ВЕРНУТЬСЯ

Халық жазушысы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Ә.Кекілбайұлының 60 жылдығына орай.Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлының 60 жылдық мерейтойын өткізу, оған дайындық жұмыстары жөнінде облыстық газет беттерінде, радио мен теледидарда бірқатар жақсы–жақсы хабарлар, материалдар беріліп келеді.Әбіш сияқты дара тұлғаның 60 жылдық мерекесін лайықты өткізу тек біздің облыстың аудандары мен қалаларының ғана емес, бүкіл Қазақстан халқының атсалысар биік мәртебелі міндеті деп білемін. Әлемге әйгілі ғұлама жазушының асқаралы алпысы дүние жүзі әдебиет сүйер қауымының, өркениетті елдердің назарынан да тыс қалмайтынына күмәнсіз сенуге болады.Әбіш облыс халқына кеңінен танымал болғандықтан да ол туралы пікір білдірушілер оның сан алуан жазушылық публицистік, аудармашылық қырларын жан-жақты аша түсуде. Мен де өз пікірімді білдіре отырып, Әбіш пен алғашқы кездескен кездерім, одан бергі мезгілдердегі ол туралы көріп -білгендерім  жөнінде сөз етпекпін.Айтулы ақын Қадыр Мырзалиев:                  «Ескерусіз қалдырмай                  бір ісін де,                  Асылдарды сыйлалық                  тірісінде» ­ деген ғой.Әбіш туралы, зиялы асылымыз туралы білгенімізді бүкпесіз айту, оның ұрпаққа үлгі боларлық өнегелі қасиеттерін, ерекше дарынын терең көрсете білу, оны мақтау емес, академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың Ғ. Мүсірепов туралы айтқанындай, Әбішпен мақтану, мерейімізді өсіре түсу екенін әрқашанда есте сақтауымыз қажет.Әбішпен алғашқы кездесуімізді еске алсам сонау 1956 жылдың күзінде Ленин атындағы орта мектептің (Ақтөбе ауылдық кеңесіне қарасты) оныншы сыныбында оқып жүрген, құрбыларына қарағанда бойшаңдау келген бұйра шаш, кең маңдайлы, ұзын кірпікті, әрқашанда жымиып күлімсіреп тұратын балғын жас көз алдыма тұра қалады.Әбішті өзге  оқушыларға қарағанда жақсырақ білетінім: ол барлық пәндерден де жақсы оқып, мектеп ішілік қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып жүруімен бірге алғашқы жазған өлеңдерін маған көрсетіп, қалай қарайсыз ағай, осы жазғандарым аудандық газетке жіберуге жарай ма – деп, қолында өлеңдер жазылған дәптері бар, келіп тұруында еді. Менің физика пәнінен сабақ беретіндігіме  қарамастан өлеңдерін маған көрсетіп ақыл-кеңес сұрап тұрған жасқа іштей риза болып, әдебиетші болмасам да өзімше «кеңес» беретінмін (Әрине, ол кезде, балалар ағай университет бітірген жан-жақты білімді кісі десе теріс көрмейтін менің де жас кезім ғой).Ол кезде Әбіштің әдебиет атты мұхиттың буырқанған жағасына өлеңмен келіп, кейіннен әлемнің назарын өзіне аудартқан жас шебер жазушы боларын ешкім де біле қойған жоқ еді.Сол бір кездерден бері өткен қырық жылдан аса мерзім ішінде Әбішпен байланысымыз ешбір үзіліп көрген жоқ, қайсыбір сапарларында тығызырақ байланыста болған кездеріміз де аз емес.Әбіштің әркімге де, әсіресе, өзге жұртшылыққа тұңғиық сырлы тылсым дүние, мәдени мұраларға аса бай, естігендерді көруге әркез құштар етіп келген туған жері – Маңғыстауды бүкіл Қазақстанға паш ету сәті 1992 жылдың қыркүйегіне келген еді. Осы кезде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің ұлт саясаты, мәдениет пен тілді дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы болып істейтін Әбіш аталған комитеттің көшпелі мәжілісін Маңғыстауда өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Бұндағы мақсат - ұрпақтар үшін тарихи-мәдени мұраларды сақтау, рухани қайта түлеуге жаппай қамқорлық жасау, бұл игілікті істерді Маңғыстаудан бастау және осы өлкені бүкіл Қазақстанның зиялы қауымына жан-жақты таныстыру еді.