ВЕРНУТЬСЯ

       Саурық - «Қызыл арай» колхозының
байырғы мүшесі. Оның он саусағынан өнер төгілген шебер, құралайды көзге ататын
мерген, атағы алмас қылыштың жүзіндей қылшылдаған жігіт шағынан-ақ Күнгей
тауының алқабын мекендеген жалпақ елге мәшһүр болған-ды. Саурықтың ісмер
қолынан шыққан қызыл төбелі, екі бөлмелі ағаш үйі, бөренеден бұрап соққан зәулім
сарай, шағын да жинақы кірпіш қора, терезе алдындағы неше алуан гүл-бәйшешек,
мәуелі жемістер жайқалып өскен кең баушарбақ, қора ірге-сіндегі сыңсыған алма
бауы көрген адамды бір тамсандырмай қойған емес.

Екі жүзге жуық түтіннен құралған
зор қыстақтың талай-талай әсем үй-жайлары осы Саурық шебердің қолынан барлыққа
келген-ді.

Саурық үйі іргесінде алма бауы
тұнып тұрган шеткі көшенің тау жағында, өзенмен түйіскен жерінде.

«Қызыл арай» қыстағы Күнгей
тауының қатпар-қатпар бөктеріне өрмелеп шығып, арғы шеті сонау қиян-қиядағы
мәңгілік мұз жамылған ақ бас шындармен шектесетін қалың жыныс орман ішінде. Дәл
үстіне келіп қалмасаң, қапелімде қыстақты көре алмайсың.

Тасты өзені сұлу қыздың қыпша
беліндей қысаң шатқалдан буырқанып шығып, қыстақтың оң жақ бүйірінен күркіреп
кеп түйіседі де, ағаш арасында бұғып жатқан кең көшелерді кесе, көлденең жарып
өтеді. Терістік беткейіндегі кең байтақ жасыл жазираға еркін шығып алған соң,
бірте-бірте арнасы кеңейіп, кемері төмендеп, сынаптай сусып баяу ағады. Осы
бүлкіл жүріспен салып отырып, осы арадан көлік аяңмен күншілік жердегі Іле
дариясымен шұрқыраса табысып, құшақтаса қауышып кетеді.

Маусым айының тамылжыған бір айлы
түнінде іңір шайынан кейін Саурық төргі бөлменің оң жақ босағасына жайғасып, құс
мылтығын тазалауға кіріскен. Әп-әдемі жасау-жиһаздармен безендірілген кең
бөлмеде, ақ шілтерлі екі терезенің аралық тұсында тақтай едендегі қызыл күрең
тақыр кілемге көйлекшең бауырын төсеп, кітап оқып жатқан монтиған ақ құба бала
кенет, басын көтеріп, Саурыққа еркелей үн қатты:

- Ата, деймін, мені ертең, аңға
апаршы...

Құс мылтығын ақ шүберекпен
ысқылап, бір жағынан қайдағы бір шым-шытырық мазасыз ойлармен әуре боп отырған
атасы, кенеттен, селт етіп, мойнын бұрды.

-        Е,
Әміржан! Мерген болғың келе ме?-деп қысқа жауап қайырды да, мылтығының сүмбісін
алақанында ойнатып, үсті-үстіне сүрте берді.

Әміржан бір қырын жамбастап,
атасына жаутандай қарап қойды.

-        Оқуынды
жақсы бітірсең аңға апарамын, мылтық атқызамын деп өзің айтқаның қайда?

Саурық екі ойлы пішінде үнсіз
қалды. Оқу басталарда Әміржанға берген уәдесін қилап етпей, ертең оны тауға ала
кетейін десе, шаршатып алам ба, күн тиіп ауырып қала ма, қайтеді деп, көңілі
дауаламайды. Балада не кінә бар? Алтыншы класты барлық пәннен үздік бағамен
бітірді. Мектептен мақтау грамота алды. Осы сапар аңға бармай-ақ қой, кейін
ыстық басылғанда апарармын десе, көңілі қалады. Оның бер жағында, тау арасының
кейде ойламаған жерден кездесіп қалатын қауіп-қатерлері және бар.Төрт аяқты тағылар
ғана болса бір сәрі. Кейде, тіпті, таудың шегарамен жапсарлас же-рінде екі
аяқты жаумен де бетпе-бет кездесіп қаласың.

Саурық балғадай сом саусақтарын
айқастыра сықырлатып, бөлменің дәл төбесінен үй ішіне ақ жарқын нұрын мол төгіп
тұрған дөңгелек ақ қалпақты электр шамына қарап, ойланып қалды.

-        Ата,
дейім... Сенен мылтық атуды үйренейін, түлкінің баласын ұстап әкелейін,- деп
іші-бауырына кіріп, жалына берді Әміржан.

-        Саспай
тұра тұр, қарағым! Аңға шығуға әзір асықпа... Түлкінің баласын, бұйырса, өзім ұстап
әкеп берем,- деп құр сөзбен жұбатқан болып еді.

Әміржан оймақтай аузын бұртитып,
қысыңқы мөлдір қара көзі жасаурап, атасының алдын орап, қасынан кетпей қойды. Ақ
құба дөңгелек жүзі ойсырап жүдей қалып, жыларманға келді.

Төменгі терезеге таяу бұрыштағы
арбиған биік үстелге ыдыс-аяқ, шай-саймандарын ауыз бөлмеден әкеп жинастырып
жатқан әжесіне шұғыл бетін бұрып, жаутандап қарап тұрды. «Әже, сен бұған қалай
қарайсың? Атама айтсайшы, апар десейші»,- деп тұр телміре қараған қара көздер.

Саурық пен Әміржан арасындағы әңгімені
манадан бері сырттан бағып тұрған шүйкедей қара кемпір осы тұста орайы келіп
қалғасын құлшына сөзге араласты.

-        Баланың
меселін қайтарма, атасы, несі бар, талап қылған екен, барсын,- деп еді. Саурық
оның жоқ жерде өктемдік көрсетіп, арабилік айтқанын ұнатпай, кірпідей жиырыла
қалды. Неше түрлі сылтау айтып, әйтеуір, не керек, көнбей отырып алды. Кемпірі
қузап болмаған соң, ақырында кейіп:

-        Сен
де қайдағы жоқ бірдемені айтып лаға береді екенсің, Несіпкүл. Айтқан сөзге түсінуің
керек қой... Әміржанның аңға барғанын жақтырмай отыр ғой деймісің. Күн тиіп,
жел қағып, ауырып қала ма деп қорқам,- деді.

