ВЕРНУТЬСЯ

Қазақ халқының тарихындағы Сырым, Исатай-Махамбет, Кенесарыдан кейiнгi үлкен бас көтерулердiң қатарына жататын Иса мен Досан бастаған көтерiлiс - Маңғыстау шаруаларының патша үкiметiнiң отарлау саясатына қарсы көтерiлiсi. Шығыспен қатынас жасайтын барлық су және керуен жолдары Маңғыстау арқылы өткендіктен Патшалы Ресейдің Шығыстағы басқыншылық саясаты үшiн Маңғыстау түбегiнiң стратегиялық мәнi зор болды. Сондықтан патша үкiметi Маңғыстау түбегiн онсегiзiншi ғасырдың бас кезiнде-ақ өзiне бағындыруға әрекет ете бастаған едi. К. Маркс пен Ф. Энгельстің патшалық Ресейдің Орта Азияға өтуіне қайсар адай халқының үлкен кедергісі болды деп атап көрсеткеніндей адайлар қолдан келгенінше кедергі жасап бақты. Соған қарамастан күштің аты күш, күштінің аты күшті деген емес пе Ресей өз саясатын іске асыра бастады. I Петрдің тікелей тапсырмасымен Каспий теңізі айлағын зерттеу, сауда кемелері тоқтауға мүмкіндік беретін шығанақтардан қорған салуды көздеген жиырмаға жуық арнайы  экспедициялар жасақталды. Сол экспедицилардың бірінің басшысы, зерттеуші С. Г. Карелиннің ұсынысымен Қарасу- Қайдақтан алғашқы қамал салынды. Орыстар осындай қолайлы жерлерден қамал сала отыра келе-келе ақыры кәзіргі Форт- Шевченко қаласынан орын теуіп, Маңғыстауға өз  биліктерін жүргізуге бағытталған әртүрлі шешімдерді іске асырды. Он тоғызыншы ғасырдың  отызыншы жылдарынан бастап Адай елi (20 мыңдай үй) Ресейге бағындырыла бастады. Олардың жерлерiне әскери бекiнiстер салынды. 1866-67 жылдары Адай руларынан Жоғарғы Адай дистанциясы (Байменбет Маяев басқарған) және Төменгi Адай дистанциясы (Ғафур Калбин басқарған) құрылды. 1868 жылы  “Уақытша Ереже” (“Далалық облыстарды басқару жөнiндегi Ереже”) енгiзiлдi. Бұл Ереже бойынша әкiмшiлiк орындары облыстарға, уездерге, болыстарға, ауылдарға бөлiндi де, оларды басқаруға орыстардың чиновниктерi тағайындалды. Осылайша территориялық принцип негізінде шекараларға бөлiну адайлардың бұрынғыша емiн-еркiн көшiп-қонып жүрулерiне мүмкiндiк бермедi. Бұған қоса, Ережеге сәйкес, халыққа ауыр салық салынды, ол қарулы отрядтардың  көмегiмен жиналды, мал- мүлiк талан-таражға түстi, жергiлiктi адай жатақтары өз жерлерiнен қуып шығарылды. Адайларға балық аулау құралдарын сатуға тыйым салынды. Балық аулау кәсiпшiлiктерiндегi жалдамалы қазақ жұмысшылары ондағы барлық жұмысшылардың үштен бiрiнен аспайтын болды. Олар 1837-шi жылдан берi түтiн басы 1 сом 50 тиын салық  төлесе, оның  мөлшерi 3 сом 50 тиынға жеттi. Салық байдан да, кедейден де бiрдей мөлшерде тек ақшалай жиналды. Адайлар Жем бойындағы жазғы жайлауға қолында жаңа норма бойынша екi жылға салық төлегендiгi туралы куәлiгi болған жағдайда ғана көше алды. Осының бәрi халықтың күштi наразылығын туғызды. 1870 ж. Пристав болып тағайындалған подполковник Рукин Ереже талаптарын орындату үшiн Маңғыстауға өзi баруға шешiм алды.