ВЕРНУТЬСЯ

Маңғыстау облыстық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Саламат Мұқашев облыс   аудандарында  жиi болып тұратын әдетiмен  бiздiң Бейнеу ауданына да  шалғайда орналасанына қарамастан сапар шегiп, ел жәйiмен егжей- тегжейлi танысып тұратын. Сәкең Бейнеуге бір келген  сапарында ауданның “Жарқұдық” деп аталатын жерiнде түйе отарында болып, түйешiмен, оның отбасымен танысып, Сам құмының бiр қабат iшiндегi малдың су iшетiн құдығын көрдi. Құдық суының жылдың әр кезiне қарай мол, немесе тапшы болуы жайлы сөз етiлiп тұрған кезде мен Ақбөбек пен Қайып та осы құдықтан су iшiптi деп өткен өмiр белгiсiнен хабар берiп өттiм. Жолымыз әрi жалғасты.Мен жол бойы Сам құмының аталуы жайлы әңгiме еттiм. Мынау алдымызда батыстан шығысқа қарай ұзындығы 90, енi 25 шақырым қызыл-сары құм Сам құмы деп аталады. Сам кiсiнiң аты. Ол Адайдың Шоңай руынан шыққан жершiл, iзшiл кiсi болған. Бiр кездерде Ресейден келген экспедиция бүкiл Маңғыстау ойын картаға түсiрген кезде Сам жол басшылық еткен. Өз жұмыстарын осы құмда аяқтап, елiне қайтар кезде Самның қызметiне риза болған экспедиция басшысы оған рахмет айтып, бiзден қандай тiлегiң бар деп сұрағанда Сам: бiздер кәзiр үстiнде отырған құмды менiң атыммен атасаңыз болғаны, өзге тiлегiм жоқ деп асқан көрегенділік көрсеткен екен. Содан кейiн құмның аты картаға “ Сам” құмы деп жазылып, оның атымен аталып кеткен. Сөйтіп, Сам өз есімін ұрпаққа осылай ақылды, ойлылығымен қалдырған. Сонымен бiрге Сам шешен, би кiсi екен. Артында шиеленіскен дауды шешудегі әділетті билігі мен шешендігін айқындайтын “Хан төрелiгi бұзылса да, Сам төрелiгi бұзылмайды” деген сөз қалған.-Иә, “Сам” құмы осылай аталған дейсiң ғой. Дүйсенбi, ендi сен жаңағы құдықтан Ақбөбек пен Қайып су iшкен дедiң-ау , осы әңгiменiң өрбуiн толығырақ етiп айтшы- дедi Сәкең маған қарай мойнын бұрып.-Сәке, бұл хикаяны бұрында естiп жүрген боларсыз және мен Сiзге Ақбөбек пен Қайып оқиғасын тамылжыған әнiмен жеткiлiктi етiп айтып бере алмаймын ғой.-Әнiн айтпасаң мазмұнын айт, соған да риза болалық, жол қысқарсын.-Сәке, онда мен бұл хикаяны бұрыннан ел арасында айтылып жүрген әңгiмелер мен бiрқатар ақын-жазушылардың жазғандары негiзiнде айтып өтейiн. Мен алғаш рет Ақбөбек пен Қайыптың бiр- бiрiне қалайша ғашық болғанын 1948-1949-шы жылдары сегiзiншi сыныпта оқып жүрген кезiмде көрнектi жазушы Ғабдол Слановтың  “Дөң асқан” деген романынан оқып қызыққан едiм. Оның алдында ғана “Қозы көрпеш- Баян сұлу”, “Мұңлық- Зарлық”, “Жүсiп - Зылиқа” деген ғашықтық жырларын да оқыған болатынмын. Қырқыншы жылдар кеш кезiнде электр жарығы сiрә жоқ, май шам да бола бермейтiн кез ғой. Күндiз сабақтан қол тигенде, көбiне әлгi кiтаптарды ас пiсiруге жағылған қазан астындағы от алдында отырып оқитынмын. Бiрде Сәбит Мұқановтың “Сұлушаш” поэмасын оқыған кезiмде орман тағысы- жолбарыс тырнағына кездейсоқ iлiнген Сұлушашқа жаным ашығандықтан, баламын ғой, көзiмнен жас шығып кеткенi әлi есiмде-дей бергенiмде Сәкең: өзiң мектеп қабырғасында жүрiп-ақ кiтап оқуды кiлең ғашықтық жырларынан бастаған екенсiң ғой- дедi күле сөйлеп.