Несіпкүл қаздандай басып, шалының
қасына жақындап келіп, шамалы зілдене:

-        Онда
баланды желге, күнге тигізбей, сандыққа салып асыра,- деп оң қолын ебдейсіз
сілтеп қалды.

Әжесінің шұғыл әрекетіне
Әміржанның арқа-басы кеңіп жүре берді. Кемпірінің айтқанынан қайтпайтын,
дегеніне көндірмей қоймайтын қатал сыңайын көрген Саурық ендігі жерде қыңыр
егеске бармай, сөз аяғын әдейі жеңіл қалжыңға бұрды.

-        Кемпір-ау,
тымық күнде дауыл соқтырып, бұрқырап кеттің ғой, тегі... Сап, сап! Шамалы
шекісіп алдық қой, жетер, жетер, енді бекісейікте...

Несіпкүл онан сайын дәуірлеп
кетті:

-        Шекісетін
де, бекісетін де түк пәле болған жоқ, мүттәйім... Көп сөздің керегі не, апар
баланы, көрсін, үйренсін.

Саурық енді айтар дәлелі
таусылғанын, бірақ қалай дегенмен Әміржанды аңға апару-апармау жөнінде тап
басар шешімге тоқтай қоймағанын кірбенді қас-қабағынан аңғартып, бір ауық үнсіз
тынып қалды. Әлдеқашан тазалап болған құс мылтығын жөн-жосықсыз аударып-төңкере
берді.

Осы кезде Әміржан жүрегіне
шым-шымдап қуаныш лебі кіре бастап еді. «Әжем айтқасын мені енді қалай апармас
екенсің,- деп күбірлейді. - Өзі қызық екен! «Ыстық өтіп ауырып қала ма деп
қорқам»,- дейді. Сонда мені оп-оңай ауыра қоятын осал бала деп ойлай ма?» Манағы
келген орнына қайта барып отырып, кітап оқуға кірісіп кетті. Несіпкүл
ыдыс-аяқтарын рет-ретімен жинап, олардың үстіне кіршіксіз ақ сүлгі жауып қойды.
Бір үлкен іс тындырып тастап, көңілі көншігендей, алшаңдай басып, оқшантайға оқ
тізіп жатқан шалының қасына барды. Бұл шалды енді қалайда көңілдендірейін деген
ішкі есебі бар. Оң жағынан бір тізерлеп отыра қалып, аса бір сүйкімді қияпатпен
даусын шәштей созып сұңқылдамасы бар емес пе. Анада, жазға салым аңға шыққан
сапарларының өте сәтті болғанын, ондай көл-көсір олжа екінің біріне кездесе
бермейтінін айтып, шалын жер-суға сыйғызбай мақтап ала жөнелді. Саурық көктемдегі
аң аулау жоспарын екі есе артық орындап, колхоздың Құрмет тақтасына жазылған,
аудандық, газетте мақталған.

-        Атағың
ауданнан асып, әмбе облысқа тарады, саған одан артық қандай мәртебе керек,- деп
бұдан бұрын, сірә да, байқалмаған бір серпінді мақтаныш сезімін жеткізді
кемпірі.

Саурық жоталы қалың мұртын бір
сипап қойып, мұрнының астынан жымың етті.

- Жә, болар, мақтауымды
жеткіздің...

-        Бұл
өңірде сенен асқан мерген де, шебер де жоқ,- деді Несіпкүл тоты құстай
түрленіп.- Басыңа қонған бақытты, тегі, қадірлей білмесең ол шіркіннің күз
болғанда мекеніне қайтқан құстай ұшып кетуі де оңай.

Бұл да - Несіпкүл аузынан бүдай бұрын
шығып көрмеген соны пікір. Онсызда ақырын жүріп, анық басатын, сонда да еңбегі далаға
кетпейтін, кішіпейіл Саурықты бөгде асқақ мінезден сақтандырғысы келе ме екен?

Саурықта аз сөйлеп, көп тындауды ұнататын
бір ұстамды мінез болушы еді. Несіпкүл не айтса, бәріне үнсіз құлақ қойып,
ара-арасында бас изеп, құптап отыра беретін. Бір заматта кенет серпіліп:

-        Бүгін
өзің томағасын сыпырған ақсұңқардай алысқа шырқап кеттің ғой, кемпірім, сорымды
қайнатып өліп қалмасаң болар еді,- деп кеңкілдеп күлді.

-        Өлсем
қайтер деп ең, жас тоқал аларсың,- деп қалжың есесін қалжыңмен қайырды кемпірі.

Саурық оның осынша көпірте
мақтағанын іштей жек көріп те отырған жоқ. Сонда да мақтағанға бөркі қара
қазандай боп, әулігіп кететін кісі емес қой.

-        Бәсе,
деймін-ау,- деп, Несіпкүл бастапқы пікірін еселеп жіберді.- Қадірін білген кісіге
мергеншілік таптырмайтын өнегелі, атадан балаға мирас боп қалатын берекетті
кәсіп...

Мергеншілік деген атадан балаға
мирас боп қалатын мал, яки болмаса мүлік емес қой. Әркімнің өз зердесіне қонбаған
өнерді ешкім бөліп бермейді. Саурық басына осы ой келді, Несіпкүл жаңағы
пікірді Әміржанның аңға шығам, мергендікке үйренем деген игі талабына орай
әдейі айтқанын, ол шоласыз біліп отыр.

Баланың көзі кітапта, көңілі
атасы мен әжесінде. Екеуінің бір сөзін қағыс жібермей, сырттан тындап жатыр. Несіпкүл
лездің арасында недәуір жерді шарлап келіп, ақырында «тоқсан ауыз сөздің
тобықтай түйінін» өзі шешіп берді.

-        Шал-ау,
жүзге келем деп жүрсің бе, көзіңңің тірісінде баланы өз өнеріңе баулы, үйрет...

Саурық кемпіріне бірден пәтуалы
жауап айта қоймады. Зауыттан жаңа шыққандай жалтыратып тазартып қойған күс
мылтығын ақ болыскей кереуеттің аяқ жағындағы бос жерге сүйеп қойды. Оның бер
жақ қасына оққа шып толы оқшантайды жайғастырды. Екі бүйірін таянып, көңілді
шыраймен Несіпкүлге көзінің сұгын төге:

-        Қоймадың
ғой, тегі, барса барсын, қадамы қайырлы болсын,- деп еді.

