ВЕРНУТЬСЯ

       Күлімдеген көктем келді, жарқырап
жаз шықты. Бар табиғат көкорай шалғынға бөленіп бабында балбырайды. Көксеңгір
жазығының төскейіне жайғасқан «Коммунизм» колхозының қыстағы әсем көркімен
қиядан көз тартады.

«Тракторшы Досанның келіншегі
Қырмызы ұл тапты!»-деген жаңалық-хабар найзағайдай зымырап әудемде барша елге
тартады. Досанның өзі курортқа, ал Қырмызының қайын атасы Күнтуар бұрнағы күні
шопандардың аудандағы он күндік семинарына кеткен еді.

Қырмызы жалтырауық кереуетте ұйқылы-ояу
балбырап жатқан. Құндақтаулы пәрестені котеріп, колхоз перзентханасының
акушеркасы Зейнет жетіп келді. Қою қара қасын керіп, күлімсіреп, нәрестені
Қырмызының қасына қойды. Ширақ қимылдап, қаймыжықтай жұқа ернін Қырмызының құлағына
тақап сызыла үн қатты:

-        Сүйінші,
Қырмызы, ұл тудың!

Қырмызы болмашы күлімсіреп, оң жағындағы
нәрестеге көзінің киығымен мейірлене қарап қойды.

-        Рақмет!-деп
күбірледі келіншек. Солғын жүзіне жұқалаң қан жүгіріп, қарақат көзі жайнап
кетті.

Көзі жұмулы сұлық нәрестеге
қадалды қара көз. Көкірегін кернеген от сезімге ие бола алмай, ауыр науқастан құлантаза
сауыққан адамдай жаны ғажап рақат тапты... Қасында иіліп тұрған Зейнет тіл
қатты:

-        Қазір
барып шешейден сүйінші сұраймын... Досан ағаға телеграмма береміз. Баланы
жерден көтеріп алып, Қырмызының бауырына әкеп салды.

Қырмызы бөбегін өзіне қарай
икемдеп, үнсіз бас изеді де, сәлден кейін бәсең дауыспен:

- Телеграмманы маған көрсетпей
жібермендер,- деді.

-        Көрсетемін...-
Зейнет тық-тық басып шығып кетті.

Зейнет жазған телеграмма сол күні
Сочидегі Досанға жеткен еді. Телефон арқылы қуанышты хабар барғанда, Күнтуар да
семинары аяқталып, өзінің жеңіл машинасымен колхозға асығыс қайтқалы жатқан.

Күнтуар келген бетінде
перзентханаға барып, Қырмызының хал-жайын Зейнеттен білді де, күн батқан
мезгілде үйіне келді.

-        Досанға
хабар бердіндер ме? -деді Күнтуар. Кемпірі Дәмелі Досаннан келген телеграмманы
Күнтуардың қолына ұстатты. Күнтуар орыс тілін әлім-берім білгенімен жазуын шала
танитын. Телеграмманы үш қайтара ежелеп оқыды. Әлден уақытта еңсесін көтеріп,
әредік ақ араласқан қияқ мұртын ширатып, күлімсірей сөйледі:

-        Біздің
Досан осы кімге тартып осындай ынжық боп туды екен?

Дәмелі шамданып қалды.

-        Сенің-ақ
осындай бұралқы сөзің қалмайды үнемі... Балаңды сынап болған жоқпысың әлі?

Дәмелінің кірбенді сыңайын көрген
Күнтуар байсалды кейіпке ауыса қойды. Телеграмманы оң қолының бас бармағы мен сұқ
саусағының арасына қысқан күйі шыр көбелек айналдырып, қуақылана тіл катты:

-        Бұл
шіркіннің әдеп сақтағаны да бір жосық, «қуаныштарыңа ортақпын»,- дейді...

Шай қамдауға ауыз үйге шығуға
оңтайланған Дәмелі әнтек кереғар келіп қалды:

-        Өзің
де қызықсың, шалым! Өй-дөй, келіншегім ұл туған екен, төбем көкке жеткендей қуанып
қалдым десе ғой, шіркіннің балажанын қарашы деп, ер-тоқымынды бауырыңа алып
тулар едің-ау!..

