ВЕРНУТЬСЯ

Сізді сексеннің сеңгіріне шыққан, ел ақсақалы болып отырған осынау жайсаң жасыңызбен Әріповтер әулеті–баршамыз болып қуана құттықтаймыз.Сіздің осы жылдар ішінде әрбір басқан қадамыңыз ерен ерлік істерге толы болып, жоғары адамгершілігіңіз, парасаттылығыңыз, айрықша ақылгөйлігіңіз арқасында өзіңізді білетін ел-жұрт алдында үлкен беделге ие болдыңыз.Буыныңыз бекімеген балғын жас кезіңіздің өзінде-ақ, сонау қиыр шетте жатқан Керел өңірінен сол кездегі қатынас тұрғысынан алғанда айшылық жердегі Атырауға арман қуып, білім іздеп аттандыңыз.Оқу орнын бітіріп келіп енді-енді еңбекке араласа бастағанда еліңді қанқұйлы фашистерден қорғауға аттанып, соғыста алған ауыр жарақатыңыздың зардабы осы кезге дейін денеңізде сақталып келеді.Елге оралғаннан кейін де еңбек  майданында аянбай тер төктіңіз. Мал шаруашылығын өркендету ісіне ерекше үлес қосып, қатардағы есепші, зоотехниктіктен ферма, колхоз бастығы, совхоз директоры, ауылдық кеңес төрағасы қызметтеріне дейін көтерілдіңіз. Сіздің еңбектегі ерлігіңізді екі дүркін КСРО Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі, Ұлы Отан соғысы ордендері және көптеген медальдармен марапатталғаныңыз, «Қазақстанның ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкері» құрметті атағына ие болғаныңыз айғақтайды. Сондай-ақ Сіз Қазақстан коммунистік партиясы ХV съезінің делегаты болдыңыз, бірнеше дүркін аудандық, облыстық партия комитеттерінің мүшесі, селолық, аудандық, облыстық кеңестердің депутаты болып сайландыңыз.Партия Сізге әркез үлкен сенім артып, шаруашылығының жайы төмен кеңшарларды басқаруға жіберіп отырды. Сіздің жоғары ұйымдастырушылық қабілетіңіз, басшыға тән талантыңыз өзіңіз директор болып еңбек еткен кеңшарлардың экономикасын көтере білумен, қарапайым еңбеккерлердің хал-ахуалын жақсартып, ұжым мүшелері арасында бірауыздылықты, өзара сыйластықты, моральдық ұстамдылықты қалыптастыра білумен айқындалып отырды.Сіздің жұмыс әдісіңіз өзгелерді таң қалдыратын ерекшелігімен дараланады. Осыған бір мысал келтірелік. Сіздің кабинетіңізге қабылдауыңызда кісі отырғанына қарамастан жұмысы бар басқа кісілер де кіре беретін. Сіз оларға қабақ шытып, бұларың не, баса көктеп кісі үстіне кіре бересіздер деп айту былай тұрсын, тіпті кіргенің мақұл болды дегендей ишарат білдіріп, отыратынсыз. Осылайша өз шаруаларымен кабинетіңізге кіре берушілер саны біртіндеп өсе беретін. Елдің алдымен келсе де қойған мәселесі Сіз тарапынан шешімін таппағандықтан реніш сөздер айтып дауыс көтергендерге Сіз ешбір қайыру айтпай, асқан шыдамдылық көрсете отырып, бәрі-бір өз пікіріңізде қала беретінсіз. Осы жайды көріп отырған келесі азаматтардың бірқатары жағдайды байқағаннан кейін шаруаларын айтпастан шығып кетсе, келесі біреулері айқай-шумен бастықты ала алмайтынын түсініп, Сіз тапсырған жұмысты орындауға бірден келісім беретін.Сіз басқару ісіне жетік болумен бірге қарапайым халыққа әрқашан қамқоршы, адамдарды алаламайтын әділ, керек жерінде ерте дәуірлердегі билер үрдісін сақтап салихалы билік айтатын Абыз бола білдіңіз. Сіздің қамқаорлығыңызды тек ағайын-тума ғана емес, барлық жек-жат, өзіңізді танитын әлеумет көре білді, тағдыр тауқыметіне ұшыраған пенделердің бәрінің де басын осы кезге дейін сүйеп келесіз. Сондықтанда Сіз бүкіл Бозашы еленің құрметті азаматы – Бисекең атанып отырсыз.Өткен өміріңіздің өшпес ізі, ұрпақ тәрбиесі, тәуелсіздігін барған сайын нығайта беру жөніндегі пікірлеріңіздің жиыны, әрі шыққан тегіміздің шежіресі болып табылатын «Маңғыстау – маңғаз мекенім» атты еңбегіңіз кітап сүйер қауымды риза етті.Аға-еке! Сізді бәріміз – Ақ жеңеше Дарайы екеуіңіздің үкілеп өсірген ұл-қыздарыңыз, келіндеріңіз бен немерелеріңіз  жел соқса пана – асқар тауымыз, биікке ұмтылсақ көтерілер шыңымыз, тарықсақ кеңес берер ақылгөй Абыз-Атамыз деп ардақтап, қуанумен келеміз.Сізге мықты денсаулықта болып, ұзақ жылдар қызықты өмір сүре беруіңізге шын жүректен тілектестік білдіреміз.Бәріміздің атымыздан ардақтаған інің Дүйсенбі Әріп ұлы.                                          Қыркүйек айы 2001ж.