ВЕРНУТЬСЯ

Қай кезде де Маңғыстау халқы тіл майын тамызатын шешендерге, айырықша тапқырлығымен ел есінде қалған сөз шеберлеріне кенде болмаған. Сондай сөз шеберлерінің бірі кеше ғана ортамызда жүрген, Маңғыстауға кеңінен танымал Жұбаев Құлшық ағамыз болатын.Ел арасында жиі болып тұратын бір бас қосуда заманы бірге, жастары қатар, сөзге жүйрік бірнеше кісі әрқайсысы өз аймағынан, өз руынан шыққан, ел үшін игілікті істер атқарған, өмірдің әртүрлі салаларында көзге түскен, ауызға ілінген көрнекті азаматтарды мақтанышпен айтып, бір-біріне дес бермей отырады. Сол кезде Құлшекең: иә, қалай, айтып болдыңыздар ма? дегендей айналаға сұраулы пішінде көз тастап алып: « бәріңіз де дұрыс айтып тырсыздар, ол кісілердің қай-қайсысы да мақтауға тұрарлық қабілет пен талант иелері екені дау туғызбақ емес. Алайда, «Ақмышта туып, АҚШ-та озған» кімдерің бар, айтыңдаршы, кәне» депті. Құлшекеңнің бұл «сайыста» бір ауыз сөзбен жеңіске жетуіне себепті болған тұлға Шайырдың «Ақмыш» жерінде өмірге келген даңқты желаяқ, 200 метрге жүгіруден бұрынғы КСРО-ның бес дүркін чемпионы, рекордшысы, 2 алтын, 3 күміс, 4 қола медальдармен марапатталған, Европа кубогінің иегері, «Ғасыр бәйгесі» атанған АҚШ пен КСРО эстафеташыларының бәсекесінде жеңіске жетіп, АҚШ Президенті Джон Кеннедидің інісі Роберт Кеннедимен (оның өтініші бойынша) суретке түскен, төрткіл дүниеге танымал болған әйгілі Әмин Елемесұлы Тұяқов еді. Оның үстіміздегі жылдың 12-ші ақпанында 70 жасқа толуына орай қолыма қалам алған кезімде мақалама тақырып болып Құлшекеңнің жоғарыдағы тапқыр сөзі ойыма оралған болатын. Оның жеңіл атлетика саласындағы ғажайып өмірі кешегі күні белгілі жазушы жерлесіміз Маршал Әбдіқалықовтың «Желаяқ бала» кітабында тамаша суреттелген болса, бүгінгі күні ол Қазақстан құрамасының бас бапкері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спортқа еңбегі сіңген шебер. Он тоғыз жасында Қазақстан құрама командасына алынып, жиырма үш жасында  КСРО құрамасына кірген Әмин ағаларын осы күнгі өрендер үлгі тұтатыны айдан анық. Әр кез тек өзіне тән сыпайы да, биязы қалпынан аумайтын Әмин өзінің биік даңқына қарамастан аса кішіпейіл, қарапайым азамат. Басына қандай қиындық түссе де Әмин өзгеден, басшы орындардан көмек сұрамады. Бұған оның инабаттылығы, атадан келе жатқан намысқой тектілігі жібермейтін.Тек спорттық жарыстар кезінде аяқта қалған жазылуы аса қиын зақымды емдетуге бұрынғы Премьер министр Нұрлан Балғымбаевтың қол ұшын бергені жөнінде жиі айтып, бұл азаматқа шексіз алғысын білдіруде.  Әйгілі спорт шебері Әминнің саналуан қиын да қызықты  өнегелі өмірінде спорт биіктіктерін бағындырумен қатар, өзге де айтулы оқиғалар, естен кетпес сәттердің болғаны белгілі. Солардың бірін еске алсам, ол 1993 жылғы қараша айының 12-ші жұлдызында Алматы қаласында М.Әуезов атындағы драма театрында Әмин Тұяқовтың құрметіне Қажымұқан қайырымдылық қоры ұйымдастырған салтанатты кеш еді. «Атқан оқтай зулаған...» деп аталған осы шараның өтуіне байланысты қор тарапынан арнайы шақырту алғаннан кейін Маңғыстау облысы атынан бір топ делегация Алматыға келіп жеттік. Түстен кейін театрға келгенімізде Алматының әсем ақ жаңбыры себелеп қарсы алды. Біздер бұны Әминнің тойына орай жақсылыққа жорыдық. Әминге арналған мерекелік кешке қазақ руханиятының бүгінгі көш басшысы атанған әйгілі жазушы Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуле келіні Кларамен, қазақ халқының  ақын қыздары Фариза Оңғарсынова, Ақұштап Бақтыгереева,  ақын Тұманбай Молдағалиев, спорт жұлдыздары – қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы, Әбдісалан Нұрмаханов, Әбілсейіт Айханов,  Серік Қонақбаев, ДәулетТұрлыханов, Мұстафа Өзтүрік келген