ВЕРНУТЬСЯ

       Ерте-ерте, ертеде, ешкі жүні
бөртеде...- деп басталатын небір ертегілер мен аңыздарды кәрі әжем маған
ерінбей, жалықпай айтып беретін...

-        Біз
ертең жолға аттанамыз, - деді тарыққан ана қос жетімегіне.

-        Қайда
барамыз?- деп сұрады сегіз жасар ұлы...

-        Нағашымның
үйіне барамыз ба? - деді жеті жасар қызы.

-        Бақыт
іздеуге барамыз, - дегенде ананың жүзі жайнап кетті.

Сонда ұлы тұрып шешесінен
бақыттың мәнісін сұрады:

-        Ол
немене? Адам ба? Оны біз неге іздейміз? Ол қайда тұрады?..

-        Бақыт
деген адам да емес, мал да емес. Көзге көрінбейтін, қолға оңай түспейтін, ебін
тауып ұстаған адамның ғана басына қонатын құс секілді бір нәрсе,- деп
түсіндірді ана: - Бақыт құсы басына қонған адам өмірде қор болмайды, «көйлегі көк,
тамағы тоқ» болады. Дүниедегі нелер қызық, рақаттың бәрін көріп өтеді. Біз
болсақ, бақытсыз жандармыз. Біздің бақыт құсымыз былтыр әкелерің өлгенде
басымыздан ұшып кеткен...

-        Бақыт
құсы қазір қай жерде? -деп сұрады ұлы.

-        Алыста!-
деді анасы налып. - Темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей болғанда жететін
жерде...

-        Біз
оған қалай жетеміз? Жолда шаршап өліп қалмаймыз ба?- деді қызы.

-        Жаяу
барамыз, - деді анасы, - орта жолда Азап деген асу бермес биік тау бар.
Арпалысып өтеміз. Жер-дүниені тұтас алып жатқан Қасірет атты теңіз бар. Тәуекел
деген қайыққа мінеміз де өтеміз.

Ертеңіне үшеуі бақыт құсын іздеп
аттаныпты.

Балалардың былтыр өлген әкесі
сегіз қырлы өнерпаз адам екен: асқан мерген, он саусағы бірдей тайпалған күйші
болса керек. Содан қалған қыл ауыз мылтық пен қара қобызды бұлар ала кетіпті.

Көз жетер жерде жанды қара
көрінбейді. Күн ыстық. Әуе айналып жерге түскендей. Күн жалыны құлақ-шекелерінен
өтіп күйдіріп барады.

Күн ұзаққа қыбырлап жүріп отырып,
кешқүрым бір жіңішке өзеннің жагасына келіп аялдады бұлар. Бір шөптесін жерден
орын сайлап жайғасқан соң, бала мылтығын алып, құс атуға кетті. Кешікпей қайта
оралды.

Екі шүрегей үйрек атып әкелді.
«Тарыққанда тамақ тауып берген қара мылтығым»- деп, мылтықтың сүмбісін өбіп,
қастерлеп сүртіп қойды ана.

Екі шүрегей үйректің етін шақпақ
отына қақтап жеп, өзеннің тұнық суын қанып ішіп, үшеуі ұйықтап қалды.

Ана шошып ояна келсе, құлан иектеніп
таң атып келеді екен. Даланың қырмызы гүлдері мен алуан түрлі өсімдіктерін таң
самалы бөбекше тербетеді... Аспанның иығына шырқап шығып алып, жалт-жұлт еткен
шолпан жұлдыз таңнан ұялғандай жасқана жымындайды. Ығы-жығы қалың жұлдыздар таң
жарығы молайған сайын көмескі тартып барады...

Балаларын оятып алып, таң
салқынымен ілгері жүріп кетті ана. Сол жүргеннен мол жүрді. Асу бермес Азап тауынан
арпалысып әрең асты... Жер-дүниені алып жатқан Қасірет теңізінен Тәуекел қайығымен
аман шықты. Жолда көп күндер өтті. Кейінгі күндері әбден қажыды өздері. Мойындары
ырғайдай боп жүдеп кетті.

Бір күні өлдік-талдық дегенде
айналасы ат шаптырым айдын-шалқар көлге кездесті. Көл бетін түрлі құстар
сайрандап, өздерінше құйқылжытып ән салады. Бала атайын десе біреуіне де оқ
дарымайды. Қарындары ашып, өзектері талған сорлы жандар ұйықтап кетті. Таң атты...
Күн қыза бастады. Көл бетінде құс атаулыдан ештеңе қалмапты... Мыналардан үркіп
кетсе керек...

