ВЕРНУТЬСЯ

     Күлімдеп келген көктемнің
жайма-шуақ бір күні еді. Әбітай ессіз-түссіз жатқалы бір аптадай боп қалған. Бүгін
ғана есін жиып, жарық дүниенің дарбазасын қайта ашып, өмір төріне шыққандай болған.
Көзін кеңірек ашып, жан-жағына қараса, оңаша бөлмеде басын сүйеп ақ киімді бір
әйел отыр екен.

Қай жерде жатқанын, бұл араға
қайдан, қашан келгенін әдепкіде Әбітай білген жоқ. Тым көп ұйықтаған адамдай
басы мең-зең. Тапжылмай қасында отырған ақ киімді аққұба әйелге бірдеңе айтпақ
боп оқталып еді, бірақ тілі күрмеле берді. Қозғалайын десе, кіршіксіз ақ
матамен тысталған мамық жастыққа көмілген басы көтертер емес. Денесі зіл қара
тастай ауырлап, төмен тартады.

Әйел де үн қатпайды. Тек, сәл қысыңқы
қара көзі жаудырап, аяған пішінмен Әбітайдың бетіне қарай берді.

Әйелдің басына тартқан ақ шаңқаң
орамалының маңдай тұсындағы кішкентай қызыл креске көзі түсті Әбітайдың. Кірпік
қақпай, адам өмірінің күзетінде тұрған солдат қыздың осынау құртақандай қызыл
белгісі: «Госпитальда жатыр екем ғой»,- деген байламды жігіттің көкейіне құйып
жіберді.

-        Жолдас
аға лейтенант,- деді ақ киімді әйел оның бетіне бетін тақап, еңкейіп тұрып,-
халіңіз қалай?

-        Жақсы,-
деді Әбітай көзінің қиығымен қарап қойып.

Әйел одан әрі сөз қатқан жоқ, тек
Әбітайдың үстіндегі көрпесін қымтап, басындағы мамық жастығын жөндеді де, шүмекті
кішкене ақ құтымен су ішкізді. Тандайы кеуіп, ындыны құрып жатқан Әбітай суды
сіміріп, шамалы әлденіп қалды. Әйел үнсіз шығып кетті.

Бөлмеде өзінен басқа жан
көрінбейді. «Мені оңаша бөлмеге жатқызғаны, жарақатымның өте ауыр болғаны ғой,
сірә»,- деп ойлады. Нәрестедей құндақтаулы жатқан әлсіз дене көтертер емес.
Жарасының қай жерде екенін сезген жоқ. Денесінің қызуы әлі басылмапты. Басы
шыңылдап, көзі қарауытып, бөлмедегі заттардың бәрі қат-қабат боп теңселіп, қос
көрінеді. Әнеугі бір сұрапыл ұрыста минаның жарықшағы қара санын талқандап,
құлап қалғаны да енді-енді есіне түсейін деді. Сол сұрапыл ұрыстың сан қилы
суреттері көшкен бұлттай тізбектеліп көз алдына келе бастады... Оң қолын әрең
дегенде икемге көндіріп, өзінің тұла бойын сипалап бір шолып өтті. Ағаштай
сіресіп қалған етсіз ұзын саусақтары сол аяғының санына барып кідіріп қалды да,
шандып байлап тастаған шүберекке тірелді. Сол сәтте Әбітайдың денесі біресе
суынып, біресе қызынып, көзі бұлдырап кетті. Мандайынан бүрқ еткен ыстық тер,
бет-аузын жуып, жастығына құйылды. Әбітай бес минут шамасы осы халде ауырлап
жатты да, тебіреніп күшін жинады.

«Аяғымнан айырылып, шынымен-ақ
мүгедек болған екем ғой»,- деді Әбітай налып. Басына ауыртпалық түскен жанның ойы
қылдай нәзік, қиялы ұшқыр келеді ғой. Оның бер жағында, ер жігіттің зор байлығы
денсаулығы емес пе. Уайым мен үміт салғыласып сайысқа түсіп, сол сәтте
әлсіреген жүрегі алқынып аузына тығылып, тынысы тарылды. Бірақ ой тоқтатып,
өзіне-өзі күш берді де, қабындап келе жатқан уайымға жендірмеді. Осындай
қысылшаң кезенде өршіп жана бастаған қайғы өртінің лаулаған жалынынан алып шығар
ересен қайрат, ұшқыр ақыл керек. Өз болашағына қалтқысыз сеніп, өмірді жанындай
сүйген адам ғана таудай ауыртпалықты шопақ құрлы көрмей, еңсеріп тастап,
өмірдің биік шыңына шыға алады.

Бағанағыдай емес, өзіне-өзі
келіп, ақылға ойын жендірген Әбітай өзінің майданда өткізген төрт жылғы өмірін
еске түсірді. Қан майданда өз Отаны үшін құрбан болған ер-азамат жолдастарын
көз алдына келтірді.

-        Бәрінен
де өмір жақсы,- деді даусын қатты шығарып.

Аяғын сілтіп басып, ақ киімді
әйел қасына жетіп келді.

-        Халіңіз
қалай, жолдас аға лейтенант!

-        Өте
жақсы, қарындасым!

-        Жүрегіңіз
қарайды ғой, қандай тамақ ішесіз?

