ВЕРНУТЬСЯ

«Мың өліп, мың тірілген» халқымыздың сан-қилы өмір жолдарында ескірген, тіпті жойылып кетуге айналған мұраларын табиғаттың мүк басқан қойнауынан аршып алуда, халық игілігіне жаратуда  елеулі еңбек еткен белгілі тұлғалардың, елін, жерін қорғауда қасық қанын аямаған жаужүрек бабаларымыздың мәңгілік дамыл тапқан мекен-жайын анықтауда Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасы, айтарлықтай роль атқарып келеді. Бұл бағдарламаны іске асыруда аудан, қала, облыс басшылары тарпынан елеулі жұмыстар жүргізілуде.Бұл жұмыс, әсіресе, біздің облысқа әкім болып Қырымбек Көшербаев келгеннен кейін жандана түсті.«Мәдени мұра» аясында ел тарихының тереңде қалған беттерін ашуға, Маңғыстаудың әулие-әмбиелі көптеген орындарында жерленген ата-бабаларымыздың есімдерін анықтауда өлке зерттеушілері бұл күндері ортамызда жоқ Есбол Өмірбаевтың, Ізбасар Шыртановтың, Қабиболла Сыдиыковтың еңбектері зор болды. Бұл сала өлке зерттеушілері М.Ақмырзаев,  А.Спан, т.б. еңбектерімен жалғасын табуда.Оның бір мысалы «Маңғыстау» газетіндегі (16.11.06) М.Ақмырзаевтың осы кезге дейін белгісіз болып келген Жары Назарұлы Тастемірдің жай тапқан жері – Сисем Ата Қорымы екендігі жөніндегі мақаласы.Сисем Атаны Маңғыстаудың пантеоны (пантеон – грек тілінен алынған –қабір, мазар, сағана-атақты адамдар қойылатын орын) деп атап жүрміз. Өйткені мұнда халқымызға қадірлі, жақысылықтарымен қайыры тиген тұлғалар, қиындықтарда бетке ұстар ел қорғаны болған батырлар жерленген.Адай елінде осыдан шамамен екі жарым ғасыр бұрын табиғи дара дарын қасиеттерімен танылып, адамгершілік игі істері тарихи шежіре беттерінен түспей келе жатқан үш Назар өткен. Солардың бірі – адайлар «Қыдыр көрген» деп айрықшалаған Жары Назар. Ал Ескелді Саназар мен Жаңай Қожаназар туралы айтқанда бұларға Қыдыр дарыған (Тасқара Қаратайұлының айтуы бойынша) деп айтылады екен.Тағдырына не жазса да, соған шүкіршілік еткен Назар өзіне, барша әулетіне тиген сыбағаның сабасы кең, келісті болғанын, ұрпағының  әрқайсысына тәңір пендесіне еншілер жақсылықтардың жазмыш етілетінін ғұмыр-тіршілігінде сезініп, тұшынып өткен. Ол Жоңғарлармен шайқастың бел ортасынан табылған белгілі, тарихта айқын таңбаланған Адай батырларының бірі.Алатау аймағында көшіп-қонып жүретін Жары Назар ауылының қанатын керіп орын теуіп отырған бір тұсында үйіне иман жүзді, тахуа, дін иесіне тән киінген бір ақсақалды кісі келеді. Әңгіме – дүкен құрып, жайласқан қонағына Назар қасында отырған балалары Шотан, Құдайберген, Майлан, Тастемірді таныстыра келіп, «ел аралаған сыншы болады» дейтін атам қазақтың асыл түйіні бар еді. Сіз көп жерде болған, көпті көрген, тағдырдың жазуы тек бір Алладан екендігіне бар пейіліңізбен сенетін жан екенсіз. Осы ұлдарым жөнінде қандай пікір айтар едіңіз деп сұрады... Сонда қонағы ойлы көзін талтеректей өсіп келе жатқан Сымбатты жігіттерге аудыра отырып:- Шотаныңның өңінде сепсімес ызғар, қайтпас қаһар, жүзінде бет қаратпас айбат, жанары ұшқын шашып, лапылдап тұр екен. Осының жау қайтарар батыр болар.- Құдайбергеніңнің өңі ашаң, ерні жұқа, тілі сүйір екен, асылы шебер сөздің иесі болар,- Майланың жүзі жайнаң, бітімі толық екен, түлігі өскен бай болар,- Тастеміріңнің жүзі нұрлы, қанды екен, көзі отты да үйірімді екен, өсіп-өнер, өрісті келер – депті. Сонда Назар осы айтқандарың жүрегіме жетті, көңіліме әбден қонды, ойым он саққа жүгіруден тиылып орнықты. Айтқаныңызды Алла Қабыл етсін! Әумин! – деп бата жасағанында қатар отырған қонағы да алақанын мол жайып жүзін сипапты.