ВЕРНУТЬСЯ

Сайын Назарбеков кім? Ол қандай еңбегімен, қандай қабілет дарынымен Қазақстан жұртшылығына белгілі болып келеді? «Жақысының жақысылығын айт, нұры тассын...» дегендей, алдымен осы сұрақтарға жауап бергеніміз жөн деп білемін.Ол ақын, публицист, драматург, төрттағандарымен ой түйіндерін толғата білген, асып-төгіліп жататын дариядай екпінді де сан-алуан талант иесі. Оның шығармашылық еңбектері туралы таратып айтсақ: «Парыз», «Абай басқан Жидебай топырағы», «Шерқала» өлең кітаптрын, үш томдық шығармалар жинағын, «Сырласым бол», «Менің Ақ Ордам» атты еңбектерін, драматургия саласындағы «Абай ішіп үлгермеген у», «Ең асыл мұра», «Мен, мен едім, мен едім», «Ақбөбек» пьесаларын, этнография саласындағы «Қазақтың киіз үйі» еңбектерін атап өтер едік. Сайын пьесалары сахналарда табыспен қойылып, көрермендердің ризалығына бөленіп келеді.Сайын Назарбекұлы сәулетші-құрылысшы мамандықтарын да толық меңгерген, қыруар ескерткіштерді өмірге келтірген маман.«Абай-Шәкәрім мұнаралары» (бас құрылысшы), «Домалақ Ана» (сәулетшісі, бас құрылысшысы), «Хан Ордалы Сарайшық» (сәулетшісі, құрылысшысы) кесенелерін, «Абыл ақын», «Досан батыр», «Омархан-Нұржамал» күмбездерін, Ділдә, Әйгерім. Шәкір Әбенов, Ақылбай сағаналарын салып, елдің мәдени мұрасына айналдырған танымал сәулеткер әрі еңбекқор жан.Кейіпкеріміздің өлең, драмалық шығармаларының қай-қайсысын да оқыған сайын оқи бергің келеді. Өйткені ол жазған дүниелерде қазақ халқының, бүкіл түркі тектес халықтардың өткені мен бүгіні, болашағы туралы толғаныстары шынайы көрініс тапқан. Ата-бабаларымыздан қалған «Сөз – ой көркі, ой – адам көркі» екенін еске алсақ, Сайын сөзі де, ойы да көрікті адам. Көрікті ойдан ғана қоғам, адамдар арсындағы достық қарым қатынастарды уағыздауға арналған шығармалар туады десек, мұндай шығармалар Сайын еңбектерінің бәріне дерлік тән дей аламыз. Оның Ұлы Абайдың болшақ ұрпаққа қалдырған «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген киелі сөзін өз шығармалырына арқау етіп келе жатқанын аңғару қиын емес.Өмірден көргені мол, білгені көп, бәріне ой тоқтата тұжырым жасаған, іс-әрекетінде парасат биігінен көрініп келе жатқан Сайын Назарбекұлы өзінің «Сырласым бол» деп ағынан жарылған еңбегінде:«Сырласым бол, жарандар, сырласым бол,Дей көрмеңдер, сырласар, құрдасым ба ол...Дос бол, кәрі, бәрі бір, әйел, еркек,Сырласпақпын ой кернеп тұрғасын мол» - деп, ақ жүрек ашық көңілін жайып салап, барша жұртты ашық пікірге, кеңінен отырып қазіргі қоғам, адам, болашақ туралы ой толғамдарын ортаға салуға, сыр бөлісуге үндейді. Ол іштегі сырды ақтаруға ешкімді де міндеттемейді. Тек қана:«Сыр айтайын, қорықпа, ақыл айтпан......Еріккенде оқи сал оңашада...Ойлар нешік... төрт жолмен ақын айтқан?» - деп, көңілге қонған тұстарын еске аларсың дегендей ой тастайды. Сайын не айтса да іркілмей ашыған, анығын айтатын ақын. Ол осы еңбегінде өз ойын:«Аманатқа қиянат – арсыз ісі,Ар үніне, ұжданға қарсы кісі.Ала жіптен аттамас, жаны таза,Ар мен Алла ісіне жаршы кісі» - деп түйіндейді.Осы еңбектегі «Сенім мен дін» деген ой толғамында Сайын адамдардың сенім мен дінге психологиялық бағыныштылығын дәлме-дәл түйіндеп: «Пенде біткеннің бәрі де біреуге табынады. Бірі Құдайға... Бірі Ережеге... Үшінші біреулері күштіге... Ешкімге табынбайтындар да баршылық. Бұлардың бірі барлығына қарсылар. Көзі көргенді, құлағы естігенді – бәрін қаралап, бәрін күйелеп тастайды. Соған айызы қанады. Ондайлар өз қылығына табынады. Ал табынбайтындардың бір тобы – ішкі сарайлары таза, жап-жарық, ап-анық. Ешкімге бас та ұрмай, жамандық та ойламай өмір сүреді. Олар адалдық пен тазалыққа табынады»... Бұндай тұжырымды тек «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегендей адалдық пен тазалыққа табынатын, әділ де тура кісі ғана айта алады деп білемін.