-...?-Айта бер, айта бер, қысылма. Бас кесерлiкке үйрететiн кiтап ұстағаннан гөрi, жастардың бiрiн-бiрi сүйуiне, жақсы көруiне, қимас достығына үйрететiн кiтап оқығанға не жетсiн, әзiлге айтамын- деп Сәкең күле сөйлегеннен кейiн, мен негiзгi әңгменi бастап та кеттiм:Самның сусыған сары алтын құмы аяғымыздың астында жатса, сағана тамдары сонау алыстан мұнартып көрiнетiн, Максимилиан Волошиннiң “И тени мертвых городов, уныло бродят по равнине”-дегенiндей, өлi әруақтар мекенi. Сол Сам құмының  анау жарқабақтау биiгiнiң оңтүстiкке қарай созылып жатқан құлама ойында жаңағы өзiңiз көрген құдық бар. Сондықтан да Сам құмының осы тұсы Жарқұдық деп аталады. Құмның бiр қабат iшiнде қоныс тепкен Қайыптың әкесi Қорабай ауылы аталған құдықты пайдаланып отырған. Сондықтан да ғой менiң осы құдықтан Ақбөбек пен Қайып та су iшкен деп айтып қалғаным.Мен жоғарыда айтып кеткен Ғабдол ағамен 1964-1966-шы жылдары Алматыда екi жылдық Жоғары партия мектебiнде оқып жүрген кезiмде бiрнеше рет кездесiп, оның үйiнде де болғаным бар. Ғабекең осы “Дөң асқан” романын маған “Адай баласы Дүйсенбi iнiме ағалық iлтипатпен ұсынамын!”- деген сөздер жазған өзiнiң қолтаңбасын қалдырған едi.“Дөң асқанда” етiкшi, әншi, домбырашы Қайып деген жiгiттiң белгiлi бiр бай кiсiнiң бұрыннан атастырылған жерiне ұзатылуы жақын қалған 16-17 жастар шамасындағы сұлу, әрi ән де сала бiлетiн жалғыз қызы Ақбөбекке қыз әкесiнiң шақыруымен келiп, зерленген кебiс, көксауыр сәндi етiк тiгiп беруi, арада өткен бiрнеше айлар кезiнде Ақбөбек пен Қайыптың бiр-бiрiне ғашық болып, ақырында екеуiнiң жайлаудағы елдiң қыстаққа – ойға (“Маңғыстаудың қара ойына” ) түсер кезiнде қашып кеткендiктерi шеберлiкпен әңгiмеленедi.Романда алғашқы кезде Қайыптың ғашық көңiлiн сездiрген жалынды сөздерiне, өлең жолдарына тiл қата алмаған Ақбөбек өз ықыласын тек алаулаған жанарымен бiлдiрiп, бiрнеше күн ашық жауап бермей қояды. Төзiмi таусылған Қайып бiр күнi кешке қарай тек Бөбектiң өзiне ғана естiрте:Ақбөбек  сәйкiлiкпен бұраңдайсың,Бұл жалған өтер десем тiл алмайсың.Алтайы қырдан қашқан түлкi дейiн,Ұстатпай құба жонда бұлаңдайсың!-деп ән салады.Қайып Ақбөбекке арнап осы тәрiздi жүрек қылын шертер әдемi әндер тиегiн ағытады. Ақбөбек болса бiр жағынан айттырылған жерiнiң- өзiне тең емес болашақ “күйеуiнiң” барлығын ойлап, екiншi жағынан “ел қыдырып жүрген етiкшi” деп әкесiнiң Қайыпқа қосылуына ұлықсат етпейтiнiне қиналып, iшкi сырын сыртқа шығара алмай толғанысты талай күндердi басынан өткiзедi.