ВЕРНУТЬСЯ

Маңғыстауда түбектің ғана емес, бүкіл халқымыздың тарихында  өшпес із қалдырған асыл азаматтар көп өткен. Олардың бәрі-бәрі болмаса да, бірқатары жөнінде айтылып та жүр, жазыла да басталды. Соңғы бір-екі жыл бедерінде ақпа-төкпе күйші – композитор Есір Айшуақұлы, әлемде теңдесі жоқ жырау Мұрын Сеңірбекұлы және оның ұлы ұстазы, терең философиялық ойға жетелейтін талай тамаша туындыларды келтіріп, халық сүйіспеншілігіне бөленген суырып  салма ақын Қашаған Күржіманұлының мерей тойлары болып өтті. Мұның барлығы да халық тілегі және оның белсенді араласуы жағдайында өткізілуі, санадағы сәулелі сілкіністің шүкір етерлік жақсы бір мысалы еді.1918-ші жылдың қыркүйек айында Адай уезінде революциялық комитеттің алғашқы төрағасы болып, шешендігі, әділдігімен беделге ие, бұрын да болыс болып қызмет атқарған Тобанияз Әлниязов сайланды. Комитет төрағасы болып сайланысымен Төбекең елдің тұтастығын сақтап, бірлігін  нығайтуға басты назар аударып отырды. Ол кезде Маңғыстау уезі Форт-Шевченкодан берісі Бейнеу, әрісі Жем бойына дейінгі аймақты алып жатқан үлкен өлке болатын.Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргіннің құрбандары қатарында атылып кеткен Тобанияз Әлниязұлы тек 1962-ші жылы ғана ақталды. Ол қылмыс жасап сотталған жоқ, сол бір қиын кездегі дау-дамайдың, көре алмаушылықтың, ел ішіндегілердің бір-бірінің ізін аңдудың, топқа бөлініп егесудің, пәле жаланың, домалақ арыздың құрбаны болды. Осылай болғандығын, Т.Әлниязовтың үстінен түскен арызды қараған кезде, оны ылғи да жаман жағынан көрсетіп, қатаң шешімдер қабылдаған партия жиналыстарының (Тобанияз Әлниязұлы партия мүшесі емес еді) партия тарихы архивінде сақталған документтерінен көруге болады. Тобекең сол партиялық қатаң шешімдердің негізінде қуғындалып, ақырында үштіктің үкімімен атылып кеткен. Т.Әлниязұлын ақтаған Қазақ ССР Жоғарғы сотының қылмыстық істер жөніндегі судьялар алқасының № 22/09Н анықтамасында (Архив көшірмесі. Қазақ ССР Орталық Мемлекеттік архиві. 12.1990ж. №А-47 п-79) Тобанияз Әлниязовқа тағылған кінәлардың барлығы да жоққа шығарылып, «За отсутствием в их деятельности  состава преступления» деп жазылуы біздің жоғарыдағы пікірімізді дәлелдейді.Тобанияз Әлниязұлы елдің қадірлі адамы болды. Ақындар оған өлең арнады. Халық ақыны Сәттіғұл Жаңғабыловтың өлеңінде мынадай жолдар бар:...Өткірің бар ма толы жұрт,Одан артық шет жерде?Халық үшін туған ер еді,Табылмайтын ексең де.Қайғырды дейді біз түгіл,Меңдешев, Әліби, БақытжанСолардай асыл бектер де.Тобанияз табиғи ақыл, парасаттың арқасында ревком төрағасы ретінде өзіне жүктелген міндет пен жауапкершілікті терең түсіне білген. Ол қолдағы билікті туған еліне қызмет етуге арнады, бұл жолда ешкімнен жасқанбады, бастаған ісінен де тайынбайды.