ВЕРНУТЬСЯ

        Жайнаған жаздың бір күні. «Бірлік»
колхозының ұлан-ғайыр алма бағы бабында балбырайды. Қолдың саласындай тізілген
миуалы ағаштардың төр жағында Таңатар бағбанның шағаладай аппақ шағын кірпіш
үйінің терезелері көрінеді. Одан сәл беріректе, жасыл жапырақты жас шыршадан
орнатқан шошақ қостың оң жақ бүйірінде Асылжан үлкен кенеп полотноға сурет
салуда. Қостың сол жақ босағасында оның шешесі Қарлығаш гимнастеркаға ақ жаға
тігіп отыр.

Асылжан майлы бояулардың бірін
тандап алып, қыл қаламға жағып көрді де, салып жатқан суретіне сүйсіне қарап,
сәл ойланып қалды. Өзінен-өзі сөйлей бастады: «Қасы, көзі, мұрны, сақалы
әкемнен айнымаған, дәл өзі болған да қойған». Ол енді гимнастерканың жағасын
үйлестіре алмай әуреленіп отырған әжесіне анадайдан тіл қатты:

-        Әже
деймін... Қатып шықты, келші, көрші!

Қарлығаш Асылжанның төтеннен
қылқылдай қалып, көңілін аландатқанын ұнатпай:

-        Тұра
тұршы, мына жағанды тігіп берейін,- деп еді.

Асылжан оны тағы да қоймай
шақырды.

-        Әже
деймін, келші енді, көрші!..

-        Қазір,
қалқам... міне, болып та қалды...

Дегбірі таусылған Асылжан
әжесінің қасына келіп, гимнастерканың жағасын көргенде күліп жіберді.

-        Ойбай,
әже-ау, теріс тігіп қойыпсыз ғой.

-        Сығыр-ау,
қай жерін?

-        Әже-ау,
бұл ішінен тігілетін жаға ғой. Сіз оны сыртынан жапсырып қойыпсыз.

Қарлығаш ыңғайсызданып, аузын
сылп еткізді.

-        Қайдан
білейін, әскер киімін кім тігіп көріпті.

-        Міне,
былай, қайып тігесіз де, дәл мына жерден бітіресіз. Әкеліңізші инеңізді,- деді
де әжесінің қолынан инесін алып, дереу сабақтап берді.

-        Ақылыңнан
айналайын-ау мен сенің... Кайып тігейін, ендеше,- деді де Қарлығаш ақ жағаны орнына
жымдастырып, қайга тіге бастады.

Асылжан суреттің қасына қайта
барып, оны айналдырып көріп, әндетіп жүр.

Тудым мен ішінде толқындардың,
Толқынмен құшактасып өстім бірге...

Сырттан Марат, Жанар кірді. Сәл
ілгері келе жатқан Марат Жанардың алдын кес-кестеп бөгей берді.

-        Тсс...
Тоқтай қал. Асылжанның ойын бекер бөлдік-ау, ә.

-        Немене,
баратын уақытымыз болған жоқ па?- деп Жанар алға ентелей түсті.

-        Болғанда
қандай,- деді Марат көргені, білгені көп ересек адамның кейпіне кіріп.- Сурет
салып жатқанын білмедік қой.

Бұлардың даусын естіген Асылжан
артына жалт бұрылып, көңілді пішінмен үн қатты.

-        Ә,
сендер екенсіндер ғой. Келіндер, достар!

Марат сәл ыңғайсызданған шырай
көрсетіп, оған кінәлі пішінде жауап айтты.

-        Сенің
көңілінді бөліп жіберген жоқпыз ба?

-        Міне,
көріндерші, ең әуелі сендер сынандаршы.

Жанар суретке қызыға үңіліп тұрып:

-        Аумаған
атамның өзі болған да қойған,- деді.

-        Сәл
көзі келіңкіремейді,- деді Марат көрген жерден сын тағып. - Атамның көзі өткір
ғой. Есіме түспей тұрғанын қарашы.. Бір көздің өзін үш жыл іздеген қай суретші
еді? Мен оны кітаптан оқығам...

-        Мен
де соны біреуден естіген сияқты едім,- деді Жанар білмесе де сыр алдырғысы
келмей.- Аты кім еді? Айтып жіберші, Асылжан.

Асылжан қапелімде есіне түсіре
алмай ойланып қалды.

-        Ол
ма, ол орыстың атақты суретшісі Суриков. Ол кісі «Боярыня Морозова» деген
картинасын саларда Морозованың көзін үш жыл іздепті...

-        Біз
әдейі саған келдік,- деді Марат,- қазір біздің пионер отряды пенсионер
қарттардың үй іштеріне көмектесуге баратын еді. Олар бізді күтіп отыр. Жүр, тез
барайық.

-        Тосып
отырса, барайық,- деп, Асылжан қыл қаламдары мен бояуларын жалма-жан жиыстыра
бастады.

Қарлығаш Асылжанға өліп-өшіп сөйлеп
келеді.

-        Күнтайым-ау,
күрте көйлегінді кимейсің бе?

-        Жағасын
тігіп болсаңыз, киейін,- деді де, әжесінің қолынан алып гимнастерканы дереу
киіп алды. Пионерлер қызыға үнсіз қарап түр. Осындай гимнастерка кисе, бұлар да
дәл солдатқа ұқсар еді.

