ВЕРНУТЬСЯ

        Москва - Алматы ұшқыр поезі
оңтүстікке бет алып жүйткіп келеді. Ұлылы-кішілі талай станциялар мен разъездер
әп-сәтте бұлдырап артта қалып жатыр.

Күн көкжиектен көтерілген
мезгілде поезд Орынбор қаласынан өтті. Жұмсақ вагондағы жолаушылар орындарынан
тұрып, төсек-орындарын жинастырып жатыр. Ертерек тұрып, бойлары сергіп қалған
кейбір жолаушылар көктем шағында көкорай шалғын жамылған, көк майсаға бөленген
әсем далаға вагон коридорының жібек перделі терезелерінен қызыға қарасады.

Вагонның арт жағындағы шеткері купеге
екі адам ғана орналасқан. Неліктен екенін кім білсін, үстіңгі екі орын бос тұрғанына
екі күннен асып барады. Оң жақтағы төменгі орында жатқан қартаң әйел әлдеқашан
оянса да, орнынан тұрмай ұзақ жатты. Түйе жүн жасыл көрпеден басын қылтитып
шығарып, көзге керінбейтін бір ноқатқа тесіле қарайды.

ФД паровозының серпіні күшті
жүрісінен пайда болған дамылсыз «тук-тук» әні осындағы жолаушыларды минут санап
ілгеріге алып тартқандай. Сол бір әрі мазасыз, әрі бойға қуат қосқан серпінді
үнді өз жүрегінің кең тынысындай сезінеді әйел.

-        Тұрмайсыз
ба?- деген жіңішке дауыс шыққан жаққа жалт қараса, купенің айналы есігін еппен
ашып кіріп келе жатқан өзімен бірге орналасқан қазақ жігіті екен.

-        Асыққанда
қайда барам, тұрам ғой,- деп сыпайы жауап қатты әйел. Көрпесін қымтай түсіп, дұрысталып
жатты.

Жігіт өзінің төсегіне жайланып
отырды да, сыпайы пішінмен әйелге:

-        Әлгінде
станциядан шай әкеп ем, ыстықтай ішсек қайтеді?-деді.

-        Тұрайын
ендеше...- деп әйел қозғалақтай бастады. Оңаша киінсін деп жігіт коридорға шығып
кетті.

Купенің қарсы алдындағы жалпақ
терезенің ернеуіне сүйеніп тұрып жігіт ойға батты: «Өңінің мосқалдығына қарағанда
алпыстың жуан ортасына кірген әйел секілді. Кеше бір сөздің ретінен «Елу төртке
биыл шықтым»,- деді ғой... Бет-ажарына беймезгіл түскен кәрілік іздері өткен
күндердегі ауыр азабының белгісі болар...»

Әйелмен ашыла әңгімелесіп, ел
жайын, өзінің жағдайын сұрап білмекке бекінді жігіт. «Кім деп айтсам екен», -
деген ойдың түйіні «апаға» сайды.

Купенің есігін үнсіз қақты жігіт.

        - Кір!-деген жауап алуы-ақ мұң екен,
еппен кіріп, төсегінің бас жағында, еденде тұрған ақ қалайы шайнектің қақпағын
ашып көрді де:

- Суыңқырап қалған ба,
қалай?-деп, сәл көңілсіздігін аңғартты. Купе терезесінің ернеуіне қиыстырып
орнатқан шағын үстелге бар тамағын жайып салды. Қымбат конфет, тәтті печенье,
борықтай жұмсақ ақ нан, қойдың піскен семіз сүбесі, шақпақ қант - үстел үстін
жайнатып жіберді.

Бұлар шай ішуге кірісті. Жігіттің
сый-құрметіне мейлінше риза болған әйел: «Жол көрген, иман жүзді бала екен»,-
деп ойлады. Әйел әдепкіде сыпайылық сақтап, тамаққа бірден сұғынып кетпеп еді.
«Алыңыз, апай, алыңыз, кімнен ұяласыз?» - деп жігіт еркіне қоймады.

Қант салған қою күрең шайды қанып
ішкен соң әйелдің мандайы тершіп, ұйқыдан құрысып қалған бойы жазылып кетті. Жігіт
те өз әлінше шайқор екен, одан қалыспай таусылғанша ішті. Қызара бөртіп,
бетінен мөлдіреп шыққан ыстық терді көкжиекті ақдабы орамалымен қапсыра сүртіп
қояды.

Тым-тырыс үнсіздіктен жігіттің
іші пыса бастады. Әйтсе де сөзді неден бастаудың қисынын таба алмай отыр еді. Қорғаншақтап
отыр ма, әлде аузы сараң бір жан ба, кім білсін, әйел де «рақмет, болдымнан»
әріге барған жоқ.

Жігіт Ленинградтан келе жатқан.
Москвадан шыққалы плацкартты вагонда еді. Кеше бос орын бар екенін біліп, жайлы
болсын деп, осы жұмсақ вагонға келіп орналасқан. Келген әзірде амандық
айтысудан әрі аспай, төсегіне жатып қалған.

Шайды ішіп, қалған тамақтарын
жинастырғаннан кейін жігіт сөз бастады:

-        Барыс
қай жер, апай? Қайдан келе жатырсыз?