Әйел дереу ас жеткізді.

Ақ киімді әйел Әбітайға әңгіме
айтып қасында ұзақ отырды. Госпитальдың кітапханасынан Николай Островскийдің «Құрыш
қалай шынықты» романын ала келген екен. Жаралы жанға рухани нәр болсын деп, сол
кітаптан үзінді оқып берді. Өжет, қайсар Корчагиннің, өмір үшін күресінің бір саласын
есіне түсірген Әбітай, өз жүрегін мазалап тұрған уайым отын бір мезгіл сөндіріп
тастады.

-        Бәрінен
де тіршілік жақсы, қарындас! Көңілімді көтергеніңе рақмет,- деді Әбітай мығым
дауыспен.

Туған бауырындай елжіреп, бәйек
боп үстіне түсіп отырған ақ киімді қарындастың бетіне тура қарады.

-        Атың
кім, қарағым?-деп сұрады.

-        Катя!-деді
ол Әбітайдың мандайынан сипап.

-        Катя.

Әбітай маужырап кетті...

Әбітай есін жиып, өзіне-өзі келгелі
екі аптадан асты. Сан аяғы дәл жамбастан шорт кесілген. Бұған да көндіккен
Әбітай уайым-қайғы дегендеріңізге дес бере қоятын емес. Бірақ бір бөлмеде жалғыз
жатқан адамға, әсіресе, бір орыннан қозгалуға шамасы келмейтін жаралы жанға  тіпті уақыт өтпейді екен... Әбден іші пысқан
Әбітайдың аз да болса шүйіркелесіп көңіл көтерері - Катя, кей кездерде өз
өмірінің өткен күндерін ойша шолып, ұмытылмайтын кейбір суреттерін көз алдына
келтіреді. Кейде көңілін қияға шарықтатып, кей кезде көзіне жас келтіре
налытатын жай-ларын бағзы бір уақытта шет-пұшпақтап Катяға айтып та қояды. Өзінің
балалық шағынан сүйіп айтатын бір ауыз өлеңі болатын. Оқта-текте соны айтса,
жабыққан көңілі көтеріліп, қорғасыннан ауыр денесі жеңілденіп кетеді...

Аспанда ай болмаса адасады, Көңілді
көтермесең, кір басады. Кеудесі ер жігіттің - алтын сандық, Сандықты кілт
болмаса кім ашады, -деп ыңылдап әндетіп қояды.

«Басың айналып, қиналып қаласың»,
- деп дәрігерлер кітап та, газет те оқытпайды. Анда-санда госпитальдың насихатшысы
лейтенат башқұрт жігіті келіп, газет оқып беріп, жаңалық хабарларды жеткізеді. Басқа
жұмыстан қолы босаса Катя Әбітайдың қасында ұзақ отырып, жақсы кітаптардан
үзінді оқып беріп, қызық әңгімелер айтып, көңілін көтереді.

Әбітайдың өтініші бойынша Қатя
госпитальдың киім-кешек қоймасынан оның жол қапшығын әкеп берді. Әр жеріне қан
тамған, сыртында қара бояумен жазган «Ә. Маусымбаев» деген белгісі бар көне сұр
қапшық жорықта көп жортқан солдаттың басынан кешірген көп жайларын баяндап тұрғандай.

-        Жол
қапшығын палатада ұстауға болмайды, жолдас аға лейтенант!- деді Катя ресми
түрде қатулана сөйлеп.

-        Ішінен
керегіңізді алып берейін. Қайтадан сарайға апарып беруім керек.

-        Керекті
нәрселерімді алған соң мейлің- деді Әбітай күңк етіп.

Мамық жастықты арқасына тік
қойып, сүйеніп отырған Әбітай:

-        Аузын
шеш, ішінде не бар, не жоғын көрейін, - деді қапшықты көлденең ұстап тұрған
Катяға.

Катя қапшықтың аузын шешіп,
ішіндегі нәрселерді біртіндеп алмақ болғанда, кірлеген кестелі қызыл барқыт
темекі қалта қолына ілікті. Қалтаны алып Әбітайға беріп еді, ол оны
аударып-төңкеріп көрді де, жастығының астына тығып қойды... Қатя кендір жіппен
шандыған бір шумақ қағазды алып берді.

Әбітай қағаздарды алып,
кереуеттің бас жағында тұрған ақ сырлы тумбочканың ішіне тыға салды. Әбітай
әлгі темекі қалтаны жастық астынан қайта алды да, ішінен бір шылымдық махорканы
сілкіп алып, газет қағазына орап тұтатты да, құмарлана сорды.

«Госпитальдан күн сайын алып тұратын
темекісі жетіп, артылып, тумбочка ішінде бұрқырап жатқаны анау. Қурап қалған
қоқым темекіні құмарланып неге тартты сонша?» - деп ойлады Катя.

 

* * *

-        Айтпақшы,
әнеугі айтқан әңгіменізді қашан оқып берер екенсіз, жолдас аға лейтенант? -
деді Катя дәрі ішкізіп болған соң.

-        Қазір
оқы десең де, оқиын.

Әбітай «Дәптер» деген әңгімесін
оқи бастады. Катя тындап отыр.

