ВЕРНУТЬСЯ

          Күрең қарағай, ақ қайың, жасыл
теректер сыңсыған қалың орманның бір алаңқы жерінде, зәулім көк шағырдың
саясында, биік алтын тақта кәрі Арыстан патша мардамсып сөйлеп отыр:

-        Керемет
сұлу ғой, менің орманым! Қандай ғажап, менің патшалығым. Күн астында, жер
бетінде менен ақылды, менен күшті патша жоқ!

Оң жақ бүйірден, жыңғыл ағаш
арасынан Түлкінің қара тұмсығы қылтың ете қалды. Оны Арыстан байқаған жоқ. Сол
жақтағы қалың ағаш арасынан Жолбарыс шыға келіп, еркін басып Арыстанға жедел
жақындай берді. Оны көзі шалып қалған Түлкі бұғып жатқан қалпында күбір-күбір сөйледі:
«Оһо, қазір бір қызық іс басталады, екі дәу қазір айқасады, тамашалап көрейін»,-
деп, басын бір қылт еткізіп бұғып қалды.

-        Әй,
Арыстан, жалғанның жартысындай болып, тақта неғып отырсың?- деп Жолбарыс
зіркілдеді.

-        Орман
патшасына тіл тигізетін сен кімсің?!-деп Арыстан күндей күркіреді.

-        Аузында
бір тіс жоқ, бет-аузың қыртыс-қыртыс, патшамын деуге ұялмайсың ба? - деді Жолбарыс
ежірейіп.

-        Жаныңның
барында кет осы орманнан!

Арыстан ызасы қайнап, тақтан атып
түсті.

Екеуі шартта-шұрт алыса кетті.
Сонда түлкі ағаш арасынан бұға қарап, ыржалақтап күле бастады:

-        Хық...
Хық... Қай жеңгенің менікі...

Арыстан мен Жолбарыс ырсылдап
алысып жүр. Бір мезетте Жолбарыс әбден әлсіреген Арыстанды жұмарлап астына
басып алды. Шалқасынан сұлата салып қойып, екі тізесімен кеудесін езгілей
берді. Қолтығына, қабырғасына тырнақтарын батырып, қанын судай ағызды. Әбден
сілесін қатырып, қозгалуға шамасын келтірмей талдырып тастады.

-        Әп,
бәлем, қалай екен?-деді Жолбарыс сақылдап күліп.

-        Жассың
ғой, жеңілдім батыр! Жаным сауға! - деді Арыстан демігіп.

-        Жанынды
қалдырайын, - деді Жолбарыс тізесінен кеудеге бір нұқып қойып, - дереу кет
орманнан.

Босатып жіберді.

-        Жалғыз
кетейін бе?- деді Арыстан. Жолбарыстың алдына сілейіп тұра қалып.

-        Жарайды,
жалғыз кетпе, ормандағы саган бағынышты жануарлардың біразын бөліп
берейін,-деді Жолбарыс.

-        Маған
қалғаны да жетеді.

-        Ой,
өркенің өссін!- деді Арыстан басын шұлғып.

-        Ендеше,
былай болсын, - деді Жолбарыс демін басып, - ерем деген бағыныштыларыңның бәрін
алып кет, қолынды қақпаймын... Айтқаным айтқан, таң атқанша құрисың осы
орманнан.

-        Әміріңе
құлдық, жас патша!-деді Арыстан басын жерге жеткенше иіп, - таң атқанша
табанымды жалтыратайын.

Жолбарыс таққа секіріп шығып, бар
даусымен айқай салды:

-        Ей,
халайық! Бір ғажап іс болды. Талай жылдан бері орманға әмір жүргізген Арыстан
патша тақтан түсті, енді басқа жаққа қоныс аударады. Бұдан былай орманға мен
патша боламын. Тындандар, менің сөзімді, жаңа пенделерім - деп әндете бастады:

- Сөзіме құлақ салыңдар! Орманның
өз заңы бар,- Жасаған оны тағылар, Қиядан көргіш қырағы, Жайнаған қос шырағы,
Азуы алмас қылыштай, Қайраты нағыз құрыштай - Жолбарыс патша болады, Алтын
таққа қонады...

Жолбарыс тақтан жерге секіріп
түсті де, алшандай басып, ну орманға кіріп кетті. Арыстан лажы құрып қала
берді. Осы кезде ағаш арасынан Түлкі шыға келді. Оны көргенде Арыстан сасып
қалды. Түлкі оған жақындап келіп, аңқауси сөйледі:

-        Ұлы
мәртебелі, әміршім-ау! Сізге мұнша не болған? Көк ала қойдай ғып кім талаған?

Арыстан денесіндегі шиедей
жараларын жалап, жыламсырап тіл қатты:

-        Айналайын,
Түлкіжан! Сасқанда айла тапқан сенімді ақылшым едің. Жанашыр қамқоршым едің.
Жас Жолбарыс мені орманнан қуып жатыр.

-        Оңбаған,
Жолбарыстың онысы несі-ей?- деп, Түлкі шошынғандай көзі алақтап, ыршып түсті.