Комитеттің осындай шешім алғаны, көшпелі мәжіліске Әбіш бастаған комитет мүшелерінен басқа да көптеген республикаға белгілі зиялы қауым өкілдері келетіні, Республика премьер-министрінің орынбасары Мырзатай Жолдасбековтың қатысатыны туралы хабар келісімен облыста, аудандар мен қалаларда қонақтарды қарсы алу, күту, мәдени-тарихи орындары бар  жерлерді көрсету маршруттарын белгілеу жөнінде алдын-ала тиісті жұмыстар іске асырылды. Дайындық жұмыстарына облыстың өзге басшыларымен бірге мен де тікелей араласып отырдым. Менің үлесіме қонақтар келген 6 қыркүйектен 11-ші қыркүйекке дейін оларды бастан-аяқ Маңғыстаудың ойы-қырын аралату, ескі ескерткіштер мен мәдени мұраларды көрсетудің жауапты да құрметті міндеті тиген болатын.Сонымен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңес комитетінің төрағасы Әбіш Кекілбаев бастаған алпыстан аса алуан саланың зиялы қауым өкілдері бар үлкен  топ Ақтауға  6-қыркүйекте келіп жетті де, оларды аэропорт басында облыс басшылары, ақсақалдар, нан-тұз ұсынған жастар болып үлкен құрметпен қарсы алдық.Келген қонақтар құрамында академиктер Жабайхан Әбділдин, Зейнолла Қабдолов, танымал жазушылар Әбдіжәміл Нұрпейісов, Қыдырбек Балғабекұлы,көрнекті ақын Қадыр Мырзалиев, жазушы Камал Смайлов, министрлер Еркеғали Рахмадиев, Қуаныш Сұлтанов, тағы басқа белгілі азаматтар болды.Кешкі 18 сағатта келген қонақтар «Шағала» қонақжайына орналастырылды да, қонақжайлық көрініс тапқан үлкен дастархан үстінде сырлы да сұлу сөздер маржандай төгіліп, үлкен сыйластық жағдайында өткен банкеттен кейін жатып демалып, ертесіне ертемен 4 автобус, басқа да жеңіл машиналарға отырып, Түпқараған ауданына бағыт алды. Қалаға келгеннен кейін алдымен жергілікті халықпен кездесу, пікір алысу,мұражайларды аралау шаралары іске асырылды. Бұдан кейін қаладан 30 шақырым жердегі Тамшалы аталатын ғажап каньонға келіп, онда түндіксіз алып ағаш үй тәрізді дөңгелене біткен қатпарлы жартастардың арасынан көз жасындай мөп-мөлдір таза тамшылардың сорғалай ағып, табанындағы ойдым-ойдым дәу де тайыз табақтардай көрініс беретін айлақтарға құйылып жатқанын тамашалады.Осы жерде Әбіш комитеттің алғашқы көшпелі мәжілісін өткізіп, астанадан келген қонақтарды Маңғыстаудың көне тарихымен таныстыра келе Ақтау – Форт-Шевченко жолында кідіріп өткен Қарлыбас қорымы, өлген адамды өртеп көмген Сақақұдық, тағы басқа көне ескерткіштердің қай ғасырларда пайда болғандығы, ол кездердегі тіршілік - өмір салты, жаугершілік, қоғамдық құрылыс, олардың әлем елдері тарихымен сабақтастығы, байланысы туралы нанымды мысалдар келтіре отыра бір сағаттай тыңдаушыларын тебірентіп сүйсінте, терең ғылыми тұжырымдары мол тамаша баяндама жасады.Әбіштің сарқылмайтын бұлақтай терең білімдарлығы әрбір кідірген жерде, әрбір ескерткіш басында, әрбір әңгіме үстінде жаңа қырынан көрініп, тыңдаушылар таң-тамаша қалып бас шайқасты.Тамшалыдан Шақпақ – Атаға қарай келе жатқан жолда Нұрқабай шыңырауының солтүстік бағытындағы бір ескі қорымды қазып жатқан археолог З. Самашев бастаған экспедициямен кездескенімізде ол осы қорымда адамдар бірінің үстіне бірі – үш қабат етіп жерленгенін, бұның себебін әзір аша алмай тұрғандықтарын айтқанда Әбіш кідірместен оның жайын бірден баяндап берді. Бұл жатқан, бірінің үстіне бірі қойылған үш қабат қойылым, – деді ол, – осы аймақты бірінен бірі жаулап алып үш түрлі халықтың мекендегенін көрсетеді. Әрбір жаңадан қоныстанған халық бұрынғы