ВЕРНУТЬСЯ

        Ащысай кенінің қарт жұмысшысы
Атамқүл көне қара домбырасын қолына алып, құйқылжыта күй шертті. Нұры қайтпаған,
жігіт шағының жалынын бермеген аласыз үлкен қара көзі жайнаң қағады.
Түркістанның мақтасындай үлбіреген ақ шаңқан шоқша сақалы бір мезет желбірей
қалады. Жазық мандайынан тура түскен қырлы мұрны, ат жақты қара торы жүзі
мәрмәр тастан соққан мүсін секілді. Тау қопарып, тас қазып, болаттай шыныққан
салалы саусақтары домбыраның қақпағында ор киіктей ойнайды. Қос ішек пен тоғыз
перне адамша сөйлеп, бұлбұлдай сайрайды. Арқа мен Сыр арасына кесе-көлденең
түсіп, көлбеп жатқан Қаратаудың күнгейі мен теріскейін шарлап кетеді де, енді
бір сәт Бетпақтың жан баспаған шөл даласын кезеді кәрі домбыра. Асу-асу
белдерден асып, тұңғиық терең да-рияларды кешіп өтеді.

-        Жібер
тұлпарыңның басын, Атамқүл! Барыңды ортаға сал, мәжіліс көңілді болса, адам өмірлі
болады,- дейді тыңдаушы қариялардың біреуі қызынып.

-        Жетпіске
келгенше шабысынан танбаған кәрі тарланым, жарайсың,- деп, құс мұрын, қоңыр
жігіт көтермелейді.

Күй базары бірте-бірте саябырлап
тынып қалды. Атамқұл қария бір сәтке тыныстай бергенде, қылқылдап қолқа салды
біреуі:

-        Сыр
сандықтың кілтін ашып, еткен-кеткен заманадан бір хикая айтыңыз!

Қария бәлсінген жоқ. Сән-салтанатты,
мол жиһазды кең белменің төргі қабырғасында ілулі тұрған тау суретіне таңырқай
қарады әуелі. Аруананың өркешіндей қырлана біткен биік таудың сұлу бейнесі көрген
жерден тартып барады өзін. Жұрт назары тау суретіне ауды сол мезет.

-        Алматыдан
демалысқа келгенде Бақытжан сызып еді, Хан тағы тауы осы ғой- деп күлім қақты
Атамқүл.

Бақытжан сызған жасыл таудан
теңіздей терең сыр ұққандай қадала қарап қалыпты. Қаймыжықтай жұқа ерні күбірлеп,
бүлкілдейді көмейі. Қарлығаштың қанатындай үшкір қасын жиырып, сұңқардайын
жан-жағына қаранып, сұңқылдап кетті бір кезде:

-        Хан
тағының алуан-алуан сыры бар, тас бұлақтың суындай мөлдір жыры бар. Ел аузында
аңыз болған ертеден, айтып берем бір кеңес, шеккі көрмессіндер!

-        Айтыңыз,
- десіп гулеп кетті баршасы.

-        Қаратауды
жайлаған қалың қазақ елінде, осынау біз-дің Созақ жерінде бір дарақы хан
болыпты. Қарсыласқанның қанын судай ағызып, қасарысқан хас батырдың басын кесіпті.
Арыстандай ақырып, әлемдегі бар бәлені шақырып, тамам елді бір шыбықпен
айдапты.

-        Атеке,
сөзіңіздің қызыл шырайы жаңа кіріп келе жатыр, басыңыз қамшыны тұлпарыңызға, -
деп, дөңгелек жүзді, күлім көз қызыл жігіт осы арада бір көтеріп тастады.

Жасыл тауға көзінің астымен қарап
қойып, хикаясын соза берді ділмәр қария.

-        Бір
өзі қырық қатын алыпты, қырық жерге сәулетті сарай салдырыпты. Әйелдерін қия
бастырмай, үнемі қараңғы қапаста ұстапты. Бейшараларға таң да атпапты, күн де батпапты.
Кең дүниенің нұр дидарын бір көруге зар болып, қайғы-шермен күн кешіпті
сорлылар.

-        Сөзіңіз
-алтын, айта беріңіз, - деп, әлгі жігіт өзеурей қалды.