Арыстан мұндана шағынды:

-        Таң
атқанша орманнан кетпесең, өзінді де, бағыныштыларынды да құртамын, - дейді
Жолбарыс.

-        Шынымен-ақ
сорлы болған екенбіз, енді бұған не амал бар?

Арыстан күшін жиып, күжірейіп
тұрып, өз ойын айтты:

-        Көз
көрмеген, құлақ естімеген алыс жерге сапар шегемін. Бағыныштыларымның біразын
ала кетейін деген ойым бар. Сен айтшы, кімдерді алайын?

- Оның да ретін таптым, тақсыр, -
деді Түлкі аз-кем үнсіздіктен кейін басын кекжең еткізіп.

-        Айтшы.

-        Кімді
тандау билігін маған беріңіз, ұлы мәртебелі патшамыз,- деді Түлкі жылмандап,-
алыс жолға шыдамды, сенімді жануарларды іріктеп берейін.

-        Билікті
саған бердім, тез барып жинап әкел!

-        Әміріңізге
құлдық, тақсыр!

Түлкі зып беріп орманга кіріп
кетті. Арыстанда зәре жоқ. Әлгі Жолбарыс қайтып келіп, тағы да бір сылтау тауып,
жәбірлемесе неғылсын? Түлкі қу сенімді деген серіктерін тандап алып, тезірек
келсе екен. Антұрған алдап кетпесе игі еді?

Ағаш арасынан Түлкі, Қасқыр, Аю,
Қабан, Коян, Мысық, Қораз және Тышқан шыға келіп, Арыстанның алдына тізіліп
тұра қалды.

-        Уа,
ұлы мәртебелі патшамыз!-деп сөз бастады Түлкі,- сенімді серіктеріңізді жинап
алып келдім. Бізге енді не бұйырасыз?

Арыстан арқасын күжірейтіп,
момақан сөйледі:

-        Менің
ең қымбатты, ең сенімді серіктерім! Осы бір адыра калғыр ескі орманда талай
жылдан бері тапжылмай патшалық құрамын деп, мүлде зерігіп кеттім. Осы өрт
алғырды екі иығын жұлып жеп, ерігіп жүрген жас Жолбарысқа тастап, алыс жерден
жаңа мекен, жайлы қоныс іздеуге бел байладым. Сендер маған еріндер...

Жануарлар Арыстанның тосын
сөзінен шошып, көздері шарасынан шығып, тас-түйін бола қалды. Түлкі
жарамсақтана тақылдады:

-        О,
ұлы мәртебелі патшамыз! Мені өзіңізге кеңесшілікке алыңыз. Тірлігімде сізге
адал қызмет істеуге дайынмын. Жолыңызға жаным пида болсын.

Мысық алға ыршып шықты. Көзі
шатынап, шарылдап қоя берді:

-        Әй,
қу Түлкі, не былшылдап тұрсың! Патшаның түсі-түгі бірдей, қаны мен жаны аралас
туысқаны мен тұрғанда сен қалай кеңесші боласың?

-        Мысық,
не десең де мейлің,- деді Түлкі міз бақпай, - кеңесшілік лауазымы менікі...
Патшаға түр-түгіңнің ұқсастығынды сатамысың? Бойың бір қарыс, басында тырнақтай
ақылың жоқ. Ұлық болу сенің ненді алған?

-        Былшылдама,
қу Түлкі, көрерсің, Арыстан ағам кеңесшілікке мені алады, - деді Мысық көзі
ойнақшып. Арыстан ақырды.

-        Әй,
Қасқыр, әй, Аю, неге қарап тұрсындар?! Тоқтатындар мына тентектерді. Әйтпесе,
бәрінді де жаныштап тастаймын.

Қасқыр мен Аю анау екеуін
ажыратып жіберді.

-        Алыс
сапарға шықпай жатып, жайлы қоныс таппай тұрып, мыналардың мансапқа таласқанын
қарашы - деді Арыстан айбаттанып.- Қәне, шеттеріңнен түгендеймін.

Ең алдымен қорсылдап Қабан шықты.

-        Мен
атақты Қабанмын, Жалқаумын да шабанмын, Аузыма ілінгенді жей беремін, Тойып ұйықтауды
жақсы көремін.

Қорбандап Аю сөйледі:

- Терім қалың, мойным жуан Аюмын,
Тиіскенді жаныштауға дайынмын, Шетімізден еңіреген ерлерміз, Қыбырлаған бар
жәндікті, Талғамай жей береміз...

Тұмсығын көтеріп, Қасқыр сейледі:

-        Өмірімде
тамаққа тоймаған, Өлгенше ұрлығын қоймаған. Шапқанда алдына жан салмаған,
Әлсіздерді тірідей жалмаған, Мен - ашқарақ Қасқырмын. Не бұйырасыз, тақсырым?