Тобанияз Әлниязов 1920-шы жылы қазан айында өткен Бүкілқазақстандық бірінші съезде: «Менің елім көшпенді, малдың жәйімен көшіп-қонып жүреді. Мал жайылатын жер тар, шалғын шөбі, суы жоқ, мектебі, ауруханасы жоқ. Осындай жағдайдағы елге салық салуға бола ма?» - деп тебірене сөйлеген. Тобанияз көтерген осы мәселелердің бірқатары орындалды да. Қазақстан Орталық атқару комитеті кейіннен Маңғыстау уезі  халқын салықтан босату жөнінде арнайы қаулы қабылдады. Ол шешім 1942-ші жылға дейін іске асырылып келді. Әліби Жангелдиннің Тобанияз ұсынысын қолдауды және Жоғарғы Үкімет алдында қайталып мәселе қоюы нәтижесінде Маңғыстау малына жайылыс үшін Ақтөбе жерінен жәйлі қоныс бөлінді. Бұл малдың да тіршілігі, онымен тікелей байланысты елдің де жәйі табылған дұрыс шешім болды. Сол кезде бөлінген қонысты Маңғыстау малбегілері кешегі Кеңестер Одағы ыдырап, кеңшар малы жеке қожалықтарға үлестіріліп берілген кезге дейін пайдаланып келді.Халықтың сауатын ашу жөніндегі іс-шараларға да Тобанияз жанын сала кірісті.Осындай халыққа еткен қызметі және сол жолда қандай азап пен ауыртпалық болса да қасқая тұрып көтере алатын айрықша қасиеті үшін Тобекеңді Сәтекең жырлағандай, Сейтқали Меңдешев, Әліби Жангелдин, Бақытжан Қаратаев, басқа да қазақтың талай ойлы, зиялы азаматтары жақсы білген. Осы орайда Тобанияздың тәрбиесінде болған туған жиені Айтуар Бүркітовтың әңгімесі ойға оралады. Айтекең Тобанияздың үлкен баласы Бердіханмен қатар өсіп, Тобанияз ашқан мектепте бірге оқыған. Бердіхан алғыр жігіт болыпты. Әкесінің халық жауы атанып сотталып кетуіне байланысты бұл да 17 жасында сотталып кетіп, 1933-ші жылы босатылып келген. Түрмеде қазақтың талай білімді, оқымысты адамдарымен бірге болыпты. Олардың арасында Ахмет Байтұрсынов та бар екен. Бердіхан Тобанияздың баласымын дегенде: «Е-е, Тобекеңді, әкеңді білеміз ғой», - деп жабыла сұрап, елеңдесіп қалса керек. Содан былай олар оны бауырға басып қамқорлыққа алған – дейді Айтекең. Бердіхан орыс тілін де, арабша төте жазуды да түрмедегі  оқымысты адамдардан үйреніпті. Ал, Айтуардың өзі А.Байтұрсыновтың өлеңдерін тұңғыш рет Бердіханның ауызынан естіп, жаттаған. Міржақып Дулатовтың «Оян, қазағын» да Бердіхан сол жақтан үйреніп қайтыпты. Бердіханды екінші рет 1937-ші жылы мұғалім болып жүргенде тұтқындаған. 1943-ші жылы «Белорус майданында жүрмін» деген бір хат  келген, содан хабарсыз...Сталиндік қуғын-сүргінге Тобанияздың  өзі ғана емес, оның ұрпағы, жақын-жуықтары да ұшыраған. Оның Зәкіржан деген баласы Қарабұғаздағы мектепке нағашысының фамилиясына өту арқылы түскен. Оны Ашхабад педагогикалық училищесін бітірген соң, екі жылдық ұшқыштар мектебіне құжаттар тапсырып, барлық пәндерден өте жақсы деген баға алғанына қарамастан қабылдамай қойған. Владикавказ қаласындағы екі жылдық милиция мектебіне жолдама беретін комиссияның шешімі бола тұрса да, қабылдау комиссиясының төрағасы Зәкіржанның сол мектепте оқуына ұлықсат етпеген. Ол осының барлығында да «Сен Тобанияздың баласысың» деген мызғымас кедергіге тап бола берген. «Әкеміз не үшін сотталды?» деген жан ауыртатын сұрақ Тобанияз ұрпақтарының бәрін де толғандырды. Осы жерде айта кететін бір жәйт, «Жұлдыз» журналының 1973-ші жылғы № 1  санында белгілі  жазушы – публицист М.