Жапан түзде ойнақ салып, ұйтқып
барып өше қалған құйындай, асу бермес асқар таудан аса соғып, қорғалай қалған
жынды желдей, бұрқана тасып басылған селдей, келмеске кеткен кер заманның
бейнесін іздегендей әлгі тау суретіне кәрі көзін бір тастап, тамағын кенеп
алып, сайрап кетті тағы да:

-        Ханы
қаһарлы болған соң әрі ақылдан жарлы болған соң елде береке болатын ба еді,
тегі. Әр төбенің басында, әр бұтаның түбінде бейсауат кешіп жүрсе керек.
Ақылдан ада адам арындауық болады ғой. Қамал бұзған батырлардың, қара тасқа тіл
бітірген желғабыз шешендердің ақыл-кеңесіне құлақ аспапты есер хан. Зауық-нәпсіні
күйттеп, сауық-сайраннан басқада ісі болмапты.

«Ел шетіне жау келіп, малыңызды
шауып әкетті, ер-азаматты қырып-жойып кетті», - деп шағынып барғандардың басын
алыпты. «Бұдан былай жан адам маған жаманат хабар айтып келмесін, алда-жалда
батырсынып келгендер болса, табанда басын кесемін», - деп бағынышты барша еліне
әмір таратыпты. Ханның қаһарынан сескеніп ендігәрі алдына жан адам бармайтын
болыпты.

Ел ішінде неше түрлі індет
көбейіп, үлкен-кіші шыбындай қырылыпты бір жылы. Жер бетінде қара құрт қаптап,
ел басына әлемет күн туыпты. Басқа түскен бәледен құтылудың амал-айласын таппай
дағдарыпты қалың ел. Басқа жерге босып көшіп кетейін десе, ханнан қорқып, бой
тартыпты.

«Ханға мен барайын!-деп, белсеніп
шығыпты бір батыр жігіт. «Жә, бәсе!»- деп, бар қауым тілек-бата айтыпты.

Орта бойлы, кесек денелі, отыз
бестер шамасындағы қара торы жігіт ордаға еркін кіріп келіп, ханға иіліп сәлем
береді. Үстіндегі биязы сұр шекпені, басындағы айыр төбелі киіз қалпағы, екі
ұшын оң жақ мықынынан түсіре буынған сары жібек белбеуі жігіттің кесек тұлғасына
жарасып, аруағын асырыпты.

Әдепкіде қобалжып келген екен.
Ханның көңілді отырған сыңайын, күлкі ойнаған ажарынан танып, жүрек толқыны
лезде басыла қалыпты. Бойын жинап, ширап кетіпті жігіт.

-        Кімсің,
жарқыным? Маған айтатын не арызың бар еді? - деп сұрайды хан.

-        Әуелі
аты-жөнімді айтайын, тақсыр! Ныспым -Аралбай. Естуіңіз бар шығар: Қаратаудағы
Торқабай мергеннің баласымын,- дейді жігіт.

Хан танауын шүйіріп, басын
шайқайды.

-        Арызың
болса айта бер, - дейді хан ширатылып, имек тұтқалы, күміс нақышты таяғының
ұшымен отыр деп ишарат етіп, алдындағы масаты кілемді нұсқайды.

Аралбай ширақ қозғалып, шарт
жүгініп отыра қалады. Шекпенінің жеңін білегінен асыра сыбанып, өлендете
сөйлейді:

- Алдияр тақсыр ханымыз, Сөзіме
құлақ салыңыз. Ел басына күн туып, Қиналып тұр жанымыз.

Хан Аралбайды таяғымен жасқап
тоқтатып тастайды.

-        Сен
өзің былшылдап кеттің!- депті хан жүзінен ызғар шашып.

Аралбай ханға тіксіне қарап
отырады да, жайымен сөйлеп кетеді:

-        Алдыңызға
айында, жылында бір келіп отырмын. Онда да қара басымның қамы үшін емес,
халықтың мұң-зарын айтқалы келдім. Сөзімді зейін қойып тындаңыз, тақсыр! -деп
бір сәтке тына қалады.

Шарасыздан өтірік күлімсіреген
болып сөз қатыпты хан сонда:

-        Айта
бер!