екен. Сондай-ақ, басқа да Әминді құрмет тұтатын республиканың әдебиет, мәдениет қайраткерлері, сол кездегі Туризм, дене шынықтыру және спорт  министрі Қаратай Тұрысов бастаған министрліктің жауапты қызметкерлері, спорт әуесқойлары, қала халқы кең сарайды лықа толтырғаны сонша, залда ине шаншар жер қалмады десе де болғандай еді. Осы кездесу еске түскен сайын Отанымызда Әминге деген ықылас пен құрметтің осыншама жоғары болғанына қуанасың. Ауқымы мол, жауапкершілігі жоғары Қажымұқан қайырымдылық қорының тұсаукесер тойы республикамызда алғаш рет жерлесіміз Әмин Тұяқовқа арналды. Өйткені, ол кешегі Кеңестер Одағында жеңіл атлетикадан чемпион болған тұңғыш қазақ еді.Осы салтанатты кеште Әмин туралы көрсетілген деректі кино ешқашан көз алдымнан кетер емес. Бұл киноны көрген де арманда, көрмеген де арманда десек артық айтқандық болмас еді. Жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарындағы бұл киношежіреде көрермендерге лықа толы, ауқымы кең сәулетті стадиондағы жанкүйерлер: «Тұяқов, Тұяқов...»- деп бар пейілдерімен қошемет көрсетіп, талмастан қол соғуда. Кинодан көріп отырмыз, біздің Әмин америкалық негрмен тайталаста алдын берер емес, зулаған күйі әріптесі, әйгілі жүйрік Ғұсман Қосановқа эстафета таяқшасын ұстатып үлгергені сол еді, бәйгі бермес тұлпардай тықыршып тұрған Ғұсман да бұдан әрі құстай ұшып, алдына жан салмастан мәреге жетті. Стадион дүр сілкінгендей болып, жеңімпаздарды тік тұрып құттықтады. Бұл АҚШ пен КСРО эстафеташыларының «Ғасыр бәйгесі» атанған жарысында біздің жігіттердің Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Николай Политико, Эдвин Озолиндердің тарихи жеңіске жеткендерінің көрінісі еді. Экраннан тағы да Әминді көреміз. Ол міне, 200 метр қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмай 20,6 секундта келіп, КСРО-ның жаңа рекордын жасады. Кино-шежіре Әминнің алған асуларын осылайша тартымды да таңғажайып көріністермен баяндап жатты... Бұл тойдың Нұрғиса Тілендиевтың өзі дирижерлық еткен «Отырар сазымен» ашылуы, жүргізушісі міндетін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Досқан Жолжақсыновтың атқаруы да Әминге деген айрықша құрметтің белгісіндей әсер қалдырған еді. Кеште Қажымұқан атындағы қайырымдылық қордың құрметті Президенті, министр Қаратай Тұрысов алғашқы болып сөз алды. Бұдан кейін ақындар Т.Молдағалиев, А.Бақтыгереева Әминге арнаған жұрекжарды өлеңдерін оқыды. Арқалы ақын Тұманбай Әминге деген ыстық ықылас-ниетін төмендегі жолдармен жеткізді:Мақсатыңа жолбарыс боп атылдың,Алғыр ойым, абыройым, ақылдым.Сағы ешқашан сынбау керек саңлақтың,Бағы әрқашан жану керек батылдың.Қазақ атын кім танытса әлемге,Құрмет, құрмет және құрмет сол ерге.            Ел көгіне жайнап шыққан жас жұлдыз,            Елі барда, белі барда сөнер ме?Театр сарайындағы алғашқы минуттерден бастап, тойдың соңына дейін Әмин Елемесұлына көрсетіліп жатқан думанды құрметке тек Әминнің отбасы, тек маңғыстаулықтар ғана емес, бүкіл қазақ халқы қуанды. Қажымұқан қайырымдылық қорының алғашқы тұсаукесер тойының даңқты желаяқ Әмин Тұяқовқа арналуы, оның тұсауын Әминнің өзінің кесуі бүкіл Қазақстан спортының мерейін өсіруге бағытталған ауқымды да маңызды шара болды.Тойдың негізгі иелері Әмин де, Алма да барлық жиналған жұртшылыққа, біздерге үлкен ілтипатпен ризалықтарын білдірді. Содан бері бірқатар мерзім өтті. Соған қарамастан Әмин спорттағы тәлімгерлік – ұстаздық өмірін талмай жалғастырып келеді. Міне, күні бүгін, Әминіміз 70 жасқа толып отыр. Құрметті Әмин, сол парасатты еңбегіңнің жемісін көре бер, шәкірттеріңнің биік көрсеткіштері сені қанаттандыра түссін, әрқашан мықты денсаулықта болып, халқыңның құрметіне, жанұя бақытына бөлене бер!