халықтың ізіне дейін жойып, тек өз атын қалдыру үшін алдындағы халық қойылымының үстіне өз адамдарын жерлеп қорым атын өзгертіп отырған. Біз көріп тұрған қойылымның бірінші қабатындағы  көрініс бронза дәуіріндегі жерлеу, екіншісі-сақ-оғыз дәуіріндегі, ал үшіншісі адай тайпаларының жерлеуі. Бұл тұжырымдарды тыңдап тұрған Ж. Әбділдин: -Әбіштің көп білетінін білуші едік, тап осыншама терең екенін енді біліп тұрмын,- деді. Маңғыстаудың да , Әбіштің де тереңдігін осы сапар барысында біле түсетін болдық қой, десті өзге зиялылар.Көшпелі мәжіліске қатысушылар бұдан әрі алдын ала белгіленген маршруттармен жүре отырып, Шақпақ-Ата, Шерқала, Айрақты, Ақмыш және Шетпеде болып халықпен кездесіп, қол өнер дүниелері, әдемілік бұйымдарымен танысты. Аталған көне ескерткіштер мен қорымдардың қай-қайсысы жөнінде де Әбіш түсінік берген кезде сол дәуірлердегі бұралаңы мол қым-қиғыш өмір көз алдыңнан кино лентасын көргендей айқын көрініс тауып тыңдаушыларын тәнті етіп отырды. Сапар бұдан әрі жалғасып делегация мүшелері Маңғыстаудың жері, суы үшін жандарын пида қылған, қанын төккен  батырларына, аузы дуалы билеріне мәңгілік мекен болған Сисем-Ата қорығын, қарт батыр баба Ер Қармысқа тұрғызылған ескерткішті көре келе, Үстірт тауының Маңғыстау ойына құлау тұсында дара тұрған алып жартас тастан  қашап салынған мешіттегі Бекет-Атаға келіп мінәжат етті.Маңғыстау халқы кездескен жерлердің барлығында да қонақтарды тік тұрып, үлкен ілтипатпен қарсы алып, зор құрмет, қонақжайлық көрсетіп отырды. Аса риза болған ел зиялылары жылы ықылас-ниетпен қайта- қайта рахмет айтысып жатты.Көшпелі мәжілістің соңғы отырысы Ақтау қаласында қорытындыланып, онда сөз сөйлеген М. Жолдасбеков мырза Маңғыстау аймағында ашық аспан аясында шоғырланған тарихи-мәдени мұраларды сақтау, қалыптасқан әдет-ғұрып, дәстүрлерді ғылыми тұрғыдан зерттеу, оларды болашақ ұрпақ игілігіне  жарату баршамыздың міндетіміз дей келіп, осы мәжілісті өткізіп, Маңғыстау деген таңғажайып өлкені бүкіл елге таныстыруда Әбіштің айрықша еңбегі бар, Әбіш заманымыздың ғұлама білімпазы, абызы, – деп қорытты өз сөзін.Мәжіліс Қазақстан Республикасының Президентіне, Жоғарғы Кеңесіне, республиканың депутаттарына арнап үндеу қабылдады. Соңынан Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің осы мәселеге байланысты қаулысы шықты.Менің Әбішпен бұдан кейінгі сапарлас болуым оның депутат болып сайлануларына байланысты еді. Алғаш рет Жоғарғы Кеңес депутатына баламалы түрде кандидат болып Баянауыл елінен  түскен Әбіш жергілікті жердің белгілі азаматтарынан басым түсіп, Жоғарғы Кеңес атты Ақ Ордаға еркін кіруге, оның ең бір ірі комитетін басқаруға мүмкіндік алған болатын.Республиканың бұдан кейінгі қоғамдық және саяси өміріндегі қарбалас кезеңдер де Әбіштің 1994 жылдың наурыз айында өткен Жоғарғы Кеңестің депутаттығына, 1995 жылдың желтоқсан айында өткен Республика Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат болып түсуіне тура келген еді. Соңғы екі кезеңде де енді өзінің туған жері – Маңғыстауынан, бұнда да баламалық жағдайда, дауысқа түсті.Әбіш осы соңғы депутаттық сапарының екеуінде де депутатқа кандидат ретінде облыс халқымен кездесу кезінде бірге болуды маған ұсынған еді. (Әрине, әрбір елді мекендерде оның сенімді өкілдері, ынталы топ мүшелері қыруар жұмыстар жүргізгені белгілі). Осылайша бірге болып Әбіштің сайлаушылармен кездескен кездеріндегі айтқан сөздері, халықтың оған деген құрметі, ықылас-ниеті, пікірлері туралы және өзімнің де Әбіш әлемі төңірегіндегі кейбір ойларымды қысқаша айтып өтуді жөн көрдім.