Қарлығаш Асылжанның үстіндегі
гимнастерканы қолымен айнала сипап керіп сөйледі.

-        Тал
шыбықтай бұралған бойыңнан айналдым.Денеңе шап-шақ, тіпті, құйып қойғандай. Айттым
ғой, жарасып тұрғанын қарашы!

Марат Қарлығашты мақтап ала
жөнелді.

-        ІІІеше-ау,
өзіңіз, тіпті, шеберсіз ғой.

-        Жас
кезімде келістіріп кесте де тігіп ем. Әттең, не керек, жас келіп қалды ғой.

-        Әже,
біз өзіңіздей қарттардың үйіне кемектесуге барамыз да қайтамыз,- деді Асылжан
күлімдеп.

Бұлардың: «Қарттарға көмектесуге
барамыз»,- дегеніне Қарлығаштың іші жылып, мерейі өсіп қалды. Марат, Жанар,
Асылжанның әрқайсысы оның көзіне соқталдай жігіт сияқтанып көрінді.

-        Барындар,
қарақтарым, барындар,- деді ол көңіл тасып. - Ең алдымен Қантай әжелеріңнің
бақшасын шөптеп беріндер. Жалғыз ілікті кәрі адам ғой, батасын алындар.

Үшеуі қол ұстасып бақтың оңтүстік
бүйіріне қарай кете барды. Осы кезде үстінде әскери киім, қолында жорық қапшығы,
кеудесінде бес-алты ордендер мен медальдардың бел-гісі бар майор, бақтың
күншығыс тарапынан тура қосқа қарай жақындап келе жатты. Қөңілі балалармен алаң
боп тұрған Қарлығаш әдепкіде оны байқаған жоқ. Ол Асылжанның артынан сүйсіне
қарап, өзінен-өзі сөйлеп тұр: «Айналып кетейіндер. Бүлдіршіндей боп томпандап
кетіп бара жатқандарын қарашы. «Басы қараның бары игі» деген осы да».

Алыстан пионерлердің әндеткен
көңілді дауыстары саңқылдап естіліп тұр.

Әлгі майор аяғын ептеп басып,
Қарлығаштың қасына келді де:

-        Сәу-сәлемет
барсыз ба, шеше?-деп еңкейіп кеп қолын алды.

Қарлығаш ойда жоқта пайда болған
жат адамға таңырқап қалды.

-        Шүкір...
Танымадым, балам, жол болсын...

-        Командировкаға
келген уәкіл едім, шеше. Таңатар қарияның өсірген бау-бақшасы осы болар.

-        Иә,
осы...

-        О
кісінің өзі қайда?

-        Екпе
ағаштарды баптап жүр. Жарықтық жеміс ағашы дегенің шетін зат қой, шырағым.
Зиянды жәндіктерден, індеттен сақтамасаң, еңбегің зая кетеді. Жайша ма, шырағым.
Шалда шаруаңыз болса шақырайын.

-        Кейін
шақырарсыз,- суретке тандана қарап, кемпірге естіртпей күбірлеп сөйлей берді:
«Портрет... Әлі пісіп, қатпаған жас буынның еңбегі тәрізді». Қарлығашқа мойын бұрды.
- Мына суретті салып жатқан кім, шеше?

-        Менің
балам, шырағым.

-        Иә,
сіздің балаңызды сырттан естуім бар еді. Балаңыздың аты кім?

-        Аты
- Асылжан... Оны неге сұрадыңыз?

Майор қырын қарап күбірлеп
сөйледі.

-        Асылжан...
Тауып қойылған. - Енді ол Қарлығашқа бетін түзеді. - Балаңыз суретті қашаннан
бері салады, шеше?

-        Қашаннан
бері дегеніңіз қалай?

-        Бұрыннан
сала ма екен, әлде сіздің қолыңызға келгеннен бері ме?- дегенім ғой.

-        Жаркыным-ау,
өзіңіз бәрін де біліп тұрсыз ғой. Аты-жөніңізді айтыңызшы, кім боласыз?

-        Бөтен
ойға жорымаңыз, шеше. Балаңыздың келешекте өнерлі жігіт болатыны мына салған
суретінен көрініп тұр... Жарайды, бақытты екенсіздер. Зор талап, игі іске
тәрбиелепсіздер.

Тосын келген әскери адамның
Асылжан салған суретті аспанға көтере мақтағанына Қарлығаш мейлінше қуанды.
Ежелгі ақ көңіл, аңқылдақ мінезіне басып, кім көрінгенге айтыла бермейтін сырын
ақтара салды.

-        Жақсыда
жаттық жоқ қой. Баламның салып жатқан суретін көріп сүйсіндіңіз. Шынымды
айтайын, жеті жасынан қолымызға келді. Әкесі жалмауыз фашистерге қарсы соғысқа
кеткен екен. Шешесі дәрігер болса керек. Олардың өлі-тірісін білмейміз. Ел басына
күн туып, етікпенен су кешкен бір қиыншылық заман болды ғой. Екі көзі
қарақаттай мөлдіреген, тымпындаған бір бала көп баланың ішінен көзімізге ыстық
көрінді. Бұ да біреудің мандайындағы жұлдызы шығар, бауырмызға салып қызығын
көрейік деп қолымызға алдық. Содан бері аттай алты жыл өтті, шырағым.