Осы сөзді естуі-ақ мұң екен,
Әміржан қолындагы кітабын еденге қалай болса солай тастай беріп, ұмтылып кеп
атасының белінен қапсыра құшақтай алды. Несіпкүл болса, дөңгелек қара торы жүзі
гүл-гүл жайнап, анау екеуіне күлімдей қарап қапты. Саурық Әміржанды екі қолымен
қаусыра тік көтеріп алып, көптен бері сағынып көргендей-ақ бетіне-бетін
өбістіріп, ақ мандайынан шөпілдете сүйе берді. Немересінің күшін байқайын деді
ме, не болмаса баяғы балалық мінезі ұстап кетті ме, кім білсін, оны дік еткізіп
жерге қойды да, екі білегінен қамти ұстап, бар пәрменімен үйіріп-үйіріп
жіберді. Саурықтың жоқ жерде баламен бала бола қалғанын әуелгіде ерсі көрген
Несіпкүл таңданған пішінмен аузын сылп еткізді. «Әміржан дегенде жүрегі елжіреп
тұрады,- деп ойлады жаңағы кінәмшіл ойдан тез айнып.- Сірә дә, баланың қызығына
адам тоя ма... Осы бір кішкентай қарғасынан басқа кімі бар бұл шалдың».

-        Менің
қүлыным палуан болады, денесін көрмейсің бе, тастай,- деп, көзі күлімдеп,
көңілі тасып тұрған Әміржанның ақжібек көйлегінің шолақ жеңінен бұлтиып көрініс
берген бұлшық еттерін саусақтарымен бүріп алып, қысып-қысып жіберді. Бір жақсы
жері бала оған мыңқ еткен жоқ. Бүкіл денесі болат серіппедей тітіркей жазылып
барып, сіресе жиырылып қалды.

-        Ботаның
көзіндей жәудіреген көзіңнен айналайын мен сенің. Далаға көп шықсаң тотығасың
ғой, өзгересің ғой, қардай аппақ бетіңнен бір сүйейінші...- деп, Несіпкүл емірене
еңкейіп, Әміржанның екі бетін алма-кезек сүйе берді.

Кереуеттің төменгі жақтауына екі
шынтағын төсеп, кеудесін алға ұмсындыра шалқиып тұрған Саурық осы тұста өз
қуанышының тасқынын сыртқа шығарды.

-        Көрерсің,
менің күнтайым әлі құралайды көзге ататын мерген болады,- деді.

-        Айтқаның
келсін, аузыңа май,- деп Несіпкүл бар мұраты хасыл болған мұңсыз жандай жеңіл
күрсінді...

Арада екі күн өтті. Саурық бүгін
елең-аланда тұрған. Несіпкүл мен Әміржан таңертеңгі тәтті ұйқы құшағында. Шал
аңға аттанғанда киетін жеңіл киімдерін киіп, құс мылтығын оқтап, оқшантайын
беліне буынып, сақадай сайланып алды. Тау тасасынан қылтиып көрініп, шайдай
ашық мөлдір көкжиекке күн тырмыса бергенде, сыпсың құйрық, салпаң құлақ жатаған
торыны жеңіл тірәшпенкеге жегіп, албардан сыртқа шығарып қойды.

Несіпкүл төсегінен тұра салып,
шапшаң киініп, тысқа шықты, Саурық ат жегулі тірәшпенкеге жас көк шалғынды
көпіртіп салып, оның үстіне бір салар бөстек көрпе төсеп, бипазданып жүр екен. Несіпкүл
ұйқы сілемі кетпеген жұқалтаң қабағына кірбің алып, солғын тіл қатты:

-        Әбігерсің-ау,
байғұс! Түні бойы аунақшып шықтың. Осынша асығатын не бар, тегі...

Саурық тобан аяқ жатаған торының
күдірейген қалың жалын қолымен тарағыштап, әр жеріне жабысқан тікенді шымшып
алып тастап, кемпіріне көзінің астымен бір қарап қойып, мырс етті.

-        Сен
де бір болмаған қызық жансың... Содан мүйіз шығатын болса, ғұмырымыздың тең
жарымын ұйқымен өткердік қой,- деді.

Несіпкүл артына жалт бұрылып үйге
кіріп кетті. Беті-қолын жуып, таңертеңгі шай қамына кірісті.

Шай қайнай бергенде, Несіпкүл
Әміржанды оятып алды. Саурық думанды тойға баратындай-ақ атын сылап-сипап,
әбзел-саймандарын жөндеп, арабаның айналасынан күйбендеп кетпей қойды. Әміржан
тысқа шығып, бау-шарбақтың есік жағындағы тасада жез құманмен жуынып жатыр еді.
Саурық оны да байқаған жоқ. Теріс қараған күйі өзінен-өзі сөйлеп жүр: «Уа,
қүдайым, Әміржаныма әкесінің жолын бере көрме... Тфу-тфу»,- жерге түкіріп
тастады.

Әміржан атасының жаңағы бір түсініксіз
сөзінен секем алып, жез құманды жерге қоя салды да:

-        Ата!
Не деп тұрсың?-деп анадайдан үн қатып еді.

Саурық сасып қалды, артына жалт
қарады. «Қап байқамай, айтып қалғанымды қарашы, бүлдіріп алмасам неғылсын», -
деген аласапыран ой көкірегін қарып өтті.

-        Жай,
әшейін... Ерте кезде біздің ауылда бір қаныпезер бұзық жігіт болған, сол бар
болғырдың жоқ жерден есіме түсіп кеткенін көрмейсің бе? Тез жуын, киін,
салқынмен аттанайық...

Әміржан тез-тез жуынып, иығына
асып алған түкті ақ сүлгімен беті-қолын сүртіп үйге кірді. Атасының әлгі бір
түсініксіз сөзінен көңілінде күдік күшейіп, жүрегінде тастай түйін болып тұрып
алды. «Уа, қүдайым, Әміржаныма әкесінің жолын бере көрме!»-деп атасы толассыз
сампылдап түрғандай болды. «Тфу-тфу»,- деп жерге түкіріп тастады-ау. «Кімнен жеркенді
екен сонша? Әлгі айтып тұрған бұзық жігіті кім болды екен? Оны неге анықтап
айтпады?»

