ВЕРНУТЬСЯ

«Булыойық Оңтүстік Үстірт (Атанияз) өңіріндегі жер асты үңгірі. Тереңдігі 200-300 метр. Үш қабатты алып киіз үй тәрізді күмездерден тұратын бұл жұмбақ үңгірдің түбінде көздің жасындай мөп-мөлдір су көзі бар. Үңгірдің ішкі ауасы жаздың ыстық айларында айрықша салқын болады да, қыс айларында керісінше жылы болып, табанындағы судан көтерілген бу сыртқа шығып жатады. Осыдан үңгір Булыойық деп аталған. Үңгірдің сырттағы аузында қой тастан қашалған шағын астау бар. Булыойық үңгірінің аузына дейін келіп жатқан сайдан қазылған құдықтың қай заманда болса да адамға қызмет етекені осыдан байқалады» - деп мен «Маңғыстау энциклопедиясында жазған едім.Енді осы Булыойыққа қалай кезіккенім және одан кейінгі болған жайлар туралы қысқаша баяндап өткім келеді.Шөл және шөлейт аймаққа орналасқан  Бейнеу ауданында қыста азды-көпті қар түскенімен жазғы тұрғы аңызақ оны кептіріп кетеді де, жауын өте сирек болады. Осыған байланысты, малға қыстық азыққа деп шөп шабатын шабындық болмайды. Сондықтанда не шабындық жер, не сататын шөп болама деп жаз шыға ауданымыздың, содан кейін көрші аудандардың территорияларын аралаймыз, әрісі республикамыздың басқа облыстарына дейін шығамыз. Мысал келтіретін болсақ, аудан құрылған 1973 жылдан бастап біздер Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Ақтөбе, Орал, Атырау облыстарының аудандарында болып әр жылы бірнеше мыңдаған тонна пішен алуды ұйымдастырдық. Бұл аса жауапты іске аудандық партия комитетінің бюро мүшелері, оның ішінде ауткомның төрағалары Б.Сарбалаев, Қ.Нұрғалиев жолдастар тікелей араласып отырды. Кейбір жылдары Бердібай Сарбалаев, Қуандық Нұрғалиев үшеуіміздің, кезектесіп, Қарақалпақ АССРы-нан шөп келтіруді ұйымдастырған кездеріміз де болды. Бірақ олардан алған шөбіміз уақ туралып, жемге қосып бермесе, малға ас болмайтын сапасыз күріш сабағы болып келетін. Ол шөпті малшылар «мынау малға азық болу былай тұрсын, ит ықтамас бірдеңе ғой» - деп күліп жүретін.Сондай бір мал азығына қардер болған кез 1985 жыл еді. Бұл жылы аудан территориясында шабатын, басқа аймақтардан келтіретін шөп болмағандықтан облыстық партия, атқару комитеттері мен ауылшаруашылық басқармасының ұсынысы бойынша, шөп шабуға болады деп есептелген Оңтүстік Үстірттегі «Атанияз» аймағынан  (Түркменстанмен шекаралас) шөп шабуға «Маңғыстау», «Сыңғырлау» совхоздарынан арнайы пішен бригадалары жіберілген болатын. Осы бригадалардағы жұмыстың жәйін және шөптің түсімін байқау үшін 1985 жылдың тамыз айында біздер: «Сыңғырлау» совхозының директоры Наурыз  Балмұқанов, аудандық газеттің редакторы ақын Айтуар Өтегенов (кейін  Қазақстанның жазушылар одағының мүшесі атағына ие болды), аталған совхоздардың инженерлері, екі жүргізуші (бірі аутпартком шофері Әлімбай Тоқмұрзин) және мен болып жолға шықтық.Жер арасы өте шалғай, «Атанияз» Бейнеуден 400 шақырымдай қашықтықта. Сондықтан да шыққан күні елсіз далаға түнеп, пішеншілер қосына ертесіне түс кезінде әрең жеттік. Келсек жағдай онша мәз емес екен. Жазда Бейнеуде көлеңкедегі температура 40-44 градусқа дейін көтерілетін кездері болатын. Бұл жер оданда ыстық болып шықты. «Біздің жақта күн ыстық дегеніміз жәй әшиін бос сөз екен. Нағыз ми қайнатар ыстықтың көкесін осында көрудеміз, күн шыға ыстық 40 градусқа көтеріледі, арғы жағын өздерің біле беріңіздер. Сағат 12-ден 4-ке дейін күн астында жүру мүмкіндігі жоқ болғандықтан жұмысты таңғы 5-тен бастап, кешкі сағат 10-ға дейін жүргіземіз.