Құйрығын бұлғандатып, тілін
жаландатып Түлкі тақылдады:

-        Айласын
елден асырған, Қулығын еппен жасырған. Күштілерге бас ұрған, Әлсіздердің құтын
қашырған Жылпос түлкі мен боламын, Қайда жұмсасаңыз да барамын...

Мойнын ішіне тығып, құнжиып
тұрып, Мысық үн қатты:

-        Шұбар
тонды мысықпын, Ұлық болсам да кішікпін, Әміршім сіздің туысыңызбын, Өзі сізге
тартқан пысықпын...

Жырық ернін сылп еткізіп, көзі
алақтап Қоян сөйледі:

-        Күні-түні
тепектеп, Ой мен қырға секектеп. Жортумен өмір өткізген, Белгілі қорқақ Қоянмын.
Шөптен басқаны жемеймін, Жеміс кездесе қалса, Әрі кет демеймін...

Мойнын созып, қанатын сілкіп
қалып, Қораз әнге басты:

-        Таң
атқанын, күн батқанын  Бар ғаламға білдірген,
Даусымен жер сілкіндірген Атақты әнші Қоразбын, Ұшуға қанатым қысқа - Құс ағайындармен
аразбын...

Тышқан тұрұан орнында түсініксіз
бірдеңені айтып, міңгірлей беріп еді.

-        Әй,
Тышқан, сен не айтып тұрсың? Түсінбедім, - деді Арыстан сұстанып.

Тышқан шиқылдай берді.

-        Мынаның
не айтқанын түсінсем бұйырмасын, - деді Арыстан ызалана.

Мысық Тышқанды алдыңғы екі аяғының
арасына қысып алды.

-        Бұл
менің әріптесім ғой, ұлы мәртебелі патшамыз,- деді мысық мардамсып,- сіздің
құзырыңыздағы орманның семіз қара тышқаны.

Тышқан шыңғырып, Мысықтың аяғының
арасынан шығып кетті. Көзі жылтырап, құлағы шұнтиып, артқа барып тұрды.

Жануарлар патшаның ендігі әмірін
тосып, қимылсыз тұрып қалған. Сонда Арыстан күндей күркіреп, ыңырана сөйледі:

-        Менің
сенімді серіктерім! Біз енді азабы ауыр, бейнеті көп алыс сапарға аттанамыз!
Қиындыққа төзіндер! Өзара тату болындар, жұптарың жазылмасын! Мен сендерді жан
аяғы баспаған жаңа жерге, жасыл орманға бастап апарамын. Құдіретті патшаға
сеніндер! Ал кеттік!..

Ұлан-байтақ шөл дала. Алдарында
сүмірейген кәрі Арыстан, оның соңында сүмеңдеп Аю, Қасқыр, Мысық, Түлкі, Қораз
және Қоян кетіп барады. Қып-қызыл сортаң жерге келгенде, Арыстан бәрін тоқтатып
қойды.

-        Мұндай
азапты алыс жолды кім көрген? -деді Арыстан демігіп, - Қабан мен Тышқан
қиындыққа шыдамай жолда өліп қалды.

-        Иә,
тақсыр, екеуі де өте әлсіз екен, жасық екен, оп-оңай өліп қалды, - деді Түлкі
көлгірсіп.

-        Ашықтық,
шөлдедік, енді қашанғы шыдаймыз? - деді Аю сілкініп.

-        Қырылып
қаламыз ғой,- деді Қасқыр адуындап.

-        Енді
не шара істейміз?- деді Қоян көзі жаутандап.

-        Ішегім
шұрылдап барады,- деді Мысық тықырши мияулап, - тым болмаса бір шайнам тамақ,
бір жұтым су болса...

-        Мыналардың
берекесі кетіп, абдырып тұр ғой, әміршім, - деді Түлкі жарамсақтанып. - Көңілдерін
көтеретін бір жақсы сөз айтыңызшы!

-        Апырым-ай,
мына күннің шыжуын-ай! - деді Арыстан аспанға мекірене қарап, - қарын қабысты, тандай
жабысты. Тамақ табудың бір амалын тапшы, Түлкі, ақылдым!

-        Бәріміз
жан-жаққа бытырап тамақ іздейік, - деді Түлкі құлдырандап, - әркім өзінің кешке
шейін тапқан тамағын түгел әкеліп ортаға салсын!

-        Амал
таптың, білгішім! -деді Арыстан қуанып,- ал, тарандар, мен сендерді осы жерде
тосамын.

Бәрі дереу жан-жаққа бытырай
жөнелді. «Оһо, бұл жерде оларды қашанғы күте беремін, мен де бір тірлік
істейін, тамақ іздейін, су тауып ішейін», - деп ойлады Арыстан. Басы ауған
жаққа жүріп кетті.

 

* * *

Белгілі жерге ең алдымен Түлкі
келген. Қарнын сипап, өзінен-өзі лепіріп сөйлеп тұр: «Жағдайым жаман емес,
құрт-құмырсқалардың біразын соқтым-ау, қалғанын әкелдім». Осы кезде Мысық
Түлкіні алыстан көріп, ағаш арасына бұғып жатып тың тындады:

-        Үу!..
Жирен қу, бірдеңе таптың ба?- деді Қасқыр Түлкіге жақындап келе беріп, - сен
қашанда өз тамағынды ойлайсың... Мен үш күннен бері нәр татқан жоқпын...

