ВЕРНУТЬСЯ

Егемен еліміз қай жағынан да қарыштай дамып, ілгері қарай нық қадам басып келеді. Соның бір кепілі, соңғы жылдарда халықтың әлеуметтік- тұрмыстық жағдайының жақсарып,   елдің неше алуан дәстүрлерінің де кеңінен жаңғыра бастауы. Мерекелер, мерейтойлар орайында елге шын мәнінде еңбегі сіңген жақсыларымызды  жарқырата көрсетіп, көпке, әсіресе жастарға үлгі- өнеге ету бағытындағы оң бастамаларымыз да ләйім қолдауға тұрарлықтай.Жуырда Бейнеу ауданының жұртшылығы осы ауданның алғашқы кірпішін өз қолымен қаласып, іргетасын көтеріскен, шаңырағын тіктеуге бар күш- жігерін аямаған ел ағаларының бірі Дүйсенбі Әріпұлының облыс пен ауданымыздың 30 жылдығымен тұстас келген 70 жылдық асқаралы асуын кең ауқымда дүрілдетіп атап өтті.Аудан азаматтарының шешімімен мамыр мерекесі күндерінде аталып өткен осынау шара тәлімдік- тәрбиелік қырының маңыздылығымен ерекшеленді.Мерейтой иесін зайыбы Қарлығаш апай, бала- келіні Нұрлан- Гүлжанмен бірге қарсы алып құрметтеген аудан басшылары таңғы сапарды Ескі Бейнудегі Бекет ата мешітіне тағзым етуден бастады. Оларды аудан әкімінің орынбасары Қойшығұл Әбілшеев пен аудандық мәслихат хатшысы Құрманбай Ғайыпбаев ертіп дүрді. Бұл мешіттің айналасы баяғы кездердегіден әлде- қайда жаңарған, әрлі етіп жаңадан түнеухана бой көтерген, оның төңірегіне мыңнан аса көшеттер отырғызылып қоршалған.Аудан әкімі аппаратындағы кездесуде Басшы Айжанақұлы алдыңғы буын ағалардан тін тартып келе жатқан кадрлер тәрбиелеу мәселесіне назар аударды. Ең көлемді басқосу аудан орталығындағы мәдениет үйінде салтанатты жағдайда өткізілді. Әншиінде көп халық келе бермейтін мәдениет ошағы бұл күні халыққа ығы- жығы толы болды. Бір атап айтарлығы, олардың бәрін бірдей шақырып еш жерге құлақтандыру, жарнамалар да ілінбеген-ді. Соған қарамастан халықтың ел басқарған атпал азаматқа деген ықылас- ілтипаты айқын көрініс берді. Жас жеткіншектердің әдемі сөздері, тақпақтарымен басталған салтанат қошамет сөздерге, марапаттау, қол шапалақтауларға ұласты.Той иесі Дүйсенбі Әріпұлының өмірі мен қызмет жолдары, кісілік- адамгершілік қасиеттері туралы баяндама жасау осы жолдар авторының еншісіне тиген еді.Биыл орда бұзар отызға келген Бейнеу ауданы алғаш құрылған кезде Дүйсенбі Әріпұлына сол кездегі облыс басшылары зор сенім артып, жаңадан шаңырақ көтерген ауданның ұйымдастыру алқасына кіргізіп, депутаттар аудандық Кеңес сессиясында атқару комитетінің төрағасы етіп сайлаған болатын. Дүйсекең бұл жауапты да қиындығы мол қызметті, одан кейінгі қызметтерін де ерекше жігермен, біліктілікпен атқарғанын көзбен көргендердің бірі болған едім. Отыз жыл тарих үшін қас- қағым сәт болғанмен, адам баласы үшін бір ұрпақтың екінші ұрпақпен ауысатындай мезгіл. Осындай ұзақ жылда, әрі тың жерден түрен салғандай жаңа аудан құрған кезеңде, оған қоса айтарлықтай қиындығы болған  нарықтық кезеңде аудан басқарған Дүйсекең ұйымдастыру қабілетінің жоғарылығы, халыққа жайлылығымен ерекшеленді.Дүйсенбі Әріпұлының заман талабына сай мігір таппай, мінсіз қызмет еткен еңбек жолдары, әсіресе, осы Бейнеудегі кездері егжей- тегжей санаға жатталумен бірге, ақ қағазға айшықтап хатталған, көркем сөзбен көмкерілген «Маңғыстау- маңғаз мекенім» атты кітабында шынайы баяндалған. Өмірде біздің бірімізге ет-жақын туыс, енді бірімізге замандас, өзінен кейінгіге қадірлі аға, қайсыбір кездерде ақыл- кеңесімен көмекке келетін қадірлі Дүйсекеңнің облыс, оның ішінде Бейнеу ауданы тұрғындарының игілігіне жасаған ізгілік істері аз емес. Оны біз тізбелеп айтпағанның өзінде күні бүгінге дейін Бейнеу ауданының тарихынан ойып орын алған кешегі жылдардың еңбек жемісі дәлел болады.