ВЕРНУТЬСЯ

Еліміздің Бас газеті «Егемен Қазақстан» ақпан айының 14-ші жұлдызында Жазушы Қоғабай Сәрсекеевтің «Сегіз сыр» деген мақаласын жариялады. Онда жазушы: «Ұлы Дала – ұлы Перзенттерімен көрікті! Пейілге қарай қазақтың ұлы Даласы Перзентке кенде емес, әттең осы түгенделуіміз аз. Аталық емес, жұрттық қалып танытсақ, оңар ек! Бар боламыз десек, өткен демей, барша Алаш арыстарын – кешегісін де, бүгінгісін де әспеттейік, жүрек осыған жетсе, қазақ аты алысқа кетер…» – деген еді. Қазағым деп жаны ауратын әрбір азаматқа қозғаушы  күш боп ой салатын осы сөздер кім-кімді де жайбарақат қалдыра алмас.Сан-алуан байлыққа толы қасиетті жерімен, қилы-қилы қиындықтарды бастан кешіре жүріп, грек аңызындағы  өртеніп кетіп, күлден қайта пайда болатын Феникс құстай ұрпағын сақтай алған жансебіл елімен әлемге белгілі Маңғыстау да сол Ұлы Даланың бір іргелі өлкесі десек, бұл өлкеде де айтулы Ұлы Перзенттер көп өткен. Солардың бірі, бірегейі тек Маңғыстау елі емес, бүкіл қазақ жұртының ары мен намысын қорғаған, біз сөз еткелі отырған, Үргешбайұлы Сүйінқара.  «Өлінің үрейі риза болса тірінің мерейі риза» деген ғой аталарымыз. Сол айтқандай, кезінде елім, жерім деп ұрандап өткен айбарлы батыр, әрі би Сүйінқара  туралы сөз ету біріншіден оның рухын риза ету болса, екіншіден кәзіргі ұрпақтың мерейін өсіре түсу үшін қажет деп білемін.Ата тарихқа көз жүгіртсек, сонау ХV–ші ғасырдың аяғымен XVI-шы ғасырдың басынан бастап батыс елдері, әсіресе Англия, Ресей, тіпті Наполеон империясы да Каспий теңізіне сұқтана қараған. Өйткені олардың алдында Еділ, Каспий су жолы арқылы сауда мақсатымен, әрі осы су жолын өз қарамағына алуды көздеп алдымен Иранға, әрісі Индия мен Қытайға шығу жоспары тұрды. Осындай ойдағы мемлекеттік тапсырманы іске асыруға ағылшын саяхатшысы, әрі зерттеушісі Антон Дженкинсон қатысты. Ол сауда керуенімен ілесіп Маңғыстаудың Үстірті арқылы Жібек жолымен жүріп отырып Хиуа мен Бұқараға дейін барды. Ал Ресей болса, I-ші Петрдің тікелей тапсырмасымен Каспий теңізі айлағын зерттеуді, сауда кемелері тоқтауға мүмкіндік беретін шығанақтардан қорған, қамал салуды қыруар қаражат бөліп іске асыра бастады. Сондай қамалдың алғашқысы Ресейдің белгілі  зерттеушісі С.Г.Карелиннің ұсынысымен Қарасу-Қайдақтан салынды. Бұның өзі, сайып келгенде, Орта Азияға еркін енуге мүмкіндік беретін саясат болатын. Бұл оқиғалар К.Маркс пен Ф.Энгельс патшалық Ресейдің Орта Азияға өтуіне үлкен кедергі болды деп баға берген Адай халқының бұрынғы ата қонысы Маңғыстауға қайта оралып, түпкілікті орын тепкен кезі еді. Олар ұзақ жылдар бойы шет жұрттың, әсіресе, Ресейдің Каспий теңізінің оңтүстік-шығыс бөлігін игеруіне қарсылықтар көрсетті. Салына бастаған қамалдарды бұзуға әлденеше рет талпыныс жасады. Алайда тұрғындардың бұл қимылдары қамалдағы  от қарулы отрядтар тарапынан дереу тойтарылып, шабуылшылар оққа ұшты, қолға түскендер қатаң