ІПайды апыл-құпыл ішіп болысымен,
Саурық Әміржанды қасына отырғызып, өзінің сенімді серігі, қысы-жазы көзіне
ілінген тау-тағыларын қия бастырмайтын кәнігі жүйрік ақ тазысы Құмайды соңына
ертіп, тауға жөнеп кетті.

Тау баурайында күн шамалы ыси
бастағанымен, қойын-қойнауларда, шатқалдарда жанға жайлы қоңыр салқын самал
еседі.

Ауылдан екі-үш шақырым шамасы ұзап
шыққанда Саурық делбені Әміржанға ұстатып, өзі оның сол жақ қасына жайғасты. Тымырсық
үнсіздікке беріліп, тұңғиық ойға шомып біраз отырды да, аса бір мейірбан ыстық
кескінмен үздіге сөз қатты.

-        Қадамың
қайырлы болсын, қанжығаң қанды болсын, қарғам!

Мұның өзі Әміржанға тосын жаңалық
емес. Әрқашан аңға аттанғанда әжесі де, ауыл адамдары да атасына осы тілекті
айтып қалатын. Әміржанның өзі де әжесінің айтқанын қайталап, атасын осы
тілекпен талай аттандырған. Дегенмен қапелімде аузына сөз түсе қоймай, бөгеліп
қалып еді. Кім де болса жақсы лебіз білдіріп, игі тілек-бата берген адамға алғыс
айту үлкеннің де, кішінің де адамгершілік борышы дейтін мұғалім тәлімі есіне
түсе кетті.

-        Рақмет,
ата! - Сәл ойланып алды да: - Әуелі бұғы атамыз ба?-деді.

-        Оларды
біздің алдымызға кім тізіп қойыпты, - деді атасы күліп, - қайсысы бұрын
кездесіп қалса, сонысын атамыз-дағы...

Әміржан қалындығы пышақ
сыртындай, ендігі екі еліге жақын қайыс делбені шартылдата қағып қойып, ырғай
сапты бишік қамшыны үйіріп, торыға ақырып айбат көрсетті.

-        Киіктің
лағын атып алсақ қайтеді?-деп тағы да балалық мінездің бір ұшығын көрсетті
Әміржан.

-        Киіктің
лағын құралай дейді... Сен оны осы күнге шейін қалай білмейсің?- Саурық
тандайын шырт еткізіп, басын шайқады.- Киіктің құралайын атуға жарамайды.

Әміржан осы арада лақ пен құралайдың
айырмасын білмегеніне шамалы ыңғайсызданып қалды. Атасының жаңағы сөзіне тәнті
болғанын білдіріп бас изеді.

-        Ендеше,
андардың балаларын атпайық, жарай ма?

-        Ал
енді,- деді атасы шалқая түсіп,- адамға, малға зиянды андарды ата береміз.
Олардың саны азая бергені жақсы... Жыртқыш хайуандар жер бетінде көбейіп кетсе,
ел-жұртқа тыныштық бермейді.

Әміржан делбені босандау ұстап,
бара-бара сылбыр жүріске ауысқан жалқау торыны бетімен қоя берді. Басын төмен
салып, көзін шала жұмып, терең ойға шомып кетті. Сонда қалай болғаны? Қасқыр ғой,
барып тұрған, зиянды аң. Мал жейді, адамға шабады. Жолшыбай қасқырдың
бөлтіріктері кездесіп қалса, оларды да атуға болмай ма? Осыны атасына айтып
көріп еді, ол бөгелместен:

-        Қасқыр
болсын, басқа болсын, бәрібір адамға, малға зиянды андардың балаларын да аяуға
болмайды, ойда кездескенін ойда, қырда кездескенін қырда топырлатып шетінен
қыра беру керек,- деп ұғындырды.

Әміржан атасының жаңағы сөзіне
шамалы күмәнданып қалды. Бәлкім, ол ненің зиянды, ненің пайдалы екенін айыра
біле ме екен, әлде оған ақылы жетпей ме екен деп, Әміржанды сынағалы әдейі
айтып отырған шығар.

-        Неге?
Олар кішкентай бала ғой...- деп қалды Әміржан.

Саурық оның тершіген ақ құба
жүзіне көз жүгіртіп, екі иығы бүлкілдеп, бүкіл денесімен тебірене, терең
күрсінді.

- Жаулар сені кішкентай бала деп
аяған жоқ қой,- деп Әміржанның мандайынан сипады.

-        Ата!-деді
Әміржан оған жалтақтап қарап.- Мені аямаған кім олар?

Саурық енді Әміржанның қолы
босасын, еркінірек отырсын деп, делбені өз қолына алып етек-жеңін тастүйін
жиып, босаңсып қалған жалқау торыны ширықтыра түсті.

Әміржан атасының аузына қарап,
үнсіз отырған. «Жаулар сені кішкентай бала деп аяған жоқ қой»,- деді ғой жаңа. Осыған
көңілі алабұртып, іші әлем-жәлем.

Саурықтың жүрегі алқымына тығылып,
жас баланың жұдырығындай жұтқыншағы бүлкілдеп, безгек қысқандай қалшылдап
кетті.

-        Сенің
әкенді тап жаулары тірідей ұрлап әкеткен... - дей беріп, бір тоқтады...

Мұның өзі бұдан бұрын Әміржан құлағына
шалынбаған, ес білгелі жан баласынан естілмеген тұтқиыл жаңалық. Бұрын оған
атасы да, әжесі де, әкең өз ажалынан өлген, шешең де оның артынан көп ұзамай
қайтыс болған дейтін. Бүгін келіп атасы: «Сенің әкенді тап жаулары тірідей
ұрлап әкеткен»,- дейді. Сонда анау-мынау емес, үп-үлкен жігітті олар қалай ұрлайды?
Мана үйден аттанарда атасының Әміржаныма әкесінің жолын бермесін деуінде де бір
гәп бар екен ғой. Тегінде, ол Әміржанымды жаулар сондай ғып ұрлап әкетпесін деп
тілеген ғой шамасы.

Әміржан жүдеп, томсара қалды.
Атасының әлгі тосын жаңалығы оған шаншудай қадалды. Әйткенмен де осы бір ауыр
сөздің шындығына көңілі шек келтіре береді.

-        Түсіндіріп
айтшы, ата, - деді ол мөлиіп.