Күнтуар кеңкілдеп күлді. Дәмелі
іле-шала гүжілдеген ақ самауырды көтеріп алып келді. Күнтуар сол екі арада ойға
шомып, шартарапқа шарықтап алған. Дәмелі шай құя бастағанда, бір соны әңгіменің
тетігін басып қалды:

-        Немересін
иемденіп, оған туған әкесін аға, шешесін жеңеше дегізіп, қит етсе түк қоймай
боқтатып, шешесін «жаман қатын», «оңбаған қатын» атандырып жүрген осындағы
бейпіл ауыз шалдар мен кері кеткен кемпірлерге өлгенше қарсымын. Ой елегінен
өткізіп, жансар көзіңді сәл алысырақ жүгіртші, кемпірім! Осы бір жаман әдеттен
баз көшетін мезгіл жетті ғой. Ана Дүйсенді күнде көріп жүрміз: немересі бір жасқа
келмей жатып, шешесінің емшегінен айырып, бауырына салды. Кемпір екеуі
көкіректерінде сіресіп қатып қалған ескілік қаспағын қырып алып, жас нәрестеге
апарып жапсыра салды. Өздері ақылға бай адамдар болса, бір сәрі. Жақсы нышан,
өнеге кем-кемнен жұқпай қоймас еді балаға. Ал ақылдан мақрұм қалған Дүйсеннің
қолына түскен бала не оңады? Қашан ес біліп, мектепке барып жөнделіп кеткенше
алаңғасар, шолжың болып қалмай ма? Менің ойымша, баланы жас басынан осы өрескел
әдеттен біржола құтқарған жөн. Мейлі, туған әке-шешесі балаларын жаңаша
тәрбиелесін, ыстық-суығын өздері көрсін. Өсер жасты өшер ырым-жырыммен
шырмамайық, кемпірім! Осыған сен қалай қарайсың? Жә, бәсе деп қол қоямысың,
әлде ер-тоқымынды бауырыңа алып тулайсың ба?

Дәмелі төмен қарап, тұнжырай
қалды. Күнтуардың жаңағы сөзіне бірден көне қойғысы келмей, әнтек қарсы келіп
қалды:

-        Қайдағы
жоқ бірдеңені айтады екенсің өзің. Тілеп алған немересін қызықтап бауырына
салғанның не айыбы бар екен?

-        Қате
айтасың, кемпірім! Жаман әдет көн-қоқыста өрбитін бүйен құрт секілді. Оның
түп-тамырын біржола құртып тастау керек. Ал жақсы жөн-жосық, шешек атқан мәуелі
бақпен тең. Ендігі заман соныкі...

Дәмелі бұртандап бой бермеді:

-        Құр
бет алды басқаны құстаналап бас қатырғанша, жас баланың машақатын тартып
асырағым келмейді демеймісің бе, тура.

Кемпірінің оңайлықпен дес бере қоймайтынына
көзі жеткен Күнтуар әңгіменің сарынын шұғыл өзгертіп жіберді:

-        Көп
 ұзамай Досанжан да курортынан келіп
қалар, той жабдығын осы бастан қамдай берейік.

-        Е,
бәсе, манадан бері бостекі сөзді қойып, осыны айтпайсың ба?- Дәмелі қабағын
ашып, көңілденіп кетті.

-        Сағынып
көрген тұңғыш немереміз ғой, тойын ел аузынан тастамай айта жүретіндей ғып өткізейік.
Гүл шоғындай бурыл шоқша сақалын сол қолымен умаждап, Дәмеліден жауап тосты.

Қабағындағы кірбеңі тарап, жан сарайы
жарқырап кеткен Дәмелі өрнекті қызыл шұбар құманнан күрең шайды кәрлен кесеге
соза қойып, жас келіншектей наздана сөйледі:

-        Тым
елжіреп кеткен екенсің, аз ғана дәулетінді шайқап алып жүрме, шалым...

-        Несі
бар. Болсын бір думан. Аманат кассасында сұр боп жатқан ақшамыз түгел кетер көп
болса.

Дәмелі Күнтуарды тежеп тастады:

-        Кейінгі
күнді де ойлау керек емес пе. Ішкен мас, жеген тоқты қойып, жұртты біршама риза
ғып жөнелтсек бопты да...

Түптеп келгенде, Дәмелі көнбей қайда
кетер дейсің деп ойлаған Күнтуар әңгіменің сарынын бұрып жіберді:

-        Елде
не жаңалық боп жатыр?- Дәмеліге сұраулы пішінмен қарады.

-        Ауданнан
көрген-білгенінді өзің айт әуелі.

Күнтуар ауданда көрген-білген
жаңалықтарын қысқа-қысқа қайырып, желпініп алды да, ел жайын қайталап сұрады.