-        Жылама,
көкжал, жылама!-деді Түлкі жылмандап,- аз сабыр етсең, тандайың жібиді, қарның тояды.

-        Мен
сонша ұзақ жортқанда түк те таппадым, - деді Қасқыр арс етіп, - не жейміз?

-        Бұл
құрыған қу далада кесіртке мен тышқаннан басқа түк те жоқ екен,- деді Түлкі
айналаға жалтақтай қарап. -        Саспа
Қасқырым, қазір серіктеріміз осы жерге жиналады, бір қызық іс басталады...

-        Не
қызық болады?-деп сұрады Қасқыр дегбірі қашып.

-        Олар
тамақ тауып әкелмесе,  Қоян мен Қоразды
бөліп жейміз.

-        Ақылдысың-ау,
жиренім, - деді Қасқыр аузынан сілекейі шұбырып.

Осы кезде Мысық мыналардан
қорқып, ағаш арасында бұғып жата берген.

-        Ойбай-ау,
біздің патшамыз қайда кеткен?-деді

Түлкі Арыстанның бұл жерде жоғын
біліп. - Жер жұтты ма, мұны?

-        Мана
жапан түзде жалақтап жортып жүргенін сыртынан көріп едім, - деді Қасқыр.

-        Мүрдем
кетсін, - деді Түлкі.

-        Жиренім-ау,
сен не деп тұрсың? Соған қалай аузың барады?-деді Қасқыр шошып.

-        Қорықпа,
көкжалым, ол өлсе орнына сен патша боласың. Әне, өзі келе жатыр, ақырын
сөйле...

Тәлтіректеп басып Арыстан келді.
Оның артынша Аю, Мысық, Қораз, Қояндар да жетті.

-        Ку-ка-ре-ку!-
Қап, даусымның жөнді шықпай қалғанын қарашы- деді Қораз басы қалтақтап, - тым
болмаса ауыз шаятын бір тамшы су таппадым.

-        Міне,
мен бір топ тышқан аулап әкелдім, - деді Мысық пысқырып. - Бөліп жендер!

-        Мен
бір аз ғана шөп-шалам жинап әкелдім,- деді Қоян күмілжіп.

-        Басқаларыңның
әкелген тамақтарың қайда?-деді Арыстан зіркілдеп.

Аю, Қасқыр, Түлкі үн қатпай
сілейіп тұра берді.

-        Тапқан
тамақтарың қарындарыңнан артылмаған екен, - деді Арыстан айбаттанып.

-        Ештеңе
кездеспеді, тақсыр!-деді Қасқыр тайсалмай.

-        Мен
де ештеңе таппай келдім, -деді Түлкі момақансып.

-        Менің
де жолым болмады, -деді Аю тілін салақтатып.

Арыстан гүжілдеп барып, жерде
жатқан өлі тышқандар мен шөп-шаламды сыпырып жалмап қойды. Жануарлар Арыстанның
зорлығына ызаланып, тас-түйін бола қалды.

-        Жұмыршағыма
жұғын да болған жоқ, - деді Арыстан ыңыранып, - араным ашылып кетті. Ал, менің
бағынышты пенделерім, патшаңыз сіздерден құрмалдық талап етеді.

-        Әміріңізге
құлдық, қүдіретті күшті патшамыз, онда еті тығыз, терісі қалың Мысықты құрмалдыққа
шалайық! - деді Аю қорбандап.

-        Мойны
жуан, еті мол Аю тұрғанда Мысықтың не керегі бар? -деп, Түлкі сөзге араласты.

-        Енді
не тұрыс бар, әй, Қасқыр мына Мысықты жайрат - деді Аю қаһарланып.

Қасқыр Мысыққа бас салғанда Түлкі
араға түсе кетті.

-        Мысыққа
тимендер,- деп, шыжалақтап айнала қорғаштап жүр.

-        Сандалма,
аулақ кет! - деді Аю Түлкіні қақпайлап. Жануарлар қыза-қыза төбелесіп, қан-жоса
болды да қалды. Кайсысы жеңер екен, жеңілгенін талап жейін деп, Арыстан сырттан
бақылап тұр еді. Әйтсе де, бұлардың мейлінше құтырынып алған ашулы сыңайларын
көргенде сасайын деді. «Мыналардың түрлері жаман екен, әрі-беріден кейін өзіме
ауыз салмаса неғылсын?!».- деген қауіпті ой келді оған.

Төбелесе-төбелесе әбден сілесі
қатқан жануарлар Арыстанның қасына үйіріле қалды.

-        Қоян
мен Қораз қайда?-деп сұрады Арыстан олардың жоғын енді біліп.

