ВЕРНУТЬСЯ

 (Д.А.Қонаевтың туғанына 90 жыл)Қазақ халқының жан берiп, жан алысқан, ақиық ақыны Жұбан Молдағалиевтың сөзiмен айтқанда “Мың өлiп, мың тiрiлген” тарихында елi үшiн өмiрдiң ыстығына күйiп, суығына тоңған, халық қамын ойлаудан жалықпаған, шешендiк пен iскерлiктiң, ерлiк пен сұңғыла саясаткерлiктiң жоғары үлгiсiн көрсеткен, осы айырықша қабiлет-қасиеттерiмен ел тарихында өшпестей iз қалдырған игi жақсылар, айтарлықтай Алыптар аз болмаған. Сол Алыптардың өзiмiз көре қалған қатарларының бiрi-40 жылдан аса Қазақстан Республикасын басқарған аса iрi мемлекет және қоғам қайраткерi, академик Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев едi.Жеке қабылдауында  болған кезімде  Димахаңның ұсынылып отырған жұмыстарды аброймен атқару жолында  қандай мәселелерге назар аудару қажеттiгiн сөз ете келiп, ел мүддесi үшiн қызмет ету басты мiндет, бұл халық сенiмiне ие болу деген сөз. Ал сенiмдi ақтау әрбiр азаматқа басты парыз-деп айтқан ақыл-кеңесi, жайдары да нұрлы жүзбен қол ұсынғаны осы кезге дейiн есiмде сақталып келедi.Димаш Ахметұлының жеке қабылдауларынан өзге кездерде де атқарып жүрген қызметтерiме орай Астанада (ол кезде Алматы) өтетiн Қазақстан коммунистiк партиясының сьездерiнде (мен 5 рет сьезд делегаты болған едiм), пленум, актив,сесияларда (Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесiнiң депутаты кезiмде) Д. А. Қонаевтың жасаған баяндамалары мен сөйлеген сөздерiн тыңдаудың сәтi жиi түсiп тұратын.Менiң бұл жерде негiзгi айтайын дегенiм-Димахаңды облыс орталығы- Ақтау қаласында қабылдаған азаматтардың iшiнде болып, оған құрмет көрсетудің орайы келгендігі. Ол былай  болған едi. 1992-шi жылдың қазан айының 7-сi күнi түскi үзiлiстен кейiн жұмысқа келген бойымда ( ол кезде мен облыстық Кеңес төрағасының орынбасары болып iстейтiнмiн) Президент аппаратынан телефон шалып, Алматы-Ақтау- Стамбул бағытындағы ұшақпен Д.А. Қонаев Түркияға кетiп барады деп хабарлады. Бұл кезде облыс әкiмi Ф.А. Новиков те, облыстық Кеңес төрағасы Қ.Келжанов та командировкада болатын. Хабар алысыммен бiрден әкiмшiлiк пен Кеңестегi тиiстi қызметкерлердi шақырып, оларға халқымыздың кемеңгер ұлын лайықты қарсы алуға бағытталған дайындықтар жасауымыз қажет деп тиiстi тапсырмалар бердiм. Қонақтар мiнген ұшақтың ұзақ отырмайтынына, небәрi 45 минут болатынына байланысты қарсы алу шараларының барынша жинақы болуын ойластырдық.Мезгiлiнде ұшақ та келiп қонды. Д.А. Қонаев бастаған қонақтарды республикаға еңбегi сiңген зейнеткер В.Д.Горшенин, облыстық iшкi iстер департаментінің бастығы генерал М.М. Аманжолов, облыстық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасы В,Н. Винников, облыстық кәсiподақ кеңесiнiң төрағасы Д. Жұмашев, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бастығы Ж.Қоңырбаев, қалалық Кеңес төрағасы Х. Жанғалиев, облыстық әкiмшiлiктiң iс басқарушылары Ә. Сахимов, Х.Мергенбаев, осы жолдардың авторы болып қарсы алдық.Дiнмұхамед Ахметұлының қасында Қазақстан жазушылар Одағының сол кездегi бiрiншi хатшысы Қ. Найманбаев, Стамбул университетiнiң профессоры “Қазақтар” атты кiтап жазған талантты ғалым Зейнеш Ысмайыл деген қазақ жiгiтi бар екен. Аэропорт басындағы танысу, амандық-саулықтан кейiнгi әңгiме алдын-ала дайындалған дастархан басында өттi. Димаш Ахметұлының ел аман ба, жағдай қалай? деген сұрағына менiң ел аман, жағдай жақсы, нарықтық экономика қиындықтарын жеңiп шығу шаралары алынып келедi. Халқымыз Сiздi  қадiр тұтады, қашанда ел деп еңбек еткенiңiздi жақсы бiледi. Сiзге ақ жол, оң сапар тiлеймiз!