ВЕРНУТЬСЯ

(Балалық шақтың естелігі)

 

       Қыс...

Күн батып, ымырт үйіріле бастаған
мезгіл еді. Үйдің ішіне қара көлеңке үйелеп, қараңғылық қоюлана түскен.

Ортан белінен қойдың кептірген
қарнымен жамаған сықсима екі терезе біздің атам заманғы итиген шым үйімізді
онсыз да өмірі жарыққа жарытып көрген емес.

Мен салқын тиіп ауырып жатыр
едім. Терлеп көзім ілініп кеткен екен. Ұстарамен тып-типыл етіп қырғызып
тастаған тақыр басымды әлдебіреу дөрекі алақанымен сипағандай болды... Денем
тітіркеніп шошып ояндым. Ұйқылы көзіммен қарасам, қасымда еңгезердей біреу
отыр. Оның қожыр-қожыр бұжыр бетіне секемдене қарадым. Анадай жерде, сол жақ бұрыштағы
қиқиған аласа төсек ағаштың алдында сұлық отырған кәрі әжем жамбасымен жылжып
келіп, маған жақындай түсті.

-        Басыңды
көтер, қарағым... Серкеш жездең келді,-деді.

Менің шешем, оны мен апа деп
атайтынмын, мұндана сөйлеп, терезе алдында шамның шөлмегін сүртіп тұр.

-        Аурудан
шықпай-ақ қойды... Қымс етсе, қалпақтай түседі...

Серкеш мені мүсіркеп, мандайымнан
иіскеді, екі бетімді алма-кезек сүйді.

-        Жасында
көп ауырса, өскенде дені таза болады,- дегенде оның үнінен айтқаны айнымай
келетін, еш уақытта бекер сөйлемейтін, ақылды жанның лебізі аңғарылды.

Әжем Серкешке қарап отырып:

-        Атынды
доғарып, жабулап отырсаңшы,- деді. Сонда сыпсың құйрық, қайқы бел, маймақ аяқ
бурыл ат, өмірі оның үстінен түспейтін сауыс киіз жабуы, қайқы басжадағай
шанасы есіме түсті.

Жездем тысқа шығып, атын жайлап
келді. Апам шам жағып, іңір шайының камына кірісті.

Серкеш әкем қайтыс болғаннан бері
біздің үйге жиі келетін. Жүзінен мейірімділігі көрініп тұратын момын адам. Ол
келгенде көңіліміз көтеріліп, бір жасап қаламыз. Өзі күні-түні ертегі айтудан,
қызықты қиссаларды бізге оқып беруден бір жалықпайды. Өзінің айтуында «түрікше
хат танырлық» білімі ғана бар... Ептеп домбыра шертеді... Бойындағы бір
кемшілігі құлағы мүкістеу, ақырын айтқанды естімейді.

Серкеш жездемді көргеннен-ақ
бойым көтеріліп, көзім шырадай жанды. Орнымнан атып тұрып, мойнына орала
кеттім. Ол менің бетімді аймалап қайта-қайта сүйіп жатыр.

-        Оқуды
көбейттің бе?-деп менің көзіме тура қарады.- Кітап оқи аласың ба? - деді. Ірі
әріппен басылған жеңіл-желпі кітаптарды оқуға ғана шамам келетін.

Серкеш өкінген пішінмен тандайын
қағып, басын шайқады.

-        Арабтың
шатпағымен баланың басын қатырғаннан басқа молда не үйретеді дейсің? Түрікше
жазылған қиссаларды, жеңіл-желпі кітаптарды өз бетіңмен көп оқып, тілінді
жаттықтыра бер - деп, маған ақыл айтты.

-        Ағанды
сағындың ба? -деді ол бір кезде маған.

Мұны айтқанда оның әдетте
қырылдаңқырап шығатын жуан даусында әлденендей діріл пайда болды.

-        Сағынғанмен
ағсы келе ме?- дегенде әжемнің даусы жасқа булығып, баяу шықты.