-        Сенің
әкең Сақабайды бұдан дәл он екі жыл бұрын, жиырма тоғызыншы жылы, сенің екі
жасқа жетер-жетпес кезіңде, біздің елдегі тап жаулары тірідей ұрлап әкеткен...

Әміржанның түсі бұзылып жүре
берді. Тосын біреу, ту сыртынан келіп жүрегіне ине сұғып алғандай, тұла бойы
шымырлап, көзі қарауытып кетті. Сонда да ол енді бір сәт қасындағы атасын ес
көріп, асқар пана тұтып,бойын тез жиып алды. Бастаған әңгіменді не де болса
түгел баяндап бер деген өтінішін жаутаңдай қараған мөлдір қара көзінен
білдіріп, атасына телміре қарап қапты. Саурық тау қапталына жанамалай өрмелеген
қосаяқ сүрлеу жолда жеңіл тірәшпеңкені мықшия сүйреп, қара терге малшынып келе
жатқан торыны бишік қамшымен екі үш дүркін жүдемелете шықпыртып қойды. Күншілік
жерден көрініп, күн нұрымен таңғажайып алтын күмбездей жалт-жұлт еткен мұзарт
шындарға көз жіберді. Қалың қабағы жауар бұлттай түнеріп, жайшылықта екі ұшынан
қаны тамып, күреңітіп тұратын сүйекті жалпақ беті тозған ақ шүберектей қуарып,
күйсіз отыр. Әміржан да жаңағы бір жайсыз әңгіменің ұшығына жеткенше тағат таппай,
беймаза ой жетегінде тықыршиды.

Әке! Қандай сүйкімді, қандай
тәтті осы сөз! Есін біліп, етегін жапқалы, кейінгі екі-үш жылда осы бір сөз Әміржан
жүрегінен әсте кетпей қойған. Әсіресе өзімен кластас балалар әрқайсысы өз
әкесінің өнерін, атқарып жүрген қызметін айтып, әкелері қаладан сатып әкеп
берген әдемі киімдерін көрсетіп мақтанғанда Әміржанның іші күйетін. Бірақ оны
атасына да, әжесіне де білдірмейтін. Ойлап қараса, шешенің де орны бөлек екен. Әке-шешесі
бар балалар дүниедегі нағыз бақытты балалар ғой. Кейде өзі тендес балалармен
керісіп, қағысып қалатын кездері болатын. Сонда олардың ішіндегі кейбір шығаннан
шыққан қиқарларының: «Әкенді, шешенді жұтқан жалмауыз», «Қу жетім» деген жаман
сөздерін де анда-санда естіп қалатын. Бірақ атасы мен әжесінің арқасында соның
бәрін де елемей, айта берсін, оған менің нем кетеді деп, қолын бір-ақ
сілтейтін. Қысқасы, не керек, атасы мен әжесі қанша мәпелеп өсіргенмен, әйтеуір,
бір орны толмас олқылық Әміржан бойынан әрдайым сезіліп тұратын.

Атамның осы айтып отырғаны шын
ба, өтірік пе деп, ол бір есептен күдіктеніп те қалып еді. Ертеректе өз ажалынан
өлді деген әкесін бүгін келіп жаулар ұрлап әкетті дейді. Атасының қай сөзіне
сенеді? Әміржанның күмәнданып отырғанын қарашығы қимылсыз қатып қалған тұнжыр
көз жанарынан, салқын тартқан бет ажарынан байқаған Саурық бұл жұмбақты өзі
шешіп берді. Әкесінің шынайы жай-жағдайын есейгенде егжей-тегжейлі біле жатар,
кішкентай кезінде көңіліне қаяу түсірмейік деп, Әміржаннан әдейі бүгіп жүреді
екен. Ал шешесі Күлімхан болса, шынында да ауырып, өз ажалынан өліпті.

-        Менің
әкемді ұрлаған кім, ата?-деп сұрап қалды Әміржан.

-        Оны
қайтесің, балам! Ұрлады, әкетті, кім біледі, өлтіріп тастаған шыгар... бәрібір
емес пе,- деп шындық шеңберінен әдейі ауытқып, сиыр құйымшақ жауаппен тынды.

Әміржан көңілі бейжай. Көкесін
ұрлап әкеткен, құртып жіберген қаншелек жаулардың ішінен нағыз баскесер бір
сұмырайдың жексұрын бейнесі бөлініп шығып, атасы мен әжесінен талай естіген
ертегілердегі жалғыз көз қара дәу сипатында елестеп кетті... Ол, тіпті, көкесі
мен мамасының қандай адам екенінде білмейді. Ең болмағанда үйде суреттері де
сақталмапты. Олардың кескін-келбетін, тұрпат-тұлғасын оймен топшылап, көзінің
алдына келтірмек болып еді. «Дәу де болса, менің көкем атама ұқсайтын болар,-
деген ой келді оған,- ал сонда мамам кімге тартты екен?» Атасы мен әжесінің айтуы
бойынша өліп қалыпты. Ауылдағы ең сұлу, ең ақылды жас әйелдердің ішінен
бітім-пішіні басқалардан бөлек жаралған біреуін тандап алды. Ол бесінші класта
әдебиет пен тілден сабақ берген ез мұғалимасы Бибігүл еді. Тегінде, дәл осы
Бибігүл апайдай болса, мамасының жаман болмағаны...

Саурық өз ойымен әуре. Енді ол
тау бөктерін жапсарлай қуалаган бұраң жолдан оң жақ бүйірге кілт бұрылып,
бірлі-жарым арба ізі түскен шөптесін жолдың нобайымен түйе өркеш қос айырық
биік шоқыға қарай қиыстай тартты. Қолындагы бишік қамшысын ауаға үйіріп-үйіріп
жіберіп, қасында сұлық отырған Әміржанға көз қиығымен бір қарап қойды.

-        Мен
болсам қартайдым,- деді ол үһлей күрсініп. - Құралайды көзге атқан мерген едім.
Бұл күнде көзімнен нұр тайды... Атқан оғым кейде тиіп, кейде далаға кетеді... Тындап
отырсың ба?

-        Тындап
отырмын, ата.

-        ...Мейлі,
кәрілік шіркінге әзір оңайлықпен жендіре қоймаспын... Сен тұрғанда бұл дүниеде
менен бақытты адам жоқ тегі...

