ВЕРНУТЬСЯ

1973 жылдың наурыз айында жаңадан шаңырақ көтерген Маңғыстау  облысының құрамында Бейнеу ауданы құрылған кезде оған көрші Ембі ауданынан «Қарақұм» кеңшары мен таза мұнай өндірісімен айналысатын Сарқамыс кенті берілген еді. Осы кезде Сарқамыс жұмысшы кентінде халықтың саны 4000-дай адам болатын. Тек «Прорва» мұнайгаз басқармасының өзінде 250-260 жұмысшы болды. Бұл аймақтағы байлықты игеруге елдің келгеніне 10 жылға таяу мерзім өтсе де, кент халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағынан қол жетпей жатқан бірқатар кемшіліктер бар болатын. Ең бастысы – пәтерлердің жетіспеуінде жатты. Алғашқы кезде «уақытша» деп салынған 120-дан аса қамыс үйлерді борай-борай біртіндеп баса түскен сусыған қызыл құмнан тазарту үшін ауданнан қатарынан 4 жылға таяу арнайы трактор ұстауға тура келді. Осындай қиын жағдайларға байланысты, аупартком мен ауатком негізгі назарды Сарқамыс жұмысшы кентінің мәдени-тұрмыстық оқу-ағарту, денсаулық салаларындағы жұмыстарды жақсарту ісіне аударып отырды.Ойлап отырсақ, бұл кездерде ауызға да алынбай ұмыт болған, бірақ, кезінде халықтың күнделікті өміріне ауадай қажетті Ақтау, Бейнеу, Сарқамыс, Бейнеу- Сарқамыс-Құлсары, Сарқамыс-Атырау әуе  жолдарының ашылуы үлкен жеңіс болған еді. Сондай-ақ, Сарқамыс пен Опорныйдың арасында автобус қатынасы ашылып, осы екі ортадағы жолға асфальт төселгені, Сарқамыс кенті мен Бейнеу аралығында телефон байланысы орнағаны, 1981 жылдан бастап Сарқамыстықтардың теледидар көруге мүмкіндік алғаны, осы жұмыстардың қай-қасысының да онайлықпен өмірге келе қоймағаны, бәрі-бәрі еске түседі.Сарқамыс туралы сөз еткенде бұндағы болаттай серпімді, қажымас қайрат иелері қарапайым мұнайшылардың іскер де, білікті мамандардың, зерделі басышлардың өмір  жолдары мен тындырған істері көз алдыңа келеді. Жер астын бұрғылап, тереңнен шығарылған мұнайды мыңнан аса шақырым жердегі зауытқа жеткізу, осы іске барлық күшті жұмылдыру оңай шаруа емес еді. Еңбек майданында шыңдалып, «қара алтын» дариясын сел етіп ағызу, оны шеберлікпен игеруде жан аямай еңбек еткен осы саланың ерлері Тастанбеков Аймағанбеттің, Әбенов Дәрібайдың, Ідірісов Сәнтайдың, Берқалиева Тойғанның, Оразалиев Сағынның, тағы басқа  озаттардың есімдері әр кез құрметпен аталмақ.Басқарма басшыларының, мамандардың көп жылдар бойы мұнай сапасын арттыруға бағытталған қажарлы еңбектерінің арқасында 1983-ші жылдан бастап мемлекетке сапасы жөнінен бірінші және екінші категориялы өнім беріліп, өндіріс орнының таза  пайдасы арта түсті. Қазақ ССР-ның 50 жылдағы атындағы «Прорва» мұнайгаз басқармасы Бейнеу ауданының құрамында болған 13 жыл ішінде жылына орта есеппен бір миллион тоннадан аса мұнай өндіріп келді.Өндіріс қарқынын бәсеңдетпей берілген тапсырмаларды тыңғылықты орындау, халықтың мәдени-тұрмыстық жәйін жақсарту жөніндегі міндеттерді шешу мәселелерімен сол кездердегі басқарма басшылары Сағидолла Нұржанов, Асқар Рзиев, партком хатшылары Досқайыр Қалықов, Аманғали Әділов, Жолдас Жұмалиев, тағы басқа көптеген білікті де, қабілетті азаматтар тер төкті.Бейнеу ауданында хатшы болып істеген жылдарымда Сарқамыстың өндіріс орнындағы, басқа да мекемелердегі азаматтардың бірыңғай сауаттылығына, өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға жауапкершіліктерінің жоғарылығына, өз пікірлерін ашық айтып, орынды ұсыныстар қоя білетіндіктеріне көзім жетті.