ВЕРНУТЬСЯ

Дана халқымыз қай кезде де сөз бастау қиын деген ғой. Ал ендi өзiңмен бiрге жүрiп, орта мектепте сыныптас, жоғарғы оқу орындарында қатар оқыған, елге оралысымызбен жұмыстас болып, өмiрдiң қызығы мен шышығын бiрге өткiзген жолдасың жайлы ол өмiрден озғаннан кейiн естелiк сөз бастау қиынның қиыны екен.  Менiң алғашқы қиналуым қимас досым Бердiбай Сарбалаұлының жерге түскен 2002 жылдың 21-iншi желтоқсан күнi сыныптас жолдастары атынан сөз сөйлеуiм болса, ендi мiне, оның ортамыздан кеткенiне 5 жыл толуын еске алудағы қиналуым болып отыр. Өйткенi, сыйлас жолдасыңның жарқын жүзi, өзгелерден ерекше қадiр-қасиетi, өзiңе деген адал көңiлi мен ниетi әр кез көз алдыңда тұрады екен де, онымен өмірде енді қайтып кездеспейтінің есіңе түскенде  қимастық сезiм көңiлiңнiң көк жиегiн шарлап кетiп, ойыңа жүйелi сөз келмей, қаламың да тұралап қалады екен.Солай дей тұрғанмен өмiрiмен кейiнгi ұрпаққа өнеге болып өткен аяулы досым Бердiбай туралы естелiк жазуды парызым деп бiлдiм. Бердiбай Сарбалаұлы өзiммен түйдей құрдас едi. Мен 1933 жылдың 1-шi қаңтарында, ол осы жылдың 2-шi қаңтарында өмiрге келгендiктен әзiлдеп маған “аға”деп сәлем берушi едi. Таныстығымыз сонау 1948-1949 оқу жылында Шахта орта мектебiнiң 8-шi сыныбына келуiмiзден  басталған болатын. Маңғыстаудың әр түпкiрiндегi 7-шi сыныптарды бiтiрiп, орта мектепке келген алғашқы кезiмiзде бәрiмiз бiрден араласып кете алмай, бiр-бiрiмiздi байқаумен (неге бейiм: бiрi сабаққа, бiрi алыс-жұлысқа, бiрi күштiлiгi дегендей)  бiршама уақыт өткiзгендей болдық. Бiрiншi тоқсан аяқталған кезде сабақ үлгерiмiмiз жағынан көзге түскендерi Сисенбай Алдабергенов, Мәриаш Таңмағанбетова, Ауғанбай Қалиев, Маңғыбай Нұрғазиев, Бердiбай Сарбалаев, Әбдiбек Жаманбаев, Кенжеғали Бөрин болды да, олардың iшiнен Бердiбай мен Әбдiбек спортқа ерекше бейiмдiлiктерiн көрсете бастады. 9-шы, 10-шы сыныптарда Бердiбай өзiнен жас жағынан әлде қайда үлкен жiгiттермен күресiп, көбiне жығып жүрдi. 9-шы сыныптан бастап осы оқушылардан Сисенбай, Бердiбай, Маңғыбай және мен болып, сабақтарымызды, әсiресе, математика, физика пәндерiн бiрiгiп оқып, есептердi бiрiгiп шығарып жүрдiк. Бiздердiң кейде түнгi сағат 2-ге дейiн отырып сабақ дайындайтын жерiмiз менiң үш жыл бойына жатып оқыған үйiм- Сара мен Iзтұрған Ақжановтардың пәтерi едi. Өздерiнiң кiшкентайлары барлығына, пәтердің тарлығына қарамастан топырағы торқа болғыр менiң апа-жездем ешбiр қабақ шытпай, дәптерлерi мен сия сауыттарын арқалаған бiздердi қарсы алып, сабақ оқуларымызға мейлiнше жағдай туғызып отыратын.Осы үш жылда (8-10 сыныптар) бiздерге математикадан сабақ берген Маңғыстаудың Шахта орта мектебi десе, Торғай Шоңқалов, Шоңқалов десе, осы мектеп деп түсiнгендей еңбiгi бар, есiмi респуликаға жайылған, ардақты ағайымыз Төкең едi. Ағайдың үйретуi, құнттауы, талап етуi арқасында соңғы үш жылға арналған математика есептерiнің берілісін түгел дерлiк шығарған едiк.  