Шал маңайдағы бұлақ сылдырына,
қыбыр еткен жәндіктің болмашы сыбдырына елендеп, бір ауық үнсіз отырып қалып
еді. Әміржан атасының әр жерден бір қара көрсетіп, ақырында қожырап қалған
манағы әңгімесін аяғына шейін тындауға ынтықты.

-        Осы
тістерің қайда деп сұрайсың ылғи,- деді де шал делбені оң қолына жиып ұстады. Әр
жерден ақ шалған қалың мұртын сол қолының бас бармағымен кейін серпіп қойып,
аузын аңқита ашты. Жоғарғы екі қасқа тісінің үңірейген орнын сұқ саусағының
басымен батыра нұқып қойды.- Мұны да енді саған айтайын. Бұл тістерім колхоз
ұйымдасқан кезде жаулардың қолында кеткен... -Делбені Әміржанға ұстатты да,
беліндегі оқшантайын шешіп алып, саудыратып былай қойды. Жұқа сұр кенеп
бешпентін жедел сыпырып тастады. Содан кейін ине-жіптен жаңа шыққан ақ жейдесін
шешіп алды.- Мынаны сен талай көргенсің. Жауырынының үстіндегі қол басындай
тыртық орнын сұқ саусағымен сызып өтті. - Бұ да -маған сол тап жауларының
басқан таңбасы... Талай кескілескен айқаста ажал аузынан аман қалып ем. Әттең,
не керек,- дей беріп, әлдебір қанқұйлы жауына кегі қайнап кеткендей, буырқана
қозғалып барып басылды. Әміржан байыптап қараса, атасының бет-ажары адам шошығандай
боп бұзылып кеткен екен.

-        ...Кім
де болса, ол менің балам ғой, сенің әкең ғой,- деп бастап, манағы үзілген
сөзінің арқауын онан әрі жалғап әкетті.- Қабырғамды қайыстырып, қаусатып кетті.
Жығылған үстіне жұдырық деген емес пе, ол аз болғандай, сенің шешең Күлімханның
өлімі жаныма қатты батты... Делбенді қымтыңқырап ұста, балам, атынның жүрісін
жеделдет. Жолаушы ақысы жүрсе бітеді, барар жерімізге тезірек жетіп алайық.

Әміржан делбені екі қолымен жиыра
ұстап, шалқая тартып, жалқау торының ақ көбікке малшынған жалпақ сауырына ұзын
бишікті көмігі-көміп жіберді.

Жіңішке жол қос шоқының арасымен
жыланша ирелендеп барып, келесі бір жүндес жатаған таудың алқымына өрмелеп
шықты. Дәл осы араға жеткенде жалқау торы сыр білдіріп, сылбыр жүріске ауысты. Қанша
сабалағанмен аяғын санап басып, сымпыс құйрығын шыбжындатып, жолды өндірмей
келеді. Тау етегіне тырмыса біткен бойшаң жасыл теректер, ақ балтыр шұбар
қайындар ілгері басқан сайын жиілеп, қоюланып барады.

Саурық ыңылдап, термелеп әндетіп
қойды,

Жауына қылыш сермеген, Ажалға
ырық бермеген, Мен де өзімше батырмын, Ленин салған жолменен, Еңбекші халық
елменен, Бірге келе жатырмын...

-        Менің
осы өлеңімді үйреніп ал, балам, кеудеңе жазып ал.

-        Үйренем,
ата...

-        Сен
шаңырақ иесісің ғой, қарашығым,- деді Саурық,- менің бойымдағы бар өнерді, бар
өленді алып қал...

Әміржан мақұлдап бас изеді.

Ауылдан шыққалы айнала жүгіре-жүгіре
шолдеп сілесі қатқан Құмай осы араға аялдап, тыныстап алайықшы дегендей, арбаның
алдын орап, қарадай әлек боп жүр. Тілі бір қарыс шығып кетіпті.

Саурық енді делбені өз қолына
алып, күншығыс тарапқа сәл қиыстап барып, айналасында көкорай шалғын, балауса
гүл-бәйшешек жайқалып тұнып тұрған қалың терекке жеткенде, атының басын кілт
тежеп, тоқтата қойды да, арбадан секіріп түсті. Оған ілесе Әміржан да жерге
секіріп түсіп, үсті-басының шаңын қаға бастады.

-        Осы
жерге дамылдап алайық, балам, - деді де, Саурық басындағы қоқайма төбелі қара
елтірі бөркін арбаның үстіне алып ұрып, күректей жалпақ алақанымен мандайын
көлегейлеп, көз жетер жерді айнала шолып тұрды. Қапелімде көзіне еш нәрсе
шалына қойған жоқ.

Шал мен бала жанторсыққа құйып
үйден алып шыққан тәтті қымызды тостағанға құйып ішіп, бауырсақ жеп, қаужанып
отыр еді. Бұл аймақтың ой-шұңқыры, жақпыл тау қойнаулары Құмайга көптен таныс. Әудем
жерге жортып барып, жылым бұлақтан су ішіп, көк шалғынға аунап, әбден кенеліп
қалды.

Әлден уақытта, бұлар тамақтарын
ішіп бола бергенде, құмай арсаландап жетіп келіп, құйрығын бұлғандатып,
иелеріне еркелеп, сыландап өтті де, арбаның көлеңкесіне жата кетті. Саурық орнынан
ширақ көтерліп, еңкейіп барып бір уыс бауырсақты біртіндеп қақшытып жегізіп,
итін біршама қаужандырып алды. Содан кейін Құмайдың мақпал барқыттай жұп-жұмсақ
жалпақ мандайын бір сипап қойды. Иесінің еркелеткеніне ит те болса ризалық
білдіріп, сарғыш көзінің көкшіл шеңбері қарашығып ойнақшытып, керіле қыңсылады
Құмай. Саурық сыпыра бір сылап қойып, «тұр, кәне!» деген ишарт білдіріп еді. Құмай
дереу басын көтеріп, артқы аяқтарын құйрығының астына бүгіп, алдыңғы екі-аяғын
кере көсіліп, көзі жайнап иесінен әмір күтті.

-        Ал,жөнел,
Құмай! Аң ізде!.. - деп, Саурық тау жаққа қарап, қолын сілтеп қалып еді, анау
орнынан атып тұрып, көмірдей қап-қара жұмыр тұмсығымен жер сүзе иіскелеп,
жортып барып, еңістегі қалың ағаш арасына сіңіп кетті...