жазаланып отырылды.XVIII-ші ғасырдың аяғымен XIX-шы ғасырдың орта кездерінде Кіші жүз қазақтарының бірқатар рулары, оның ішінде Маңғыстауды жайлаған адай елі сауда айырбасы, қоныс тарымшылығы жағдайларына байланысты Хиуа хандығымен байланыс жасауға мәжбүр болды. Осыны пайдаланған Хиуа ханы Аллақұл қазақ ауылдарына салықтар салып, орындалмаған кездерде  жасақтар шығарып елді тонап, мал-мүлкін олжалап, әйелдері мен балаларын құлдыққа алып кетіп отырды. Осы бір ақындар жырлаған:«… Алдан дау, ауылынан шаң кетпеген,Ұшқан құс, төрт аяқты аң кетпеген.Жау болып ойда-патша, қырды Хиуа,Адайдың қылышынан қан кетпеген». –деген алмағайып заманда жергілікті қазақтар амалсыз орыс қамалдарынан пана іздеді.Ел басшысы Сүйінқара батыр Үргешбайұлы (1756-1841) Хиуа ханы қанша қыспаққа алғанына қарамастан Ресейге қарсы шықпады, қайта ханның өзінен кек алуға ұмтылды. «Ерді ел қамы өсіреді, ел мұңы өлтіреді» – деген емес пе, бір кездері біресе Ресеймен, біресе Хиуа ханымен байланысын үзбей келген Сүйінқара ел қамы үшін түптеп келгенде Ресеймен түбегейлі байланыста болуды жөн деп есептеп, С.Г. Карелин басқарған экспедицияға тиісті көмектер көрсетеді. Хиуа ханы тарапынан жүргізіліп отырған озбырлықтарға бұдан әрі төзуге болмайтынын түсінген ол 1832-ші жылы Кіші жүздің батыс бөлігінің билеушісі Баймағамбет Айшуақұлына Адайды Ресейге қосуға уәде береді.Осы хабарды алысымен Хиуа ханы Аллақұл емен ағаштың қайыспас бұтағындай өз бетінен қайтпайтын ер, осы жаратылысымен хан қаһарынан қаймықпай талай-талай қарсылық білдіріп келген, оның үстіне орыс экспедициясымен белгілі дәрежеде байланыс жасап үлгерген Сүйінқара батырдың ауылын шауып, оның басын алып келуге ірі жасақ жібереді.Мәмбетнияз басқарған, ішінде ханның жансызы, ірі саудагер, әрі тілмаш Дүрді бар бұл жасақ өздерінің сан жағынан қаншалықты көптігіне қарамастан ашық айқасқа түсуден тайтқып, Сүйінқара ауылын  түн кезінде шабуды ойлайды.Бұл кезде Сүйінқара ауылы кәзіргі  Қаламқаста – теңіздің тайыз суы бар жіңішкерген – қылы деп аталатын жерде отыратын. Үстірттегі Қара түйе шыңынан кешке қарай құлаған жол- жобаны байқап алып осы бағытпен суыт жүріп отырып, түннің бір уағында «Ауызорпада» отырған шотан Күсеп пен ақбота Бәлкөт үйлерінің түндігін найзамен ашады. Бұны көрген үй иелері Күсеп те, Бәлкөт те түндікті найзамен ашу жау келгендігінің белгісі екендігін бірден түсініп, сыртқа атып-атып шығады. Сыртта қамап тұрған жасақ басшысы олардан кәзір атқа қонып осы түннің ішінде, таң атпас бұрын, Сүйінқара аулының үстінен түсірулерін талап етеді. Олай болмаған күнде мойындарына қайқы қылыш ойнайтынын қаһар шаша ескертеді.