ВЕРНУТЬСЯ

        Таң атып келеді. Терезеден түскен
көгілдір сәуле әуелі сұрғылттанып, кейін бозара бастады. Облыстық аурухана бас дәрігерінің
жатақбөлмесі жым-жырт. Терезе алдындагы бау-шарбақтан гүл иісі аңқиды. Үй іші
қоңыр салқын.

Кенеттен телефон безілдеп қоя
берді. Аурухананың кезекші дәрігері сөйлеп тұр:

- Телеграмма алдық. «Жаңа тұрмыс»
колхозында бір адам өлім халінде жатыр дейді. Жедел операция жасау керек
көрінеді. Көзі қарақты оташы дәрігер жіберуді өтінеді...

Иван Петрович дереу киініп алды.

 

* * *

Сәлімгерейдің денсаулық жағдайы
сағат сайын құлдырап барады. Оның кенеттен сырқаттанып, өлім халінде жатқан
дүрбелең хабары колхоз аулына әудемде тарап кетті. Жас шопанның төтенше ауыр
науқасқа душар болғанына еңкейген кәрі, еңбектеген балаға шейін қатты қайғырды.
Әсте саспайтын, жер қозғалса да қозғалмайтын колхоз бастығы Сүлеймен Сұрағанов
та Сәлімгерейдің қасында тапжылмай отырып қалды.

Сәлімгерейдің кәрі шешесі Қалия
енді көп кешікпей дәрігер келеді дегенге сенбей, гөй-гөй тартып жылаумен болды.

- Телеграмма жібердік, дәрігер
сөзсіз келеді!-деп Сүлеймен кемпірге тоқтау айтты.

Ауыл алдындағы жазық алаңға
санитарлық самолет келіп қонды.

Иван Петрович пен оның
жәрдемшісі, медицина институтын биыл бітірген жас дәрігер Ермек Байсаловты
колхоз бастығы қарсы алды. Алыстан арнайы келген сыйлы мейманындай қошеметтеп,
Сәлімгерейдің үйіне өзі бастап алып келді.

Қаладан келген екі дәрігер үйге
кірісімен-ақ ақ халат киіп, иісті сабынмен қолдарын жуды да, Сәлімгерей жатқан
бөлмеге барды. Олардың соңынан ілесе кірген Сүлеймен үн қатпай тұрып қалды..

Сәлімгерей оң жақ қабырғадағы ақ
болыскей кереуетте шалқасынан жатыр екен. Бөлмеге кіріп келген ақ халатты
дәрігерлерді көргенде олармен амандасқысы келіп, басын көтеруге оңтайланып еді,
дәрмені жетпей сылқ етіп қайта жатты. Оның сарғайған шықшыты шығыңқы ат жақты
бетінде, тәмпіш мұрнында жаңа көтеріліп келе жатқан күн сәулесі ойнайды. Нұры
кеткен шүңірек қара көзі лай судай қоймалжың тартып, тұнжырай қалыпты.
Сәлімгерей екі иінінен дем алып, ауыр ьңқылдайды.

Иван Петрович науқастың көңілін
көтерейін деген оймен жадырай күлімсіреп, оны көре бастады. Сәлімгерейдің
денсаулық жағдайын қасындағы серігіне жайлап ұғындырып жатыр. Сәлден кейін
Ермек науқастың тамырын ұстап, жүрегінің соғуын тындаумен болып еді. Иван
Петрович терезеге жақындап барып, өзімен-өзі күбірлеп сөйлей берді.

-        Мына
ғажапты қараңыз... Аумаған соның ауруы...

Сәлімгерейдің қазіргі мүшкіл
кескіні, төсекке жатысы, бәрі өз ұлының бір кездегі осындай күйде науқастанып
жатқандағысынан айнымайды. Сарғайған беті, тұнжыраған көзі де сондай екен.
Асқазанының бебеу кақтырып қатты ауырғаны да өз ұлының ауруына дәл келіп тұрғанын
көрмей-сіңбе. Ұлы институтке түсер алдында дәл осылай ауырып еді ғой. Ұлын Иван
Петровичтің өзі жұмыс істейтін ауруханаға әкеп салған. Нар тәуекелге бел байлап
операцияны өзі жасаған. Төзе алмаспын, есімнен танып құлап қалармын деп әуел
баста қауіптеніп еді. Көпті көрген, талай-талай ауыр науқастарды ажалдан
құтқарып алып қалған өр кеуде, ыспадияр дәрігердің байсалды мінезі сол бір сын
сағатта жым-жылас жоғалып, өмірінде кезікпеген алмағайып, аласапыран күйге тап
болған сонда.