«Ең алдымен өз өмірім туралы
қысқаша мәлімет беруді мақұл көрдім»,- деп жазыпты Әбітай әңгімесінің кіріспесінде.

...Мен 1910 жылы Көкшетау
өлкесінде туыппын. Әкем Байсалбай - өмірі ит мініп, ирек қамшылап өткен тақыр
кедей.

Іңгәлап жерге түскенде өмір мені
өгей баласындай сыртқа тепті. Әкем ақын кісі екен:

«Апандап өттім арманда, Ала алмай
өмір есесін. Ұлы жасқа толтырдым Жастықтың алтын кесесін-», - деп, басталатын
зарын кейінгі кезде үлкен әжем айтып отыратын.

Бір жасқа келгенде әкем, үш жасқа
келгенде шешем өліпті. Киер киім, ішер асқа жарымай тұрмыстан қағажу көріп
өстім. Егер бағыма ұлы шешем тірі болмағанда менің де өлім тырнағына ерте
ілінуім сөзсіз екен.

Ұлы шешемнің есімі  Қымбат еді. Ақыл-ойдың таусылмас кені, аналық
сүйіспеншіліктің айдын-шалқар көлі еді. Тілінен бал тамған шешен кісі болатын.

Қыс болса мекеніміз - жапырайған
жер кепе, жаз болса - түйенің тозған жабуындай жалба-жұлба қара лашық. Мал
дегеннен сынық мүйіз жалғыз қара ала сиырымыз бар. «Қырсыкқан ит қыңыр
жүгіреді» деген емес пе, оның өзі сыңар емшек. Көбінесе елден қайыр-садақа сұрап
тамақ асыраймыз... Қысқасы, иініміз киімге, аузымыз асқа жарыған емес.

Әжем байғұс мені жетектеп ауылдың
сыртындағы Қара адырдың басына алып шығады да, зарлап жылайды.

-        Сорлы
жетімегім, мүсәпірім, бақытсыз ғып жаратты ғой құдай сені, - деп, әжем менің
мандайымнан иіскейді. Сөйтеді де, көзінің жасын көлдетіп, егіліп жылайды.
Кемсендеп мен де жылаймын.

Күн құрғатпай жапан даланы кезіп,
шаршап-шалдығып кешке жақын қара лашыққа қайта ораламыз. Кейде әжем маған:

-        «Ақыл
арымайды, алтын шірімейді» деген, ақылды бол, балам,- дейді.

Әжемнің осы өсиеті жүрегіме мәңгі
орнаған. Бүгінгідей әлі сайрап түр.

-        Шамаң
келсе өнер үйрен, балам, өле-өлгенше азық болар,- дейді әжем әрдайым.

Жұма сайын әкемнің зиратының
басына барамыз. Өзен жағасында, жапан далада қиқулаған неше алуан құстардың үні
де маған зар әуеніндей естіледі. Зират басына барғанда әжем әкемнің қабірін құшақтап
зарласа, сол төңіректің бар құстары да, неше түрлі жәндіктері де оған өз
үндерін қосып шулап қоя бергендей болады. Әсіресе, адамша тақылдап, безектеп ұшып
жүрген бір кішкентай құстың даусы тым аянышты-ақ.

-        Тау-қүдірет,
- деуден бір тынбайды сол құс. Басқа құстарға қарағанда оның даусы құлағыма өте
сүйкімді естіледі.....

-        Бұл
құс неге сөйлейді?- деп сұрадым әжемнен бір күні.

Әжем терең ойға шомып, төмен
қарап тұрды да:

-        Қалқам,-
деді даусы қалтырап, қабағын шытып,- дүниедегі ең сорлы құс - бұл. Бұны адамнан
азған құс деседі... Тақ Сүлеймен барша жан-жануарларға патша боп тұрған заманда
әмірімді орындамадың деп, осы құсты аздырып жіберіпті дейді... Содан бері
құдіретке жалбарынып, адам қалпыма қайта түсір деп зарлаумен келеді бейшара...

Енді «тау-құдірет» жайын қазбалап
сұрай беруге көңілім соқпады. «Зұлым патша», «зарлаумен өмірі өткен бейшара
құс», - деген аянышты ұғым қалды жүрегімде...

-        «Өлген
келмейді, өшкен жанбайды». Болған іске болаттай болайық, - дейтін әжем.

Сөйтіп жүріп он жасқа келгенімде
әжем қайтыс болды. Туған жеріммен біржола қоштасып, 1920 жылы детдомға
аттандым...

1928 жылдың жазы. Қызылжардың
округтік оқу бөлімі бізді ауылға мәдениет жорығына аттандырды. Міндетіміз -
елді ағарту, қазақ даласына мәдениет ұрығын егу.

Ауыл бізді құшағын кең ашып,
қошеметтеп қарсы алды. Біз бір ауылға бөлінген екеу едік. Қасымда өзіммен түйедей
құрдас Досымбек дейтін ашық-жарқын студент бар.

Жазғы түн. Аспан алтын зермен
нақышталған көк мауыт шатыр секілді. «Құланөтпе» өзенін жағалап келеміз. Менің
қолымда - Горькийдің «Ана» романы. Біз ауылға Ленин, Горький шығармаларын ала
келгенбіз. Біздің бүгінгі әңгімеміз осы «Ана» жайында болды. Революция
дауылпазының ай-барлы үні менің жүрегіме көрікті ой түсірді.

