ВЕРНУТЬСЯ

(салтанатты жиналыста сөйлеген сөз)Құрметті халайық, қадірлі жерлестер!Өздеріңізге белгілі Бейнеуде ұзақ жылдар жұмыс жасаған кезімде талай рет сөйлеген болатынмын. Соған қарамастан халық алдына әркез толқып шығатын әртістер тәрізді мен де Сіздердің алдарыңызда  көңілім алабұртып шығып тұрмын. Оның бірінші себебі – сонау алыста қалған ел көрінісі, Бейнеуліктердің қолымен жасалған игілікті істердің көз алдыма келуі болса, екіншіден осы салтанатқа қатысып Бейнеу өңірінің бұрынғыдан да жақсарған, айта қаларлық мол жаңалықтарын өз көзмімен көріп отырғандығым. Алғашқы құрылған кезде 23 мың халқы бар аудан кәзір 30 мыңның үстінде тұрғыны бар іргелі ел болып отыр. Бұл, әрине, қуанышты, көңіліңді көкке өрлетер көріністер.Уа, қадірменді туысқандар! Сіздерді Қазақстан Республиксының Конституциясы күні және Бейнеу ауданының құрылғанына 30 жыл, Бейнеу кентіне 40 жыл толу мерекелерімен қызу құттықтай отырып, бейнелі Бейнеу бұдан былай да биік белестерге жете берсін деген тілек білдіремін.Осы сарайда отырған «аға ұрпақ өкілдері» деп аталатын «еңбек ардагарлері» шеніндегі біздер Бейнеу туралы сөз қозғағанда алдымен сонау жылдардағы ескі Бейнеуден 20 шақырымдай жерде жаңа орыннан салынған теміржол станциясы, ондағы теміржолшылар мен газ айдаушыларға арналған аздаған үйлері, сонымен бірге әр жерде қадау-қадау көрініс беретін бірінші, екінші, үшінші деп аталатын ауылдары, Бұғабай, Тұрыш, Қызыл әскер, Ақжігіт елді мекендері мен Опорный, Сарқамыс, Каменный кенттері ғана бар, аймағында мыңдаған бөкен жөңкіле желген маңдала ойға оралады.«...Маңғыстау қазақтары Атырауды жайлап, Маңғыстауды толық мекен етпеген кезде Үстірттен Қарақұмға құлау бауырындағы мол сулы бұлақ бойында ежелгі қамал етегіндегі бұқара халық бау-бақша егіп күнелткен. Солардың бірі Бейнеу деген кісі екен... Оның бір туысы Бекет. Осы бұлақ жанынан тауды қашап мешіт ғимарат салады» - деп жазады белгілі өлке танушы марқұм Есбол Өмірбаев. Қарапайым халыққа құт болған осы бір киелі де әрбірімізге қымбат мекенде жаңадан аудан құрылып, әлгі айтқан маңдалада жаңа өмір басталды. Өріс малға толып, «Прорва» өндіріс орны мемлекетке жылына 1 миллионнан аса тонна «Қара алтын» жөнелтіп отырды. Аудан экономикасы жан-жақты нығайып, халықтың әл-аухаты, мәдени-тұрмыстық жайы айтарлықтай жақсара түсті: Оқу–ағарту, мәдениет, десаулық салалары жүйелі жолға қойылды.Мен ауданның құрылу тарихына, алғашқы кездерде орын алған қиындықтарға көп тоқталып жатпаймын. Өйткені бұл жөнінде аудан әкімі Басшы Әзірханов мырзаның мазмұнды баяндамасында жақсы айтылды. Сонымен бірге, бұдан үш ай бұрын менің 70 жасқа толуымды құрметпен атап өткен салтанатты жиында аудан құрылған кездегі бір-қатар  жәйіттарға тоқталған болатынмын. Сондықтан сөйлеген сөзімде менің аудан құрудағы, оның көркеюіне қосқан азды-көпті еңбегімді ескеріп, аудан жұртшылығымен арнайы кездесуімді өткізген аудан әкімі Басшы Әзірханов бастаған азаматтарға, менімен кездесу өтеді деген хабарды ести сала, әдейі шақыру күтпей-ақ осы Абыл атындағы сәнді сарайға сыймай кеткен, көбі келе алмаса да шын тілектес болған Бейнеу ауданының халқына ризалығымды білдіріп, айрықша рахметімді айтқанмын. Сол рахметім мен шын жүректен шыққан алғысымды тағы да қайталап айта отырып, Сіздердің баршаңызға игі жақысылық тілеймін!5-ші сәуірде өткен бірінші аудандық Кеңес сессиясы мен 11-ші сәуірде өткен бірінші аудандық партия конференциясынан кейін негізгі міндет аудан мекемелерін құру, шаруашылықтарды, өндіріс орындарын аралап, елдің жағдайын білу болды.Бұл кездегі басты қиыншылықтардың бірі және бірегейі жаңа құрылып отырған ауданның шаңырағын көтерісуге сай келетін кадрларды таңдай білу болса, екіншісі – құрылғалы отырған мекемелерге,  Бейнеу кентінен орын табу еді.