Соғыс болса бітті. Әкесі тірі
болса жоқтау салар, іздеп келер деп шалым қобалжып көп күтті. Әлі күнге шейін
хабар-ошар жоқ. Кім біледі, соғыста қаза болды ма екен, байғұс. Сөйтіп, жалғыз
қарғаны қуаныш көріп, тілеуін тілеп отырған жайымыз бар, қарағым.

Майор көңілі босап, жүрек
толқынын әрең басып:

-        Әкесі
мен шешесін біле ме екен?- деп сұрады.

-        Неге
білмесін. Бізге сыр білдірмесе де, дос балаларына: «Менің папам инженер еді,
мамам дәрігер еді, олар тірі болса, мұнда екенімді білсе, іздеп келер еді-ау»,-
деп айтатын көрінеді.

-        Егерде
іздеп келе қалса, әкесін таныр ма еді?- деп төтеннен бір сөз тастады майор.

Қарлығаш көңіліне секем алып,
күдіктеніп қалды.

-        Әкем-ау,
өзіңіз іздеп келіп тұрған жоқсыз ба, осы?

-        Жоқ,
шеше. Егер іздеп келсе де, оңайлықпен балаңызды бере қоймассыз, сірә.

-        Иә,
иә, өзіңіз сондай болсаңыз қайтер едіңіз?

Майор кеудесін кере терең
күрсінді.

-        Қиын,
әрине...

Қайдан шықса, одан шықсын деп,
Қарлығаш тағы да бір адал сырын майордың алдына жайып салды.

-        Шалым
айтады: «Кемпірім,- дейді,- тас емшегінді жібіткен жалғыз қарғаң еді. Бір күні
дәу сайтан әкесі салып отырып жетіп келсе не дейсің?»- дейді. Рас-ау, тегі, келсе
не деймін деп күнде бір ойлап қоям. Көңіл шіркін, соны басқа біреудің баласы деуге
де қимайды.

Бұлардың көңілін гүл құшақтап
келген балалар бөліп жіберді.

-        Кемпір,
мына гүлдерді қосқа апарып қойшы.

Қарлығаш гүлді құшағына қаусырып
ала беріп, майорға бір, шалына бір қарап қойды.

-        Мына
кісі сенің өсірген бау-бақшанды көремін деп келіпті.

Таңатар майорға бір табан
жақындай түсті.

-        Амансың
ба, інім?

-        Қуатты
боларсыз, қария.

-        Қай
баласың, шырағым?

-        Облыстан
келіп ем. Обком секретары сіздің еңбегіңізбен танысып кел, үлгілі қариямыз еді
деп әдейі жіберіп еді.

-        Обком
інім Жайықбай бағбан ағасына жылда бір дүркін келіп кететін еді. Осы биылдыққа
ат ізін салған жоқ. Құп, танысам десең, бау-бақшамыз осы, қарағым...

Бұл кезде Қарлығаш қоста гүлдерді
рет-ретімен қатарлап қойып жатқан.

-        Бағыңызда
жемістің қандай түрлері өседі?- деп сұрады майор.

-        Қандай
түрлерін сұрайсың?

-        Алмадан
басқа не өседі?

-        Жеміс
жетпіс түрге бөлінеді, балам. Ерінбей еңбек етсең, біздің жерге өспейтін жеміс
болмайды. Тек бабын таба біл. Қәне, жүр, шырағым. Өрік, жүзім, қарақаттан бастап,
апортына дейін бәрін де көрсетейін.

-        Шынымды
айтайын,- деді майор сәл ұялган іспеттеніп. - Жеміс жайын аз білетін едім,
қария.

-        Ендеше,
білгенімді мен айтайын. Біздің бақта алма ағашының 18 түрі бар. Былтыр обком
інім келгенде Қарағанды мен Балқашқа бірнеше жүз түп алма ағашын берейін деп
уәде етіп ем. Ол уәдемді орындадым.- Қостан шығып келе жатқан Қарлығашқа назар
аударды.- Мына кемпірімізбен екеуміз бес жүз түп алма ағашын бердік. Атаңның
енді бір ойы бар...

-        Ол
қандай ой, қария?

-        Тында
інім, ол ойымды да айтайын.- Майорды қолынан жетектеп суреттің қасына алып
келді.- Әуелі менің баламның өнерін көр. «Асыл - тастан, өнер - жастан» демей ме.
Мынау менің жалғызымның салып жатқан суреті. Айтшы, қарағым, осы гүлден адамның
бейнесін салуға бола ма?

-        Гүлден
дейсіз бе?

Осы тұста Қарлығаш сөзге
араласты.

-        Қайдағыны
айтып, келген кісінің мазасын алатын әдеті мұның.

Таңатар шамалы кірбіндей сөйледі.

-        Қоя
тұр, кемпір. Сен не білесің. Айта бер, балам.

Майор басын төмен салып, ойланып
қалды.

-        Гүлден...
Тым қиын-ау, қария...