Әр iске икем, шеберлiгi де бар Бердiбай барлық есептерді шығарған дәптерлерiмiздi бiрiктiрiп, бiр үлкен қара папка жасаған болатын. Ол папка менде сақталған едi. Сол аса құнды дүниенiң менiң жұмыс бабыма байланысты көшiп-қонып жүргенiмiзде жоғалып кеткенiне осы кезге дейiн өкiнемiн.1951 жылы орта мектептi (16 оқушы) ойдағыдай бiтiрiп, көбiмiз жоғарғы оқу орындарына аттанған кезде Бердiбайдың отбасы жағдайына байлансыты кiдiрiп, бiздердi шығарып салғандағы арманды жүзi әлi есiмде. Онжылдықты бiтiрiсiмен бiрден еңбекке арласқан ол алға қойған асыл арманына, биiк мақсатына жетуге бар күш-жiгерiн жұмсады. Соның арқасында 1952 жылы Қазақ мемлекеттiк физкултура институтына түсiп, оны 1956 жылы ойдағыдай бiтiрiп шықты. Спорт түрлерi, әсiресе, ауыр атлетикадан қол жеткен жетістіктерінің арқасында институт қабырғасында жүрген кезінің өзінде Москвада өткен жастар спартакиадасында Қызыл алаңда спорттық өнер көрсетуге қатынасты.Жiгерлi жас елге келiсiмен алғашқы кезде Шахта орта мектебiнде  дене тәрбиесі пәнiнің мұғалiмі болып iстейдi де, 1957 жылы мектептегi пансионаттың директоры, ал 1960-жылы осы мектептiң директоры қызметтерiн атқарды.Бердiбай, халқымыз айтатындай, «сегiз қырлы, бiр сырлы» жiгiт болатын. Өнерге бейiмдiлiк, өнерлi болу жаратылыстың адамға сыйлаған ерекше бiр сыйы десек, Бердiбай да сол өнерде белгiлi орны бар азамат едi. Ерекшеленетiн қырларының бiрi- өнерпаздығы болатын. Ол домбыраның құлағында ойнап, әдемi қоңыр  дауыспен ән де салатын. Соның арқасында Жастар мен студенттердiң 1957 жылдың тамыз айында өткен Бүкiл дүниежүзiлiк фестивалының аясында Атырау қаласында өткен фестивалға қатысып, домбыра оркестрiнiң құрамында болды.Пансионатты, мектептi басқарудағы қабiлеттiлiгi және өнерге деген бейiмдiлiгi ескерiлiп, Бердiбай 1963 жылы аудандыјқ мәдениет бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiне жiберiлдi. Араға бiр жыл салып, 1964 жылы қазiргi Жыңғылды ауылындағы iрi шаруашылықтың партия комитетiнiң хатшысы болып сайланды. Осы қызметтердi атқара жүрiп, жоғары ұйымдастырушылық қабiлетi, адамдармен тiл табысып, жұмыс жасай бiлетiндiгi  арқасында жұртшылықтың құрметiне ие болды.  Соның  нәтижесiнде 1965 жылы Маңғыстау аудандық Кеңесi атқару комитетiнiң орынбасары қызметiне жоғарылатылды. Iс тетiгiн бiлетiн, орнықты, бiр сөздi, кiшiпейiл кадр болып танылған Бердiбайды аудандық партия комитетi саяси бiлiмiн жетiлдiре түсу мақсатында екi жылдық Алматы Жоғары партия мектебiне оқуға жiбердi. Ол мұнда  да, тиянақты оқумен бiрге факультет партия бюросының хатшысы болып сайланып, үлкен беделге ие болды. 1973 жылы Жоғары партия мектебiн бiтiрiп келген Бердiбай аудандық партия комитетiнiң екiншi хатшысы, араға екi жыл салып, Бейнеу аудандық Кеңес атқару комитетiнiң төрағасы болып сайланды. Мен бұл кезде осы жұмыстан облыстық партия комитетiнiң ұйымдық-партиялық жұмыс бөлiмiнiң меңгерушiсi қызметiне тағайындалған едiм.“Өзiң үшiн туыпсың, елiң үшiн күйiпсiң”- деп Бөлтiрiк би айтқандай, Бердiбай Сарбалаев жаңадан құрылған, алғашқы қадамынан бастап-ақ аты шығып, социалистiк жарыстарда бәйгiлi орын алып келе жатқан жеңiмпаз Бейнеудiң биiк туы тұғырының бекем, баянды болуына жан аямай ат салысты. Өмiрде, қоғамдық, мемлекеттiк жұмыстарда жеткiлiктi тәжiрибе жинақтаған Бердiбай Сарбалаұлы аудандық Кеңес атқару комитетiнiң  сан- алуан жұмыстарын жүйелi жүргiзуге бар күш-жiгерiн, бiлiмiн жұмсады. Негiзгi назарды аудан экономикасының  нығая түсуiне, халқтың әлеуметтiк жағдайының жақсаруына, денсаулық, бiлiм, мәдениет салаларындағы жұмыстардың тиiстi талаптар деңгейiнде жүргiзiлуiне аударып отырды.