Жауабын Түлкі берді:

-        «Екі
арада шыбын өледі» деген емес пе, тақсыр патша, төбелес кезінде Қоян мен
Қораз    Қасқыр мен Аюдың өңешіне түсіп
кетті.

-        Әй,
Қасқыр! Әй, Аю! Екеуің бірдей түгін қалдырмай жеп қойдыңдар ма?-деді Арыстан
тандайы тақылдап.

-        Сарқыт
қайда?

-        Кешіріңіз,
әміршім, ет қызумен Қоразды мен жеп қойдым, - деді Аю басын иіп.

-        Көзіме
қан толып Қоянды мен жалмап қойдым,- деді Қасқыр кекиіп.

-        Тірі
калғандарың соңымнан еріндер - деді Арыстан,-            ілгері
жүрейік.

-        Қайда
барамыз?- деді Аю қиқандап.

-        Неге
асығамыз, бірер күн тынығып алайық,- деді Қасқыр қарысып.

-        Қарным
удай ашып тұр, мен жолға жүруге жарамаймын,- деді Мысық тайсақтап.

-        Мен
сіздің құзырыңыздамын, ұлы мәртебелі патшамыз!- деді Түлкі құлшынып.

-        Түлкіден
басқаларың сыр білдіріп, сырдақтап тұрсындар ғой, - деді Арыстан гүжілдеп, - бұл
немене? Ерегіс, жанжал ма?

-        Бұларды
кешіріңіз, ұлы мәртебелі патшамыз. - деді Түлкі жалынып, - ашыққан, тарыққан
жандарда ес бола ма?

-        Жарайды,
бір жолға кешірейін.

Жануарлар сол сәтте көкжиектен
елес берген жасыл орманды көріп, естері кетіп қайран қалды. Барлығы қуанып,
жапа-тармағай шулай берді.

-Әне, қараңыз, әміршім! Орманда
арқар, киік, бөкен өріп жүр!-деді Түлкі секіріп.

-        Әнеки,
кересіз бе, қабандар қара құрттай қаптап жүр!-деді Аю арсаландап.

-        Қояндардың
топ-тобымен ойнақтауын қараңыз! - деді Қасқыр тілін салақтатып.

-        Түу,
тышқаннан көз тұнады, - деді Мысық пырылдап.

-        Ал
бізді бастаңыз, ұлы патшамыз! Орманға тез жетейік!- деді Түлкі қолды-аяққа тұрмай.
- Айтпақшы, орманға барғанда қайсымыздың қандай лауазымға ие болатынымызды осы
бастан белгілеп қойыңыз...

- Ендеше, менің әмірімді
тындандар!-деді Арыстан шиыршық атып, - Қасқыр сен бас уәзірім боласың. Аю сен
екінші уәзірім боласың. Түлкі сен баяғы қалпында бас кеңесшілік қызметінде
қаласың.

Аттары аталғандар Арыстанның
әміріне мойынсұнып, бастарын изеді. «Мүлтіксіз адал қызмет атқарамыз,
сеніміңізді ақтаймыз», - деп тұр жайнаған көздері.

Мысық шарылдап шыға келді:

-        Әміршім-ау,
қаны бір, жаны бір, түсі-түгі бірдей бауырыңызды шыныңызбен-ақ ұмыттыңыз ба?

-        Мен
сені неге ұмытайын, - деді Арыстан маңыздана керіліп, - сен менің құпия
кеңесшім боласың...

-        Қане,
жүрейік, соңымнан еріндер, - деп, Арыстан өзі алға түсіп, ілгері жылжи бастады.
Жануарлар оның соңынан әндетіп барады:

- Шаттанындар, орман елі, Сендерге
жаңа патша келді. Келдік байтақ, жаңа өлкеге, Жан саясы көлеңкеге. Қуанындар,
орман елі, Сендерге дана патша келді.

Кәрі Арыстан серіктерін ертіп,
өмір-бақи жау дегенді көрмеген, білмеген, неше түрлі жануарлары мен құстарынан
жер қайысқан байтақ жасыл орманға ие бола кетті. Емін-еркін әмір жүргізді.
Ойына келгеннің бәрін істеді. Күштілерді төңірегіне топтап алып, әлсіздерді
қырып, жойды, бағынышты пенделерін зар еңіретті. Ұрымтал жердегі шағын-шарқы
көршілес патшалықтарға шабуыл жасап, елін шапты, жерін тартып алды, күйзелтіп
тастады.

Арыстан патша жаздың жанға жайлы
жайма-шуақ бір күнінде, қалың орманның аса көрікті жеріндегі зәулім бәйтеректің
саясында, алтын тақта дамылдап отыр еді. Қасына мияулап Мысық жетіп келді.

-        Аю
сұм құтырды, әміршім! - деді ол бұрқанып,- өзі күн сайын икем дегенде үш киік
аулап алады, екеуін өзі жейді де, біреуін ғана сізге әкеп береді.

-        Ә,
солай ма?! Есте болсын...

-        Қасқыр
оңбаған апта бойына қасыңызға жоламайды, ормандағы қойлардың тең жарымын қырып
бітірді.