-        Сағындым...-
дедім мен көзіме келіп қалған жасты әрең іркіп.

Әжем екеуміздің соңғы сөзімізді
естімесе керек, Серкеш алғашқы айтқанын екінші рет қайталады.

-        Баланың
көңілін бұзып қайтесің,- деді әжем оған естірте.

Сонда Серкеш маған аса бір
мейірімді жүзбен қарап: - Тау... дай жігіт бол, ағаңның атын жоғалтпа,-деді.

Жездем өзінің осы тілегін келген
сайын айтады. Айтқан сайын бойым өсе беретіндей бір ғажап әсер пайда болады маған.

Серкешке риза болған әжемнің оған
айтар жауабы да өзгермейді.

-        Құлыным
әлі-ақ ер жетер, бірақ ол өсіп жігіт болғанша ес кетер...

Неліктен екенін қайдан білейін,
әжем соңғы кезде кілең өлендетіп, ұйқастырып сөйлейтін болды. Ол сонау алыстағы
Ертіс бойын мекендейтін төркін жұртын, ата-бабаларымыздың Баянауылдан осы жерге
жаяу-жалпы шұбырып келгенін еске түсіріп, өлендетіп кететін. Өзі «әліпті таяқ»
деп білмесе де, біреуге қисса оқыттырғыш-ақ. Өлең-жырды да құмартып тындайды...

-        Мұның
өзі де,-деп Серкеш әр жерінде теңбіл жамауы бар қоңыр шапанының қойын қалтасынан
бір қалың қара дәптерді суырып алды. Бөлменің ішін жаңғырықтырып қатты жөтелді
де, дәптердің беттерін бір-бірлеп ақтарып отырып сөзін ілгері созды:- Бұл бар
ғой, әдеттегідей, Қазандағы Каримовтар нашриятында тасқа басылған кітап емес...
Мына, Бейсен баласы Серкеш пақырдың өз қолымен жазылған ерекше кітап. Мұнда
жазылған өлендерді Құнанбай баласы Абай дейтін үлкен ақын шығарған. Оның
сөздері шәлдірік ақынсымақтардың сөзіндей емес, таптырмайтын қымбат өлең...
Әжем мен апам Абай жайын құштарлана сұрап еді, Серкеш былай деп жауап берді:

-        Сонау
Қарқаралының ар жағында, Аягөздің бер жағында, Шыңғыс тауын мекендейгін Тобықты
деген қалың ел бар... Қазақтың атақты дана ақыны Абай Құнанбай баласы сол жерде
туған.

-        Ол
кісі тірі ме?- дедім мен.

Сонда Серкеш өзінің қимас
туысынан айрылған мұнды жандай қабағы түнеріп, қинала жауап қатты:

-        Өлгеніне
биыл аттай он бір жыл болды... Төртінші жылы қайтыс болыпты, сабаз... Ойланып
қалды да үзілген сөзін қайта жалғап әкетті:- Ондай адамды өлді деуге
болмайды... Себебі - «артында өлмейтұғын сөз қалдырды»...

Абай өлендері жазылған бір дәптерді
Қарқаралы жағынан жер ауып келген бір жігіттен қоярда-қоймай сатып алғанын
айтты Серкеш.

-        Биыл,-
деді ол,- табаны күректей он дәптерге көшіріп, ел арасына тараттым... Абайдың
өлендерін, тіпті, итарқасы қияндағы Қарағойың - Қашырлы еліне де лек-легімен
жөнелттім.

Серкештің қолында тамаша жақсы
өлендер бар дегенді естіген елдердің адамдары алыстан ат сабылтып іздеп келіп,
қолқалап көшіртіп алады екен.

«Біреудің сөзін сатып күнімді
көрмей-ақ қояйын, бір тиын алмаймын»,- дегеніне қоймай ақы төлейтін болыпты.