Ол уақыт өлшемi мен кеңiстiк әлемiн пәлсапалық тұрғыда бағалай келiп, оның  негiзi өзi өмiр сүрiп отырған туған жерiнiң табиғаты, еңселi таулары мен жазира жазықтарында жатқандығын, демек, әлемдi, бүкiл жаратылысты бiлу үшiн алдымен өзi өмiрге келген, өзi еңбек еткен аймақтарды жақсы бiлу керектiгiн ұқты. Сондықтан да болар, ол Маңғыстау мен Бейнеу аудандарының ой-қырын, сай-саласын толық  аралап бiлумен бiрге, қай аймақта қандай су көздерi барын, жайылысқа қолайлы қандай шөп түрлерi қайда өсетiнiн бiр кiсiдей бiлушi едi. Соның арқасында ол Бейнеу ауданының шаруашылықтары қуаңшылықтан, шөп тапшылығынан қысылған кездерде малды қай аймақта ұстап, қыстан аман   шығудың жолдары  жөнiнде шаруашылық басшыларына нақты кеңестер беретiн. Бекеңнiң бұл ұсыныс-пiкiрлерi әр кезде де орынды болып шығатын.Бердiбаймен тiкелей жұмыстас болуым менiң Бейнеуге аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болып 1978 жылдың қыркүйек айында келуiмнен басталды. Бiр-бiрiмiздi жастайымыздан бiлетiн бiздердiң ауданды бiрлесiп басқаруымызды аудан жұртшылығы, коммунистерi үлкен ықыласпен қарсы алды.Алдымызда облыс орталығынан 500 шақырым, көмек беретiн өндiрiстiк мекемелерi жоқ, шөл және шөлейт аймақта жаңадан орналасқан Бейнеу ауданын сол кездердегi  қатаң партиялық талаптарға сай басқара бiлу – халықтың тұрмыстық, сан-алуан өзге де жайларын жақсарту жұмыстарын жүйелi жүргiзу мiндетi тұрды. Бұл мiндеттердi абыроймен атқаруда Бердiбай екеумiз бiрлесе, қоян-қолтық жұмыс жасай отырып, биiк белестерге жету iсiне бүкiл еңбекшiлердi, коммунистердi, активтi жұмылдыра бiлдiк дей аламын.Аудан негiзiнен ауылшаруашылықты болғандықтан малды шығынсыз өсiру, одан сапалы өнiмдер алу iсi жеңiл жұмыс еместiгi белгiлi. Талай жылдар қыста соққан қарлы борандардан, кеңшарлар территориясын мал емес, тiптi итке дейiн тайып жығылатын мұз басқан жағдайлардан малды аман алып шығуда малшылар қауымы қандай ерлiк көрсетсе, бұл iске басшылық ету, өз жерiмiзде шабындық болмағандықтан жылма-жыл республикамыздың өзге облыстарынан шөп әкелу, көбiне қуаңшылық жылдары өзi де жұтаң жайылысты жайпап кететiн шегiрткелерге қарсы шаралар алу сияқты жауапты жұмыстарды ұйымдастыруда аудан басшыларының, соның iшiнде Бердiбай Сарбалаұлының айырықша еңбегi бар едi. Осы жылдар iшiнде Бердiбай, Қуандық Нұрғалиев болып Бейнеуден 420 шақырым қашықтықтан шабындық жер iздеп “Барса келмес”аралына екi рет барып, екеуiнде де сол аймақта шөп бар деген мәлiметтiң терiс болып, ыстық жерге түсiп тұрған шiлде де күндіз пана боларлық көлеңке таппай, түнде сор жағасының масасына таланып, азапты сапар шегiп, бос қайтқандарымыз өмiрде ұмытылмақ емес. Бердiбай қашанда қарбаласта қалғымайтын, қиын жағдайларда абыржуды бiлмейтiн, асығыс шешiм қабылдамайтын нағыз қайыспас қара нар едi.Осы жылдар iшiнде Бейнеу жан-жақты өсiп, iргесi беки түстi. Көптеген аудандық мекемелер үшiн қажеттi құрылыстар, тұрғын үйлер, кеңес үйi, жаңа типтегi аудандық аурухана, емхана, тұрмыстық қамту комбинат үйi, бiрнеше орта мектептер салынып, 3 гектар жерге парк отырғызылды, жаңадан “Сыңғырлау”кеңшары құрылды. Жергiлiктi материалдарды пайдалану арқылы аудан мекемелерiнiң күшiн ұйымдастыру нәтижесiнде 1983 жылдың қыркүйек айында аудан орталығынан аэропартқа дейiн 4 шақырым 400 метрлiк асфальт  жолы салынды.