ВЕРНУТЬСЯ

Қазақтың тұңғыш режиссері Асқар Тоқпанов ағамен 1979 жылды 4 тамыз айының 10-ші жұлдызында облыстық партия комитетінде таныстым.  Осы күні өткен пленумнан кейін Бейнеуге жүргелі отырған кезімде сізді Әшімбаев (обкомның бірінші хатшысы) іздеді дегенді естіп кабинетіне келсем, Тұтқабай Әшімбайұлымен бір бадана көзді, қалың қара бұйра шашты, батыр тұлғалы, қызыл шырайлы, келісті кісі сөйлесіп отыр екен. Мен ол кісімен көрісіп – сәлемдесіп жатқан кезімде Төкең маған қарап бұл кісі облысымыздың қонағы – Асқар Тоқпанов деген ағаң, қазақтан шыққан алғашқы режиссер, толығырақ кейіннен таныса жатарсыздар, поезда да, елде де уақыттарыныз жетеді ғой деп күліп алды да, Асқар Тоқпанұлы облыстағы жеңімпаз атанып келе жатқан ауданды барып көргім келеді, халықпен танысу – негізгі мақсатым деп Бейнеуге жүргелі отыр, жүру жағын өзін ұйымдастырарсың – деді.Тұтқабай Әшімбайұлы менің сол ауданның партия комитетінің бірінші хатшысы екенімді айтқанында Асқар аға: о, онда тіпті жақсы, Сіз бағана қосшы бала тауып беремін деген едіңіз, енді қарасам бұл жігіт қосшы емес, нағыз басшы болды ғой, айналайын-деп жадырай күлді.Сонымен жүруді алдын-ала ойластырып, кешкі поезға екі кісіге әдейі бір купе алдым – ойым қонағымызбен еркін отырып танысу, әңгімелерін есту болатын. Орналасып, біраз жайланып алғаннан кейін, алғашқыда маған паңдау салқын қабақты, кісіге сынай қарайтындай болып көрінген ағамыз бірден жадырап сала берді. Алғашқы танысуымызды өзінің өмір жолдарына саяхаттан бастады. Алматы облысының Іле ауданына қарасты №2 ауылда дүниеге келген Асекең 1939 жылы Москваның мемлекеттік А.В.Луначарский атындағы театр өнері институтінің режиссерліқ факультетін бітіргеннен кейін республикамыздың театр өміріне кеңінен араласыпты. Жоғары білімді тұңғыш профессионал режиссер ретінде 1940 жылы М.Әуезов пен Л.Соболевтың «Абай» трагедиясын алғаш рет сахнаға шығарған.Республикалық балалар және жасөспірімдер театрында, бірқатар облыстық театрларда бас режиссер, көркемдік жетекші қызметтерін атқарған Асекең СССР Ғылым академиясының Қазақ филиалының жанынан өнер тану секторын ұйымдастырып, негізін қалаушылардың бірі болған. Сондай-ақ, 1955 жылы консерваториядағы театр факультеті ішінен тұңғыш рет актер бөлімін ашқызған. Республика театрларында көптеген жоғары сапалы спектакльдер қоя жүріп Қазақстанның шартарабында жемісті еңбек етіп келе жатқан атышулы әртістер мен режиссерларға ұстаздық етіп, негізгі пәндерден дәріс оқыған.Асекең сонымен бірге, ұлттық режиссура мен театр кадрлерін даярлаудың қалыптасуы, дамуы мәселелеріне арналған «Сахна сазы», «Бүгінге дейін» атты еңбектер, «Тазша бала», «Тасыған тегілер» пъесаларын жазған. Бұл еңбектерімен бірге орыс және шетел классикалық драматургиясының айтулы үлгілерінен бірнеше пьесалар аударған. Олардың ішінде А.Чеховтың «Иванов», «Шағала», А.Островскийдің «Шындық қатты, бақыт тәтті», Г.Ибсеннің «Ін», А.Салынскийдің «Серуендегі сергелдең», А.Сафроновтың «Аспазшы» секілді кесек дүниелері Асекеңнің тәржімалауы арқасында қазақ сахнасына жол тартқан.