Әбдіхалықовтың (марқұм) «Қаратөбе келісімі» атты мақаласының жарық көруі. Онда Ә.Жангельдиннің Торғай сапарында Бозашы түбегінің Қаратөбе деген жерінде өткізген Маңғыстау халқының бірінші съезі және сол съезде Т.Әлниязовтың ревком төралығына сайлануы жайында сөз болады. Журналдағы осы деректі әңгімені оқығанға дейін әкесінің кім болғанын, не үшін жазықты болып атылып кеткенінен бейхабар Тобаниязұлы Зәкіржан журналда жазылған жүрек жарды жақсы хабарға қуанышын білдіріп, редакцияға мың сан рахметін айтып хат жазған. Онда жазықсыз айыпталып, халық жауы атанған әкесі үшін көрген зәбірі мен қорлығын айтып мұңын да шағыпты. Сөйтіп, «Жұлдыздағы» мақала ел-жұртынан қашықта, Түркменстанның алыс бір түкпірінде тұратын Тобанияз әулетіне, бүкіл қазақ ауылына да қуаныш әкелген көрінеді.Тобанияздың ревком төрағасы қызметінде болған кезіндегі атқарған істерінің басты-басты тұстарына тоқтала кетелік.Әліби Жангельдин бастаған экспедициялық-интернационалдық отряд 1918 жылдың тамыз – қыркүйек айларында Маңғыстауда болған. Сол Торғайға бағыт алған сапарында, дәлірек айтқанда, «қыркүйек айының жиырма бесінде Қаратөбе елді мекенінде (Маңғыстау ауданы, «Ақшымырау» кеңшары) уезідің 12 болысының өкілдері қатынасқан съезд өтеді» (Ә.Жангельдин «Құжаттар мен материалдар», Алматы, 1961 жыл, 58-59 беттер).  Ал съезд өткізілгенге дейін Әліби өзінің серіктестері арқылы түбек тұрғындары арасында саяси және үгіт-насихат жұмысын жүргізді. Сол бірінші съезде «Адай» революциялық комитеті құрылды, оның төрағасы болып Тобанияз Әлниязов сайланды (бұл да сонда). Ревкомды құрудағы мақсат-түбекте Кеңес үкіметін орнату, елді советтендіру, Кеңес Үкіметінің шешімдерін жергілікті жерде іске асыру, халықты сауаттандыру т.б.  Т.Әлниязов басқарған ревком қызметі туралы жазылған еңбектердің барлығында да төрағаның және оның көмекшілері – ревком мүшелері Сыдиық Жұбаев, Зұлқаш Баймырзаев, сондай-ақ жергілікті белсенділер шөл дала үстімен азапты да ауыр сапарға тәуекелге бел буған интернационалдық отрядқа қыруар көмек ұйымддастылығандығы айтылады. «Қысқа мерзімде ерікті түрде 700 жылқы, 400 түйе жинап береді» (бұлда да сонда). Отрядқа көптеген адай жігіттері қосылады. Олардың арасында кейіннен Ә.Жангелдиннің Қазақстандағы азамат соғысы майданында сенімді серігіне айналған жас жігіт Төлесін Әлиев те болды. Тобанияз отрядқа жау қоршауынан құтылатын қауіпсіз, төте жолды анықтауға көмектеседі. Расында да, сол кезде Ашхабад пен Красноводск қалалары ағылшын әскерінің қолында болса, Гурьев пен Орал да ақтардың билігінде еді. Т.Әлниязов өзі құрған атты әскер отрядымен осы сапардың алғашқы жиырма күнінде отрядпен бірге болып, жолбасшылық көрсетті, оны қару-жарақпен қамтамасыз етті. Ревком қызметіне  байланысты құжаттарда осы отрядтың көшпенді елді қорғауда, тәртіп орнатуда елеулі қызмет атқарғандығы айтылады. «Ревкомның атты әскер отряды кейіннен Кеңес Үкіметінің жаулары есептесетін елеулі күшке айналды... Адай ревкомы өзінің отрядымен 1920 жылдың басында кейін шегініп, Парсы еліне өтіп кетуге бағыт ұстаған атаман Толстов армиясы бөлігін талқандауға қатысты («Құжаттар мен материалдар», 107 бет).