Бұған дейін Маңғыстау, Ембі, Теңіз аудандары Кеңес атқару комитеттерінің төрағасы болып істеген, өмір тәжіриебесі мол, бір кезде Маңғыстауда өзімнің ұсытазым болған Арон Махуұлы Өтеуовтың кадрлерді таңдаудағы көрегендігі, аталған аудандардағы кадрлердің бір қатарын жақсы білетіндігі шешуі роль атқарды. Соның арқасында аупарткомда,  ауаткомда, мекемелерде алғашқы күндерден бастап еңбек етіп, ауданды құруға тікелей қатысқан кадрлер түгелге дерлік өздерін көрсете білді, сенімге дақ түсірмеді десем артық айтқандық емес.Аудандық партия комитетінің бірінші хатышысы болып сайланып,  кадрлерге байланысты бірінші қиындықты осылайша шешіп отырған, ауданның жан-жақты дамуына айтарлықтай үлес қосқан Арекеңнен басқарудың әр алуан қыр-сырларын үйреніп ысылғанымды, парасатты ағаға деген үлкен ризалық көңілмен айта аламын.Осы кезде аудандық партия, атқару комитеттерінде, Мекемелерде Владимир Салов, Перуза Темірәлиева, Виктор Иванович Гонтаренко, Валерий Мұқанбетов, Шамардан Аманғалиев, Ізтұрған Меңдіқұлов, Әбдібек Жаманбаев, Тауша Ещанов, Ибрагим Мұрасов, Жауғашты Нәренбаев, Байбоз Шығанбаев, Бердіхан Ибрагимов, Қуан Ғабдуллин,, Кенжеш Салихаденов, Бақыт Құбышев, Бөрібай Қуанышалиев, Биғали Тоқмурзин, Қажымұрат Сабырбаев, Рамазан Аққұлов, Айта Қожақаев, Шест Шыңғысов, Сейілхан Дәулетбаев, Қуан Есмағанбетов, Кемел Шадыманов, Көңілімқос Әбілов, Уәіс Қайралапов, Табылды Қалменов, басқа да көптеген азаматтар бір кісідей жұмыла еңбек етіп, ауданның бірден төрт аяғын тең басып кетуіне өз үлестерін қосты.Сол кездегі өндіріс орны- Прорва Мұнайгазөндіру басқармасының бастығы Сағидолла Нұржанов, КС басшысы Булда, құрылыс басшылары Иван Францевич Томаль, Николай Сергеевич Крючкин, Теміржол станциясының бастығы Өмірзақ Оразбаев, Қарақұм кеңшарының директоры Мақсот Қайыржанов, Маңғыстау кеңшарының директоры Қазақ ССР-ның ауылшаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер, елімізге кеңінен танымал ағамыз Таушанбай Қорбақов, бәрі-бәрі өз салаларында тыңғылықты істер бітірді. Өндіріс жұмысшылары мен малшылар жоғары еңбектің үлгісін көрсетті.Ал екінші қиындықтан шығу – ауданда ұйымдастырылған қырықтың үстіндегі мекемелерге орын тауып беру, қызметкерлерді уақытша тұратын қонақ үйлерімен қамтамасыз ету қиынның қиыны болды. Қинала жүре құрылуға тиісті мекемелердің басым көпшілігіне зордан дегенде орын тауып бере алдық.Қонақ үйінің жоқтығынан Арекең, мен, Владимир Салов, Перуза төртеуіміз үш бөлмелі пәтерде уақытша тұрып жаттық. Аспан жерге түскен ысы, жаңадан салына бастаған құрылыстардың фундаменттері үшін қазылған жиегіндегі топырақтан сәл жел тұрса көтерілетін шаң ауыз-мұрынға тығылып демалдырмайды. Осындай жағдайда алас-қапас шайымызды ішіп, жұмысқа кетіп жатамыз. Басымыз қосылғанда да айтатын әңгімеміз жұмыс жайында – көңіл көтерерлік сәттерді аудан аяғынан тіктұрар кез – алдан, болашақтан түтудеміз.Бейнеу мен үшін айрықша қымбат. Ауданның ұйымшыл, еңбекқор халқы мені үлкен абыройға жеткізді. Кемістігімді кешіріп, жақсылығымды асырды. Бейнеу ауданынан әлденеше рет аудандық, облыстық кеңестердің депутаты, облыстық партия комитетінің мүшесі болып сайландым. Аудан халқы мені онбірінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты,1989 жылғы баламалы сайлауда аудандық Кеңестің төрағасы етіп сайлаған болса, коммунистері қатарынан жеті рет аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы етіп сайлап үлкен сенім көрсетті. Сондай-ақ Қазақстан компартиясының XIV, XV, XVI,  XVII (екі кезеңінің де) съездерінің делегаты етіп сайлады. Сіздер жүктеген сенім мен зор құрметтің арқасында 1990 жылы Маңғыстау облысы қайта құрылған кезде, облысты басқару жүйесінде бірінші билік ролін атқарған орган – Халық депутаттары облыстық Кеңес төрағасының орынбасары болып жауапты жұмысқа ұсынылдым. Осы сенімдері мен ақ, адал ниеттері үшін мен Бейнеу халқына басымды иемін. Біздердің әрбір ісіміз, алға қойған мақсатымыз ауданның жан- жақты өркендеуін қамтамасыз ету болды.