Кезекті сайлаулар өтетін мезгілден бір ай бұрын ақпан (1994 ж.) және қараша (1995 ж.) айларында Маңғыстау сияқты шалқар өлкені екі ай бойы жүріп өту, ауа райының жиі бұзылып, жол қиындығы туып отырғанына қарамастан елді мекендерді түгелге дерлік аралап, өзін күткен сайлаушыларымен кездесудің оңай шаруа еместігі әркімге де аян. Ал Әбіш болса осы сапарларда кездескен азды-көпті қиындықтарды жеңе отырып, депутаттыққа кандидат кезіндегі міндетін аса байыпты да өзіне тән ыждаһаттылықпен іске асыра білді. Осы екі ай мерзім ішінде 134 кездесу өткізіп, онда 250 сағаттай сөз сөйледі, 10 мың шақырым үстінде тек машинамен жол жүріп, шаршағандық рай байқатпай, айрықша төзімділік көрсетті.Қорытындысында Әбіш өзімен баламалы түрде дауысқа түскен кандидаттардан айқын басымдылықпен озып шығып, екі сайлауда да депутаттық мәртебеге ие болды.Тапқыр ойлы, тілге шешен, терең білімді, кейбір ойларын жергілікті халықтың кәсібіне сәйкестендіріп қарапайым түсіндіре алатын Әбіштің сол бір сайлаушылар алдында сөйлеген, олардың сауалдарына қайтарған жауаптарында айтылған сөздерінен кейбір үзінділер келтіруді  жөн деп есептеймін. Әбіш:- Мен жастардың баламаға түскеніне қатты қуанған да, немесе ренжіген де жоқпын: бұндай жағдайды бұрын да басымнан кешіргенмін. Олардың бақтарын сынағандарын теріс деп есептемеймін, дауыс беруді кімге бағыштайды – ол әрбір сайлушының өз ісі. Ал жастар тәрбиесі тек жастардың ғана ісі емес, бұл бәрімізге ортақ міндет.- Қазіргі кейбір кәсіпқойлардың салық төлемеу үшін өтірік айтуы, қайсыбіреулердің тікелей ұрлыққа көшкені сонша, дүние бұзыла бастаған ба деп қаласың, егер жер бетіндегі тау-тасқа, бүкіл қара жерге тіл бітсе, бүкіл галактика құрып кеткен болар еді. Дүниенің өз орнында тұрғаны жер үстіндегі саналы мақұлықтардың – оның санының әлгі тау-тас, табиғат жаратқан материялық дүниеден – жер-су, өзен-көл, тоғай-орманнан әлдеқайда аздығынан ғана,- халқымыз жақсылықты әлі күнге дейін жоғарыдан күтеді – халықтың 80 пайызының тізесіне тұз қатқан, әлі жүріп-тұруға бейім емес. Біздер үшін алып-сатарлар емес, халыққа товар шығаратын бизнес керек, осылайша жұмыс көздерін ашқанда ғана игілікті іс тындырылмақ,- Каспий тасуда деп абыржушыларға айтарым: теңіз тасығанда қайда барарын тастап кеткен ізінен – сорлардан, жер үстіндегі көзге көрініп тұрған белгілерінен айыруға болады, демек, осыған орай, бұрын теңіз болған (ізі қалған) жерлердегі тірлікті алдын-ала босату керек.- қос тілділік дегенде азаматтық еріктің (право) бұзыларын білген жөн: біреу екі тілді бірдей біліп отырып зордан нанын алып жейді, ал біреу екінші тілді татып алмаса да бүкіл билікті қолына алғысы келеді – бұл азаматтық  ерікті бұзу емес пе?- идея деген мәңгілік емес, негізгі идеяға жеткенге дейін ол бірнеше идеядан тұруы мүмкін. Мысалы, қозыны ауыздандыру бір идея,оны аяқтандыру екінші идея, оны отықтырып өріске айдау үшінші идея, ал сол қозыны мал етіп өсіру осы идеялардан тұратын негізгі идея.- Одақтасу деген топ-топ болып күресу, төбелесу деген сөз, ал ынтымақтасу – ықпалдасу адам баласының бәрі үшін бір бағыттағы өмір сүруі деген сөз.- экономикалық одақ дегеніміз – есепті достық болуы керек, инвестициялық купон дегеніміз сыбаға тарату. Осы сыбағаны тиімді пайдаланып әр жердегі орындарға беріп, солардың акцияларын алу керек. Мысалы, мұнай, газ, құрылыс, транспорт, тағы осы сияқты орындардың акцияларын алуға тырысу қажет.