Өзі ғажап ертегілер айтқанда
немесе біреуге қисса оқыттырып тындағанда, жабылған қабағын бір ашпайтын,
әжімді ашаң жүзі сұрланып, нұрсыз қара көзі жасаурап отыратын әжем осы арада
шүғыл өзгерді. Жүзіне жұқалаң қан жүгіріп, көз жанары өзгеше бір жаңа жосықпен
мөлдірей қалды.

-        Абай
деген елден асқан ақын бар дегенді бұрын да еститін едім... Сөзі де құлағыма
еміс-еміс шалынатын еді. Бұйырса, сенің арқанда оқытып бір кенелейікші,- деп
Серкешке ризалық көңілін білдірді.

-        Біздің
ауылдың жігіттері Абай өлендерінің көбін жаттап алды,- деді Серкеш,- жақсы сөз
жата ма, бір елден бір елге тез тарап кетті... Мен өзімнің елу жыл жасаған
өмірімде мұндай асыл өленді естіген емеспін...

Жыл сайын Атбасар базарында құранды
бірдеңелерін айтып, ақша жинап алағын анау ақынсымақтар Абайдың ширегінеде
келмейді...

Ауыз үйдегі шаруасын тындырып
келген апам әжемнің сол жағына орнығып отырды. Кимешегінің алқымынан шығып тұрған
бір шоқ шашын жалма-жан жасырып қойып, Серкешке естірте қатты сөйледі:

-        Абайдың
өлендерін әнге қосып, домбырамен айтсаң қайтеді, жезде!

-        Бұл
секілді асыл өлендерге менің майсыз арбадай барылдаған даусым пар келмейді
ғой,-деп, болар-болмас мырс етті Серкеш...

-        Қайтер
дейсің, тәйірі. Мұнда бөтен жерден кім бар... Айта берсейші,- деп дем берген
әжеме Серкеш жауап қатқан жоқ. Үйінен ала келген көне қара домбырасының құлағын
қатайтып, бұрап-бұрап жіберіп, дыңғырлатып күйіне келтіріп алды.

-        Әуелі
Абайдың бір өлеңін домбыраға қосып айтып берейін,- деді ол.

Біз құлаққа ұрған танадай тына қалдық.
Ол бастап жіберді:

...Алыстан сермеп, Жүректен
тербеп.

Шымырлап бойға жайылған... Қиядан
шауып, Қисынын тауып, Тағына жетіп қайырған...

Қара домбыраның қос ішегін
іліп-тартып, пернелерін нық-нық басқанда салалы саусақтары жып-жып етеді.
Барқыраған жуан даусын көтере созып, біраз шалқып-шалқып алды да, домбырасын
көлденең ұстап, кілт тоқтай қалды. Көңілді пішінмен тісін ақситып, көзінің кұйрығындағы
сай-сай әжімдері жиырылып тағы да әндетті:

Домбыра екі шекті, сегіз перне,
Жарасар әшекейлеп айтсам терме...

-        Абай
сөзінің қасында осы да өлең болып па?..

Серкеш Абайға қайта оралды. «Тағы
да, тағы да!»-деп әжем мен апам құмарта құлдық ұрды, олармен қосарланып мен де
жалынамын. «Қалай екен? Абай сөзі сендерге ұнады ма?»-деп Серкеш домбырасының ішегін
жайымен шертіп қойып, жайнаң қағады.

Молданың алдын көргеніме бір-ақ жыл
болса да, ой-өрісіме саңылау кіре бастағанын осы арада анық сездім.. Жақсы
сөздің парқын айыра бастаған сияқтымын. Әжемнің ертегілері маған аспаннан,
қалың қара бұлт арасынан бұлдырап елес беретін тұрлаусыз бірдеме сықылды болып
сезілетін еді... Ал, мына Серкештің аузынан естіген Абай сөздері тулағыш жас
жүрегімнің нәзік қылын дәл басқандай, шөлімді қандырғандай, бойым мен ойымды
лезде билеп алды.