-        Жаббар
ием тіл мен жағыма медет берсе, Нахышбанның бұлбұлындай сайрап көрейін, - дейді
Аралбай өңі құбылып. - Елден берекет кетіп, әрекет аралады, тақсыр! Былтырғы
тақыр жұттан әрең құтылып, енді-енді есімізді жинай бастап едік, жер жүзіне
қара құрт деген пәле қаптап, бағынышты еліңіз қынадай қырылып жатыр.

-        Қайдағы
бәлені айтып отырсың өзің?- деп, хан секем алып, сұстана қалыпты.

Аралбай сонда:

-        ...Сөзімнің
зәрредей өтірігі болмаса, не дейсіз. Өмірі болып көрмеген бір әлемет қырсық орнады
ел басына. Бұрын анда-санда бір кездесетін қара құрт Қаратаудың алқап баурайында
құмырсқадай қаптап кетті. «Хан бір амал-айла таппаса, алыстағы Сарыарқаға
жаппай көшіп кетеміз»,- деп, бекініп отыр Қаратау алқабын жайлаған қалың
еліңіз. Мен сізге елдің осы мұң-тілегін айтқалы келдім.

Хан қаһарына мінеді, зәрленіп
сақ-сақ күледі. Сирек біткен сойдақ тістерін ақсита шықырлатып, ешкінің кұйрығындай
шошандаған бурыл сақалын тарағыштап, безгек қысқандай калшылдайды.

-        Айтқаның
ылғи өтірік,- деп, Аралбайдың бетіне тесіле қарайды.

Хан не десе де беріспеуге бекініп
алған Аралбай онан сайын шиыршық атып, қатулана сөйлейді:

-        Айтқан
сөзімді неге жорысаңыз да ерік өзіңізде, тақсыр хан! Қара құртқа жем болып,
шыбындай қырылып жатыр жалпақ ел. Басқа түскен бәледен тез құтылудың
амал-айласын өзіңіз таппасаңыз, қош-аман бол дейміз де, жол тартамыз Арқаға.
Бел байладық осыған.

Хан ашулы ала көзін Аралбайға
қадайды. Түгі сыртына шыққан қушық беті жыбырлап, оң қолын өршелене сілтеп
қалады. Жын қаққандай құтырынып кетеді сотқар хан.

-        Ауырмай
есіңнен жаңылған неткен есуассың өзің,- деп таяғының ұшымен Аралбайды көзге
шұқиды.

Шарта жүгінген бойымен тас-түйін
отырған Аралбай жемге шүйілген қырандай ытқып тұрады орнынан. Екі көзі
қанталап, екі ұрты суалып, ұмтылып ханға жақындай түседі.

Денесі бір қызынып, бір суынып,
көзінің алды қарауытып кетеді. Төбесінен бүре түспекке ханға шұқшия қарайды.
Аралбайдың оқыс өзгерген айбарлы қалпын көрген хан онан сайын дәуірлеп кетіпті.

-        Бұдан
басқа не сөзің бар айтатын? Таусылды ма былшылың? Сеземісің ақтық деміңнің таянғанын?-дейді
хан қаһарланып.

-        Ел
тілегі мұнымен бітпейді, - дейді Аралбай ханның ашулы жүзіне тік қарап. - Төрт
жыл бойы ұдайы қуаңшылық болып, егін өсіп шықпай қойды. Жерімізде су тапшы.
Ашаршылық пен жұттан көз аша алмай өлесі болып отырмыз. Алыстағы Сырдарияның
мол суын біздің жерге бұрып әкелетін терең арна қаздырыңыз. Ел ішінде неше
түрлі дерт көбейіп кетті. Талай жанды жер алды. Көршілес орыс еліне арнайы елші
жіберіп, көзі қарақты, қолы епті емшілер алдырыңыз.

Хан Аралбайды кекесінмен,
келемежбен жеңейін деп ойласа керек, улы тілін сұққылапты сол замат.

-        Алтыннан
тау орнатып бер, бал шараптан дария ағыз, бар ғаламның байлығын түгел жинап бер
деп, неге айтпайсындар?- деп, қушық иығы бүлкілдеп, ыржақтап күліпті аусар хан.

Ашуменен күйініп, ата-баба аруағына
сыйынып,қыран құстай түйіліпті Аралбай.