Шынында да “Бай мен бай құда болса арасында жорға жүредi, кедей мен кедей құда болса арасында дорба жүредi” деген мақалдың сол замандағы адамдардың әлеуметтiк ара қатынастарын дәл анықтап тұрғанындай, Қайыптың Ақбөбектi айттырып алудан үмiтi жоқ едi. Сондықтан олар басқа шешiмге- бiр-бiрiнен өлмей айрылмасқа серт бергiзген құдiреттi күш-жүрек қалауын орындауға бекiндi. Бiр күнi Ақбөбек пен Қайып қашып кетiптi деген хабар бай ауылын дүр сiлкiндiрдi. Құдалар жағының қару ұстаған адамдары аттан салып, келесi жаз шыға осы Жарқұдықта отырған Қайыптың әкесi Қорабайдың ауылының үстiнде ат ойнатып: Ақбөбек пен Қайыпты табасыңдар, болмаса дойырдың астына алып, шаңырақтарыңды ортасына түсiремiз деп зiркiлдейдi. Ақыры екi жақ бiтiмге келiп, ғашықтарды ұстауға, Ақбөбектi “құдай қосқан қосағына” қайтаруға,                                                                                                                                                                                                                                                Қайыптың ер қанаты – Керторысын және кiлем жабулы нарды айыпқа беруге сөз байласады. Осылай деп олар келiсiмге келгенмен де екi ғашықтың қайда жүргенiн ешкiм бiлмейтiн.Екi жастың құпия өмiр сүргенiне бұл кездерi бiр жылға жуық уақыт өтiп кеткен едi. Ақырында “алушыны аңдушы жеңедi” дегендей, Қайып жоқта аңдушылар Ақбөбектi қолға түсiрiп,  айттырылған күйеуiне табыс етедi. Бұл кездерде Ақбөбектің  қолында нәрестесi болады.Аң аулап жүрiп, Ақбөбектен айырылып қалан Қайып Бөбегi түскен аулдың сыртына келiп :Уа, Бөбек, кеткенiң бе серттен тайып ?,Адамды Алла айырар ерлi- зайып.            Ақбөбек танымасаң танытайын,Баласы Қорабайдың атым Қайып......Қараймын жабыЈғыңнан қаздай бойлап,Ақбөбек отыр ма екен ақыл ойлап?Адайдан алған таңдап Ақбөбегiм ,Көрмедiм қызығыңды бiр жыл ойнап...-деген зарлы да арманды әндерiн төгiлдiредi.Қайып осы ауылға қайталап келе бередi. Бiр келгенiнде :Атыңнан айналайын Бөбек деген,            Бөбек деп Қайып қасқа безектеген.Апырым-ай ауылыңда есiркерлiк,Жан жоқ па ғашық отын сезед деген ?!-деп толғанады.Бұл өлеңдi естiп отырған Ақбөбектiң адуын  енесi ауылымызға кiнә тақты- ау мына заржақ, келiнiм жақсы болмаса ол осынша ма зар еңiрей ме ? Шақырыңдар, үйге кiрсiн дейдi. Осы кезде бесiктегi бөпесiн бауырына қыса ұстаған, бұрынғы сұлулықтың нышаны да қалмаған, қан- сөлсiз Ақбөбек баланы Қайыптың қолына ұстата салып, “ осы кез едi менiң күткенiм”- деп ғашығының бетiнен бiр сүйедi де, есiктен елiктiң лағындай атыла шығып жүгiре жөнеледi , соңынан іле қуғандардың бiр де бiрiне жеткiзбеген күйi, ауылға жақын жердегi ағысы күштi өзенге батады да, көрiнбей кетедi. Қайып болса өзен жағасына барып, Бөбегiмен соңғы рет қоштасу зарын айтады да  нәрестесiн қолына алып, Керторысына мiнiп, басының ауған жағына кете барады.Ғабекеңнiң “Дөң асқан ” романындағы “Ақбөбек ” тарауы, ондағы Ақбөбек пен Қайыптың ғашықтық хикаясы осылайша аяқталады.Жоғарыда айтылған ғашықтық жырлар мен Ақбөбек- Қайып хикаясының құятын арнасы бiр-ғашықтық. Ал айырмашылығы: бiрiншiсi- эпостық, аңыздық жырлар болса, екiншiсi- қасиеттi, Маңғыстау өңiрiнде өмiрге келген, тарихилығымен, кейiпкерлерiнiң осы аймақта өмiр сүрген адамдар болуымен ерекшеленуiнде.