Шөп түсімі өте аз. Сонда да барын шауып жатырмыз, мақсат мал қажайтын азда болса қолға ілінгенін апару ғой» - деп ағынан жарылып жұмыс жайынан хабардар етті айрықша  ірі келген, батыр тұлғалы «Маңғыстау» совхозының белсенді азаматы Саясат Еңсегенұлы.Шынында да жағдай өте ауыр екен, тамақтары бар, бас пана етіп жер үйлер қазып алған пішеншілер күнелтіс жасағанмен де шөп түсімі аз, еткен еңбектері босқа кеткендей болуы олардың кейде ренішін туғызып жүргенде сыңайы бер екен.«Атаниязда» осы кезде бар делінген түйе, қой, ешкі малдары сүйсініп жейтін алабота тұқымдасына жататын шала бұта – күйреуік, ірі бұталы шөптер өткен жылдары мол шығып соңынан жауын болмағандықтан күйіп кеткен, шапқан, тюктеген кезде опырылып сынып, тек түбірі ғана қалатын, соның өзінде түсімі әр гектарынан бір центнерге жетпей- 800-900 кг болып отырған дүние болып шықты. Осы жайды білгеннен кейін біздер бұл жерден шөп шабуды тоқтатып елге қайтуға ұлықсат етіп, азда болса шабылған пішенді тасып алуға қосымша машиналар жіберуге уәде беріп кері жүріп кеттік.Бұл кез түскі сағат 12 мен 1-дің арасы болатын...Енді осы әңгімеге негіз болған Булыойыққа оралайық.Мана келе жатқан жолда Наурыз бізге «осы жолмен бұрында жүрдім, оң қол жақта жолдан онша қашық емес жерде бір ағаш белгі бар, сол белгі Булыойыққа таяу жерде тұрған» - деп өзіне тән жолшыл да аңғарғыштығы арқасында адастырмай Булыойықты бізге көрсеткен болатын. Сонымен бірге бұл үңгірдің ауызы демалуға өте қолайлы – барынша салқын болатынын да еске салған. Олай болса бұл жерге қайтар жолда тоқтап демалып – түстік жасармыз, әлі ертелеу ғой деп ілгері жүріп кеткен едік.Енді, міне , сол Булыойыққа қайта келіп бас тіредік.Булыойық дегеніміз шынында да Үстірттің қақпақтай тегіс жерінің бір ойыс түскен жерінен басталып, әрі қарай белгісіз қашықтықта жер астымен кетіп жатқан үңгір екен. Үңгірдің ауызы кең, қанша адам болса да сыйып отырғандай шамасы бар, әрі ыстықта жанға жайлы салқын-самал ауасы бар өте ғажайып дүние екен. Оның біздер отырған ауызынан әрі қарайда біраз жерге дейін күн сәулесі түсетін тегіс жер бар. Үңгір ауызының ішкі формасы, жоғарыда айтқандай, бірнеше қабатты алып киіз үй сияқтанып келген, әлгі күн  сәулесі түседі деген жердің арғы жағы тас қараңғы. Бірақ,  бір кездерде осы маңайда экспедиция болып, оның адамдары сол қараңғы жерлердің өзінен де асқанын дәлелдейтін, фонарьмен жүрген адам көретін, жолдың жосағы бар. Сол жолмен жүрген адам үңгір түбіндегі көлге кезігетін көрінеді. Ол көлдің, ондағы судың мөлшері, қасиеті белгісіз болып келеді. Бұның бәрін бізге іскер де батыл, ақжарқын, топырағы торқа болғыр інім-досымыз Наурыз қызықтырып, ынтық етіп айтып болды да, түстік жасап біршама демалған бәрімізге жүріңіздер, сол көлді  көрелік, оның не ғажап екенін білелік деді. Өзінде елден ала шыққан фонарьда бар болып шықты. Бұл ұсынысқа менің сапарластарымның бәрі де қызығып, елеңдесіп барғанымызды мақұл көріп маған қарасты. Осыны байқаған мен: жарайды, сіздер барып қайтыңыздар, біз, Әлімбай екеуміз Сіздерді осы жерден күтелік дедім.Сонымен Наурыз, Айтуар бастаған 4 жігіт үңгір түбіндегі тылсым дүниенің тұңғиық сырын білуге орталарындағы жалғыз фонарьдің жарығына сүйеніп жүріп кетті де Әлімбай екеуіміз үңгір ауызында қала бердік...