ВЕРНУТЬСЯ

Америка Құрама Штаттарының Техас штатындағы Форт- Уорт қаласы полиция бастығының орынбасары Дэвид Л. Рейган 1994-ші жылдың 4-ші ақпанында облыс әкімі Л. К. Қиынов мырзаның атына хат жолдап, онда біздің облыстың  делегациясын қарсы алуға дайын екендіктері айтылған.  Бұл шақыру ол қаланың полиция қызметкерлерінің (46 адам) өткен жылдың сәуір айында Ақтауға келіп-кетулеріне байланысты кезекті шақырулары еді. Мәселе- екі елдің  қоғамдық тәртіпті қорғау орындарының жұмыстарынан тәжірибе алмасу болатын.Өткен жылы атышулы елден полиция қызметкерлері келген кезде  қонақтарды қарсы алу, оларға өндіріс, облыстың ішкі істер басқармасына қарасты орындарды  кеңінен аралатуды ұйымдастыру  жұмыстарына сол кезде облыстық Кеңес төрағасының орынбасары болып істеп жүрген менің де белгілі дәрежеде араласым болған. Облыстық ішкі істер басқармасы ұйымдастырған облыс, қала, аудандар ішкі істер органдарының теңіз жағалауындағы демалыс орны- «Алтын құмда» киіз үйлер тігіп, барлық салтанатпен өткізген Наурыз тойына осы қонақтар тегістей шақырылған еді.Ұлы мерекемізді шетелдіктер көрсін деп бұл мекемелердегі  Наурыз тойын әдейі кеш өткізген едік. Меймандармен таныстығымыз осы тойда басталған. Қонақтардың ішінде Даллас қаласы губернаторының өкілі Л. А. Петерсон мырза да келген еді.Сонымен, Америкаға біздің облыс атынан 13 кісі баратын болып белгілендік те, осыған байланысты құжаттарды дайындаумен айналыстық- Алматыдағы тиісті орындардан ұлықсат алу, шет елдік төлқұжат, облыстың алдын- ала жіберген тізімі бойынша Техастан әрқайсымызға шақыру алу, Москвадан Америкаға баратын және одан Москваға қайтып келетін билет алу- міне, осы сияқты жұмыстарды іске асыруға тура келді.  Басқарма жігіттері осы жұмыстарды жеделдетіп орындауға атсалысты. Америкаға бару-келу билетін алуды Валерик Авганасович Саркисян деген Америкамен сауда жөнінде байланыс жасап жүрген бизнесмен атқарды.«Сәтті болсын Америка құрлығына сапарларыңыз!» деген ақ тілекпен біздерді Ақтау аэропортынан Маңғыстау азаматтары қой сойып  қошаметтеп, үлкен ілтипатпен шығарып салды. Кең пейіл халқымыздың осынау  дәстүрі, жарқылдаған жайсаң азаматтардың ақжарқын көңіл, ізгі тілектері үлкен жолдың алдында толқыған көңілге күш- қуат қосатындай әсерлі еді. Бағзы өлкенің өзіне ғана тән тентек желі ысқыра гуілдеп, бойға қанат бітіргендей. Қасиетті де киелі атамекен-кәрі Маңғыстау осы қайсарлығымен алыстағы Америкаға сапар шеккен перзенттеріне  мәрттік мінез танытқандай  маңғаз қалпында артта қала берді.Бұл осы жылдың сәуір айының 9-шы жұлдызы болатын.1. Аспан аясында...Ұшақ «Боинг» тиісті биіктікте ақша, қоңыр бұйра бұлттардың үстімен тербеле ұшып келеді. Бұлттардың үстімен ұшқан кезде өзге ешбір белгі жоқ ніл көк аспанды көріпотырудың өзі де бір ғанибет екен. Осы  тамаша аспан асты,бүйрабұлттардың үстімен ұшып келе жатқан маған қазақ, орыс, француз, американ, тағы басқа сан-алуан халықтардың аймақтарындағы жер бедерлері, тау- тас, өзен-көлдері, орман, далаларыәртүрлі болғанымен де, көк зеңгірі бір- біріне айна қатесіз ұқсас, яғни дәлірек айтқанда аспаны бәріне ортақ-ау деген бір тұңғиық ой келді. Демек, ортақ аспан аясындағы халықтардың мүддесі де бір-барша адамзат бірін-бірі түсінуге, құрметтеуге, бейбіт өмір сүруге тиіс.Осындай ой үстіндегі және көрген- білгендерімді блокнотыма түсіріп отырған маған Москваның Шереметьево-2 аэропортынан шыққаннан кейін 3 сағат 45 минут өткенде айтулы Франция еліне, Оноре Де Бальзак, Стендальдің, Мопассан мен Гюгоның Отанына,  осы елдің бұрынғы президенті Шарль Де Голь атындағы аэропортқа келіп қонғанымызға онша көп уақыт өтпегендей болып көрінді.Бұл аэропорт бұған дейін біз көріп жүргендеріміздің бірде- біріне ұқсамайтын ерекше әдемі екен. Мүнда шаң, лас атаулыны көрмейсің. Асфальтсыз жерлерінің бәріне аласа көк шөп шыққан, ауа райы жылы. Ұшақтан түскенде жермен жүрмейсің, бірден жан- жағы сынбайтын шынымен қоршалған терраса арқылы бақылаудан өту, тіркелу орнына  келдік. Осы жерде тиісті құжаттарын алғаннан кейін( билетке белгі соғуды айтамын- бұның өзі де біршама жұмыс екен, компьютр мен жұмыс жасап отырғанның өзінде екі кісі 13 адамның билеттерін тіркеп беру үшін бір сағаттай уақыт алдырды) бұрынғыға жалғас келесі терраса арқылы Америкаға ұшатын аэробус-   А- 340 алып әуе  лайнеріне отырдық.Ұшақта екі орындықтан үш қатар креслолар  қойылған  бірнеше салон бар екен. Біздер –бес кісі осылардың ортасындағы жайлы салонға жайғастық. Салондарға орналасу  аэропортта тіркелу кезінде билеттерге орын қойып беруге байланысты болды. Біздер  ұшаққа отырғаннан кейін көп кідірмей-ақ музыка тыңдайтын  құлаққа ілгіш аппарат, тіс жуғыш, сқал алатын құрал, алыс жолда аяқты шаршатпау үшін туфлиді шешіп қойып, киіп отыратн екі носки,қол сүртетін, бет сүртетін салфеткалар, иіссу, т. б. бірнеше уақ заттар әклінді. Сонымен бірге су-шырын, арақ, коньяк түрлері келтіріліп жатты. Көп кідірмей-ақ тағамды да  әкеліп үлгерді. Олар мыналар еді:кішкене булка, қақпағын жауып әкелген ыдыстағы ыссы қызыл балық, жеміс, овощь түрлері, шай, сыра, таза су, тәтті нан сияқты түрлі-түрлі тағамдар.