- деген сөздерiмдi жылы қабылдаған Димахаң: “Асқаныңа емес, сасқаныңа ризамын” деген екен бұрынғылар. Сол айтқандай, облыстың бiрiншi басшыларының жоқтығына қарамастан, Маңғыстау халқының ежелден келе жатқан кең пейiлiн, ақ жарқын көңiлiн, қонақжайлығын көрсетiп, құрметтеп жатқандарыңызға ризамын, көп рахмет! –деп бәрiмiздi серпiлтiп тастады.Бұдан кейiн де дастархан басында Димахаң сөйлеп, көңiл хошы көбiне көтерiңкi отырды.Өзiнiң Түркияға шақырумен бара жатқанын,онда бiрқатар кездесулер болатынын айта келе, кезiнде бұл өңiрден облыс құрылғаны дұрыс болды-деп сөзiн жалғастырды Димахаң. Маңғыстау облысын құру туралы сөз еткенiмде Л.И.Брежнев алдымен Жезқазған облысын құрып алсаңызда жеткiлiктi болар деген. Менiң бұл өңiрдiң байлығы ұшан-теңiз, әсiресе, жеткiлiктi мұнай қоры бар. Бұл байлықты Отан игiлiгiне пайдалану үшiн дербес облыс ашу қажет деп нақтылаған пiкiрiмдi А.И. Микоян да қолдаған болатын. Содан кейiн барып бұл мәселе КОКП-ның Саяси Бюросында қаралып, ақырында осы екi облыстың бiр мезгiлде құрылуына қол жеткен едi. Егерде әрегiректi сөз етсек, бiр кезде Н.С.Хрущевтың Маңғыстау мұнайын игерудi Түркменстанға беру керек деген пiкiрiне де қосылмай, бұл күрделi мiндеттi iске асыруға өз кадрлерiмiздiң күшi жетедi деп дәлелдеген едiм. Осы жолы маған Геология министiрi Сидоренко көмекке келiп, Маңғыстау мұнайын геологиялық зерттеу, игерудiң аса жауапты мiндеттерiн республикамыздың атқаруына алған болатынбыз.Сидоренконың көмегi дегенiмнiң мәнi мынада болатын. Н.С.Хрущевтың мұнайды игеруге өзiмiздiң кадрлердiң күшi жетедi деген менiң сенiммен айтқан пiкiрiме көңiлi толмағаннан кейiн мен, олай болса, Никита Сергеевич, Сидоренкоға телефон шалып көрiңiз, ол кiсi не айтар екен деген едiм. Н.С.Хрущев сол бойда оған телефон шалған кезде Сидоренко менiң сөзiмдi қуаттаумен қатар, өз тарапынан да бiраз дәлелдер келтiрiп, қазақстандықтардың Маңғыстау мұнайын игеруге күшi толық жететiндiгiн айтқан едi. Сөйтiп, бұл мәселе оң шешiмiн тапқан болатын. Сондықтан да болар, мен әрқашанда Маңғыстау облысы жайлы хабарларға құлақ тосып, халқының табысына, өсiп-өркендеп келе жатқанына қуанып отырамын-деп өткен салуалы да салиқалы өмiрiнiң, халық мүддесi үшiн тер төккен еңбегiнiң кейбiр кезеңдерiн ой елегiнен өткiзгендей болды.             Жай қоңыр дауыспен жүзiне күлкi үйiрiле сөйлеген Димахаң бәрiмiздi баурап алды. Алдына қойылған басты ұстап, астан, коньяктан болар-болмас ауыз тие отырып, келесi бiр сөзiнде бұрынғы кездерде кездескен кейбiр адамдары, көрген- бiлген оқиғаларындағы қызықты жайларды айтып, тыңдаушыларын күлдiрiп отырды. Димахаң сөзiн бұдан әрi жалғап, биыл мен сексен жасқа толдым, осы мерекеге орай жайылған дастарқанға келген бiр ақсақал менi құттықтай келе “Уа, Димаш, балауса балалық шақтан өтiп, қайран жиырма беске келдiң, орда бұзар отыздан өтiп, суырылған қылыш қырыққа келдiң,  ел ағасы елуден асып, алшаңдап алпысқа, желкiлдеп жетпiске, секiрiп сексенге келiп отырсың, ендi тоқтамай тоқсаннан асып, жүзбен де жүздес, содан кейiнгiсiн тағыда бiр кеңесермiз ” деген едi- деп өзi де ашық ақ жарқын күлiп, бiздi де  күлкiге кенелтiп тастады. Ұшаққа отыру басталысымен бiздер қонақтарды шығарып салдық. Көтерiңкi, риза көңiлде тұрған Димахаң қоштасар алдында ендi 15 күннен кейiн 22 қазанда осы жолмен керi оралатынын айтты.Ұшаққа отыру кезiнде ұзын бойлы, iрi денелi ақсақалдың жасы сексеннен асып бара жатқанына қарамастан, еңкiш тартпай, бойын әлi де тiк ұстайтынын аңғардық.  Сол айтқанындай, 22 қазанда Түркиядан Ақтау арқылы Алматыға оралған Димахаңды ендi Ф.