ВЕРНУТЬСЯ

«Құйрық атып құлия,Түлкідей қашқан жымия,Қараңды үзіп барасыңБізден де қайран дүние...» - депақын Шәңгірей айтқандай дүние шіркін зымырап өтіп бара жатқан жоқ па?! Күні кеше ғана ортамызда ойнап-күліп жүрген, өзі танып-білген бар жолдас-жораға, ағайын-тумаға «қолдан келсе жақсылық ет, қолдан келмей ме, бәрі бір жақысылық жаса» деген халық даналығын өмірлік қағидасы етіп ұстаған, әсіресе, бұқара халықтың қилы-қилы өміріне қоян-қолтық араласып отыруды айрықша міндетім деп санаған біздің үлкен жүректі досымыз Өтегеннің ортамыздан кеткеніне де бір жыл толып қалыпты.Ата-анадан ерте айрылған Өтеген жетімдік тауқыметіне мойымай, балғын бала кезінен иығына қанша батпан жүк түссе де қайсарлықпен көтере білді. Әйгілі әнші-композитор Біржан – сал дәм-тұзы таусылар шақты сезгеннен кейін әйелі Әпішке жұбату айта келіп:Жылама енді, анасы, сен де бекер,Біржанға уақыт жетті алыс кетер.Артымда жастай қалған құлындарым,Тірлікте әлі-ақ бір күн, өсіп-жетер»- деп Теміртас, Асыл, Ақық деген ұл-қыздарының болашағына сеніммен кеткен екен.Осы сияқты Өтеген мен Сүйегенінің болашағын ойлаумен көз жұмған әкесі Салманның да тілегі орнынан шықты, екі ұлы да өсіп-жетісіп кетті. Аласапыран өмір дүлейі Өтегеннің таудай талабын қайтара алмады.Онжылдық білім алғаннан кейін Өтеген сол кездегі өз өлкесі экономикасының негізі – мал шаруашылығының маманы болуды арман етті де, бұл мақсатқа аброймен жетіп төрт түлік малдың өсіп-өнуінің теориялық және практикалық қыр-сырларын жете меңгере алды. Жоғары білімді Өтеген Салманұлы жұмысқа араласа бастаған кезден-ақ өзін көрсете білді. Ел жас жігіттің биік талабын, алымды іс-қимылын, зерделі біліміділігін бағалай білді. Сондықтан да болар Өтеген астанамыз Алматыдан зоотехникалық-мал дәрігерлік институтты тәмамдаған алғашқы қарлығаштардың алдыңғы сапында ауылшаруашылық өндірісін басқаруға жіберіліп, қоғамдық дәулеттің молая түсуіне, еңбек адамдарының әл-аухатының жақсара түсуіне күш-жігерін сарп етті.Ол басшылық қызметіндегі ұйымдастыра білу қабілетін әркез өзінің еңбекқорлығымен, әділетті де шынайы тазалығымен ұштастырып халық құметіне бөленді, бойкүйездікті, енжарлықты білмейтін іскер басшының үлгісін көрсетті. Сонымен бірге Өтеген аса кішіпейіл, артық сөзге бармайтын жан еді, өз басының қамынан бұрын өзгенің жайын көбірек ойлайтын нағыз парасат иесі болатын.«Басы ауырып балтыры сыздамайтын» кім бар. Өткен жылдың алғашқы айларында маған да ауруханаға түсіп емделуге тура келген. Сонда қайран Өтекем өз денсаулығымен санаспастан  барлық назарын менің тез айығып кетуіме аударып, қолынан келген қамқорлығын аямаған болатын. Не еткен елгезек, қаншама қамқоршы жан десеңізші.Өтегеннің азаматтық шынайы қамқорлығын көрген адамдардың елімізде жүздеп саналатынына мен кәміл сенемін. Міне, сол азаматтар оның қамқорлығын, көрсеткен көмегі, істеген жақсылығы жайында өздері білетін фактілерді баспасөз, теледидар, радио арқылы халыққа  жеткізіп отырса асыл азматтың мағыналы өмір жолы толықтырыла түскен болар еді.Қайран Өтеген! Мезгілсіз кеткен сенен айырылып қалғанымызға бір жыл өткенмен де сені елің ұмытқан жоқ. Төрт торабын талмай шарлаған, атқұлағы көрінбейтін алай-түлей боранда да, көзге түрткісіз қараңғыда да адаспай шымшытырық жолын таба беретін қасиетті Маңғыстауың тұрғанда, оны мекен деген қараорман халқың тұрғанда сен ұмытылмақ емессің.Өзіңнен тараған аяулы ұл-қыздарыңның жеке-жеке шаңырақ көтеріп ұрпақ өсіруі де сенің өміріңнің табиғи жалғасы. Сүйген жарың Айдан да қосағынан айрылған аққудай тек өзіңді іздейтінін, сен деп жатып, сен деп тұрып жүргенін білсең ғой.Есіміңді өзің 40 жыл өнегелі еңбек еткен, көп  тер төккен шаруашылық орындарына, мекемеге беру алдымен жұмысшы коллективтерінің, одан кейін жоғарғы басшы орындардың ойластыратын ісі деп білемін, бұлда сені мәңгі есте қалдырудың бір жолы болмақ.Аяулы Өтеген! Сен таяуда менің түсіме ендің. Әрқашанда елім деп соғатын жүрегің тоқтағанға дейін бұл кезеңнің қиындықтарынан халық шеккен ауыртпашылықты көре қалдың ғой, соны ойлайсың ба, қайдам, жүзіңнен біртүрлі қиналғандай рең байқадым. «Ел жағдайы қалай» - деп сұрадың.  Жалпы жағдай жаман емес, ең бастысы еліміз тыныш, шүкіршілік – дедім.  Шүкіршілік демекші, жақында Қазақстан Республикасының аға газеті «Егемен Қазақстанда» Қазақстанның халық жазушысы Ә.Тәжібаев қайта құру кезіндегі жағдайға байланысты былай деді:«...Шүкіршілік айтам-аманмын,Жүрісін бағам заманның.Совет үкіметін құлатып,Бақыты тайды адамның. Шүкіршілік айтам-аманмын,Ажары жаман заманның.Несімен қызық бұл дүние,Тіршілігі тозса адамның».Бұл кезеңге Әбекеңнің осы сөздерінен артық сипаттама беруге ешкімнің де тәуекелі жете қоймас.Есіңде болар, ертеректе тамаша дарын иесі Қадыр Мырза Әлінің «Өмір таудың өзені, жолын жаншып илеген, ал адамдар қой тастар, нар толқынмен билеген» деген бір пәлсапалық жолдары болған еді, ол белгілі дәрежеде кезінде сынға да ұшырап көргенді. Міне, бүгін, қайта құру, экономикалық реформа қара дауылының астында әлгі «қойтастар» нағыз «биге» енді көшкен тәрізді. Немесе, ел жағдайын бұдан да толығырақ білгің келсе Айвазовскийдің «9-шы вал» картинасында адамдардың қайсарлығы мен көңіл күйлерін көзге елестетсең де жетіп жатыр. Әйтсе де жақсы болашаққа деген сенім ғана халыққа қажыр-қайрат беруде.Жайсаң жаның жәннаттың төрінде болсын, бауырым.12.06.1996ж.