Міне, осы кезде- тамақтанып болғанымызда Парижден шыққанымызға 3 сағат болған еді. Аэробус Атлант мұхиты үстімен 240 адамды бортына сиғызып, ертегілердегі алып құстай  теңіз бетінен 11 мың метрдей биіктікте зулап ұшып келеді. Өмірімізде осындай оқиға болады- мен Атлант мұхитын көктей өтіп, арғы жарты шарда орналасқан Америкада боламын деп ойлаппын ба? Өмірде бәрінде көре бересің деген, міне, осы. Бүл ойды менімен сапарлас болып келе жатқан жолдастардың бәрі де айтып, тағдырдың осы бір сиына ризашылықтарын білдіруде. Бұл, сөз жоқ, халқымызға ықылым заманнан-ақ қастерлі саналған тәуелсіздік көк байрағының майда самалмен еркін желбіреуінің нәтижесінде мүмкін болып отырған айырықша бақыт еді. Сағынтып, сарылтып жеткен сол бір азаттықтың бақыт құсын аялы алақанымыздан ұшырып алмай, сеніммен ұстай білейік, ол үшін ләйім де алдыңғы қатарлы өркениетті елдер деңгейінде бола біліп, ауыз бірлік пен ынтымақтастықты жоғалтпайық, құрметті халқым, деп толғанасың іштей.Орындық қасында әрбір жолаушы қалаған киносын көретін 11 каналдан тұратын ұзындығы 10, тігі 8 см. болатындай кішкене экран тұрды. Біздің Парижде отырған ұшағымыз Мехикоға(Мексиканың астанасы) баруы керек, жолда Хьюстонға қонбақ. Осыған байланысты біздер Хьюстоннан түсіп, Даллас қаласына басқа ұшақпен баратын болдық. Біздер Хьюстонға келгенше талай киноны көріп тамашаладық. Алдымызда биіктеу орнатылған экран бетінен ұшақтың суреті, оның ұшып келе жатқан әуедегі жолы- Париж, Лондон, Копенгаген, Рекьявик, Атлант мұхитының Америка жағалаулары қызыл сызықпен бойлай көрсетіліп отырылды. Осы ұзақ ұшу кезінде ұшақ биіктігі,  жылдамдығының өзгеруіне сәйкес сырттағы температураның да  жиі өзгеріп отыратынына назар аудардым. Кейде ұшақтың  838 шақырым сағат жылдамдықпен 11300 м. биіктікте ұшқаны, сырттағы температураның  минус 56 градус болғаны экраннан көрінсе, кейде ұшақ сол биіктікте, сол жылдамдықпен ұшып келе жатса да сырттағы температура өзгеше болып отырады екен. Бір қызығы- кешегі түн өткеннен кейін сағат Москва уақытымен түнгі 12 болғанына қарамастан, ұшақ ішінде ешбір қараңғылық болған жоқ, бойлай да түс, түсқайта кезіндегідей күн көзі жарқырап, нұр сәулесін шашып тұрды. Ал менің сағатым 12-ші сәуірді көрсетіп тұр, өйткені Ақтау бойынша түнгі 2 сағат қой ал бұл жақта жаңағы айтқандай, түс мезгілінің шамасы. Экранға қарағанда біздің Парижден ұшып шыққанымызға 10 сағат болыпты, әлде де біраз ұшатын ретіміз бар. Қанша жайлы салон дегенмен де бойлай бір орында отыру жартылай жатып қалғу шаршатады екен. Әйткенмен де құс болып қалықтаған қиал- көңіл тыншу таптырар емес. Көп ұзамай-ақ мынау жалпақ әлемді өз аузына қаратқан, байлығы тасып, мейманасы асқан әйдік Американың өзіне табан тірейтіндігімізге әлде де болса біртүрлі  сене алмай келе жатқандаймыз. Иә, Аллатағала, жолымызды оңғарсын, киелі өлкеміздің әулие- әмбиелері қолдап жүрсін деген тілек бар жүрек түкпірінде.2. Күншуақты кездесулерХьюстонда біздерді арнайы шақырған адамдар-Дэвид Рейган, Энн Бавариян, Форт- Уорт қаласының басқа да полисмендері құшақ жая қарсы алды. Сондай-ақ,  Хьюстаннан сағат жарым ұшып, Далласқа келгенімізде осы қалада тұратын «Орикс Энерджи компаниесінің» Жаңа аудандар бойынша Кеңесшісі Меңдеш Салықов та аэропорт басында күтіп алды. Өзіміздің іскер- басшы азаматымыз АҚШ-та Маңғыстаудан келген делегацияны ертегі елінің полиция қызметкерлерімен бірге қарсы алады, ағылшын тілінде мүдірместен сөйлеп, біздерге тәржімашы болады деп кім ойлаған?Бұнда да күтіп алушылар өте жоғары ілтипат көрсетіп, әрқайсымызбен бейне бір сағынып қалған туыстардай күле сөйлеп, шын ниет- көңілмен көрісіп жатты.Хьюстон, Даллас қалалары аэропорттарының тазалығы, жолаушыға деген қамқорлық кісі таңқалғандай.Әсіресе, Даллас қаласы аэропортының аумағы Алматы, тіпті Шереметьево-2 аэропорттарынан бес- алты еседей үлкендігіне қарамастан, мұнда ешбір дабыр- шусыз(біздерде табиғи құбылыс болып табылатын) жолаушылардың да, оларға қызмет көрсетушілердің де тарапынан тиісті жұмыстың бітіп жатқаны айтуға тұрарлық.Күтіп алушылар біздерді алдымен Даллас қаласынан оңтүстікке қарай 40-50 шақырым жерде тұратын Форт- Уорт қаласындағы Уортингтон қонақ үйіне орналастырды да содан кейін полицияның өздерінің кең залында дастархан жайып құрмет көрсетті. Сол залдың ішкі жарына «Қош келдіңіздер, Қазақстандық достар»деп ағылшын тілінде жазылыпты. Қала полиция бастығының орынбасары Дэвид Рейган кездесуді ашып, олардың өткен жылғы  Ақтауға жасаған сапарларына жауап ретінде келгенімізге көп-көп рахмет айтты. Оның сөзін бізге Меңдеш тәржімалап тұрды. Содан  кейін келген делегация атынан сөзмаған берілді. Мен қазақ тілінде сөйледім. Мүмкін, мүмкін емес- ау, дәл солай, бүрынды-соңды Америка елінде, үлкен залға жиналған Американдықтар арасында қазақша үн естіліп,сөз айтылуы бірінші рет десем артық болмас. Бізбен бірге тәржімашы(ағылшын тілін жетік білетін) қазақ қызы Римма Баймұқанованың болуы арқасында менің өз ана тілімде сөйлеуіме мүмкіндік туды. Осы ретте бір өте маңыз бере айта кететін жәйт, еліміздің тұғырын биік ұстап, озық елдер көшіне ілесеміз десек, жас ұрпаққа шетел тілдерін, оның ішінде бірінші кезекте ағылшын тілін меңгертуге баса көңіл бөлгеніміз жөн. Сонда біз сыртқы дүниемен саяси –қоғамдық, мәдени, кәсіпкерлік қарым- қатынастарда кедергілерге ұрынбай, ілгері қарай аршынды да нық қадаммен басуға мүмкіндік аламыз.