“Уақытша Ережеге” қарсы iрi-iрi бас көтерулер Торғай, Орал облыстарында орын алып, бұл көтерiлiстер патша жендеттерiнiң қарулы отрядтарының күшiмен басылғаннан кейiн, ендi адай елiндегi көтерiлiстi басу шараларын алуды көздеген Орал әскери губернаторы Н. А. Веревкин дистанция бастықтары  Баймембет пен Ғафурды өзiне шақырды. Веревкин оларға “Уақытша Ереже” жайын жеткiлiктi уағыздап  түсiндiрумен бiрге, орындалуын қамтамасыз етудi талап еттi. Дистанция басшыларының қарсылық көрсетуге жағдайлары жоқ едi. Веревкиннiң маңғыстаулықтарды бұғауда ұстауға бағытталған бұл тапсырмасы Рукиннің  Маңғыстауға аттанар алдында болған едi.1870-шi жылы пристав болып тағайындалған подполковник Рукин Маңғыстауға форттан аттанар алдында Н. А. Веревкинге жолдаған рапортында былай деген: “Болыстық басқарушылардың Жаңа ереженi тездетiп аяқтауларына жәрдемдесу, сондай-ақ, бұл ережеге мойынсұнбай  жазғы жайлауға көшiп кеткелi жатқан кейбiр ауылдарды көндiруге мәжбүр ету мақсатымен ертеңнен бастап қырға аттанамын. Бұл кәзiргi кезде адайларды Жаңа ереженi қабылдауға көндiрудiң кепiлi, көнбеген жағдайда отряд оларды жазғы жайлауға жiбермейдi” (Орынбор облыстық мемлекеттiк архивi. Ф.6.8239-iс.510-бет.)-деп жазған. Сөйтiп, подполковник Рукин Б.Маяев пен Ғ.Қалбин сияқты ел басқарушыларының, билердiң көмегiмен салықты 1869-1870-жылдарға бiр-ақ жинамақшы болды. Рукин 1870-ж.15-мартта 40-тан астам казак-орыс және 60-тай адай билерi мен старшындарын алып, қару- жарақтарын 35 түйеге артты да, салық жинауға шықты. Бұл хабарды естiген халық Досан Тәжиев (1829-1876) пен Иса Тiленбаев(1829-1909), Ерменбет би Тұрұлы, Алғи Жәлiмбетовтың бастауымен Рукин отрядына қарсы көтерiлдi. Көтерiлiсшiлер Рукин отрядымен жиырма екiншi наурызда Үшауыз құдығы жанында кездестi. Жан-жақты қаруланған Рукин отрядына бiрiншi Досан бастаған топ, содан кейiн Алғи, Иса, Ерменбет, Орақ, Дихан бастаған төрт топ төрт жақтан бiр мезгiлде шауып, көзсiз ерлiк көрсеттi. Тұтқиылдан жасалған бұл шабуылға патша солдаттары мұздай қаруланған болуларына қарамастан ешбiр қайрат жасай алмады. Осы ұрыста Рукин халық кегімен суарылған қылышты, найзаны жете меңгере білген, астындағы тұлпарлары атқан оқтай ұшқыр жүрек жұтқан батырлардың қолынан ажалын тапқан еді. «Алдап қарусыздандырған» деген сөзді осы кезге дейін айтушылар кездеседі. Мен мұны Иса мен Досанның халық үшін құрбандыққа барған теңдесі жоқ ерліктеріне көлеңке түсіруге бағытталған әрекеттер деп білемін. Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов өзінің «Досан батыр» дастанында «...