Кәдуілгі қонақ қадесін жасауға түнге салым сыртқа шыққан кезінде қонағы Назарға: Құдай өзіңе Қыдырмен ұшырасуға жазса қайтер едің? – деп сұрағанында, Назар: құлшылығымды құлықтап, ризалығымды арнар ем, Қыдыр көргеннен артық бақыт болар ма пендеге, - деп жауап беріпті.- Онда жай қолыңды, Құдайдың кездесуін жазған Қыдыры қасыңда тұр, батасын ал!- Жайдым қолымды!- Бұл ғаламдағы Алла пендесіне тиесілі жақсылықтар барша ұрпағына бұйырсын! Екі дүниенің абыройы тисін сізге! Әумин!Назар қос алақанымен жүзін сипап өткенде қасында тұрған ақсақалдың ізім-қайым болғанын көреді. Оның Қыдыр Ата екеніне көзі жетеді. Назар бұл жөнінде ешкімге сыр шашпауды жөн көрді. Әйтсе де уақыт иірімінде Қыдыр көргендік Назардың өз іс-қимылынан, қадір-қасиетінен, ұрпақтары мирасынан шырай танытып, шындық шынықтыра берді.Қыдыр Атаның Назардың балаларына берген бағасы қолға ұстатқандай болып өмірде дәл көрініс тапты. Шотан Маңғыстауға адайларды бастап келген жау жүрек батыр, Құдайберген сөзге ұста, Майлан әрі бай, әрі сахи, Тастемір өрісті, үрім-бұтақты, қайырымды болды.Артында түйдек-түйдек ой түйген, қыры келтірілген, шешімі он ойланып, жүз толғанатын сөздер қалдырған адай биі Мәтжан Назардың Құдайбергенінен тарайды. Оның шешендігіне, тосын тапқырлығына қатысты аңызға астасар ақиқаттар аз емес. Атақты сынгер Әлім Бүкір Адайдың үш айтқышын: есен Ермембетті, түркменадай Оразбайды, жары Мәтжанды арнайы бір бас қосуда өзара шеңдестіре сайыстырып көрген екен. Сонда Бүкіл сынгер Мәтжанға: асылы сені сөз анасы десе болар. Айтарың алғаусыз, тура екен. Тілің сүйір, сөзің уытты, пікірің сара, артыңды алтындай әспеттелген сөзің қалар. Сөзің қалса өзің де ұмытылмассың – депті.Назар ұрпақтырында күдер балтыр, тұтас жота, шоң желке палуандар да болған. Майлан ұрпағы Есет түркпеннің атақты қоңыраулы палуанын жерге жауырынан түсіргенде Мәтжан би: «Па, Шіркін, Есетжанмен туыс екенімді тап осы сәттей сезінген емеспін» - деген екен.Өктем, өр дауысты, адайдың жеті қайқысының бірі, әнші майлан тегі Шолтаман бабасы Назар есімін елге кеңінен танытқан өнер иесі. Оның әуен-сазының ешкімге ұқсамайтын, құлақтың құрышын қандыратын әдемілігі мен үнділігі, салған әнінің таңғы тұнық ауада 45-50 шақырым жерге еркін жететіні жайлы аңыз іспеттес әңгімелер осы кезге дейін айтылып келеді.Біз бұдан әрі мәңгі мекені Сисем Ата екені таяуда ғана айқындалған Тастемір ұрпақтарын сөз етпекпіз. Маңғыстаулықтардың ауызекі  әңгімелерінде «Жарыны жары еткен Назар, ал Назардың даңқын асырған Тастемір» - деген тұжырым бар. Тастемір әкесі Назардың өсиетінен ауытқымай, қылаудай да қияс тартпай өмір сүрген. Ол жоқ – жітіктерге, кемтарларға аса қамқор көзқараста болған, кең қолтықты, кеңпейілдігімен ел-жұрты алдында қадірлі болған. Тастемірдің 18 баласы (ағам Бисенбінің айтуы бойынша: Сейт, Сейтімбет, Ақеділ, Балта, Қылыш, Таңырық, Қаделді, Таған, Жылкелді, Ырыскелді, Тұяқ, Қияқ, Сармолда, Қаратай, Жазалы, Мазалы, Мағамбет, Берді) әкенің тәрбиесін, үлгі өнегесін өрістетіп, ел санатын түзеп өркен жая берді. Тастемір балаларының он үші өз алдарына рулы ел болып өсіп кеткен болса, қалған бесеуі (Ырыскелді, Қияқ, Тыңырық, Жазалы, Мазалы) «әйелі өлсе-жылулас, малы өлсе – қызылдас» дегендей, онша көп өсе қоймағандықтан қалған 13-не сіңісіп кеткен.