-        Бұ
да есте болсын...

-        Бас
кеңесшіңіз, Түлкі залым осындағы тұқымын өсіруге өзіңіз сақтатып қойған
қаз-үйректерді жеп тауысуға айналды.

-        Серіктерімнің
бәрі де шетінен қанды балақ ұры екен, - деді Арыстан ызаланып.

-        Менен
басқа адал серігіңіз жоқ, әміршім! Тағыңыздың айналасындағы тышқандарды қырып
бітірдім.

-        Қызметің
ескерусіз қалмайды, бауырым, сыйлық аласың.

Осы мезетте анандай жерден Түлкі
көрінді. Жақындай беріп сөйлеп келеді:

-        Жаманат
хабар айтқалы келдім, ұлы әміршім!

-        Қандай
хабар?- деді Арыстан абыржып қалып.

-        Ойпырым-ай,
тағы да не сұмдық болып қалды? - деп шыбжындады Мысық. Түлкі екпіндей сөйледі:

-        Сіздің
тастап кеткен ескі орманыңыздан мана Сауысқан ұшып келді.

-        Сауысқан
не айтты?

-        Сіздің
орныңызға патша болған Жолбарыс орманды ойрандапты, ондағы жануарлар мен құстарды
қырып бітіріпті, кілең жыртқыштарын ғана қалдырыпты. Жолбарыс енді қаныпезер
серіктерін ертіп, сіздің жаңа орманыңызға шабуыл жасамақшы көрінеді.

-        Қой,
бекер шығар?- деді Арыстан сілкіне басын шайқап.

-        Өтірік
айтсам тілімді кесіңіз, тақсыр! Жолбарыс-сұм сіздің бағыныштыларыңызды қырып-жойып,
өзіңізді қорқау Қасқырға жем етем депті.

-        Мынасы
сұмдық екен!-деп, Мысық танданды. Арыстан екі ойлы болып үнсіз тұрып қалған.

-        Солай,
ұлы әміршіміз, сізге жаманат хабарды жеткіздім, міндетімді атқардым, - деді
Түлкі.

Ерсілі-қарсылы секіріп, Мысық
сөзге араласты:

-        Мен
білсем, Түлкі осы жолы өтірік айтып тұрған жоқ... Енді бекер уақыт өткізбейік,
Жолбарысты жаңа орманымызға келтірмеу амалын қарастырайық.

Қаһарлы жас Жолбарыстың бейнесі
көзіне елестеп кеткенде, Арыстан патша көзі жасаурап, тілі салақтап, тағынан құлап
түсті. Түлкі мен Мысық сасқалақтап, Арыстанды екі бүйірінен қармай берді...
Арыстан аузынан ақ көбік ағып, тынысы тарылып, талып барады.

-        Әміршім-ау,
сізге не болды?-деді Түлкі сасып.

-        Ойпырым-ай,
әлгі жаман хабарға жүрегі шыдамады ғой, - деді Мысық еңкілдеп жылап.

-        Өлді,
демі бітті!-деді Түлкі күрсініп.

-        Жоқ,
өлмейді, есінен танып қалды, - деді Мысық қопандап.

Екеуі Арыстанды олай-былай
тербетіп көріп еді, бірақ оларынан ештеңе шықпады.

-        Мысық,
сен, қазір барып емші Түйеқұсты шақырып әкел! - деді Түлкі.

-        Түйеқұсты
өзің шақыр, - деді Мысық сұстанып.

-        Бұл
бәлекеттің қулығын қарашы!- деді Түлкі ызбарланып, - мен кеткенде қамбадағы
асыл мүліктерді қымқырып құртқың келеді ғой.

-        Мен
кетсем, сен де сөйтесің, жирен қу, - деді Мысық мұртын тікірейте, көзін
алартып. - Қамбадағы бар асыл дүние-мүліктерді сүпит қыласың.

Түлкі мен Мысық Түйеқүсқа сен
бар, мен бармен тіресіп тұр еді. Арыстан ыңырана сілкініп түрегелді.

-        Мен
қатты ойланам деп талып кеттім білем,- деді ол жаймен, - Жолбарыстың бетін
қайыру амалын таптым...

-        О,
жасаған, шүкір, патшамыз тірілді, - деді Мысық жайрандап.

-        Әрдайым
осылай өлімнен аман қалсын патшамыз,- деді Түлкі жылмандап. Мың жыл жасасын...

Арыстан Мысық пен Түлкінің
жанашыр пейілдеріне дән риза болып, сергіп қалды. Керіліп, созылып, дұрысталып
алды да, маңыздана сөйлеп кетті:

-        Жолбарыстан
құтылудың айласын төрт көзіміз түгел отырғанда айтайын. Түлкі сен барып
Қасқырды тауып әкел. Мысық сен Аюды тауып әкел!

Түлкі мен Мысық жүгіре жөнелді.

Арыстан тағы да ызбарлана сөйлеп
отыр: «Жолбарыстың әкесін танытамын, тұқымын құртамын».