-        Несін
сұрайсың?-Дәмелі сан алуан жаңалыққа кәнігі болған ыңғай танытты.- Күн құрғатпай
сан жаңалық туып жатыр елде. Қайсыбірін айтып тауысамын.

Сүйінбала сауыншы әдемі
радиоқабылдағыш сатып алыпты, колхоз ұстасы Керімбектің армиядағы офицер баласы
Жанысбай бір айға демалысқа келіпті, он колхозшы жаңа салған жақсы үйіне
көшіпті. Колхоз председателі Алмабек Нарбаев кеше көршілес Алтынтау қаласынан
50 орынды телефон станциясын сатып әкеліпті. Жаманбай бригадир «Москвич» сатып
алыпты. Облыс колхозға өрт сөндіретін машина беріпті. Алматыдан бір топ артист
келіп, кеше клубта ойын-сауық көрсетіпті.

Дәукен жылқышының сүт фермасында
есепші болып істейтін ортаншы баласы Оралбай  көршілес «Алғабас» колхозындағы Жанақ шалдың
Гүлшара деген тракторшы қызына үйленіпті.

Күнтуар ауданда он күндік
семинарда болғанда туған жаңалықтардың ішінен Дәмелі осыларды таңдап айтты.

Дәмелі жаңалықтарды біртін-біртін
баяндап берді де, кеседегі шайын ішіп тауысты.

Кунтуар шайдан кейін аз тыныстап
алып, таудағы қой фермасына аттанып кетті.

Арада бес күн өткен. Күнтуар
отбасының төрткөзі түгел. Досан курорттан кеше оралған. Қырмызы перзентханадан
бұрнағы күні шыққан.

Ымырт үйірілген мезгіл. Күнтуар
таудағы қой фермасынан үйіне келгенде, Дәмелі фермадағы сиырларын сауып келіп,
үй шаруасымен шұғылданып жүрген. Күнтуар үйіне келгенде отпен кіріп, күлмен шығып,
Дәмелімен бірге шаруаны жапырып істеп тастайды.

Күнтуар келе сала ағаш жарып,
самауыр қойды, қазандықтың отын еселеп жақты. Жабық шыны шамды жағып, қораның
ортасындағы ашаға іліп қойды. Ұзын сапты тобылғы сыпырғышпен бұрқылдатып қора
сыпырды. Бейсауат жатқан нәрселерді жинастырып, шаруаны ретке салды. Жайғасып
болған соң Күнтуар Досан мен Қырмызыны, Дәмеліні өз қасына шақырып алып, той
жайынан сөз қозғады.

Қырмызы осы үйдің ерке қызындай,
Күнтуармен де, Дәмелімен де еркін сөйлесетін, әдептің шеңберінен шығып кетпесе
де, баяғының басқорқақ бұйығы келініншегінше қысылып, қымтырыла қоймайтын.
Қалыптасып кеткен осы жөн-жосығы шал мен кемпірге де, тіпті сыртқы жұртқа да
қонымды көрінетін.

-        Айтпақшы,
шілдехананы қашан өткіземіз? - деді Қырмызы сөз арасында.

-        Шілдехана
дедің ғой, қарағым! Жөн, жөн... Менің ойымша, осында да үлкен мән бар. Жете
ойланып, осы бастан дұрыс өлшеп, пішпесек, шолтитып алармыз.

-        Дәл
осы шілдеханада тұрған түкте жоқ, білдің бе. Жастарды үйге жинап, өткізіп
жіберіңдер ертең,- деп, Дәмелі жеңілге сайды.

Әкесі мен шешесінің аузын бағып
үнсіз отырған Досан осы арада сөзге араласты.

-        Иә,
сөйтейік. Күнде ертеңмен жүреміз бе, ырымын жасап құтылайық,- деді.

Күнтуардың жел қағып, күн тиіп
тотыққан томпақ қара торы беті күреңіте қалды. Әжім шимайлаған кең мандайынан
моншақтап тер шықты.

-        Кемпірім,
сен осыны білместіктен айтып отырсың.

-   Досан, сен шешеңнің ыңғайына көшіп кеттің.
Қырмызыжан өз пікірін кейін айтар. Асықпай кеңесіп алайық. Мен білсем,
шілдеханаға жеңіл қарауға болмайды. Оны, бар ғой, баяғы заманның салтымен
өткізсек, тура артқа қарай жүз шақырым шегінеміз. Жаңа жоралғымен қанатымызды
кеңірек сермейік... Мен сендерге үй иесімін деп өктемдік жүргізгелі отырған
жоқпын, көкірегімде сайрап тұрған пікірімді айтамын. Маған салсандар, тойды да,
шілдехананы да жана тәртіппен өткізейік.