-        Гүлден
дейтінім, гүл дүниедегі бар сүйіспеншіліктің әсем бейнесі ғой.- Бау-бақшаға
айнала қарап тұрып, аса бір көтеріңкі шабытпен сөйлеп кетті...- Мынау шешек
атып құлпырып тұрған алма бағында мына мен сықылды колхозшылардың, еңбегімен
өскен жемістің әлденеше түрі бар. Бізге осынау бау-бақша мен әсем гүлдерден де
көркем өмір жасап берген Ленин көсем емес пе.

-        Арманыңыз
қандай зор еді, қария. Лениннің суретін кімге жасатпақ ойыңыз бар?

-        Баламызбен
екеуміз біріксек, қолымыздан келеді ғой деймін.

-        Балаңыз
тым жас емес пе, ауыр тиіп жүрмесе...

-        Ауыр
тисе гүлдің тілін білетін мен бармын... Менің баламды әлі көрмеген боларсың. Жас
та болса талабы таудай. «Әке,- дейді,- лағыл-маржан, меруерттен де адамның
бейнесін салуға болады, тіпті, асыл матаға жібекпен шегуге де болады»,- дейді. «Әуелі
осы гүлден жасап, машықтанып алайық, сонан кейін оларын да көре жатармыз»,-
деймін. Ол Қарлығашқа шұғыл мойын бұрды.- Обком ініме менің арманымды айта
барсын, гүлімізді көрсетейік мына балаға. - Қарлығаш екеуі қосқа кіріп кетті.

Майор терең ойға шомды: «Не деген
мейірімді жандар. Кім екенімді әзірше білдірмейін. Алдына қойған таудай
мақсатына ақ жүрегі сай инабатты адам екен мына қария... Не дейін бұларға
тосыннан. Бала менікі, алып кетейін деп іздеп келдім десем, қиналады-ау.
Бермеймін деп кемпір жаңа айтып та салды. Жоқ, шыдау керек».

Ұйқылы-ояу адамдай дел-сал
маужырап, теңіздей терең ой тұңғиығына сүңгіп кетті. Өз өмірінің өткен
белестері, қилы-қилы суреттері елес берді... Аяғын апыл-тапыл басып, былдырлап
сөйлеп жүрген кішкентай Аркадий, сүйген жары Нина Мижайловна... Соның бәрі
көрген түстей бұлдырлайды.

Соғыс... Қан майдан. Сонау Балтық
жағалауынан Берлинге шейінгі ұзақ майдан жолы. Төрт жылға созылған жорық сапары...

Ол бүгін ойы шарқ ұрып, жалғызын
іздеп келді. Міне, тапты оны.

«Енді не істеу керек? Тек тірі
екенімді балапаныма осы сапар білдіріп кетейін». Дереу бояудың бірін ала салып,
қосқа сүйеулі тұрған суреттің астындағы қосалқы ақ кенепке: «Аркадий, мен сені
іздеп келдім. Папаң майор Агафонцев Иван Васильевич»,- деп тез-тез бадырайтып
жазып қойды. Осы кезде қостан бір топ гүл алып Таңатар мен Қарлығаш шығып келе
жатты.

-        Мінеки,
інім,- деп, Таңатар Агафонцевке гүл ұсынды.

Агафонцев гүлді үңіліп көре
бастады.

-        Талаптанса
қолдан келмейтін іс бола ма, тәйірі- деп, Таңатар жымың-жымың етеді.

-        Өзеуремей
тұра тұршы,- деді Қарлығаш ұнатпай қалып,- өзі айтсын да.

Агафонцев бір шоқ райхан гүлді құшырлана
иіскеп, сүйсіне сөйлеп кетті.

-        Балаңыздың
өнеріне, сіздің өршіл ойыңызға көзім жетті, қария. Гүлден көсемнің бейнесін
жасауға әбден болады.

-        Бәсе...
ал енді, інім, менің сөзімді тында. «Бала деген адамның бауыр еті» ғой. Көзінің
ағы мен қарасындай баласының өнерлі болғанын кім жек көреді дейсің. Шынтуайтқа
келгенде, баламызбен екеуміздің арманымыздың аумағы тым кең жатыр. Алда-жалда қолдарыңнан
келмейтін іс екен десең, онынды айт, шырағым. Төрелігіңе тәнті болайын.

-        Талап
пен талант - егіз нәрсе,- деді Агафонцев сөзді әріден қозғап.- Таудай талап
болмаса, теңіздей таланттан не пайда. Балаңыздың талантына сіздің талабыңыз
қосылған соң, орындалмайтын несі бар.

Майордың жаңағы жақсы сөзі шал
көңіліне жағып кетті.

-        Міне,
міне, менің ойымның дәл үстінен түстің. Жүр інім. Енді жаман ағаңның
бау-бақшасын аралап көр.

-        Шал-ау,
мына бала қуыс үйден құр кете ме?-деп Карлығаш кейіп қалды. - Дәм татсын да,
желпілдемей тұра тұршы...

-        Оқасы
жоқ, шеше, әлі осында бола тұрамын.

-        Асылжан
келсе, кетіп қалмасыншы,- деп ескертті Таңатар кемпіріне. - Мына ағасымен
ауызекі сөйлесіп, жасап жатқан суреттерін көрсетсін.

