ВЕРНУТЬСЯ

Даңқты да құдіретті Қаған Күлтегін ескерткішінде: «ата-тегім Бумын, Естеми Қағандар билеп тұрған кезде елді түзеген. Дүниенің төртбұрышы соларға қараған. Бастыны еңкейткен,тізеліні бүктірген,… кедейді бай қылған, жалаңашты киіндірген,... тату елге жақсылық қылған...»- деген сөздер жазылған.    Сан-алуан жорықтарда, әсіресе жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте туы қолдан түспеген қазақ батырларының, соның ішінде Маңғыстау батырларының айырықша ерлік, батылдық, батырлық көрсетулері осы айтылған сонау асыл бабаларынан бастау алады деп толық айта аламыз.Міне,  бүгін, адай халқының қасиетті Маңғыстау жеріне келуіндегі, заманына орай аласапыран кезде, күрделі қиындықтар  мен қайшылықтарға қарамастан ел көшін бастап келген Шотан батырдың өмірге келгеніне 300 жыл толу мерекесі салтанатпен аталып, осыған сәйкес ғылыми- практикалық конференция өткізіліп отыр.Мен өз сөзімде Шотан батырдың өмірге қалай келгені, Қыдыр атаның Шотанның жаужүрек батыр болатынын айтқаны әкесі Назардың осы Қыдыр атаны көргені, Ер Шотанның жоңғар, түркмен батырларымен жекпе-жектерде жеңіске жетіп отырғаны, өзге де ел аузында айтылып жүрген тартымды да аңыз болып кеткен әңгімелерге тоқталғым келмейді. Олар туралы баяндамада негізінен қамтылған.Халық батыры Шотан Назарұлы туралы айтқанымызда оны тек Маңғыстау - Адай елінің батыры десек, онымыз жеткіліксіздік болар еді. Өйткені ол өзінің аттан түспеген ұзақ жылдар бойғы өмірінде тек туған тайпасының ғана емес, бүкіл қазақ халқының тұтастығы үшін күрескен тұлға. Ер Шотан XVIII- ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы қазақ халқының басына түскен ауыр қайғы-  «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама » қасіретін әкелген жоңғар шапқыншыларының, Еділ ойраттарының талқандалып, елдің кегі қайтарылу, ақыры жоңғар мемлекетінің тарих сахынасынан жоғалуы кездерінде қол бастап, Әбілқайыр ханның сенімді баһдүрлерінің қатарынан орын алды. Маңғыстауға құлаған елдің бейбіт өмір сүруі жолындағы ерлік істері мен орынсыз дау- жанжалдар өртін болдырмауға бағытталған парасатты билік шешімдері арқасында Шотан батыр есімі өзге де шоқтығы биік батырлар арасында тарихтан мәңгілік орын алды.Ер Шотан бастаған адайлардың Маңғыстауға келіп орналасуы бір жағынан, қазақ халқы жайлаған аймақты айтарлықтай кеңейтті десек, екінші жағынан, кәзіргі кезде Маңғыстаудың ен байлығы Қазақстан экономикасының биік белестерге жетуінің бірден- бір негізі болып отыр. Бұл жағынан алғанда да Шотан Назарұлының есімі, ерлігі, игілікті істері ел есінде сақтала бермек.  Бүгінгі конференция Ер Шотанның қолбасылық, батырлық айқастарын, саясат, билік салаларындағы еңбектерін тереңдете зерттеуге ықпал етердей шешім қабылдауы қажет деп білемін. Өйткені Тәуелсіз мемлекетіміздің туын жоғары көтеріп келе жатқан кәзіргі және келешек ұрпаққа халқымыз өткен таржол-тайғақ кешулерді, елінің ауыз бірлігін, тыныштығын сақтауға дуалы сөздерімен ықпал еткен шешендерді, елдің елдігін, ерлігін, қуанышы мен мұңын жырға қосқан, тарих өткелдерін домбыра, сырнай сазымен жеткізе білген дүл-дүл ақын- жыраулар, күйші- сазгерлерді, артына үлгілі, ұлағатты сөз қалдырған айтулы билерді, халқының намысы мен жігерін қайраған, жау жүрек ерліктерімен үлгі болған батырлар туралы білулері қажет. Сондықтан атышулы батырларымыздың өмірін, ерлік істерін жеткілікті насихаттау негізгі міндетіміз болуға тиіс. Осы тұрғыдан келгенде батырлардың өмірі мен қаһармандық ерліктерін терең білуге бағытталған зерттеулерге осыған дейін жарық көрген бірқатар авторлардың Ер Шотан, өзге де батырлар жөніндегі көлемді еңбектері, мақалаларының септігін тигізері сөзсіз. Бұл іске Бектұр Төлеуғалиев мырзаның «БАС САРДАР» атты әлі  сиясы кеппеген еңбегінің де қосар үлесі мол. Кейбіреулердің көңілдері толмай жүргеніне қарамастан, бұл еңбек тек Шотан батыр туралы, адайлардың Маңғыстауды қалай қоныстанғаны жайлы айтумен ғана шектелмейді. Керісінше, сонау XVIII- ғасырдың басынан бергі қазақ халқы үш жүзінің өзара қарым- қатнасы, атақты сұлтандарының қызылкөз қызғаншақ- билікке таласуларынан бір-бірінен аулақтап, бірігу орнына жауласып кеткендері жайында да нанымды, тиянақты пікір айтқан, көп ізденген қаламгердің қолынан шыққан тартымды туынды. «Күштінің қадірін күшті біледі. Күштіні бағалау үшін де күш керек »- деп Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов  айтқандай, Бектұр Төлеуғалиевтың еңбегін дұрыс бағалауда бәріміз де күштілік көрсетелік, ағайын.Ер Шотан Маңғыстау жеріне елін қоныстандыру, осы аймақты мәңгілік ел игілігіне айналдыру жолында қанын, жанын аямай бүкіл өмірін сарп еткен көрнекті батыр. Оның осы еңбегін зерделей, бағалай білген облыс әкімі Болат Әбілқасымұлы Палымбетов мырзаның, облыстың басқа да басшылары мен қала, аудан  әкімдерінің мерей тойды өткізу жөніндегі атқарған қыруар жұмыстарына облыс халқы зор риза болып отыр.Жоғарыда айтқанымыздай бүкіл қазақтың арын арлап, жоғын жоқтаған, дұшпандарын қазақ елінің шекарасынан аттатпауға барлық күш- қуатын аямаған Шотан батырдың 300 жылдық тойы бүгін облыс көлемінде өткізіліп отырған болса, бұдан былайғы жылдарда бүкіл Тәуелсіз Қазақстан бойынша өткізілетініне сенемін.Ер есімін ел есінде қалдыруға ат салысу баршамызға міндет. Олай болса, қол бастаған баһдүр, ерлігі  ел аузынан мәңгі түспей келе жатқан Ер Шотанға Ақтау қаласының көрнекті жерінен лайықты ескерткіш орнату орынды деп білемін.                                                R.S. Шотан батырдың 300 жылдық мерейтойы жайлы жинаққа ұсынылған сөз.