Сөз орайын күтіп отырған Қырмызы
осы арада өз ойын айтты:

-        Әкем
дүрыс айтады, бәрі де жаңа болсын. Қарақат көзі жаудырап, әкесіне ұқсаған
томпақ қара торы беті тершіп отырған Досанға сүзіле қарады.

«Сен бұған қалай қарайсың?» деген
сауалымен ұқтырып, мүләйім пішінмен шешесіне назар аударды Досан.

-        Менің
білуімше, ескі-жаңа дейтін түгі де жоқ,- деді Дәмелі.- Той тамағы мол болса,
жиналған ел риза боп тарқаса, қыз-бозбала жиналып шауқым салса, одан артық не
керек?

-        Қырынан
қарағанда, кемпірім, сенің айтқаның да онша теріс емес. Ал дәл мандайынан туралап
қарасақ, әнтек кері тартып отырсың... Шілдехана мен тойдың ескі, жаңасы бола ма
дегенің жеңіл пікір. Жаңалықтан әсте үркуге болмайды. Мен сендерге бір рауаят
айтайын. Зейін қойып тындандар! Мәселенки, телеграф пен радионы иемденіп
отырған осы күнгі қазаққа «ұзынқұлақ» не керек? Соқыр тиынға керегі жоқ.
Айталық, Қазақстанның бір шалғай шетінде бір ғажайып оқиға туып қалған екен
делік. Осы хабарды біреуден біреу естіп барша елге тарапты десе, оған есі дұрыс
адам иланбайды бұл күнде. Одан да газеттен оқыдық, яки болмаса, радиодан
тындадык десе, әрі қонымды, әрі нанымды болмай ма?.. Жалақтап машина тұрғанда,
арқырап поезд тұрғанда, алыс жолға кім атпен барады осы күнде. Айтындаршы!
Тіпті оны айтасың, бұл күнде машина мен поезды місе тұтпай самолетпен аспанға ұшып
жүрген жоқ па жұрт? Бұл әншейін бір мысал... Есінде ме, кемпір! Отыз бесінші
жылы ауданатком маған сыйлыққа патепон бергенде, елдің кәрі-жасы жиылып таң
қалып еді ғой. «Мынау темір қалай сөйлейді, ішінде сиқыршы адам отырған шығар»,-
деп шал-кемпірлер өлердей шошығаны қайда сонда»?.. Пәлі, сол патепоның қазір
мәре болмай қалды емес пе? Елдің бәрі осы күнде радиоқабылдағышқа әуес боп
кеткен жоқ па?

-        Ішің
толған өнер екен ғой, қадірінді білмей жүріппіз ғой,- деді Дәмелі қалжындап,-
барынды бүгін тауысып айтып тастамай, біразын ертеңгі күнге де қалдыр.

-        Немене,
сонымен тойды да, шілдехананы да бүтіндей жаңа жөн-жосықпен өткіземіз деп мақұлдасамыз
ба? -деді Күнтуар.

-        Бопты,
мақүл ендеше.

Досан мен Қырмызы бір-біріне
күлімсірей қарасты.

Колхоз клубының алдындағы жарнама
тақтасында мынадай бір хабарландыру пайда болды:

«Колхозымыздың озат шопаны
Күнтуар Жексеновтың тұңғыш немересіне арналған ойын-сауыққа келіңіздер! Кешіміз
1958 жылғы 10 шілде күні кешкі сағат 7-де клубта басталады». Бұл хабарды колхоз
радиоторабы да таң атқалы екі-үш рет қайталап айтқан.

Күнтуар немересіне арналған ойын-тойды
бұрын болып көрмеген жосықпен өткізеді екен дегенді естігенде бір қауым кексе
адамдар ерсі көріп, әр саққа жүгірткен.