А.Новиков бастаған облыс басшылары болып қарсы алдық. Бұнда да өткендегiдей тиiстi құрмет көрсетiлдi. Осы кездерде Димахаңның Алматыдағы “Дәуiр” баспасынан жарық көрген “Өттi дәрен осылай” атты еңбегi  қолымызға жаңадан тиген болатын. Қонақасы кезiнде осы кiтапты қолдарына ұстай келген бiрқатар кiсiлер кiтап авторынан қолтаңба алып жатты. Кiтапты (естелiк-эссенi) мен де ұсынғанымда Димахаң оның алғашқы бетiне “ Дүйсенбiге! Аса құрметпен. Д.А.Қонаев, 22. Х. 1992ж.” деген қол таңбасын қалдырды. Мен бұны ұлы адамның қолынан алған қасиеттi бойтұмарым деп қабылдап, кiтапты кабинетiмдегi кiтап сөресiнiң ең биiк, көрнектi орнында сақтап келемiн.Қонақтардың осы сапарында Ақтаудың ұшу алаңынан Алматыға шығарып салған кезiмiзде Димахаң: ”Ердiң атын ел шығарады деген сөз бар. Маңғыстау елi аман болсын, өсiп-өркен жая берсiн, ел- халыққа менiң атымнан дұғай сәлем айтыңыздар”- деп қоштасқан еді. Димаш Ахметұлы бұл сәлемiн осының алдындағы кездесуiмiзде де айтқан болатын. Ақ пейiлдi, алып жүректi,елi ардақтаған кемеңгер  ағаны бұл соңғы көруiмiз екен.Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев 1993 жылдың 22-шi тамызында 82 жасқа қараған шағында кенеттен дүниеден озды. Зымыраған уақыт-ай, оған да сегiз жылдың үстiне шығыпты-ау!..Димахаңның Маңғыстау халқына арнаған ыстық ықыласын, сәлемiн жеткiзудiң орайы мiне, “халқының бақыты үшiн жаралған” (Олжас Сүлейменов) Алыптың туғанына 90 жыл толуы қарсаңында келiп отыр.Аса iрi мемлекет және қоғам қайраткерi, үш мәрте Социалистiк Еңбек Ерi Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев 1912-шi жылдың 12-шi қаңтарында дүниеге келген. Димахаң жоғарыда аталған ”Өттi дәрен осылай” атты кiтабында және оның оқырмандардың ұсыныс- тiлектерiне сай қайта қарап, толықтырып, “Ақиқаттан аттауға болмайды ” деп атаған еңбегiнде өзiнiң өмiр жолы, кең байтақ Қазақстанның елу жыл iшiндегi өндiрiс пен шаруашылығы, жалпы экономикасы, мәдениетi, халықтың тұрмыстық хал- ахуалындағы  түбегейлi өзгерiстер жайлы баян етедi.Ары, жан-дүниесi таза, неше бiр жылдар бойы билiк басында жүрсе де, бойын дүниеқоыздыққа алдырмаған, осынысымен де өз халқына сүйiктi де, айырықша беделдi дана қарт әлгi аталған ”Ақиқаттан аттауға болмайды” деген еңбегiнде: өз басым мұрат тұтқан мынадай бес сипатқа тоқтала кеткiм келедi...Сол бес сипаттың бiрi-бiреуге тiл тигiзуден сақтану. “Ақыл- дос, ашу-дұшпан” дегеннiң мәнi осы. Екiншiсi- әдептiлiк. Қазақ әдептен аспай, кiшiлiк көрсету арқылы кiсiлiк танытқан.Үшiншiсi- өзiң өзгеге күдiктенбе, өзге өзiңе күдiктенбесiн. Иман жиям десең пиғылыңды таза ұста. Күпiрлiктен адасасың. Төртiншiсi- не iстесеңде зеректiкпен тындыра бiл, аяғына жеткiзе бiл. Ырысың осы. Ал ең   соңғысы- өзбасыңа тiлемейтiн iстi бiреуге iстеме. Қиянаттан асқан қылмыс болмайды. Сақтансақ, осыдан сақтанайық-деген салуалы ғибрат қалдырған.        Дiнмұхамед Ахметұлының өмiрден өтуiне арнап жазған ”Дүниеден өттi бiр алып” деген толғауында Қазақстанның мемлекеттiк сыйлығының иегерi, ақиық ақын Фариза Оңғарсынова былай деген едi: “Дүниеден өттi бiр алып,Дүниеден өттi дара аға,Көсем боп, сосын сыналып,Жайсаңдықтан танбай сонда да,Кешiрiмдi бiзге мұра ғып,Мәңгiге кетiп бара ма?..”Iрi мемлекет және қоғам қайраткерi Д.А.Қонаевтың жарқын бейнесi миллиондардың жүрегiнде мәңгi сақтала бермек.Жатқан жерiң жайлы, топырағың торқа, жаның жәннатта болсын, қазақ халқының бiр туар Алып перзентi.                                                                                          “Маңғыстау”.  11 қаңтар. 2002 жыл.