Сонымен қатар, ауданның мәдениет, әдебиет саласында да айтарлықтай жетiстiктер болып, аудан жастарынан құрылған “Алтыбақан” фольклорлық-этнографиялық ансамбль республикалық жарыстың лауреаты атанып, Алматы, Москва, Румынияда өнер көрсеттi. Ауыл шаруашылығының барлық салалары бойынша елеулi табыстарға қол жетiп, кеңшарлардың экономикасы нығая түстi. Осындай жетiстiктердiң арқасында КПСС Орталық Комитетiнiң, ССРО Министрлер Кеңесiнiң, ВЦСПС және ВЛКСМ Орталық Комитетiнiң ауыспалы Қызыл туы 1985 жылы, соцалистiк жарыстың шартына сәйкес, осы туды 5 жыл қатарынан ұстаған Бейнеу ауданына мәңгiлiкке қалдырылды. Осы жылдың қорытындысымен Бейнеу ауданы республикалық “Алтын кiтапқа” жазылды. ”Ел ырыстың орманы, ер ырыстың қорғаны ”- дегендей, ел ырысының қорғаны бола бiлген, қай салада болмасын ауданның осындай жоғары көрсеткiштерге жетуiне аянбай тер төккен Бердiбай Сарбалаұлының еңбегiн бейнеулiктер әрдайым еске алуда.Бердiбай Сарбалаұлының азаматтық тұлғасы, оның қандай жұмысты болса да ұйымдастыра бiлу қабiлетi, жұртшылық алдындағы беделi, өзi қызмет еткен Маңғыстау, Бейнеу аудандарына сiңiрген еңбегi осы аудандардың тарихына алтын әрiппен жазылып қалмақ. Бұл бағыттағы бастау оның есiмiнiң, өмiр жолының Маңғыстау ауданының шежiресi iспеттi “Өскен орда”, “Қазақ жерiнiң зиялы азаматтары”кiтаптарына енуi деп бiлемiн.Адамды қоршаған ортада оған ағайын-тума, жақын-жуықты жаратушы құдiрет бередi десек, достарды әркiм өзi таңдайтыны белгiлi. “Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам” – деген сөз бар ғой. Ал   Бердiбайдың  өзi бағалаған, таңдаған достары көп болды. Олардың қатарында Қыдырбайды, Сисенбайды, Мұханбеттi, Нығымет пен Ауғанбайды, Сұлтанбектi, тағы басқа өзiмен қатарлас, сыныптас, жұмыстастарын атасақ, бұлардан басқа да өзге облыстарда, республикамызда көптеген азаматтармен сыйлас едi. Бердiбайдың достарын тартатыны оның бiр сөздiлiгi, қарапайымдылығы, шамалыға тарыла қоймайтын кеңдiгi, бiр сөзбен айтқанда – кiсiлiгi. Ал кiсiлiк екiнiң бiрiнiң қолынан келе бермейтiн ауқымы мол ұғым екенi талас туғызбаса керек.Мен осы жерде Бердiбайдың достыққа адалдығын, кеңдiгiн көрсететiн бiр мысалды қысқаша жазылған әңгiме түрiнде жеткiзгiм келедi. Әңгiме тақырыбы “Қайтқан – ақша едi...” (Қаз қалпында). Сонымен әңгiмемiзге кiрiселiк.Дос деген қасиеттi сөз. Дос болу, достық қатынас көбiне балалар арасында, мектепте, студенттiк кезде, Армия қатарында болған кездерде шынайы көрiнiс табады. Осы кезде достардың бiрi тарапынан қандай да бiр қиналарлық қылық iстелсе де, екiншiсi көбiне ренжiмей қарсы алатыны аян. Сондай бiр қызықты оқиғаның куәсi болғаным бар.Бiрде бiздiң институтқа шет тiлдер институтында оқып жүрген достарымыз – Қасым мен Асан келе қалды. Достар келгесiн оларды шамамыз келгенше қарсы алу, берiсi асханаға,  әрiсi мейрамханаға апарып сыйлауымыз керек. Алайда студентте қайбiр молшылық болсын, осы кез қалтамыздың бiр тесiк кезi болатын. Осыны еске алған Ораз екеумiз қонақтарымызға: бiзде ақша таусылып қалған едi, қазiр лекцияға барамыз, содан кейiн асханадан тамақтанып  көшеге шығармыз, сiздер бiр айналып келіңіздер дедiк. Олар бұған келiскендей кейiп бiлдiрiп қала бердi.