Жігіттің жөн сұрауын асыға күтіп
отырғандай-ақ, әйел іле-шала сөйлеп кетті. Сонда әйелдің айтқанынан жігіттің ұққаны
мынау еді: Москваға барып қайтыпты. Өзі Оңтүстік Казақстан облысындағы «Еркін
еңбек» колхозында тұрады екен. Өз өмірінің егжей-тегжейіне бармады әйел. Тіпті,
колхозда не қызмет атқаратынын да айтқан жоқ.

Жөнін сұрағанда жігіттің айтқаны:
Ленинградтағы ауыл шаруашылығын механикаландыру институтын 1938 жылы бітіріпті.
Псков облысында қызмет істепті. Төрт жыл бойы армияда болып, Ұлы Отан соғысына
қатысыпты. Төрт рет ауыр жараланыпты. Берлинге шейін барып қайтыпты. Армиядан
былтыр босапты. Әйелі мен екі баласы қазір Ленинградта тұрады екен. Қазақстанға
қызметке келе жатқан көрінеді.

Сөз арасында әйелі мен екі
баласының жеке-жеке түскен суреттерін де көрсетіп үлгерді жігіт. «Қазақстанның
қай жерінікі едің?» -деп сұрайын деп отырғанда, араға жаңағы суреттер араласып
кетіп, әйелдің есінен тарс шығып кетті.

Жігіттің жібектей мінезі, дәмді
де жылы сөзі әйелдің жүрегіне жағып барады. Сәл еңкіштеу келген, ат жақты, тік
мандайлы, қыр мұрынды ақ кұба жігіт. Ақша бетінің ұшындағы солғын қызылы
сипатына өзгеше бір жарастық қосқандай. Сақал-мұртын қырып тастапты. Жасы
отыздың ішіне кіргені көз қиығындағы елеусіз әжім сызықтарынан танылғандай.
Жатқыза қарсы қайырған көмірдей қара шашы, сәл шығыңқы қабағына сай біткен қою
қара қасы - сүйкімді бетінің ажарын арттыра түседі.

Сөз басталғанда да, өршіген
мезетте де аты-жөнін білудің ретін таппай, бір ауық өткінші өкінішке де ауытқып
отырған әйел бір сөздің орайына келтіріп сұрап қалды:

-        «Жүздің
түсін танығанша, бірдің атын біл» деген екен, ныспың кім, шырағым?

-        Жортауыл!-деді
жігіт іркілмей. «Әкемнің атын қоса айтсам қайтеді деп оқтала түсті де,
жата-жастана біле жатар, тіпті, білмесе онда тұрған не бар»,- деп өз атын
айтумен тынып қалды.

-        Өлген
баламмен аттас екенсің, қарағым,- деп кеудесін кере ауыр күрсінді әйел. Бір
жері кенеттен қатты ауырып кеткендей жүзіне кірбең кірді. Созаландап барып
төсегіне қырынан жата кетті. Жол-жөнекей кездескен бейтаныс жолаушының өз
баласымен аттас болып шыққаны әйел жүрегіндегі ескі жараны білтелеп, ішкі
дүниесін толқытып жіберді. Жүзі сұрланып, ғайыптағы біреумен тілдескендей,
өзінен-өзі күбірлеп сөйлеп жатыр. «Жортуылым. Көкірегіме тас боп қатқан қайғынды
қабіріме ала кірермін... Мандайымдағы жарық жүлдызым, мезгілсіз сөндің де жоқ
болдың...»

Әйелдің «көкірегіне тас боп
қатқан» қайғы-шерін лезде сұрлана қалған дөңгелек бетінен қатесіз танығандай,
сол қайғысын аз да болса жеңілдетуге себеп іздеп дағдарғандай, аяған пішінмен
үнсіз мұңая қарайды жігіт.

Әйел жөпшеңділікпен жадырай
қоятын емес. Қара мақпал камзолының омырауындағы Ленин орденін толықша келген
етті саусақтарымен сипап қойып, өз ойымен, өз қайғысымен бола берді.

Жігіт осы сәтте сөз қозғауды жөн
көрмей, жастығының астынан «Анна Каренина» романын алып оқи бастады... Анда-санда
кітаппен бетін көлегейлеп, әйелге ұрлана қарап қояды. Сабасына түсіп, көңілі
жайланды ма екен деп сыңайын барлайды. Терезенің ернеуіндегі ас үстелге бетін
бере, көзін тарс жұмып, оқта-текте аузынан жалынды леп шығарып, күйсіз жатыр
әйел.

Жортуыл кіршіксіз ақ жастыққа
басын көме, шалқасынан жатқан күйі кітабына көзін тақап оқи берді. Кітаптың бір
тарауын оқып бола бергенде оның басына әлдеқандай ойлар үймелей қалды:
«Омырауында Ленин ордені жарқырайды. Демек, тегін адам болмағаны, кескініне
қарағанда, жас кезіңде қатарынан асқан сұлу адам болған. Сыры кетсе де, сыны
кетпеген ажарынан ақыл-парасат нышаны көрініп тұр...»

Жортуыл ендігі сөзді қалай
бастасам екен деген ойға бір ауық беріліп кетті.