Екі оттың – бір жағынан өз елі, ел қорғаны Сүйінқара батыр ауылының түн ішінде қапыда шабылу қаупы, екінші жағынан дұшпан жағының сұсы ортасында қалған бұл  жершіл екі азамат қараңғыда бір-біріне  иек қағысқандай болады да, өз ойларын ішке түйіп жасақтың алдына түсіп көзге түртсе көргісіз жеті қараңғы түнге сүңгіп кете барады. Олардың ойы қайткен күнде де жасақты Сүйінқара ауылына жарық толық түскенге дейін апармау болатын. Осы мақсатпен алдарында созылып жатқан «Қатпас» деп аталатын жалпық сорды үш рет айналып өткен кезде артқы жақтан айқай-шу, даурыққан  өпірім сөздер естіліп жасақ кідіре қалады. Сөйтсе жасауылдардың бір тобы бір түрікменнің жолда түсіп қалған қоржынының үстінен шыққан екен. Қазақтардың жолды ұзарта түсуге бағытталған мына әрекетінің Сүйінқара ауылына жасақты түнде апармауды ойлаған қылығы екенін бірден ұққан Мәмбеннияз ашуға булығып, алда келе жатқан Бәлкөттің басын шауып тастайды. Күсеп амалы таусылғанын біліп жасақшылармен бірге кетеді. Сөйтіп жау мақсатына жетеді. Ойда жоқта таңсәрі де құйылған жауға қарсы қайрат көрсете алмаған елді тонап, ұл-қызын тұтқын етті, малын айдап алды.Осы кезде болған қоян-қолтық айқаста Сүйінқараның інісі Кежі, басқада бір-қатар азаматтар опат болды. Батырдың екі қызы – Айсалқам мен Жансалқам жау қолында кетті. Кежі  тұтқиылдан жау шапқан кезде өзінің алтықанат киіз үйінен сыртқа шықпай, ішке кірген сеңсең бөріктілерді қос қолына ұстаған қос қылышымен шауып түсіре берген. Бұл үйге кіргендердің қайта шықпағанын аңғарған шапқыншылар шылбырларын жалғап үйді аударып тастаса, бір өзі сегіз жасақты шауып өлтірген Кежі ортада қасқайып тұрған.Түні бойы төңбекшіп, ұйқысы қашып жатқан Сүйінқара  жау  келіп қалғанын қара жерді солқылдатып түн тыныштығын бұзған жау аттарының жан түршігер тұяқ  дүрсілінен біледі де, әр кез  белдеуге тұратын арғымағына қарғып мініп, алас-қапаста айрықша зор дауысымен айқай сала жүріп хабарлай алған бірқатар ауылдастарын ерте ну қамысқа еніп кетеді. Бұл оның Хиуа ханының адай елін қорқынышта ұстап, айтқанына көндіру үшін өзінің басын алуға келе жатқан жау екендігін бірден түсініп, бұл кезде қандай ма болмасын шара алуға мүмкіндігінің жоқтығын, кейіннен кек алу үшін кәзір жан сақтау керек екендігін ойлаған сұңғыла ақылдығы еді.«Бірде бал, бір де у боп өтеді өмір,Бақты да қайғыны да көтере біл» – деп Фирдоуси айтқандай, өмірін уға айналдырған жаудан кек алуға, Аллақұл жасағының қолында кеткен малын, жанын, айымен күні-екі қызы – Айсалқам мен Жансалқамды жаудан айрып алуға асыққан Сүйінқара сол маңайда қоныстас отырған адай, беріштің батырлары Құлбарақ, Жапаберді, Мырзатай бастаған жедел-қабыл жиналған 800-ге тарта қолмен тез аттанып кетеді. Олар Манатыдан бергі Боздақ құдығынан терістікке қарай  созылған Аяғақ-Боздақ сайы маңында қыруар малды, тұтқындарды айдап ырғалып-жырғалып ұзай алмаған жау жасағын қуып жетеді. Осы жердегі қанды айқыста екі жақтан да адам шығыны көп болады. Бірақ, сан жағынан әлде қайда басым жауға кезіккен Сүйінқара жағы жеңіліске ұшырайды. Бұл орасан сәтсіздіктің екінші бір басты себебі, Қайыпқали сұлтанның сатқындығы делінеді. Ол Сүйінқара сарбаздарына жаяу мергенге түсіп атысың, мылтықтан қорыққан  хиуалықтар оққа беттей алмайтын болады деген ұсыныс берген. Міне, осы ұсынысқа бағынып адайлар аттан түскен кезде, жау адайдың туы жығылды, енді олар атсыз еш қайрат қыла алмайды – деп лап қояды, сөйтіп жеңіске жетеді.