Осы отырысымызда Асқар Тоқпанұлының өз өмір деректерін сөз ете отырып, әрі режиссер, әрі әртіс болып ойнаған алуан пьесаларындағы қызықты оқиғалар мен көріністерді айту кезінде қайсыбір ұзақ тексттерді мүдірместен жатқа айтқан ерекше талантына таң қалдым. Асекең әртістік өмірінде Абай, Ыбырай Алтынсаринның, В.И.Лениннің рольдерін ойнағанын да айтып өтті. Тағы бір таңқаларлығы – бұл кісі алдындағы тыңдаушысының жалғыз адам екендігіне ешбір назар аудармастан, кең сахнада, мыңдаған халықтың алдында тұрған кісідей айырықша жігермен ақпа-төкпе құйып сөйлей келе, пьесалардағы кейіпкерлердің әрекеттерін, қимылдарын көрсету мақсатында ара-тұра тұрып кетіп, қайта отырады, әңгіме желісін бір үзбейді екен. Осы көріністер мен әңгімелерден айтарлықтай әсер алып отырған мен ішімнен «Көрұғлы» дастанындағы жетпіс жігіт он-оннан жеті жерден қатар тұрып, керулі жібек арқанға тоқтата алмай, көк теңізге қойып кеткен Раушанбек мінген тұлпар тәрізді Асекең адамның нағыз жүйрігі, ерекше қасиеті бар тұлпары екен-ау деп ойладым. Осындай бір екпіндете, менің назарымды өзіне аудара отырып Король Лир спектаклін қалай қызықты етіп айта бастаған кезінде мен: әлгі бар дәулетін үш қызына, дәлірек айтсам екі қызына бөліп беріп сақалын сипап қалатын Король ме? – деп қалғанымда, «О, сенің Шекспирдің бұл шығармасынан хабарың бар екен ғой» – деп партия қызметкерінің де әдебиет жөнінде азды-көпті білетіні, оқығаны барлығына шын ризалығын білдірді. Асекеңнің тамаша әңгімелерін тыңдай отырып, Қазақстан театр өнерінің аса көрнекті қайраткерлерінің бірі, Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтының профессоры, ұстаз-педагог, Қазақ ССР-ның халық әртісі, қазақтың ата режиссері, республикаға еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Еңбек Қызыл Ту», «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері – Асқар Тоқпановпен кездестіргені тағдырдың маған деген үлкен сыйы деп білдім.Бейнеуге келесі күні ертемен келгеннен кейін біздің үйде аздап демалып  алдықта, Асекеңе аудан орталығын мәдени ошақтарды таныстырып, өнерпаз жастармен, мектеп оқушыларымен кездесулер ұйымдастырдық. Келесі күндері кездесулер ауданның «Сам», «Қарақұм», «Маңғыстау» кеңшарларында өтті. Осы кездесулердің барлығында да Асекең, жоғарыда айтқанымыздай, шаршамай, талмай бірнеше сағат бойы өз өмірі, өнері жайлы, қойған спектакльдеріндегі, ойнаған рольдеріндегі қызықты оқиғаларды қыздыра  әңгімелеп тыңдаушыларды мейілінше баурап отырды. Әсіресе, «Сам» кеңшарында өткен кездесу айырықша есімде қалыпты. Мұнда кеңшар жұршылығымен кездесу 12-ші тамыз күні сағат 12-де басталды. Әсем жабдықталған кең залға халық толған екен. Селолық кеңес қызметкерлерінің, кеңшар басшыларының кездесуді ұйымдастыруға тиісті көңіл бөлгендері байқалып тұрды.Кездесуге келіп отырған ағаны менің таныстыруымнан кейін сөз алған Асекең қазағымның асыл да алтын сөздерінің нөсерін төкпелете үздіксіз үш сағат бойы сөйледі. Өзі қойған пьесалардағы кейіпкерлердің әрқайсысының, ол ер адам болсын, ол әйел адам болсын, дауыс ырғақтарына дейін салып, бір өзі ондаған әртістердің осы кейіпкерлерді сомдаған іс-қимылдарын, рольдерін көз алдымызда ойнап беріп, көрермендерді таң қалдырды. Асекеңнің бұл өнерін тамашалағандар бір емес, бірнеше спектакльді көргендей әсер алды.