Бұлар ат-арбаларын осы жерге
тастап, тау арасын жаяу кезіп кетті. Ағаш-ағаштың арасымен, құз-қойнауларды жағалап,
баспалап аң іздеп келе жатыр еді. Бір қалың шоғыр ағаштың ар жақ тасасынан ит
даусы шаңқ етті. Құмай!

-        Бұйырса,
мен саған қазір анды қалай атуды көрсетейін, балам, - деп, Саурық осы тау
өлкесінің әміршісіндей-ақ кеудесін кере мардамсып қойды. Қыбыр еткен аң баласы
көзіне ілінсе қалт еткізбей атып жіберетіндей, мылтығын алға кезеніп, аяғын
тып-тып басып, қорбандап ілгері кетіп барады. Әміржан болса атасының артында
есік пен төрдей жерде келе жатыр.

Аспанға өрлей біткен қызыл шұбар
жартастың оң жақ қалтарысынан ақ бауыр сұр киік қылт етіп шыға келді де, қос
құлағы тас төбесінде шаншылып, мүйізі ербиіп, бұларға қарсы қарап, аңырайып
тұрып қалды. Ұрымтал жерге тақап келіп қалған екі адамды анық көргенде, киік оң
жаққа жалт беріп, зыта жөнелді. Сол-ақ екен, Саурық оны жалма-жан қос өкпенің
тұсынан нобайлап көздеп, оқыс басып салды. Киік қанкөбелек ойнап, төңкеріле
құлап түсті. Саурық пен Әміржан жүгіре басып, киік құлаған жерге келсе, ол бейшара
тыпырлап жанталасып жатыр екен. Киікті көргенде Әміржанның есі кетті. Денесі
түршігіп, жүрегі шымырлады. Жануарды аяп жылағысы келді. Оқ дәл жүректен тисе
керек. Сол тұстан қан дірдектеп ағып жатыр. Өзі қандай әдемі? Үріп ауызға салғандай.
Ботаның көзіндей жаудыраған көзін айтсайшы. «Менің сендерге не жазығым бар еді?
Неге аямай аттындар?»-дегендей, бір түрлі аянышты пішінмен қарайды бұларға.

Саурық өлгелі жатқан сұр киікке
көзінің сұғын төгіп тұрып, күпілдегі мақтанды-ай келіп:

-        Көзіме
шалынған анды мен әмсе осылай жайратамын... Қалай, балам, қорыққан жоқсың ба?

Әміржан тымырайып басын шайқады.
Атасы қанша шебер мерген болса да мына әдемі киікті аямай атып тастағанына
іштей қатты наразы. «Қарашы, өзі ана киік екен: емшегінен сүт саулап ағып
жатыр. Осы таудың бір жерінде құралайлары да бар шығар. Ол бейшаралар енесін
іздеп жылайды-ау, қарындары ашып қалады-ау. Енді оларды кім асырайды?» Бұл ойын
атасына айтқанмен одан не пайда? Саурық қолындағы мылтығын жерге тастай берді
де, бешпентінің жан қалтасындағы мүйіз сапты, екі басты өткір бәкісін алып, бір
тізерлеп отыра қалып, киіктің кеңірдегін қылт еткізіп орып жіберді. Сол-ақ екен,
сорлы киік ышқына ішін тартып, ықылық атып, екі дүркін тұяқ серіпті де, қиналып
жан тапсырды.

Саурық жалма-жан киіктің терісін
іреп-сойып, әуелі ішек-қарнын бөліп лақтырып жіберді. Етін мүше-мүшесімен
бөлшектеп, терісін көгалға төседі де, соған жайып тастады. Әміржан да қол қусырып
қарап тұрмай, өз шамасынша атасына көмектескен болды.

-"Жел қағып ғобарсиды, бір күнге
түк етпейді,- деп Саурық қолының қанын топыраққа үйкелеп шамалы тазартып алды. Осы
маңайдан бұлақ кездессе, қолымды жуармын деген ойы бар.

-        Ата
деймін, ауылға қайтпаймыз ба? - Бір бүйірден Әміржан кыңқылдай қалды.

-        Қайтпаймыз,-
деді атасы үзілді-кесілді.- Кешке Күміс бұлақтағы қойшыларға барып түнейміз. Бұйырса,
ертең таң сәріден тағы да аңға шығамыз...

Сол екі арада Құмай арсаландап жетіп
келіп, қамшының еріміндей жұп-жұмыр ұзын құйрығын бұлғандатып, алдыңғы екі аяғының
арасына басын қойып, тұмсығын жерге төсеп, етпетінен жата кетті. Жайрап жатқан
киік етін көзімен ішіп-жеп барады. «Тым болмаса бір кесіп берсейші»,- дегендей,
кезін ойнақшытып, екі езуінен сілекейі шұбырып, Саурыққа телміре қарайды.

Шал жерде жатқан өкпе-бауырды
алып Құмайдың алдына сылқ еткізіп тастай берді.

-        Қарның
ашып қалды ма? Жей ғой мынаны,- деп итінің алдына жақын барып, мүсіркеп жатыр.

Құмай жып-жылы өкпе-бауырды екі
аяғының ұшымен сүйреп алып, сылпылдатып жей бастады.

-        «Ер
азығы мен бөрі азығы жолда» деген, саған бұйырған екен, тойып ал,- Саурық,
осыны айтты да, ежелгі машығына басып, оң қолымен мандайын көлегейлеп,
қиян-қияға көз жіберді. Кәнігі кәрі мерген алыстан нысана іздейді.

Әміржан атасына үн қатпай, нәзік
саусақтарымен жер шұқылап, бір шетте көңілсіз отырған. Оны манағы көкесі мен
мамасы турасындағы қолайсыз әңгіме, қапылыста оққа ұшып ойран болған әдемі киіктің
аянышты өлімі мазалап отырғанын атасы қайдан білсін.

-        Ал,
кәні, жүрейік, балам! Ат-арбаға жетейік,- деп анадайдан атасы тіл қатқанда
барып, Әміржан отырған орнынан созалаң көтеріліп, сылбыр басып, оның қасына
келді.

Бұлар енді киік етін әзірге осы
жерге тастап, әдейі қап әкеп, соған салып әкетпекке сөз байлады да, ат-арба
қалған жерге жылдам жүріп кетті.