Ендi олардың нақты кiм екендiгi, өмiрлерiнiң қалай басталып немен аяқталғаны жөнiнде бiраз әңгiмелер бар. Бұл негiзiнен тарихи деректер, онша қызық болмауы да мүмкiн дегенiмде, Сәкең: iркiлме, шаршамасаң айта бер, маған әсiресе, сол тарихи деректер ұнаңқырайды деп дем бергендей болды. Содан кейiн мен әңгiмемдi әрi жалғап кеттiм.Қайып Қорабайұлы осы бiз келе жатқан Сам құмында 1857-шi жылы дүниеге келген. Сам құмы қарапайым шаруа, өз күнiн өзi көрiп отырған Қорабайдың қоныс тепкен жерi. Жұрты осы құмның бiр қабат iшiнде. Бұл кезде тiкелей баратын жол жоқ, әсiресе, жаз айларында сусыған құмнан өтiп бару машинаға қиындық келтiредi. Қорабайдың ескi жұртында “Қорабай жидесi” деп аталған, кешегi бiр кездерге дейiн жемiс берiп келген үлкен жиде ағашы әлi де бар.1979-шы жылдың жазында Қабиболла Сыдиықов екеуiмiз келiп, сол жиде ағашын көрiп, қанша уақыт өтсе де, ешбiр күтiм көрмесе де, алғашқы дәнi түскен қасиеттi жерге тамырын терең жайып, осы кезге дейiн көк жасыл реңiн жiбермегенiне таң қалғанбыз. Осы ұйыса өскен жемiс ағашына қарап тұрып, сол замандардан берi қанша ма оқиғалардың өткенiне ой жүгiртiп, “Жыл дегенiң жылғадан аққан су”-деген мақалды еске алғанымыз бар.Қайыптың жастық шағы осы өңiрде өтедi. Елдiң iшiндегi ауқатты адамдар сәндi етiк –шоңқайма тiге бiлетiн Қайыпты айлап ұстап етiк тiккiзiп отырған. Сондай кездердiң бiрiнде руы мамыртай Есжан деген байдың ауылына етік тіккізу үшін шақырумен келген Қайып, жоғарыда  айтылғандай, ұзатылғалы отырған Ақбөбекпен кездеседi. Бiр-бiрiне айрылмастай ғашық болған екi жастың қосылуына тағдыр жазбайды.Олар бiр емес, үш рет қашса да, сәтсiздiкке ұшырап, үшеуiнде де қолға үседі. Сол қашып кету әрекеттерiнiң бiрiнде ауылға қуғыншылар келiп қалған кезде атына мiнiп үлгерген Қайып ұстатпай кетедi де, iздеушiлердiң бiрi Ақбөбектi қосақталған қойдың бауырына жасырып қойғандарын көредi. Қарап отырсақ, бұл баяғы әлемге әйгiлi Гомердiң жырындағы жалғыз көздi дәу-Циклоптың үңгiрiнен Одиссея адамдарының қашып шығу әдiсiн еске салады. Бұның өзi дүниенiң қай түкпiрiнде, қай заманда болмасын адамдар тапқырлығының бiр- бiрiне ұқсас келетiндiгiнiң айғағы iспеттi көрiнiс. Әйтпесе, дала қазақтары сол кезде Гомерді оқып-біліп, содан үйренді деудің қисыны жоқ емес пе ? Сөйтiп, Ақбөбек қолға түседi.Қайып адайдың бегей руынан болғандықтан, осы рудың азаматтары жанашырлық жасап, алдымен ел iшiндегi сөз ұстаған билерге, құран ұстаған молдаларға жүгiнедi. Бұлардан қолдау болмаған соң, Форт- Александровск (Кетiк каласындағы) уездiк сотқа арызданып, арашашы болуды өтiнедi. Бiрақ   кедейлердiң (ру аты) көп пара бергендiгiнен бегей жағының арызы қанағаттандырылмайды да, Ақбөбек атастырылған жерiне берiлсiн деген үкiм шығады. Таза махаббат үлгiсi боп ел арасына көп тараған  теңдесi жоқ әсем ән “Ақбөбек” осылай туады:Бiр құрық кесiп алдым араменен,Көшкенде көш бастаймын қараменен.Адайдан таңдап алған Ақбөбектi,Кедейлер алып кеттi параменен.