Әсіресе, «Абай» пьесасындағы Айдар мен Ажар трагедиясын бейнелеген кезіндегі көрініс естен кетер емес. Екі жастың мәңгілік махаббатына ажал уы тасталған сәтті сан-алуан қимыл, лағнет сөздермен жеткізу үстінде  Асекеңнің кескін-келбеті гримсіз-ақ өзгеріп кетті деуге болатындай. Осы кезде ол екі көзі оттай жанып, біресе қызарып, біресе жанары буланып, бір орында тұра алмай, қиналыс кейпінде сахна төрінде қозғалумен болды. Бұл көрініске қатты толқыған, әртіс ағаға қатты риза болған көрермендер орындарынан тұрып ду қол соқты, орамалдарын көздеріне апарғандары да аз болған жоқ.Түстен кешке дейін үзіліссіз жүрген бұл кездесуде село тұрғындарының бірқатары сөйлеп, Асекеңе үлкен құрмет көрсетіп, рахметтерін жаудырды. Бүкіл жұртшылық риза болып тарасты.Асекеңнің мұхит түбіндегі меруерттердей асыл әңгімелерінің мені қызықтырғаны, баурап алғаны сонша, күн сайынғы кешкі мезгілдерімізде әңгімесін тыңдауды ойлап, елімізде болатын азғантай күндеріңізде қонақ үйіне бармай-ақ, біздікіне бола беруіңізді сұрағалы тұрмын деген ұсынысыма ол кісі қарсы болмаған еді. Енді, міне, бұл күндердің аяқталуына да жақын қалды. Осыған байланысты бүгін кеште үйге бірқатар азаматтарды шақырып, ағаның әсерлі әңгімелерін тыңдап отырмыз. Асекең бұнда да сол жоғары да айтқанымдай тыңдаушылардың аз-көптігіне назар салмастан, Москва, Алматы, облыс орталықтарындағы өзінің оқуы, өзгелерді оқытқаны, үйреткені, өмірде көргендері мен түйгендері  жәйлі кеңінен әңгіме етті, ара-тұра домбыра тартып, баяулатып ән де салды. Күлдіргі әңгімелері отырғандарды күлкіге кенелтті.Асекең осы отырыста өзінің режиссер болып, 1940 жылы Қазақстанның 20 жылдық мерекесіне орай, «Абай» романы бойынша жазылған пьесаны сахнаға тұңғыш рет қалай шығарғаны жәйлі қызғылықты етіп айтып берді.Басшылар күтпеген жерден пьесаны қоюшы режиссер етіп мені бекітіпті-деп бастады Асқар-аға бұл әңгімесін. Маған дейін Абай ролін ойнауға  көптен бері бас ролдерді орындап келе жатқан Елубай Өмірзақовты ұсынып қойған екен. Мен болсам қоюшы режиссер ретінде өз ойымды айтып, бұл рольге Қалибек Қуанышбаевты ұсындым. Ақыры менің ұсынысым өтті. Мұқтардың өзі болса екеуімізге де сенбейтіндігін ашық айтты. Жасыратыны жоқ, Қалибек Абай ролін бірден алып кете алмады. Қанша тырысса да, әрі ақын, әрі философ Абай емес, сол баяғы Қалибек болып қала берді. Біздер репетиция жасап жатқан кездеріміздің барлығына да Мұқтар Әуезовтың өзі қатысып отыратын. Бірде Қалибектің Абайдың Тәкежанға қарап: «Сен не дейсің?» – деген сөзін дұрыс бере алмағанын көріп отырған Мұқаң морт кетті. «Әй тәйірі, Асқардай режиссері, Қалибектей актері бар мен қандай  бақытсызбын! Сарыауыз балапан Асқар мен сайқымазақ Қалибекке қор болған қайран Абай-ай!» - деп есікті тарыс жауып Семейге тартып кетті. «Абай» – симфония, ал сендер оны балалайкамен ойнағыларың келетін балалайщиксіңдер!» – деп айтарын айтып кетті. Біздер ол кезде жаспыз ғой, намысшылмыз. Мұқаң елден қайтып келгенше барымызды салып жатпай-тұрмай ізденіп-ізденіп, «Абайды» ақыры сахнаға шығардық. Қойылымның  көрушілеріне, ең бастысы жазушыға ұнағаны сонша, Мұқаң Қалибек екеуімізді кезек құшақтап жадырай түсті. Сөйтіп, ұлы Абайдың сахнадағы өмірі осылай басталған еді – деп аяқтады бұл тамаша әңгімесін қадірлі ағамыз. Біздер дуылдатып қол соғып, қолдан келген қошаметімізді көрсетіп отырдық.  