Мен сөйлеген кезімде Америка елімен, соның ішінде осы қаланың полиция қызметкерлерімен байланыс жасау тек қана Қазақстан Республикасының дербестік алғанының, өз алдына тәуелсіз мемлекет болғанының арқасы, сондай-ақ, жас республикамыздың әлемге әйгілі АҚШ- сынды өркениетті мемлекетке кеңінен белгілі бола бастауы, бүкіл дүние жүзі көлемінде үлкен беделге ие болып келе жатқан алғашқы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы  елге жасаған ресми сапарының нәтижесі екендігін ашып айттым. Бұрынғы кез болса, сөз жоқ, мұнда келу түгілі барамын деп ойлаудың өзі де үлкен күпірлік болып бағаланар еді. Мысал келтірер болсам, мен 1986-шы жылы ССРО журналистер Одағының мүшесі ретінде Англияға баратын журналистер құрамында бола тұрсам да,аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болуыма байланысты Москва өткізбей қойды деген хабар келген еді. Тамақтанып болғаннан кейін біздер жоғарыда айтылған Уортингтон қонақ үйіне келіп демалдық. Қонақ үйінің, оның бөлмелерінің ішкі жабдықталу, әсемдік сипатын айтып жеткізу өте қиын. Бұнда қойылған дүние- мүліктің барлығы да жеткіліктілікті, молшылықты көрсетіп тұрғандай. Форт-Уорт қаласының көшелері де тап- таза, автомашиналар бойлай бір бағытта зулайды, қарсы келе жатқаны жоқ. Екі бағыттағы автомашиналар қозғалысының арасы бөгетпен бөлінген. Демек, бұл елде жол оқиғасы аз болады деген сөз. Машиналар кейде 3-4 көпір(бірінің үстіне бірі салынған) арқылы өтеді, ең жоғарғы көпір үстіне ұшақтар қона береді, көрмеген кісіге бұл да бір ғажап дүние.3. Полиция қызметімен танысуБіздер Уортингтон мейманханасында жайлы демалып тұрғаннан кейінФорт –Уорт қаласының   полиция   бөлімін араладық. Олар бізді өздерінің қызмет қүрылымымен, қылмыскерлерді ұстаудың әртүрлі әдістерімен таныстырды.Әрине, біздегімен салыстырғанда бұнда өзгешеліктер көп екен. «Басты қылмыс не ?» деген сұрағымызға олар «ұрлық » деп жауап берді. Сонда байлыққа белшеден батқан Америкада ұрлық- қарлық көп болса, бұндағы өмірдің де қайшылықтары аз емес болғаны- ау деген ойға келдік.Түстік ішкеннен кейін ату алаңында болып, бірнеше пистолет, автоматпен атуға қатыстық. Әсіресе, автоматпен ату адамға жеңіл және ыңғайлы екен. Пистолеттің үш түрінен аттық.Бұл қалада 460 мың халық бар екен , оларға 1200 полицай қызмет ететін болып шықты. Полиция қарамағында әртүрлі маркалы 500 автомашина, 2 тікұшақ бар екен. Қызметкерлердің айлық жалақысы 4500 доллар, ең төменгі жалақы 2000 доллар шамасы. Техникалық жағынан жабдықталуы біздегіден әлде қайда жоғары екендігі осы цифрлардан айқын көрінеді.Осындай делегацияның- облыстық ішкі істер басқарасы қызметкерлерінің Америкаға тәжірибе алмастыру сапарымен келуі Қазастан республикасы бойынша бірінші рет болып отырғандықтан да бүл жақтың- Техас штатының тиісті орындары, біздерді шақырған қала басшылары да бұл кездесулерге үлкен мән бергендіктері байқалып тұрды. Біздерді қарсы алу, кездесулер, пікір алысулар теледидардан тұрақты көрсетіліп, хабар беріліп тұрды, газеттерге мақалалар жазылды. Келесі күні қаланың  түрме жайымен таныстық. Түрме 3800 адамға арналған, бірақ та мұнда 5000 адам қамауда көрінеді. Шерифтің (түрме батығы) таныстыруы бойынша оның қарамағында 1400 қызметкер бар екен.Техас штатындағы 38 қалада қылмыс жасап, сотталған- жыл кесілген адамдарды осында қамай береді екен. Қамауда отырғандардың  дені қара нәсілділер.Полицейлердің жұмыс орындары, түрме іші толықтай техникаландарылған- компьютер, басқару пульті(әр бір бөлме,   әр қабаттағы жағдай  пультте көрініп отырды да, бөлмеден бөлмеге өту осы пульттегі кнопкаларды басу арқылы іске асырылады) мүлтіксіз істеп тұр. Түрме іші өте таза,тұтқын адам отыратын камераларда түрлі түсті теледидарлар қойылған, телефондары да бар(камера іші- тіпті жеке адам отыратын камераларға дейін телефон далған). Жататын жерлері нар екен де,үстіне матрац тасталған, жастықсыз ұйықтап жатқандарын да көрдік(бірінің үстіне бірі қойылған нарларды көрмедік).Шерифтің кабинетінде делегация атынан мен сөйледім мұнда орысша айтқан сөзімді тәржімашы өз қызметкері(бір кезде Ленинградтан кеткен еврей әйелі екен) аударып тұрды. Сөзімде жақсы қарсы  алғандарына алғысымды білдірдім.Жалпы орган қызметімен танысу барысында, кездесулер мен банкеттерде сөйлеген сөздерінде Майдан Молдақашұлы біздің ішкі істер басқармасында атқарылып жатқан іс- шараларды өткен жылы келгеніңізде Сіздерде де қолданып көруге болатынын айтқан едіңіздер. Енді, міне, Сіздерден де көп нәрсені үйренуге, оны іс жүзіне аыруға болатынын көріп отырмыз. Демек, тәжірибе алмасу екі жаққа да пайдасын тигізері сөзсіз- деген тұжырымды пікірлер айтты.Түсқайта байланыс бөлімінде болдық.  Бұл да толықтай техника тіліне көшкен : полиция, медицина өрт сөндіру командасы, жапа шеккендерді құтқару- барлығы бір орталықтан басқарылып отыр. Бұл кәдімгі бізде теледидардан көрсетіліп жүрген 9-1-1деген  американдық  қызмет жүйесі. Оның оперативтік түрдегі қызмет үлгісі кім-кімді де  таң қалдырмай қоймайды. Біздің  жігіттердің бір қатары патрульге қатысты. Ал біздер байланыс үйіндегі басқару тетіктерінің – компьютерлерінің қалай жұмыс істейтіндігімен таныстық.4. Энн Бавариян ханымның дастархан  мезірі және бизнес туралы.Сол күннің кешіне Энн Бавариянханым қонаққа шақырған еді. Ол Ақтаудағы В.Г.Саркисян екеуі бірігіп бір жеке  өндіріс орнын-  Каспиинтертрид сервис-халықаралық сауда орнын ашып отырған кісі. Ол Даллас қаласында тұрады екен, жарты сағаттың үстінде жол жүріп сонда жеттік. Оның өзінің жеке апартеиді бар екен, жерден салынған бір қабатты , бірнеше бөлмелі үй. Энн Бавариян  бізден басқа  да 7-8 бизнесменді шақырыпты. Бұлардан басқа да көп адам жиналды, алдымен арақ, сыра түрлері ұсынылды (үйінің ауласындағы әдейі қойылған орындықтарға отырдық, өз дәстүрлері бойынша қолдарында ішіне мұз салынған суы, не сырасы бар бір-бір бокалдан ұстаған қонақтар өзара көбіне түрегеліп жүріп сөйлеседі, мәселе шешеді екен.) Біздер бір-екі стақан сыра іштік. Дастархан үстінде алғашында тек жеміс-жидек түрлері болды, содан кейін тауық еті келді. Тамақ арасында жаңағы айтқандай тұрып жүріп сөйлесу, пікір алысу, суретке түсу, т.