Арада біраз уақыт өтті, манағы кеткен «саяхатшылардан» әлі дыбыс жоқ, үңгір түбіне дейінгі жол 200-300 ақ метр деп еді, оған қарағанда келетін мезгілдері өтіп кетті, оларға не болған деп қобалжи бастаған кезімізде (бір сағат шамасы уақыт өткенде) дыбыстары шыға бастап, біздердің жүрегіміз орнына түсті. Дауыстар естілгеннен кейін көп ұзамай-ақ, күткен кісілеріміз келіп те қалды. Келгенде де жәй келмей арттарына жалтақ-жалтақ қарап қояды, өздері екі иығынан дем алып тұрғандарына қарағанда өте асығыс жүргендері байқалады, көйлектері сығып алғандай қара терге малынған (үңгір ішінің өте салқындығына қарамастан). Біздердің иә, қалай екен, не көрдіңдер деген сұрақтарымызға бірден жауап бере алмай күлген болады, бірақ күлкілерінің өзі де түсініксіз, күдік туғызғандай еді.Сонымен біраз демалып тыныққаннан кейін Наурыз бен Айтуар бірінің ауызындағы сөзді бірі қағып алып бару-келу кезіндегі сезімдері қорқынышқа, ал ұлы желісі үңгір аузында  жайбарақат отырған кісіге күлкіге толы төмендегі оқиғалы сапарларын баян етті.Үңгір аузының жарығы таусылып, фонарьмен жүретін кезден бастап-ақ , жалғыз аяқ көмескі жол біртіндеп төмендей береді екен де, ара-тұра бір биік, бір ойдым болып, кейде бойды тік ұстауға мүмкіндік бермегендей жағдайда жүрісті қиындата түскен. Осылайша біраз жүргеннен кейін үңгір түбі-көл жиегіне қашан келеріне көздері жетпеген екі инженер әлгідей бір биіктеу шоқыршақтың басында қалып қояды да Наурыз бен Айтуар мақсаттарына жетпей жолдан қайтып кетуді өздеріне сын көріп, қой не де болса барып қайтайық деп алған бағыттарымен ілгері жүре береді. Біршама жүргеннен кейін тағы бір биік тап келеді де бұлар баяғы аяқ жол жобасымен осы биіктіктің үстіне шығады. Осы   жерден фонарь арқылы төменге көздерін салса шынында да көз жасындай жылтырап жатқан суы бар, жалпы аумағы белгісіз көл көрінеді, ал жан-жақтарына қараса, өздері отырған биіктің екі жағы да сай, оң жақтағы сайдың түбінде бір ораулы нәрсе жатқанға ұқсап қарауытады, анықтарға шама  жоқ, құлақ түрсе тілсіз меңіреу тыныштық –міне осының бәрі бұл екі «батырдаң» жүректерінің соғысын жиілетіп, қорқыныш сезіміне бөлей бастайды. Денгенмен қол созым жердегі көл суына бармай кері кетуді лайық көрмей, екеуі де сырғып төменге бір-ақ түседі, түскенмен де көлдің  суын байқамай олар көлге түсіп кете жаздайды. Айтуардың аяғына тиіп ұшқан тас алда жатқан көкпеңбек жерге шолп ете түседі де, бұлар қалт тұра қалады. Абырой болғанда әлгі аяққа сүрінген тас бұларды құтқарып қалады. Көкпеңбек болып жатқаны үңгірдегі көлдің түбі екен, теңіздің суындай мөп-мөлдірліктен судың түбі көрініп жатады. Осы жерде Айтуар көлге дейін келгендіктерін дәлелдеу үшін оның жиегіндегі кебіртіктеніп жатқан аппақ құмшекер түстес (тіпті одан да ақшыл) ақ ұнтақты бет орамалына түйіп алады (соңынан бізге көрсетті де).Бұл мылқау қара түнекті жерден тез кетелік деп кері бұрылса жағдай тіпті қиын екен. Өйткені,біріншіден, олар секіріп түскен кезде байқамапты, әлгі бұлар отырған түйе тайлы жарлау -  биік көл жиегінен кісі бойы жетпегендей едәуір биікте екен, екіншіден, ғасырлар бойы көл жағасында тұрып су сіңді болған кедір-бұдыр жартастардың жылмық беті қолға ұстатпай сырғып әлекке салыпты.