Тастемір Назардың басы да, малы да тел өскен, өрбіген, тамыры терең тартқан балаларының бірі. Тастемірдің баласы Бақажанның бір өзінде басқа  түліктерін айтпағанда мың жарымнан аса жылқысы бар болған. Сол кездерде ұрпақ өкілдерінің барлығы мен байлығын, жомарттығын, өнерлерінің өрістілігін сипаттайтын ірі-ірі бас қосулар, атағы шыққан адамдарға ас беру уақиғаға айналып отырған. Сондай астың бірі Қайнар жерінде Назардың баласы Тастемірге берілген. Асқа 1000 үй бөліп, аламан бәйгеге 100 ту бие  байланған. Бұны айтып отырған себебім: соңғы кездерде Тастемірге ас беруді ойлаған ұрпақтары оның қайда жерленгенін білмегендіктерінен кідіріп қалыпты дегендей естігеніміз бар еді, енді бұған жол ашылды деп білеміз.Жары Назардың кеңдігімен шапағаты барша ұрпақтарына жетіп, аброй-атағын жан-жақты қырынан көрсете алғанына уақыт куә. Назардың ұрпағы Айдар Ишан түбекте діни мектеп ашып, тұрғындырдың сауатын ашуға тыңнан жол тартқан. Ол ашқан мектептерді бітірген азаматтар қоғам өзгерісінің қай тұсында да ел игілігіне еңбек етті. Айдар Ишаннан дәріс алғандардың бірі Ержан Хазірет болды. Айдар Ишанның баласы Әбдіжапар молданың баласы болғаны үшін айыпталып, Магадан, басқа да Солтүстік қалаларында 18 жыл отырып елге оралды, азап шекті. Бұның өзі елімізде білімді адамдарды, молдалар мен байларды, билерді жаппай жоюға бағытталған кеңестік өкіметтің шектен тыс озбырлық саясатының салдары еді.Тастемірдің Тұяқ есімді баласынан шыққан Айтмағанбет пен Санауберді қажылық дәрежеде танылып атағына аброй үстегені де ел есінде. Олар туралы мынадай өлең жолдары сақталған:«...Алла берген ауылсың,Мал мен басың тең өсіпАумай жатқан қарыдан.Санаекең мен Айтекең,Қатар барған парынан.Бұлардан бұран қажыға,Барған жоқ ешкім Жарыдан...»Назардың осындай елі сүйген айтулы перзенттері аз болмаған. Емші, сынықшы көріпкелдік қасиеттер дарыған Әуеталық пен Қожық ерекше танылған. Әуеталық көріпкел өзінен медет, сүйеу күтіп жолға шыққан адамдарды алдын-ала біліп, тиісті емдерін жасауға дайындалып отыратын болған.Нелер қол өнер бұйымдарын әспеттеген зергер, ұсталары да баба атағын елге жайған. Санаубердінің Әбиі алтын мен күмісті баптап, темір атаулыны тезге салып, небір ғажайып бұйымдар, тұтыну құралдарын жасай алған.Атбегі Шәннің Ербөлегі, саяткер Сақтайдың Алпаны, қос ішекті қоңыр домбырасын әр әуенде мүкісіз сайратқан Қожырдың Сұлтаны сипатты азаматтар да өз өнерлерімен бабасы Назардың атағына ажар үстеп отырған.Жары Назар ұрпақтары сапынан нелер өнерлі таланттар шығып, шаршы топта танылған. Халық ақыны Тастемір ұрпағы Сәттіғұл Жаңғабылұлы төмендегі жолдарын өзінің бабасы Жары Назарға арнаған.«...Сегіз арыс Адай ішінде,Мұңал едік, көп едік.Мұңалдан шыққан Жаулы едік,Халықтың қалың сауыры едік.Абыл, Ақтан, Пір Бекет,Парымен шыққан ауыл едік.Бастап айтсам әуелі,Пір өткен жоқ БекеттенКереметін көрсеткен.Ер өткен жоқ артылып,Сүйінқара, Шотаннан,Тәжінің ұлы Досаннан...Үш арыс – Жаулы еді,Әруағы таудай бар еді,Сол жарының ішінде,Дуадақ ұшқан боз төбеНазар деген ауыл едік,Келе жатқан қашаннан...Адайға ортақ болғанмен,Бабамыз Назар мен сеніңЖүйрігің едім тартымды.Шабатын жерде бәйгілі,Қыдыр көрген НазардыңБір баласы ТастемірАлшыннан озған байлығы».