б. мәнді шаралар жалғасын тауып жатты. Біраздан кейін үй иесімен біріккен жеке  кәсіпорын  ұйымдастырып жүрген  В.Г.Саркисян да келіп жетті. Содан кейін итальян асы тартылды: овощтан  жасалған тағам- қоспа,  салат, еттен жасалған тағам- бәрі де дәмді екен.Бұдан кейін бизнесмендермен бірге қысқаша брифинг өткізілді. Олардың атынан құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты бірнеше сұрақтарды ағылшын тіліндеЭнн ханым (өте кішіпейіл, бойлай күліп жүретін, ілтипатты және нағыз іскер әйел екен) оқып, өздері шақырған тәржімашы аударып отырды. Қойылған мұрақтардың ең бастылары : «Сіздердегі ең  көп болатын қылмыс қандай, біздің бизнесмендер сіздің елмен қандай ма болмасын байланыс жасаса, олардың қауыпсыздығы қамтамасыз етіле ме?», тағы басқа өмірлік мәселелер болды.Бұл сұрақтарға М. Аманжолов тиісті жауап беріп отырды.Бұл кешке бірқатар бизнесмендердің жиналуларына, қойылған сұрақтардың төркініне қарағанда олардың біздің республикамыздың саясаты, бағыты тұрақты болғандықтан, осындай елдің өндіріс, сауда орындарымен көбірек байланыс жасауға ынталы екендіктері айқындала түсті. Сондай-ақ, олар аз сөйлеп, көп іс бітіруді, ең бастысы- сөзінде тұруды қатты бағалайды екен.Америка бизнесмендері өз мүдделерін көздей отырып,елінің де мүддесін қорғайды. Оларда ұлттық деген ұғым «Америка елі» деген ұғыммен сәйкес келеді, олар әр кез өздерін біздер американдықтармыз деп атайды.5.Зауыттарды аралағандаКелесі сапарды радиотехникаларын жасайтын «Моторола»  зауытына барудан бастадық. Мұнда біздерді «Қош келдіңіздер, қазақстандық достар!»деген әдемі ұран жазып қойған стенд алдында өте жылы қабылдады. Зауыт жайымен бас инженердің орынбасары бір индиялық мұсылман жігіт(Мұстапа деген) таныстырды.Бүдан кейін зауыттың цехтарын араладық. Бұрынғы көргендеріміз сияқты мұнда да барлық цех іштері айнадай таза,  жұмсақ материалдан жасалған едені кісінің суреті көрінердей жалтырап тұр. Американың біз көрген өндіріс орындарының барлығында да жұмыс орны жеткілікті кең жасалып,пайдаланылмай тұрған кең алаңдар(біздің елімізде ондай кең, бос тұрған орындарды кім көрген?), кең дәліздер адамға бір молшылықты өзінен өзі ұғындырып тұрғандай әсер қалдырады. Бұл бос кеңістіктер қызметкерлердің денсаулығына қамқорлық жасауға арналған , бос кеңістік мол болған жерде таза ауа да мол болады емес пе. Өндіріс орындары, қызметкерлер жұмыс жасайтын орындарда есігі бар бөлек бөлме болмайды, бөлмелер бір-бірінен шағын қалқалармен бөліне салған.Еңбек адамдарының арасында қаратүсті нәсілдер көп (бұрын болған жерлерімізде де солай еді).  Олар негізгі американдықтармен бірге үлкенді- кішілі жауапты жұмыстар атқарып жүр. Ал қара жұмыспен айналысатын адамдардың 80-90 пайызы қара түсті халықтар деп айтуға болады. Мәселен, біз көрген асфальт салу (мұнда әуелі арматура жүргізіп, асфальтті содан кейін құяды екен-бұл асфальтты ұзақ мерзім пайдалануға мүмкіндік береді ), көше тазалау, күл қоқыс тиеу, түрмеде жалдамалы қызмет жасау, т. б. жерлерде осындай жұмыс жасап жүргендердің басым көлшілігі осылар болды. Бұл зауыттан шыққаннан кейін, Америкадағы ең ірі соғыс және шаруашылық, өндіріс және транспорт- қай саланың барлығы үшін де тікұшақ жасайтын зауытқа келдік. Мұнда да кең пейілмен, қүшақ жая қарсы алған  салуалы кісілер біздерді зауыт жайынан хабардар етті. Зауыт ерте кезден жұмыс жасайды екен.  Мұнда тікұшақтың 140 түрі пайдалану ыңғайына, тапсырма берушілердің талаптарына сәкес түрлі өзгерістерімен жасалатын көрінеді.Өткен екінші дұниежүзілік соғыс кезінде бір күнде 150 тікұшақ шығарылып тұрған. Ал кәзір үлкендерінен 2, кішілерінен 8- барлығы оншақты тікұшақ өмірге келетін көрінеді. Соғыс жылдарында осы зауыттан шыққан тікұшақ саны барлық дүнижүзі елдері шығарған тікұшақ санымен тең келген болса, кәзір тек Еуропа елдері шығарғандай ғана мөлшерде екен( ТМД елдерінің мәліметінсіз).Соғыс жоқ, сатып алушы көп емес- деп әзілге шаптыра ішкі сырын аңғартқандай болды осы зауытпен таныстырып жүрген жауапты қызметкер. Әрине, оның арғы ойы белгілі болып тұр-тікұшақтар сату арқылы байыған үстіне баий түсуді көздейтін тәрізді. Мүмкін, Американдықтардың өз жерінде соңғы 200 жылдан аса мерзім ішінде оқ- дәрі иісі мұрындарына  жарытымды бармағаны  да, олардың соғыс болып жатқан аймақтардағы  қасіретті көз  алдына нақты елестете, жан- дүниелерімен ұғына алмауларына, жете сезінбеулеріне әкеліп соқтыратын болар деген ойға келесің. Тегінде, қара жердің бетінде «соғыс» деген жан шошырлықтай сөз мүлде естілмей, барша адамзаттың жарасымды достықта, ізгілік пен өркениет жолымен болашақ ғасырларға қадам басқанына не жетсін!Аталған зауытта 7000 адам жұмыс істейтін көрінеді. Бұл зауыттан соғыс жағдайына арналған лушкалы «Кобра» деген үлкен тікұшақты(екі деңгейлі- жоғарғысында ұшқыш отырады да, төменгісінде атушы отырады), орташа, кіші тікұшақтарды да көрдік. Мұнайлы аймақтарды игеруге арналған тікұшақтың схемасымен таныстық.