi лауазымдарға сатыланып көтерiле бердi. 1973 жылы Маңғыстау облысымен бiрге жаңа құрылған Бейнеу ауданына ауатком төрағасы етiп жiберiлдi. Кейiн Маңғыстау облыстық партия комитетiнiң ұйымдық-партиялық жұмыс бөлiмiнiң меңгерушiгiнен осы аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшылығына жұмсалады. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаттығына сайланды. Облыс қайта құрылғанда облыстық кеңес төрағасының орынбасары, кейіннен төрағаның мiндетiн атқарушы болды. Бокс өнерiмен айналысқан Шоқыр Бөлтековтен кейiнгi  осы өңірден шыққан екiншi былғары қолғап иесi осы Дүйсекең десе болады. 4 жыл бойы ҚазМУ-дың чемпионы болу да аз жетiстiк емес.Әрiповтер әулетiнен үш бiрдей қаламгердiң шығуы да сирек құбылыстың бiрi. Бисенбi аға өмiрден көрiп,  түйгендерiн үнемi қағазға жазып, шежіре кiтап етiп шығарып  тәлiм-тәрбие-тағылым  үшiн көпшiлiкке ұсынып отырса, оның ұлы Ғалым республика танитын ақын, драматург, әрi публицист, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, тұшымды бiрнеше кiтаптың авторы.Ал Дүйсекең еңбектерi өз алдына бiр төбе. Оның қаламынан “Маңғыстау-маңғаз мекенiм”  (ағасы Бисенбiмен бiрге жазған), “Өркендi өлке, өнегелi өмiр” (көрнектi мемлекет қайраткерi С.Мұқашев туралы) кiтаптары  мен мерзiмдiк баспасөздерде жиi жарияланып келе жатқан публистикалары, очерктерi, эсселерi, мақалалары оқырманды бей-жай қалдырмай отан сүйгiштiкке, адамгершiлiкке, шыншылдыққа тәрбиелейтiн құнды дүниелер екенi даусыз.Дүйсекең ұзақ жыл партия, кеңес басшы қызметтерiнде болып, ел басқарып, қазыналы түбектiң өркендеуiне сүбелi үлес қосқан тұлға. Оның бойына жиналған мол тәжiрибелi биiк парасаттың көргенi де, көңiлге түйгенi де көп екенi ақиқат. Ол тәрбиелеген шәкiрттер қазiр ел дәулетiн еселеу жолында үлгiлi еңбек етiп келеді.Ең бастысы, тек қана кіршіксіз тазалық пен әділдік, шындық пен бүкпесіз туралықты ту еткен тұғырлы тұлғаның өмір бойы әлдебіреулердей бәсеке-байлықты емес,  адалдық пен мәрттікті, рухани кемелдікті уағыздап келе жатқаны. Барынша талғаммен жинақталған бай кітапхана Дүйсекең шаңырағы төрінің бірден-бір қасиетті  мирас - мұрасы  іспетті әсер қалдырады.Түлеген түбектің ләйім намысын қорғап, сан- алуан елдік істер мен қоғамдық шараларда биік мінбелерден, теледидардан  сөйлеп, елдік, халықтық сипатымызды, тіл мен дәстүр, ата тарихымызды түгендеу, ұлттық жадымызды жаңғырту тәрізді ұлағатты да өнегелі жолды  өсиеттеп келе жатқан өр мінезді, кесек болмысты ағамыз «Қазақстанның  еңбек сіңірген қызметкері», Тұщықұдық ауылы, Бейнеу ауданы, Ақтау қаласы және АҚШ-тың Даллас қаласының құрметті азаматы.Ел ағасы Дүйсенбі Әріпұлын саналы ғұмырының заңғар биігі  - 75 жасымен  құттықтай отырып, Қарлығаш жеңгеймен бірге  бала-шағаларының, немерелерінің қызығын көре беруіне ізгі тілек арнаймыз.Қашанда жаныңыз сергек, ойыңыз кемел, шалдырмас шабысыңыздан таймай, киелі Маңғыстаудың  қалқан мен семсеріндей алға ұстанар, арқа сүйер атпал Азаматы, тұлпар желісті текті Тарпаңы болып маңдайыңыз жарқырап жүре бергейсіз демекпіз.                                        Айтуар Өтегенов,                                        Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.