- мен дауыс жинап жүрген жоқпын, кәзіргі депутаттыққа кандидатқа берілген уақытты пайдаланып туып-өскен елім, жерімді аралап, халқыммен кездесуге келдім, 7 наурыз күні Құдай құлағыңызға не деп сыбырлайды (кімге дауыс беру жөнінде) соған қарап шешім қабылдарсыздар деп ойлаймын.- мен неге № 94 Маңғыстау сайлау округінен дауысқа түсуді қалап Қазақстан халық бірлігі Одағының ұсынысымен келістім – оған себеп мынада еді: маған осы кезге дейін депутаты болып келген павлодарлықтар, сондай-ақ, жамбылдықтар мен талдықорғандықтар, торғайлықтар мен шымкенттіктер дауысқа бізден түсіңіз, Сіздің жеңіп шығатыныңызға сеніміміз мол деп өтінген болатын. Мен бұл ұсыныстарды қабылдамадым. Өйткені бұрын да туған өлкем депутат бол деп сұрағанда, кейін облыс басшысы бол дегенде белгілі бір себептерге сүйеніп келісім бермеген едім. Енді елім үшінші рет ұсыныс жасағанда қайырылмауды жөн болмас деп өз елімнен дауысқа түсуді дұрыс деп есептедім.- Бізге басқа елдермен есепті достық керек. «Есепті дос кетіспес» деген мақал тек біздің халықта ғана бар. Осы мақалдың қадірін білетін мезгіл жетті, ендігі жерде солай болмақ.- төгіп-шашпа экономиканы ендігі жерде ықтимал, ықшам, тиімді экономикаға айналдыруымыз керек.- нарық кезінде қарық болу үшін парық керек.- Америка Құрама Штаттарында әрбір жанұя өз балаларына  әртүрлі мамандық алуға бағыт береді: бірі дәрігер, бірі экономист, бірі оқытушы, тағы басқа.- жапондар үлкен баласын темиян, кіші баласын диссениян дейді. Үлкен баласы мұрагер болады да, әке жолын ұстайды, ал басқа балалары дүние жүзінің әр түкпірінде қызмет етіп жүреді де жылына бір рет әке үйінде, немесе, әке орнында қалған үлкен ағаның үйінде жиналып жанұяларына байланысты мәселелерін шешіп отырады.- біздің республикада қазақтар 42, орыстар 38, қалған 120 ұлт өкілдері 20 пайыз. Егер президенттік ұсыныс – мемлекеттік тізім болмаса, онда парламент тек екі ұлттың өкілінен тұрған болар еді. Сондықтан да Президент ұсынған тізім ішінде негізінен өзге ұлт өкілдерінің болуы қаралған.- әрбір азамат депутат болу үшін өзін көрсетуі керек, оның еңбегін, кім екенін халықтың білгені жөн. Мен Парламентке келгенде Кекілбаев болып елге, республика халқына танымал болып келген едім. Әркімнің де осылай алдымен өзінің кім екенін халыққа танытып алып, содан кейін барып депутаттыққа ұмтылғаны дұрыс қой деп ойлаймын.Осы жерде мен жүйрік ойлы Әбіштің табан астында  сөз таба білетін тапқырлығын, шешендігін айырықша ұғындыратын мына бір сөздерін еске сала кеткім келеді.Әбіштің Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына алғаш кандидат болып жүрген кезінде өзін ұсынған Баянауыл елінің ақсақалдарымен кездесуде, өзіңіз батыс аймақтан – бір қиырда жатқан бізге мәлім емес Маңғыстау деген жерден екенсіз, белгілі азамат, танымал жазушы екеніңізді білеміз, сонда да болса бұл өлкеге дауысқа түсуге қалайша бел будыңыз, бұндағы Сізбен баламаға түсіп отырған екі азамат та олқы кісілер емес – деген ақсақалдардың сауалына:«Жүйріктігіңді сынағың келсе, Ат баптаған ауылға бар құлын күніңненкөрмедім деп, сипамай жібермес жалыңды  Жігіттігіңді сынағың келсе, азаматы өскен ауылға бар, атаңмен табақтас болмадым деп, сындыра қоймас сағыңды ,–деген аталы сөз бар ғой, осылай ойлап келіп жатырған жайымыз бар» дегенде отырғандар: «Әбіш қарағым, сөзің асыл екен, бізге келгендегі мақсатың орындалар, сендей ұл өсірген анаңа бізден сәлем айт – көңіліне кірбің келтірмеспіз», - деп бәрі үлкен ризалық білдірген екен.