Бір айта кететін жәй, осында Түрікменстан Республикасының сұрауы бойынша сол елдің Президенті С. Ниязовқа арнап сыртынан оқ өтпейтін материалдан әдемі етіп жасалған , іші отыруға, жұмыс жасауға ыңғайлы тікұшақты дайындап қойған екен. Былай ша айтқанда, « көркіне көз тоймайтын» -өте жақсы ойластырылған дүние(Ішінде радио, телефон, теледидар, т. б. –қажеттердің бәрі де бар). Біздің көршіміз Түрікмен елінің осы секілді кең мүмкіндікке қол жеткізіп жатуы туысқан республиканың да өз алдына тәуелсіз ел болғандығының арқасында екендігін бағамдау қиын емес.6. Ғажап десе, ғажапТүстен кейін осы Форт(қамал дегенді білдіреді) Уорт(кісі аты-осы жерді иемденіп, үйлер салып байыған адам)қаласының сурет және мүсін жайынан сөз шертетін (ерте кездегі тарихты баяндайтын – ковбойлар мен үндістердің соғысы, т. б.) мүражайына бардық. Одан алған әсеріміз айырықша.Бәрінен де кино көруге барғанымыз бір ғажап дерлік. Біздерді бір өте кең залдағы амфитеатр орындықтары сияқты дөңгелене орналасқан орындарға жайғастырды. Орындықтары жоғарғы отырған кісі төменгі кісінің тура төбесін көргендей тікшіл жасалған. Көрсеткен орындарына орналасып бола бергеніміз сол еді, бір уақытта тәржімашы: «Кәзір кино басталады, жүректеріңіз қобалжып, бас айналатын жағдай болса көздеріңізді жұмарсыздар, сонда әлгі күйлеріңізден айрыласыздар»- деді. Біздер бастапқыда бұл не сөз екенін түсіне алмағандықтан дымымыз ішімізде сілтідей тыны отырмыз.Жалпы кинотеатрдың  ішіне кірген кезіміздегі көріністің өзі де біртүрлі түсініксіздеу  болды. Төбесі зәулім биік, айнымаған біздің түндіксіз шаңырақтай да, одан тұманды күнгі аспан бұғалдырланып  көрініп тұрғандай еді. Артынан байқасақ сол бұғалдыр дүние алып экран екен.Содан не керек, ағылшын тілінде сөздер айтылып, экранға жазулар түсті- бңздер оны түсіне алмадық, кино басталды да кетті... Жоқ, жоқ, кино басталған жоқ-ау, біз- бүкіл залда отырған адамдар ірі-ірі үйлердің, биік-биік тау-тас, терең құздардың үстімен «тікұшаққа» отырып, көз ілеспес жылдамдықпен ұша жөнелгендей болдық. Бұл кезде отырған орнымыз ілгері қарай еңкейіп, жаңағы бізден төмен отырған адамдардың үстіне құлап кетердей( олай емес-ау, дұрысында ол адамдар- тіпті залдағы барлық адамдар саған көрінбейді де), сенің «тікұшағың» әлгі биіктерге соғылып қалардай, не құзға құлап кетердей әсер қалдырды. Біздер, Майдан Молдақашұлы екеуіміз қатар отырғанбыз, құлап кетпейтінімізді біліп отырсақ та шынымен қауып еткен дей болып, отырғышымызды қаттырақ қысып ұстадық және «япыр-ау мынау қайтеді-ей»күле бердік. Бізден басқаларда дабырлап күлісіп жатты. Ол күлкілерде қауыптеніп, қорқа бастағандарының белгісі еді. Сонымен әлгі «тікұшағымыз» зәулім биік үйлердің үстімен ұшып, тауға да шықты, құзға да құлады(осы кезде мына үйлер мен тауларға соғылып, құзға құлап кетпесек жарар еді деген ой да қашық емес еді), одан да зоры, теңіз астына түсіп,сондағы ғажайып өмірді көруге де мүмкіндік берді (Теңіз астындағы таңғажайып өмір аса үлкейтіліп көрсетілді- балық, көлбақа, жылан, шөп,т. б., бәрі де тірлік үшін күресіп жатты). Сондай-ақ, зулап отырып жер бетіне шыға келгендей болған кезімізде  орман іші, далалық, аң-құс түрлері, буйвол, маймыл, жарқанат-бәрін де бірнеше есе үлкейтілген күйінде көріп тамашаладық. Отырған орындығымызбен ара-тұра «ұшып» жүріп, жазық даладағы өмірді, бірде тау- тас шатқалдарды аралай келе, келесі бір сәтте теңіз түбіне түсіп кеткендей әсерде болып отырдық. Сөйтіп біздер осындай бір таңғажайып киноны көрдік. Адам баласының ақыл-ойы не істемейді десеңші, бұл көріністер, алған әсерлеріміз көпке дейін естен кете қоймас.Кешіне өзен жағасындағы яхтыда болып, тамаша табиғаттың аясында, тыныш жатқан теңіз үстінде  ас ішіп,  қонақ иелерінің қүрметіне дән риза болдық.Күн сайын кештетіп келіп, ерте тұратындықтан демалуды ойлағанмен бүгінгі көргендерімді жазбауға әсте болмайтын еді- жалқауланбай қағазға түсірдім. Бірақ, жаңағы кинода көргенімізді тәптештеп, қызықтырақ етіп жазуға уақытым да болмады, тілім де жетпеді.7. Чемпионның ранчосында Сәуірдің 5-күні де айта қаларлықтай мазмұнды әрі қызғылықты болып өтті. Ертеңгі асты ертерек тұрып ішкеннен кейін полиция учаскелеріне шығып кеттік. Бұл күні де қайтадан тирге бардық. Тирде “Смит” пен  “Виссон” фирмалары шығарған 6 түрлі пистолетпен атып таныстық. Бұл пистолеттер қолға өте жақсы, дәлдеп сығалауға өте ыңғайлы болып  шықты. Солардың ішінен пистолеттердің бір үш түрі айрықша әсер қалдырды (лазерлық пистолеттер). Олармен көздегенде қай жерінен атуды стволдың ұшынан қызарып көрінетін сәулені дәлдеу бойынша білесің де, сол сәулені дәл 10-дыққа келтіріп алғаннан кейін атасың. Дәлдікті күшейту, қол дірілін болдырмау үшін қос қолдап ату қолайлырақ екен.Бұл жерден шыққан соң спорттық аттар өсіріп отырған (әрбір аттың құны 14-16 мың доллар), ваплоуда (буйвол) өсіретін американдық фермердің – ковбойдың шаруашылығына бардық (ранчосына  - кәдімгі американ, мексикан киноларында көрініп отыратын, аталып отыратын, мысалға “Күң Изаураны” еске түсіріңіз, ранчоның дәл өзі). “Құлақ естігенді көз көреді” деген бабаларымыздың даналық сөзіне қалай қайран қалмасқа! Сол  “Күң Изаура” киносын көріп отырып бір кезде осындай ранчоны мен де көремін, осында отырып ас ішіп, аяқ босатамын, атқа мініп ковбой боламын, басқа да қызықтарды – иттердің  сиырларды қайырып келіп шарбаққа қамауын көреміз, өзіміз трактор сүйреткен арбамен саяхат шегіп, ранчодағы ковбой қыздың әнін естиміз, т.б. тамашаларға тәнті боламыз деп кім ойлаған?