Сарқамыс өндіріс орнын басқарған жауапты кадрлер қатарында мұнай өндірісі саласы бойынша екі бірдей атақты оқу орындарын - Қазақ политехникалық институтын және Москвадағы Губкин атындағы мұнай институтын бітірген, таукен инженер-геологі және тәукен инженері мамандықтарын игерген терең білімді, алғыр азамат марқұм Жолдас Әбітұлы Жұмалиевтың есімі бір төбе. Ол қатардағы бұрғышыдан мекеме басшысына дейінгі қиын жолдардан сүрінбей өтті. Оның бойындағы ұйымдастырушылық қабілеті, халықпен тіл табыса білетін мінезділігі «Прорва» мұнайгаз басқармасы партия комитетін басқарған жылдары (1984-1989) айқын көрінді. Өндірісте, партия жұмысында өзін іскер басшы ретінде көрсете білген ол «Теңізмұнайгаз» акционерлік қоғамының вице-президенті, соңынан мұнай ғылыми-зерттеу интситутының директоры болып істеді.Мен Жолдаспен кездескен сайын жеңіл әзіл ретінде «жолдас Жолдас» ел жағдайы қалай деп сұраушы едім. Бұны жақсы түсінетін ол жылы амандасып, ел жағдайын сабырмен баяндап беретін. Оның сөздерінде бір нәрсені әсірелеп көрсету, жетпестікті айтамын деп байбалам салу, орынсыз мақтау, орынсыз даттау деген жағымсыз қасиеттер мүлдем болмайтын. Сондықтан да Жолдас солай деп телефон шалды, не болмаса Жолдас мына мәселеге шара алуды, мынаған көмектесуді сұрады десе, ол  жәйттарды анықтай түсудің қасиеттелігі жоқ деп есептеліп, бірден әлгі мәселелерді шешу жайын қарастыратынбыз.Жолдастың жоғары адамгершілігі, халық алдындағы өз міндетін барынша адал атқарудан ешбір тайынбай қызмет ететіндігі Сарқамыс кентінде болған  үлкен бір оқиғаға байланысты айқын көрініс тапты. Бұл оқиға 1985-ші жылдың 24-ші мауысымында болған еді. Осы күні таңғы сағат 5-те ұйқы құшағында жатқанымда Жолдас Әбітұлы телефон шалып, «нөмірі 37-ші ұңғыда авария – жарылыс болып (Сарқамыстан 25 шақырым жер), одан бөлінген улы газ иісі Сарқамыс кентіне келіп жетуіне байланысты мұндағы халық Опорный бетіне қарай  қашып жатыр, ел үрейленген. Ұйымдасқан түрде алып кетуге машиналар жетіспейді және 4 мыңның үстіндегі халықты қалай бір кезде бірден көшіре аларсың» - деп абыржып хабар берді. Менің кейбір сұрақтарыма асығыс жауап бере отырып, ерте телефон шалғанына кешірім сұрауды да ұмытпады. Бұл да Жолдастың кішіпейілдігі, мәдениеттілігінің тағы бір белгісі еді. Бұл жайсыз хабар жетісімен аупарткомның бюро мүшелерін, мекеме басшыларын тездетіп жинап алып, бірінші кезекте 40 автомашина шығартып Бейнеуден 140 шақырым жердегі Сарқамысқа тез жеткізуді аудандық милиция бөлімінің бастығы Кемел Жұмашевқа тапсырдым да, өзім тікұшақпен Сарқамысқа ұштым.Авария болған жерге тікұшақпен келсем ұңғы төңірегі көк түтін. Қышқыл газ иісі қолқаңды алып, көзге тиіп тұрғызар емес. Ұңғы басындағы противогаз киген инженерлер, басқа да әртүрлі мамандық иелері превенторды жабумен арпалысып, одан ештеңе шығара алмай жатты.Осы кезде авария болған жерге келіп жеткен «Эмбамұнайгаз» бірлестігінің басшысы Бөлекбай Сағынғалиев мырза жағдайға танысып, ұңғыдан тоқтамастан шығып жатқан ұлы газ бұлтын көргеннен кейін халықты Сарқамыс кентінен уақытша көшіру жөнінде бұйрық берді.