Көк орай шалғынға бөленген биік
төбенің құбыла жақ баурайында отырып айналаға көз жібердік. Әлдеқайда алыста,
жылт-жылт етіп жолаушының оты көрінеді. Кім білсін, сол маздап жанған оттың
басында біз секілді екі дос сыр сандығын ақтарып, әңгіме шертіп отырған болар.

Қайқаңның ар жағынан күзетте
жүрген жылқышының баяу шырқаған қоңыр әні келеді құлаққа. Осы атырапты бастарына
көтеріп, түн тыныштығын бұзып, мен-маза бақалар шулап жатыр. Қанатымен су
сабалап қаздар қаңқылдайды. Өзенге шомылып рақаттанған сұлу ақкудың қанатының
сусылы естіледі... Қүнгей бетке нұрын шаша алтын табақтай боп ай көтерілді.
Аспан әлемінде сансыз жұлдыздар жымың қағады...

Ертеңіне осы ауылдың
кедей-жалшыларын жипап, «Ана» романының мазмұнын түсіндірмекке Досымбек
екеуіміз сөз байластық та, таң саз бере тәтті ұйқыға кеттік.

Ауылдағы мәдениет жорығының
қатардағы солдаты болғанымды әлі күнге шейін мақтан етемін. Сол кездегі бір
елеулі жайды қойын дәптеріме әдейі жазып қойғам. Досымбек екеуміз оқытып жүрген
жүзден аса ересектердің ішінде Зейнеп дейтін тоқтасқан бір әйел болатын. Өмірінде
әліпті таяқ деп білмейтін Зейнеп аса зейін салып оқыды. Қазақ әріптері тегіс
үйреніп болған соң, бірнеше сөз құрап жаздырайын деп Зейнепті әдейі жазу
тақтасына шақырдым. «Өзіңіз ойлап жазыңыз»,- дедім. «Бұл Зейнеп не жазар
екен?»- дегендей ондаған көздер қара тақтаға қадала қарап қалыпты. Ақ бор ұстаған
қолы дірілдеп, төңірегін әжім басқан қара көздері жаутандап тұрды да, Зейнеп
Ленин деп жазды. Үй толған жұрт: «Жаса, Зейнеп!»-деп шу ете қалды. Өзінің асқар
таудай зор келешегін осы жазуынан көргендей, үңіле қарап біраз тұрды да, көзі нұрланып,
орнына барып отырды

Жер жаһанды қызыл арай нұрға бөлеп
кербез күн ұясына барып қонды. Қызылжар педтехникумының оқушысы Ғайни Жомартова
көрші ауылда о да мәдениет жорығының мұғалімі болатын. Ғайнидың қасында сол
ауылдың қызы Жанапия бар. Досымбек бәріміз өткен-кеткендегімі айтып, ауыл
сыр-тында әңгіме шертіп отырмыз. Әбу дейтін бала жігіт бар еді. Әбу - Әлпейіс
деген байдың қойшысы. Ол да кешкілікте, үзіп-жұлып оқып, менен сабақ үйреніп
жүрген. Зейінді, кәрі құлақ жігіт.

Жол көрген ашық Ғайни кәрі тарихтың
көне күймесіне мініп, талай ғасырды әп-сәтте аралап шықты. Арманда өткен қазақ қыздарын
еске түсірді... Сұлулық пен махабаттың биік тұлғасы Баянды, асқар ақылды, өр
намысты Жібек жайын әңгімеледі. Сөзді кесек-кесек тастайды.

Ескілік торынан әлі күнге шыға
алмай, ауылда жүрген Жанапия бізден ұялып төмен қарай берді. Сөз реті келгенде де
ашылып сөйлемейді. Жанапияны шешесі кейінгі кезде оқуға жібермей қойды...

-        Ибай-ау,
апам ұрсады ғой, үйге қайтпаймыз ба? - деп ол Ғайнидың құлағына әлсін-әлсін
сыбырлайды.

Әңгіме қызған сайын Әбудің жанына
жағып барады. Әңгімемен отырып түннің біразын өткізіп алыппыз. Ауылды
мәдениеттендіру, әсіресе, қазақ қыздарын оқыту жайын кеңестік.

-        Мені
Қызылжарға ала кет, бауырым! Оқып, адам болайын,- деп Әбу маған жалынды. Мен оған
ала кетем деп уәде бердім.

Досымбек екеумізден басқалары
үйді-үйлеріне тарап кетті. Біз түнгі салқын самалға бетімізді сүйдіре,
өткен-кеткенді кеңесіп отырмыз. Осы түнде Досымбек екеумізде сөйленбеген сөз,
айтылмаган сыр қалған жоқ шығар... Егер адамның өмірінде ұмытылмайтын бір шақ
болатын болса, екі адал жүректің тамылжыған табиғат құшағында тоғысқан осы түні
мәңгі ұмытылмас...