Біздерді 55 жастағы, ат спорты жөніндегі жарыста үш дүркін дүние жүзінің чемпионы болған атақты ковбой – Билли Боб (ысқаяқ келген, өте тез сөйлеп, тез жүретін, шашы толықтай ағарып кеткен ақсары кісі) жылы қарсы алып, ранчосын таныстырды. Жері өте жақсы (аздап жел тұрып мазалағаны болмаса), өскен ағаш, көкпеңбек айнала – Көкшетау мен Алматыны еске салып, ұқсастық танытады. Бұл фермердің әкесі де, атасы да өзі сияқты фермер болған екен, енді бұл да ранчо билігін ұлына бергісі келеді. Шаруашалығы – ат, буйвол, сиыр – олардың өнімдерін сатып, өз күндерін көрулеріне толығымен жететіндігі айқын аңғарылады. Оның қарауында 4-5 қарапайым ковбойлар – мал бақташылары бар. Тұрмыстары  жақсы, қала басында да, ранчосында да үйлері бар.Осы жерде мен бір сәтке өткен күндерге, сонау балалық шағыма ойша көз жүгіртіп өтүге мәжбүр болғандаймын. Сегізінші сыныпты тәмамдап, тоғызыншыға көшкен 1949 жылдан бері ешқашанда атқа мінбеген екенмін. Бала кезімізде талай өзіміз (Қонысбаев Қойшы екеуміз, ол қазір Қарақия ауданында оқытушы) мектепке мініп баратын көлігіміз – тайларды жазғытұры жуасытып алатынбыз. Және де мен Уәлі жерінде отырғанымызда (1947-1949 ж.) жаз айлары кезінде ауылда ат әкелетін жалғыз бала болдым да (бар болғаны 3 – 4 үй болатын, менен басқа ересек бала жоқ еді), жолаушылардың жұмсауымен әкелген аттарымның аяқ желін үйге келгенше шауып байқайтын, көптеген той – томалақтарда бәйгіге шабатын едім. Осы жайлар есіме түсіп, тәуекел деп әлгі Билли Боб ұсынған атқа ковбой қалпағын киіп мініп алып жортақтата жөнелгенде аттың жортағының, желісінің қатты екенін байқадым, өзі айрықша ірі, жуас сары ат екен. Сол ат тізгінін еркін меңгеріп шоқырақтай жөнелген Майдан Молдақаш ұлы да,  мен де атқа отыру дағдысынан әлі де  болса айрыла қоймағанымызға қанағат еттік. Тағы да бір айта кетейін дегенім мынау еді: осы ковбойлардың қаруларында, кейбір киімдерінде, әсіресе, етіктерінің қоныштарында әдемілеп салынған біздің елдегі тәрізді қошқар мүйізді, жарты ай белгісіндегі оюлардың болуы – мен бұған қатты таң қалдым. Бұның өзі бағзы замандарда Аляска құрлығы арқылы Америка жеріне өткен (Америка ашылмастан талайлаған ғасырлар бұрын) үнді тайпалары мәдениетінің көрінісі, демек ою - өрнек о заманнан бүкіл Азия халықтарының ортақ өнері, мәдениеті болған деген пікір ойға оралады. Әрине бұл пікірдің ғылыми дәлелді қажет ететіндігіне талас туғызуға болмайды.Бұл жерде бір қатар қызықтар көрген соң қожайынмен қоштасып жүріп кеттік.8. ДалластаБүгін- 16 сәуірде күндегіден де ерте, таңғы сағат 5.30 – да тұрдық. Өйткені, ертеңгілік ас ішкеннен кейін бұрыннан орналасқан Форт-Уорт қаласынан заттарымызды алып, Даллас қаласына баруға тиіс болдық. Осы қалаға барар жолда  бірден Президент Джон Кеннедидің кісі қолынан мерт болған жерін көрдік. Бұдан бұрын да Американың үш Президенті атып өлтірілген екен, олар: 1. Авраам Линкольн (1865 ж.), 2. Джеймс Гарфельд (1881 ж.), 3. Вилиат Маскалей (1901 ж.). Ал Кеннеди өлгеннен кейін оның орнына Президент болып осы Техас штатынан шыққан Вице – Президент Джонсонның (АҚШ Конституциясына сәкес) отырғаны баршаға белгілі. Ашық машинада келе жатқан Дж. Кеннедиді үш оқ шығарып атып өлтірген Х. Освальд деп жария етіле тұрса да, қастандықтың іске асырылу жайында әлі де күмәнді мәселелердің барлығын бұл туралы түсінік берген Роджер Пупарт деген американдық діндар жас жігіт жасыра алмады .Техас Америкадағы ең бай штат.Мұнда мұнай, газ өндіріледі, 4 графствосы(біздегі облыстар іспеттес) бар. Соның бірі – біз болған графствода 38 қала бар. Тек Форт- Уорт қаласында бір миллиондай, ал Далласта бір жарым миллион халық тұрады.Далласта көптеген банктер орналасқан. Олар бейнелеп айтқанда ақшадан ақша жасайды. Мұнда мықты технологиясы бар компьютерлік технология ерекше дамыған. Сондай-ақ көптеген сақтандыру компаниялары мемлекетке үлкен табыс келтіреді. Даллас аэропорты бір минутта ұшақтар қабылдауы жөнінен дүние жүзінде екінші орын алады.Осы қаладағы әсем де зәулім мұнараға 175 метр көтеріліп, бір сағаттай тамақтанып отырғанымызда бүкіл Даллас қаласын осы биіктіктен түгел көріп шықтық. Өйткені мұнара жайлап қана өз өсінен сағат тілінің ыңғайына қарай айналып тұрады екен. Осы жерде 1971 жылы біздер- Қарлығаш, Айгүл үшеуіміздің бұдан үш есе биіктіктетегі Останкино (528м.) мұнарасынан бүкіл Москваны көргеніміз ойға оралды. Екеуінің де жасалу принциптерінің бір екендігі көрініп тұрды. Даллас мұнарасында қағаз жазып отырғанымжа көз жетер аймақты телекамераға түсіріп жүрген Қалмұрат Саламатұлы Хайдаров маған келіп интервью алып, қай қаланың қандай жерінде отырғанымызды, біздерді американдықтардың қалай қарсы алғаны жөнінде сұраулар қойып, бәріне  ризалық сезімдеміз деген жауап алды. Шынында да полиция қызметкерлері біздерді өте жоғары дәрежеде құрметтеумен жүрді. Осы құрметтерінің бір көрінісі- полиция ұшқышының бізге сюрприз жасап, вертолетпен мұнараға таяу келіп  салют бергендей қозғалыс жасағаны болды. Мұнарадан қарағанда бүкіл қаланың көк- жасыл шөпке оранып тұрғаны көзге түседі. Сол көгал жазықтың орталарында сиректеу келген бөлек-бөлек орманды алқаптар да қарауытады.