ВЕРНУТЬСЯ

         Адамның өмірінде, кезінде жай бір
елеусіз өткінші оқиға сияқты көрінгенімен, кейіннен ұмытылмастай болып есте
қаларлықгпай жәйттер болады. Менде де Сейітжан ағамен байланысты, қашан еске
алсам да, жүрегімде ерекше бір жылы сезім туғызатын мынандай бір сәт болғаны
бар.

1954 жылғы жаздың аптап күндері.
Күнтізбеде тамыздың соңғы күндері өтіп кетсе де, біраз қызуын қыркүйекке аманат
етіп лебімен әлі де бетке ұрып тұрған. Оның үстіне қаламгерлер қауымы өзінің
кезекті құрылтайына қауырт әзірленіп, соның қызуы жазушылар жүрегінде шабыт
отын одан сайын шалқыта түскендей еді.

Оның өзіндік себептері бар-ды. Бұл
үшінші құрылтай арада өткен Ұлы Отан соғысының отты күндерін қосып алып, тура
он бес жылдан кейін шақырылғалы отыр. Осы тұста республиканың саяси өмірінде де
елеулі өзгерістер болған. Казақстанның тың жерлерін жаппай көтеру науқанына
байланысты республикада басшылық өзгертіліп, Мәскеуден П.К.Пономаренко,
Л.И.Брежнев сынды партияның сенімді өкілдері келген. Соған орай жазушылар
жиынына бүкіл жұртшылық назары түгел аударылып отырған.

Мен ол кезде Қазақстан
Компартиясы Орталық Комитетінің Насихат және үгіт бөлімінің атынан қазақ және
орыс тілдерінде шғеарылатын «Үгітші блокнот» атты шағын журналдың жауапты редакторы
болып істейтінмін. Жазушылар одағымен тікелей байланысым шамалы. Күнделікті
баспасөз беттерінде әдебиет тақырыбына оқта-текте рецензия, сын мақала жазып,
көркем әдебиет баспасында аударма жұмысына араласа бастағаным болмаса, шығармашылық
үдеріске іштей белсене кіріп кете қойғаным жоқ. Сондықтан одаққа да мүше
емеспін.

Бірақ құрылтай жұмысына
қатынасуды өзіме борыш санадым да, соның қандай мүмкіндіктері бар екен, шақыру
билеті беріле ме екен деген оймен, жиының ашылар қарсаңында одаққа бардым.
Сөйттім де, Басқарманың жауапты хатшысы Сейітжан ағайдың кабинетіне кірдім.

-        Бәрекелді,
Жұмағали, сені енді ғана іздегелі отыр едім, жақсы келдің, - деп Секең мені ашық
шыраймен қарсы алды. Атымды атап сөйлегеніне ішім жылып кетті. Қысқа амандықтан
кейін үстелінің үстінде үйіліп жатқан көп қағаздардың ішінен бір жақ бұрышы сым
қыстырмамен бекітілген, қалыңдығы әжептәуір бір мәтінді ұсынды.

-        Мынау
Мұхаңның драматургия жөнінде құрылтайда жасайтын баяндамасының орысша нұсқасы. Қазақшадан
аудартып алғанбыз. Ол кісі қолжазба күйінде көз жүгіртіп қана қарай алған. Қазір
қонақтардан қолы тимей жатыр. Машинкадан кейін оқылған жоқ. Орысша келмей тұрған
жері болса жөнде, сөз, әріп қателері болса түзет, сонан соң мәжіліс кезінде
микрофоннан орысша оқисың. Ал мәжіліс бастан-аяқ қазақша жүргізіледі. Тәртіп
солай. Сондықтан баяндамашы мінбеден сөйлеп тұрғанда, сен микрофоннан ілесіп
отырып, таза, сауатты орыс тілінде оқып шығасың. Мынау - залға кіретін рұқсат
қағаз. Театрдың жоғарғы қабатында микрофон орнатылған арнайы қызмет кабинеті
бар. Тура соған өт те, алдын-ала барып орналасып ал. Кезегіңді сол жерден күт.
Басқа аудармашылар да сонда болады.