Салтанат кешінің басталар мезгілі
жақындады. Жасанып киініп келген жастар, ойынды қызықтаған колхозшылар
лек-легімен клубқа жиналды. Үшінші қоңырау соғылып, клуб дәлізінің жарығы
азайтылғанда, жұрт залға асығыс кіріп, бос орындарға жайғасты. Алдыңғы қатардың
орта кезінде Күнтуар отбасы отыр. Елдің көзі сахнада. Қызыл күрең барқыт
шымылдық ырғала толқып ашылды. Ар жағынан колхоз комсомол ұйымының секретары
Бибігүл шыға келді де, оң қолын жоғары көтеріп, «тынышталыңыздар» деген ишарат
білдірді. Құралай көзі күлімдеп, ақ құба бидай өңі құлпырып, маңғаздана қарап тұрды
да, тамағын кенеп алып, сөз бастады:

-        Ардақты
ақсақалымыз, атақты шопанымыз Күнекеңе, озат сауыншымыз Дәмелі апайға, әйгілі
тракторшы Досан ағайға және колхоз кітапханашысы Қырмызыға барша жастар атынан
жалынды сәлем тапсырамын! Жас нәрестенің өмірлі, бақытты болуына
тілектеспіз!...

Шатырлата алақан соғылғанда, клуб
іші дүрілдеп кетті.

-        Тынышталыңыздар,
жолдастар! Колхоз партия ұйымының секретары, колхоз басқармасы председателінің
орынбасары Бекен ағайға сөз беріледі.

Залдағылар шатырлатып қол соғып
жіберді. Алдыңғы қатарда, Күнтуардың оң жағында отырған Бекен жай басып, жайнаң
қағып сахнаға шықты. Бибігүл сәл кейін шегініп кетті. Небір ұлы жиындарда
тартынбай сөйлеп, жаттығып қалған Бекен тамағын кенеп алып, сөзін баптап
жіберді:

-        Дүниеге
жас нәресте келсе Жан сүйсінеді. Себебі, ұлы жазушы Горький айтқандай, Адам деген
ардақты ат, Адам аты зор мақтан. Мен Күнтуар ақсақалдың отбасын, барша колхозшылар
қауымының сый-құрметіне бөленген кішкентай адамды құттықтаймын. Көп жасап,
коммунизм қоғамының парасатты азаматы болуына тілектеспін.- Қара сұр өңі құбылып,
қиығы мол қоңырқай көзі күлімдеп кетті. Киіктің асығындай оңтайлы денесі тым
сүйкімді көрінді.Сәл тыныстап қалды. Теңіздей толқып, желдей есіп кеткен
қошемет дуылы басыла бергенде, Бекен сөзі қайта жаңғырды.

-        Егер
теріс көрмесеңіздер, нәрестенің атын осы салтанатты жиында қойсақ деген
ұсынысым бар. Менің бүл ойым біраз жұртқа әбес көрінуі де ықтимал. Әйткенмен,
осы игі тілегімді көпшіліктің қолдайтынына сенемін.

Зал іші тағы да дүрілдете қол
соқты. Бекен айтқан тосын жаңалықты жақтырмай, кірбендеп қалған біраз көне
кісілердің өздері де көптің ауқымына еріп кетті.

-        Қоятын
атынды айт!

-        Жақсы
ат кою керек!

-        Бұл
бір қызық болды!

Осы секілді құптаулар желдей
есті. Қалын қара шашын алақанымен қапсыра қайырып қойып, Бекен сөзін соза
түсті:

-        Нәрестенің
атын не деп қойсақ екен деп көп ойландым. Дүниедегі жақсы есімдердің бәрін
аудара қарап, ақтара тексердім. Елдің көңілі толар есім іздедім. Қүнекеңнің ұзақ
та жемісті өмірінің жалғасы болсын, коммунизмнің күндей нұрлы азаматы болсын деген
тілекпен бөбектің атын Күнжалғас қойсақ деймін...

-        Тауып
кетті!

-        Ғажап
жақсы ат!

-        Бұрын
кездеспеген жақсы есім!

-        Күнжалғас
көп жасасын!

Күнтуар, Дәмелі, Досан,
Қырмызылар сахнаға шығып тізіліп тұра қалды. Күнтуар бір қадам ілгері аттап,
көпке көз жіберді. Қозғалақтап, сақалын сипап, толқынды дауыспен сөйлеп кетті:

-        Әлпейістің
үрім-бұтақ, зәузатының атынан осы отырған барша қауымға көп-көп алғыс айтамын.
Баршаңыздың қуаныштарыңыз көбейе берсін. Үлкен тойымыз ертең біздің үйдің бағында
болады... Осында бүгін келіп отырғандарға шақыру қағаз тараттық. Келмегендер
болса, өздерінен көрсін. Зал ішінің гуілі көпке дейін басылмады. Күнтуар отбасы
жабыла бас иіп, ізет көрсетті де, сахнадан түсті.

Сахнаның арт жағынан Бибігүл шыға
келіп:

-        Күнжалғастың
құрметіне арналған ойын-сауығымызды бастаймыз,- деді.