Әйел көзін ашты: Манағыдай емес,
жүзіне болмашы қан жүгіріп, бойы жеңілденіп кетті. Кітаппен бетін бүркеп жатқан
Жортуылға аса бір мейіріммен телміре қарайды. Жортуылдың көзі ілініп кетсе
керек, бетіндегі кітабы жерге түсті.

Қара костюмінің қайырма жағасындағы
екі қатар ордендер мен медальдардың белгілері Жортуылдың мінсіз тұлғасын өзгеше
құлпыртады. Көзін оның кескін-келбетіне, ойын Жортуыл деген қасиетті атына
сүңгітіп, осы сәтте өзін де, өзгені де мүлдем ұмытқан әйел: «Жігіттің төресі екен,
осындай ұл өсірген шешесінің не арманы бар екен»,- деген оймен болып, осы
мезетте тағы да бір күрсініп алды. Көзі қанған сайын жігіт оған бір түрлі жылы ұшырап,
аумаған өзінің Жортуылындай көрінді.

Жортуыл төсектен басын көтеріп,
кітабын жерден алып, жастығының астына тығып қойды. Ойда жоқта себеп табылып,
жабырқап қалған әйелдің көңілі бөлінсін деп, жылы жүзбен жымия күлімсіреп сөз
бастады.

-        Москваға
не шаруамен барып едіңіз, апай?

Әйел орнынан самарқау қозғалып,
басын көтерді. Басындағы шашағы төгілген бөртпелі ақ жібек шәлісі мен үстіндегі
қара мақпал қамзолын дұрыстап, жайғасып отырды.

-        Лениннің
зиратын көрдім, Ленин орденін алып қайттым,- дегенде әйелдің бет-ажары құлпырып
сала берді.- Қасымдағы екі жолдасым осы поезбен келе жатыр...

«Ленин орденін қандай қызметіңіз
үшін берді?»-деп сұрауға оңтайланып барып, кілт бой тартты Жортуыл: «Өзі
айтпаса, қазбалап не жұмысым бар». Дес берісі, әйелдің өзі айтты: колхозының
атақты сауыншысы екен, сүтті көп өндіріп, төлді шығынсыз өсіргені үшін алыпты
орденді.

Әйел қабағындағы қайғы реңін
қайта жаңғыртып, мана басталып кетіп, үзіліп қалған әңгімені осы арада жалғап
әкетті:

-        Бір
кезде менің де Жортуыл дейтін жалғыз балам болған, қарағым!- Оң қолымен
мандайын тіреп, ойланып аз үңсіз отырып қалды,- Көріне түсіп жоқ болды, құлыным...
Жалт етіп жана түсті де, өшіп қалды шамшырағым. Өлді деп естимін, сонда да
көңілім сенбейді. Аспанның асты кең ғой, әлдебір жерде жүр ме екен деп үміттенемін.
Ай, білмеймін-ау, тірі болса іздеп тауып алмас па еді мені?..

Әңгімені ұлғайтып жіберсем, қайғысын
онан сайын қабындатып алармын деп, тұжыра сөйледі Жортуыл:

-        Қайтер
дейсіз, өткен іске өкінгеннен пайда жоқ, әр нәрсеге сабырлылық керек, апай!

Әйел тағы ауыр күрсінді.

-        Өзегімді
жарып шыққан жалғызымды өмірі ұмыта алармын ба... Бітер ме, оның жүрегіме салып
кеткен жарасы...

Жортуылдың ойы бір тоқтамға
тіреле берді: Айталық, бұл кісінің Жортуыл деген баласы болған делік, ол
жасында өліп қалған. Мұндай оқиға өмірде аз ба екен?

Әйел жүрегіндегі ескі жараның
аузы алынуына себеп болған - Жортуыл. Өйткені ол өлген баласымен аттас болып
шықты. Тіпті, түр-тұлғасында да ұқсастық бар сияқты болады да тұрады. Әйел
өзінің баласын көзінің алдына келтірді де, оны мына бейтаныс Жортуылмен
салыстырды. Баласының ер жетіп, дәл осындай жігіт болған шағын қиялмен шамалады.
Қай мезетте өзінің Жортуылы мына сүйкімді жігітпен мидай араласып, екеуі тұтас
адам болып шыға келеді.

Жортуыл жақ ашпай тағы да кітап оқуға
кірісті. Әйел теріс қарап жатып, шытырман ойлардың қым-қиғаш торабына түсіп
кетті. Жайсыз түс көрген адамдай дөңбекши берді. «Тук-тук» әніне басып суыт
жортқан поезд да, май айында шешек атып, мың құлпырған шетсіз-шексіз кең дала да,
айналадағы қайнап жатқан өмір, тіршілік те жаралы жүрекке әсер ете алар емес.

Жортуыл атына байланысты қозғалған
кәрі уақиға күні кешегідей жаңа жосықпен көкірегінде сайрап жүре берді.

...Ұзын аққан Есіл өзенінің
бойыңдағы елдерге ала жаздай оқтын-оқтын ұрыларын аттандырып, топ-тобымен жылқы
айдатып алу Байболат байдың ежелден бойына сіңген әдеті болатын. «Сен тұр, мен
атайын» кілең ығай мен сығай қарулы қырық жігіт жау-жарағын асынып, саңлақ
мініп сайланып барып, ел шауып кайтады. Барған сайын дүрілдетіп жүздеп жылқы
айдап әкеледі.