Бұл өңір Әміржанға таныс болатын.
Ол Саурықтың алдын орап, өршіл лақтай тастан-тасқа секіріп, кенет бұға қалып,
атасы таяуда әкеп берген дүрбісімен алысты сүзе, айналасын тінтіп қарап келеді.
Таңертең сай өрлеп келе жатқанда ши қалпағына сан түрлі гүл қадап алған-ды.

-        Мұның
не, балам-ау?- деген Саурыққа:

-        Қарауылға
баспа ғып отырғанда аң көзі алдансын деп әдейі жасап алдым,- деген.

-        О,
ақылыңнан айналдым,- деп, атасы бір масаттанған.

Әміржан тіпті шаршайтын емес. Ол өткен
күздегідей атасы бір арқардың құлжасын атып алса деген тілекте еді.

-        Ата,
анау Байқадам атқанға, не Нұртаза атқанға барайық,- деп қақылдап келеді. Бұл
елде арқар ататын тау тасқа пәлен атқан, түген атқан деп ат қойған.

-        Балам,
түс болып қалды, енді оған жете алмаймыз. Торы ат жығылғанды өрлеп, Бибала
атқанға шығып бір шолайық.

-        Ең
болмаса, Айырықтың басына шығайық та.

-        Әй,
бүгін бір сәтсіз күн болды, тегі, қанжығамыз қанданбас, сірә.

-        Ең
болмаса қоянның көжегі кездесер.

Аталы-балалы екеуі бірі ілгері,
бірі кейін, андап басып, абайлап қарап, Торы ат жығылған құзды өрлеп келе
жатып, кенет өкше ізімен қайта жүгірген Әміржанға аң-таң болды. «Анау дәу де
болса бірдеңені көрді-ау»,-деп түсінген Саурық аяғын тез-тез басып, мылтығын
ыңғайлап ілгерілей бергенде, өңі сұп-сұр, көзі шарасынан шыққан Әміржан үкідей ұшып
жетіп келді. Өзі дір-дір етеді, зәре-құты қалмапты. Тіпті, кемсендеп жылағалы
түр.

-        Не
болды, балам?-дегі, Саурық оны бауырына басты.

-        Ата,
бар ғой, ана... ана арада адам жатыр,

-        Адам!
Қандай адам!

-        Сақалды...
Киімі жыртық. Шоқпары бар.

Саурық оның тегін адам емес
екенін тез аңғарды. Шегарадан өтіп келген жансызды былтыр атасы ұстап бергенін,
шегараны бұзып келетін қаныпезер дұшпан екенін Әміржан да талай естіген.
Саурықтың ойы да, баланың топшылап қорқып келуі де бір-біріне ұштасып тұр.

Арт жақта тышқан аулап қалған Құмай
да абыржыған иесінің алдына келіп, не боп қалды дегендей, елендеп тұрды да,
тілін көш-құлаш шығара, төсін жерге тигізе бір керіліп, дүр сілкіне бой жазды.

Саурық тез шешімге келді. «Дәуде
болса шегара бұзған сұм болар. Ұстауымыз керек».

Саурық өз өмірінде жеті жансыз ұстап,
шегара отрядына көмектескен. Сан рет сыйлық алып, қырағы қарт атанған. Айлалы да
алғыр, сабырлы да тапқыш кісі.

« Алдымен Құмай барсын,- деп
ойлады шал. - Егер итке зақым тисе, онда күш сынасып көрермін. Әміржан иғына
асып жүрген қос ауыз мылтықтың оң жағына жеке оқты патрон салып, қолына алды
Саурық. Малопулысаны сол жағына асып, қату адымдағанын байқаған жырынды Құмай
«мен не істеймін?»- дегендей, аяғын соза бергенде, Саурық жүгіре басып: «Айт!»
- деп қалды. Жоны астаудай, басы қос қарыс ақ тазы екі құлағын жұма, жолбарысша
бір ырғып, қаршығадай зуылдап, жынысқа құрай зып етіп. Өзімен жанасалап, еліге,
елгезектене жепендеп келе жатқан Әміржанға атасы зекіп: - Кейін, артымда жүр,-
деп тежеп тастады.

«Жау қару жұмсаса жалғызым оққа ұшпасын,
не көрсем де өзім көрейін»,- деген ата қамқорлығын Әміржан түсіне алмай,
жасқана басып кейіндей берді.

Кейде еңкейе, кейде баспалап, бой
сағалап келген Саурық әлдекімге тақымдай шабаланған итінің ашулы даусын естіп,
мылтығын кезене ұмтылғанда, етегіне жармасып, қалтасына ауыз салғалы жүрген ақ
тазыны таяқпен жасқап, жанталасқан адамға бүйыра сөйледі.

-        Қан
болмай қолға түс!-деген әмірлі даусына «рас, рас, аман құтылмайсың!»- деп тау
мен тас үн қатқандай жаңғырып кетті. Тазының әлегімен жан-жағына қарай алмаған
жат адам кенет шыққан каһарлы үннен селт етіп, жалт қарағанда, есік пен төрдей
жерде өзіне төніп тұрған қос ауыз мылтықтың суық түрін көріп, қапелімде жалп
етіп отыра кетті де:

-        Ағатай-ай,
мұсылман екенсіз ғой, жан сауға, жан сауға!-деп, шойырылған иттей сүйретіліп,
Саурыққа қарай ілгерілей берді. Жат жерден өткен жаудың талай амал-айласын
көрген Саурық қатуланып:

-        Кімсің?
Қайдан келдің?- деп қалды.

-        Мен,
бір қаңғырған сорлы едім...- Ол есін жиғандай, екі аяғы дір-дір етіп, басын
көтеріп бой жазды да, Саурыққа тура қарады. Қарлыққан даусы жарықшақтана:

-        Әке,
әкетай... Мен... мен... мен, балаң,-деп еңіреп қоя берді.

Оны енді таныған Саурық тісі
шықырлап, бурыл мұрты дірілдеп, көзі қанталап кетті. «Мынау кім? Атамды әке
дегені несі?»-деп ойлаған Әміржан сасқалақтап:

-        Ата,
ата, мынау сені неге әке дейді? Сен оны танисың ба? -деп сұрап қалды.

-        Танып
тұрмын....

Саурықтың көзінен аққан жас
салалы сақалына сорғалап кетті.

Сол сәтте жат адамның көзі
аларып, екі ұрты ішіне кіріп, аяғы шалыса құлап бара жатты: «Иман, иман
айтындар»,- дей берді.