Содан бері он жыл өтті. Алматыдағы
Мемлекеттік Педагогика институтынын тіл-әдебиет факультетін бітіріп, биыл
Қызылжарға қайта оралдым. Орта мектепте әдебиет сабағының оқытушысы боп істеп
жүрмін. Қейде қиялымды шарықтатып қияға ұшырсам, өткен күндерім еске түседі. Бұдан
он жыл бұрын ауылдағы мәдениет жорығының қарапайым солдаты боп жүрген шағым көз
алдыма келеді. Осы он жылда қазақ даласында болған әлеуметтік, мәдениеттік
өзгерістерді ой таразысына тартамын.

Баягы өзім ертіп әкеп оқуға
түсіретін Әбу Жаманбаев қайда екен осы күні? Ғайни мен Жанапия қай жерде жүр
екен? Бұлардың ешқайсысынан да хабарсызбын. Менің бар білетінім: Әбу 1930 жылы
Қызылжардағы екіжылдық ересектер мектебін бітіріп, Орынбордағы рабфакқа оқуға
түскен. Кейінгі кезде хабарласа алмай, байланысымыз үзіліп қалған. Ғайни болса,
педтехникумды бітіріп, Ленинградқа оқуға кеткен. Жанапия Қызылжарда оқып
жүретін.

Радиодан ән тындағыш-ақпын.
Төсегімде шалқамнан жатып Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілігін» оқып жатыр
ем, радио сөйледі.

«...Тыңдаңыздар! Сөйлеп түрған
Алматы, атақты әнші Нұрымова Жанапияның орындауында СССР халықтарының әндерінен
концерт береміз».

Құлагым елендеп, радионың қасына
барып тындай қалдым. Сол әншінің қысқаша өмірбаянын диктор айтпағанда мен оның
кім екенін білмес едім, әрине.

«...Ауылга мәдениет жорығына
барған Ғайни Жомартованың көмегімен 1928 жылы Қызылжар педтехникумының даярлық
бөліміне оқуға түсті... Өткен жылы Москва консерваториясын бітіріп шықты...»

Бұл баяғы Ғайни, Досымбек, Әбу
қойшы бәріміз бас қосатын тымық кеште, бізбен мәжілістес болатын Жанапия екенін
енді анық білдім. Оның әнін тыңдауға ынтықтым. Неше алуан әсем әндерді сызылта
шырқағанда кең бөлмеге сыймай, балаша секіріп қуандым.

Менің көз алдымда ана жылғы
ұялшақ Жанапия емес, надандық, ескілік тұманын серпіп тастап, өнер шыңына
шығып, кеңес халқының сандуғашы атанған жайдары, ашық, ақыл-ойы толысқан,
білімді Жанапия келді.

Сонау, алыстап бара жатқан жастық
күндерді, бірге оқып ғылым шыңына өрмелеген достарымды есіме түсірдім. Маужырап
ұйықтап кетіппін.

Өткен күндерді ойлағанда
өміріңнің ұмытылмайтын бір қызықты шақтары еске түсе кетеді екен. Досымбек
екеуміз Қызылжар педтехникумында оқып жүрміз. Білімге құлаш ұрып ұмтылган сайын
сәулелі болашақ бізді қол бұлғап шақырғандай болады.

Педтехникумде жүз қаралы қазақ
балалары бармыз. Бәрі де білім бұлағынан еркін сусындап, рухани шөлін
қандыруда.

Педтехникумның кең залында күн
сайын сабақ тыңдаймыз. Бір кезде, түнде «ақсүйек» ойнап, күндіз асыр салып асық
атып, жар жағалап күн өткізетін, болмаса көзіне көк шыбын үймелеп, қой соңында
жүретін қазақтың қара домалақ балалары, міне, бүгін мәдениет ордасының төрінде
отырмыз...

Жалғаным емес, расым, достар, сол
кезде өз басым, аспандағы күн мен айға қолым жеткендей мардымситынмын. Ғылымға
алаңсыз берілгендігімді содан біліңіз, жүрер жолымда таудай бөгет тұрса да,
тайсалмай бұзып өтуге бар едім.

Жастық шақтың  бірінен-бірі өткен аяулы күндері таудан акқан
тас бұлақтың суындай жылысып, ғасыр дариясының кең арнасына құйылып жатты. Сол
кең арнада ағын судың толқынындай үміт, тілек толқыны шарқ ұрып бізді ілгері қарай
әкетіп барады.

Досымбек екеуміз ылғи бір жатып,
бір тұрамыз, бір үзім нанға шейін бөліп жейміз. Бір анадан егіз туғандаймыз.
«Дос болса осылардай болсын»,- дейді жұрт. Досымбек бір күні кенеттен
сырқаттанып ауруханаға түсті. Науқасы өте ауыр. Ішкенім ас болмай, өзімнен ұйқы
қашты. Күнде барып халін біліп тұрамын. Жалмауыз ажал аузын арандай ашып,
досымды алғалы келе жатқандай болады да тұрады.

Күннен-күнге ауруы мендеп, халі
нашарлап барады.

-        Дауасы
бар ма ауруының?-деп сұрадым емдеуші дәрігерден бір күні.

-        Бір
ғана дауа - таза қан құю,- деді дәрігер.

Дереу өз қанымды сарапқа салдым. Түн
қараңғылығы қоюланып, әлемді құшағына ала бастаған кез еді. Дәрігерлер қанымды
алып шұғыл зерттеп жатыр. «Қаным іске жарап, Досымбектің жаны қалса!» - деген
бір ғана тілек болды менде сол қысылшаң сәтте.