...Аттанар жақта қымына шиті
мылтық қыстырып, ұзын сойыл сүйреткен еңгезердей қара жігіт, баурынан жарап,
оқтаудай қатып қалған ақ боз атын сау аяндатып келіп, Байболат үйінің алдына
тоқтай қалды.

Қырындап отырып, мойнын бұрып,
үзеңгіге шірене түсіп, есік алдында тұрған күтуші жігітке тіл қатты.

-        Аманбысың,
Сорпақ. Байекеңе барып айтшы, жігіттері аман-есен олжалы оралды де. Байымбет
ордаңызға кіруге рұқсат сұрап тұр де.

Байымбеттің жел қағып, күн тиген
солғын қоңырқай жүзіне жымия бір қарады да, Сорпақ жып беріп үйге кіріп кетті. Сорпақ
бай алдында қол қусырып тұра қалып, көзін төмен салып сөйлеп кетті:

-        Жорықшыларыңыз
аман-есен оралды, Байеке! Олжалы қайтыпты. - Әр кездегі жасқаншақтыгына бағып,
өзі туысында кекеш болмаса да тұтығып сөйледі.

Күтуші жігіттің байға айтқан
сөздері сырттағы Байымбетке еміс-еміс естілді. Қәне, түлкі тымағының құлағын
делдите қайырып алып, үйдің жабығына құлағын тосып, ат үстінен тың тындап түр.

Төрде мамық жастыққа шынтақтап жатқан
Байболат басын көтеріп алып, ырсылдап шарта жүгініп отырды да:

-        Қанша
жылқы әкепті, білдің бе?-деп сұрады.

-        «Олжалы
қайтыпты» дегеннен пайда болған жүрек толқынын сыртына шығармауға тырысып,
көзіне түскен қалың қара қасын тыржитып, сұсты кескінмен салмақты сөйледі.

-        Айтсайшы,
қанша жылқы әкеліпті деп сұрадым ғой...

Сорпақ қипақтап, қысылып қалды.

-        Оншасын
білмедім, байеке. Әйтеуір олжалы келдік дейді. Жорықшыларыңыздың басшысы
Байымбет ордаңызға кіруге сізден рұқсат сұрап тұр.

-        Барып
айт, кірсін...

Атынан қунақ түсіп, ұзын қыл
шылбырын үйдің белдеуіне іле салып, шиті мылтығын мойнынан қысып ұстап ордаға
кірді Байымбет. Байға иіліп сәлем берді.

Байымбет еңкейіп барып,
Байболаттың қолын алды.

-        Көрген
түсім жаман емес еді, иншалла жолдарың болған шығар,- деді Байболат салмақты,
ойлы пішінмен.

-        Қалай,
жігіттерің аман қайтты ма? Қолға түсіп шетінегені жоқ па? Неге отырмайсың?

Байымбет мылтығына сүйеніп
Байболаттың алдына бір тізелеп отырды да, іле жауап берді:

-        Шүкір,
байеке! Жолымыз болды,- деп әр сөзін бөліп, тамағын кенеп қалғанда, Байболат
киіп әкетті:

-        Қанша
жылқы әкелдіндер?

-        Алып
келген жүз қаралы жылқымыз бар. Жігіттерден түстік жерден озып кеттім. Мен
кеткенде Қеңжарықтан асып еді, жақындап-ақ қалған шығар...

-        Жарайсың,
Байымбетім!- деп жүрелей ұмтылып барып, оны арқаға қақты.

-        Адам
олжамыз және бар,- деп отты қысық көзі жайнап, жымың етті Байымбет.

-        Е,
соны айтсайшы, о неғылған адам?- дегенде Байболаттың делдиген кең танауы
желбендеп кетті.

-        Балалы
келіншегіміз бар...

-        Манадан
бері оны неге айтпай отырсың? Әлде бауыр басып қалып, менен қызғанып
отырмысың?- Байболат мысқылды пішінмен мырс етіп күліп жіберді..

Қапелімде аузына сөз түспей,
күмілжіп төмен қарады Байымбет. Айтар жауабын күтіп тықыршып отырған
Байболаттың кескінін көргенде жасық дауыспен қипақтай сөйледі:

-        Олжа
сіздікі, байеке! Құндақтаулы баласымен өлейін деп жатқан жерінен Қарпық сайынан
тауып алдық... Елге жетіп, есін жинағанда біле жатармыз деп аты-жөнін де сұрағанымыз
жоқ...

-        Олжа
келіншекті осында алып келіндер,- дегенде Байболаттың даусы барқырап шықты. Адырайған
отсыз ала көзі ойнақшып кетті. - Тура маған әкеліңдер...

-        Құп,
Байеке, әміріңізге құлдық...

...Құндақтаулы нәрестесін
құшақтап, олжа келіншек Байболаттың алдында тұр. Басын төмен иіп, баласын құшақтаған
күйі байға тәжім етті. Дүниенің бар салмағы үстін басып тұрғандай-ақ ауыр
қозғалып, самарқау иілді.