Құрметті Асекеңді ертесіне – 15-ші тамыз күні – ерте кететін поезға отырғызып, көмекшілікке бір жігітті қасына қосып, облыс орталығына шығарып салдық. Асқар аға іргелі Бейнеу еліне, қонақжай халқына, әдебиет пен өнерге жанашырлық көрсетіп жүрген азаматтарға- бәрімізге риза болып, алғыс айтты.Асекеңмен байланысым бұдан кейін де жалғаса берді. Ол кезде мен Орталықтың бірінші хатшылардың әртүрлі деңгейдегі жиналыстарға шақыруына байланысты және де Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болғандығымнан Алматыға жиі барып тұратынмын. Барған сайын телефон арқылы сәлем беріп, ел хабарын айтқан кездерімде Асекең балаша қуанып, «Ой, айналайын Дүйсенім, үй-іштерің-балалар аман ба, Қарлығашым аман ба, ел жайы жақсы ма?» деп туған ағамыздай асып-төгілген шынайы ақ көңілмен бауырына тарта есендесіп жататын.Келесі бір келгенімде Асекеңе телефон шалып:Ассалаумағалейкум, Асқар-аға,Болғанда іні тыныс, аға жаға.Бергелі ел-жұртымның сан сәлемін,Бейнеуден келіп тұрмын жаңа ғана. –деп сәлемдескенімде Асекең ақ-жарқын көңілмен қарқылдап күліп, сенде ақындықтың да ұшқыны бар екен ғой, «Ой, айналайын, үйге кел, қонақ бол» – деп шақырғаны әлі есімде.1985 жылдың  қазанында Қазақ ССР Жоғарғы және арнаулы орта білім министрлігі, Қазақ ССР мәдениет министрлігі, Қазақ театр қоғамының Асқар Тоқпанұлы Тоқпановтың туғанына 70 жыл, творчестволық педагогикалық қызметіне 50 жыл толуына арналған 25-ші жеткоқсанда өтетін салтанатты кешіне шақыруын алдым. Өкінішке орай жұмыс бабымен бара алмадым да, жедел хат арқылы Асекеңді құттықтаған едім. Өмірдің сан қилы өткелдерінен өткен, сирек кездесетін талант иесі Асекеңді кейбіреулер мінезі бар дейді. Мінез әркімде де бар ғой, Асекеңнің өзгелерден айырмашылығы кім де болса бет жүзіне қарамай шындықты айтатыны. Оның қайсыбіреулерге ұнамай қалуы да осыдан болатын.Қазір Қасым Аманжолов «Қазақстан» телеарнасында «Шынның жүзі» – деп алатын арнайы бағдарлама жүргізіп, еліміздің белгілі азаматтарының шындықты қалай қадірлейтіндіктерін, оған деген көзқарастарын айтқызып жүр ғой. Шіркін, Асекең де осы бағдарламада сөйлесе ғой, талай шырылдаған шындық айқыра ашылып, талайлардың беті шиедей болар еді-ау деп ойлаймын.Асекең ағамен 1986 жылы ақпан айында өткен Қазақстан коммунистік партиясының XVI-съезінде үзіліс кезінде кездестік. Съезд аяқталған күннің кешіне үлкен концерт берілетіндіктен осы кезде Алматыда болған жұбайым Қарлығашты да кешкі концертке алып келгенмін. Осы бойда Қарлығашпен жанашыр ағасындай жадырай көріскен Асекең, ескерткіш үшін суретке түселік деп ұсыныс жасады да, ертесіне съезд сарайында үшеуіміз түскен сол суретті біздерге ұсынған еді. Онда (осы суреттің арғы бетінде) Асекең:«Аяулы бауырларым –Дүйсенбім, Қарлығашым! Ұмытпаңдар, еске ала жүріндер» – деген сөздер жазыпты.