Қанымды алып Досымбекке құйғанда,
бір жақсылыкты сезгендей жүрегім лүпілдеп, қарауытып сөнуге айналған үміт оты
қайта маздай бастады.

Тілегім орындалып, Досымбектің
беті бері қарады.

Досымбек науқасынан әбден айығып,
ауруханадан шықты. Соның құрметіне студенттер бас қосып қуаныш кешін өткіздік.

Досымбек көп алдында салмақты
пішінмен сөз бастап, екеуміздің арамыздағы достықтың тарихын қозғады.

Қарақаттай мөлдіреген көзінің
жанарында шаттық оты ойнап, ат жақты, орақ мұрынды келген бет ажары бір түрлі құлпырып
кетті. Бір мезетте күлімсіреп түрегелді де, мені қапсыра құшақтап, екі бетімді
алма-кезек сүйді.Мен де оның бетін жас балаша шөпілдетіп сүйіп-сүйіп алдым. Көп
тұрдық. Айтпақ асыл сөздерімізді қабағымызбен ұқтырып, бірімізге-біріміз
мейірім төге қарай бердік. Мен Досымбектің сол кездегі күйін дәл біліп тұрдым.

1940 жылы жаздыгүні серуендеп
Москваға бардым. Аңсап барған астананы армансыз аралап бір жасап қалдым.

Бір күні Москва университетінде -
«Максим Горький - пролетариат әдебиетінің атасы» деген тақырыпта лекция оқылады
екен дегенді естіп асығыс барсам, кең залда жұрт иін тіресіп жиналып отыр екен.

-        Лекцияны
бір мықты әдебиетші оқиды,- деді бір студент жігіт маған.

Бір кезде қолына ширшықтап ұстаған
қағазы бар, әдемі киінген біреу қасқайып мінбеге шықты. Екінші қатарда отыр ем,
әлпетіне қарағанда орыс емес. «Шығыс елдерінің бірінің жігіті болар»,- деп
ойладым. Жалпақ бет, келте мұрын, үлкен қара көзді, қара торы жігіт лекциясын
оқи бастады. Орысша тым жатық сөйлейді.

Лекцияны жұрт ықыласпен тындап
отыр. Максим Горький шығармаларындағы тендесі жоқ тамаша образдарды талдап
айтып келістіре суреттейді.

-        Бұдан
он екі жыл бұрын мен қазақ сахарасында бай қойының соңында жүрген құлақ кесті
қойшы едім, - деді лектор сөз арасында,- Горькийдің «Ана» романы сол кездің
өзінде-ақ біздің ұлан-байтақ даламызға жеткен-ді. Ауылға мәдениет жорығына барған
қазақ студенттері жарлы-жал-шыларды, ауылдың кәрі-жасын жинап алып, Горькийдің
асыл шығармаларын оқып беретін. Ол кезде мен хат танымайтын едім. Бірақ
революция дауылпазының айбарлы үні мені болашақ нұрлы өмірге шақырғандай
болатын. Ниловна сынды батыр ана жайын, Павел Власов, Андрей Находка жайын
естігенде маған бір кең дүниенің алтын қақпасы ашылғандай болып еді. Ұлы
жазушының шығармаларын өз бетіммен оқып, еркін сусындасам-ау деп арман еттім. Арман
орындалды...

Лектор жүйткіп сөйлеп тұр. Мен
одан көз айырмай қараймын. «Апырай, осы баяғы, өзім оқуға тусіретін Әбу болмағай
еді», - деген бір ой сап ете қалды. Даусы, тіпті, түсі де соған келеді.

Не де болса лекция біткен соң
ретін тауып сөйлесуге бел байладым. Турадан тура:

-        Денің
сау ма, Әбу?-деп кәдімгі ашына адамша шүйіркелесе кеттім.

-        Сіз
кім боласыз, танымай тұрмын,- деді ол қол алысқаннан кейін.

-        Әбітай
Маусымбаевты білесің ғой, - дегенім де беті ду етіп қызарып, аз мүдіріп қалды
да:

-        Ағатай-ай,
сіз екенсіз ғой,- деп құшақтай алды.

Сол арада екеуміз өткенді еске
түсіріп, ұзақ сөйлестік.

Әбуім Москва университетінің
тіл-әдебиет факультетінде оқиды екен.Келер жылы бітіретін көрінеді. Көптен бері
байланысымыз болмай, хабарласпай жүргенімізге екеуміз де қатты өкіндік.

Бұдан он екі жыл бұрын жалаң аяқ
қар кешіп, қызыл аяқ қар кешіп, еңбегі еш, тұзы сор болған қойшы бала - міне,
ғылым асқарына шығып, көпке тәлім беріп тұр. Әбуді көргенде тағы да Жанапия
еске түсті. Баяғы бәріміз бас қосатын қайырлы кеш ойыма келді.

Сондағы үсті-басы жырым-жырым,
жалаң аяқ қара бала мен төмен қарап, тұнжырап отыратын ұялшақ қыз ғылым бұлағынан
еркін сусындағаны, әрине, біздің, заманның күші.

Бұған қалайша мақтанбассың!..

Әбумен он шақты күн бірге болып,
сый-құрметін көрдім де, Қазақстанға қайта оралдым...