Лекциядан келсек екеуi күтiп отыр екен. Жүрiңiздер асханадан тамақ iшелiк деп орнымыздан тұра бергенiмiз сол едi, Қасым: Сiздерде ақша болмаса бiзден табылып қалар, мейрамханаға барып тамақтанып, бiраз көңiл көтерiп келелiк дедi. Бiздер, әрине, келiсе кеттiк.Мейрамханаға келгеннен кейiн Қасым бұрын болмаған сахилық көрсетiп, даяшы қызға әрқайсымыздың ұнатқан тамақ  түрлерiн әкелуге тапсырма бере отырып, iшiмдiктер келтiртудi де ұмытқан жоқ. Бiздер өзара әзiл-қалжыңмен отырып, жақсы тамақтандық, iшiмдiктiң буымен ара-тұра бойжеткендермен  билел те алдық. Осылайша сыйлық көрсеткен достарымызға бек риза болып, мейрамханадан көңiлдi шықтық. Қасым мен Асан бiздердi шығарып саламыз деп жатақханамызға бiрге келдi. Бұнда да бiраз әңгiме-дүкен құрып отырғаннан кейiн Қасым: бiздер қайтайық, сiздер де демалыңыздар дедi де, Оразға бiршама ақша ұсынды. Ораз: бұл не дедi, таңқалып. Сонда Қасым: сенiң плашыңнан қайтқан ақша едi деп қарап тұр бет-аузы бүлiк етпей. Бақсақ бақа екен  дегендей, мейрамханалатып жүргендерi бiздер лекцияға кеткенде әлгi достарымыздың базарға сатып жiберген Ораздың су жаңа плашының ақшасы екен. Ораз бiр ауыз сөз айтпастан, қапелiмде не десiн, әлгi «қайтқан ақшаны» алып жатты. Бiздер шыдай алмай ду күлiстiк,  тағы да айырлып қалмайын дегендей қолындағы аз ғана ақшаны қысып ұстаған Ораз да: сiздерге дауа болмас - деп, жарқылдай күлдi.Бұдан өткен достарын кіршіксіз таза көңілмен қадірлеу, бұдан өткен ренiштiң iзi жоқ кеңдiк болар ма?Осы әңгiмедегi басты кейiпкер Ораз бiздiң Бердiбай болатын. Қалғандарының да  аты-жөнi өзгертiлген. Мiне, өмiрде болған осы оқиғадан-ақ Бердiбайдың  досқа деген ақкөңiл ниетiн, кеңдiгiн көруге болады емес пе?Адамға тән асыл қасиеттер деп салмақты мiнезiн, қарапайымдылығы мен кiшiпейiлдiгiн, iске жауапкершiлiгi мен талапкерлiгiн, жылы жүрек қамқорлығын айтар болсақ, осы қасиеттердiң қай-қайсысы да Бердiбайдың бойынан табылушы едi. Жолдастары арасында, отбасында жұмсақ әзiл айтып, жанындағылардың көңiлiн жадыратып отыратын.Енді міне, барлық өмірін халықтың денсаулығына арнаған Мария Қошыққызы да, бала-келiндерi мен немерелерi де, барлық дос-жолдастары да Бердiбайды сағынышпен еске алуда.Ақын Жәркен Бөдешұлы өзiнiң “Қарапайым қағида” деген өлеңiнде:“Адамдардың алғысымен көгерген,Саған қояр жоқ тосқауыл, жоқ өлшем,Күллi халық жалғызындай еңiрер,Жасың жетiп ажалға ере жөнелсең”- деген едi.Жасы жетпей-ақ, келмес сапарға аттанып кеткен Бердiбайдың ағайын-тума, дос-жаран, жолдастарының бәрi де көз жастарына ерiк бердi. Бұл баршамыздың Бердiбайдың асыл қасиеттерiн жоқтаған  терең де қимас сезiмдерiмiз  болатын.Қадiрлi Бердiбай Сарбалаұлының есiмiн ел есiнде қалдыру үшiн оның есімін   Маңғыстау ауданының Жармыш орта мектебiне беру жөнiндегi бұдан бұрынғы ұсыныстарды қолдаймын. Ел қамы үшiн тер төккен  азаматтардың есiмiн ардақтау ұрпаққа үлгi деп бiлемiн.Топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, қимас досым!                                           14.10.07.