- деп әнге салып, зар еңiреп жүрген  Қайып, есебiн тауып Ақбөбектi үшiншi рет алып қашады. Бұл ғашықтықтың, сертке берiктiктiң бүкiл елдi таң қалдырған айтулы оқиғасы едi. Сол күнi қалың тұман түседi де, қуғыншылар адасып қалады. Түрiкменстанды бетке алып ұзап бара жатып, “Сауысқан ” құмына iлiккенде Қайып “қуғыннан құдай қаласа құтылдық-ау”- деп қуаныш үстiнде көкiрек кере ән салады. Тағдырдың тәлкегi деген осы,  “құдай қаламаған ” екен. Осы ән оларға сор болып жабысады.   “Тұманды түннiң өрiнде”(Лермонтов) салынған бұл ән ойды- қырды аралап, естерi шығып жүрген қуғыншылардың құлағына шалынады да, көп ұзамай-ақ олар қуып жетедi де, Ақбөбектi үшiншi рет қолға түсiредi. Елiне риза болмаған әлем әдебиетiндегi Ромео, өзiмiздегi Қозы Көрпеш тағдырлы Қайып ақын Бес қалаға, одан Жиделi Байсын арқылы сонау Тәжiк жерiне кетедi.Қайып пен Ақбөбектiң ғашықтық хикаясы, олардың ақырында бiр-бiрiне қосыла алмай өткен өкiнiштi өмiрi жайлы белгiлi  ақын Уәйiс Қайралапов пен Берiк Қорқытов драмалық шығарма жазып, ол пьеса бiр кездерде мәдениет үйлерiнiң сахыналарында қойылған   болатын.Сондай-ақ, қатыгез заманның, бiрiн-бiрi сүйгенi үшiн тағдырдың тәлкегiне түскен екi жастың азапты өмiр жолдарын, көрген жан төзгiсiз қиындықтарын, олардан тараған ұрпақтардың кәзiргi кездегi тiрлiктерiн- бәр-бәрiн тәптештеп зерттеген, осыларды жүйрiк қаламымен жұртшылыққа паш еткен белгiлi ғалым, зерттеушi Қабиболла Сыдиықов едi. Ол зерттеу мақсатымен әдейi барған сапарында Қорғантөбе жерiнде өмiр сүрiп жатқан Қайыптың немересi Әбдiсамат қарттың қолында сақталған Қайыптың домбырасын Маңғыстау өлкетану музейiне әкелiп тапсырған болатын.Маңғыстау елiнде атағы аңызға айналған Ақбөбек сұлу мен етiкшiлiк, әншiлiк өнерi бар  жiгiт Қайыптың махаббаты жайлы ән- жырлар көп тараған. Екеуiнiң бір- біріне деген ғажайып махаббат сезiмдерi өле-өлгендерінше, Естай мен Қорландай ажырамаған  деп айтылады.Осылай деп Ақбөбек пен Қайыптың қашықтық хикаясын аяқтаған кезiмде дiттеген келесi бiр мекен жайға да келiп жеттiк.-Рахмет саған Дүйсенбi, Қайып пен Ақбөбек жайында халық аузында айтылатын бұрынғы естiгендерiмiздiң үстiне де бiр қатар мәлiметтер алып қалдық -деп риза болған сыңай танытқан Сәкең, менiң көңiлiмдi көтерiп тастады.Осы жерде Саламат Мұқашұлы: “Мен Ақбөбек пен Қайыптың ғашықтық хикаясына опера жазса, кино түсiрсе деп кездескен композиторларға, режиссорларға, драматургтерге жармасатыным бар. Өлеңi дайын, поэма жазылды, әдемi әнi нотаға түсiрiлген. Жоғарыда өзiң айтқандай, Уәйiс Қайралапов пен Берiк Қорқытовтың драмалық шығармасы бойынша “Ақбөбек” деген пьеса Гурьев пен Маңғыстау театрларының сахнасында қойылды. Мазмұны қандай тамаша, драма да бар, махаббат пен ерлiктiң үлгiсi де жеткiлiктi, кәзiргi шаққа сай келетiн деректер қанша. Оған қоса Маңғыстаудың ғажайып табиғатын,  жер- су бедерлерiн, таулары мен каньондарын көрсетсе. Өзiмiзден бiр композитор шықса, әттең”- деп, ойға шомғандай болды. Бiздер Сәкеңнiң өз ұлтының тарихын, өнерiн қастерлейтiн шынайы  пiкiрiне бар  ықылас- ниетiмiзбен қосылып отырдық.