Таңатар мен Агафонцев бақ ішін
аралап жүргенде, сырттан пионерлер әні бірте-бірте жақындай берді. «Асылжандар ғой
келе жатқан. Қарлығаш ойланып қалды. «Таныр ма екен»,- деді-ау. Неге айтты?
Іздеп келген әке боп, құлынымды қолымыздан алып кетсе, сұмдық-ау. Онда не
істедім? Зарықтым деп ол тұрса, бермейміз деп біз қарыссақ, әділ төрелігін кім
айтар...»

Бір шоғыр алма ағашының арғы
тасасынан Асылжанның даусы естілді. Балалар ағаш арасынан шығып, қосқа келген
бойда Қарлығаш балаларға елпілдей тіл қатты.

-        Не
бітіріп қайттындар, қарақтарым?

Асылжан еркелеп:

-        Көп
жұмыс істедік, әже,- деп еді. Оның сөзін Марат іліп әкетті.

-        Үш
үйдің огородының арам шөбін отап шықтық.

-        Мен
отаған арам шөпті огородтың шетіне құшақтап шығарып тұрдым,- деді Жанар.


Ал, Асылжан, мен үй жаққа барып келейін,- деп, Қарлығаш кете бастады.

Жанар суретті айнала көріп еді,
оның астындағы жазуға көзі түсті. Ол сасып калды.

-        Асылжан
деймін, сенің бар ғой, сенің...

Асылжан оның сөзіне түсінбей,
бері бұрылды.

-        Немене,
сенің, сенің деп тұрғаның?

Жанар аптығып:

-        Иә,
сенің бар ғой... Сенің папаң тірі екен...- дей берді.

Асылжан Жанардың бетіне тандана
қарай қалды.

-        Менің
папам... Оны саған кім айтты?

-        Өзің
түс көріп тұрсың ба?- деп Марат Жанарға дүрсе қоя берді.

-        Түсім
емес, өңімде,- деді Жанар байсалды пішінде.- Әнеки, көз алдымда.- Суреттің
астындағы жазуға үңіліп, даусы дірілдеп оқи бастады: «Аркадий, мен сені іздеп
келдім. Папаң майор Агафонцев Иван Васильевич».

-        Жанар,
сен не деп тұрсың?- деді Асылжан дегбірі қашып.- Қайда, кәні?

-        Міне,
сенің салып жатқан суретіңнің астына жазып кетіпті,- деп, Жанар суретті аударып
көрсетті.

Асылжан ұмтыла түсіп кілт
тоқтады.

-        Менің
папам... Жазған бояуы да әлі кеппеген.

-        Иә,
мен білсем, бар ғой,- деді Жанар байсалды пішінмен,- атама білдірмейін деп,
жазған да тайып тұрған.

Асылжан өз көзіне өзі сенбей
жазуға қайта шұқшиды.

- «Аркадий, мен сені іздеп
келдім»,- дейді. Әлдебіреулер ойнап жазып жүрмесе...

Жанар басын шайқады.

-         Түу, Асылжан, сен қызық екенсің, солай
ойнауға бола ма?

-        Жоқ,
жоқ, өз папаңнан басқа кісі бұлай деп жазбайды,- деп оны Марат қостады.

-        Енді
не істейміз?-деді Асылжан қолды-аяққа тұрмай.

-        Не
істегені қалай?-деді Марат.

-        Жоқ,
мен түсінбеймін,- деді Асылжан әкем мен әжеме қалай білдіреміз?

-        Несі
бар, айтамыз,- деді Жанар.

-        Папаңнан
беземісің, айтамыз,- деп, Марат үзілді-кесілді шешім айтты.

-        Жоқ,
тіпті, батылым бармайды,- деді Асылжан қиналып. - Әкем мен әжем жылайды ғой.
Әне, әжемнің өзі де келе жатыр. Ол туралы ауыздарынды ашпандар. Келген кім
екен, әуелі анығын біліп алайық.

Қарлығаш бұларға жете бере өзімсіп
сөйледі.

-        Күнтайларым-ау,
ас ішіп, бір мезгіл демалып алындаршы.

Оған Асылжан тіл қатты.

-        Әже!

-        Не,
жаным!

-        Біреу
келген бе осында?

-        Бір
әскер жігіт келді. «Облыстан келген уәкіл едім»,- дейді. Әкең екеуі жаңа бақты
аралап кетті. «Әлі кетпеймін, осында боламын»,- деді. Әкең одан гүлден сурет
салудың жайын сұрады. Сенің салып жатқан суретінді көріп, балаңыз не деген
өнерпаз еді, деп таңғалды.

-        Таңғалды?
Әкем не деді?

Сол екі арада асыға басып жетіп
келген Таңатарға бәрі қарай қалысты. Әуелі оған Қарлығаш сөз катты.

-        Шұнақ-ау,
жаңағы қонағың қайда?

-        Асығыс
екен. «Тағы да бір айналып соғамын»,- деді.

Қарлығаштың өңі түнере қалды.

-        Е,
соғам десе, сол болды.

-        Немене,
кімді айтасың?- деп Таңатар көңіліне күдік алып еді, Қарлығаш оған жауап қатпай
мұңайып төмен қарай берді.

-        Асылтай!
-деді Таңатар көңілденіп. - Менің ойымды жаңа облыстан келген жігіт қуаттады.
Асқан білімпаз кісі екен. Бері келші өзің.