Әбішпен кездесуге халық тойға келгендей жиналып, көпшілік ретте шашу шашып, шағын ойындар, концерттер қойып қарсы алатын. Ал кездесулер үстінде алғашқы айтылатын сөздерден кейін күзгі жапырақтай жауып кететін сұрақтарға Әбіш өзіне тән байыптылықпен, шебер теңеулер келтіре тыңғылықты жауап қайтарып отырды. Осы кездердің бәрінде де әрбір сайлаушының Әбішке деген жүрек сезімі, қуанышы шексіз екендігі, тілектестігі әрбір сөздерінен, әрбір қас-қағымынан, жадыраңқы жүздерінен айқын аңғарылып отырылатын.Әбішпен болған бір кездесу кезінде маған «Сіз осы Әбіштің, халқымызға, тіпті дүние жүзіне танымал Әбіштің ұстазы болдыңыз ғой» деген бір азаматтың көтермелеу сөзіне: «Шынында да мектепте бала Әбіштің ұстазы болғаным рас, бірақ, дана Әбішке ұстаз болдым деп айта алмаймын. Дана Әбіштің ұстазы халқы деп білемін» - дегенім есімде.Енді сол сайлаушылар тарапынан айтылған Әбішке деген сыйластық, тілектестік пікірлерден үзінділер келтірелік:– Шырағым Әбіш, елдің қамын ойлайтын азамат болып көз алдымызда өсіп жетілдің, ел сүйіп оқитын жазушысың, жаратушы құдірет алдыңнан жарылғап, әруақтар қолдап, ойлаған мақсатыңа жет, халқыңа тірек бола бер. (88 жастағы Түркпенбаев Ыспан ақсақалдың батасы, Ақтөбе ауылы).Халқымыздың мүддесі үшін депутат болып тек Әбіштің сайлануы қажет, өйткені оның барлық өмір жолы, бітірген ісі, парасаттылығы, саясаткерлігі, асқан талант иесі – жазушы болып бүкіл әлемге танылуы оның жоғарғы Кеңес төрағасы болып та толық істей алатынына шәк келтірмейді (Бейсенбі Әріпұлы, Тұщықұдық ауылы):– Әбішжан, қадамың құтты болсын, елің  тек саған сенеді, сенің өз еліңнің өрені болғандығыңнан да еш бір жасқанбастықтан отқа түсуге дейін барып арашашы болғаныңды 1989 жылғы Өзен оқиғаларына байланысты білеміз, сондықтан да депутаттық сенімді тек саған артамыз (Мұса ақсақал, Теңге ауылы);Елге қызмет етсем деп  бір талпынған,Шыққан жүйрік жан едің  сен Алшыннан.Жұмыр жерге атың тарап  кетсе деАйнымадың бәз-баяғы қалпыңнан.Сөз маржанын жиып  алған санаға,Не деп теңеу айтсам екен ағаға.Маңғыстауға ұл сыйлапты -ау марқасқа,Құдіреті күшті Алла-тағала...(Асхат Әрешов, Тұщықұдық ауылы).– Жақсы жазушы - әлемнің елшісі, ол елді елге, халықты халыққа таныстырады. Қазақ деген халықты елуінші жылдары әлемге Шыңғыстаудан шыққан Мұхтар таныстырса, бүгінде Маңғыстаудан шыққан Әбіш таныстырып отыр. Мұхтар – Абайдың елінен болса, Әбіш – Адайдың елінен (Терекбай Жаңбыршин, Шетпе кенті);– Әбіш аға дүние жүзі мойындаған жазушы, оның шығармаларындағы терең ойлы, астарлы түйіндер кім-кімді де сүйсіндіреді, өзіне еріксіз тәнті етеді, табындырады. Сондай-ақ ол қоғамдық  және мемлекеттік қайраткер, сарабдал саясаткер (Айтуар Өтегенов, Бейнеу кенті);Әлемді кетті аралап үнің,Тыңдады болғар, чех  пенен неміс.Ажарлы топтың алдында  жүрсің,Тілейік, аға, тек қана   жеңіс!Өрмелеп өрге, қанаты   талмай,Маңғыстау сынды  ғаламның,Мақтаны болған  аяулы аға,Ұштала берсін қаламың!Оң бола берсін талабың!(Насуха Байпақов, Шетпе кенті);  Тілдескеннің бәрін д  табындырған,Биіктесін мәңгіге  алып тұлғаң.Алатаудан келе бер жиі-жиіОндыңа алыстағы  сағындырған.Қолыңа қалам алып жазған кездеАлдыңа жан салмаған    дана сөзден,Кең маңдайы жарқырап   жүре берсін,Құдайым сақта Ағаны  тіл мен көзден!(Жаңылай Жұлдызбаева, Онды ауылы);Мен кейбір кездесулерде сөйлеген сөзімде мемлекет және қоғам қайраткері, сарабдал саясаткер, дүние жүзіне танымал қарымды қаламгер Әбіштің өз халқы алдындағы атқарған творчестволық еңбегіне, қайраткерлік қызметтеріне тоқталып отырдым. Ол сөздердің қысқаша мазмұны төмендегідей еді: Әбіш алдымен ұлтымыздың дүние жүзі мойындаған заңғар жазушысы, оның тамаша әңгімелері мен повестілерінен, ірі-ірі тарихи романдарынан тұратын кітаптарының саны отыздан асты. Бұл дүниелердің көпшілігі дерлік орыс тілдеріне аударылған. Әбіштің сан қырлы таланты өз еліміздің және шетел қаламгерлерінің сыншыларының тарапынан жоғары бағаланып келеді.