ВЕРНУТЬСЯ

(Мұрын жырау Сеңгірбекұлының туғанына 130 жыл толу мерекесінде сөйленген сөз.)Қазақ жырының мерейін аспандата көтеріп, көне тарихты халқымыздың әйгілі сүлейлері, дүлдүл ақындары Абыл, Нұрым, Қашаған, Сәттіғұл айтқан күйінде үздіксіз толғап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің қасиетті жүгін мойны талмай көтере,  қастерлей білген, бұл жолда өзінің бүкіл өмірін сарп еткен кемеңгер айтушы, салиқалы жырау, «Қырымның қырық батырын»   алты ай бойы талмастан жырлаған Мұрын жыраудың өмірге келгеніне міне бүгін 130 жыл толып  отыр. Ол осы өмір сүріп жүрген адамдардың бірі- жұмыр басты пенде болғанымен де, оның талабы, таланты, өнері, өнегесі, тындырған ісі, бәр-бәрі уақыт озған сайын бүкіл халықтық мұраға айналуда.Мұрын жыраудың тарихтан өшпес орын алғанына бір мысал келтіре кетейін. «Қазақ  әдебиеті » газетінің 1990-шы жылғы 8-ші маусымындағы санында Едіге Мағауин өзінің «Едіге» атты әдеби мұраларға арналған  көркемсөзінде «Едіге батыр» туралы жырдың 30 нұсқасы бар екендігін айта келіп, былай дейді: «Қазақ нұсқаларының ішінде Г. Н. Потаниннің жазып алған нұсқаларын, Ә. Диваев жазып алған нұсқаны, Мұрын жыраудың «Қырымның қырық батырындағы» «Едіге батыр» жырын атап өткен жөн.» Бұдан Мұрын жыраудың қазақ халқы үшін тек осы жырды өмірге келтірудегі алатын орнының орасан зор екенін көруге болады.Сондай-ақ,  Мұрекеңнің өмірі мен творчествосы туралы бәрімізге белгілі ғалымымыз, кәзір ортамызда отырған  құрметті Қабиболла Сыдиықов көптеген зерттеулер жүргізіп, жыраудың әлемде сирек кездесетін ерекше қасиетін бүкіл жұртшылыққа паш етті.Мұрын жырау Сеңгірбекұлының есімімен біте қайнасқан халықтық мұраға жанашырлық жасап, оның құдірет күшін ұрпақтан-ұрпаққа жетістіріп, жаңғыртып, толықтырып отыру жүрегі халқым деп соғатын әрбір азаматтың абройлы міндеті болса, бұл тұрғыдан сөз еткенде, осы мерекені, ғылыми- практикалық, мәдени- көпшілік конференцияны өткізуге мұрындық болған жолдастар, жергілікті партия, кеңес, қоғамдық ұйымдар қызметкерлері кейбір тосқауылдар мен қиындықтарды жеңе отырып, қыруар шараларды іске асырғандықтарын айтқанымыз жөн.Сонымен бірге, бізді айырықша таңдандыратын, өзін ғұмыр бойы қастерлеп, құдіретіне бас иіп өтуге жетелейтіні Мұрын жыраудың  елден ерекше, теңдесі жоқ дарыны. Сондықтан да біздер ұлы жырау алдында борыштымыз деп есептеймін. Бір басына «Қырымның қырық батыры» атты таусылмас қазынаны сиғыза алған ерекше  дарын иесі Мұрын жырауға ерекше ескерткіш орнату ұрпақ парызы- Мұрекең алдындағы  борышымызды өтеу болмақ.Қазақ халқынан, оның ішінде Маңғыстау топырағынан әлі талай Мұрын ата тәрізді тума таланттар шығатынына сенемін.Оларда халқымыздың тарихи, әдеби, мәдени мұраларын өз айшығымен ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра беретін болады, ләйімде солай болғай, ағайын!                                                          31. 05. 1991 жыл.