Әбітайдың Катяға оқып бергені - «Дәптер»
деген әңгімесінің орысша аудармасы. Бұл әңгімені орыс тіліне аудартып алған,
енді республикалық әдебиет журналына бастырмақ болып жүргенде соғыс басталып
кетті де, сәті түспеді. Осы госпитальға түсер алдында үйінен сұратып алдырып
еді. Майдан газетіндегі орыс жазушыларының біріне қаратып, жөндетіп алайын деп
ниет етіп жүргенде мынадай күйге ұшырап қалды.

Әңгіме Катяға өте ұнаған болуы
керек.

-        Сіздің
әңгімеңізден өмір шындығын, сүйіспеншілік пен достықтың бейнесін көрдім,- деп
мақтады ол.

Әбітай Катяға алғыс айтып, әңгімесінің
қолжазбасын тумбочкаға қайта салып қойды. Сөйтті де, ұзақ жорық сапарында кір
шалып, көнерген кестелі қызыл пүліш қалтадан «Дюбек» темекісін алып, газет қағазына
орап рақаттанып шылым тартты.

Катяның ілтипатына Әбітай өте
риза. Небір қиын бейнетіне көніп, аузына сусын беріп, басына жастық қойған Катя
емес пе? ІІІыбындай жаны қыл үстінде тұрғанда талай ұзақ түндерде көз шырымын
алмай, соның өмірін күзетіп, осынау темір кереуетке сүйеніп отырмап па еді ол. Сөйткен
қадірменді ашық-жарқын, ақ кеңіл қарындасына іштегі сырын лақ еткізіп
баяндағысы-ақ келетін. Бірақ ретін таба алмай, бой тартып, ойын тежейтін де,
кейін бір қисыны келгенде көрермін деп ойлайтын.

-        Көрген
бейнетіңіз бір күнгідей де болмай ұмытылар әлі. Енді көп кешікпей өзіңіз
қайта-қайта оқи беретін хаттар мен кестелі қалтаның иесімен де қауышарсыз,
жолдас аға лейтенант,- деді Катя назданып.

Катяның бұл тұспалына бірден мән
бере қоймаған Әбітай тоқ етерін бір-ақ айтты:

-        Менде
әйел де, бала да жоқ, Катя!

Шынында да Әбітай бойдақ жігіт
болатын. Үйленуге енді ниет етіп жүргенде соғыс басталып кетті.

Зерігіп іші пысқанда Әбітай ылғи
ыңылдап ән салады. Қайдағы ғашықтық, сағыныш өлендерін айтса, ән мен өлеңнің
тіліне түсінбесе де,  Катя көзі жаудырап
ылғи ұйып тындайды... «Сөзіне түсінбегенімен қазақ әнінің әсем, көтеріңкі әуезі
құлағына жағатын болса керек»,- деп ойлайды Әбітай. Әні Катяға ұнағанына масаттанып
қалады.

Күнде бір мезгіл Әбітаймен
әңгімелесіп тұрмаса, Катяның ішкені ас болмайды. Катяға ән айтқызбаққа Әбітай
қанша оқталса да, бұл күнге шейін сол тілегін сездірген жоқ.

-        Орыстың
бір жақсы әнін шырқап жіберсең кайтеді, Катя?-деп бүгін ойламаған жерден сөз
тастады.

-        Әнші
емеспін, жолдас аға лейтенант! Барылдаған даусымнан шошып кетіп жүрерсіз?..

-        О,
не дегенің, Катя, әркім барымен базарламай ма? Білгенінді айтсаң жетіп жатыр.

Катя ұялыс тауып, тым қысылғандай
төмен қарап, біраз ойланып отырды да, тамағын кернеп қойып, ән шырқайтын ыңғай
көрсетті. «Енді қашан»,- дегендей құлағын тосып Әбітай толқып жатыр еді.

Қаз қанатын, әй, қаққанда,
Сызылып таңдар атканда, Ғалиябану сұлуым, еркем... - деп сызылта жөнелгенде,
Әбітай аузын ашып, Катяның бетіне бажырая қарап қалды.

-        Керемет-ау,
татар әнін қайдан үйренгенсің?-деді.

-        Өзім
татар қызы болған соң...- көзін төмен салып, сызыла үн қатты Катя.

Екеуі біріне-бірі үнсіз қарасып
біраз отырды. Бұдан бүрын Әбітай Катядан жөн сұрамаған. Тіпті, фамилиясын да
білмейтін. Госпитальдағылар қарапайым қызметкер әйелдерді ылғиына өз аттарымен,
ал офицерлер әскери дәрежесін қоса фамилиясымен атайды. Әбітайдың Катя жайында
білетін мәліметі - оның есімі мен атқаратын қызметі ғана. Сөйткен Катя, енді,
міне, татар қызы боп шықты...

Сөзден сөз шығып әңгімелесе келе Катя
өзінің қысқаша өмірбаянын айтты. Бұдан жиырма алты жыл бүрын Омбы қаласында, Ғарифулла
дейтін етікші татардың отбасында туыпты. Қарт әкесі мен кемпір шешесі қазір сол
қалада тұрады екен. Омбыдағы медицина техникумын бітірісімен, 1942 жылы өз
еркімен майданға аттаныпты. Жаралы жауынгерлерді күтудегі ерекше еңбегі бағаланып,
Қызыл Жұлдыз ордені және «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен наградталыпты.