Сол екі арада Аю, Қасқыр, Түлкі
және Мысық жетіп келді.

-        Ұлы
мәртебелі патшамыз, әміріңіз бойынша құзырыңызга келіп тұрмын, - деді Аю
арсаландап.

-        Құдіретті
иеміз, әміріңіз бойынша мен де келдім! - деді Қасқыр жалақтап.

Арыстан жайлап сөз бастады:

-        Ескі
орманнан бізге суық хабар келді. Жас Жолбарыс менің жаңа мекеніме шабуыл
жасамаққа әзірленіп жатқан көрінеді... Одан сасып тұрған жоқпын. Зұлым жаудан
аман құтылудың амалын таптым. Мен орманның ұлы патшасымын, күндіз жортып, түнде
дамылдаймын... Менің шам-шырағым -Күн. Ал енді, түн қарақшысы Жолбарыс күннен
өлердей қорқады, ылғи түнде жортады, күндіз қалың жыныс орман ішінде бұғып
жатады. Түнде Жолбарысқа жарық беретін кім? Айтыңдаршы?

Бәрі шулап қоя берді.

-        Ай!

-        Дұрыс
айттындар. Жолбарыстың жолын бөгеу үшін не істеуіміз керек?

-        Айды
құртуымыз керек, - деді бәрі бір ауыздан.

-        Аспаннан
Айды қалай құлатудың амалын қайсың айтасындар!

Манадан бері әліптің артын бағып
отырған Мысық тақылдап сөйледі:

-        Осы
орманда мың жасаған данышпан Тотықұс тұрады. Содан ақыл сұраңыз, құдіретті ием.

-        Мақұл,
Тотыны өзің барып шақырып әкел, - деп бұйырды Арыстан.

Барлығы Мысық кеткен жаққа
елендеп қарай берген. Мысық лездің арасында Тотыны арқасына қондырып әкеліп
Арыстанның қарсы алдына отырғызып қойды.

-        Аспандағы
Айды құлатқым келеді, соның айла-тәсілін айт, данышпан Тоты.

Тоты көзі жайнап, танданып қалды.

-        Тып-тыныш
тұрған Айды құлатудың себебі қандай?

-        Себебін
сұрама... Айды құлатып-құртудың амалын айт.

Тотықұс қанатын сілкіп,
қауырсындарын жалпылдатып, түрленіп кетті. Ойланды да толғанды. Арыстанның
қияли ниетіне осы лайық болар деп, бір ақыл-кеңес ойлап алды да, тілін безеп
сайрады:

-        Аспанға
қаратып зәулім биік саты орнатыңыз, оның іргесінен шыңырау қаздырыңыз. Сатыны серіктеріңіз
жан-жағынан сүйеп тұрады. Патша, сіз сатының үстіне шығасыз. Сосын даусыңыз
жеткенше өкіресіз. Айға атыласыз. Сонда Ай сізден шошып құлайды да, шыңырауға
топ ете қалады. Ай құлап түсісімен серіктеріңіз шыңырауды топырақпен бітеп
тастайды...

-        Менің
ойлаған жерімнен шықтың, данышпаным. - деді Арыстан миығынан күліп,- Айды
күмәнсіз құлатамын... Саған арнап еменнен тозбайтын сарай салдырып, іші-сыртын
алтынмен аптатамын, күміспен күптетемін, мұңсыз тұрмыста мәңгі жасайсың.

Тоты сыр бермей, сындарлы пішінін
өзгертпей, басын бір секең еткізіп:

-        Ниетіңіз
қабыл болсын, көздеген мұратыңызға жетіңіз, ұлы патшамыз!- деді.

-        Ал
серіктерім, дереу іске кірісіндер-деді Арыстан жалақтап.

Бәрі қосылып ән шырқады:

- Айды құлатып жерге таптаймыз,
Орманды жолбарыстан сақтаймыз, Патшамыздан әмір болса, Дүниені бүркеп
тастаймыз. Жолбарыстың жолы болмайды, Жүрген жеріне түнек орнайды. Тамаша!
Тамаша!

Орманның кең алаңындағы
шыңыраудың қасына аспанға бойлатып биік саты орнатылған. Ағаш арасынан
қорбандап Аю шықты.

-        Қандай
ғажап! Не деген керемет! Сатысы да, шыңырауы да дайын болды. Айдың кемеліне
келіп, толықсып тұрған шағы... Арыстан Айға атылады. Ай топ етіп шыңырауға құлайды.
Сонда Арыстан қай жерге құлайды? Иә, екеуі де шыңырауға құлайды. Орын екеуіне
мол жетсін, қаза түсейін. Аяғымен жерді бұрқылдатып қаза бастады.

-        Иә,
Арыстан шыңырауға құлап опат болғанда, орманға өзім патша боламын.