Қазақтың белгілі жазушысы Сәуірбек Бақбергенов құжаттардағы сондай-ақ, ел айтып жүрген әңгімелердегі деректерді түйіндейтін бір маңызды архив материалына кездескенін айтады. Өзінің Дина Нүрпейісова жөніндегі шығармасына әзірленіп жүргенде Толтовтың күнделігіне кез болыпты. Онда мынадай бір жазу бар екен. «Егер туған жерге – Ресейга қайтып оралар күн туса, ең алдымен қырғыз Т.Әлниязовтың басын алар едім». Ревком төрағасының тапсырмасымен  іс-қимыл жасайтын отряд бірінші рет Толстов армиясы бөлімшелерімен 1919 жылдың күз айында кездесіп, құрметпен қабылдаған болып, сый-сияпат көрсете, қонақ қыла отырып, айламен қарусыздандырған. Сөйтіп атаманды бұдан былай Адай еліне «тиіспеймін» (Қазақ революциялық комитеті, 107 бет) деуге мәжбүр еткен.Тобанияздың алдында тұрған міндет -ауылды кеңестендіру, «Қосшы» кедейлер комитеттерін құрып, ауылдардың орталығын белгілеу, көшпенді елді бірте-бірте отырықшылыққа айналдыру, ол үшін ыңғайлы қоныс, мал жайылатын қонысты жер алу – сол тұстағы қиын да күрделі түйіндер еді. Әлниязов бұл мәселелерді табандылығымен, біліктілігімен, ұйымдастыру қабілетімен, ел арасындағы абырой-беделімен шеше білді. Әсіресе оның елдің тұтастығын сақтау, бірлігін нығайтудағы, дау-жанжалдарға төрелік айтып, бітістірудегі еңбектері де өз алдына жеке әңгіме. Бірер мысалдар келтірелік: Адай уездік ревкомның 1921 жылғы 26 қыркүйектегі мәжілісінде Т.Әлниязовты Хорезм республткасына жіберуге шешім қабылданады. Оның мақсаты республикада етек алған бандалар қозғалысына тиым салуға ықпал ету. Себебі, олар Хиуаға барып, азықтүлік, киім-кешек әкелетін маңғыстаулық керуендерге шабуыл жасап, тонап алып жүрді. Бұл кезде Т.Әлниязовтың қолында Қырғыз (Қазақ) Орталық Атқару Комитетінің мандаты болды. Тобанияз өзінің елшілік қызметін ойдағыдай орындап қайтады. Оның қортындысы ревкомның біріккен мәжілісінде 1922 жылдың 23 қаңтарында қаралады.Т.Әлниязовтың Хиуа сапарындағы бітірген ісі архив материалдарында көрінгеніндей (Маңғыстау облыстық атқару комитетінің архив бөлімінің 29.11.90 ж. берген анықтамасы), жақсы бағаланған және оның елшілік қабілеті де айқындала түскен. Хорезм республикасы басшылары оны құрметпен қабылдайды. Түркмендер мен қазақтар арасындағы даулы мәселелер бейбіт жағдайда шешіледі. Хорезмнен қайтар жолда Әлниязов уезд ауылдарын аралап, жарлы-жақыбайларға, аштыққа ұшырағандарға өзі жүріп малдай көмек ұйымдастырады. (Бұл да сонда).Ревкомның төрағасы бола жүріп халықтың мұңын ойлап, жоғын жоқтауға байланысты атқарған істері оның ел ішіндегі де жоғары орындардағы адамдар алдындағы беделін өсіріп, мерейін арттырды. Оны растайтын құжаттар да, ел ауызындағы әңгімелер де жетіп жатыр.Т.Әлниязовтың басқаруымен  Адай уезі өкілдерінің біріккен жиналысы өткізілген. Архив құжаттарында жиналыстың мынадай шешімге келгендігі жөнінде айтылады: «...