Байболат келіншекті көзімен
ішіп-жеп барады. Басын көтеріп, бойын жазуы-ақ мұң екен, ең әуелі бет-пішініне
көз жіберді Байболат. Құралайдың көзіндей мөлдіреген қара көзінің жанарына да
жас мөлтілдейді. Қит етсе еңіреп жылағалы тұр. Киген киімдері де тым күйсіз
екен. Әдепкіде келіншек бай көңіліне онша ұнай қойған жоқ. Қиығы мол қара
көзінің қабағына тік тартылып барып, қауырсын қаламдай үшкірлене иілген қою
қара қасы, басына парықсыз байлай салған қоңыр түбіт шәлісінің шетінен дудырап
шығып тұрған ұзын қара шашы - бапсыз сұлудың шынайы сипатын, қанша топас болса
да, Байболат жүрегіне ұқтырып-ақ тұрғандай, өлімтікке дәндеген әккі құзғындай
жалақтап отыр Байболат. Өмірінде талай бейкүнә сұлуларды мазақ етіп, беймезгіл
семген гүлдей құртып жіберуге әдеттенген ол келіншектің бас-аяғына сүзіле көз
жүгіртіп, сұқтана қарады да: «Әзіргі жүдеулігі болмаса, кескінсіз емес екен. Шеңгеліме
бір ілінсе, қаншама бұлқынса да, босата қоймаспын», - деп ойлады.

-Жарайды, біздің үйде-ақ болсын,-
деді Байболат күтуші жігітін шақырып алып.- Ас үйге апарып орналастыр.- Келіншек
босағаға қарай ойыса бергенде Байболат Сорпақтың жеңінен тартып, құлағына
сыбырлады: - Қасыңа жан адамды жолатпа...

Байболаттың ордасынан шығып,
қатар тіккен үш ақ үйдің оң жақ шетінде оқшау тұрған қараша үйге қарай жүре
бергенде, Сорпақ келіншектің құлағына аузын тақап сөз қатты.

-        Бағың
ашылмаған бір сорлы екенсің, құрбым. Енді байдың бесінші әйелі боласың ғой. Аяғанмен
менің қолымнан не келеді...

Келіншек тіс жарып үндеген жоқ. Жылан
шағып алғандай тұла бойы дуылдап, жүрегі шанша бастады. Көзінен моншақтаған
ыстық жас талайдан бері су көрмеген ескі сиса көйлегінің омырауына, нәрестенің
құрақ көрпемен шырмап байлаған құндағына бір-бір тамды.

-        Мандайға
жазғанды көрем-дағы...- деді де, келіншек құшағындағы нәрестенің бетінен
емірене иіскеді.

-        Осы
жалғыз қарағым аман болсын ылайым...

...Ымырт үйіріліп, жер-дүниені
қараңғы түнек баса бастаған кезде, балпандай басып, ырсылдап ас үйге Байболат
келді. Келіншек баласын емізіп отыр еді.Тамақ ішіп, бойын жинап, шамалы тынығып
қалған-ды.

Шырай бермей, шытына келді
Байболат. Ішінде қазан-ошақтан басқа ырымға түгі жоқ қараша үйдің төріне,
жырым-жырым ескі сырмаққа отыра кетті. Ескертіп қойса керек, Сорпақ жетілік
керосин шам әкеліп жақты да, іркілмей шығып кетті.

-        Жөнінді
айтшы, жарқыным!-деді Байболат баласын құшақтап, оң жақта бүрісіп отырған
келіншекке жамбасымен жылжи жақындап. - Қай елдің адамысың?

Келіншек қымсына тіл қатты:

-        Есіл
бойындағы  Қозған боламыз...

Көзі ежірейіп, ұйысқан жабағы
секілденген күректей бурыл сақалы дамылсыз желкілдеп, дәрменсіз жанға айбын көрсетіп
отыр Байболат. Оның ызғарлы қалың бетіне тура қарауға жүзі шыдамай, бір қырын
отыр келіншек.

-        Қарпық
сайына қалайша шығып кетіп жүрсің?- деп сұрады Байболат.- Елсіз-күнсіз далаға
неге шықтың?

-        Дәм
тартса адам қайда бармайды...- деді келіншек жыламсырап.- Сор мандай бір жанмын...

Байболат кенет түсін жылытып,
көңілденген пішін көрсетті. Келіншектің ішкі сырын ақтармақ ойы бар. Сөз
арасында жасын да сұрап білді. «Жиырмаға биыл шықтым» дегеніне сеніңкіремей,
бетіндегі болмашы әжімдеріне қарап күмәнданып та отыр.

-        Сыр
бүкпей, мән-жайынды бажайлап тегіс айтшы!

Келіншек келген әзірдегідей емес,
жүрек тоқтатып, ашылыңқырап алды. Жайымен отырып, басынан кешірген хал-жайын
бастан-аяқ баяндап берді. Атбасар қаласындағы адвокат Әлғазының Кәрімжанын
Байболат бұрыннан білетін. Өзінің алдында тұтқын боп отырған жас келіншек, сол
белгілі Кәрімжанның әйелі екенін білгенде, Байболат арқасына біреу ине сұғып
алғандай шошып кетті.