Қаза тапқан Рукин найзасының үшінен »- деп оны Досанның найзамен түйреп өлтіргенін нақтылайды. Сөйтіп,   Рукин отряды біржола талқандалды, казак-орыс отряды түгелге дерлік қырылды. Олардың сүйектері Үшауыз тауының Каспий теңізіне қараған етегіндегі бір шұңқырда үйілген. Біз бұл тұжырымды әкесі Жанғабыл жендеттердің қолынан хаюандықпен қаза тапқан Досанды Форт- Шевченко қаласынан ҚАРАТӨБЕ ҚАУЫМЫНА әкеліп жерлеуге қатысқан халық ақыны  Сәттіғұл Жанғабыловтың «Досан батыр» дастанына, белгілі жорналшы марқұм Сайын Әділхановтың «Досан батыр» атты еңбегіне, басқа да ақын- жазушылардың шығармаларына және «халық айтса қалп айтпайды» дегендей, халық естелігіне сүйеніп айтып отырмыз.“Маңғыстау көтерiлiсi” туралы қалам тартқан М. С. Тұрсынова орыс офицерлерiнің көтерілісшілер Рукинді алдап алдын-ала қарусыздандырып, содан кейін барып шабуыл жасап жеңiске жеттi, қолға түсу қаупы туғаннан кейін Рукин өзiн- өзi атып өлтiрдi деген жазбаларын сол күйінде қабылдауға мәжбір болған. Өйткені оның өз еңбегін кеңес үкіметі кезінде жазып отырғандығынан алдындағы бар документтен ауытқуға мүмкіндігі жоқ еді. Бұл версия сол кездегi Форттың коменданты майор Зелениннiң  Маңғыстауға жiберiлген отрядтың талқандалуына, Рукиннiң өлiмiне байланысты өз жауапкершiлiгiн жеңiлдету, қарақан басын қорғау үшiн кісі нанғысыз өтірікке барып, ойлап тапқан айла-шарғысы едi. Комендант, сонымен бiрге, орыс офицерiнiң намысын қорғамақ болып та Рукиндi өзiн өзi атып өлтiрдi деп мәлiмдеген. Ол осылай деп тiкелей патшаға,  оның Дербенттегi наместнигi Михайлға телеграмма жiберген. Жоғарыда айтқанымыздай, басқа да  зерттеушiлер осы мағұлыматты басшылыққа алып, мәселенің байыбына бармай нақты оқиғаның, тарихи шындықтың бұрмаланып айтылуына жол берiп келген. Шындығына келсек, әскери бiлiмi бар, Маңғыстау приставы етiп жiберiлген подполковник (кейбiр документтерде полковник деп те айтылады) Рукиннiң, оның ақылшы- кеңесшiлерiнiң  дала қазақтарының алдауына түсiп қаруларынан айрылуы салдарынан жеңiлiске ұшырады деген пiкiрдiң ешбiр қисыны жоқ. Жеңілген жақ жеңген жаққа әрқашанда әділ сөз айтпаған ғой. Оның үстіне В.А. Потто деген біреудің «Гибель отряда Рукина в1870 году» деген 1871 жылы жазылған зерттеуіне назар аударсаңыз оның жазғандарының басынан аяғына дейін жергілікті халықты «туземцы», «хищники», «шайки», «полудикие кочевники», «барантачи», «дикари», «воры» деп былапыт теңеулермен даттай бергенін көресіз. Осылайша   жергілікті халықтың өзіне тән салты-санасы, мәдениеті, өнері, ауыз әдебиеті, ұлттық салт-дәстүрі мансұқ етіліп, тек дұшпандық, жаулық көзқараста жазылған «зерттеулерді» тарихи документ деуге бола ма? Әрине болмайды. Сондықтан да біз Рукин отрядының талқандалуы жөніндегі документтерді тарихи шындық дей алмаймыз.     “Тарихи документ” деп отырғанымыздың өзi де сол патша жендеттерiнiң қолымен жазылған дүние ғой. Сондықтан олардың Рукин жау жүрек, батыр адайлардың қолынан өлдi деп шындықты жазулары мүмкiн еместiгi талас туғызбаса керек. “Менiң елiмнiң тарихы ағылшындардың көзқарасымен жазылған”- деген ғой Джабахарлал Неру қызы Индираға түрмеден жазған хатында. Бұндай мыcалды айтылып отырған оқиғалардан 150 жылдай бұрынғы орыс империясы тарихшыларының Кiшi жүз ханы Әбiлхайырдың Россияға боданы болуға ант берiп, хат жолдады деген деректерiнен де көруге болады. Кейiнгi зерттеушiлердiң еңбектерiнде бұндай хаттың болмағандығы, бар деп жүргендерiнiң өзi  Әбiлхайырдың башқұрттармен келiсе алмауына байланысты патша ағзамның ықпалы қажеттiгi жөнiнде жазылған  болса да, осы хатты кезінде  әдейi терiс тәржiмалап, Әбiлхайыр хан бодан болуды сұрады деп тарихты бұрмалауға жол берiп келгендерi айтылады (“Егемен Қазақстан”, 31.01.07, Әбiлсейiт Мұқтар-тарих ғылымдарының докторы). Осы мысалдардан-ақ орыс мемiлекетi өкiлдерiнiң айтқандары мен жазғандарының бәрi бiрдей тарихи шынды болмайтыны түсiнiктi. Демек, Кетiк қаласындағы орыстар да Маңғыстаудағы көтерiлiс жайын, ондағы оқиғаларды өз көз-қарастарына  сәйкес жазды емес пе? Сондықтан да бұл көтерiлiстiң ақиқатын бiлу үшiн сол кездегi әскер басшыларының жазбаларына сүйену дұрыс  бола қоймайтыны айдан анық деп бiлемiз.Көтерiлiс бүкiл түбектi қамтыды. Көтерiлiсшiлер саны 10 мың салт атты адамға жеттi. Олар патша үкiметiнiң Маңғыстаудағы барлық тiрегiн, кәсiпшiлердiң кәсiп орындарын, құрылыс- жайларын ойрандады. Балықшылар, жүк тиейтiн жұмысшылар өздерiн қанаушы кәсiпшiлер мен саудагерлерге қарсы күрестi. Сарытас шығанағында жұмысшылар кәсiпшiлерге шабуыл жасап, олардың қайықтарын тартып алды. Бұл қайықтардан кiшi флотилия құрып, оны патшаның ең мықты соғыс қамалдарының бiрi- Александровский фортын (биiктiгi 4 м., енi 2 м.тас қорған iшiнде 18 зеңбрегi, 800 пұт оқ-дәрiсi бар жақсы қаруланған әскер тобын) қоршау үшiн пайдаланды.Көтерiлiсшiлердiң жан берiп, жан алысқан ерлiгi жөнiнде маңғыстаулық журналист Наталья Задерецкая “Лада ТВ плюс” газетiнде (22.02.07) жариялаған мына тарихи документтен де көруге болады. Онда былай делiнген (тәржiмаламай берiп отырмыз): директор Атырауского полеонтологического музея Юрий Александрович Пастухов в прошлом году передал мангистаусцам собранные им материялы о Мангишлаке. Среди прочих интересных документов оказался отчет Ломакина командующему войсковой части Уральской области от 13 апреля 1870 года... “Считаю долгом доложить Вашему Превосходительству, что в продолжение своей 20-летней службы имел ни раз столкновения с киргизами, но такого отчаянного и упорного нападения не ожидал. Под не умолкаемые картечные и ружейные выстрелы они бросались в улицы базара, если которых убивали, то другие бросались за телами и уносили их...”