Әр облыстың өкілдерімен  ақылдаса отырып, Адай уезі Ресей аштарына 30 мың қойды тірілей, 50 мың тері, 10 мың киіз беретін болсын». Оның түгелдей жиналып, тиісті жеріне жөнелтуі жұмыстарының басы-қасында ревком төрағасының өзі жүргендігі жөнінде де дерек бар. Бұл жұмыс Тобанияздың халық арасындағы жоғары беделі арқасында ғана іске асқан болатын.Айта кету керек, Т.Әлниязов басқарған Адай ревкомы Қазақстанда ең ұзақ өмір сүрген революциялық комитет болды, ол 1927 жылдың орта тұсына дейін қызмет жасады. (Қазақ революциялық комитеті, 113 бет.).Ел арасында Тобанияздың адамдық тұлғасы, кісілік келбеті жайында көптеген деректер сақталған. Ол түбектегі халықты сауаттандыруға елеулі еңбек сіңірді. Бүкілқазақстандық съезге қатынасып КирЦИК-тің мүшесі болып сайланып қайтқан сапарында башқұрт Құсайын Мухамедиев пен татар Хасан Уалиев деген кісілерді алып келіп, Тиген мен Жыңғылдыдан екі мектеп аштырған. Одан жүзге жуық бала сауатын ашты. Сабақ Ахмет Байтұрсыновтың жасаған жаңа әліппесі бойынша жүргізілді. Осындай мектеп жаз жайлау – Буракөлде, Қызылқоға ауданының «Ақшілік», Сағыздың «Қопа» деген жерінде жұмыс жасаған. Осы мектептен білім алған жергілікті жердің азаматы Үбіния Қазақбаев (Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін ағарту, партия жұмыстарында болған), осы өңірге кеңінен танымал, түбектің саяси, әлеуметтік дамуына өзіндік үлес қосқан ғұлама шежіреші Алшын Меңдалиев, зейнеткер Н.Нұрғалиев, Ленин орденді колхоз төрағасы Нұрлан және түрлі мекеме басшылығында болған Нұрбауыл Байтілеуовтер де Жыңғылдыдағы Тобанияз аштырған мектептің түлектері. Ол жетім балалар үшін Форт-Шевченкоден интернат аштыруға көп еңбек сіңірді. Еңбек ардагерлері Ысқақ Шәкіратов пен Орынбай Бәлдеков, Сансызбай Нұрбатыров, Алдан Сейтмағанбетов, республикаға есімі кеңінен танымал ғалым, дәрігер – жазышы Естөре Оразақов, т.б. көптеген азаматтар ревкомның берген жолдамасымен сол балалар үйінен тәрбие алды. Айтуар Бүркітовтың жазбалары бойынша елдің ауызы дуалы қадірменді азаматы болған Нұрбаулы Байтілеуов  Ә.Жангелдинді көзімен көрген кісі, Қаратөбеде өткізілген съезге қатынасушылардың  арасында болыпты. Ә.Жангелдин «Төрағалыққа ұсынатын кімдер бар» деп сұрағанда, бірнеше адамдардың аты аталыпты. Съезге жиналғандар арасында атышулы Мәтжан, Қаражан сияқты билер де болған көрінеді. Ол екеуі де таңдаудың Тобаниязға түскенін жөн деп білген.Төрағалыққа Тобанияз неге таңдалды? Өйткені ол Әлібидің айтқандарын тез түсініп, түпкі мақсат-мүддені дәл аңғарған және онымен тең дәрежеде сөйлескен. Әліби  де оның зерделі санасын жүйрік ойын дұрыс пайымдаған. Сонымен бірге ол қалың бұқара өкілі – кедей, адал еңбегімен күн көрген егінші, көкірек көзі ояу, халыққа танымал, парасатты, ойлы азамат болған.