Сонымен, екеуі кім бұрын биікке шығуы керектігін сөз еткенде Наурыз әуелі мен шығайын, сен жарық салып тұр және де демеп жібер, сен соңынан шығарсың – жеңілсің ғой деп «кеңес» беріпті. Осылайша келіскеннен кейін биіктікке аман- есен шыққан Наурыз фонарьді Айтуарға қайтарып беріпті де (жарық салып отыру үшін еңкеюге құлап кету қауіпы бар деп есептеп -  шынында да солай болған), тастардан ұстап тартамын деп өзіңе қарай құлатып алма деп «ақыл» айтумен болыпты. Оның көмегі осымен шектелген.Енді нағыз қиындық, қасында көмекке келер кісі жоқ, Айтуардың басына түсіп, аман-есен шығу оған үлкен қиыншылық әкелген. Ілгері ұмтылған сайын жылмағай тастардан ұстаған қолы сырғи беріп, әбден азап берген. Ақырында бір қолына фонарын байлап алған Айтуар да ілекерлеп әлгі биікке көтеріліп, Наурыз екеуі, үн-түнсіз ілгері қарай жөнеле беріпті, оларға орта жолдан манағы екі жігіт қосылып, бәрінің асып-сасып бізге жеткен көріністері жоғарыда айтылғандай еді.Наурыз бен Айтуардың Булыойықтың түбіндегі көл суына барып келу сапарларының ұзын-ырғағы осындай.Булыойық үңгіріне саяхаттың қорқынышты болғанына қарамастан сәтті аяқталуына қуанған біздер салқын түсе елге жүріп кеттік.Ал біздің «батырлардың» қолдарын батырып, дәмін татуға батылдары жетпей жүрген әлгі көлде, бұдан бұрын мұнда келіп көрген Аман Жүнібековтың айтуына қарағанда, тұп-тұщы мөлдір су бар көрінеді.«Коммунистік жол» (облыстық) газетінің 1986 жылдың желтоқсан айының 27-сі жұлдызындағы нөмірінде Өтегенов Айтуардың «Булыойық» деген өлеңі жарық көрді. Онда мал азығын іздеп жолға шыққан хатшы (мен), директор (Наурыз), тілші (Айтуар)- үшеуінің Булыойыққа кезіккені туралы әңгіме  болады.Осы оқиғаның ізімен әзіл-қалжың ретінде төменгі жолдарды жазған едім. Әзілімнің негізі Наурызға арналған. Өйткені менің анам – Орынның әкесі Торқабай деген нағашы атамыз Қаратоқай беріш еді. Соған сүйеніп нағашы – жиен ретінде Наурыз екеуміз жеңіл әзілдесіп жүретінбіз. Менің осы жазғандарымды оқыған Наурыз «хатшылар біздерге мал азығын табуға қол үшін беруге дәрменсіз болған соң енді өлең жазатын болғандары ғой, шамасы»- деп күлген еді. Сондағы менің жазғандарым мынау болатын:...«Уф» деп демін алды тыңға шығып,Қайтқандай ескі көгі жауын жығып.Салмады артта қалған тілшіге зер,Демеді «көмектесем қолыңды бер».Керісінше, айтты «ақыл» салмақтана:«Құлатпа, қиятасты, байқап қара.Фонарь да болсын сенде ,берме маған,Ол енді керегірек менен саған».Директор осыны айтып қалды үнсіз,Тұр жартас Тілші алдында мылқау-тілсіз.Қамықты Тілші сонда ауыр ойда,Шынымен кетем бе деп ізсіз – түзсіз.Қиындық ойда-жоқта түсті басқа,Пайымдап көз жіберді мылқау тасқа.Ерліктің серігі ғой жастық жігер,Жүректе жалын оты болса егер.Ширықты енді Тілші «ердің ері»,Фонары әлгі айтылған бар сенері.Қолына оны қайта байлап алып,Ұмтылды тәуекелді, алға салып.Тар үңгір, жардауыт тас, тірегі жоқ,Ұстаса-ақ опырылып кетердей боп.Қинады жас жігітті алға ұмтылған,Болады шықса аман көңілі тоқ.Тарамыс, қайраты мол, Тілші мықты,Қиялап тайғақ жарды жымбыл-жықты.Сарп етіп осы жолға бар қайратын,Тың жерге талаппенен о да шықты.Алқынып Хатшы алдына келді олар,Біткендей бір үлкен іс көңіл толар.Өздері қара терге түскен әбден,Қажыған, айырылғандай қуат-әлден.Осылай болған жайды айтып салды,Бәрі де біразырақ күліп алды.Хатшы айтты, «зауал ауды, жүрелік» - деп,«Булыойық» сырын ашпай артта қалды.