Батырлар қан төккен Боздақ – Аяғақ сайы бұдан кейін «қанды сай» деп аталып кетеді. Сүйінқараның баласы Бүркіталы осы шайқаста мерт болады. Оған  тұрғызылған күмбезді там осы кезде  аталған сай басында сол қаралы қырғынның куәсі іспетті болып алыстан қарауытып көрінеді.Жау жағы шайқас кезінде ешкімге десте бермеген, жасақтардың бірінен соң бірін шаншып ерекше ерлік көрсетіп жүрген бір батырды бәрі жиналып ортаға алып найзалап, ақырында оның басын кесіп алған. Олар бұл кісіні Сүйінқара деп есептеп, Аллақұлдың тапсырмасын орындадық деп ойлаған. Бәрі қаумалап басты Аллақұлға алып барған кезде көруге шақыртылған Айсалқам мен Жансалқам «Ойбай, мынау Құлбарақ көкемнің басы ғой» – деп егіліп  қоя берген. Әруақты батырдың басынан үрейленген Аллақұл мұсылман дәстүріне сай қадірлеп жерлеуге тапсырма берген. Осыдан кейін барып Құлбарақтың басын Көне Үргеніштегі атақты әулие Шикабр қорымына жерлеген. Ал «Қырғын сайда» қалған денесі Тигенге әкеліп жерленген.Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында осы қорымда Жалжанов Орынбасар, Қаржаубай Медиханов бастаған Қаратоқай беріш азаматтары үлкен күмбез там, түнеухана тұрғызып, әулиеге тағзым етуші көпшілікке жеткілікті жағдай жасады. Бұл кездерде Құлбарақтың бірінде басы, бірінде денесі жерленген екі қорыққа да халық көптеп келіп зиярат етеді, түнейді. Бұндай бір өзі екі жерде әулие аталып, қасиетін бүкіл мұсылман баласы мойындап отырған адам – тек Құлбарақ батыр.Сол бір насырға тапқан жорықтан елге оралмаған батырларды жоқтап қайғырған халық аузында Абыл ақын айтқан:Аттанған адай сегіз жүз,Келер ме екен келер күз.Келер күзде келмесе,Аттанғаннан күдер үз. – деген жолдар сақталып қалған.Сүйінқара сарбаздары үнемі жеңіліс таба бермеген. Аталып отырған «Қырғын сайдағы» оқиғалардан кейін бұл елді қайта шабуды ойлап келген, ішінде ағылшынның  тыңшысы Джеймс Аббот бар, Хиуа ханының жасақтарын адайлар тас-талқан етіп жеңіп, Абботты орыс губернаторына тапсырған.Сүйінқараның ерекше батырлығы, бірегей  адамгершілігі, еліне қамқорлығы, айтулы беделі жайлы белгілі ақын, жазушылар өз шығармаларында назар аударарлықтай орын беріп отырған. Ақын Ығылман Шөреков өзінің «Исатай Махамбет» атты дастанында Сүйінқараның Исатай мен Махамбет сынды ел ардақтыларымен дос, көңілдес болғанын жырға қосқан болса, жазушы Әнуар Әлімжанов «Махамбеттің жебесі» романында Сүйінқараны Аллақұл ханға қарсы шығып Исатай, Махамбеттермен дос болуды көздеген айтулы батыр, аузы дуалы би ретінде көрсеткен.