Ақтамберді жырау өзі өмір сүрген заманында «Мұртымыз күнге шаншылып, бұрын да сөйлер ме екенбіз?» - деп, әркімнің лайықты орнына қарай еркін сөйлеуге жетуін армандаған екен. Ал «мұрты шаншылып сөйлеу дегеніміз кімнің алдында тұрса да қаймықпай сөйлеп, айтарын іркілмей айта білу дегенді білдіреді. Сайын Назарбекұлы сондай адам.Ақын өзінің «Менің Ақ Ордам» деген еңбегінде туып өскен киелі Маңғыстауының бүкіл әлемге белгілі бай өлке боларын алдын-ала біліп, ұрпаққа мәңгілік бесік еткен ата-бабаларының рухына ризалығын төмендегі жолдармен бейнелейді:Көз суарар ну да жоқ есің кетіп,Мәуе де жоқ талмайтын нәсіп етіп.Ғажап... қалай таңдаған әулиелер,Маңғыстауды мәңгілік бесік етіп?...Таңдандырар Маңғыстау топырағы,Қалыс қалмас адуын ұлдары да....Маңғыстауым ғажаптар көрмесіндей,Қайсы бірін айтарсың, мың ғажаптың!...Сырласу-сұхбат үстінде мемлекет қайраткері үшін аса қажет екі-үш қасиетті атап өтсеңіз деген жорналшыға Сальвадор Альенде: «Кәдімгі мақсат-жігер тұтастығы, кісілік. Ұлылықпен шектесіп жатқан кішіпейілділік» - деген екен. Чили көсемінің бұл сөздері барлық адам үшін де өмірлік нұсқа десек, Сайын ақын осы еңбегінде (11 бет) кісілік туралы:...Ойға кісіні бір сәт батырарлық......Қулық, сұмдық дәмінен татып алып –Бәрін аттап кеткендер кісі ме енді,Кісіліктің шекпенін сатып алып?... Кісімсінген – кісілік кейпіне енсе,Аласардың асқардай дейтін еңсе.Бос орын жоқ сарайда, кіріп алған,Аты келсе бәйгеден, иті жеңсе...» - деп тебірене отырып, қайсыбіреулер аты бәйгеден келсе, иті таласта жеңсе кісімси қалатын, кісілік емес, кісімсінуді көргенде асқар таудай көңілінің аласарып, еңсең түсетінін қынжыла сөз етеді де, бұндай жағымсыз қылықтардан аулақ болуды, кісілік қасиетті ұғымға сай бола білуді уағыздайды. Ол осы ойын «Сырласым бол» кітабында (23 бет):Кісімін дер біраз жандар ісініп,Кіл мақтаныш, кіл буаз сөз – түсінік....Адам сөзі алынбасын есепке –Тек тындарған ісі ғана – Кісілік!» - деп шегендейді.Сайын өзі өткен қиын жолдарда кісілікті де, кішіпейілдікті де мықтап ұстап келе жатқан адам. Ол ұлық болсаң кішік бол дегендей өзін елден ерекшелемейді, қарапайым ұстайды, үлкенге ілтипатты сәлемі, кішіге көмегі әрқашан дайын тұрады. Елімізде әлеуметтік-тұрмыстық қиындықтары мол болған 1996-1997 жылдардың өзінде ол әлі ешкімге танымал болмаған Серікбол Қондыбай еңбектерінің жарық көруіне көмек қолын алғаш созғандардың бірі.Серікбол Қондыбай халқымыздың мифологиясы туралы, аңыздардан ақиқат іздеу, миф пен аңыздан өзіңді іздеу, оларды түсіну, талдау жүйесі туралы жаңа көзқарас қалыптастырған «Арғықазақ мифологиясы» деп аталатын төрт томдық еңбегімен бүкіл ғалымдар қауымын таң қалдырған тұлға. Серікболдың өзі: «Маңғыстау өлкесінде көптеген қайырымдылық іс-шаралар атқаруымен есімі кеңінен танымал ақын Сайын Назарбекұлына «Маңғыстау географиясы» кітабының жарық көруіне тікелей жәрдем көрсеткеі үшін автор мың да бір алғыс сезімін білдіреді» - деп жазады.Сайынның Серікболға деген көмегі ол өмірден өткеннен кейін де жалғасын тапты. Бүкіл ғалымдар қауымын таң қалдырған төрт томдық «Арғықазақ мифологиясы» атты Серікбол еңбегінің жарық көруіне атсалысты.Ақын өз өлеңдерінде адамның ішкі ойларын, көңіл-күйін жете аша білуімен қатар, бір-бірінен қандай қасиеттерімен ерекшеленетінін де тамаша бейнелейді. «Сырласым бол» еңбегінде (46 бет):«Бақытсыздар – ешкімге сенбейтіндер,О да сондай – баулуға көнбейтіндер.Ең бақытсыз – еріншек, еңбек атты,Ұлы ананың емшегін ембейтіндер.Бақыттылар, өмірде сенімділер,Бақыттылар – ауырға төзімділер.