Аудан басшыларының малға шөп  іздеп Республика аумағында бармаған облысы қалмады. Бердібай Сарбалаев, Қуандық Нұрғалиев, Таушанбай Қорбақов ағамыз, Бөрин Кежеғали, Сахи Қибасовтар болып шөп іздеп бірнеше рет Қарақалпақстанға, бір емес екі рет «Барса келмес» аралына  барған шілде айындағы ауыр сапарлар да жәй саяхат емес, осы елдің қамы еді.Елдің қамы біздердің әрбір ісімізден көрініс тауып отырды. Аудан орталығынан 4 шақырым 400 метр жердегі аэропортқа қатқал табанды жол салу кезінде (ол жол осы кезде де жарамды күйінде сақталған) қолда бар екі скрепер машинасын бермеген Орлова деген экспедиция бастығының қылығына орай экспедиция қызметкерлерінің Бейнеуге келіп, қажетті нәрселерін алуға тиым салған кезімде соңынан жеделдетіп Мәскеуден келген өкілдерінің кешірім сұрап, сұраған техникамызды бірден бергізген кезі де болған. Сөйтіп, ақ борпылдақ шаңы басқан сайын аспанға көтеріліп жатқан әлгі қашықтықта 1983 жылдың қыркүйек айының 11-26 аралығында жол да салынып біткен еді. Сол аэропорттың алаңын салған, соңынан Саратовтан алып кету қаупы туған асфальт зауытын Бейнеу кентінің ішкі жолдарын асфальттауға қалдыру да біраз күшке түскен болатын.Жұмыс жасаған кезімізде өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларымен бірге мәдени-көпшілік, көркем өнерпаздар коллективтерінің жұмыстарына, жусанынан жыр, көдесінен күй төгілген елміздің ақындары мен әнші, жыршы-жырауларын кеңінен танымал етуге әрқашан назар аударып отырдық. Сол кездегі мәдениет қызметкері, жас ақын Сабыр Адаевтың, мектеп оқушысы-балауса жыршы Елдос Еміловтың кейін қандай биіктерге жеткені бүкіл елге белгілі. Осы Елдосты қолынан жетектеп алып барып Алматы телеарнасынан жыр жырлатып, республика халқына алғашқы  таныстырған да кезім болды. Ел азаматтарының өзара түсіністікпен ынтымақты жұмыс жасап, халықты нарықтық экономика талаптарына сай игі істерге жұмылдыра білулері арқасында Бейнеу ауданы республикамыздың барлық аймақтарында орын алған кешегі бір қиыншылықтарды жеңе алды, дамудың жаңа белестеріне көтерілді. Облысымыздың даму қарқыны Болат Әбілқасымұлы Палымбетов әкім болып келгеннен кейін де жаңа белестерге жетті. Республикамыздағы өзге облыстарға көмек қолын ұсынып отырған 5 облыстың бірі- Маңғыстау болды, экономикасының нығая түсуі арқасында Бейнеу донор аудан аталып, облыс бюджетіне сүбелі үлес қосып отыр.Халықтың мәдени-әлеуметтік жайы барған сайын жақсара түсуде. Бұның өзі Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен іске асырылғалы отырған 2003-2005 жылдарға арналған «Ауыл жылы» бағдарламасының ауданда ойдағыдай іске асарына нық сенім бар деген сөз.Аса құрметті халайық, ерлік еңбегімен ел ырысын еселеп отырған еңбек майданының ерлері, аудан, әрбір сала басшылары сіздерді осы жетістіктеріңізбен құттықтай отырып, толымды табыстарыңыз ешқашан ортаймасын, дендеріңіз сау, бақытты болыңыздар деген тілек білдіремін!Той болғасын ата дәстүрі бойынша тарту-таралғысы да қатар жүретінін ескеріп, мен «тон болмағанмен жолы» - деп осынау бір нақышты құмыраны сыйға тартқым келіп тұр. Құмырада былай деген сөздер жазылған: «Профессор Тауман Амандосов ағамыз сыйлаған осы бір әсем Индия құмырасын ауданның 30 жылдық мерекесі құрметіне Бейнеу мұражайына тарту етемін. Дүйсенбі Әріпұлы.  30.08.2003ж.»