Осыдан 70 жыл бұрын қасиетті Маңғыстаудың қараойында дүниеге келіп , үш бірдей жоғарғы оқу орнын бітірген Дүйсенбі Әріпұлының іскерлік қаблеті, әсіресе, аудандық партия комитетінің  бірінші хатшысы болған кезінде айқындала түсті. Ол басшылықта болған 15 жыл ішінде аудан еңбекшілерінің ұйымшылдығы, тапсырылған іске жоғары жауапкерлігі арқасында Бейнеу ауданы шаруашылықтың сан-саласы бойынша тек облыс көлемінде ғана емес,  республика бойынша да алдыңғы қатарлы аудан болып саналды. Соның арқасында Бейнеу ауданы республиканың алтын кітабына жазылды. Сөйтіп, Дүйсекеңнің  облыс орталығынан 500 шақырым қашықтықта орын тепкен ауданымыздың жан-жақты, сан- салалы өсіп- өркендеуіне қосқан үлесі ерен еңбегімен көрініс тапты.Күнделікті өмір тәжірибесі көрсетіп жүргеніндей еңбектің нәтжелі болуына жауапты қызметтердегі басшы-мамандардың жетекші рөл атқаратыны сөзсіз. Міне, осы бағыттағы  маман таңдау мәселесіне аса мән берген басшы Дүйсекең болды десек жаңылмаспыз, сірә. Дүйсекең кадр таңдауда руына, туған өлкесіне қарап емес, оның іскерлік қаблетіне, біліктілігіне, бұған дейінгі атқарып жүрген қызметіне қандай жауапкершілікпен қарап келгеніне басты назар аударып отыратын.Дүйсенбі Әріпұлымен қанаттас- қатар аудан экономикасының әртүрлі саласындағы абройлы да табысты еңбектерімен танылған шаруашылық жетекшілері Сам құмы мен Үстірт үстінде, Жетіқақ жерінде төрт түліктің түлеп, ауылшаруашылығының өркендеуіне өзіндік үлестерін  қоса білді. Дүйсекеңнің бүкіл болмысы, ұйымдастыру қаблетімен ел ішінде биік беделге ие болған кезінде өзімен бірге аудан экономикасының өсіп- өркендеуіне ерекше ерік- жігермен, қарым- қаблеттерімен ойлары бір арнаға тоғысып, толымды табыстарға жетіп отыруға барлық күш- жігерлерін жұмсаған  аудан басшылары жайлы «Маңғыстау- маңғаз мекенім» атты кітабында: «Аупарткомның алғашқы бірінші хатшысы, партия, Кеңес жұмыстарында мол тәжірибе жинақтаған Арон Махуұлы Өтеуов, ұзақ жылдар ауатком төрағалары болып істеген Бердібай Сарбалаев, Қуандық Нұрғалиев мырзалар табиғат жағдайы аса ауыр, шалғайдан алғаш құрылған ауданның экономикасын көтеру, халықтың әлеуметтік жәйін, оқу- ағарту, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы жұмыстарды жақсарту жолында аянбай тер төкті.Ауданның әкімі Басшы Әзірханов, мәслихат хатшысы Айтуар Өтегенов мырзалар жұмыстарын Тәуелсіз елдің нарықтық экономика жағдайындағы талаптарына сәйкес құра біліп келеді. Осы талаптарға сәйкес кеңшарлар таратылып, қолда бар мал, техника, мал қоралары және басқа да жабдықтар жеке қожалықтарға көшіп, әрбір бақташының, механизатордың қоғамдық дәулеттен өз үлестерін алуларына жағдай жасалды... Ауданның әртүрлі деңгейдегі басшы қызметтерде болған М. Әжіғалиев, В.И. Гонтаренко, П. Темірәлиева, Г.Сейтмағанбетова, А. Әділов,М. Өтебаева, Г.В. Воротинцева, А. Шамшадинов,  З. Күзетбаева, Ш.Аманғалиев, С. Рзаев, К. Есмағанбетов, С. Жұмағалиев, И.Мұрасов, М. Нәсухаев, басқа да көптеген қызметкерлер аудан экономикасын, халықтың тұрмыстық жайын жақсартуға сүбелі үлес қосты... »-деп ағынан жарыла жазып, жұмыстастарының еңбегіне тиісті баға бергеніне де тәнті боласыз.