-        Бас
кеспек бар да, тіл кеспек жоқ, тақсыр хан. Кессеңіз басым мінекей. Оған шейін
сөйлеп қалсын қызыл тіл. Ханда қырық кісінің ақылы болады дейтін еді. Мына
сиқыңызға қарағанда, жасаған ием сізге тым болмағанда жөні түзу бір кісінің
ақылын да бермеген екен.

Хан қанына қараяды, екі көзі
алаяды. Ашуға булығып сөйлей алмай қалады. Аузынан ақ көбігі бұрқылдап, таяғын
беталды сермей береді. Жеңілер жерің осы деп, сөзін соза береді Аралбай.

-        Өлтірем
деп қорқытпа мені, есер хан. Елім үшін құрбан болсам, арманда кеттім демейін.
Аз да болса ар-ұяты бар адам шығар деп, үміттеніп келіп едім. Адам емес, айуан
екенсің. Хан деген атағыңа мәз болып, тақта отырған қарақшы екенсің.

Қаңтардағы кәрі бурадай
зіркілдейді хан сонда.

-        Қысқарт
тіліңді! Құртайын сенің көзінді, өшірейін үнінді, батырайын күнінді! Барша
елдің көзінше басынды кесіп, қаныңды судай ағызайын...

-        Ерік
сенде, есер хан. Айтарымды айттым. Халықтың қарғыс-сілесіне ұшыра лайым... -
дейді Аралбай қасқайып.

Хан керней тартып даяшысын
шақырып алады. Үстінде өзбекі ала шапаны, басында қара ала тақиясы, белін
жалпақ кемер белбеумен қынап буынған аққұба жас жігіт түлкіше жылмындап жетіп
келіп, хан алдында тағзым етіп тұра қалады. Қарбыздың шопағындай қара көзі
жасқана мөлдіреп, қинала тіл қатады ханға.

-        Не
бұйырасыз, тақсыр ием?-деп, басын онан сайын төмен иеді.

Хан таяғымен Аралбайды нұсқап, бұйыра
сөйлейді:

-        Мына
зұлымды қараңғы қапасқа қамап тастандар. Басын алатын күнді кейін өзім
айтармын... Менен әмір болғанша шикі тары мен қара судан бөтен нәр татырмаңдар.
Аяғына кісен, қолына бұғау салындар... Көрсін азапты, тартсын сазайын.

-        Әміріңізге
құлдың, хан тақсыр! - деп, даяшы Аралбайды сүйреп ала жөнеледі.

Аралбай қараңғы қапасқа қамалғалы
бір апта өтіпті. Қаратау елін жегідей жайлаған қара құрт жылжи-жылжи Созақтағы
хан ордасына жақындапты. Аралбайдың елі қара құрттың әлегіне әрі ханның ызасына
шыдай алмай бір түнде Арқаға көшіп кетіпті. Онда барып шамалы орныққан соң  Созақ ханының ордасына ойран салып, Аралбайды
қапастан құтқарып алу болса керек ойлары.

Бағынышты елінің тең жартысына
жуығы жер-суын тастап көшіп кеткенін естігенде, хан ашудан жарылып кете
жаздайды. Көнсе қуып әкелуге, алда-жалда көнбей қарсылық көрсетсе, қырып-жойып
кетпекке мың қаралы қарулы қол аттандырайын деп жатыр екен. Жер қайысқан қара
құрт ордаңызға жақындап қалды деген суық хабар жетеді ханға.

Қанша тас жүрек болса да, басы
жұмыр, іші қуыс пенде ғой. Не істерін білмей қатты сасады хан. Ақыры қара құрттан
аман құтылып кетудің айласын табады.

Өзінің тағын Созақ тауының ұшар
басына апарып орнаттырады. Тақтың үстіне он қабат торқадан шатыр тіккізеді.
Таудың айналасына кісі бойы терең ор қаздырып, бір кісі әрең сыйып өтетін темір
есік орнаттырады аузына. Орды айналдыра ине шаншар жер қалдырмай самсатып,
темір сауытты күзет қояды.

Бекініс әбден әзір болғанда, хан
қырық әйелінің ішінен үлкен бәйбішесі мен нақ сүйер жас тоқалын алып тау басындағы
ордасына көшеді. Қара құрттың беті қайтқанша қауын-қарбыз бен мейізден бөтен
тағам әкелінбесін деп, әмір береді хан сарай адамдарына.