Жағдайдың аса қиындап тұрғанын көріп-білгеннен кейін кент басына оралған біздер партком хатшысы Жұмалиевтың өндірістің, кенттің басқа басшыларының басын қосып босқан халыққа жағдай жасаудың барлық шараларын алып жатқанын, елдің жартысынан көбінің газ иісінен қашып жаяу-жалпы, кейбір әйелдер нәрестелерін көтере, айдалаға безіп кеткендіктерін көрдік. Олардың көбінің қорадағы малдары, кайсыбір отбасының аурушаң қарттары үйлерінде қалып қойған. Көзбен көргеннен кейін білдік – жағдай өткен түндегі Жолдастың телефонмен жеткізген хабарынан да қиын екен.Жергілікті басшылардың ұйқысыз түн өткізіп, ас-сусыз, тек халық қамын ойлап, қолдан келетін шараларды дәйектілікпен іске асырып жатқандарына ризалықпен рахмет айтып, біздер – облыстық партия комитетінің бюро мүшесі, Шевченко қалалық партия комитетінің бірінші хатышысы В.А.Шеманский екеуіміз тік ұшақпен келіп Сарқамыс пен Опорныйдың арасында әркім жеткен жеріне кідірген көп халықпен кездестік. Тік ұшақтан түскен біздердің бұл жерден көргенімізді баяндаудың өзі қиын. Мұнда шоғырланған екі мыңның үстіндегі халық негізінен әйелдер, балалар, қарттар екен. Жаныңды қоярға жер тапқызбайтын 43 градус ыстықта ашық аспан астында қалған олардың қайсыбіреулері ақ мата жамылып қорғанса, кейбіреулері жеңіл арба, машина, мотоцикл асты көлеңкелерін паналаған.Бізге қарай жаңағы айтылған баспаналарын тастап, жартылай жалаңаш өріп келе жатқан, өңдері қашқан бала, әйел, адамдарды көргенде менің өзім де қатты қиналдым. Жиналғандар алдында сөз сөйлеу оңай болған жоқ. Сөйтсе де олардың сан-алуан сұрақтарына жауап беріп, «біздер қайтадан орталыққа барамыз, халықты қайтарудың қамын жасаймыз, бұл мақсат үшін автобус, машиналар жетеді» - деп көңілдерін орнықтыруға тырыстым.Әлде де аздаған сағат шыдауға тура келетіндігін айтып (түс қайтқан кез еді), сабырға шақырдым.Ақырында арнайы комиссия шешімімен осы күнгі түнде Бейнеуден, Құлсарының өндіріс орындарынан келген жүздің үстіндегі автобус , басқа да машиналардың күшімен босқан елді кері қайтардық.Осы жұмыстарды тыңғылықты ұйымдастырумен шұғылданып жүрген Жолдас Әбітұлы мезгіл түнге айналғандықтан адамдардың далада қалып қоймауын тікелей қадағалап, өзі түнгі сағат екіде ғана, «корабль капитаны» дегендей, осы жерден ең соңғы болып кентке қозғалып кеткен еді.Ал, 25-ші маусым күні сағат дәл 13-те ұңғыға терезеден көз салып тұрған біздерге қалың түтіннің арасынан үзіліп-үзіліп шыққан жалын байқалды. Мамандар қуанғаннан қол соға жүре: «енді қорқыныш жоқ, иіс те болмайды, улы газ отқа жағылып кетіп отыратын болады,» - десіп жатты.Бұдан кейін біздер нөмірі 37 ұңғыға ұшып келдік. Келсек, 200 метр шырқау биікке шапшыған қызыл-күрең жалын ертегідегі жеті басты аждаһадай ысылдай от бүркіп жатыр екен. Осы алып алау оны сөндіруге бағытталған барлық айла-тәсілдің, техникалық әдістің біріне бой бермей 222 күн бойы көрген жанды шошытарлықтай ысылы мен күркіреуінен бір танбады. Ақырында Америка-Канада мамандарының күшімен ауыздықталды.Бұдан кейін де Жолдас Әбітұлымен 4 жылға таяу қызметтес болдық. Осы жылдардың ішінде Жолдас өзін тек жағымды жағынан көрсете білді. Оның жарқын бейнесі әр кез көз алдымда.Иә, дүниедегінің бәрі де аққан судай өтіп жатады, бұл тек жаратушы құдыреттің өз билігіндегі жаратылыс заңы десек те, аяулы Жолдастың қоғамдық өмірдің қайнаған ортасында жүрген ұл-қыздары өмірінің жалғасы болса, оның атқарған істері, жоғары адамгершілік қасиеттері, еліне сыйлылығы, кішіпейіл-қарапайымдылығы, бәрі-бәрі асыл азаматтың ұрпаққа қалдырған, әр кез есте сақталатын өнегесі, үлгісі болмақ.Жаның жәннатта, топырағың торқа болсын, әріптес  інім.