Мен осы мұнара көгінен телефондап , Даллас қаласындағы Маңғыстаулық бизнесмен жігіт Исабаев Рауль мен сөйлестім. Ол Саркисянның тапсыруы бойынша менің телефон шалуымды күтіп отыр екен. Мұны айтып отырған себебім бұл елде телефонмен кодын, телефон номерін білсең болды, кез-келген жердегі қажетті кісіңмен телефон желісіз-ақ сөйлесе береді екенсің. Енді ойласам бұл осы кезде кез-келген баланың қолында жүрген «сотка» деген дүние екен. Мүнара басындағы ресторандағы тамаша отырыстан кейін,  Далластағы Хай Ридженси қонақ үйіне келіп орналастық.Осы күні кешкісін біздің делегацияның құрметіне ұйымдастырылған банкетке американдықтар жағынан 70-80 дей адам жиналды. Оладың ішінде Америка Конгресіне Техас штатынан сенатор Майк Монкриф, аудан судьясы Шарон Вилсон, Хайлэнд парк қаласы полициясының шефі Дэрел Фэнд, Даллас қаласы полициясының шефі Бен Клик, Кэролтон қаласы полиция басқармасының шефі Монте Стэнли, тағы да басқа қалалар және полицтя органдарының басшылары болды. Банкетке Меңдеш Салықов та зайыбымен қатысты.Банкетті қысөаша сөбен шеф орынбасары Д. Рейган ашты да,  сөзді сенатор Майк Монкрифт мырзаға берді.Ол өз сөзінде біздің келгенімізге қуанатынын, өткен жылы Ақтауда болғандардың жақсы хабар әкелгенін, әлі де өзара байланыстар бола бергенін қалайтынын айта келіп, « мен енді көп кідірмей кетемін, ұлым үйленіп жатыр, бүгін сенбі күн, бара алмасам үйдегілер мені дарға асады ғой»  деп галстугін мойынына орай жоғары көтеріп күліп алды. Отырғандар жағдайды түсінеміз ғой деген ишарат білдіріп көңілді күлкімен бас изесті.Осы банкетте Майдан Молдақашұлының ұсынысы бойыншаоблыс делегациясының атынан ен сөйледім. АҚШ сенаторы қатысып отырған банкетте орыс тілінде айтқан менің сөзімнің ұзын-ырғағы төмендегідей: біздерді келгенімізден бері құшақ жайып қарсы алып жатқандарыңызға, әсіресе, Дэвид Рейган, герман Лапин мырзалардың, Энн Бавариан ханымдардың біздің сапарымызды тамаша етіп,ұйымдастырғанына үлкен рахмет айтамын. Сенатор мырза және осында отырған американдық достар біздің сіздерге деген жалынды сәлемімізді, еліміз сәлемін қарсы алуларыңызды сұраймыз. Біздер, жасыратыны жоқ, АҚШ- қа келуге өте қызыққан едік, бауырластық сезіммен  сіздің елді аралап, полиция жұмысым ен танысып жүрміз. Өзара шын мәніндегі достығымыз өткен жылдың мамыр айында осы Техас штатының полиция қызметкерлері Ақтауға келіп, біздің осы сала қызметкерлерінің жұмысымен танысуларынан басталған болатын.Жақында ғана біздің тәуелсіз мемілекетіміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  АҚШ Президенті Билл Клитонның шақыруымен осында келуімен екі ел арасында мемлекетаралық, адамдар аралық қатынас және байланыс көпірі тұрғызылды. Президенттеріміз түрғызған осы достық көпірінің бұдан былайда берік болып, сыйластығымыздың арта беруіне екі ел арасындағы тәжірибе алмасу мақсатындағы кездесулердің оң ықпал етеріне күмән жоқ.Мен сөйлеп тұрған кезде менен көзін айырмай отырған сенатор Майк Монкрифт мырза бірнеше рет басын изеп қоштап, риза болған ыңғай көрсетіп отырды. Сөзімді аяқтаған кезімде сенатор маған қошаметпен қарап, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа келгенін жақсы білемін, ол беделді Президент,  сындарлы саясаткер –деп қолымды алды.Майдан Молдақашұлы сенаторға жақсы шапан жауып, тақия кигізді. Оған сенатор өте мәз болды. Бүкіл отырыс бойына бірнеше  тост- тілектер айтылып, өзара естелік сувенирлер ұсыныстық. Біздің тарапымыздан бірнеше қызметкерлерге шапан кигізілді, тақиялар берілді кітап, домбыра, сувенир- ойыншықтар, т. б. бүйымдар тарту етілді.Реті келгенде айта кетейін, делегацияның сондағы жұмысын, кездесулерді камераға түсіруде Қалмұрат Саламатұлы мен Наурызбай Бисенұлы, ал ішкі шаруашылық, жүріс- тұрыс, кездесу кездерінде сый кісілерге(аммерикандықтарға) алып барған сувенирлерді ұтырын тауып ұсынып, оларды риза етуде Кәрім Бердешұлы шеберлік танытып жүрді.Америка елінде АҚШ сенаторы қатысқан банкетте сөйлеуім- сондай мүмкіндіктің тууы,  өмірімде ұмытылмайтын үлкен  із қалдырған сәттердің бірі болды деп білемін.Бұның да түпкі негізі Қазақстан мемілекетінің тәуелсіздікке қол жеткізіп, өзінің аспан түстес көгілдір байрағын еркін желбірете көтеруінің  арқасы еді.9.Байлар мен жарлыларСәуірдің 17-сінде АҚШ жайын тереңірек білу үшін ертеңгі асты ішкеннен кейін  қаланың байлар және жарлылар тұратын бөліктерін араладық(бұл саяхатты полицейлердің өздері ұсынды). Байлардың аты байлар емес пе, олардың несін айтайын- тұратын үйлері қызыл ,басқа да түстермен боялған кірпіштерден қаланып, әдеміленген, өрнектелген, көпшілігі бір қабатты, шатырлы  биік үйлер. Бай адамдар арасында қымбат үйлер салу бәсеке. Бұл үйлерде адамға қажетті жәйлардың бәрібар, бәрі ескерілген. Кейбір үйлердің құны миллион доллардан асады. Құны 6 миллион доллар тұратын, айналасы биік шарбақпен қоршалған әсем үйде бір атақты мллиардер тұратыны сөз болды.Ал жарлылардың үйлері болса сылағы түскен тозық, көшелері ластау көрінеді, жергілікті үкіметтің қайсы бір осындай тозығы жеткен үйлерді құлатып жатқанын көрдік.Ең бір қайыршылық өмір сүретін негірлердің кейбір бөлігінің күйі өте нашар екенін көре қалдық. Олар үйсіз-күйсіз көпірлер астында, сыгандардың тобыры сияқты топ- топ болып өмір  сүретін көрінеді. Бұл қалай жүріс деген сұрақтарымызға жұмыс жоқтықтан деген жауап алдық. Шамасы, көбінің сауаты, мамандығы жоқ болғандықтан жұмыс та табылмайтын көрінеді. Ақ түсті американдықтар оларды жұмыс жасағысы келмейтін жалқаулар деп түсіндіреді. Тамақты оларға әртүрлі мекемелер, қайырымдылық қоғамдары машинамен тәулігіне үш рет әкеліп беретін көрінеді. Қайыр сұраушыларға ешкім ештеме бермейтін көрінеді.  