Тастемір ұрпақтары қай кезде де Жары Назардан бастау алған адамгершілік, қайырымдылық, біліктілік, өнерлілік сияқты адами қасиеттерін берік ұстап халық алдында аброй мен беделге ие болды. Әр қайсысы өз салалары бойынша жоғары көрсеткіштерге жеткен. Сүйеген Салманов, Майша Түметова Одақтың депутаттары, басшы қызметте бедел мен құрметке ие болған Жадырасын Қоңырбаев Қазақ ССР-ы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Тұрғанбаев Құрманбай, Әмиқұлов Далжан, Сәтімов Диханбек, Салманов Өтеген, Жұбаев Құлшық, Матаев Жәнібек ұзақ жылдар кеңес, шаруашылық жүйелерінде көрнекті басшылық қызметтерін атқарып, ел есінде қалды. Атақты жылқышы Өмірзақов Маңғыбайдың еңбегі Ленин орденін алуымен бағаланды. Жоғарғы білімді, ауылшаруашылығының белгілі маманы Әбілшеев Қойшығұл облыстағы алдыңғы қатарлы Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары болып істеп келеді. Ал Жәнібекұлы Жаңбырбай Ақтау қаласы мәслихатын басқарып, халықтың мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік мәселелерін біліктілікпен көтеріп талқыға салуда, алынған шешімдердің орындалуын қадағалауда үлкен белсенділік, іскерлік көрсетуде.Белгілі ұстаздар Айтанов Әнес, Алпанов Алдажан, Бекмағанбетов Ілияс, Әбдіжапаров Рахмет, Әрешов Ахат, Маңғыбаев Жәңгір, Бектілеуов Тарғын «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай айтқандай бар өмірлерін бала тәрбиесіне арнап, терең білімді, үлгілі-тәрбиелі азаматтар даярлау ісіне айтарлықтай үлес қосты.Маңғыстау журналистерінің көрнекті ағасы, айтулы жыршы Оразаухан Ізбасаровтың өнері, шығармашылық жоғары қабілеті, мұнай өндірісінің белгілі маманы Нұрболат Жұбаевтың біліктілігі мен шешімділігі, облыстың, Жаңаөзен қаласының денсаулық саласын басқарған кездеріндегі Бердібек Тұрарбековтің іскерлігі жөнінде де әр кез жақсы лебіздер айтылып келеді. Тастемір атасының рухын асқақтатып, халқына қалтқысыз еңбек етіп жүрген, белгілі бизнесмен, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының Маңғыстау облысы бойынша төрайымы Сәуле қажы Бердіхан қызы Жақаева тек туыстарының ғана емес, бүкіл облыстың мақтанышы. Сондай-ақ ұрпақ тарихи зерттеумен тиянақты айналысып келе жатқан шежіреші, қаламгер Жылқышы Жетібаевтың еңбегі бір төбе. Желтоқсан оқиғасының бел-ортасында болғаны үшін қуғынға ұшыраған заң қызметкері Аманжол Қортабаев та айтуға тұрарлық ұлтжанды азамат.Тастемірдің ұрпағы қазір екі мың үйден асады. Жоғарыда аталған азаматтардан басқа да қоғамдық өмірдің саналуан салаларында абройлы еңбек етіп, ата даңқын қастерлеп келе жатқан ұрпақтары баршылық.Тастемірдің арғы ұрпақтарының қауымы, «Алаторпа», кейіннен Қаратөбе, Тұщықұдық пен Шебір. Ал оның ішінде Тұяқ ұрпағының қауымы Қапам әулие. Бұл әулиеде 1946 жылы менің әкем Әріп те жерленген. Тұяқтан тараған ұрпақ өкілдері соңғы кезде Қапам әулие басынан түнеухана салып, игі іс бітірді. Ол үшін әулиеге түнеуге келген халық үлкен рахмет айтып, ризалықтарын білдіруде.Тастемір бейітінің Сисем Атадан табылуына орай оның ұрпақтары жөніндегі осы аздаған мәліметтерді айта келіп, Сисам Ата Қорымының түгел зерттеліп болмағанын, мұнда осы кезге дейін қайда жерленгені белгісіз болып келген Адайдың талай-талай топ жарған аршыландары дамыл тапқанын ескеріп, «Аютөсті» бастан-аяқ зерттеу қажет деген пікір білдіреміз. Бұның өзі Сисем Атаны алдағы кезде ЮНЕСКО қамқорлығына беру жөніндегі ұсыныстарымыздың іске асуына да белгілі дәрежеде ықпал еткен болар еді.  15.12.2006ж.