Секең маған ойда-жоқта осындай
өте құрметті де жауапты тапсырма беріп, жақсы тілекпен шығарып салды. Айтқандай-ақ,
үйге келгеннен кейін баяндама мәтінін екі мәрте оқып шықтым. Аудармашыдан
кеткен кейбір олпы-солпыларын қарап, машинкадан кеткен қателерін жөндеп,
мазмүнын меңгеріп алдым да, құрылтай басталар күні ертемен тиісті жұмыс орнынан
табылдым. Жұрттың бәрі абыр-сабар, заңды түрде толқу үстінде. Аудармашылардың
көбі мұндай жұмысқа бұрын тартылмаған, кәдімгідей қобалжығандары байқалды.

Ал мен болсам, бұған дейін
«Коммунист» журналында істеп жүргенде, партияның республикалық екі құрылтайының,
Алматы облыстық партия конференциясының жұмысына, тағы бірсыпыра ірі жиындарға
осындай ілеспе аудармашылар тобы арқылы қатынасқанмын. Ептеген тәжірибем бар
және мендегі баяндаманың мәтіні жұрт тыңдарлық мазмұнды екен. Сондықтан онша
көп алаңдағаным жоқ.

Міне, құрылтайдың ашылу салтанаты
басталды. Оны қысқаша кіріспе сөзбен тағы да Мұхтар Омарханұлы ашады екен. Оның
ілеспе мәтінін еліміздің белгілі аудармашысы, өзі жауапты лауазым иесі және жұрттың
айтуынша, Әуезовтің өзімен жақсы қарым-қатынастағы бір ағамыз оқымақ. Ол іске
кірісіп кетті. Біз сілтідей тынып отырмыз. Залды көрмейміз. Не болып жатқанынан
хабарымыз жоқ.

Сөйтсек, «алғашқы күлше күлді адам
дегендей», жұмысымыздың басы сәтсіз болыпты. Әлгі беделді ағамыз, сасқалақтап
отырып, мәтінді оқи жөнелгенде, микрофонның шүріппесін көтермей, жабық
күйіндегі аппараттың алдында суылдата беріпті. Тыңдаушылардың қолындағы аспалы
репродукторларда үн жоқ. Үлкен зал лық толы жұрт, әсіресе төралқа үстелінде
отырған басшылар, сырттан келген құрметті меймандар бір-біріне қарасып, аң-таң
күйде отырып қалыпты.

Бұдан кейінгі одақтың басқарма
төрағасы жасаған негізгі есепті  баяндама
да, жұрттың пікірінше, онша ойдағыдай шықпаған. Осының бәрі алғашқы үзіліс
кезінде қынжыла айтылып, біздің тобымызға қатты ескертулер жасалып жатты. Міне,
осындай көңілсіздік жағдайда жарқ еткен сәуледей Мұхаңның баяндамасы өз сөзінің
бабымен бар мазмұнын түгел жеткізе жатық тілде жеткізілген болып шықты. Соны
естіген Мұхаң үзіліс кезінде мені шақырып алып, өзін айнала қоршаған меймандар
алдында маған ризалық білдіргені бар. Сонымен бірге бұл жұмыс ұлы Мұхаңмен
менің кейінгі жылдары тығыз араласуыма алғаш рет жол ашып еді.

Осы абырой үшін мен ең алдынмен
Сейітжан ағамызға қарыздар едім. Сол қарызымды өзі өтегендей болып, құрылтай
кезіндегі бір жолыққан сәтте рақметін айтып, арқамнан бір қаққаны арқылы менің
есімде мықтап орнығып қалған.

Сейітжан Омарұлымен бұдан кейін
тығызырақ және ұзағырақ араласқан кезім - 1962 жыл, мен Мәскеуден Крымдық ғылымдар
академиясын бітіріп келіп, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактор болып қызмет
істеген жылдарым болды. Сейітжан аға мен келгенде газеттің редакциялық алқа
мүшесі екен. Сол кездерде қазіргіден бір ерекшелік: редакциялық коллегия алқасы
Қазақстан КП Орталық Комитетінің бюросында бекітілетін және оның құрамында бас
редактордан басқа редакция ұжымынан ешкім кірмей-тін. Бізде алғаш бекітілген
жеті мүше екен. Содан Мұхаң ол кезде қайтыс болып кеткен. Хамит Ерғалиев,
Мұқаметжан Қаратаев, Сейітжан Омаров, Қуандық Шаңғытбаев бесеуміз болдық.
Солардың ішінен менің қызмет барысымда көбірек араласып, жиі ақылдасып, пікір
алысып тұратын адамым Секең болды.