Көтерiлiс жергiлiктi үкiмет орындарымен қатар Петербургтағы бас штабты да үрейлендiрдi. Өйткенi Каспий теңiзiнiң оңтүстiк жағалауында Иранда ағылшындардың ықпалы едәуiр күшейген болатын. Патша үкiметi Хиуаға қарсы жорыққа даярланып, әскерлерiн Красноводск қаласына шоғырландырып жатқан едi. Маңғыстау көтерiлiсiнiң орталығы осы әскер тобының тылында болды. Көтерiлiстi басу Патшаның Каваздағы уәкiл-әкiмiне тапсырылды. Мамыр айының  аяғында Маңғыстауға Кавказдан Апшерон полкiнiң бiр батальоны, екi атқыштар ротасы, Дағыстан полкiнiң төрт ротасы және Терек казак-орыстардың төрт зеңбрекпен қаруланған 2 жүздiгi келдi. Көтерiлiсшiлер  “Ұсақ” құдығында, Үшауыз шығанағында, Александровский фортында күштi қарсылық көрсеткенiмен, патшаның жақсы қаруланған тұрақты әскер бөлiмдерiнен жеңiлдi. Көтерiлiс қатал жанышталды. Көтерiлiсшiлер өз қатарын ел азаматтарымен толтыра отыра, Үстiртке көтеріліп, одан  оңтүстiкке қарай көбі отбасыларымен бірге көше бастады. Бiрақ Орынбордан шыққан жазалаушы отрядтармен (Н.А.Крыжановский мен ген.- м. Биазнов бастаған) кездесiп, көп шығынмен Үстiртке қарай кейiн шегiнуге мәжбүр болды.Жазалаушылар халықты “Уақытша ережеге” күшпен көндiрдi. Патша үкiметi адайларды әлсiрету мақсатымен 6 мың үйдi Маңғыстаудан бөлiп алып, күшпен Орал облысына бердi.1874 жылға дейiн адайларды Дағыстаннан келген әскери үкiмет басқарды. Содан кейiн бiр айдың iшiнде 9 мыңдай адай үйiнен екi жылға салық бiрден өндiрiлдi. Салық төлеу қиындықтарын пайдаланған орыс саудагерлерi қазақ шаруаларының жылқыларын 1 сом 60 тиыннан сатып алды. Сөйтiп, 60 мың сомнан астам салық жиналды, үкiмет шығынын өтеу үшiн деп 90 мың қой қоса алынды.Дегенмен, халық қаһрынан сескенген патша үкіметі көтерiлiске қатысқан халыққа кейбір жеңілдіктер беруге мәжбір болды.   Жазаланғандардан басқа көтерiлiсшiлерге кешiрiм берiлдi. Әрі би, әрі батыр Исаның ел ішіндегі зор беделін ескеріп оны болыс етіп жіберді. “Ережеге” бiрсыпыра өзгерiстер енгiзiлдi (салығын ақшамен емес, малмен өтеуге, жайылымдарды пайдалануға рұқсат етiлдi, т. б.).1870 жылғы “Маңғыстау көтерiлiсi” отаршылық езгiге қарсы, әсiресе, салықтың өркендеп өсуiне, орынсыз еселеп салықтар салуға, жайылымдарды пайдалануға шек қоюға қарсы шыққан жергiлiктi және стихиялық шаруалар көтерiлiсi болды.Үстіміздегі жылы облыс әкімшілігі мен облыстық маслихат, облыс әкімшілігі жанындағы ардагерлер Кеңесі «Маңғыстау көтерілісінің» 140 жылдығын лайықты атап өтуді белгілеп отыр. Осы кезде бүкіл Маңғыстаулықтардың көптен бері ойында жүрген бір үлкен іс шешілмек. Исатай мен Махамбетті бір-бірінен айыруға болмайтын болса, Исаны да Досаннан ажырату әділдік  болмайды деген қорытындыға келген аталған органдар Форт- Шевченко қаласындағы бұрындары патшаның, В.И.Лениннің ескерткіштері тұрған тау басына Иса мен Досанның қатар тұрған ат үстіндегі бейнелерін орнату туралы бірлескен шешім қабылдады.Патшалы Ресейдің отаршылдық саясаты салдарынан  төзгісіз қысым көрген елінің тұрмыс- тіршілігін, ары мен намысын қорғап атқа мінген кескекті ер, айырықша батыр тұлғалар  Иса мен Досанның өшпес  бейнелері мәңгі сақтала беретін болады.