Немістің «Фолк унд Вельт» кітап баспасы жүргізген сауалнама қорытындысында Әбіштің есімі «ХХ ғасырдың таңдаулы жазушылары» тізіміне енгізіліп, фото-альбом жасалды. Оның ішінде бұрынғы Кеңестік Шығыстан Әбіштен басқа тек екі-ақ адам – әлемге әйлгілі Ш. Айтматов, Р.Ғамзатов бар. Әбіштің ақындық (оның алғашқы «Алтын шуақ» өлеңдер жинағы 1962 жылы 23 жасында жарық көрген), сыншылық, аудармашылық, публицистік зерделі зерттеушілік еңбектері де бір төбе. Ол 1986 жылы «Үркер», «Елең-алаң» тарихи романдар циклі үшін Абай атындағы  Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.Айырықша   дарын иесі Әбіш осымен Парламентке үшінші рет сайланғалы отыр – бұдан бұрын Парламентке Комитет, Жоғарғы Кеңес төрағасы болып істеді. Осы кезеңдерде Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясын жасаушылардың бірі болды. Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің (Әнұран, Ту, Елтаңба) Жоғарғы Кеңес сессияларында қабылдануында да қыруар еңбек етіп, айырықша білімпаздық көрсетті. Әсіресе, Елтаңбаның қабылдануы тек Әбіштің жүйелі де бұлтартпас дәлелдерінен кейін ғана іске асты.Мемлекеттік тіл – ана тіліміз жөніндегі сан алуан таластарда да салуалы пікір айтып, орыс тілінің орны жөніндегі Конституция бабының Парламентте қайтадан қаралу қажеттігі жоқтығын бірқатар өзге депутаттармен бірге дәлелдей білді. Ел тарихында алғаш өмірге келген ұлттық теңге шығару, оған Маңғыстаудың көне мәдени-тарихи ескерткіштерін енгізу ісіне де Әбіш аз тер төккен жоқ.Әбіш қайда жүрсе де, қандай деңгейдегі жоғары қызметтер атқармасын өзінің қасиетті мекені – Маңғыстауды ешқашанда естен шығарған емес. Облыстың «Маңғыстау» аталып қайта құрылуына атсалысуы, қалаға «Ақтау» атын қайтару, Ақтау теңіз портын салу, тағы басқа Маңғыстаудың өркен жаюына қатысы бар күрделі істерге араласып отыруы осының айғағы. Ел тарихында тұңғыш өмірге келген, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі лайықты баға берген «Маңғыстау» энциклопедиясы да Әбіш арқасында ел игілігіне  айналып отыр.Маңғыстаудың тарихи және мәдени ескерткіштерінің проблемаларына байланысты республика интеллигенциясының қаймағы – атақты ғалымдарды, жазушыларды, ақпарат құралдарының өкілдерін бастап әкеліп Жоғарғы Кеңестің мәжілісін өткізуі де оның туған жерге деген ыстық ықыласының бір көрінісі.Әбіштің саяси күрескерлігі жөнінде әңгіме қозғағанда оның  Жаңаөзен оқиғалары кезіндегі ерен еңбегін айтпай кетуге болмайды. Оның әрқашанда елі деп соғатын жүрегі  Жаңаөзен оқиғалары туралы хабар естілісімен онда жетуге алып ұшты. «Елінде жер сілкінсе, эпицентрі ақынның жүрегінде болады» – дегендей, Әбіш болып жатқан оқиғаларды көзімен көрмей, оның себептерін ашып, байыбына бармай тағат таппады. Сондықтан да ол өзінің тілеулес-пікірлес әріптестері – Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Қабдолов, Әнуар Әлімжановтармен бірге  оқиға ортасына ұшып келді. Бұл сапармен ол Республиканың бірде-бір партия, үкімет орындарының басшыларымен келіспеген еді. Сөйтіп, Маңғыстау халқына тағылғалы тұрған тағы бір ұлтшылдық атты қара таңбадан арашалап қалды. Өзендіктердің ашу-ызасын келтірген келеңсіз жайлардың барлығын бұлтартпас дәлелдермен ашып көрсетіп одақтық мұнай министрлігіне хат жолдады, республикалық баспасөзде өткір мақала жазып, теледидарда сөйледі.