Елдің игілігі жолында ізгілікті істерді жүзеге асыру жалпақ жұрттың қолдауымен, қалың елдің жұмыла кіріскен жасампаздық жұмыстарымен көрініс табатыны даусыз десек те , міндеттелген жұмыстарды мінсіз атқаруда «мың қосшыдан бір басшы» демекші, сол жылдардағы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Дүйсенбі Әріпұлының ұйымдастыру қаблеті әр саладағы табысты еңбек нәтижелеріне басты себеп болды. Кеңестік дәуірде кез-келген ауданның қолы жете бермейтін, бүгінде мұражай жәдігерлігі болған, бес жыл қатарынан алынған, ауданда мәңгіге қалдырылған Одақтық Қызыл Ту- соның айғағы. Ал партия мен комсомол, Кеңес органдарына сол кезеңнің талабын түсініп,басшылық, жетекшілік жүктерін тайсалмай алып жүретін, саяси жағынан да сауатты, күш- қайраты мол жалын жігерлі жас кадрлерді дөп басып –танып таңдай білуі, оларды дер кезінде қажетті жұмыстарға жіберіп отыруы- Дүйсекеңнің алдын болжаған көрегендігі десек қателеспейміз. Кезінде Дүйсекеңнің таңдауымен, талғамымен басшылық орындарға жіберілген жас кадрлар сенімді ақтап, аброй биігіне көтерілді. Аудан әкімі Басшы Әзірханұлынан бастап, мұражай басқарып отырған маған дейінгі аралықтағы көптеген ағаның «шекпенінен шыққан» шен иелері ықыластарын білдіріп, алғыстарын әрдайым айтып келеді. Құрметі мен сый- сияпаты қатар өрістеген мерейлі мерекеде Дүйсекең де ағынан жарылып: «Мен қайда, қандай қызметте де ағайын деп, жерлес деп бұра тартқан жерім болған жоқ.Осы ауданда қызмет еткен 15 жылда Қуантқан ,Ізтұрған ағаларыма жылына бір рет барып амандасатынмын. Басқа ақсақалдармен кездесулер өткізіп, ақылдасып отыратынмын. Осынша ма құрметтеп жатқан Сіздерге, бүкіл аудан халқына айырықша ризалығымды білдіремін  »-деген еді.Осы аталған Ізтұрған ақсақалдың баласы Мамай айтады: «Аға осы ауданда басшы қызмет атқарған кезде автокөліктің жүргізушісі болып бір мекемеде істеп жүргенмін. Сол кезде біздің мекемеге бір-ақ мотор келді деп естідім, бірақ маған тимес деп жүре бергенмін. Айналамдағы жігіттер: «Әй, Мамай, ағаң ғой, Әріповке неге бармайсың, біздің бастыққа иек қақса, мотор сенікі ғой»- деп қайрағаны бар емес ле? «Шынында да солай екен-ау»-деген ой келді де, үйдегі ата-анама айтпастан аупарткомге тарттым. Алдыңғы бөлмедегі қызға айтып едім, кіріп шықты да,  кіре бер дегендей белгі берді. Кірдім. Жылы қабылдады. Амандық- саулық сұрағаннан кейін «Ал, Мамайжан, қандай шаруамен келдің?»- дегенде, қысылып- қымтырылмастан мекемеге мотор келгенін, соны маған алып беруін өтінгелі келгенімді тәптештеп айтып жатырмын. Ағаның жүзіне қарасам манағы жылылықтың ізі қалмапты. «Мотордың ярлығында ағайыныңа бер деген жазу бар ма екен, соны қарап келе ғой »- демесі бар ма. Не дерімді білмей сілейдім де қалдым, еңсем түсіп салбырап, өзіме- өзім ренжіп шығып кеттім. Бұл маған өмір бойы сабақ болып келеді.»Сол кезде аудандық ауылшаруашылық техника мекемесін басқарған Сахи Хибасов айтады: «Дүйсекең қандай ма болмасын  мәселені шешуде қайсар, табанды, айтқанын, ойлағанын іске асырудан уақытын аямайды. Даланың неше бір қиын ойқы-шойқы жолдарымен шаруашылықтарды аралап ертеңнен кешке дейін сапар шеккенде де шаршадым деп бір айтпайды. Жас жігіт біздер беліміз үзіліп қиралаңдап әрең түсіп жатқанда Дүйсекең сол тіп-тік күйі көліктен түсіп кетіп бара жатады. »Мерей той кезінде   ағаға көрсетілген құрмет те, атына айтылған жүрек жарды  лебіздер де көп болды. Біздің баяндағанымыз соның бір парасы ғана.                                               Жауғашты Нәренбайұлы.  Бейнеу ауданы.