-        Ақ
сөйлеші өзің, бекер айтып отырған жоқпысың?

-        Шын
айтам.

-        Мына
бала сонікі ме?-деді Байболат келіншектің құшағында құндақтаулы ұйықтап жатқан
нәрестені сұқ саусағымен нұсқап.

-        Иә,
соның баласы...

Байболат сөзден сөз туындатып
отырып келіншектің бар сырын айтқызды.

Есіл өзенінің Атбасар тұсындағы
Құйған аталатын қаласын мекендейтін Қозған еліндегі Ерден дейтін момын адамның қызы
екен. Өзін Кәрімжан қыздай айттырын алыпты. Онымен төрт жыл отасыпты. Әуелде
сүйдім, ұнаттым деп-ақ жүреді екен, бертін келе сабындай бұзылыпты. Отырса
опақ, тұрса сопақ, қатты жүрсе шанды аяқ, ақырын жүрсе майлы аяқ деп, ит
орнында ұстапты. Аюдай ақырған шешесі де отырса, басқа, тұрса, аяққа ұрып күн
көрсетпепті.

Кәрімжан құдайдың құтты күні
жығыла мас болып келіп келіншегін қамшының астына алады екен. «Айы-күніме жетіп
отырмын ғой, тым құрмаса жарық дүниеге келгелі тұрған шарананды аямайсың ба?»
-деп зар илейді екен келіншек. Рақымсыз тас жүрек Кәрімжан онан сайын құтырынып:
«Ішіндегі балаңмен қоса құры»,- деп үйінен әлденеше қуып шығыпты. Кәрімжанның бұл
мінезі зұлымдықпен көзін ашқан Байболатқа да ерсі көрінді білем:

-        Ол
тұқымның жайын білемін. Ұлы атасы Тасболат тастан да қатты кісі еді, тастан
темір туған екен ғой,- деді.

Келіншек мұнды пішінмен қабақ
түйіп, әңгімесін соза берді.

-        Кет
дегеніне кетпедім... Не болса да ішімдегі шаранадан құтылғасын бір-ақ көрейін
деп, тістей қатып отырып алдым, - деді келіншек көзінің жасын шәлісінің шетіне
сүртіп.

-        Апыр-ай
десейші, қиын болған екен...- деп өтірік мүсіркеген болды Байболат.- Ұялма,
айта бер.

Ақырында жуыр манда құтыла
алмайтынын білген соң, Кәрімжанның немерелес ағасы Шернияз молда келіншекті
Қоржынкөлдегі Жүсіп дейтін бай шалға үшінші тоқалдыққа беріп жіберіпті. Зарланған
көз жасына қарамай, қол-аяғын байлап бір түнде арбасына салып беріпті.

-        Қарпық
сайына қалай шығып кетіп жүрсің, соны айтшы?- деп Байболат тағы да қылқылдай
қалды.

-        Осы
қорлықты көргенше жапан далада қаңғырып өлейін деп бір түнде шығып кеттім, әлі де
көретін жарығымыз бар екен...- деп келіншек рақым күткендей Байболаттың
іркілдек бетіне жаутандай қарады.

-        Мына
баланды далада тудың ба?

-        Жоқ.
Жүсіптің үйінде жүргенде босанғанмын, - деді де, келіншек көз жасын жеңімен
сүртіп төмен қарады.

-        Айтпақшы,
атың кім өзіңнің?-деп сұрады Байболат келіншектің атын сұрауды ұмытқаны енді
есіне түсіп.

-        Маржан!

-        Балаңның
аты кім?

-        Соған
ат қоюды ескерген кім бар дейсіз?

Маржанның сұраусыз, жоқтаусыз
адам екенін білген соң, Байболаттың жүрегі орнына түсейін деді.

-        Сөзіме
құлақ сал, Маржан!-деді Байболат ыңыранып. - Қолыңдағы баланды жерге қойып,
өзің маған жақындап отыршы. Турасын айтайын, сен, енді, менің бесінші қатыным
боласың.

Маржан баласын бауырына қыса
түсіп, бекем отыра берді. «Мені әурелеп қайтесіз, басыма бостандық беріңіз, еліме
апарғызып салыңыз»,- деп жалынсам ба екен деп бір ойлады да, Байболаттың қатал
кейпін көріп, ығына көне берді.

-        Неге
үндемейсің? Қалжындап айтып отыр екен деп ойлама, -- деді Байболат сақалын
салалап сипап қойып. - Егер жақсы болсаң күн тимес ерке тоқалым боласың, иіс
алмас жаман болсаң, өзіңнен көр, құнсыз күңім боласың...

Құтылмас торға түскенің, өмірі
арылмас сорға душар болғанын алаңсыз сезген Маржанның көзінің алды қарауытып бұлдырап
кетті. Келген әзірдегі: «Аяр, рақым етер, еліме жеткізіп салар», - деген дәтке
қуат болмашы үміті де осы сәтте зым-зия жоғалды. Терең суға батып бара
жатқандай тынысы тарылып, әлі кетті.