Өз халқын, туған жерін беріле сүйген перзент қана басын қатерге тігіп, осылай істей алады емес пе?!Мен Әбішпен 1994-1995 жылдардың екі айында бірге жүріп, бірге сапарлас болғаным жөнінде жоғарыда айттым. Сол бір кездерде жол қиындығына, ауа райының қолайсыздығына қарамастан елін түгелге дерлік аралап алға қойған мақсатына жеткен, кездесулердің бәрінде де халқының ризалығына, құрметіне бөленген Әбіш бойынан аңдағаным:Әбіштің білімпаз – даналығы, сөзге жүйріктігі, өз ойын, пікірін халыққа жеткізе білудегі шеберлігі, сол арқылы тыңдаушыларын өзіне тарта білуі, сендіре білуі – тағы-тағы айырықша қасиеттері көз алдыңа Сократтың даналық, шешендік, әділеттілік, шыдамдылық, өз бағытынан қайтпайтын (дұрыстығына көзі жеткендіктен де) батылдық қасиеттерін елестетеді.Мен «бір кезде Иозеф Томанның «Сократ» атты кітабын қызығып оқыған едім. Енді қарап отырсам Әбіштің сол ғұлама Сократқа ұқсас сыртқы пішімі, сабырлы мінез-құлқы (қажетті жерінде, мәселе өз халқының ар-ожданы мүддесі жөнінде болған кездерде дауылпаздай дүр сілкіне қанат қағып, өз принциптерін тайсалмай қорғай алатын батылдық, шамырқанған кезінде шақпаққа тиген шар болаттай от шашатын өткірлігі сияқты ерлік қасиеттер де оның бар болмысынан ерекше орын алған), күнделікті тұрмыстағы, жол-жөнекей тірліктегі – сапарлардағы кейбір жәйттарға елең етпейтін байсалдылығы, шыдамдылығы таңқалдырады. Әр кезде де жүзінен жылылық есіп тұратыны, ойын көбіне күлімсіреп жеткізуі («жомарт адам езуінен енші береді» – дегендей) – бәрі-бәрі сол бір грек данышпанын көріп, естіп отырғандай әсер қалдырады. Оның «Галстук сатушы қыз хикаясы» атты әңгімесіндегі «Тегі жыласа да жымиып отырып жылайтын шығар» – делінетін архитектор Әбен Дүйсенбиевичті нақ осы Әбіштің өзі емес пе деп қаласың.Менің байқағаным Әбіш өте қарапайым, бауырмал адам, ол ешбір жағдай талғамайды, қандай тамақ түрі ұсынылса, соны қабылдай береді, қандай жерден төсек ұсынылса (керует пе, еден бе – бәрі бір) соған жата кетеді, тек жастықтың биіктеу болғанын қалайды, киім киюде де оның «сұлуынан жылуы» дегенді есте ұстап, басқа бұлтарыстарына назар аудармайды. Тіпті кейде сағатының тоқтап қалғанын да арада жарты тәулік уақыт өтіп кеткеннен кейін ғана білетін кездері де болады екен. Үстінде ауыр киімі болғандықтан көбіне-көп аяқ киімін кигенде қиналатыны болмаса, шамалы нәрсеге қабағын да шытпайды, жиі қолданатын сөзі «бәрі жақсы». Бұндай сөз тек жаны жақсы адамның, жақсылыққа сенімі мол кең пейілді адамның ғана аузынан шығады деп білемін. Оның салалы саусақ, жұмсақ алақанымен өз сөзімен айтқанда (сақал-мұртын алар алдында қалжыңдап) «кең даладай жазық бетін» ара-тұра сипап отыратын ерекше әдеті де бір қызық дүние.Ол ұсақ-түйекке мән беріп жатпайды, тіпті кейбіреулердің орынсыздау сөздері мен әрекеттерінен де түбінде тек жақсылық күтетін сыңай байқатып отырады. Әбіштің бар ойы, сан-алуан ісі халқын кәзіргі қиыншылықтан қалай тез шығару, бұл жолда болуға тиісті саяси күресте қарсыластарын өз пікіріне қалайша жүгіндіру, өмірде болып жатқан күрделі өзгеріс – экономикалық реформаны жүйелі іске асыру, ел өмірін жақсартуға қол жеткізу, тағы осы сияқты асқаралы биік мақсаттарға арналған.Әрине, мен бұл азын-аулақ пікірлерім арқылы Әбіштің бүкіл болмысын, оның таңғажайып талантының қыр-сырын аша алдым деп айта алмаймын. Ол үлкен ғұлама, білім дариясы, сирек талант иесі. Мен тек өзім көре, ести жүре ойыма түйген қызыққан кейбір айырықша қасиеттеріне тоқталдым.