Баяу жылжып күндер өте береді.
Қара құрттың беті жуыр маңда қайта қоймайды.

Бір күні хан денесі күйіп-жанып,
басы зегіп науқастанып отыр екен. Әйелдері серуендеп қайтайық деп, орданың
айналасына шығып кетіпті. Үстіне жылтыр ақ жібек шапан киген даяшы жігіт құрдай
жорғалап келіп, ханға иіліп тағзым етіпті:

-        Сыртта
Батырбек шешен келіп тұр, ханда асығыс шаруам бар еді дейді, кіруге сізден рұқсат
сұрайды,- депті даяшы.

-        Жалғыз
ба екен, қасында кісілері бар ма?-деп сұрапты хан.

-        Жалғыз
келіпті,- дейді даяшы.

-        Кірсін,
үсті-басын мұқият қарап, сілкілеп кіргізіндер, қара құрт еріп келіп, бүлдіріп
жүрер, - дейді хан қауіптеніп.

Түс ауған мезгіл екен. Кең
шатырдың іші бүгін мезгілсіз күңгірт тартыпты. Төрден босағаға шейін ине шаншар
бос жер қалдырмай жайып тастаған персілік қызыл күрең кілемдердің де түсі
өзгеріп, көлеңкедей қарауытыпты. Ханның үстіндегі алтынмен алтап, күміспен
күптеген әсем тоны бұрын көздің жауын алып, мың құлпырып тұрады екен дейді. Кешкіріп
қалған бұлтты күнде тозған қара шапандай қарауытып кетіпті. Хан тәжінің
қызыл-жасыл жасақтары мен меруерттері де түсінен айрылыпты.

Сәлем беріп ордаға кіріп келіпті
Батырбек. Атан түйедей арбиған бойын шамалы қысқартқысы келгендей иіле кіріпті.
Жауырыны одан сайын құнысып, ашаң жүзі солғын тартыпты. Маса тайып жығылғандай
жалтыр басын оң алақанымен сипағыштай беріпті. Көнетоз елтірі бөркін күміс
кісесінің сол жағына қыстырып алыпты. Үстіндегі ұзын етекті қоңыр шапанының
шалғайы далиып кетіпті. Өмірінде бір тал түк бітпеген кем иегі мен түрік
ернінен жиіркеніп тыжырына қалыпты хан.

Сәлем беріп, есендік айтысқаннан
кейін, хан Батырбектің түр-тұлғасын, кескін-кейпін барлап, сесті пішінмен сөз
бастапты:

-        Елден
асқан шешенмін деп, еркінсіп келген шығарсың. Бірақ хан жарлығы екі болмайды.
Жаманат хабар әкелген болсаң, осы бастан айтып қойайын басынды аламын, - депті
хан ызғарланып.

Батырбек ақылына қайраты сай ер
жігіт екен. Ханның қаһарынан қаймықпай, сіресіп отырып алыпты.

-        Көңілімдегі
сөзімді тегіс айтқызып кесіңіз басымды. Сабыр сақтаңыз, салдарлы қалпыңыздан
айнымай тындаңыз. Егерде сіз тоқтарлық таңғажайып әңгіме айта алмасам, маған
серт, сөзімнің ақырында отқа түскен қорғасындай балқымасаңыз, тақсыр ханым,
сізге серт,- депті.

Хан сөзден жеңіліп жуасып
қалыпты. Сасқанынан не айтарын білмей, Батырбектің бетіне жаутандап қарай беріпті.
Батырбектің жүзіндегі абыржу нышанын байқап қалып, күдіктене сөз қатыпты хан
сонда:

-        Көзің
жасаурап, түсің бұзылып кетіпті ғой. Әлде бір сұмдық хабар айтқалы келдің бе?
Өзің жайғасып отыршы!-деп, алдындағы масаты кілемді нұсқапты.

Бірден ашыла сөйлеп кетпей, ханға
көзінің астымен қарап, қасақана күмілжіп қалыпты Батырбек.

-        Қанша
қиын болса да, әкесінің өлгенін де естіртеді...- деп тоқтайды Батырбек.

Жылан шағып алғандай шошып кетеді
хан.