-        Мұндай
да егіз қозыдай ұқсас жағдай болады екен ғой,- деп естірте күбірлейді дәрігер.-
Нақ сондағы менің ұлымның ауруы. Асқынған жараның салдарынан асқазаны тесілген.
Дереу іске кірісуіміз керек.

Иван Петрович жәрдемшісіне мойын
бұрып:

-        Сіз
не деп таптыңыз?- деп сұрады.

Ұялғанынан жас дәрігердің беті
нарттай қызарып кетті.

Қарақат көзін төмен салып, сұңғақ
бойы иіліп, ұстаз алдында сынақтан өткен ұялшақ шәкірттен бір түрлі ыңгайсызданған
түрі бар.

-        Менің
ойымша, асқазанның жапсары тесілген. Дереу ауруханаға жеткізу керек.

-        Дәл
тауыпсыз,- деп Иван Петрович құптап басын изеді. Төбесінен төніп келе жатқан
шоқпардан шошығандай үлкен қара көзі шарасынан шығып, есі кетіп тұрған кемпірді
көріп, оған мейірімді пішінмен қарады.

-        Саспаңыз,
қорықпаныз, бәйбіше! Балаңыз жазылады, өзім әкеліп қолыңызға табыс етіп, тойыңызда
бірге боламын.

Дәрігердің қаннен-қаперсіз
байсалды сұр өңін көргенде қуаныш оты жалт етті.

-        Айтқаныңыз
келсін, доктор. Жалғыз балам аман қалса, жақсылығыңызды өмірі ұмытпаспын,- деді
Қалия жыламсырап.

Сәлімгерейді зембілге салып үйден
алып шықты.

Бұл кезде күн арқан бойы
көтеріліп, ауылда тіршілік думаны қыза бастаған. Шырылдауық шегірткелер көгалды
қуып, секіріп жүр. Әлдеқайда алыста қараторғай сайрап жатыр. Иван Петрович
масатыдай құлпырған байтақ далаға қызыға қарап келеді. Мына сайраған нәзік қара
торғай майдай еріп, көкжиектің түпсіз түңғиығына батып кеткендей, тек оның әсем
сазды сүйкімді әні ғана қалғандай көрінді оған.

Санитарлық самолет аспанға шырқап
барады. Колхозшылар қашан көзден ғайып болғанша оның артынан ұзақ қарап тұрды.

Самолетте тербеліп, жол соқты болған
Сәлімгерейдің халі онан сайын ауырлап кетті. Қан тамыры өрши соғады.

Операция үстелі лезде әзір,
бүгінгі сын үстінде тұрған қиын операцияны шәкірттің машығына айналдыруға бола
қоймас. Затыңда жеңілден бастап, қиынға баспалдақтап барған жақсы.

Іске кірісер алдында екеуі
алдыңғы бөлмеге барып, қолдарын жуды. Сонда Ермек тұрып:

-        Қалай,
Иван Петрович, бұл операцияны маған сеніп тапсырасыз ба?-деп кішілік көрсетіп,
аса бір инабаттылықпен сұрап еді, қарт дәрігер кереғар ыңғай көрсетіп, басын
шайқады.

-        Алғашқы
қиын сыннан мүдірмей өту екінің бірінің қолынан келе бермейді,-деді ол сәл
толқып.- Мұндай ауыр операцияны жаза баспай, мүлтіксіз атқару үшін сіздің
саусақтарыңыз болаттай берік, резинкадай жұмсақ болуы керек...

Ермектің қолында діріл барын Иван
Петрович байқап тұр екен. Мұны бірден түсінген Ермек енді қайтып үн қатқан жоқ.

Оташы дәрігерлер операция
бөлмесіне кірді. Ауыздарын дәкемен таңып алған сестралар қарсы алды оларды.