Ішінде іліп алар бір мүлкі жоқ,
тар бөлмеміз далиып, кеңейіп кеткендей болды... Әжем мен апам рақаттана масайрады.

Бойына нық орнап қалған дерттен
бірте-бірте сауыға бастағанынды сезіну қандай! Бұл - балаға да, ересек адамға
да ортақ сезім. Өмірге жаңа келгендей жаның жадырап, ауызбен айтып жеткізе
алмайтын бір рақатқа батасың... Күн көзіне, жер бетіндегі тіршілік суреттеріне құмартып
қарайсың... Абай сөзін алғаш естігенде мен нақ осындай күйге түстім.

-        Өзің
оқи аласың ба?-деді Серкеш қара дәптерді маған беріп жатып.- Әлде оқып берейін
бе?

-        Окуға
былтырдан бері ғана барып жүр ғой, онда да оқығанынан ауырып жатуы көп,- деді
әжем мұңайып.- Қарасын ептеп танығаны болмаса, мүдірмей оқи алар дейсің бе?
Бәріміз де тындайық, өзің оқысайшы.

Шай ішіп болғаннан кейін Серкеш
қалың қара дәптерді қолына алып, сығырайған жетілік керосин шамның жарығымен оқуға
кірісті. Біраз оқығаннан кейін әжемнің қабағы онан сайын жадырап кетті.

-        Қиссаларды
оқытқанда сөздерінің көбіне түсінбейтін едім... Шырағым-ау, мына Абай ақынның
сөздері тайға басқан таңбадай сайрап тұр ғой, өзі... Көңілімді ашып жібергенін
қарашы!-деді.

-        Менің
де қараңғы көкірегімді шайдай ашты Абай сөздері,- дегенде, Серкештің даусы
қоңыраудай сыңғырлап шықты.

Абай сөздері менің де құлағыма
жағып барады. Оқыған сайын көкірегім ашылып, елігіп, құмарта түстім.

-        Бұл
өлендерді оқыдың деп молда балама дүре соқпай ма?-деп әжем Серкештің бетіне
жаутандай қарады.

-        Молдадан
жасырып оқы, кірлетпей ұста...

Абай өлендерін біраз оқығаннан
кейін Серкеш оң тізесін басып, аузына телміріп отырған маган мейірімді шыраймен
қарап былай деді:

-        Көрдің
бе? «Ғылым таппай мақтанба»,- дейді Абай. Ол - дана адам. Онысы: оқы, үйрен,
өнер тап дегені. Оқысаң қор болмайсың.

Серкештің бұл айтқаны менің
көкейіме қонып, көңіліме жағып кетті. «Оқы, үйрен, өнер тап» дейді, қандай
жақсы сөз.

Әкем қайтыс болғалы екі жыл.Содан
бері қабағымызды ашып, езу тартып көрген жоқпыз. Қит етсе, өксіп-өксіп жылай
береміз. Біздің үйдің осы күйі тапжылмас дағдыға айналып еді. Көл-көсір көз
жасы бізді биік құздың басынан домалаған тас секілді төмен құлдырататындай көретінмін.
Сол шақта менің қиын істің мәнісіне терең бойлай алмайтын, көзімнің алдында
көрініп тұрған сәл нәрсенің өзін шала шырамытатын, бастан кешірген ауыр халдің
жеңілдігін тек көз жасынан іздейтін бала жүрегім Абай сөзінен бір үлкен, жаңа
нышанды, жылы лепті аңғарғандай болды. Бірі жарқын елес беріп, қайсы бірі қайғы
тұманындай түнере сезілетін,- әйтеуір алуан сипатта аласұрып үйіріле тоғысатын
балалық шағымның сансыз көп сезімінің бәрінен Абай сөзі биік тұрғандай, өзіне құлата
тартып барады.

-        Абайдың
осы өлендері менің саған тартқан сыйым болсын,- деді Серкеш.- Қағаз тозады, өшеді...
Жаттап, көкірегіңе жазып ал!

Мен үнсіз басымды изедім