-        Анықтап
айтқанда,- деді Катя,- Кәрима Ғарифуллақызы Файзоллина, танысып қойыңыз, жолдас
аға лейтенант!

-        Тіпті
жақсы.

Сол мезетте Әбітайдың қуқыл
бетінің ұшына лыпылдап қан жүгіре қалды. Көзінің нұры да бұрынғысынан молайып
кеткендей.

-        Ім...
Солай екен, Кәрима Ғарифуллақызы Файзоллина! Мен де Омбыдағы сіздің бір жерлес
құрбыңызбен бір кезде хат жазысып тұрғанмын. Сол қыздың өз аты да, әкесінің аты
да, тіпті, фамилиясы да сізге дәл келіп тұр.

-        Дүниеде
аттас адамдар көп қой, жолдас аға лейтенант, - деді Кәрима. Әбітайдың тосын
сөзіне мән бермеуге тырысты... Бірақ осы үйлестік оған да әлдебір дүрбелең ой
салғаны құбылган жүзінен, ойлы көзінен аңғарылып қалып еді.

-        Суреті
жоқ па еді, сол қызыңыздың!- деді Кәрима Әбітайға жақындай түсіп.

-        Жорықта
жүргенде жоғалтып алдым... Әлі күнге шейін өкінем...

Шындығында ондай сурет Әбітайда
болған емес. Қыздың ойын байқайын деп қасақана айта салып еді.

Катя осы арада жеңіл қалжыңға
басты.

-        Бармақ
басындай суретті сақтай алмағаныңыз салақтығыңыз ба, әлде таныс қызыңызды
сыйламағаныңыз ба?

Әбітай жеңілісін танытқан болып
төмен карады.

-        Мүмкін
бір белгісі бар шығар... Көруге рұқсат етсеңіз қайтеді?

-        Бар
ғой... көрем десең! - Әбітай тумбочкадағы ескірген кестелі қызыл пүліш қалтаны
алып берді.

Кәрима тапжылмай отырып қалтаны
көрді.

Кірлеп, түсі оңа бастаған темекі
қалтаның үстіңгі жағындағы сары жібек жіппен кестелеп жазған белгіге көзі
түсті. «Жауынгер жолдас! Сізге тартқан сыйлығым. Кәрима Файзоллина. 1941 жыл.
10. VIII.»

-        Осы
қалтаның ішінде келген хаты еді екеумізді сырттан таныстарған! - Әбітай осы
сөзінен өзі тамаша ләззат тапқандай жайнап кетті.

-        О,
жасаған! - деді Кәрима оң қолымен жағын таянып.

-        Немене,
не болды?

-        Жай
әншейін... Қайда екен қазір сол қызыңыз?

-        Хабар-ошарсыз,
екі жылдан асып барады, хат жазбай кетті, өзім де білмейтін қайда екенін. - Әбітай
жеңіл күрсінді. - «Тау тауға қосылмайды, адам адамға қосылады» дейді біздің қазақ.
Бұл дүниеде бар болса, бір жерде ұшырасып қалуымызда ғажап емес, кім біледі.

-        Егер
көрсеңіз таныр ма едіңіз? - деді Кәрима Әбітайдың көзінен көзін айырмай,
жымындап, - Суретіндегі бейнесін ұмытпаған боларсыз.

Кәриманың бұл сауалына Әбітай
бірден жауап қайырмады.

-        Дидарласып
көріскен адамым болмаған соң, танимын деп қалай өтірік айтайын, - деді сабырлы
пішінмен.

Кәрима толқып кетті. Беті құбылып,
көзі жаудырап, орнынан түрегелді де, Әбітайға ұмытыла түсіп, бойын тежеп тұра
қалды.

-        Егер
мен болсам сол қыз?

Әбітай көзі шырадай жанып, мамық
жастыққа сол қолымен көміле шынтақтап, Кәримаға бетін бере қырын отырған
күйінде тесіле қарай қалды. Ауыр жарақаттың зардабынан көтеріңкі тартқан қуқыл
бетіне біресе болмашы қан жүгіріп, біресе қуара қалып, әудемде әлденеше құбылды.
Бір мезетте бар пәрменімен ұмтыла қозғалып,  Кәримаға оң қолын соза берді. Сол сәтте екі
қол айқаса кетті.

-        Қиын-қыстау
күндерде қанатыңмен су сабалап қорғаған қарлығашым сен екенсің ғой!

Күні кеше қан майданда қалт
етпеген әулетті қол теңіздің майда толқынындай дірілдеп, дүрсілдеп соққан
жүрегінің ыстық лебін қызға жеткізіп тұр. Қос жүректің осы сәттегі ыстық лебі
айқасқан екі қолдан лапылдап сезілгендей еді.

Әбітай Кәриманың қолынан ептеп
қана тартты да, маңдайынан сүйіп алды.

Кәриманың аққұба жүзі алмадай
балбырап, қара көздері мөлдіреп, Әбітайды қапсыра құшақтады. Жігіттің тершіген
ыстық маңдайын икемдеп жүрегіне басты. Бірақ тоғысқан қос жүректің сыры әлі
айтылған жоқ...