Ғарып ана дағдарды. Гөй-гөй
тартып, зарланды.Жетімектерін бауырына қысып, үн салды. Қос жетімі жаутандап
анасына қарайды. Анасы жылап-жылап талықсыды да, айналаға құлағын түріп тың
тындады. Алыстан адам үні естілмес пе екен? Қайырымды бір жан кездесіп рақым
етпес пе екен?... Сұңқылдаған бір әсем үн шалынды ана құлағына. Аспан аясынан,
қияннан келеді асқақ үн... «Құс патшасы киелі аққу осылай сұңқылдайтын, - деп
ойлады ана, - құс та болса тиер ме әлде шарапаты...» Сол дауысқа балаларының да
құлақтары елендеп, шетсіз-шексіз теңіз түстес көк аспанға телміре қарайды.
Айбарлы асқақ үн бірте-бірте жақындай түсті. Әлдебір ғажап әндей немесе өзектен
өтетін көтеріңкі күйдей жандарын тербетіп, мұнды жүректерін қытықтайды...

Міне, ақку көзге де шалынды. Үш
сорлының төбелерінен шарқ айналып біраз ұшып жүрді де, маңғаздана қанатын
жайып, көл жиегіне барып қонды.

Бала мылтығын ала түрегелді.
Қайран болып, аққудан көз алмай қарап тұр. Тұмсығымен таранып, зор қанаттарын
жая сілкінді де, аққу жат жандарға тандана қарады. Сонда ана тұрып былай деді:

Киелі аққу, еркесі айдын көлдің,

Жөнінді айтшы, қай жерден мұнда
келдің?

Тәкаппар аққу дауыс шыққан жаққа
мойнын созып бір қарады да, тіл қатпай жайымен айдын келге шомыла бастады.
Анда-санда бір саңқылдап қойып, мөлдір суға бауырын көміп жүзіп жүр.

-        Қолда
қару бола тұрып аштан өлеміз бе, ат, балам, мына аққуды, - деді ана.

Ана әмірін екі етпей бала ақкуды
тура көздеп басып салды. Оғы дарымады. Екінші рет атты. Оғы тағы да далаға
кетті. Аққу оқ атылған жаққа ожырая бір қарады да, қанатын қомдап ұша жөнелді.
Бала өкініп тандайын қақты. Аққудың ұшып бара жатқан жағына телміре қарап тұрып
өлендете сөйледі:

- Барар жерің -  Балқан тау, О да біздің көрген тау...

-        Мен,
- деді бала шешесіне, - сендерді осы араға қалдыра тұрып, аққудың кеткен жағына
барсам деп тұрмын.

-        Сен
келгенше біз аштан өліп қалмаймыз ба?.. Қарындасы да безек қағып жылап қоя
берді.

-        Жуа
теріп жерсіндер... Ана дорбадағы ине қармақпен балық аулап ептеп күнелте тұрындар...

Шешесінен рұқсат алып, бала
Балқан тау қайдасың деп жөнеп кетті. «Балқан таудың басында бақыт құсы бар...
Баурайы толған ғажайып айна көлдер... Бұл көлдерді кілең аққулар мекендейді.
Аққулар күндіз Балқан таудың басына шығып серуендейді де, түнде көлге келіп
шомылып, тарана-ды... Өздеріне адам баласының атқан оғы дарымайды...» - Бұл
әңгімені бала елдегі қариялардан талай естіген...

Бала мылтығын кезеп ұстап жүріп
келеді. Сол жүргеннен тоқтамай үш күн жүрді. Әбден шаршап өлесі болғанда,
шыңына көк-ала бұлт шөгіп, мұнарланған заңғар тау көрінді.

Ел қиялында дәріптелген ғажайып
тауға Жан дәрменмен жақындады бала. Таудың бір еңселі шоқысына өрмелеп шығып,
жан-жаққа көз жіберіп еді, баурайындағы айнадай жерде жарқыраған үлкен көл
көрінді. Көлде құс баласы көрінбейді. «Балқан тауды мекендеген аққулардың
саяхат-сайран көлі осы екен ғой» деп ойлады бала. Тау жақпарындағы бір үңгірге
кірді де, аққудың келер жолын тосып жата берді.

Сол жатқаннан қас қарайғанша
жатты бала. Өзіне таныс аққу күн батып, ымырт жабыла берген мезгілде көлге келіп
қонды да, таранып, қаннен-қаперсіз шомыла берді. Бала оны тура көздеп, басып салды.
Өкпесіне оқ тиген аққу жан ұшырған, зарлаған бойымен қанатын сермеп әрең
көтеріле беріп, саңқ етті де, жалп етіп жерге құлап түсті.

Шың басындағы бақыт құсын іздеуге
шама қайда, бала өлі аққуды арқалап, шешесі мен қарындасы қалған жерге қайтты.

Үшеуі аққуды паршалап сойып, етін
отқа қақтап жеді. Сонда анасы тұрып былай деген екен:

- Әттең жоқшылық... Әйтпесе киелі
аққуды атпауың керек еді... Атқанында аққу не деді... Жылап зарлады ма?..

Сонда бала қара қобызын қолына
алып «Аққу» атты күй тартыпты.

Осыдан кейін үшеуі Балқан таудың
шыңындағы бақыт құсын іздеуге аттаныпты... Қанша іздегенмен оны таба алмапты.
Балқан таудың биік шыңдары мен терең құздары жол бермесе керек...

Еліне қайтып оралғанда, бала осы
Аққу күйін жұрт алдында күңіренте тартып берген екен дейді...