Үстіміздегі жылдың 25-ші желтоқсанында Асқар Тоқпанұлының туғанына 90 жыл толуына орай, Қазақтың ата режиссері деп аталып кеткен асыл ағаны есте сақтап жүргенімізді, есімі бұдан былайда жадымызда сақтала  беретіндігін айтуды азаматтық парызым деп осы естелігімді жазып отырмын. Асекең елмен танысып үш күн ұдайы өткізген кездесулерінде жұртқа таныс емес кейбір сөздерге түсінік берген болатын және бірқатар нақыл, ұлағатты сөздерді ара-тұра төгіп-төгіп жіберетін. Оның соншама жігермен, екпінмен айтатын ағыл-тегіл нақыл сөздерін, пәлсапалық ойларын естіген кезде  санаңа бейне нұр құйылғандай сезінесің.Мен Асқар аға айтқан түсіндірме және ұлағатты сөздерді бере кетуді жөн көрдім:Актер – әрекетші деген грек сөзі.Әртіс – бұл да грекше, өз ісінің шебері деген сөз.Режиссер – француз тілінде меңгеруші деген ұғымды береді.Дирижер – бұл да француз тілі – музыка саласында меңгеруші деген сөз.Театр – грекше әрекет орны,Трагедия – бұл да грекше, кейіпкерлердің қайғылы қайшылықтарына негізделген драмалық шығарма.Комедия – латынша, Ода, той өлең деген сөз.Адамға үш нәрсе қиын:Табиғи қабілетін табу;Жар табу;Дос табу.Жылағанды сұрама, күлгенді сұра.Домбыраны тарта алмаған – сабалайды,Өлеңду айта алмаған – абалайды.Тура айтамын деп туғаныма жақпадым.Өнерсіз өмір – тағылық,Еңбексіз өмір – ұрлық.Жазылған хат өлмейді,Жақсының аты  өлмейді.Жақсы адам айттырмай біледі,Сұнқар тастамай іледі.Басшысын таппаған ел азады,Жолдасын таппаған ер азады.Арыстан тобын ит бастаса, бәрі ит болады,Иттер тобын арыстан бастаса бәрі арыстан болады.Өзің үшін еңбек етсең, оттаған хаюанның бірісің,Халқың үшін қызмет етсең құдайдың  сүйген құлысың.Бірге болған сол бір азғана қүндеріміздің ішінде Асекең маған қажетіңе жарар деп өзінің туған қайын  атасы, қазақтың халық ақыны Қайып Айнабековтың төмендегі өсиет сөздерін де жаздыртқан еді. Бұл өсиет сөздерді білу, есте сақтау менен басқаларға да қажет болар деп беріп отырмын:Атаң-анаң бар болса,Қоршап тұрған қорғаның.Адал болса келінің,Ардақтысы олжаның.Ақылды ағаң бар болса,Арқа сүйер тірегің.Жанашыр інің бар болса ,Семсер ілген білегің.Адал туған  ұл мен қыз,Өкпе-бауыр, жүрегің.Дос-жарларың қадірліс,Көзің менен құлағың.Жақсы болса алғаның,Жарық сәуле-шырағың.Жайлауыңда өмірдің,Жайлы қоныс- тұрағың.Жақсы қайын жігітке,Жабысады туыстай.Жақсы құдаң бар болса,Сыйласа жүрер суыспай.Жақсы жезде апаңмен,Еркелетер ұрыспай.Өз балаңнан кем емес,Жақсы болса күйеуің.Нағашың бір шалдығып,Шаршағанда сүйеуің.Адал туған жиенің,Жұлыныңдай жүйенің.Арамза болсаң аулақ жүр,Маңыма келмей, біреуің.Жанаспаймын жан тартып,Жақыным деп біреуін.Жаман әке-жыртық қос,Ықтығы жоқ паналар.Көмегі жоқ әкеден,Көршің жақсы саналар.Асырап, сақтап, әйтсе де,Әкеңді күт балалар.Асырап, сақтап күтпесең,Жаманат саған жамалар,Дұшпандарың табалар.Безу қиын жаман деп,Өзіңді туған шешеңнен.Үй тұрмысы көңілсіз,Қынжыласын дегенмен.Аялап бақ қайтесің,Сол анадан тудың сен.Жаман туыс бір масыл,Арқалаған құммен тең,Елекке құйған сумен тең.Кекесіні келіннің,Езіп құйған у мен тең.Көңілсіз берген тамағы,Құм аралас күлмен тең.Жаман болса алғаның,Көрген күнің түнмен тең.Ақмақ бала алдың да, Көрініп кеткен жынмен тең.                                                               10. 12. 2005ж.