Олар әртүрлі жәшік, мешок, басқа да лақтырылып тасталған заттармен айналаларын қоршап пана етіп алып , солардың ішінде жатып өмір сүруде. Біздер осылайша күн кешіп,өмір сүріп жүрген бір топ адамдармен сөйлесіп сұрақтар қойдық. Неге жұмыс жасамайсыз, мамандығыңыз, жалпы сауатыңыз бар ма?- деген менің сұрағыма әлгі лашықта отырған бір ер адам тілмаш арқылы біздер істейтін жұмыс жоқ, өзім сауатсызбын деп жауап берді. Осындай жайларды  машинамен өткен сайын әрбір көпір астынан, ескі үйлер жанынан көріп отырдық. Полиция қызметкерлерінің айтуы бойынша, негізгі қылмыс жасаушылар да осылардан шығады екен.Америка сияқты атышулы өте бай елде осынша ма күйсіз, панасыз,адамдардың тұратындығы көңілді құлазытып, мұнда да «бақыт құсы » барлық пенденің басына бірдей  қона бермейтінін тереңірек ұққандай болдық.Америка батыс елдерінің ішіндегі  демократия жолымен өмір сүретін  ел делінеді. Ал осы демократиялық мемлекет құрылысының негізі азаматтарының сапалы еңбек ете білуі көрінеді. Бұл елде кімде-кім өзін еңбекте дұрыс көрсете алмаса, оның беделдірек, жалақысы жоғарырақ қызмет алуы былай тұрсын, кез- келген қатардағы жұмысты да ала- алмайды екен. Бұл елде салық төлеу жөніндегі заң қатаң сақталатын көрінеді. Қолыңнан келсе миллионер бол- тек мезгілінде жасырмай тиісті салығыңды төлей біл, Әйтпесе , миллионер емес,  миллиардер болсаң да жылдық табысыңды жасырғаның, салығыңды толық мөлшерінде төлемегенің үшін сот алдында жауап бересің. Ел жайымен танстырып жүрген кісілер осындай кінәсі үшін бір миллионердің сотталғанын   мысалға келтірді.Демократиялық, зиялы, тәуелсіз мемлекетіміздің азаматтары үшін де бұл ел өмірінен көптеген жағымды істерді үйренуге болады екен деген ойға келдік.10. Атамекенге оралуОсы күні  біздерді шығарып салуға арналған кеш болды. Мұнда да үлкен қонақасы беріліп, музыка ойналып, би биленді, біздердің көңілді отыруларымызға барынша жағдай жасалынды. Кеш соңынан ескерткіш сыйлықтар ұсынылды.18-ші сәуір күні ертемен түрып елге қайтуға дайындалдық. Осы жерде менің есіме «Қонақ та болу жақсы, бірақ үйіңе не жетсін» деген орыс мақалы түсті. Ертеңгі ас ішіліп, қаланың біраз жерлерін тағы да аралап көргеннен кейін біздерді Даллас қаласы мэрінің кеңесшісі Макс В. Уэльс қабылдады. Ол өз сөзінде мамыр айында Қазақстанға баратындығын айтты. Сонымен қатар ол, делегация мүшелерін айырықша серпілткен жаңалық- біздердің бәріміздің Даллас қаласының Құрметті азаматы болғанымызды хабарлап, бұл жөніндегі арнайы құжатты әрқайсымызға тапсырды.Аталған құжаттарды тапсыру салтанаты жақсы жабдықталған сәнді де кең залда ұйымдастырылды. Осында 15 елдің туы қойылған екен. Солардың қатарында біздер тапсырған Қазақстан Республикасы туы да желбіреп, рухымызды көтеріп тастады. Осы тулар алдында тұрып бәріміз суретке түстік.Содан кейін Даллас  қаласының нағыз ортасында, көк -жасыл жерде әсем де, әртүрлі үлгіде салынған жайлы үйлерде тұратын миллионерлері, миллиардерлері бар Хайлен- парк қалашығына келдік. Бұл жерде бізді қала басшылары, барлық Даллас қаласы учаскелерінің полиция басшылары қарсы алып, кездесу өткізілді. Алма-кезек ескерткіш сыйлықтар тапсырылды. Кездесу өте іскерлік жағдайда өтті. Кездесуде бұрын Ақтауға келген қала әкімінің орынбасары У. Джон сөйлеп, біздің елдің айтарлықтай жақсы, қонақжай, ақпейіл, мәдениетті халық екенімізді айтты. Кезегінде генерал М. Аманжолов сөйледі. Ол өз сөзінде өткен жылы Маңғыстауға келген техастық әріптестер нені көріп-біліп көңілге түйсе, біздер де сіздерден көп нәрсені үйренгендей болдық- дей келіп,жақсы қарсы алып, сый- құрмет көрсеткендеріне ризалығын білдірді.Кешкі 20  сағатта Даллас аэропортынан Хьюстонға ұштық. Рейган, Лапин бастаған полиция қызметкерлері, Энн Бавариан, т.б. көптеген кісілер біздерді үлкен қошаметпен шығарып салып, елімізге достық сәлемдерін жолдады.Бізді Рейганның тапсыруы бойнша  Хьюстон полициясының қызметкерлері қарсы алып, жүру-тұру, тіркелу жағдайларымызға көмектесті.Хьюстоннан түн мезгілінде ұшып шығып, 10 сағат өткеннен кейін Парижге келіп қондық. Бұл жолы ұшағымыз Хьюстоннан Парижге Атлант мұхиты арқылы Лондон бағытына тіке ұшты. Сол есеппен жол уақыты аздап қысқарған еді.Сонымен біздер, 19-шы сәуірде тағы да Париждің Де Голь атындағы аэропортына келіп түстік. Бұл аэропорттың өзі де бір үлкен қаладай-ақ. Аэропорт басындағы киоск, дүкендерге бас сұққандағы аңғарғанымыз , мұндағы қымбатшылық АҚШ- тағы қымбатшылықтан да жоғары болып шықты. Тілін білмейтін елде, мынадай қымбатшылық жағдайда біз сияқты 16 сағат емес (Париж- Москва ұшағын осы жерде 16 сағат күткен болатынбыз), бір сағатта тұруға кісінің көңілі шаппағандай екен.Сонымен, 9 сағат 55 минутта, кестеде көрсетілген уақыттан 20 минут кеш, Парижден Москва бағытына ұшып шықтық. Шереметьево-2 аэропортынан біздерді еліміздің азаматтары күтіп алды. Сөз жоқ, бұрыннан өзіміз  үйренген, талай тамашасын көрген Ресей астанасына келгенде көңіліміз әжептәуір жайланып, тынысымызды тереңірек алғандай, өзімізді әлде қайда еркінірек сезінгендей болдық.Москва да біржарым тәулік болып, 23-ші сәуір күнгі түнгі 01 сағатта Ақтауға ұшып шықтық та, 3 сағат 15 минутта  603 рейсті ұшағымыз аэдромға келіп қонды. Сөйтіп, 14 күнге созылған Америкаға саяхат аяқталып, бүкіл делегация мүшелері аман-есен елге  көңілді оралдық.Осы кезде маған өзге жер, өзге ел қаншалықты тартымды болғанына қарамастан, өз елің, өз жеріңе, өз Отаныңа не жетсін деген ой келді.