Иван Петрович Сәлімгерейді
«операция бөлмесіне жеткізіндер» деп сестраларға әмір берді де, өзі дәрімен
жуылған ақ халат киді. Ермек те осылай киінді. Оның сәл қуқыл тартқан қара торы
бетінде, мөлдір қара көзінде абыржу бар. Иван Петрович күмістей шоқша сақалын
сипап, имек мұрнының ұшына қарай сырғып түскен алтын жиекті көз әйнегін жөндеп
қойды.

-        Сіз
толқып тұрсыз ғой, Ермек?

-        Шамалы
сескеніп тұрғаным рас, Иван Петрович!..

-        Оташы
дәрігерден асқан ерлік, қалт етпес шыдамдылық талап етіледі... Менің ұлым бар.
Ол оташы емес, вирусолог. Олардың мамандығы да асқан шыдамдылықты, әрбір қас-қағымы
есептеулі дәл қимылды керек етеді. Олар өздерінің өмірлеріне төнген
қауіп-қатерге қарамастан экс-перимент жасайды. Ғылым жолында тәуекелшіл
болмасаң оңбай ұтыласың, абыройсыз қаласың!

-        Әрине,
солай, Иван Петрович. Оны мен де білемін... Қазіргі операцияны маған сеніп
тапсырасыз ба?

-        Азғана
шыдайық, кейін көрерміз. Қазір маған серік болып жәрдемдесіңіз.

Сестралар Сәлімгерейді жылжымалы
төсек арбамен алып келіп, операция үстеліне жайғастырып жатқанда аурухананың
есігінде отыратын кезекші сестра келіп қарап тұрды. Иван Петрович операция
үстеліне жақындап келіп:

-        Іске
кірісейік!- деді.

Салалы саусақтарымен ұстай
бергенде оташының пышағы қолынан сусып түсіп кетті. Скальпель еденге соғылып
сыңғыр етті. Сестра оған басқа скальпель әкеп берді. Дәрігердің қолы болмашы
дірілдеп тұрды.

-        Иван
Петрович,- деп сыбырлады Ермек,- операцияны маған берсеңіз қайтеді?

Иван Петрович онсызда қаны сыртқа
теуіп, сыздап ауырып тұрган ернін жымқыра қысып, басын шайқады.

-        Жоқ,
болмайды!

Ермек пен сестра операция
үстелінің айналасына, өз орындарына барып тұрды. Әрқайсысы өздеріне тиісті міндеттерін
мінсіз атқарды. Біреуі жібек жіп сабақтаған инені ұстаса, біреуі оташының
аспаптарын әперіп тұр. Ермек Иван Петровичке қайран қалып, есі кетті. Оташы көз
ілеспейтін шапшандықпен батыл қимылға басты. Ажалмен жекпе-жек айқасқандай
қаһарына мініп, қайраттанып кетті. Көзі оттай жайнап, мандайынан буы бұрқырайды.
Ермек қарт оташының іске ыңғайлы әлуетті саусақтарының шапшаң қимылынан көз
алмай қарай берді.

Иван Петрович операцияны аяқтап,
терең күрсінді де басын көтерді.

-        Жазылады,
өмір сүреді.

Ермек пен сестралар Сәлімгерейді
палатаға апарып, төсегіне жатқызды.

Ермек бас дәрігердің кабинетіне
келсе, Иван Петрович диванда қара тастай қатып отыр екен.

-        Қайғыңызға
ортақпын, Иван Петрович,- деді Ермек дауысы толқып.

-        Өркеніңіз
өссін, самолетке билет әкеліп беріңізші!-деді де, Иван Петрович екі алақанымен
бетін басты.

Ермек орнынан тапжылмай тұра
берді. Екеуі де үн қатқан жоқ.

-        Қазір
барайын,- деді Ермек бір заматта. - Қалай дегенмен есім кетіп тұр. Осыған сіз
қалай төздіңіз?

Иван Петрович жайымен бетінен
қолын алып, әр сөзін бөліп-бөліп қинала сөйледі:

-        Басқа
біреудің ауыр дертінен сескенген оташы дәрігерде кінә жоқ, ал өз дертіне тізе
бүккен оташыдан жаман жоқ бұл дүниеде.