Кеудесінде Қайрат оты жалт
еткендей, көз алдында бір жақсылық нышаны қылаң бергендей сезім пайда болды
Маржанға. «Қарашы, даладан атып алған қоян құрлы көрмеуін. Кем тұтып, қорламақ
ойы бар. Қазір атып тастаса да бар қарғысты үстіне жаудырып, сөксем қайтеді».
Артын ойлап бұл ойынан да безінді Маржан. «Сен болмасаң шыбын жанымды шүберекке
түйер едім, әттең не керек... Бір сен үшін не көрсем де көндім...»-деп іштей
қиналып, нәрестесінің бетіне бетін тақап аймалай берді.

Байболат бір үлкен істі тындырғандай,
қомақтана қозғалып, қатты қақырынып, астындағы сырмақтың шетін көтеріп, былш
еткізіп түкіріп тастады.

-        Ал,
сөзді тұжырайық. Менен не тілегің бар? Босат, басыма ерік бер деме. Басқа
тілегің болса айта бер...

-        Құс
екеш құс та баласы үшін отқа түседі ғой, осы жалғыз қарғама қағажу көрсетпей
өсірсеңіз екен? Сізден  сұрайтын бар тілегім
осы. - Маржан бұл тілегін білдіргенде үні күшейіп, жігерленіп кетіп еді.

-        Бар
тілегің осы болса, оны да бердім.

Байболат біраз үнсіз отырды да:

-        Ән
сала білесің бе? - деді.

-        Өнерден
құр алақан қалған адаммын,-деді Маржан даусын естілер-естілмес шығарып.- Бармақ
басындай бағын қимаған құдай өнерін қайдан берсін маған...

Осы мезетте құндақтаулы бала
оянып кетіп шыр ете қалды... Байболат орнынан ауыр қозғалып, сиыршылап тұра
беріп:

-        Төсек-орын
әкеп бер деп Сорпаққа айтармын, төсекті кеңірек салғайсың,- деп бұйыра сөйледі
де шығып кетті.

Маржан оны оқты көзімен атып,
тесіле қарай қалып еді.

...Жортуылшылар даладан тауып
әкелген олжа баланың атын Байболат көп ойланбай-ақ Жортуыл қойды. «Өлсе өліп
қалар, тірі болса қозымды бағар»,- деп жарық дүниеге жаңа келген бейбақ
нәрестенің өмірден алар үлесі мен мандайына жабысатын қалың сорын күн бұрын мөлшерлеп
қойды. Келешек тағдырын өз қолымен өлшеп-пішіп, құлдыққа жаралған жанға санады.

Маржан бой түзеп, сыландай
алмады. Нақ сүйер ерке тоқал атану қайда, байдың отымен кіріп, күлімен шықты. Кеш
жатты, ерте тұрды. «Бестің бірі бейбақ тоқал» атанды.

«Тым болмаса біреу келіп
амандығымды біліп қайтсын»,- деп Маржан реті келіп қалғанда, өткен-кеткеннен
тәркін жұртына хабар айтып жатты. Бес болыс Қарағойын еліне әмірі жүріп,
қылышынан қан тамып тұрған, әрі асқан бай, әрі зорлықшыл Байболаттан қаймықса
керек, ел-жұрты зым-зия хабарсыз жатып алды.

Зымырап күндер өте берді. Ішіне
шемен боп байланған қайғы-шерін сыртқа шығара алмай, балықтай мылқау, жұмыртқадай
бітеу боп жүре берді Маржан. Оңашада кішкентай Жортуылын бауырына қысып,
емірене сүйеді. Бөбегі тіліне түсінбесе де, сырын ұқпаса да, қарақаттай
мөлдіреген көзіне көзін тақап, егіле отырып мұңын шағады. Кей мезетте қасірет
әуенін шырқап жіберуге оңтайланса да, Байболаттан қорқып, іштей тұнып, жүрегін
сөйлетеді. Сонда ғана қайғы-шері бір елі орта түскендей болады.

Маржан Байболаттың қолына келгелі
екі жылға айналды. Бір жастан асқанша Жортуылға шыр бітпеді. Ит ауруға шалдығып,
ине қармақтай ілмиіп өсті. Байболат та, оның байырғы әйелдері де, Жортуылды
«Қатпа» деп атап ит етінен жек көрді.

Бір күні Кәрімжаннан екі жігіт елші
келді. «Байболатқа сәлем айтындар, баламды өзіме берсін. Алда-жалда қиқарлықпен
бермеймін десе,онысын айтсын,түбінде өкпелеп жүрмесін»,- депті Кәрімжан. «Жұрағатымызды
жат елге қаңғыртып жібергеніміз сүйегімізге өшпес таңба болар, қайтып алайық»,-
деп, Шернияз молда Кәрімжанның тынышын алып жүрдеген еміс-еміс хабарды үұын құлақтан
Маржан бұрын естіген-ді.

-        Алындар,-
деді Байболат оларға,- сүйек сендердікі екені рас. Тіпті, жесірлерінді қайтып
алам десендер де ара тұра алам ба? - деп кеңкілдеп өтірік күлді.

Маржанды шақыртып алып, баланы
елшілерге беретін болғанын айтып еді, ол зар еңіреп қоя берді

-        Жалғызымнан
айырмандаршы!-деді ол егіліп.