Бір жақсыны көрсеңіз жаймашуақ,Алабұртқан көңілге сенім кірер» - десе, ол өз бақытын Абай мен Шәкәрімге мұнара салған еңбегімен, Ұлы Абайдың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» өсиетімен байланыстырады.«Бақыттымын, барыстан да батырмын,Бақыттымын, арыстаннан батылмын.Зор бақытым – Ұлы Абай басына,Бір кетікке кірпіш қалап жатырмын» - дей алады. Сөз ұйқастырумен де, сөзге мағына беруімен де оқушының айызын қандырарлық тұжырым жасайды.Сайын Назарбекұлының барлық шығармаларына дерлік арқау болып отыратын тақырып – Адам. Адамның ісі, артқа қалдырар ізі. Адам осы ізгі қасиеттерді сақтай алғанда ғана Аллатағаланың Адамды адам етіп жаратқан кезіндегі мақсатының орындалғаны. Ақын бұл қасиеттерді барша пенденің қолынан келе бермейтінін жақсы біледі. Сондықтан да ол: «Адамды Құдай жаратты дегенге сенейін десем, Құдайды аяймын. Адам маймылдан жаралды дегенге сенейін десем, адамды аяймын» - деген ой тастайды.Әдебиеттің бірқатар салаларына қалам тербеп, толымды шығармаларымен танылған ақынның барлық жазғандары сом алтын, кемшіліктерден ада дей алмаймыз....Соңында даңғазаның шуылдағын,Көр соқыр, бұл не деген халық «тырық»....Жұлдызым қайдасың сен жарқырашы,Нұрланып көзге түссін «жаман адай»....Сенімсіз қалам алып, ұйқас іздеп,Ақынның алаңдаған кезі құрсын...Осылар секілді кемшіліктер ақын шығармашылығының жалпы бағасын түсіре алмайды деп ойлаймыз.Сайынның адами жақсы қасиеттерінің бірі оның өз шығармалары жөнінде айтылған сын-пікірлерді (кейбіреулердей, орынды-орынсыз таласа кетпей) дұрыс қабылдап, тіпті ризалық білдіріп отыратыны. Бұған бір мысал келтіре кетейін. Үш томдық шығармалар жинағының екінші томындағы «Ең асыл мұра» (307 бет) атты сахналық шығармасын оқып шығып, авторға: «Түркі тектес халықтардың бірлігіне, арғы-бергі тектерінің туыстығына арналған, тірлік пен халық бақытының негізі – бірлік екенін үлкен философиялық тұрғыда әр дәуір өкілдерінің жүйелі сөздерімен, әсіресе, ақынның тартымды өлең жолдарымен тыңдаушының, оқушының санасына құя білер шығарма екен. Дегенмен, шығарма оқиғасыз, тек қатысушылардың арасындағы сөз алмасулардан (айтылатын сөздердің биік деңгейлі құндылықтарына қарамастан) тұратындықтан, сахналық шығарма бола алмас, көрерменді жалықтырып жібереді ме деп ойлаймын» - дегенімде, Сайын менің бұл пікіріммен толықтай келісіп, ризалығын білдірген еді.Менің Сайын Назарбекұлының шығармашылығы қақында келтірген бұл ойларым оның барлық шығармашылық еңбектеріне берілген баға бола алмайды, бұл тек қана оқырман ретіндегі пікірім деп білемін..Қазақстан жазушылар және сәулетшілер одақтарының мүшесі Сайын Назарбеков еңбектері жоғары бағаланды. Ол Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР «Құрмет» орденінің иегері, Махамбет Өтемісов атындағы сыйлықтың лауреаты, Махамбет (Атырау облысы), Абай (Семей) аудандарының құрметті азаматы, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.Сайын Назарбеков туралы мемлекеттік сыйлықтың иегері, заңғар жазушы Әбіш Кекілбайұлы: «...Мен оған алғашқы жүздесуімнен бермен қарай ылғи таң қалумен келемін. Әуелі, бауырмалдығына таң қалдым. Сосын достыққа адалдығына таң қалдым. Алған беттен қайтпайтын қайсарлығына таң қалдым. Табандалығына таң қалдым... Үш рет оташының пышағына түсіп, Отанына аман қайтып, тірі жүрген қаһарман керек болса, қасыңызда жүр» - десе, жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «...Сирек кездесетін түсті металл тәрізді, қасиеті қымбат азаматтарымыздың бірі ғана емес, бірегейі Сайын!» - деп, бір-ақ тоқтайды. Біз де осы пікірлерге қосыла отырып, Сайынға зор денсаулық, шалқар шабытының шарықтай беруіне тілектестік білдіреміз.                                                              19.02.2007ж.