Қарлығаш теріс қарап күңкілдеп тұр.

-        Келемін
десе, айттым ғой, сол деп...

-        Тырс
етпе, кемпірім. Несі бар, келем десе келсін... Асылжанның өнерін көрсін. Оған
несіне қиналып тұрсың?

Қарлығаш Таңатарды оңаша шығарып
алып, құлағына сыбырлап жатыр.

-        Ойбай-ау,
сен шұнақ, түкте сезген жоқсың.

-        Жә,
өзі бірдеңені сезіп тұрғандай... Әй, сен маған неге ежірейесің?

-        Иә,
суреттен басқа не ермегің қалды сенің,- деп Қарлығаш кимешегінің алқымымен бетін
бүркей берді. Оны сырттан бағып тұрған Асылжан:

-        Әже,
жылап тұрсың ғой,- деп еді.

-        Жоқ,
жоқ, күнім. Мына әуре-сарсаң әкенді айтамын-ау,- деп Қарлығаш жуып-шайып жіберді.

-        Әуре
ететін кім, әже? Айтыңызшы, әке. Ол кісі суреттен басқа не айтты? Менен жасырып
тұрсың, әже,- деп Асылжан теріс айналып кетті.

-        Немене,
сен бірдеңені қоңырсытқансың ғой,- деп, Таңатар Қарлығашқа ала көзімен қарады.

-        Әжемді
қинамаңыз, әке,- деді Асылжан сабасына түсіп. Жүгіріп барып, бояуларды алды да,
қолы сымпылдап, керулі тұрған зонтты сыза бастады...

 

Арада бір ай уақыт өткен. Егін
орағы басталған кез. Гүлден әшекейлеп жасаған Ленин портреті әлі бітпеген
күйінде, қостың мандайында ілулі түр. Сыртта «Жорық жырын» айтып, оқушы
пионерлер жақындап келе жатыр. Қолдарында бір-бір шоқ гүлдері бар: Асылжан,
Жанар, Марат келді.

Асылжан өте көңілді.

-        Қырмызысын
бөлек алындар,- деді ол.

-        Түр-түріне
бөлейік пе? -деді Марат.

-        Иә,
бөліндер. Бүгінгі жинағанымыздың ішінде күрең қызылы болса, бері тастандар.

Жанар бір шоқ гүлді Асылжанға ұсынды.

-        Күрең
қызылы, мінеки.

Асылжан мақтана сөйледі.

-        Әйбәт
боп шығады. Сонда әкем маған сыйлық береді. Тіпті, қой сойып, той жасаймын, әдемі
костюм сатып әперем деген. - Портретті айналдырып көріп, қолын шапалақтады.-
Алақай, тамаша боп шыққалы тұр!

Жанар тақылдап үн қатты.

-        Атам
бар ғой, жүзден аса гүлдің атын біледі екен.

Марат та сөзден құр қалған жоқ.

-        Бау-бақша
жөнінде атамның білгенін білсем, басым қазандай боп кетер еді-ау, ә?

-        Менің
әкем жемістердің де неше атасын біледі,- деп Асылжан мақтанды.- Бізге ондай
болу қайда. Қәне, тағы да бір түрінен беріндерші.

-        Енді
көп қалған жоқ, әкем келгенше бітіреміз.

-        Көп
қалған жоғың не, біткен жоқ па?-деді Марат.

Асылжан масаттанып, портретті
айнала көріп жатыр.

-        Қарашы
деймін, жүзінен нұр төгіліп тұрған жоқ па? Қасы мен қабағы қандай жақсы шықты.

Сөйлесіп келе жатқан Агафонцев,
Қарлығаш, Рахила мұғалимаға балалар анадайдан қарап қалған.

-        Асылтайым,
сізбен жүз көрісіп, сөйлесе алмай қалды-ау  деп көп ойландым. «Әже, ол кісі қайда, неге
келмейді?»-деп күнде бір сұрап қояды. Асылтай, ағаңа сәлем бер, қарғам.

Асылжан, Марат, Жанар үшеуі қатар
тізіліп тұрып, Агафонцевке салют берді. Ол сіресіп тұра қалған олардың сәлемін
кәдуілгідей әскери тәртіппен қабылдады. Асылжанға ұмтыла түсіп тоқтай қалды да,
портретке сұқтана қарады.

-        Ұлы
сүйіспеншіліктің тамаша бейнесі ғой бұл портрет.- Аяғын бір басып, екі басып,
Асылжанға біртабан жақындай түсті.- Сені осы өнерге баулыған, ел-жұртыңа,
сүйікті әке-шешеңе алғыс айтуға тура келеді... Жігіт екенсің, Таңатаров
Асылжан. - Ұмтылып барып Асылжанды көтеріп алып, мандайынан құшырлана сүйді де,
қаусыра қүшақтап, кеудесіне қысып, қайтадан жерге түсірді.

Асылжанның беті нарттай қызарып,
төмен қарап тұрды да:

-        Сіз
кім боласыз, майор жолдас? -деп сұрады,

Майор орнына Рахила жауап берді.

-        Бұл
кісі облыстан келген уәкіл. Анада сені іздеп, жолыға алмай кеткен болатын... Ә,
қарттың өзі де келе жатыр екен.