Байболат қатты зекіп тастады:

-        Былшылдама.
Саған қалған билік жоқ. Пәлесінен аулақ...

Сонымен Жортуыл кете барды...

Өткен өмірінің жеркенішті
суреттерін көзінің алдынан тізбектеп өткізіп, Маржан жолаушы жолдасына сырын
ақтаруға бекінді.

Оқып отырған кітабын жауып қойып,
темекі тартып отырған Жортуылға аса бір жылы да мейірімді шыраймен қарап, біраз
отырып қалды.

-        Жортуыл!-деді
әйел бір мезетте жігіттің көңілін бөліп.- «Бір көрген біліс, екі көрген таныс» демей
ме. Бірде болмаса, бірде ұшырасармыз тағы да. Әке-шешең бар ма? Қай жерде тұрады?

Жортуыл ыңғайсызданып, көңілсіз жауап
берді.

-        Шешеден
бір жасымда айрылыппын. Әкемді бар деп еститін едім, ана жылы сотталып кетсе
керек...

Маржан жаңағы сұрағымен жігіттің жанға
айтпайтын сырын дәл басып, бекер қинадым-ау деген өкінішке ойысты.

-        Жеті
жасымнан үкімет тәрбиесінде өстім, әкем мен шешемді жоқтатқан жоқ, міне, енді
өзім екі балаға әке болдым, оқып адам болдым,- дегенде Жортуылдың қабағы
жадырап жүре берді.- Ондай рақымсыз тас жүрек әкені тіпті есіме де алмаймын,
әттең не керек, бейбақ анамның жүзін де анық көре алмай, армандамын.

Бір мезетте тамағын кенеп,
төсегінде көсіліп, дұрысталып отырды да, кенеттен сөз бастады әйел:

-        Иман
жүзді бала екенсің, шырағым... Әрі Жортуылымның аттасы болып шықтың. Мына
кемпір қай-қайдағы бірдеңелерін мылжындап кетті ғой деме. Көкірегімде жатқан
бір сырым бар. Мақұл көрсең, соны саған айтқым келіп отыр...

Жортуыл елең қағып, іле
мақұлдады.

-        Айтыңыз,
апа, айтыңыз. Әңгіме жол қысқартады.

-        Осы
өткен өмірімде не көрмедім мен,- деп бастады әйел,- мана қазбалап сұрауға ұялған
шығарсың? Өз атым - Маржан. Есіл бойындағы Ерден дейтін кісінің қызы едім.

Маржан әлгінде ғана есіне
түсірген өмір шежіресін жолаушы жолдасына бастан-аяқ баяндап берді. Жортуыл
оның бір сөзін қалт жібермей, зейін қоя тындады. Неге екенін кім білсін,
ара-арасында жеңіл күрсініп, терең ойға шомған қалпын аңғартады. Түсі құбылып сұрлана
қалыпты. Жігіттің бүл күйін көрген Маржан: «Менің басымнан кешкен сұмдықтар
жайына тиіп, аяп отыр екен ғой»,- деген ойға саяды.

Маржан әңгімесін аяқтап, не айтар
екен дегендей Жортуылдың бетіне сүзіле қарап отырып қалды. Жігіт ойлы отыр еді.
«Бұл қалай? Өз аты Маржан. Бұрынғы күйеуінің аты - Кәрімжан. Тіпті фамилиясы да
үйлес келіп тұр. Жортуыл атты баласы болыпты»,- Жортуылдың ішкі дүниесінде
астан-кестен арпалыс басталып кетті. Өз жүрегінің түкпірінде жатқан терең сырлар
тебіренді. «Маржан айтқан оқиға болуға мүмкін емес»,- дейді ғайыптағы бір дауыс
сампылдап: «Мен де ақтарайын сырымды. Тез жеткізейін ана жүрегіне...»

Жортуыл орнынан ұшып түрегеліп,
жастығының артына қырынан қойған чемоданын ашты. Колы қалтырап, көк тысты қойын
дәптерін ақтарып, арасынан бармақ басындай кішкене суретті алды да, атылып
барып, оны Маржанға ұсынды. Күпе іші қарауыта бастаған кез еді. Сол әзірде
электр шамы жарқ етті.

-        Мына
кісіні танисыз ба, апай?-дегенде Жортуылдың даусы дірілдеп, булыға шықты.

Маржан суретті көзіне тым жақын
ұстап отырды да, жиіркеніп лақтырып тастады. Кәрімжанның жас кезінде түскен
суреті.

-        Жортуылым,
жалғызым.- Одан әрі сөйлей алмай ағыл-тегіл жылай берді. Алдында тұрған жігітті
бауырына тартып, қапсыра құшақтап алды.

-        Апажаным,
түсіндім енді, бәрін де ұқтым,- деп Жортуыл кемсендеп жылаған күйінде Маржанның
мандайын ессіз аймалады. Есі ауытқып кетіп, әрең сабасына түскен Маржан:
«Құлыным»,- деп Жортуылдың бетін жүрегіне басты. Маржанның моншақтап аққан
ыстық жасы Жортуылдың бетін жуып кетті.

Ойламаған жерде табысқан екі
жүрек елжіреп, ана мен бала көпке шейін бір-біріне сөз қатпай үнсіз қарасты.