Мынадай бір мысал келтірейін. Сол
алпысыншы жылдардың бас кезінде республикадағы театр өнерінің халі мүшкіл екен.
Әсіресе кадр мәселесі қатты алаңдататын жағдайда көрінеді. Белгілі театр
сыншысы, талантты драматург ретінде танылып қалған Қалтай Мұхамеджанов газетке
осы мәселе жөнінде проблемалық мақала жазып әкелді. Біз оны ұнаттық. Дегенмен,
редакциялық алқа мүшелерінің пікірі керек болды. Сонда қолымызға түскені қадірменді
Сейітжан аға еді. Ол кісі мақаланы дереу оқып шықты да, бастан-аяқ мақұлдап
пікір айтты. Дереу газетке беру керек деген ұсыныс енгізді.

Мақала сол кездегі театр жұртшылығы
тарапынан түгел қолдау тапты. Алдымен Мәдениет министрі Ғалымжанова телефон шалып,
өздерін белгілі дәрежеде сынап отырғанымызға қарамастан, мақаланы түгел мақұлдайтынын
білдірді. Содан кейін басылымды министрліктің алқа мәжілісінде талқылап, ондағы
көтерілген мәселелер төңірегінде кең көлемді шаралар кешенін қабылдады.

Сейітжан Омарұлы алқа мүшесі
ретінде біздің республика өмірі аясында саяси-бұқаралық, экономикалық,
әлеуметттік мәселелерді мәдениет саласымен ұштастыра, кеңірек көрсету жөніндегі
шараларымызды да қызу қолдап отырды. Осы бағыттағы жарық көрген материалдарды
жете қадағалап, жақсы жақтарын көрсетумен бірге кейбір жаза басқан жерлерді
аңдатып отыратын, ойына келген жаңа тақырыптары болса, алқа мәжілісін күтпей-ақ
редакцияға өзі келіп айтатын.

Жазушы Сейітжан Омаровтың өз шығармашылық
мұрасы да өте тағылымды екенін атап айту керек. Ол көркем қара сөздің танымал
шебері еді. Оның қаламынан туған хикаяттар мен әңгімелер әдебиетімізге қосылған
асыл қазына ретінде танылған. Әсіресе, шағын жанрдағы қазақ әңгімесі ұзақ уақыт
кештеу қалып, өрісі кеңейе алмай жүргенде Сейітжан Омаров әңгімелері осы
олқылықты толтыруға қызмет етті.

Сейітжан аға көркем прозаның жұрт
таныған көрнекті өкілі болатын. Оның шығармаларының тақырыбы мен композициялық
құрылымы, сюжет құру шеберлігі, кейіпкерлерінің жанды бейнелілігі, әсіресе, тіл
құнары жас прозаиктердің талай ұрпақтарына тағылымды мектеп болып табылды.
Секеңнің жалпы ой-өрісінің кеңдігі, энциклопедиялық білімдарлығы, сауаттылығы, қазақша-орысша
тіл байлығы әрдайым ерекшеленіп көрініп тұратын.

Мінезге бай кісі еді. Оның өз
басының мәдениеті, сабырлы, салиқалы адамгершілігі, биязы жұмсақ парасаты өзі
қатарлы замандастарына да, жасы кіші ұрпаққа да үлгі-өнеге еді. Секеңнен тағылымды
тәрбие алған балалары Света, Мерей, Керей, Жанайлар да әке аманатына адал,
аптал азамат болып өсіп, қазіргі тәуелсіз елімізге өз еңбектерімен жемісті
қызмет етіп жүргені де Сейітжан ағамыздың әкелік, аталық борышының ақталғаны
деп білеміз.

Ешкімге жамандық ойламайтын,
әрдайым ақ пейіл ниетімен, баршаға ортақ тілектестігімен, туган елі мен сүйген
халқына сіңірген жемісті еңбегімен Сейітжан ағамыз бүгінде біздің арамызда,
өзінің жауынгерлік сапында жүр деп ойлаймыз. Оның жарқын бейнесі әрдайым біздің
жүрегімізде.

 

 

                                                             
Жұмағали ЫСМАҒҰЛОВ, профессор