Тобанияз сол кездің өзінде-ақ бесаспаптылығымен халық сүйіспеншілігіне бөленген адам. Темірден түйін түйген зергер әрі ұста, аңшы, құралайды көзінен атқан мерген болған. Қамшы өрген, сырға-білезік, сүйек қосып сандық жасай білген. Ер шапқан, жона тіккен. Темірді қыздырып, балқытатын көрікке қажет көмірді де Аусарының шығыс жағындағы Көкала деген таудан өзі іздеп тауып, пайдаланған. Қазір оны көзімен көрген адамдар сирек те болса бар. Мақсым Бақтыбайұлы деген қарт бар. Ол Тобанияздың егіндікке су үшін қалай жап қазғанын көзімен көріпті. Сондай-ақ Ізім  Тумышев те Аусарыда отырған Тобаниязға сәлемдесе барғанда сол жерде өсірілген қауын-қарбыз, сүтке бөрттірген тары жегенін есіне алады.Елуінші жылдарға дейін Аусарыда «Ұшқын» атты колхоз болды. Ол малмен бірге егіншілікпен де айналысты. Еске сала кеткен дұрыс, елуінші жылдардың соңына дейін Маңғыстау ауданының Қаратаудың екі бетін жайлаған колхоздары бұлақ суларына бөгет, тоғандар жасап, бидай, жүгері, тары, қауын-қарбыз өсірген еді. Аусарыда «Тобанияз жармасы» деген бөгеттің орны бар. Маңғыстаудың өзге жерлерінде де «Тобанияз орпасы», «Тобанияз құдығы» атаулары бар. Демек осы  аймақтағы суландыру және егіншілік кәсібінің басында Тобанияз тұрды деуге әбден негіз бар.Ендігі бір айтайын дегеніміз, Тобанияз жөніндегі деректердің жүйелі зерттеліп, жинақталуы жөнінде. Осы ретте тарихшылардың, журналистердің, архив қызметкерлерінің көбірек жұмыстанғаны жөн болар еді. Себебі ондай жұмыс шындықтың шырайланып, ақиқаттың айқындалуына көп септігін тигізеді. Кейбір архив құжаттарында, әсіресе, партиялық архивте жоғарыда  айтылғандай, оны қаралайтын документтер жиі кездеседі. Біздер әңгімелесіп сөйлескен  көптеген адамдар кейінгі кезге дейін Тобанияздың атын еске алуға қорықтық дейді. Еске алып, жаңғыртылмаған соң Тобанияз жөніндегі әңгімелердің бірқатары ұмытылған. Бірақ халық арасында оның қызметін, елге сіңірген еңбегін теріске шығаратын мәліметтер жоқ.Ел ауызындағы әңгімелерді, естеліктерді айтпағанда, жоғарыда келтірілген ғылыми еңбектердегі деректердің өзі де біздің пікірімізді дәлелдей алады. Партия архивтерінде «Тобанияз партияда жоқ, жергілікті халықты партия мен Совет үкіметне қарсы үгіттеді» деп кінә тағылғандығы айтылады. Бірақ сол кездегі документтерде бұл кінә дәлелденбеген. Жоғарыда айтылып өткен Қазақ ССР Жоғары Сотының судьялар алқасының № 22/09Н анықтамасында бұл жөнінде: «Никто из допрошенных свидетелей по делу не показывали об участии их в банде, группе или проводимой контрреволюционной агитации против Советской власти» делінген.Тобаниязды қасында тағы бір екі кісі бар ОГПУ-дің «үштігі» соттаған ғой. «Жаптым – жала, жақтым – күйенің» не бір сұрқия тәсілдеріне бара алатын олар ол үшеуінің басына да талай бәлені үйіп-төгіпті: «бұлар – бай, саудагер, молда бола жүріп, 1920 жылдан бастап партия, совет органдарының қазақтарды армия қатарына алуына қарсылық ұйымдастырды, жауапты қызметтер атқара жүріп, партия қатарына  оған жат пиғылды адамдардың кіріп кетуіне мүмкіндік жасады, орталықтан қызметке барған адамдарды қудалады. Салық жүйесін бұзды, мемлекетке азық-түлік дайындауға кедергі келтірді, ұлттар арасында іріткі салды, бандалар ұйымдастырды», тағы сол сияқты болып «кінәлар» тізбегі кете береді. Бірақ олардың бірде бірі анықталмаған және сотталушылар бұндай айыптың бірде- бірін мойындамаған, куәлер де ондай кінәларды жоққа шығарған. Соған қарамастан «үштік» РСФСР қылмысты істер Кодексінің 58 бабының екінші тармағымен оларды ату жазасына кесіп, үкім шығарған. Осы арада еске сала кетерлік бір жай бар. Қазан төңкерісінен бұрын Тобанияз Бозашы түбегіндегі Шылым болысына болыстыққа сайланды. 