Таңатар көрген жерден майорды
тани кетті.

-        Амансындар
ма, балалар? Уәкіл жігіт-ау, мұның қалай? Сөйте ме екен.

-        Кешірерсіз,
қария. Облысқа барып оралғанша сол-ақ болды.

-        Осында
сізді бір көрініп жоқ боп кеткені несі деп, кемпірімізбен екеуміз қатты ренжіп
қалдық, Асылтайым әкесінің тілегін орындап та болды, көр соны.

-        Көрдім,
қария.  Ғажап сұлу жасалыпты.

Манадан бері үн шығармай сабыр
сақтап тұрған Рахила кенеттен:

-        Ата,
обком секретары Ержанов жолдастың сізге мына кісіден беріп жіберген хаты бар
екен, мінеки - деп екіге бүктелген қағазды ұсынды. Таңатар хатты Асылжанға
беріп:

-        Асылтай,
Жайықбай інім не деп жазды екен, оқып жіберші,- деп еді. Асылжан хатты ішінен
тез-тез оқып шықты. Кенет, түсі бұзылып, ерні кемсендеп, көзі жасаурап, қолындағы
қағазы жерге сусып түсіп кетті. Әлденеге айыпты болғандай-ақ, тұрған жұртқа
тура қарауға шыдамай, қос алақанымен бетін баса қойды.

Таңатар есі кете абыржи бастады.
Қарлығаш та бір сұмдық болмаса неғылсын деп, жүрегі аттай тулап, қолды-аяққа
тұрмай тыпыршып кетті.

-        Рахила,
айналып кетейін, мына қағазда не пәле бар еді?-деді Таңатар көзі шарасынан шығып.-
Өзің оқып берші.

Рахила хатты жерден ала беріп:

-        Кешірерсіз,
ата, мүмкін, сізге ауыр тиер,- деді де, салмақпен оқи бастады.

«Аса құрметті, Таңатар аға! Сіз
алуан түрлі жеміс өсірген, ел өмірін көркейткен атақты бағбан едіңіз. Желге,
күнге тигізбей, мәпелеп өсірген миуалы бағыңыздай шешек атып, құлпырып өсіп
келе жатқан бір жеткіншек бар қолыңызда. Кешегі Ұлы Отан соғысы кезінде Ленин
қаласын айнала жау қоршап, ел басына ауыртпалық түскен қиыншылық шақта, біздің
Қазақстанға паналап келген жас балалардың біреуін өз қолыңызға алып,
жатырқамай, жатсынбай, бауырыңызға салдыңыз. Мейірбан аға, абзал ана, осы бір
артықша қасиеттеріңіз үшін партия мен үкімет, әмбе халқымыз сіздерге дән риза.

Жау күйреді, соғыс өрті сөнді.
Бейбітшілік заман қайта орнады. Майдандағы батыр офицерлердің бірі, Ленинград
азаматы майор Агафонцев Иван Васильевич сырттан сұрау салып, өз баласын іздеп
келіпті. Бір үйлі жаннан қалған жалғызы көрінеді. Ендігі салмақ сіздерде қалды.
Әділ төрелігін өзіңіз айтыңыз...»

Таңатар толқынып кетті. Жүзі қуара
қалып, аз-кем үнсіз тұрды да, кенет ширығып, жарқылдай сөйледі.

-        Түу,
әкелші қолыңды, қарағым,- деп Агафонцевке қолын ұсынды: -Анада келгенде неге
айтпай кеттің? Сөйте ме екен? Мен атақты Таңатар болайын да, сен Асылжанның туған
әкесі бол. Сөйте тұра бір-бірімізден сыр бүккеніміз қалай, батыр-ау?- Ол
Агафонцевке құшағын жая ұмтылды.- Келші, айналайын. - Екеуі үнсіз құшақтастып
сүйісті.

Қарлығаш жыламсырап безек қақты.

-        Бәсе,
бәсе, сезіп едім-ау. Бетім-ау, енді қайттім...

-        Қой
әрі, сен де осындай боркемік пе едің,- деді Таңатар жайрандап.- Асылтай, папаңа
бетіңнен сүйгіз..

Асылжан әкесі мен әжесіне
жаутандай қарап, сәл қипақтап тұрды да, атылып барып, Агафонцевтің құшағына
орала кетті.

-        Папа!

-        Иә,
жаным, мен сенің папаңмын.

Бір жақтан Марат тақылдап қоя
берді.

-        Айтып
едім ғой, анада суреттің астына жазып кеткен осы кісі деп...

-        Қайдағы
суреттің астына?-деп сұрады Таңатар таңырқап.

-        Бұл
бала дұрыс айтады,- деді Агафонцев алдында тұрған Асылжанның шашын сипап.-
Бірден білдірмейін, сіздердің жүректеріңізге жара салмайын, ең әуелі бала не
дер екен деп, аты-жөнімді суреттің астына жазып кеткем.

Таңатар Асылжанға назар аударып,
жас балаша бұртындай сөйледі.

-        Асылайым-ау,
сен де менен сырынды жасырғансың ба?

Асылжан еркелеп Таңатардың
белінен құшақтай алды.

-        Оны
айтпаған кінә менде, әке...