-        Күмілжімей-ақ
сөйле, - деп, жауап күтіп Батырбектің бетіне тесіле қарайды.

Батырбек сонда сөйлейді, сұрапыл
желдей гулейді:

-        Алдыңызға
келіп айтуға барша елден бір адам шықпады. Кімге болса да Жан тәтті. Амалым бар
ма, қайтейін, басымды кессе де бақылмын деп, батырсынып мен келдім. Домбыраға
тіл бітіріп, адамша қақсатар едім, ондай өнерден құралақан қалғаныма не шара...
Сөйлеуге жаралған қызыл тілдің өзі-ақ айтсын бәрін де.

-        Тұспалдамай,
турасын айтшы, жарқыным! Басынды кеспеуге осы бастан серт берейін, - депті хан
сасып.

Батырбек сайрап қоя беріпті сол
мезетте:

-        Тоят
іздеп, қияға безіп ұшқан ақ сұңқарыңыз тұғырына қайта оралмай кешіксе, кеткені
ме келмеске. Болат топшысы қиылып, қапылыста мерт болғаны ма?

Хан қанын ішіне тартып сазара
қалыпты. Көкірегіндегі ойран-топан әлеметке шыдай алмай, таяғымен жер шұқып аз
отырады да, кенет күйіне сөйлеп кетеді:

-        Ақсұңқар
деп жұмбақтап отырғаның Айдарханым ғой... Бетпақтың шөліне киік аулап кетіп
еді, шынымен-ақ мерт болғаны ма?

-        Айдарханыңызды
құлан шайнап өлтіріпті, иланыңыз осыған! Қара құсқа жем болып, айдалада қалыпты
өлімтігі, - дейді Батырбек.

-        Тәңірімнің
жазуына не шара, - деп, хан әшейкейлі қызыл шұбар тонының қалтасынан қос
алақандай ақторғын орамалын алып, көзінің жасын сүртіпті. - Сөзің бітсе бара
бер, Батырбек!-деп, хан есікті нұсқайды.

-        Халық
қарғысы қаһарлы ғой, хан тақсыр! Қатар келген екі бірдей ауыртпалыққа шыдаңыз!
Суы кәусар айдын көлге шомылып, самал тауда сайрандап жүрген ақ маралыңыз
қапылыста оққа ұшып, мерт болса оған не дер едіңіз?

-        Сайран
салып, саяхаттап қайтсын деп, қасына қырық қыз ертіп, Хорезм ханының
бау-бақшасына жіберіп едім  Базаркүлімді.
Сұм ажал оған да шеңгелін салды ма?- депті хан жыламсырап.

Батырбек сөздің дәліне көшіпті:

-        Мәуелі
бақтың ішінде, торқалы шатырда саялап, ұйқтап жатқанда жылан шағып өлтіріпті
қызыңызды.

Хан талып кетіпті.

-Жатқаныңнан тұрма,- деп,
Батырбек шығып жүре беріпті.

Жүзімге жабысып келген екі қара құрт
талып жатқан ханның мойнына жабысыпты. Сол жатқаннан хан бас көтермей жан
тапсырыпты. Ертеңіне ханның осындағы екі әйелін де қара құрт шағып өлтіріпті.

Ханнан құтылғанына қуанып,
сілкініпті, сонда Созақ тауы. Арыстандай өкіріпті киелі тау. Өлген ханды
үрім-бұтақ, зәузатымен, ордасымен, сарай толған алтын-күміс қазынасын, жер
кайысқан қара құрт қоса жұтыпты. Ақылсыз аусар ханнан құтылып ел есін жинапты.
Содан бері Созақ тауы Хан тағы деп аталып кетіпті.

Осы араға жеткенде бір тыныстап,
аялдады Атамқұл.

-        Хикаям
әлі біткен жоқ,- деп, тау суретін көзбен шолды тағы да. -  Хан тағының қойнында есепсіз көп қазына жатыр.
Алтын, күміс, мыс, қорғасын - бәрі бар... Тендік қолға тиген соң қопарып алып
жатырмыз. Созақтың жалпақ жонына орнатамыз алтын тау. Сөзім тамам осымен...

Мұртынан күлді қария.

Тыңдаушылар риза болып, сақ-сақ күліп
гулесті.