Аю ағаш арасына кіріп кетті.
Шайқала басып, Қасқыр келді. Елеурей сөйледі:

-        Ай
мен патша бірден шыңырауға құлайды. Мен сонда аузы аңқиып, шыңырау жиегінде
қорбандап тұрған Аюды аяғымның ұшымен жып еткізіп итеріп жіберемін. Үшеуі де
тереңге батады, сеспей қатады. Бәріне орын мол жетсін, қаза түсейін. - Бұрқылдатып
қаза бастады. -Арыстан мен Аю Аймен қоса сүпит болады. Сонда орманға өзім патша
боламын.

Ағаш арасына жасырынып қалды.
Түлкі жетіп келіп, абайлап сөйледі:

-        Арыстанға
ақыл айтқанда, қу Тотының беті бүлк етпейді-ау! Күліп жібере жаздап, әрең
отырдым. Иә, Арыстан Айга атыла бергенде, сатыны жып еткізіп құлатып жіберемін.
Ай мен Арыстан шыңырауға құшақтаса құлайды. Шыңыраудың аузы екеуіне тарлау
болар! - Бұрқылдатып қаза бастады. - Мына жерден Аюды шыңырауға күмп еткізем,
мына бір жерден Қасқырды жылт еткіземін. Сонда орманға өзім патша боламын.

Ағаш арасына жасырынып қалды.
Айналаға жалтақтап қарап, ырғала басып, Мысық келді. Сатының қасына тұра қалып,
ыңырана сөйледі:

-        Дес
берер ешкім жоқ екен, тоқтай тұр, Ай мен Арыстан шыңырауға күмп етеді, Түлкі
мен Қасқыр зып етеді, Аю омақаса құлайды. Бойым аласа, аяғым қысқа болса да,
ақылым көп, қайратым қалың, орманға мен патша боламын. Жолбарыс туысыммен
табысамын, жарасамын. Туысқаным деп Арыстанды алдап келдім. Шынтуайтқа келгенде
менің нағыз жақын туысым - Жолбарыс. Осы шыңырау бәріне де мол жетеді. Ай сыйғандай
тесік қалдырып, бетін шөп-шаламмен бүркеп қояйын. Оны басқалар сезбейді. Ай мен
Арыстан құлағанда сасқалақтап, айнала жүгіріп жүріп, Аю, Түлкі, Қасқыр үшеуі
шыңырауға топырлай құлайды.

Көкжиектен жарқырап көтеріліп
келе жатқан Айға қарады.

-        Оһо!
Әнеки, Ай туды! Ажалының жеткенін, дәуренінің өткенін қайдан білсін, бейбақ?

Сол екі арада бәрі жиналып қалды.
Орталарында Арыстан.

-        Керекті
жабдықтар түгел дайын болды ма?-деді патша.

Мысық жауап берді:

-        Түп-түгел
даяр тұр, әміршім!

-        Сізге
сәт тілейміз! - деді бәрі.

Арыстан өлеурей сөйледі

-        Ей,
менің патшалығымның жануарлары, барша андары! Сөзіме құлақ салындар! Қазір мен
бұдан бұрын болып көрмеген таңғажайып іс көрсетемін. Аспандағы Айды Жерге
құлатамын. - Осыны айтты да өршеленіп сатыға шыға бастады. Бағыныштылары жан-жағынан
қаумалап көтеріп жіберді. Қолапайсыз қимылдап, ырсылдаған бойымен өрмелеп
барып, сатының ұшар басына шықты. Енді кеудесін гүрілдетіп, аспанға өңешін
созып, айқайлай бергенде өзінің ауыр салмағына ие бола алмай гүрс етіп,
шыңырауға құлап түсті. Сатының быт-шыты шығып, қирап қалды. Сонда сасқан болып,
бірін-бірі құлатуға әрекет істеп, әбігерленіп жүріп, Аю, Қасқыр, Түлкі, Мысық
бәрі шыңырауға сүңгіп кетті.

Осы кезде данышпан Тоты шыңырау
шетіндегі қираған сатының ағаштарына қонақтаған. Аспандағы Ай сұлу оған наздана
тіл қатты:

-        О,
данышпан Тотықұс!  Жерде не сұмдық болып
жатыр?

Тоты аспанға мойнын созып, көзі
жаудырап:

-        Айтайын,
Ай сұлу!-деді.

-        Қаттырақ
айт, анықтап естиін!

-        Қаскөй
жауың кәрі Арыстан аспаннан сені құлатамын деп, саған шабуыл жасап еді, қазған
шыңырауына өзі түсті, қасындағы серіктері қоса құрып кетті.

-        Шыңырауды
терең қазған екен ғой, - деді Ай сақ-сақ күліп, - жатқанынан тұрмасын.

-        «Әлін
білмеген әлек» деген нақыл осындай есалаңдарға арналып айтылған екен.

-        Тамаша!
Тамаша!

-        Қайта
азат болдыңдар, жасыл орман, байтақ дала! Шаттаныңдар!

Ай жадырап, тебірене сөйледі:

-        Уа,
жарандар! Осынау оқиғада терең мән бар. Ақымақ кәрі Арыстанның өмірі тамам
болды! Енді  жалақтаған жас Жолбарыстан
сақтаныңдар!