Ғалым Дүйсенбаева Жанбибінің өзімен жүргізген сұхбатында заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев Сүйінқара батыр жөнінде мынадай сипаттама береді: «…Сүйінқара әртүрлі ассоциация шақырады. Менің көз алдымдағы ассоциация бойынша, оның героикасы бітімінде, іс-қимылында емес, оның табандылығында, өжеттілігінде, сол бір шынашақтай, кәдімгі сүліктей қадалып алатын күштер болады деген ниеттің ойы...» (Ж.Дүйсенбаева «Әбіш Кекілбаев – сүреткер» 116 б.). Белгілі жазушы, публицист жерлесіміз Маршал өзінің «Сүйінқара» романында Сүйінқараны қайтпас ер, каһарлы батыр болумен бірге, тек бүгінгі кезді емес, болашақты да ойлай білетін, ел қорғаны болған парасатты кісі деп көрсетеді. Ғалым, жазушы, Қазақстанның тарихи, әдеби, мәдени мұраларын зерттеп өткен Қабиболла Сыдиықов көп жылдар бойы еңбектеніп, «Сүйінқара шежіресін» жазып шығып, батырдың ата-тегі, одан тараған ұрпақтары жайлы құнды деректер қалдырды.Сүйінқара батыр алдына сонау Әзіреттің Алатауы мен Шу өзені бойынан батысқа ығысып, ақыр аяғында Маңғыстауға келіп қоныс тепкен халқының қорғаны болу, Хиуа ханының зорлық-зомбылығына қарсы күресе отырып,  өз елінің мүддесіне қызмет ету мақсатын қойды.Маңғыстау адай халқының ата жұрты делінеді.  Өйткені араб тарихшыларының деректері бойынша Маңғыстау, Үстірт жерлерін жайлаған Оғыздар ішінде қазақ халқы тайпалары арғы бабаларының болғандығы айтылады. Сондай-ақ, Қазақ халқының алғашқы оқымысты сәулетшілерінің қатарынан орын алатын М.М.Меңдіқұлов өзінің «Памятники народного зодчества Западного Казахстана» - деген еңбегінде «…По ал-Истахри, в IX-в. Мангышлак заселило «племя тюрок». Это были предки адаев, входившие тогда в состав огузских племен, а по свидетельству Абулгазы, в конце Х-го, начале XIII-в. Здесь появились огузо-туркменские племена, кочевавшие вместе с предками адаев» (6 б.) – деп жазды. Бұл айтылғандар Маңғыстаудың адай жұртының ата қонысы екенін айқындай түседі. Кәзіргі жазбаларда адай елінің көші-қоны туралы айтылғанда «Сауран айналған» деген сөз жиі қолданылады. Осыған қарап алмағайып заманда ертеде өткен баба тайпалар, оның ішінде адай халқыда бұл өңірден талай кетіп, талай қайта оралған деген пікірлер бар. Ал бұны білмеген, білсе де түсінгісі келмеген Хиуа хандары бар болғаны жүзге таяу жыл жайлаған бұл мекенді өзіміздікі деп есептеп, түбектегі қазақтарға ұдайы қысым, қиянат жасап отырған. Бұндай қорлыққа көнбей, шапқыншыларға қарсы қан майдан ашып, осы ақ жолда халық рухын дұшпанға бастырмаған қайсар ерлер мерт болып та отырған.Аяғақ-Боздақта болған «қанды сай» қырғынында кейбір сарбаздардың жауға қарсы тұруға жүрегі шыдамай кейін ығысып кетуге маңдай түзегендерін байқап қалған Сүйінқара оларға қатқыл дауыспен «алдымен мені қорғаныздар, Сіздер өлсеңіздер адайдың бір қатыны ұл табады, ал мен өлсем адайдың белі сынады» – деп осы кезге дейін ел аузында сақталып келе жатқан тапқыр - шешендік сөз қалдырған. Сүйінқараның осы сөзінің өзі де жауынгерлерге күш берген.