1916 жылғы маусым жарлығына қарсы Тобанияз кедей жігіттерін армияға бермеу үшін жергілікті әкімдермен бітіспес күреске түскені бар. Сол ісі сотталғанда алдынан шығып отырмағанына кім кепіл?Т.Әлниязов өзінің күрескерлік іс-әрекетімен, батыл шешімдерге бара алатындығымен, қажет жерінде ердің қолынан келетін істерді жасай алғандығымен де өзіне көптеген қарсыластар – «жаулар» туып алған, кезеңінің құрбаны болған кісі. Әлгі қаралау құжаттарының  көбі сол қарсылардың не арызы, не сөзі арқылы жазылған деуге толық негіз бар.Тобанияз нені қолға алса да халық қамын ойлайды. Оған кейіннен кінә болып тағылған орталықтан әскер сұраудың өзі де халық мүддесін көздеген мақсаттан туған еді. Шынында ол әскерді ел арасындағы барымтаны тоқтатып, рулар арасындағы дау-жанжалдарды шиеленістірмей реттеу үшін, елдің тұтастығын, бірлігін сақтау үшін пайдалануды көздеген. Әлниязовты бұл үшін кінәлау – қиянат.Рас, ел аузында «Тобанияз хан» деген сөз де бар. Оны бір жақты түсінуге де, түсіндіруге де болмайды. Біріншіден, сауатсыз халық санасына революция, Совет өкіметі, ревком деген сөздер бірден сіңісе қойған жоқ. Сондықтан қарапайым адамдардың елдің басшысы болған адамды өздері естіп, айтып келе жатқанындай хан деп қабылдауы әбден ықтимал.Екіншіден, осы бірауыз сөзде «қарадан (халық бұқарасы, қаракедей) шығып, хан болған»,яғни, жаңа үкімет басшылығына сайланған өз табының өкіліне деген мақтанышы да жатқан жоқ па?Үшіншіден, және ең негізісі де, Т.Әлниязовтың жүргізген саясаты хандық саясат емес, Әліби Жангелдиннің өзіне берген тапсырмасын орындау, басқаша айтқанда, Маңғыстау өлкесінде Кеңес өкіметін орнықтыру саясаты болды ғой. Сондықтан оны жергілікті еңбекшіл халықтың кейбір қоғамдық құрылыстың аражігін ажырата білмейтін бөлігінің «хан» деп атағанына Әлниязовты кінәлі деу ақиқаттан аулақтағандық болар еді.Тобанияз орыс тілінде сөйлей алмаған. Кіндікте (Тобанияз орталықты осылай дейді екен) өткізілетін үлкен жиындарға Маңғыстауда Кеңес Үкіметін орнату ісіне айрықша еңбек сіңірген азаматтардың бірі- Нұрсұлтан Оңғарбаевты ертіп барады екен. Орал қаласында өткен үлкен бір басқосуға Нұрсұлтан елде болмай бара алмай қалыпты да, оған ревком төрағасы тілмашсыз қатынасып, сөз сөйлепті. Қазақша айтылған пікірлерді түсінбеген немесе түсінгісі келмегендер әдейі оған «революцияға, Кеңес Үкіметіне қарсылық айтты» деп айып таққан. Оның соңы Тобаниязға «ұлтшыл» деген қара таңба басылып, тұтқынға алумен аяқталған. Ой-арманын, ақ та әділ жүрек әмірін өзге тілде жеткізе алмаған ел арысы осылай тауқыметке тап болған.