Асылжан енді әжесінің белінен құшақтап,
қолтығына кірді. Қарлығаштың әжімді қара торы жүзінде әлдеқандай әбігер толқын
бар. Қарақат көзінің жанары жасқа толып, қымс етсе еңіреп қоя бергелі тұр.
Асылжанның балдай тәтті кішкентай кездегі неше түрлі қызық қылықтары көзінің
алдына елес беріп өте шықты. Ол енді ақыл тоқтатып, сабасына түсті. Сәл қырын
қарап кетіп, кимешегінің алқымымен көзін сүртіп, бір сәт Агафонцевке назар
аударды.

-        Жамағатыңыз
бар ма еді?-деп сұрады.

Агафонцев қайғы-шер кернеп бара
жатқандай, аузынан жалын ата ауыр күрсінді.

-        Аркадийдің
мамасы Нина Михайловна майданда жүргенде, Ленинградты жау қоршағанда, жаралы
жауынгерлерді құтқарам деп жүріп, бомбаға ұшырап қаза тауыпты.

Асылжан толқынып кетіп, көзіне
жас алды. Жұрттың бәрі Агафонцевтің жабығыңқы көңіл күйіне еріп мұңайып түрғанда,
Таңатар саңқылдап қоя берді.

-        Ал,
інім! Ылайым тілек үстіне тілек, қуанышқа куаныш қосыла берсін. Обком інім
салмақты маған тастаған екен. «Әділ төрелігін өзің айт»,- депті. Баланды
асырап, сақтадым деп міндетсінсем, қолымнан бере алмаймын, жеңген жерінде ал
деп, қиқарлық істесем, оным барып тұрған пендешілік болар... Қайда жүрсе де
аман болсын...

Агафонцев аз ғана ойланып тұрды
да, түбегейлі ойын түйіндеп, мәнерлей сөйлеп кетті.

-        Иә,
ұлылық қасиет әрқашан да ұлы мақсатқа, өршіл арманға ұмтылдырады.- Ол Ленин
портретіне аса бір  ыстық шыраймен қарап
тұрды. - Сіздей тамаша бағбаннын қолында тәрбиеленген, өнер шыңына жастай құлаш
сермеген Асылжанның не арманы бар. Сіздер секілді ақыл иесі ата, мейірбан ана
тапқан аяулы перзентіммен қауышқан менің не арманым бар... Мен сіздерге өз
жүрегімнің әмірін жеткізгелі тұрмын...

-        Айта
ғой, қарағым,-деді Таңатар.

-        Ризамын,
қария. Асылжанның бұрынгы аты Аркадий еді. Қос атына лайық қос әкесі бар.
Ендеше оның аты бұдан былай Асылжан болып қала берсін, Таңатаров-Агафонцев
болсын...

-        Тауып
кеттің, айналайын,- деп Таңатар дән риза боп, миығынан күлді.

Қарлығаш та шыдап тұра алмай
жақсы лебізін білдіріп жатыр.

-        Тел
қозым... Айналайын.

Агафонцев оның сөзін еселеп
жіберді.

-        Иә,
тел қозы деп мен де айтар едім. Асылжанның бұдан былайғы өміріне сіздер де
кепіл болыңыздар... Мені үлкен баламыз, Асылжанның ағасы деп қабылдаңыздар. Солай
ма, Асылжан?

-        Солай,
папа!

-        Ақ
тілегің қабыл болсын, өркенің өссін, балам!- дегенінде, Таңатардың көзінен екі
моншақ жас жерге домалап түсті.

-        Енді
мен бір билік айтайын,- деді Таңатар сәл тыныстап алған соң.- Біз бүгін
колхоздың жаңа астығын тиеп ауданға қызыл керуен жөнелтетін едік. Партия мен
үкіметке берген сертімізді мүлтіксіз орындағанымызды барша елге көрсетейік
деген ниетіміз бар еді.- Ол қостың мандайындағы Ленин портретіне ыстық назарын
аударды.

-        Ұлы
көсемнің осынау бейнесін қолымызға ұстап, сол керуенді Асылжан екеуміз
бастамақшы едік. Ниетің дұрыс екен, дөп келдің, балам. Біздің бақытымыз бен қуанышымызға,
өз бақытың мен қуанышынды қосқан сен баста сол қызыл керуенді. Жолды саған
бердім. Осы пікірім шеккі болса, мына колхоз партия ұйымының хатшысы Рахила
айтсын.

-        Ата,
тауып кеттіңіз, -деді Рахила шалдың жаңағы сөзіне сүйсініп.- Ол енді Агафонцевке
бет түзеді. - Жүріңіз, ағай.

Марат пен Жанар гүлден жасалған
портретті алып Агафонцевтің қолына берді.

-        Атам
айтты ғой, сіз бастаңыз, аға,- деді Марат.

Агафонцев портретті оңтайлап
ұстап тұрып:

-        Бір
жағынан сіз ұстаңыз, әке,- деді Таңатарға. Екеуі портреттің екі жағын ұстап
ілгері аттағанда басқалары оларға ілесіп жылжи бастады. Асылжан, Жанар, Марат
олардың арттарынан қатар түзеп, асқақтата ән шырқап барады.

Қарлығаш оларға сүйсіне қарап
тұрды.

-        Жүрегім,
жұлдызым, ұзағынан сүйіндірсін.