Сүйінқараның өз еліне, ұрпаққа деген сүйіспеншілігін, айырықша қамқорлығы мен парасаттылығын Маршал Әбдіқалықовтың «Сүйінқара» романындағы оның жауға аттануға ұлықсат сұрап келген жас жігіт Өмірзаққа айтқан төмендегі  сөзінен де көре  аламыз (№9 «Жұлдыз» журналы 129 б., қыркүйек айы, 1981 ж.):«…Шырағым, әлі жассың! Ауылыңа қайт… Кеше мен өзім, айналамды қамысқа  тығып паналағанымда өлімнен  қорқып па едім? Кейін ұмтыларға қол қалсын, өсерге жан қалсын дегенім жоқ па? Қайт ауылыңа, келінге ұл бала таптыр. Біз мынау көпті әлі де  іріктейміз. Жау соңынан артында ұрпағы бар, өсер-өнері барлар ғана шығады…» – дейді батыр.Сондай-ақ, аталған романда ел аузында «Сүйінқара сыбаға» делініп мәтелге айналып кеткен сөзге де батырдың өзі: «Сүйінқара сыбаға жинады, үлес алды деп тантитындар да бар! Білемін ол күңкіл сөзді. Мен сонда Хиуаның бегінің егініне түсіп, шарбағынан секіріп отырмын ба? Ата-бабам қорғаймын деп қанын төккен қасиетті жерімде, өзімнің Бозашымда, үйімнің төрінде отырмын. Бізден басқа біреудің жерін ешкіміздің  лағы аттаса айқай шығарады. Ал неге біз жерімізге бөтенді талтаңдатып еркін жібереміз. Жоқ мен тірі тұрғанда оған көне алмаспын!» – дейді каһар  шаша (127б.) Романдағы Сүйінқараның бұл сөздерін осылай беруі, екінші жағынан, оның ішкі дүниесін, адамгершілік бейнесін ашудағы жазушының үлкен табысы дей аламыз.Аузы дуалы би, тар заманда еліне қорғаныш бола білген Сүйінқара батырды Абыл ақын Тілеуұлы да жырға қосқан. Ол Сүйінқара туралы:«Нағашың ер табынай,Алқұлы, АйбасҚайының Байбақты батыр,Шолан тапа тайлас.Ерлігіңе көркің мен билігің сай,Көрген жан бір өзіңе кінә қоймас.Сен барда сүйеулі еді арқам жарғай,Қатепті қайыспайтын қара нардайАузына байтақ жұрты анталаған,Сүйекем сөйлер еді-ау қарқуардай.Сүйекем сапар шекті сексен бесте,Сисемде қалды ұйықтап, аю төсте.Қорлыққа көнбен деген бір пенде еді,Ажалға о да көнді салған іске» – дейді (ХIХ ғасырдағы қазақ поэзиясы, Қазақ ССР-інің «Ғылым» баспасы, Алматы, 1985 ж. 42б.)Сүйінқара батырдың бейіті Маңғыстаудың фантеоны деп атауға тұражақ Сисем ата қауымына жерленген. Бұл қорымда адайдың бірқатар айтулы тұлғалары мәңгілік орын тапқан. Ата әруағын әспеттеген ұрпақ өкілдері Сүйінқара атасының бұрынғы белгі тамын жаңартып, орнына ақ мәр-мәр тастан әдемі күмбез там салды.Үстіміздегі жылдың күзінде ел қамқоры Сүйінқара батырдың өмірге келгеніне 250 жыл толғалы отыр. Осыған байланысты шаралардың алдын-ала, жан-жақты дайындықтармен кең көлемде атап өтуге ат салысу облыстың, облысымыздан тысқары жерлердегі де, барлық азаматтардың қатысуларын қажет етеді.Маңғыстау тарихында өшпес із қалдырған Сүйінқара Үргешбайұлын ұрпақ жадында қалдыру үшін оның есімін кейбір елді мекендерге, басқа да мәдени, тарихи орындарға, мектептер мен көшелерге беру игілікті іс болған болар еді.                                                                               24.03.2006 ж.