Қазір халықтың тарихын құрайтын шежірелер баспасөзде жиі жариялана бастады. Сондай шежірешілер Маңғыстауда да аз емес. Соның бірі – Алшын Меңдалиевті көзіміз көре қалды. Бес-алты жасар бала әкесін айтса болды, аржағын өзі жалғастырып кете беретін, естігенін, көргенін ұмыта білмеген ғажап кісі еді жарықтық. Алшекеңнің қазақ  баласының арғы ата-тегін білуі бір жөн делік, оның Атырау қаласындағы қайсыбір  орыс баласының арғы ұрпағын өргізіп беретініне не дерсің? Алшекеңнен бұрын өмір сүрген, адайдың қараш руынан тарайтын Ыбырайым ахун Құлбайұлы асқан  шежіреші болған. Оның шежіресі  өлең- толғау ретінде жазылуымен және бүкіл қазақты қамтумен ерекшеленеді. Тіпті одан әрірекке де алып кетеді. Сол шежірелерде Тобанияз туралы оқырмандар назарына ұсына кететін деректер бар. Тобанияз, Алшекеңше айтқанда, «Жайылса – жонға сыймаған, жабылса – көлге сыймаған» жеменейдің бес өрдегінен шыққан. Тобанияздың арғы атасы – Кенжеге келсек Ы.Құлбайұлы толғауында: Төрт арыс Кенже болғалы,Бетіне дұшпан келмеген.Қойсары мен Қонайдың,Бақ, дәулеті өрлеген... - делінген. Маңғыстауда Қонай батырды білмейтін адам жоқ десе артық емес. Тобанияз Қонай батырдың немелтай ұрпағы. Ыбырайым қарт:

  • Тобанияз шешен бар,

Сөзге кезек бермеген.Хан, төремен сынасып,Қалған жоқ жері білмеген, - дейді.Тобанияз он үш жасында әкесінен жетім қалған. Әлнияздың үлкен баласы болғандықтан әулеттің ауырпалығы соның мойнында болды. Сөйтіп жүрсе де елдің белгілі би, ақсақалдары – Мәтжан, Айдарбай, Қаражандар қасынан тастамаған көрінеді. Ел арасындағы тентек пен теліні тезге салатын, дау-жанжалдарға төрелік айтатын кездерінде Тобаниязды қатыстырып отырған. Кейіннен осындай жұмыстарға Тобанияздың өзін жеке жіберген кездері де  болған. Тобанияздың ақылдығы мен әділдігі дау-жанжалға төрелік айтқанда анық көрінген, халық оған сенген. Небір қиын мәселелерді шешу жоғарыдағы билер мен ел ақсақалдарының сілтеуімен Тобаниязға жіберіліп отырған. Әттең, сол дауларды шешердегі оның сөздерінің көпшілігі сақталмаған. Оның себебі белгілі – уақыт, кезең кінәлі. Жоғарыда айтылғандай, Тобанияз бесаспап шебер адам болған. Халықтың айтуынша, Тобанияз қолынан шыққан дүниелердің бәрі де музей экспонаттары болар еді. Бірақ, олар  жоғалып кетекенге ұқсайды. Бәлкім, іздесе табылып та қалар. Осы орайда Ізім қарттың «Төбекем жасаған ер мен көкала жона, былғарыдан өрген жүген, сегіз өрме қамшысы біздің үйде бар еді. Тобанияз жасаған дегеннен қорқып әркімге беріп жібердік» деп опынуы көп жайды аңғартады.Халық ардақтаған ер, бірегей басшы, арманда кеткен азамат Тобанияз Әлниязұлына бүгінде облыс орталығы – Ақтаудан еңселі ескерткіш орнатылып, күн сайын, әрбір мерекелі  күндер де баршаның келіп тағзым ететін, жаңадан шаңырақ көтерген, әскерге аттанатын жастардың келіп тұрар киелі орнына айналды.(Бұл материал 1990 жылдың күзінде алғаш рет облыстық газеттерде, 1993 жылы «Жұлдыз» журналының № 1 санында журналист Лебен Садуақасовтың соавторлығымен жарық көрді).